
«6D020300 - Тарих» мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Омирбекова Жанагуль Муратовна диссертациясын қорғауы
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Омирбекова Жанагуль Муратовна «6D020300 – Тарих» мамандығы бойынша ««Еуразия көшпенділерінің этноэкологиялық дәстүрлері: тарихи-салыстырмалы талдау»» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Рецензенттер:
Утегенов Марат Зеннатович - ғылым кандидаты, доцент, Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІ, Кафедра меңгерушісі
Серубаева Аурика Темирхановна - философия докторы (PhD), М.Х.Дулатов атындағы Тараз өңірлік университеті Дулати университетінде инклюзивті білім беру: Психологиялық бейімдеу орталығы, Доцент (и.о.)
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Нұрбай Қайырболат Жәкенұлы - ғылым докторы, профессор, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті, профессор
Джумабеков Джамбул Азмуханович - ғылым кандидаты, доцент, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Факультет деканы
Smigel Michal - философия докторы (PhD), профессор, Факультет деканы
Каримова Анара Еркеновна - ғылым кандидаты, доцент, Павлодар педагогикалық университеті, Факультет деканы
Ғылыми кеңесшілер:
Шаяхмет Нұрбек Уахапұлы – тарих ғылымдарының докторы, Astana IT University Жалпы білім беру пәндері департаментінің профессоры (Астана қ., Қазақстан Республикасы)
Ахмет Ташағыл – философия докторы (PhD), Йедитепе университетінің профессоры (Стамбул қ., Түркия Республикасы)
Қорғау 2024 жылғы 29 қаңтар, сағат 15:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «6D020300 – Тарих» мамандығы бойынша «8D022 – Гуманитарлық ғылымдар» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі онлайн форматта өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: https://us02web.zoom.us/j/84743542028?pwd=dVdZK2lPS0FRaEJ3UzY1Q3BNYnl6QT09, ID: 847 4354 2028, code: 891989
Мекен-жайы: Астана қ., А. Пушкин көшесі, 11, корпус № 2, 324 аудиториясы
Аңдатпа (қаз.): Омирбекова Жанагуль Муратовнаның «6D020300 – Тарих» мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алуға ұсынылған «Еуразия көшпенділерінің этноэкологиялық дәстүрлері: тарихи-салыстырмалы талдау» диссертациялық жұмысының АҢДАТПАСЫ Тақырыптың өзектілігі. Қазіргі кезеңде адамзатты толғандырып отырған мәселелер көтерілгенде экологиялық дағдарыстар мен қауіп-қатерлер, жаһандық климаттың жылынуы мен оған бейімделу талаптары этноэкологиялық тарихи тәжірибеге деген сұранысты қоғамда да, ғылымда да арттырып отыр. Еуразия кеңістігіндегі көшпелі халықтар тұрмыс тіршілік үшін қолайсыз табиғи ортада «далалық экологияға» тән өзіндік қайталанбас тарихи-мәдени дәстүрлерін қалыптастырды. Оның мәні экоцентристік санаға негізделді. Осыған байланысты Еуразия көшпелі халықтарының этноэкологиялық мұрасын зерттеу өзекті тақырыптардың бірегейі болып саналады. Еуразия көшпенділерінің өркениетіне, саяси, этникалық тарихына, шаруашылық және әлеуметтік-мәдени даму ерекшеліктеріне қатысты бірқатар зерттеу еңбектері жарық көргенімен, олардың тұрмыс-тіршілігінің этноэкологиялық қырлары арнайы зерттеу нысаны ретінде алынған жоқ. Адамзат тарихы бірінші кезекте адам, табиғат және қоғам арасындағы өзара қарым-қатынас тарихынан құралады. Соған сәйкес Еуразия көшпелілерінің этноэкологиялық дәстүрлерін тарихи-салыстырмалы тұрғыда зерттеу Отан