
«6D020300 - Тарих» мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Сатанов Арстан Болатович диссертациясын қорғауы
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Сатанов Арстан Болатович «6D020300 – Тарих» мамандығы бойынша ««Қазақстан Республикасындағы орта білімнің қалыптасу және даму тарихы (1992-2020 жылдар)»» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Рецензенттер:
Ускембаев Канат Садвакасович - ғылым кандидаты
Ибраева Акмарал Госмановна - ғылым докторы
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Лысенко Юлия Александровна - ғылым докторы, профессор, Алтай мемлекеттік университеті, Кафедра меңгерушісі
Мажитова Жанна Сабитбековна - ғылым докторы, профессор, Астана медициналық университеті, профессор
Джумабеков Джамбул Азмуханович - ғылым кандидаты, доцент, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Факультет деканы
Шаяхмет Нұрбек Уахапұлы - ғылым докторы, доцент, Astana IT University, профессор
Ғылыми кеңесшілер:
Аяған Бүркітбай Ғелманұлы - тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҒЖБМ Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары (Астана қ., Қазақстан Республикасы)
Вацулик Ярослав – философия докторы (PhD). Масарик университетінің профессоры (Брно, Чех Республикасы)
Қорғау 2024 жылғы 12 қаңтар, сағат 21:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «6D020300 – Тарих» мамандығы бойынша «8D022 – Гуманитарлық ғылымдар» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі онлайн форматта өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: https://us02web.zoom.us/j/85612860550?pwd=aWFCaXppcFBUWWlJMkNSWkhpZU10dz09, ID: 856 1286 0550, сode: 4GPqD7
Мекен-жайы: г. Астана, ул. А. Пушкина, 11, 324 аудитория
Аңдатпа (қаз.): Сатанов Арстан Болатовичтің «6D020300-Тарих» мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін ұсынылған «Қазақстан Республикасындағы орта білімнің қалыптасу және даму тарихы (1992-2020 жылдар)» диссертациялық жұмысының АҢДАТПАСЫ Зерттеудің өзектілігі: Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін қоғамдық дамудың барлық салаларында, соның ішіде орта білім беруде түбегейлі өзгерістер байқалды. Әрине, 1990-жылдардың басында жалпы білім беретін мектепке қатысты ұзақ жылдар бойы қордаланған мәселелерді қысқа тарихи мерзім ішінде шешу мүмкін емес еді. Дегенмен, еліміздің орта білім саласындағы мемлекеттік саясат үнемі қоғам мен ғылыми қауымның назарында болып, тарих ғылымының өзекті мәселесіне айналды. Қоғамның демократиялануы отандық тарих ғылымының дамуын өркендетуге жағдай туғызды. Қазақстан тарихының әдіснамалық тәсілдер тұрғысын жаңа тың көзқарастармен зерттеп, ғылыми әдіснамалық ұстанымдар жасалу қажеттігі өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Белгілі тарихшылар, т.ғ.д., профессорлар Б.Ғ. Аяған, Е.А. Әбіл және т.б.тарихты адамгершілік көзқарас тұрғысынан пайымдап, назарды тек қоғамдық-саяси мәселелер, соғыстар мен шайқастарға ғана емес, халықтың күнделікті өмірі, бейбіт жасампаздық құндылықтарына мән беріп, зерттелуі қажет деп тұжырымдайды. Соның ішінде көпшілік қауым үшін маңызы бар білім берудің даму тарихына да тиісті назар аударылуы керек. Тарихи зерттеулер тек жазбаша деректерді қолданумен шектелмей, әлеуметтік-мәдени үрдістер мен құбылыстарды зерттеуде пәнаралық тәсілдер мен әдістерді қолдануды, деректердің сан алуан түрлерін саралауды қажет етеді. Тарихшы Х.