
«6D020300 - Тарих» мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Смагулов Нуртас Бирликович диссертациясын қорғауы
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Смагулов Нуртас Бирликович «6D020300 – Тарих» мамандығы бойынша ««Ежелгі түркілердің «Мәңгі Ел» мемлекеттік идеологиясы»» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Қазақстан тарихы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Рецензенттер:
Алиакбарова Айнур Пернебековна - философия докторы (PhD), Кафедра меңгерушісі
Богенбаев Нурболат Ерденович - философия докторы (PhD), бас маман
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Жеребцов Игорь Любомирович - ғылым докторы, профессор, Директор Института
Даниярова Айнагуль Есимсеитовна - ғылым кандидаты, доцент, доцент
Ғылыми кеңесшілер:
Сыздықов Сатай Мақсұтұлы - тарих ғылымдарының докторы, профессор
Ахмет Ташағыл - философия докторы (PhD). профессор
Қорғау 2023 жылғы 13 желтоқсан, сағат 15:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «6D020300 – Тарих» мамандығы бойынша «8D022 – Гуманитарлық ғылымдар» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі онлайн форматта өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: https://us02web.zoom.us/j/85219309631?pwd=c0hnU016MWV1OHhlSklYeWtZM1I5QT09, ID: 852 1930 9631, code: 647729
Мекен-жайы: Астана, А. Пушкина, 11, аудитория №324
Аңдатпа (қаз.): Смагулов Нуртас Бирликовичтің «6D020300 – Тарих» мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алуға ұсынылған «Ежелгі түркілердің «Мәңгі Ел» мемлекеттік идеологиясы» диссертациялық жұмысының АҢДАТПАСЫ Тақырыптың өзектілігі Ежелгі қазақ жерінде тәуелсіз мемлекетіміздің қайта жаңғырып, өркендей бастағанына отыз жылдан асты. Тарих үшін мұндай уақыт аз ғана мерзім, алайда еліміздің тарихындағы саяси және әлеуметтік өзгерістерді бұл мезгілдің аясына сыйғызу мүмкін емес. Осы жылдар ішінде қазақ елі «Әділетті Қазақстан» құндылықтары негізінде тұғыры берік, қуатты мемлекет болып қалыптасып, халқымыздың тарихы мен мәдениетін қайта түлетуге құлшыныспен кірісті. Мемлекет басшысы Қ-Ж. Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында еліміздің ең басты құндылығы – мемлекеттік тәуелсіздігіміз екеніне баса назар аударып, ұлттық дамуымыздың тұғырнамасын айқындап берді. Ел егемендігімен бірге халқымыздың рухы қайта жаңғырып, дүниетанымында киелі тәуелсіздік ұғымы мен ұлттық құндылықтар идеясы берік орнады. Көне түркілерден бастау алып, дәуірлер мен қилы кезеңдерден өтіп, бүгінгі күнге дейін жеткен «Мәңгі Ел» идеясы қазақ елінің мәдени-рухани ұстынына айналды. Бұл идея – алдымен халықтың ішкі бірлігі мен бірегейлігін қалыптастырып, дербес елдік пен мемлекеттілікті сақтау міндетін атқарады. «Мәңгі Ел» идеясы – қазақ халқының ата-бабаларынан, яғни көне түркілік заманнан тарихи сабақтастық арқылы жалғасып, бүгінгі тәуелсіз Қазақстан Республикасына дейін жеткен ұлы мұратымыз. Ұлттық идея немесе идеология жөнінде ғалымдар мен қоғамның белсенді азаматтары тарапынан ой-пікірлер мен біршама ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Дегенмен түрлі көзқарастардан туындаған пікірлер ұлттық идеяның бірден қоғамдық сипат алуына кедергі жасады. Әрбір тарихи даму кезеңде өзіндік идеясы болмайтын ұлт жоқ. Қоғамды игі бастамаларға жетелейтін көшбасшылар