
«6D020300 - Тарих» мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Тапалова Арайлым Аманжановна диссертациясын қорғауы
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Тапалова Арайлым Аманжановна «6D020300 – Тарих» мамандығы бойынша «Ұлы Отан соғысы (1941-1945 жж.) жылдарындағы Батыс Қазақстан облысы тылдағы әйелдердің күнделікті өмірі» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «академик Т.С. Садықов атындағы Қазақстан тарихы » кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Рецензенттер:
Мәден Асылбек Төреханұлы - ғылым кандидаты, доцент, К. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті, доцент
Шукеева Айнур Таласбековна - философия докторы (PhD), Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІ
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Отепова Гульфира Елубаевна - ғылым докторы, доцент, профессор
Абдрахманова Кымбат Казалиевна - ғылым кандидаты, доцент, доцент
Ishankhodjaeva Zamira Rayimovna - ғылым докторы, профессор, Өзбекстан тарихы кафедрасының профессоры. Мирзо Улугбек атындағы Өзбекстан ұлттық университеті (Ташкент қ., Өзбекстан Республикасы), профессор
Мажитова Жанна Сабитбековна - ғылым докторы, профессор, Астана медициналық университеті, профессор
Ғылыми кеңесшілер:
Қойгелдиев Мәмбет Құлжабайұлы – тарих ғылымдарының докторы, профессор, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті «Айтылған тарих» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылыми академиясының академигі, (Алматы қ., Қазақстан Республикасы).
Әбдіуақап Қара – философия докторы (PhD), Мимар Синан атындағы Көркем өнер университетінің профессоры (Стамбул қ., Түркия Республикасы).
Қорғау 2023 жылғы 22 желтоқсан, сағат 15:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «6D020300 – Тарих» мамандығы бойынша «8D022 – Гуманитарлық ғылымдар» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі онлайн форматта өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: https://us02web.zoom.us/j/81410548669?pwd=OFE5WitiYWNlbHZpbXJPUDF4RFZWdz09, ID: 814 1054 8669, code: 453645
Мекен-жайы: Астана, А. Пушкина 11
Аңдатпа (қаз.): Тапалова Арайлым Аманжановнаның «6D020300 – Тарих» мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алуға ұсынылған «Ұлы Отан соғысы (1941-1945жж.) жылдарындағы Батыс Қазақстан облысы тылдағы әйелдердің күнделікті өмірі» диссертациялық жұмысының АҢДАТПАСЫ Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Еліміздегі халықтың ашық та, ақиқаты ғана жазылатын тарихқа деген ынта-ықыласы ерекше өсе түсуде. Мұндай өзгерістерге өткен кездерден ұқсас жағдайлар іздестіріліп, қазіргі уақыттың күрделі мәселелерін шешудің жолын анықтауға ұмтылыс жасалуда. Бұл жағдайда Қазақ елінің тарихи өткен жолын шынайы, идеологиялық конъюнктурадан арылған көрінісін қалыптастыру халықтың тарихи мүддесін қайта түлетудің бастапқы, ұлттық бірлікті орнатудың, жас ұрпақтың азаматтық пен отаншылдық санада тәрбиелеудің аса құнды факторларының бірі екені даусыз. Сол себепті де отандық тарих ғылымындағы ертеректегі идеологиялық талаптар бойынша біржақты қарастырылған, болмаса бұрмаланған тарихи оқиғаларды тың деректік құжаттардың негізінде, ұлттық мақсат тұрғысынан талданып, ойдың елегінен өткізгеніміз дұрыс. Осы орайда Ұлы Отан соғысы кезіндегі Кеңестік әйелдердің, соның ішінде Батыс Қазақстан облысының қыз-келіншектерінің күнделікті өмірін нақты негізде зерттеудің қажеттігілігі назардан тыс қалмауы керек. Өйткені Ұлы Отан соғысы жылдарындағы нәзік жанды әйелдердің рухани құндылықтарын, жоғары адамгершілік рухтарын зерттеудің қазақстандықтар ұлттық сана-сезімін қалыптастыруда, азаматтық және отансүйгіштік сезімде тәрбиелеуде маңызы өте зор. Мұның өзі мәселенің өзектілігін көрсетіп, практикалық және ғылыми сұранысқа ие екендігін білдіреді. Бұл жөнінде Елбасымыз Н.