тарихындағы өзекті проблемалардың қатарында. Тақырыптың зерттелу деңгейі. Табиғат – Адам – Қоғам арасындағы өзара байланыс бойынша экологиялық ой мен білімнің негізі өте терең және ол әр халықтың дүниетанымдық негіздерінен бастау алады. Дегенмен, ол этноэкологиялық ілім ретінде ғылымда тек ХІХ ғ. ғана кодификацияланды. Ал ғылыми ұстаным ретінде іс жүзінде тек ХХ ғ. ортасында ғана қалыптасып, дами бастады. Отандық және шетелдік тарихнамада адам – қоғам – қоршаған ортаның өзара байланысы, Еуразия көшпелі халықтарының өркениеті мен тарихы жөніндегі теориялық-әдіснамалық тұжырымдамалар мен зерттеулер ғылыми айналымда бар. Шоқан Уалихановтың іргелі еңбектерінде Еуразия халықтарының тарихи дамуындағы мәдени өркениеттік мәселелер, қоғам мен қоршаған орта арасындағы өзара қарым қатынас, географиялық ортаның олардың тарихи тағдырындағы рөлі, мәселелері қарастырылады. Ә. Бөкейханов зерттеулерінде қоршаған ортаның қоғам дамуына және шаруашылық пен мәдениеттің өсіп-өркендеуіне ықпалы, көшпелі қоғам ерекшеліктері мен оның шаруашылықты жүргізудегі этноэкологиялық мұраға қатысты тұжырымдары маңызды. Зерттеушілер В. Бартольд, В. Радлов, Г. Потанин, Г. Грумм-Гржимайло еңбектерінде көшпелі қоғам мен оның мәдени-рухани және шаруашылық даму феномені Еуразия халықтарының этноэкологиялық дәстүрлері мен табиғи-климаттық ерекшеліктері шеңберінде зерттелген. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы еңбектерінде қазақ көшпелі қоғамының табиғаты тарихи-этнографиялық деректер негізінде ашып көрсетіледі. Ал Т. Шонанұлы, Ә. Марғұлан, К. Акишев зерттеулерінде Қазақ даласының экожүйесінің қайталанбас ерекшеліктері оны мекендеген халықтың тарихи мәдени дамуында шешуші фактор болғандығына назар аудартады. ХХ ғ. 70-90-жылдары кеңестік тарихнамадағы Л.Гумилев, С.Толыбеков, Г.Марков, А.Хазанов зерттеулерінде Еуразия көшпелі халықтарының тарихы әр қырынан қарастырылып, оларды танып білуде әлеуметтік-экономикалық факторлармен бірге табиғи-географиялық және экологиялық аспектілерін ашып көрсетті. Адамзат қоғамының даму заңдылықтарын зерделеудің экологиялық тұжырымдамасы жаңа пәнаралық ғылыми бағыт ретінде ХХ ғ. ортасында қалыптаса бастады. Экологиялық тарих мәселелері американдық антрополог Дж. Стюардтың (J.H. Steward) "мәдени экология" контекстінде қозғалды. Одан әрі қарай тарихи және этнологиялық зерттеулерде экологиялық бағыт ғылымда кең тарала бастады. Бұл тұжырымдаманың басты ұстанымдары өткен замандардағы табиғи ортаны реконструкциялау, адамның қоршаған ортаға антропогендік әсері және экологиялық менеджменттен көрініс тапты. Тарихнамалық талдау көрсеткендей, пәнаралық зерттеулердегі экологиялық тұжырымдаманың трансформациясы төмендегідей жүзеге асты: Мәдени экология (1930-1950); Этноэкология (1950-1970); Экологиялық антропология (1970-1990); Экологиялық мәселелердің антропологиясы (1990 жылдардан бері). 1980 жылдардан бастап кеңестік және ресейлік тарих ғылымында этноэкологияның теориясы, әдіснамасы және тәжірибесі бойынша КСРО Ғылым Академиясының Этнология және антропология институтының және сол Академияның Сібір бөлімшесінің ғалымдары іргелі зерттеулерді жүзеге асырды. Кеңестік ғылымдағы этноэкология бағытының негізін салушы В.