рухани-мәдени жетістіктерге жеткен халықтың интеллектуалдық қуаты мен ұлттық ресурсын біріктіріп, ортақ мақсатқа бастайтын жалпыұлттық идеяларды ұсынған. Қазақ халқы үшін ұлы мұрат болған және мемлекеттік деңгейде көтерілген «Мәңгі Ел» идеясының айқын көрінісі 2014 жылы 17 қаңтарда «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауда айтылды. Көне түркі ескерткіштеріндегі жазылып, халыққа насихатталған «Мәңгі Ел» идеологиясы – еліміздің ұлттық идеясының бастау көзі. Еуразияның Ұлы даласын мекендеген түркі халықтары үшін «ел» сөзі – қасиетті ұғым. Ел болу үшін ең алдымен мекендейтін жері, саяси бірлігі мен мемлекеті және ортақ рухани құндылығы болу керек. Біздің ұлттық идеямыз биік адамзаттық құндылықтарға негізделген ұлттық келісім рухы негізінде құралып, «мәңгілік» тәуелсіздік құндылығын ұлықтайды. Ежелгі түркі дәуірінен бастау алған «Мәңгі Ел» мемлекеттік идеологиясы өзінің өміршең екендігін дәлелдеп, тарихи сабақтастық арқылы бүгінгі күнге дейін жетіп отыр. Бұған дейінгі тарихи еңбектерде ортағасырлық түркілер құрған мемлекеттің «Мәңгі Ел» идеологиясы арнайы қарастырылмады. Біздің зерттеу жұмысымыздың басты объектісі – түркілердің «Мәңгі Ел» мемлекеттік идеологиясы. Сондықтан бұл өзекті мәселелердің бірі ретінде отандық тарих ғылымы үшін маңызы бар деп есептейміз. Тақырыптың зерттелу деңгейі Зерттеу объектісі отандық тарихнамада арнайы қарастырылмаған. Тек кейбір аспектілері жанама түрде ежелгі және ортағасырлар кезеңіндегі түркі халықтарының тарихы мен дүниетанымын зерттеген ғалымдардың еңбектерінде көрініс табады. Қазақстан тарихының түркі дәуіріндегі тарихнамасындағы тарихи таным мен тарихи ой өзіндік белгілермен ерекшеленеді. Ежелгі түркілердің саяси тарихы туралы зерттеу жүргізген кезде олардың мемлекеттілік дәстүрінде мәдени-рухани және идеологиялық фактордың маңызды рөл атқаратынын байқаймыз. Дегенмен, зерттеушілердің еңбектерінде ежелгі түркілердің мемлекеттік идеологиясы жеке зерттеу объектісі ретінде арнайы зерттелмеген. Сондықтан бұл тақырыпқа байланысты ғылыми зерттеулерді жіктеп, төмендегідей төрт бөлімге бөліп қарастыруға болады: 1. Ресей империясы кезіндегі тарихнама. 2. Кеңестік тарихнама. 3. Тәуелсіздік жылдарындағы тарихнама. 4. Шетелдік тарихнама. Диссертациялық зерттеудің нысаны – ортағасырлық түркілердің «Мәңгі Ел» мемлекеттік идеологиясының негіздері, қалыптасуы және оларда мемлекеттіліктің үздіксіз сабақтастықта болғандығын кешенді қарастыру. Зерттеу жұмысының пәні – түркілердің «Мәңгі Ел» мемлекеттік идеологиясының қалыптасуының тарихи негіздерін, жариялануын, сабақтастық арқылы тарихи кезеңдердегі саяси және рухани-мәдени ортаға бейімделуін және идеялық трансформацияға өтуін зерттеу. Жұмыстың мақсаты мен міндеттері Зерттеу жұмысының негізгі мақсаты ежелгі түркілердің дүниетанымы арқылы «Мәңгі Ел» мемлекеттік идеологиясының негіздерін, қалыптасуын және оның тарихи сабақтастығын нақтылы тарихи деректер арқылы дәлелдеу болып табылады. Ғылыми жұмыстың мақсатына жету үшін, төмендегідей міндеттерді жүзеге асыру көзделді: - «Мәңгі Ел» идеологиясының теориялық-методологиялық негіздері және тарихи сабақтастығы мәселесін зерттеп-зерделеу. - Тақырыптың зерттелу деңгейі бойынша тарихнамалық талдау жасау. - Көне түркілердің дүниетанымын зерделеу арқылы оның мемлекеттік идеологияға