М. Әбжанов шынайы азат ел өзінің саясатын ғаламдық өркениет талаптары мен ұлттық мүддеге сай жүргізуі қажет, ал ұлттың ғұмырын қамтамасыз ететін факторлардың бірі тарих ғылымының әдіснамасы ұлттық мүддеге қызмет ету арқылы ақиқатқа қол жеткізеді деп пайымдайды . Сондықтан да, қазіргі кезде тәуелсіздік жылдарындағы орта білім берудің дамуындағы жетістіктер мен кемшіліктерді салыстыра талдау арқылы баяндайтын ғылыми зерттеулер жүргізудің маңызы зор. ХХІ ғасыр – ғылым мен техниканың қарқынды даму дәуірі ғана емес, сонымен бірге өзгеріс кезеңі. Осы қоғамдық саяси құбылыстар кезеңінде жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу жолында білім беру саласын өзгерту заңдылық болып табылады. Қазақстанның тұңғыш президенті Н.Ә. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында Қазақстанның 30 дамыған елдің қатарына қосылудың жағдайында еліміздің зияткерлік дамуына айырықша көңіл бөлуге шақырды. Ал 2020 жылғы тамыз кеңесінде Қазақстан Республикасының Президенті Қ.-Ж.К. Тоқаев отандық білім беру жүйесінің үздік үрдістерін сақтай отырып, әрдайым даму жолында болу қажеттігін атап өтті. Президенттің айтуынша, бәсекеге қабілетті және интеллектуалды дамыған балаларды қалыптастырудағы басты үміт педагогтарға және жалпы еліміздің білім беру жүйесіне жүктеледі. Қазақстанның қазіргі кездегі орта білім беру саласы терең және сан қырлы зерттеуді қажет етеді. Бір жағынан өткен тарихи кезеңдермен сабақтасып жатқан Қазақстанның білім беру саласы екінші жағынан әлемдік жаһандық білім берудің бір бөлігі ретінде бүгінгі таңда жаһандану үрдістерінің ықпалында дамуда. Білім беруге қатысты мәселелердің зерттелуінің келесі бір себебі – білім берудің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси, тарихи-мәдени дамудың маңызды бір факторы ретінде қарастырылуы. Қоғам өмірінің бүкіл салаларымен тығыз байланысты болған білім беру әлеуметтік және тарихи дамудың мақсаттарын шешуде алдыңғы қатарлы рөл атқарады. Жаңғыру мен Төртінші жаһандық революцияға аяқ басқан Қазақстан қоғамының алдында көптеген мәселелер туындауда. Солардың ішінде ұлттық кодты сақтау, мәдени құндылықтарды дәріптеу, өміршеңдігін жоғалтқан дәстүрлердің ықпал ету шеңберінен шығып, біртұтас ұлт болу үшін рухани жаңғыру жолдарын іздеу сияқты мәселелерді зерттеу, әсіресе оларды білім беру тарихын зерделеу шеңберінде қарастыру заман талабына айналды. Зерттеудің мақсаты мен міндеттері: Диccepтaциялық зepттeyдiң мaқсaты – 1992-2020 жылдардағы ҚР-дағы орта білім берудің қалыптасуының алғышарттарын, даму бағыттарын зерделеу, орта білім беру саласындағы мемлекеттік саясатқа, сонымен қатар оған ықпал еткен факторлар мен үрдістерге пәнаралық тәсіл арқылы тарихи баға беру. Зepттeyдiң мiндeттepi: 1. Білім берудің даму тарихына қатысты мәселелерді зерттеудің тарихи-методологиялық, әлеуметтік және мәдени аспектілерін сипаттау арқылы қазақстандық орта білім беру ұғымының белгілерін айқындау. 2. отандық және шетелдік әдебиетті терең зерттеу арқылы еліміздің посткеңестік кезеңдегі орта білім берудің зерттелу деңгейіне тарихнамалық талдау жасау. 3. Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы орта білім беруді зерделеудегі алуан түрлі деректерді сараптау, ортақ белгілеріне қарай жіктеу және тақырып үшін деректанулық маңыздылығын негіздеу. 4. Қазақстандағы жалпы білім беруде жүргізілген реформаларды кезеңдеу, әр тарихи кезеңде орта білім беру саласында болған құрылымдық, мазмұндық және ресурстық ерекшеліктерін тарихи-әлеуметтік тұрғыдан сандық және сапалық зерттеу арқылы сараптау. 