Назарбаев «Отан қорғаушылар» монументіне гүл шоқтарын қою рәсімінде былай деген еді: «Соғыс ардагерлері біздің бақытты өмірімізге, тәуелсіздігімізге және аспанымыздың ашық болуына жол ашты. Біз бүгін «Отан қорғаушылар» монументіне гүл шоғын қойып, халқымыздың майдандағы және тылдағы қаһармандығы мен еңбегіне деген зор құрметімізді білдіреміз». Отандық тарихымызда гендерлік пен әйелдердің тарихын зерттеу, ең соңғы он жылдық мерзімде ғылыми зерттеудің ең басты бағыттарының біріне айналды. Кеңестік халықтың неміс-фашист басқыншыларына қарсы жалпы күресінде және соғыс жылдарында қыз-келіншектердің тылда жасаған ерен еңбектері жеке зерттеуді қажет ететін ең өзекті мәселе болып тұр. Отарлық жүйеден енді шыққан еліміздің тарихында ақиқаттың ізі қай кезде де көмескі тартатынын ескеруіміз керек. Осыған байланысты біз көңіл аударған тақырыптың басты бағыты майдандағы ұлы жеңіске өз үлестерін қосқан өңірдегі қыз-келіншектердің күнделікті өмірі болып табылады. Тарихи зерттеулердің қарқыны күшейіп отырған қазіргі таңда күнделікті тарихымызға деген қызығушылықтың еселеп артып отырғандығы анық. Соның бір дәлелі отандық тарихнамада тылдағы ауыртпалықты көтерген қыз-келіншектердің күнделікті өмірі, өндіріс пен отбасылық өмірдегі күнделікті жағдайы, аласапыран уақыттағы әйелдердің білімі мен мәдениетінің аясындағы күнделікті әлеуметтік жағдайы, қаладағы әйелдердің тұрмыстық өмірі мен ауылдағы әйелдердің тіршілігіндегі қиыншылықтары және қарама-қайшылықтары, майдан тылында орын алған төтенше жағдайдағы өмір сүрудегі күнделікті іс-әрекеттері сияқты бұрын-соңды болмаған аспектілері ғылыми жұмысымызға арқау болар өзекті мәселелердің қатарына кіреді. Осы тұста қазіргі таңдағы ғылыми зерттеулерде тарихта жаңа бағыттарды қолдана отырып, ғылымилық зерттеу жұмыстарын жазуда тарихшылар әйелдердің бейнесін ашып көрсету үшін мінез-құлқы мен көңіл-күйін және олардың психологиялық-гендерлік ерекшеліктерін алдыңғы орынға шығарады. Дәл осы мәселе бойынша екпін ала отырып, халқымыздың тың тарихи жадысы мен кезеңдерін куәгерлерден қалған естеліктер арқылы қыз-келіншектердің келбетін қайтадан қалпына келтіре отырып, соғыс кезеңіндегі әйелдер мен аналардың тарихын зерттеудің жаңа үлгісін жасап шығару ғылыми қажеттілік ретінде көрінеді. «Соғыс әйелдердің қолы емес» деп айту процеске айналса да, қорғаныс саласындағы өндірістер мен ауыл шаруашылығындағы ауыр жұмыстар, қыз-келіншектердің үміттерге толы күтумен кеткен ұзақ күндері мен түндері, ардақтасынан айырылып, көздері жасқа толы, әрі көңілдері жаралы аналар мен қыз-келіншектерге артылған ауыр жүк болды. Кезіндегі ашаршылықтан енді ғана еңсесін көтере бастаған қазақтарды алда ІІ дүниежүзілік соғыстың ауыр да, азапқа толы жылдары күтіп тұрды. Осыған қарамастан облыстың аумағында еңбектің қызу өмірі басталып кетеді. Соғыс уақытында өлкенің өмір сүру қарқыны мен дамуын қамтамасыз етуде қыз-келіншектердің әлеуметтік-экономикалық және