алғышарт болғандығын дәлелдеп, «Мәңгі Ел» мемлекеттік идеологиясының қалыптасуын, ерекшеліктері мен тәсілдерін тарихи деректер арқылы көрсету; - Ортағасырлық түркілерде «Мәңгі Ел» идеологиясының орнығуы және оларда мемлекеттің нығаюындағы Тоныкөктің іс-әрекетін көрсету; - Әл-Фараби шығармаларында түркілердің «Мәңгі Ел» идеологиясының саяси-философиялық теориясының өміршең екендігін дәлелдегінін айқындау; - Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» шығармасындағы түркілердің мемлекеттік идеологиясының саяси-құқықтық негіздерін дәлелдеу. Тақырыптың деректік қоры VІ ғасырдан бастау алып бүгінгі күнге дейін тарихи сабақтастық арқылы дамып келе жатқан ежелгі түркілердің «Мәңгі Ел» идеясынан ақпарат беретін жазба деректерді негізінен қытай, араб-парсы, түркі деректері мен ортағасыр кезеңіндегі өмір сүрген ғалымдардың еңбектері құрайды. Сондықтан зерттеу жұмысының дерек көздерін келесідей топтарға жіктеледі: Деректердің бірінші тобына көлемі жағынан да, ақпараттарының жан-жақтылығы мен хронологиялық дәлдігі жағынан да тарихи құндылығы жоғары саналатын қытай тіліндегі деректер жатады. Түркілер жайлы қытай деректерінде сақталған мәліметтерге қызығушылық ғалымдар тарапынан шамамен үш ғасыр бұрын пайда болды. Осы себептен де қытай деректеріндегі мәліметтердің көпшілігі шетел және қазақ тілдеріне аударылды. Деректердің екінші тобында «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында жарық көрген еңбектерді кеңінен пайдаландық. Бұл біздің зерттеу жұмысымызды ғылыми деректермен толықтырып, ежелгі және орта ғасырлар тарихын зерделеуге мүмкіндік берді. Деректердің үшінші тобын араб-парсы деректері құрайды. «Қазақстан тарихы туралы араб деректемелері» кітабының екінші томында жарияланған Әл-Жахиздің «Рисала ила-л-Фатх ибн Хакан фи манакиб джунд ал-хилифа ва-фада`ил ал-атрак» (Түріктердің қасиеттері туралы Хақанға баяндау) атты еңбегін кеңінен пайдаландық. Х ғасырда Бағдат қаласында туған, энциклопедиялық білімі мол, тарихшы Әл-Жахиз «Түріктердің қасиеттері туралы Хақанға баяндау» шығармасында түркі халықтарының дүниетанымы мен салт-дәстүрі туралы мәліметтерді береді. Рашид-ад-диннің «Жами ат-тауарих» (Жылнамалар жинағы) еңбегінен ерте заманнан бастап ХІІІ ғасырға дейінгі тарихтан көп мағлұмат алуға болады. Онда түркі және монғол халықтарының әдет-ғұрыптары, діни нанымдары, көшпелі тұрмысы, топонимика, тарихи географиясы, тайпалардың орналысуы мен этникалық құрамы, мелекеттердің саяси тарихы жөнінде мәліметтер берілген. Аталған мәліметтер зерттеуімізді ғылыми негіздеуге мүмкіндік берді. Деректердің төртінші тобын Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивінде сақталған тұңғыш фарабитанушы ғалым Ақжан Машановтың №2285 жеке қорындағы мәліметтер құрайды. Бұл қордан әл-Фарабидің іліміндегі түркілердің мемлекеттік идеологиясының теориялық және саяси-құқықтық негіздеріне арналған деректер алынды. Бұл деректер түркілердің мемлекеттік идеологиясының қырларын және мәнін ашу үшін маңызды. Ұлттық құндылықтарды, дәстүрлі мәдениетімізді, рухани мұраларымызды сақтау мен мемлекетшілдік қасиетіміз бен халықтың тарихи жадысын дамыту жобаларын ұсынған халықаралық конгрестер мен симпозиумдардың, республикалық деңгейдегі конференциялар мен сессиялардың, сондай-ақ түрлі кеңес шешімдерінің материалдары