5. Тәуелсіз еліміздің жалпы орта білім беру саласын жаңғыртудағы негізгі тарихи даму кезеңдеріне шолу жасау және отандық мектептің келешекте даму бағыттарын тұжырымдау. 6. Қазақстан Республикасының орта білім берудің негізгі даму кезеңдеріндегі институционалды басқару жүйесін зерделеу арқылы қызметінің тиімділігін тарихи бағалау. 7. Қазақстан мектептеріндегі қашықтықтан білім берудің және цифрландырудың даму бағыттары, барысы мен тарихи маңыздылығын зерделеу. 8. Еліміздің 12 жылдық білім беру үлгісіне көшу жолындағы жасалынған талпыныстары мен реформалардың тарихи мәнін ашу, негізгі мәселелерді айқындау және табысқа жете алмауының себептері бойынша қорытынды жасау. 9. Жаһандану және халықаралық интеграция жағдайында Қазақстанның орта білім берудің өзекті мәселелерін, мүмкіндіктер мен сын-қатерлерді зерделеу, отандық мектепті реформалауға халықаралық ұйымдардың ықпал ету дәрежесін бағалау. Қoйылғaн мaқcaттap кeлeсiдeй нəтижeмeн aяқтaлaды: 1. Негізгі қозғаған тақырыбымыз бойынша бүгінгі күнге дейін көптеген деректер, мәліметтер топтастырылып, ғылыми тұрғыда әр түрлі сараптама, әлеуметтік сауалнамалар, түрлі деңгейдегі зерттеулер жүргізіліп, жекелеген аспектілер бойынша монографиялар мен ғылыми әдебиеттер зерделенді. 2. Ғылыми зерттеудің барысында заң актілеріне, санақ деректеріне, статистикалық, әлеуметтік мәліметтерге талдау жасалынды. Қазақстандағы орта білім беруге байланысты ғылыми әдебиеттер, баспасөз және интернет материалдары топтастырылып, ең алдымен зерделеуден өткізіліп, кейін зерттеудің белгіленген бағыттары бойынша жүйеленді. Зepттey жұмыcының xpoнoлoгиялық шeңбepi. Тақырып үш кезеңге бөлініп қарастырылды: - 1992-1999 жылдар – ҚР-ның білім берудің заңнамалық базасының қалыптасу кезеңі. Қабылданған заңнамалық база негізінде өзгерістердің нақты жолдары мен бағыттары нақтыланды; - 1999-2007 жылдар – орта білім беру жүйесін дамытуды стратегиялық бағдарлау кезеңі. Бұл кезеңде ҚР-ның тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен «Қазақстан-2030» Стратегиясы және «Білім туралы» кезекті Заң (1999) қабылданды. Сөйтіп, орта білім беру жүйесін дамытудың негізгі басымдықтары айқындалды; - 2007-2020 жылдар – жаңғырту және инвестицияларды ұлғайту кезеңі. Бұл уақытта ҚР-ның «Білім туралы» заңы (2007) қабылданып, еліміздің мектептері үшін жаңа мүмкіндіктер ашылды. Орта білім берудің 12 жылдық жүйесіне көшу жоспарланды. Мектеп және ЖОО білім беру бағдарламаларын біріктіру жоспары жасалды. Жалпы білім беретін мектептерде спорт секциялары желісінің өсуі байқалды. Қазақстанның «Мәңгілік Ел» идеясы, «Қазақстан-2050 Стратегиясы», «Болашаққа бағдар – рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы орта білім берудің тәрбие беру жүйесіне кіріктірілді. Зepттey жұмысының ныcaнынa 1992-2020 жылдардағы Қазақстанда орта білімнің қалыптасу және даму тарихы жатады. Зepттey пəнi Қарастырылатын кезеңде Қазақстанның орта білім беру саласында жүргізілген мемлекеттік саясат пен реформалардың тарихи аспектісі. Зepттey жұмыcының дepeктiк нeгiзi. Диссертация тақырыбы бойынша ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы қорлары, соның ішінде «Диссертациялар мен авторефераттар қорымен»; Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасының қорларымен, соның ішінде «Диссертациялар мен авторефераттар қорының»: 124-135 Педагогика, 201-202 Авторефераттар, 203-213 диссертациялар каталогтарымен; Алматы қаласы Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы, соның ішінде «Кандидаттық және докторлық диссертациялардың» депозитарийімен; Чехия республикасы Брно қаласындағы Масарик университетінің кітапханасының қорларымен, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғылыми кітапханасының қорларымен, Масарик университетінің кітапханасы, Брно қаласындағы Моравия кітапханасы, «Дарын» РҒПО, Ы.