өндірістік белсенділіктерінің жоғарылауы бұрын-соңды болмаған көрсеткіштерге қол жеткізілді. Өз балаларының бақыты және олардың жарқын болашағы үшін Отанын қорғауға бірауыздан іске кірісіп, майданның тылындағы өз міндеттерін аса үлкен жауапкершілікпен атқаруды парызымыз деп санады. Осы бір ерлікке толы кезеңде Батыс Қазақстан облысының әйелдері өз Отанын, отбасын, балаларының өмірін қорғау үшін ортақ жауға қарсы күштерін жұмылдыра көтеріліп, Отанды қорғауда ерекше ғаламат күш-қуат көрсетті. Сол кездері отансүйгіштік, өзін құрбандыққа шалу, еңбекқорлық, адалдық, біреудің қайғысын жүрегімен қабылдау, шексіз төзімділік пен қайсарлық Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі Батыс Қазақстан әйелдерінің басты қасиеттеріне айналды. Зерттеу жұмысының мақсаты: диссертациялық зерттеудің бастапқы мақсаты 1941-1945 жылдардағы Батыс Қазақстан облысындағы қала және ауылдағы қыз-келіншектердің өмірлері мен тұрмысын күнделіктілік тұрғысынан талдау арқылы оны ғылыми негіздеу. Ғылыми нәтижелері: Ізденуші диссертацияда тұңғыш рет қазіргі таңдағы ғылыми зерттеулерде тарихта жаңа бағыттарды қолдана отырып, ғылымилық зерттеу жұмыстарын жазуда тарихшылар әйелдердің бейнесін ашып көрсету үшін мінез-құлқы мен көңіл-күйін және олардың психологиялық-гендерлік ерекшеліктерін алдыңғы орынға шығарады. Дәл осы мәселе бойынша екпін ала отырып, халқымыздың тың тарихи жадысы мен кезеңдерін куәгерлерден қалған естеліктер арқылы қыз-келіншектердің келбетін қайтадан қалпына келтіре отырып, соғыс кезеңіндегі әйелдер мен аналардың тарихын зерттеудің жаңа үлгісін жасап шығару ғылыми нәтижелерінің бірі болып саналады. Зерттеу жұмысының нысаны: соғыс жылдарында тұрғындардың тең жартысын құраған, БҚО өңірі ауылдық елді мекендері мен қалаларының тыл жұмыстарында еңбектенген әйел азаматтары. Зерттеу жұмысының шеңберіне барлық жастағы, әртүрлі әлеуметтік топтарға кіретін әйелдер қамтылды. Зерттеу жұмысының пәні. Қазақстанның тыл өңірлері әйелдерінің Ұлы Отан соғысындағы жеңіске қосқан үлестерінің көлемі мен мазмұны, олардың өнеркәсіптік, қоғамдық, мәдени, басқару және т.б. салалардағы қызметтерінің нысандары мен бағыттары, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың әйелдерді жаумен күреске жұмылдырудағы нысандары мен әдістері. Зерттеудің ғылыми жаңалығы: Диссертацияда тұңғыш рет Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі Батыс Қазақстан облысындағы әйелдердің күнделікті өмірі мен қызметтерінің бағыттары мен мазмұны жан-жақты зерттелді. Зерттеудің ғылымы жұмысы алдына қойған міндеттер мен мақсаттарға сәйкес жүйелі және кешенді түрде жүргізіліп, мынадай ғылыми жаңалықтарды көрсеттік: – Әйелдердің өнеркәсіптік, саяси, мәдени және т.б. жұмыстарға қатысулары ғылыми-тарихи тұрғыдан қарастырылды; – Тылда еңбек еткен облыстың әйел тұрғындарының қатысуымен жүргізілген мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың жұмыс әдістері мен нысандары талданды; – Соғыс кезеңіндегі қала әйелдерінің күнделікті өміріндегі ауыртпалықтар жаңа көзқарас тұрғысынан сараланды; – Ауыл әйелдерінің күнделікті тұрмысындағы қиыншылықтар мен қарама-қайшылықтар баяндалды; – Майданнан келген хаттардың қала және ауыл әйелдерінің күнделікті өмірінде атқарған рөлі мен маңызы анықталды; – Әйелдердің күнделікті өміріндегі білім мен мәдениет саласындағы қызметі және денсаулық сақтау мәселесі талдауға