дерек ретінде алынды. Зерттеу жұмысының теориялық-методологиялық негізі Зерттеу жұмысының теориялық-методологиялық негізін қарастырғанда тарихилық, объективтілік, жүйелілік, тарихнамалық, тарихи-салыстырмалық және талдау мен жинақтау, таным секілді ғылыми-әдістемелік принциптер басшылыққа алынды. Көрсетілген әдіс тәсілдер ежелгі түркілердің мемлекеттік идеологиясының қалыптасуына негіз болған факторларға жаңаша баға беруге мүмкіндік тудырды. Сонымен бірге отандық тарих ғылымында қалыптасқан тұжырымдар да басшылыққа алынды. Диссертацияны жазу барысында соңғы жылдары тарих ғылымында болып жатқан методологиялық өзгерістердегі жаңалықтардың негізіне сүйендік. Таным мүмкіндігінің кеңейуі зерттеу жұмысымыздың негізіне тарихи-мәдени, өркениеттік тәсілді қолдануымызға жол ашты. Тарих ғылымындағы өзекті тарихи тақырыптар, соның ішінде ежелгі түркілердің дүниетанымы мен идеясынан бастау алатын мемлекеттік идеологиясының орнығуының өзекті мәселелерін зерттеуде қалыптасқан жаңа концепциялар мен ой-тұжырымдар негізге алынды. Елімізде тарихи сананы қалыптастыруға, рухани өмірдің жаңғыруы мен дамуына және ұлттық бірегейлікті нығайтуға тарихшылардың іргелі зерттеу еңбектерінің қоғамдық-саяси әсері болды. Диссертацияның теориялық-методологиялық тұрғыдан жазылуына Қазақстан тарихының өзекті мәселелеріне іргелі тарихи зерттеулері бар ғалымдар Б. Көмековтың, Қ. Салғараұлы, Қ. Сартқожаұлы, Ә. Дәулетханның, С.М. Сыздықовтың, Ж.О. Артықбаев, М. Алпысбестердің еңбектеріндегі түркілердің мәдени-рухани танымының сабақтастығы бойынша жазылған ғылыми тұжырымдары басшылыққа алынды. Зерттеу тақырыбымызда теориялық-методологиялық талдауларға мән беруміздің себебі, бұрын жарияланған еңбектерде ежелгі және ортағасырлар кезеңіндегі түркі халықтарының дүниетанымына, руханияты мен мемлекеттік идеологиясы туралы кешенді ғылыми зерттеулер тұжырымдар жазылмай келген болатын. Сондықтан мәселені зерттеуде пәнаралық байланыстарды кеңінен қолдандық. Бұл шетелдік зерттеулерде кеңінен пайдаланылады. Өйткені зерттеудің өзектілігін объективті түрде зерделеуге, ғылыми негізін айқындауға пәнаралық байланыстардың көмегі зор. Жұмысымыздың өзектілігін объективті түрде зерделеп, тақырыптың ғылыми негізін ашамыз. Диссертация жұмысын жазу барысында деректер мен зерттеу жұмыстарына тарихи-салыстырмалы талдаулар жасалып, объективтілік қағидалар басшылыққа алынды. Жоғарыдағы аталған методологиялық негіздер арқылы өркениеттік көзқарастар мен ұлттық мүдде ұстанымдары басты назарда болды. Зерттеу жұмысының хронологиялық шеңбері VI ғасырдың ортасындағы Түрік қағанатының құрылуынан бастап, ХІІ ғасырға дейінгі тарихи кезеңді қамтиды. Зерттеудің территориялық шеңбері – Түрік қағанатының территориясына енген Шығыстағы Моңғолияның Хангай өлкесінен бастап, батыста Қара теңіз жағалауына дейін, оңтүстікте Еренқабырға (Тянь-шань) мен Тохарыстан өлкесіне, ал солтүстікте Орал таулы өлкесі мен Минусинск ойпатына дейінгі аралықты қамтиды. Аталған жерлер қазірде айтылып жүргендей, тұтас бір «Ұлы Дала» тарихи-географиялық аймағын құрайды. Диссертациялық зерттеудің ғылыми жаңалығы Зерттеу жұмысының басты жаңалығы – алғаш рет отандық тарихнамада орта ғасырлық түркілер құрған мемлекеттің идеологиясының қалыптасуын, жариялануын және оның саяси-теориялық және саяси-құқықтық