Алтынсарин ат. ҰБА кітапханаларының қорларымен жұмыс жасалынды. Ғылыми-зерттеу жұмысы барысында Чех Республикасындағы Прага қаласында орналасқан Я.А. Коменскийдің педагогикалық мұражайының қорларымен жұмыс жасалынып, дереккөздер жинақталды. Диссертациялық зерттеу үшін мәліметтер ҚР БҒМ-ның тізіміндегі Қазақстан тарихы (1946 жылдан бүгінгі күнге дейін) оқулығын жазу барысында, 2020 жылы короновирустық індетінің пандемиясы жағдайында «Bilim Media Group» және ҚР БҒМ-ның бірлесіп жүргізген «ONLINE MEKTEP» жобасын іске асыру барысында, Дүниежүзілік Банк пен ҚР БҒМ бірлесіп жүзеге асырған «Білім беруді жаңғырту жобасы» атты бағдарламасына «Оқулықтарды бағалауға және сарапшылардың құзыреттілігін арттыруға қойылатын талаптарды әзірлеу бойынша консультациялық қызметтер» ғылыми жобасын (сәйкестендіру нөмірі: KZEMP/QCBS-01) орындау барысында, ҚР-да білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында 12 жылдық орта білім беруге кезең-кезеңімен көшу бойынша дайындық жұмыстарын жүргізу мақсатында құрылған жұмыс тобының мүшесі болған уақытта, Ы.Алтынсарин ат. ҰБА тарапынан 2021-2023 жж. жүзеге асырылатын «Білім және ғылым жүйесін жаңғыртудың ғылыми негіздері» зерттеуді бағдарламалық мақсатты қаржыландыру шегінде жинақталды. Зepттey жұмыcының тeppитopиялық шeңбepi. Тақырыптың алдына қойған мақсат-міндеттеріне байланысты зерттеу жұмысының территориялық шеңбері ҚР-сы аумағын қамтиды. Сонымен бірге, зерттеу барысында тақырыпты ашу мақсатында басқа да елдердің деректері айналымға қосылды. Тақырыптың зepттeлy дeңгeйi. Еліміздің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамудың қайнар көзі болып табылатын орта білім берудің даму тарихының түрлі аспектілері тарихшылар мен педагог-ғалымдардың зерттеу нысанына айналды. Бірқатар қазақстандық тарихшылар 90-жылдардың басында жалпы білім беретін мектеп үшін типтік оқу бағдарламаларын, оқу-әдістемелік құралдарын және 4-11 сынып оқушылары үшін оқулықтар әзірлеуге белсене ат салысып, еліміздің орта білім беру саласының дамуына қомақты үлес қосты. Мектеп үшін оқу әдебиеттерінің алғашқы құрастырушылары мен авторлары Академик М. Қозыбаев, т.ғ.д., профессор Ж. Қасымбаев, ҚР ҰҒА академигі, профессор К. Нұрпейіс, т.ғ.д., профессор Т. Тұрлығұлов, т.ғ.д., профессор Ж. Таймағамбетов, профессор Т. Омарбеков, пофессор Н. Күнқожаев, ҚР еңбегі сіңген қайраткер Д. Бабаев, т.ғ.д., профессор К. Байпақов және көптеген танымал тарихшы ғалымдар болды. Тәуелсіздік кезеңіндегі Қазақстанның білім саласындағы халықаралық қарым-қатынасты зерделеген А.С. Жұмаділова 1991-2001 жылдар аралығындағы елімізбен тығыз байланыс орнатқан елдердің білім беру жүйесінің артықтықшылықтары мен жетістіктерін сипаттады. Ш.К. Беркімбаева, Р.А. Нуртазина, Г.Ж. Сулейменова жалпы білім беретін мектептердің даму тарихын сипаттады. Х. Әбжанов және Ғ. Кенжебаев монографиясында Тәуелсіз Қазақстанның білім беру мен ғылым саласындағы мемлекеттік саясатқа теориялық-әдіснамалық және тарихи талдау жасалынды. Б.Т. Берлібаевтың еңбегі Қазақстандағы орта білім беру саласындағы тарихи білімнің қалыптасу және даму мүмкіндіктері мен тенденцияларын жүйелеуге бағытталды. М.