И. Козлов болып есептеледі. Ол алғаш рет «этникалық экология» терминін енгізіп, оның зерттеу әдістерін айқындап берді. Одан кейін этникалық экология бағыты бойынша Б. Андрианов, И. Крупник, А. Ямсков, Н. Абаев, Н. Томилов сынды тағы басқа ғалымдардың еңбектері жарық көрді. ХХ-ХХІ ғасырлар тоғысында отандық зерттеушілер Еуразия көшпелі халықтарының өркениеттік даму феноменіне ерекше назар аудара бастады. Мәселен, Б. Көмеков, Н. Масанов, Н. Әлімбай, М. Мұканов, Х. Арғынбаев, А. Сейдімбек, Ж. Артықбаев, А. Оразбаева, Қ.Нұрбаев, Т. Қартаева, А. Сыздыкова және басқа да ғалымдардың еңбектерінде экологиялық тұжырымдама кеңінен қолданылды. Соңғы жылдары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дегі Орталық Азияның дәстүрлі өркениетін зерттеу бойынша республикалық ғылыми орталықтың бірқатар басылымдары Орталық Азия халықтарының этноэкологиялық дәстүрлерінің кейбір аспектілеріне арналды. Шетелдік зерттеушілерден британдық ғалым Дэвид Мунның (David Moon) және американдық тарихшы Сара Камеронның Еуразия далаларының экологиялық тарихына, әсіресе, көшпелі халықтардың далалық табиғи ортаға бейімделу стратегиясына қатысты тұжырымдары бар еңбектерін атап көрсетуге болады. Сонымен бірге, Д. Мун (David Moon) экологиялық тарихтағы трансұлттық зерттеулердің маңыздылығын да атап көрсетеді. Жоғарыда аталған ғалымдардың зерттеу еңбектері, монографиялар мен ғылыми мақалалар Еуразия көшпелі халықтарының этноэкологиялық дәстүрлерін зерттеуге ғылыми-теориялық, әдіснамалық тұрғыда елеулі үлес қосты. Аталған зерттеу еңбектері негізінен далалық өркениет құбылысына қатысты жалпытеориялық сипатымен ерекшеленеді. Дегенмен, Еуразияның көшпелі халықтары қалыптастырған этноэкологиялық дәстүрлерін тарихи-салыстырмалы талдау бұл еңбектердің арнайы зерттеу нысаны ретінде қарастырылмаған. Зерттеудің нысаны: Еуразияның көшпелі халықтарының табиғи ортасымен өзара байланысының ерекшеліктері, оған бейімделу стратегиялары және табиғи ресурстарды игеру мен пайдалану барысында қалыптастырған этноэкологиялық дәстүрлері. Зерттеу жұмысының пәні. Еуразия көшпелі халықтарының этноэкологиялық дәстүрлерінің тарихи-мәдени негіздері мен экожүйеге бейімделудің тарихи тәжірибесі. Зерттеу жұмысының мақсаты – Еуразия көшпелі халықтарының этноэкологиялық дәстүрлері мен қоршаған ортаға бейімделуінің тарихи тәжірибесін зерттеу және оның бүгінгі қоғам үшін құндылықтық әрі қолданбалы маңызын ашып көрсету. Зерттеудің міндеттері: - Еуразия далаларын мекен еткен халықтардың этноэкологиялық мұрасын зерттеудің теориялық-әдіснамалық негіздерін айқындау. - Этноэкологиялық дәстүрлерді зерттеудің тарихнамалық-деректік негіздеріне талдау жасау. - Далалық аймаққа бейімделу ерекшеліктері мен этноэкологиялық дәстүрлердің рухани-дүниетанымдық бастауларын зерделеу. - Көшпелілердің этноэкологиялық дәстүрлерінің қалыптасуы мен қызметінің табиғи алғышарттарын талдау. - Қоршаған ортаға бейімделу арқылы экологиялық тепе-теңдікті сақтау модельдерін ашып көрсету. - Еуразия көшпелілерінің этноэкологиялық дәстүрлерінің дағдарысы мен күйреуіне әсер еткен тарихи факторлар мен оның салдарын зерделеу. - Этноэкологиялық білім мен дәстүрлердің қазіргі қоғам үшін құндылықтық және қолданбалы маңызын дәйектеу. Тақырыптың деректік қоры. Диссертациялық жұмыстың деректік қоры жазба деректерінен, табиғи игіліктерді пайдалану дәстүрлері мен көшпелі халықтардың әдет-ғұрыптары туралы мәліметтерден, архив құжаттарынан, табиғи-географиялық орта деректерінен, этнографиялық, статистикалық, фольклорлық