алынды; – Облыс шаруашылығын соғыс мүддесіне бейімдеп қайта жасақтаудағы қыз-келіншектердің рөлі айқындалды. Зерттеу міндеттері: диссертациялық жұмыстың алдына қойылған мақсатты жүзеге асыруда төмендегі міндеттерді шешу көзделген: – Батыс Қазақстан облысы әйелдерінің Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тылдағы еңбек жұмыстарына қатысуларын жүйелеу; – соғыс жылдарында қалыптасқан әйелдердің күнделіктілікті өміріне баға беру; – облыс шаруашылығын соғыс жағдайына бейімдеп қайта құруға әйелдерді жұмылдырудың күнделікті өмір тұрғысынан талдау; – өңірдегі қыз-келіншектерді қорғаныстық және патриоттық қозғалыстарға тартылудың қыры мен сырын ашу; – білім және мәдениет саласындағы әйелдердің күнделікті әлеуметтік өміріне талдау жасау; – әйелдердің күнделікті өміріндегі денсаулық сақтау және ана мен сәби мәселесін ашып көрсету; – соғыс кезеңіндегі қала әйелдерінің күнделікті өміріндегі ауыртпалықтарға тоқталу; – ауыл әйелдерінің күнделікті тұрмысындағы қиыншылықтар мен қарама-қайшылықтарды қарастыру; – майданнан келген хаттардың қала және ауыл әйелдерінің күнделікті өмірінде атқарған рөлі мен маңызын саралау; – соғыс жылдарындағы кеңес әйелдерінің әлеуметтік-психологиялық портретін зерделеу; Зерттеу жұмысының хронологиялық шегі. Қазақстан тарихының аса бір қиын-қыстау да қаһарман ерлікке толы әрі әйелдердің бұрын-соңды тарихта болмаған жауға қарсы күреске жаппай қатысуымен сипатталатын уақыты 1941-1945 жылдар аралығындағы Ұлы Отан соғысының кезеңі қамтылды. Зерттеу әдістері: Тақырыптың объективті әрі жүйелі ашылуына формациялық және өркениеттік байламдарды жұптастыру өз нәтижелерін береді. Бұл байламдардың бірлігі социалистік жарыс нысандарының соғыс барысында неліктен қолданғанын, ауылшаруашылығы өнімдерінің қаншалықты дәрежеде өскенін, соғыс жылдарында зауыттар мен фабрикаларға келген әйел қызметкерлердің жұмыс жасау тәсілдері және т.б. факторларды ізденуге көмектеседі. Жалпы көпқырлы әдістемелік байлам әйелдердің билік құрылымдары қарым-қатынастары ерекшеліктерін, олар берілген жоспарды орындау мен асыра орындауда табыстылықтарының себептерін, майданға көмек ұйымдастырудағы жеке еңбектерін талдауға мүмкіндік береді. Оқиғаларға кең көлемді көзқарас, әйелдер ауыр жұмыстарда жүрсе де әртүрлі қоғамдық істерге қатысуға қайдан күш алғандығын, кеңес әйелі мінезінің қандай бейнелері қасіретті соғыс жылдарында өздері мен балаларын аман сақтап қана қоймай, майдандағы туыстарына орасан зор материалдық әрі психологиялық көмек көрсетуге қуатты қайдан алғандығын түсінуге көмектеседі. Бұл жердегі басты міндет, дереккөздерді зерттеліп отырған кезеңмен тығыз контексте бағалау болып табылады. Ахуалдылық байлам өз кезегінде, зерттеліп отырған тақырыпты бағалауда жасанды жаңғыртудан құтылуға мүмкіндік береді. Зерттеуші құбылыстар мен оқиғаларды көрсетуде, оларды замандастарының соғыстың нақты-тарихи жағдайындағы қабылдауларына назар аударады. Сонымен қатар, тек тарихи-ахуалдылық байламға сүйену, бағалаудың біржақтылығы мен ескілікке ұрынуына әкеледі. Сондықтан, өткен оқиғалардың ұзақмерзімді нәтижелері пайда болған кездегі тарихи қашықтықтан да көзқарастың қажеттілігі бар. Жүйелілік байлам аса маңызды әдістемелік мәнге ие. Ол жиналған тарихи материалдың ғылыми иерархиясы мен талдамалық жинақылануына негіз болады. Кеңес әйелдерінің соғыс жылдарындағы жағдайларына әсер еткен аса