Т. Утеубаевтың диссертациялық зерттеуінде Қазақстандағы білім беру кеңістігіндегі тілдік мәселелердің қалыптасу алғышарттарына, даму барысы мен шешу жолдарына тарихи талдау жасалынды. Б.Ғ. Аяғанның жалпы редакциясымен жазылған Қазіргі Қазақстан тарихы оқулығында тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанда мектептегі білім беру реформаларының кезеңдері және оларға тән ерекшеліктері сипатталды. А.К. Кусаинов өз зерттеуінде еліміздің білім беру саласына ықпал еткен объективті және субъективті факторларды келтіріп, талдау жасады. Еліміздің білім беру сапасын арттыру үшін атқарылу қажет іс-шаралар кешенін айқындап, білім беру саласында озық елдердің тәжірибесін қолдану бойынша ұсыныстар келтірді. С.Ж. Дүйсен Тәуелсіздік жылдарындағы орта білім беру ұйымдарындағы ұлттық тарихи білімнің қалыптасу және даму тарихын зерделеді. Е.А. Әбілдің жалпы редакциясымен жазылған Қазақстан тарихының тарихнамалық мәселелеріне арналған ұжымдық монографияда тарихи сананы қалыптастыруда мектептің маңызды рөл атқаратыны, мектеп оқулықтарын әзірлеудің маңыздылығы мен тарих пәнін оқытудың өзектілігі көтеріліп, ғылыми тұжырымдалған ұсыныстар берілді. Ресейлік ғалым К.В. Романенчуктың диссертациялық зерттеуі 1991-2004 жылдар аралығындағы Қазақстандағы орыс тілде оқытатын мектептерді реформалаудың негізгі бағыттары мен мазмұнын айқындауға бағытталды. Ресейлік ғалым Т.Н. Сайтимованың диссертациялық зерттеуі Қазақстандағы жалпы орта білім берудің қазіргі кездегі жағдайы және бас тенденцияларын сипаттауға бағытталды. Алыс шетелдік ғалым Carolyn Kissane посткеңестік кезеңде Қазақстанда тарихи білім беру арқылы жаңа нарративтерді енгізуді, өтпелі дәуірде жалпы білім беретін мектептерде ұлттық бірегейлікті қалыптастыру арқылы кеңестік кезеңде жүргізілген орыстандыру саясатының ықпалын жоюға бағытталған мемлекеттік саясатты зерделеді. Кембридж университетінің ғалымы Наталья Яковиц 1990 жылдарда Қазақстанда білім беруде жасалған реформаларға шолу жасады. Қорыта айтқанда, 1992-2020 жылдардағы Қазақстандағы орта білімнің қалыптасу және даму тарихының мәселелері көптеген ғылыми зерттеулерде көрініс тапқанымен, бұл тақырып арнайы тарихи монографиялық немесе диссертациялық зерттеу пәні ретінде қарастырылған жоқ. Зepттey жұмыcының əдicнaмaлық нeгiзi. Диссертациялық зерттеу проблемалық - хронологиялық, салыстырмалы-тарихи, жергілікті-тарихи әдістерді қолдана отырып жүргізілді. Зерттеу жұмысы тәуелсіздік кезеңіндегі орта білім берудің социалистіктен капиталистік саяси жүйеге өту аясында транзитологиялық зерттеулер шеңберіндегі өзекті мәселені қамтиды. Қазақстанда тәуелсіздік жылдарындағы орта білім берудің дамуын зерттеуде постотарлау теориясын қолдану тақырыпты жаңа тұрғыдан қарастыруға мүмкіндік берді. Жекелеген ғалымдардың еңбектерінде Орта Азиядағы отарлаудан кейінгі кезең кеңестік білім мен құндылықтардың иерархиясы негізінен жаңғыртылатын орыс мәдени үстемдігін сынға алумен ерекшеленеді. Диссертация жұмысын орындау уақытында тарихи қозғалыс үрдісінде білім берудің барлық қасиеттері, функциялары, өзгерістерінің дәйекті түрде ашылу мақсатында ретроспективті талдау жасалынды. Тарихи-генетикалық әдістегі тарихизм қағидаты зерттелген кезеңдегі білім берудің тарихи ерекшеліктері мен мүмкіндіктерін бағалауға мүмкіндік берді. Нарратив әдісін қолдану арқылы зерттеу тақырыбы бойынша мұрағат қорларындағы мәліметтер нарратив (дискурс) аясында жинақталды. Білім берудің даму тарихына қатысты зерттеуде пәнаралық тәсілді қолдану нәтижесінде деректердің сан салалы түрлерін сыни тұрғыдан талдау мақсатында басқа ғылымдардың (әлеуметтану, құқық, педагогика және т.