негіздерін зерттеу болып табылады. Сондай-ақ зерттеу жұмысының негізгі ғылыми нәтижелері төмендегідей: Зерттеу жұмысының жаңалығы – алғаш рет отандық тарихнамада орта ғасырлық түркілер құрған мемлекеттің идеологиясының қалыптасуын, жариялануын және оның саяси-теориялық және саяси-құқықтық негіздерін зерттеу болып табылады. Сонымен бірге ежелгі түркілердің дүниетанымы олардың құрған мемлекетінің идеологиясының қалыптасуының алғышарты болғандығы, түркілердің дүниетанымына байланысты Орхон-Енесей ескерткіштеріндегі «Тәңір», «Ұмай», «Жер-cу», «Құт» секілді қасиетті ұғымдары зерделеніп, «Мәңгі Ел» идеологиясына негіз болған «ел», «қаған» және «жер» т.б. мемлекеттік институттарының атауларының бүгінгі күнге дейінгі жеткендігі ғылыми талдаулар арқылы дәлелденгендігі жаңалық болып болып табылады. Жаңалықтардың тағы бір маңыздысы Күлтегін ескерткішінде тұңғыш рет халықты бірлікке шақырған үндеу-манифесі «Мәңгі Ел» мемлекеттік идеологиясы болғандығы. Мәңгі Ел» мемлекеттік идеологиясының қалыптасуы мен ерекшеліктері және іске асыру тәсілдері тарихи деректерді талдау арқылы дәлелденді. Ортағасырлық түркілерде «Мәңгі Ел» идеологиясының болуы Түрік қағанатының қолбасшы-абызы – Тоныкөктің Екінші түрік қағанатын қайта құрудағы қолбасшылық қайраткерлігі мен мемлекеттің идеологы ретіндегі іс-әрекеті мен қызметіне саяси баға берілуі диссертациялық жұмыстағы жаңалықтар қатарына жатады. Зерттеу жұмысының барысында түркілердің «Мәңгі Ел» мемлекеттік идеологиясының саяси-теориялық негіздері әл-Фараби еңбектерінен бастау алатындығы дәлелдеуіміз де ғылыми жұмыстың жаңалығы деп санаймыз. Қарахан мемлекетінің тұсындағы «Мәңгі Ел» идеологиясының өміршеңдігін Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дидактикалық шығармасындағы түркілердің «Мәңгі Ел» идеологиясының саяси-құқықтық негіздерін зерттеудің өз дәуіріне сәйкес жаңаша зерделенгендігі диссертациялық еңбектегі жаңалықтың бірі болып есептеледі. Ортағасыр тарихында «Мәңгі Ел» мемлекеттік идеологиясының болуы Ұлы Дала елінде үздіксіз сабақтасқан мемлекеттіліктің болғандығы дәлелдеуіміз ғылыми еңбектің практикалық маңыздылығын көрсететін жаңалық болып табылады. Өйткені біз зерттеген «Мәңгі Ел» идеологиясы ХХІ ғасырдағы Жаңа Қазақстанның өмір сүру ұстанымының тұғыры болады. Зерттеу жұмысының қолданбалық маңызы Зерттеу жұмысында қол жеткізген нәтижелерді қазақ мемлекетінің пайда болу генезисін зерттеуде және жоғары оқу орындарында Отан тарихы, деректану, тарихнама мәселелері бойынша жалпы және арнайы курстар оқығанда, сондай-ақ «Қазақстан тарихы» мен «Деректану» бағыты бойынша ғылыми еңбектер жазуға кеңінен пайдалануға болады. Бүгінгі таңда жазылып жатқан Қазақстанның академиялық көптомдығының екінші томы түркі дәуіріне арналғандықтан, түркі қағанатарының мемлекеттік идеологиясының қалыптасуы – Ұлы Дала елінің тарихында үздіксіз мемлекеттіліктің болғандығын дәлелдеуде маңызды фактор ретінде қарастыру қажеттігін ұсынуға мүмкіндік бар. Сонымен қатар диссертацияның деректері мен ғылыми материалдары Қазақстан тарихы оқулығын мазмұндық, дәйектік тұрғыда толықтырады. Қазақстан тарихы, Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының дәрістеріне, «Жаңа Қазақстан» және «Мәңгі Ел» идеясына арналған эллективті пәндер курстарын жүргізуде және республикадағы 300-ден астам этно-мәдени орталыққа қазақстандық бірегейлікті насихаттау ісіне кеңінен қолдануға болады. Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар: 1 Түркілерде мемлекет пайда болғаннан кейін оның идеологиясының негізіне олардың ежелгі дүниетанымы алғышарт болды. Сондықтан дәстүрлі дүниетаным идеологиялық сипат алды. Себебі бұл дүниетаным халық пен билік арасындағы қарым-қатынастарды реттеуде идеологиялық тетік қызметін атқарды. Осы идеологиялық тетікті іске қосушы әрі біріктіруші тәңір, жер-су, құт сенімі болды. Ол сенімдер «Мәңгі Ел» идеологиясының негізін қалап, мәңгі халық мағынасын білдіретін түркілердің дүниетанымдық идеясы болды. 2 «Мәңгі Ел» идеясы Екінші Шығыс Түрік қағанатының әскери қолбасшысы, ұлыстарды біріктіруде ерекше ерлік жасаған Күлтегіннің бітік тасында халыққа үндеу-манифест тұрғысында жария етілді. 3 Күлтегін ескерткішінде жазылған деректі талдау барысында «Мәңгі Ел» құрудағы Түрік қағанатының елордасы, саяси және рухани орталығы болған – Өтүкеннің мемлекет тәуелсіздігінің кепілі ретіндегі тарихи маңызы анықталды. 4 «Мәңгі Ел» мемлекеттік идеологияны тасқа «ел де ел болды» деп жазып, бекіткен Шығыс Түрік қағанының бас кеңесшісі Тоныкөктің тарихи тұлғалық рөлі ғылыми тұрғыдан анықталды. 5 Орта ғасырларық түркілердің «Мәңгі Ел» мемлекеттік идеологиясы Әбу-Насыр әл-Фараби т.б. ғұламалардың шығармаларына теориялық және философиялық негіз болды. Әлемнің екінші ұстазы атанған ғұлама ежелгі түркілердің «Мәңгі Ел» идеясына ғылыми-теориялық және тарихи сана тұрғысынан баға берудің негізін салды. 6 Қарахан мемлекеті тұсында түркілердің «Мәңгі Ел» мемлекеттік идеологиясының саяси-құқықтық құндылықтары жалғасын тапты. Ол Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» еңбегінде зерделенген. «Құтты білік» дастанындағы мемлекеттік идеялардың негізгі принциптерінде бүгінгі Әділетті Қазақстандағы қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және рухани-мәдени дамудың принциптерінің тұғыры бар. 7 Орхон-Енесей бойынан табылған ескерткіштердегі көне түркі жазбаларындағы «Мәңгі Ел» идеологиясы әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашқаридың т.б. еңбектерде толықтырылған. Бұл Ұлы Дала елінің тарихында үздіксіз мемлекеттіліктің және оның өміршең идеологиясының болғандығын дәлелдеуге мүмкіндік береді. Зерттеу жұмысының сыннан өтуі Зерттеудің түйіндері мен қорытындылары 25 ғылыми мақалада көрсетілді. Оның ішінде, Scopus impact factor базасында: Religious knowledge of the Kipchaks in the syr darya and their peculiarities from other turks a modern approach // European Journal of Science and Theology. – 2022. – V. 18, Iss. 3. – P. 59-69 (Scopus. Процентиль – 76). ҚР ҒЖБМ-нің Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған басылымдарда – 5 мақала жарияланды. Шетелдік ғылыми басылымдар мен халықаралық ғылыми конференция жинақтарында (Ресей, Түркия, Чехия, Египет) 4 мақала жарық көрді. ҚР халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдарында – 15 жариялым бар. Диссертациялық жұмыстың құрылымы. Жұмыс терминдер мен ұғымдарға түсініктеме, қысқартулар тізімі, кіріспеден, үш бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімі мен тақырып бойынша қосымшалардан тұрады.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://www.youtube.com/watch?v=ikgNx7VVUIU