маңызды факторлар жүйелілік байламының арқасында айқындалды. Тақырыпты толыққанды ашу мақсатында пайдаланылған антропологиялық байлам соғыс дәуіріндегі әйелдің кең көлемді әлеуметтік-психологиялық келбетін және олардың күнделікті өмірі мен тұрмыстарының бейнесін жасауға мүмкіндік берді. Соғыс жылдарындағы кеңес әйелдері өмірі мен қызметінің әрқилы аспектілерін талдау, басқа да әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар, яғни әлеуметтану, саясаттану, жалпы психология, философия, мәдениеттану, этнология, статистика материалдары мен әдістерін пайдалануды да талап етеді. Сонымен, соғыс заманындағы әйел тұлғасын барлық қырынан зерттеу салмақты психологиялық талдаусыз мүмкін емес. Әлеуметтанулық байламдар әртүрлі әлеуметтік институттардың адамдар мінезіне әсерлерін ескеруге, әртүрлі әлеуметтік топтардың өкілдері өзара түсетін байланыстар мен қатынастарды байқауға мүмкіндік береді. Зерттеуде әйел адамның табиғи-биологиялық сапасы, анатомо-физиологиялық ерекшеліктері мен әлеуметтік бастамасы біртұтас қарастырылады. Әйел адам адами тұрмысының толыққанды кейпінде, өз мәртебесі, тұтыныстары, қызығушылықтары бар нақты әлеуметтік қабаттың өкілі ретінде, биологиялық және әлеуметтік мінез-құлық иеленуші жеке тұлға ретінде зерттеледі. Ізденуші тақырыпты зерттеуде қазіргі заманғы әдістемелік ұстанымдарды да негізге алған. Соның ішінде зерттеліп отырған құбылыстардың жаңа сапалы тұстарын ашу және танымның шынайы негіздерін кеңейтуде салыстырмалы-тарихи әдісті қажетінше қолданған. Зерттеуші әртүрлі дереккөздерді, архив материалдарын, мемуарларды, күнделіктерді, хаттарды талдауда, ең алдымен нақты дереккөздің пайда болуы уақыты мен себебінен шыға отырып герменевтикалық әдісті де пайдаланған. Осылайша, зерттеу әдістерінің көпқырлылығы мен оларды жүйелі түрде пайдалану, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Батыс Қазақстан облысындағы әйелдердің рөлің объективті бейнесін сомдауға мүмкіндік береді. Келесі нәтижелер қорғауға шығарылады: 1941-1945 жылдары өткен Ұлы Отан соғысы уақытындағы Батыс Қазақстан облысындағы қыз-келіншектердің күнделікті өмірі мен тұрмысын зерттеу нәтижесінде мынадай ғылыми тұжырымдардың топтамасы қорғауға ұсынылды: – Ұлы Отан соғысының басталған жылының соңына қарай бүкіл Одақ бойынша әйелдер жұмыс істемеген бірде-бір еңбек саласы, әйелдер игермеген бірде-бір кәсіп қалмады. Әйел еңбегінің арқасында майдан қару-жарақ, азық-түлік, киім-кешектермен тоқтаусыз қамтамасыз етілді. – Соғыстың алғашқы кезінен бастап-ақ, өз жерін қорғауға белсенді түрде кірісе бастаған қыз-келіншектердің саяси белсенділіктері өте жоғары деңгейге көтерілді. Халқымыздың рухани қуаты соғыстағы жауынгерлерде ғана емес, тылда еңбек еткен әйелдердің бойынан да табылды. – Батыс Қазақстан әйелдерінің тылдағы күнделікті өмірлері, яғни майданға жасаған жұмыстарымен қатар өзін, бала-шағаны, қолындағы қарттарды бағып-қағу, тамақтандыру мен киіндіру, күту мен емдеу олардың мойнына ауыр жүк болып артылды. Көптеген жағдайларда әйелдердің жаны мен тәнінің саулығы, олардың жұмыс жасау қабілеті, қоғамдық істерді атқарулары осы мәселелердің шешілуімен тікелей байланысты жүрді. – Соғыс тұрғындардың күнделікті өмірлік тұрмыс ағымын өзгертіп, өмір сүру тіршілік деңгейің апатты жағдайға дейін жеткізді және барлық қиыншылықтар әйелдердің мойнына түсті. Негізінен ер адамдар кәсібі болып саналатын