б.) әдістері пайдаланылды. Салыстырмалы педагогика және педагогика тарихы бойынша еңбектер талданды. Зepттey жұмыcының ғылыми жaңaлығы: 1. тарихи, мәдениеттану және әлеуметтану ғылымдары саласындағы зерттеулердің түрлі теориялары, нысандары мен құралдары шеңберінде Қазақстанның орта білімінің эпистемалық тұжырымдамасын айқындау арқылы тарихи зерттеудің пәнаралық тәсілге негізделген стратегиясы әзірленді. 2. Посткеңестік кезеңіндегі мектептегі білім берудің дамуының жекелеген аспектілерін қарастырған әр түрлі ғылыми салаларының отандық және шетелдік ғалымдардың еңбектеріне пәнаралық әдістер арқылы ғылыми сараптама жасалынып, тақырыптың зерттелу деңгейі айқындалды. 3. деректердің алуан түрлері пәнаралық тәсіл тұрғысынан зерделеніп, ортақ белгілері бойынша деректік базаға жіктеліп, тың мәліметтер ғылыми айналымға енгізілді. 4. орта білім беруді басқару мен ұйымдастырудың мемлекеттік саясатын айқындайтын заңнамалық базаны талдау арқылы тәуелсіздік жылдарындағы отандық мектепті дамытудың стратегиялық бағдарлау, ұлттық мектеп үлгісін жаңғырту және орта білім беру ұйымдарына инвестицияларды ұлғайту кезеңдері жіктеліп зерделенді. 5. ұлтымыздың “Рухани жаңғыруы” және жаһандану үрдістерінің аясында қазақстандық орта білім берудің стратегиялық даму мәселелері тұжырымдалды және қимыл ету бағыттары болжанды. 6. еліміздің орта білім берудің ұлттық үлгісі қамтыған белгілер мен құрылымдық негіздердің, соның ішінде басқару және кадрлар әлеуеті, білім беруді қаржыландыру жүйесі, мектептер желісінің ерекшелігі, оқу мазмұны, мектептердің материалдық-техникалық базасы, инклюзивті білім беру және жаппай оқыту, қосымша білім беру, мектептердегі тіл саясаты, мектептегі тәрбие беру жүйесінің сан қырлы мәселелері тарихи ретроспективада кешенді түрде зерделенді. 7. еліміздің орта білім беруді дамыту бойынша шетелдік серіктестік пен халықаралық ұйымдармен өзара байланыстардың көп салалы бағыттарына тарихи динамикада шолу жасалынып, отандық мектептің халықаралық білім беру кеңістігіне кірігудің жаңа қырлары айқындалып, сын-қатерлері зерделенді. Қoрғayғa ұсынaтын нeгiзгi тұжыpымдap. Зepттey жұмыcының нəтижeлepi бoйыншa мынaдaй ғылыми тұжыpымдap қopғayғa ұcынылaды: 1. Зерттеуіміздің «білім беру», «білім беру жүйесі» сияқты негізгі ұғымдарды тарихи, мәдени және әлеуметтік шеңберде қарастыру қазақстандық орта білім берудің сипаттамалық белгілерін айқындауға негіз береді. Қазақстандық мектеп – педагогикалық үрдісте тұлғаның кешенді дамуына бағытталған кең спектрлі дағдыларды қалыптастыруға, күтілетін нәтижелерге қол жеткізуге және негізгі құндылықтарды ұстануға баса назар аударатын, қазіргі қоғамдағы табысты өмір мен кәсіби дамудың негізін қалайтын әлеуметтік институтке айналды. 2. Посткеңестік кезеңде отандық және шетелдік әдебиеттерді пайдалана отырып, орта білім берудің зерделену деңгейіне тарихнамалық талдау жүргізілді. Қазақстандағы орта білім беру тарихына кешенді талдау әрі ғылыми сенімді баға беру мақсатында пәнаралық тәсілді қолданудың эпистемологиялық маңыздылығы айқындалады. 3. Зерттеу тақырыбы бойынша әртүрлі дереккөздерден, соның ішінде ресми статистикадан, мұрағаттық материалдардан, құжаттық деректер, мерзімді басылымдар, аудиовизуалды деректер, ғаламтор деректері, оқу-әдістемелік және бағдарламалық құжаттар, әлеуметтік деректер және басқа көздерден алынған мәліметтер жиналып жүйеленді. 4. Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде ҚР Білім туралы Заң 3 рет ауыстырылды. Ұзақ жылдар бойы қоғамның көкейінде болған «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданып, бұл жағдай мұғалімдердің қоғамдағы рөлін арттыруға белгілі бір үлес қосуға ықпал етті. Мемлекет білім беруді дамытуда саяси ұйым, ғылыми қауым, үкіметтік емес ұйымдар және ата-аналар сияқты басқа да мүдделі тараптардың арасында ынтымақтастық пен өзара сұхбаттастыққа негізделген басқару жүйесін көп уақыттан бері енгізбей келеді. Соның нәтижесінде орта білім беруде мемлекеттік реформалар ғылыми негіздемесіз, қоғамның қатысуынсыз жүргізіліп, эпизодтық, жартыкеш сипат алуда. 5. Орта білім беруде қатаң идеологиялық бақылау мен орыстандыру саясаты арқылы көрініс тапқан кеңестік отарлау саясатының салдарынан арылу жолдары іздестірілді. Мемлекеттік тілді оқытатын мектептер саны артты. Қоғам мен мемлекет саясатының сұранысына қарай қазақ тілінде алғаш рет оқу мазмұны мен оқу әдебиеттері әзірленді. 6. Еліміздің нарықтық экономикаға өту жағдайында жалпы білім беретін мектептер демократиялық қайта құруларды басынан кешіріп жатты. Орта білім беру ұйымдарының желісі жекеменшік, инновациялық, халықаралық, дарынды балаларға арналған мектептер есебінен кеңейді. 7. Әлеуметтік-экономикалық дамудың қазіргі кезеңінде IT-технологиялардың қоғам өмірінің барлық салаларына қарқынды енуі байқалады. Ауқымды территориясы бар Қазақстан үшін мектепті цифрландыру еліміздің орта білім беру саласының барша ресурстарын жұмылдыруға, Төртінші өнеркәсіптік революция игіліктеріне қол жеткізуге жол ашады. Дегенмен, орта білім беруді цифрландырудың өзіндік сын-қатерлері бар екенін де ескерген жөн. 8. Жаңартылған білім беру мазмұнын енгізу барысында үлкен міндетті оқу жүктемесі, әдістемелік сүйемелдеудің жеткіліксіздігі, инфрақұрылыммен және материалдық ресурстармен жабдықтауда, мектептердің білім беру сапасын бағалауда мәселелер туындады. Үш және төрт ауысымды мектептердің сақталуы, мектеп ғимараттары мен материалдық-техникалық базаның тозуы, мектептерді толық сапалы интернетпен қамтамасыз ету мәселелері шешілмейінше, орта білім беруде объективті статистика қамтамасыз етіліп, терең талдау жасалмайынша, 12-жылдық білім беру үлгісіне өту мүмкін болмайды. 9. Орта білім берудің жаһандану және интернализациялану тенденцияларының ықпалымен дамуы айқын көрініс табуда. Бір жағынан, интернализация үкіметті жаңартылған оқу жоспарлары мен бағдарламаларын енгізуге, жаңа педагогикалық және ақпараттық технологияларды енгізуге, білім берудегі сапаға, өзінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелерін шешуге ынталандырады. Екінші жағынан, орта білім берудің сыртқы факторлардың ықпалында болуы, ұлттық тәрбие беру жағдайына және мектептің эволюциялық даму жолына, шетелдік тәжірибенің жергілікті жағдайларға бейімделмей енгізілуі, реформалардың бірінен соң бірі жүйесіз жүргізілуі, орта білім берудегі ірі өзгерістер легінің тоқталмауы – жалпы саланың тиімді жұмыс жасауына сын-қатерлер төндіруде. Жұмыcтың құpылымы. Зерттеу жұмысы кіріспеден, тақырыптың мазмұнын ашатын үш бөлімнен және қорытындыдан, пайдаланған әдебиет пен деректер тізімінен, қосымшалардан тұрады.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://www.youtube.com/watch?v=pUl6oOgthZs