ауыр жұмыстар әйелдердің денсаулығын бұзды әрі олардың ерте қартаюы мен өлімдеріне әкеліп отырды. – Соғыс жылдарында күрделі әлеуметтік жағдайлардың бірі соғыстан мүгедек болып қайтқан жауынгерлердің ауыр хәлдері жатты. Олардың тылдағы тұрмыстық жағдайы онсыз да ауыр жағдайды бастарынан өткізіп жатқан әйелдердің мойнына қосымша болып артылды. – Майданның тылындағы негізгі қиыншылықты көтерген ауылшаруашылығында еңбек еткен әйелдер далада егіншілікпен айналысқан кезде тәулік бойына ешқандай демалыс көрмей, тынымсыз өз жұмыстарын атқарған. Алынған нәтижелердің жаңалығы мен маңыздылығының негіздемесі: Қазіргі таңда, соғыс жылдарындағы әйелдердің тылдағы күнделікті өмірі мен майданға көрсеткен көмектерін, олардың қаһарман жігерлері мен шексіз отансүйгіштігіне талдау жасай отырып, ғылыми-зерттеу жұмысымызды жазу барысында қолданылған әдістемеміздің мәні мен мазмұны ашып көрсетілді. Елдің басына ауыр күндер туып, ер азаматтардың бәрі майданға аттанған, бүкіл ауыртпалықтың жүгі нәзік жандылардың иығына асылған алмағайып заманда қыз-келіншектер атқарған жұмыс, олардың көрген өмірі ұлттық шежіреміздің кемшілік тұстары, әлсіз зерттелінген беттері ұлттық көзқарас тұрғысында зерделеніп, диссертациялық жұмыс бойынша табылған деректер құрамына қарай жіктеліп, талдау жасалды Сонымен бірге соғыс кезеңіндегі қоғамдық өмір, соғыс пен әйелдердің бір-біріне мүлдем тоғыса бермейтін, үйлесімдігі таппаған түсініктері мен пікірлері өмір сүріп келгендіктен сол кездегі әскери күнделіктіліктің тарихы өзектіліктің бір қыры соғыс жағдайларындағы тыл майданындағы әйелдердің мінез-құлықтары мен жүріс-тұрыстары, әйелдерді әскери-психологиялық зерделеу арқылы диссертациялық жұмыстың маңыздылығын арттырып отыр. Көтерілген мәселелердің маңыздылығы мен жеткілікті тұрғыдан талқыланбағаны берілген зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығын нақтылай түседі. Зерттеу жұмысының деректік негіздері. Батыс Қазақстан облысындағы әйелдердің Ұлы Отан соғысы кезіндегі күнделікті өмірінің күрделі тұстарын ашып, оның тарихи маңызын ашу, тарихи үрдістерге талдау жасап оған объективті тұрғыдан баға беру үшін деректік құжаттарды сараптаудан өткізу аса маңызды рөл атқарады. Осыған байланысты зерттеу жұмысында қолданылған құжаттар мен материалдарды ерекшелігіне сәйкес бірнеше топқа бөлеміз. Бірінші топқа заңдар мен нормативті-құқықтық актілер кіреді. Бұлардың Ұлы Отан соғысы кезінде жарық көрген КСРО және Қазақ КСР Жоғары Кеңестерінің заңдары мен жарлықтары, СОКП мен комсомол ұйымдарының құжаттары, КСРО және Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қаулылары, Халықаралық және кеңестік әйелдер ұйымдарының құжаттары жатады. Дереккөздердің екінші тобын мерзімдік баспасөз материалдары құрайды. Орталықтан шыққан «Правда», «Известия», «Труд», «Комсомольская правда», «Красная звезда», сондай-ақ журналдар «Большевик», «Партийное строительство», «Известия ЦК КПСС» және «Коммунист», «Приуральская правда» сияқты жергілікті газеттер құрайды. Осы арада, партия басшылығының орталық басылымдардың жалпы сандарының қысқаруы мен қиындықтарға қарамастан «Работница» және «Крестьянка» әйелдер журналын шығаруды тоқтатпағандықтарын атап өтуіміз қажет. Дереккөздердің үшінші тобын статистикалық материалдар мен анықтамалық әдебиеттер құрайды. Онда КСРО әйелдері Ұлы Отан соғысының ел тұрғындарының басым көпшілігін құрап қана қоймай, халық шаруашылығының көптеген салаларында олардың үлес салмағының айтарлықтай болғандығының, әсіресе колхозшы әйелдер үлес салмағы, олар жасаған еңбек күндерінің саны туралы әмбебап мәліметтер береді. Олардың сауаттылығы мен білім деңгейлерінің көрсеткіштері де аса маңызды. Төртінші топты Ұлы Отан соғысының тірі куәгерлері әйелдерден алынған сұхбаттар, жекелеген адамдардың естеліктері, хаттары мен күнделіктері құрайды. Естеліктерде жазылған жекелеген оқиғалар, сол кезеңдегі құбылыстарды қалпына келтіруде шешуші маңызға ие. Онда әйелдердің күнделікті өміріңдегі тұрмыстық мәселелер, еңбек жағдайы, еңбекші әйелдердің соғыс кезіндегі психологиялық күйлері қамтылды. Диссертациямызға қажетті архив құжаттарының ең басты бөлігі Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік архивінің (БҚОМА) қорлары құрады. Атап айтсақ Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік архивінің (БҚОМА) 4 – «Орал қалалық партия комитеті», 26 – «Еңбекші Кеңес депутаттарының Орал қалалық атқару комитеті», 37 – «Орал облыстық партия комитеті», 686 – «Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау бөлімі», 761 – «Батыс Қазақстан облыстық жер бөлімі», 786 – «Батыс Қазақстан облыстық халық ағарту бөлімі», 850 – «Еңбекші Кеңес депутаттарының Орал облыстық атқару комитеті», 915 – «Батыс Казахстан облыстық әскери комитеті», 999 – «Батыс Қазақстан облысының мобилизациялық бөлімі» және тағы басқа да қорлары дерек көздері ретінде пайдаланылды. Зерттеу еңбегімізге қажетті деректер Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивіндегі (ҚРОМА) қорлардан алынды. Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивінің (ҚРОМА) 1473 – «Қазақ ССР Денсаулықты сақтау Халық комиссаритатының», 1474 – «Орта Азия және Қазақстандағы совхоздар жұмысшыларының кәсіподақтары комитеті (Оргбюро ВЦСПС)», 1660 – «Қазастан Ұлы Отан соғысы кезінде», 1728 – «Қазақ ССР-дегі ХКК-ның жұмысшылар күшін есепке алудың бюросы» қорларындағы құнды деректер алынып ғылыми айналымға тартылды. Кеңес әйелдерінің Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі жағдайларын зерттеуде Ресей Федерациясының мемлекеттік архивінде сақтаулы құжаттар үлкен маңызға ие. Солардың бірі 5451 - «ВЦСПС» қорының құжаттары еңбеккер әйелдердің тұрмыстық мәселелері шешілуінің толыққанды бейнесін береді. Мұнда қорлар материалдарында мақта-мата, тігін, автомобиль шығару өнеркәсібі мен тұрмыстық қызмет көрсету кәсіпорындары еңбеккерлерінің кәсіподақ ұйымдарының құжаттары жиналған. Зерттеу жұмысымызға пайдаланылған осы аталған қорлардағы құжаттар 1941-1945 жылдардағы Батыс Қазақстан облысындағы әйелдердің өмірі мен тұрмысын күнделіктілік тұрғысынан қарастыруға толық мүмкіндік аламыз. Ғылымның даму бағыттарына немесе мемлекеттік бағдарламаларға сәйкестігі: Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев 2021 жылы «Ұрпақтар теңдігі» жаһандық форумында сөйлеген сөзінде қоғамдағы ең өткір мәселе – ана мен сәби мәселесін назардан тыс қалдырмайтынын, осы мақсатта отбасы және гендерлік саясат тұжырымдамасын негізге алған берік құқықтық база қалыптастыратынын атап өтті. Осыған орай, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қарқынды жұмыс істеуі және президент бақылауында болуы тақырыптың өзектілігін дәлелдейді. Осыған орай, диссертациялық зерттеу жұмысының қорытындысында алынған нәтижелерін Ұлы Отан соғысы тарихының мәселелерін әрі қарай әдістемелік және теориялық зерделеу барысында және сонымен қатар, гендерлік-тарихи зерттеулерде толықтай пайдалануға болады. Жұмыс мазмұнында, бүгінгі күнгі бірқатар әлеуметтік мәселелерді дұрыс шешуде пайдалануға болатын және өскелең ұрпаққа дұрыс тәрбие беру ісіне көмектесетін кең көлемді фактілік материалдар бар. Өзінің Ұлы Отанының шынайы тарихын білу мен түйсіну жауапкершілік, азаматтық пен отансүйгіштік сезімдерін қалыптастыруда басқа факторларға қарағанда және олармен салыстырғанда күшті әсер етеді. Сонымен қатар, диссертациялық жұмыстың негізгі жағдаяттары «Әйелдер және зорлық» халықаралық бағдарламасының шеңберін кеңейтуге мүмкіндіктер береді; әйелдер жағдайын жақсартуға, өнеркәсіптік, әлеуметтік және мәдени салаларда дағдарыстарды жоюға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар құруда нақты теориялық база қызметін атқарады; босқындар, жетім балалар, тұрғындардың аз қамтылған бөліктері және т.б. мәселелерді оңтайлы шешуде көмектеседі. Соғыс жылдары әйелдер еңбегін ұйымдастыру нысандары мен әдістерін қазіргі әйелдер ұйымдары жұмыстарында, ана мен баланы қорғау шараларын ұйымдастыруда, әскерилер әйелдері клубтары жұмысында, қайырымдылық қызметтерінде шығармашылық қолдануға болады. Зерттеу материалдарын жастарды отансүйгіштік және гендерлік тәрбиелеу бойынша оқу бағдарламаларын дайындауда тиімді пайдалануға болады. Ізденушінің қосқан жеке үлесі: Зерттеу барысында автор Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивіндегі (ҚРОМА) 1473, 1474, 1660, 1728 қорларындағы Ұлы Отан соғысы тарихына қатысты деректерді дербес анықтады. Ұлы Отан соғысы (1941-1945 жж.) жылдарындағы тарихи зерттеулер бойынша кең тарихнамалық база талданды. Диссертациялық зерттеудің деректік негізі қалыптастырылды. Жалпы, Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік архивінің 4 – «Орал қалалық партия комитеті», 26 – «Еңбекші Кеңес депутаттарының Орал қалалық атқару комитеті», 37 – «Орал облыстық партия комитеті», 686 – «Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау бөлімі», 761 – «Батыс Қазақстан облыстық жер бөлімі», 786 – «Батыс Қазақстан облыстық халық ағарту бөлімі», 850 – «Еңбекші Кеңес депутаттарының Орал облыстық атқару комитеті», 915 – «Батыс Казахстан облыстық әскери комитеті», 999 – «Батыс Қазақстан облысының мобилизациялық бөлімі» және тағы басқа да қорлары дерек көздері ретінде пайдаланылып, әйелдердің күнделікті өміріндегі денсаулық сақтау және ана мен сәби мәселесіне қатысты құжаттар кешені алғаш рет тұтас қарастырылды. Зерттеу жұмысының сыннан өтуі. Зерттеу ғылыми жұмысы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің «Академик Т.С.Садықов атындағы Қазақстан тарихы» кафедрасында жүзеге асты. Диссертацияның зерттеу жұмыстарының негізгі нәтижелері халықаралық ғылыми-практикалық конференция жинақтарында (5), Қазақстан Республикасы ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны бақылау комитеті ұсынған журналдарда (7) жарық көрді. Барлық саны – 12 мақала. Зерттеу жұмысының құрылымы: Ғылыми жұмыстың құрылымы анықтамалық көрсеткіштерден, белгілеулер мен қысқартулардан, кіріспе мен әрқайсысы үш бөлімнен құралған екі бөлімнен, қорытындыдан және пайдаланған әдебиеттер тізімінен тұрады. Жалпы көлемі 177 бет.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://www.youtube.com/watch?v=hbdVddo11eE