мәліметтерден құралды. Жазба деректері бойынша Еуразия көшпелі халықтарының тұрмыс-тіршілігі мен шаруашылығын, этнографиясы мен қоршаған орта ерекшеліктерін қарастырған саяхатшылар мен зерттеушілердің еңбектерінде тақырыпқа сәйкес фактологиялық және деректік материалдар жинақталған. Еуразия далаларын мекен еткен халықтардың этникалық тарихы, тарихи географиясы, этнографиясы мен мәдениеті, экожүйесі мен шаруашылығы, қоршаған ортаға бейімделу стратегияларына байланысты 18 ғасырда ресейлік ғылыми экспедиция мүшелері жариялаған еңбектерінің деректері қолданылды. Олар көшпелі халықтарды тек сырттай бақылаушы ғана емес, олардың күнделікті өмірімен, тұрмыс-тіршілігімен сол табиғи және мәдени ортасында зерттеді. Деректік материалдардың келесі тобы – архив деректері. Олар ҚР Орталық мемлекеттік архиві мен РФ Омбы облыстық тарихи архивінің қорларынан алынған деректер мен құжаттар. Архив қорларынан зерттеуге негіз болып отырған Еуразиялық аймақтың, соның ішінде, далалық облыстардың тарихи-географиялық ерекшеліктеріне, табиғи-климаттық жағдайына, көшпелі халықтардың этноэкологиялық дәстүрлері мен табиғи ресурстарды пайдалану формаларына байланысты тарихи деректер, құжаттар, статистикалық материалдар пайдаланылды. Архив қорларындағы Еуразияның далалық өңірлерінде орын алған этноэкологиялық мәдениеттер қайшылығы туралы мәліметтер ерекше назар аудартады. Соның ішінде, жергілікті халықтар мен қоныс аударушылардың (казактар, орыс, украин шаруалары т.б.) табиғи ортаға бейімделуі мен оның ресурстарын игерудегі дүниетанымдық және практикалық дағдыларындағы ерекшеліктер бойынша деректер алынды. Келесі құнды дерек көзі ретінде этнографиялық жазба деректері кеңінен қолданылды. Соның ішінде, Еуразия халықтарының мақал-мәтелдері этномәдени мұраның маңызды бөлігі есебінде тарихи зерттеулер үшін құнды ақпарат болып саналады. Олар нақты бір этнос пен мәдениет туралы, құндылықтар мен күнделікті практикалар жөнінде құнды мәліметтер береді. Еуразия көшпелі халықтарының этноэкологиялық мұрасына қатысты деректер көптомдық Ресейдің толық географиялық сипаттамасында (Россия. Полное географическое описание нашего Отечества, 5,16,18,19 томдар) жинақталған. Тақырып бойынша деректер қорына ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. басында далалық облыстарда жүргізілген экспедициялардың қорытынды материалдары кіреді. Атап айтқанда, «Материалы по исследованию землепользования и хозяйственного быта сельского населения Иркутской и Енисейской губерний» атты екі томдық кешенді жинақ, далалық облыстарының он екі уезді негізінде жинақталған «Материалы по киргизскому землепользованию, собранные и разработанные экспедицией по исследованию степных областей» деген атпен жарық көрген басылымдар. Аталған экспедициялық материалдардан Еуразия көшпелі халықтарының этноэкологиялық мұрасы бойынша құнды мәліметтер алынды. Зерттеу жұмысының теориялық-методологиялық негізі. Диссертациялық жұмыстың әдіснамалық негізіне табиғат–адам–қоғамның өзара байланысы теориясы, өркениеттік тұжырымдама мен аксиологиялық ұстаным алғышарт болды. Еуразия көшпелі халықтарының этноэкологиялық дәстүрлерін зерттеу пәнаралық зерттеу әдістері негізінде жүзеге асырылды. – жалпы зерттеу әдістері бойынша дүниетанымдық, логикалық, тарихилық, ғылыми таным, объективтілік ұстанымдары қолданылды. – арнайы зерттеу әдістерінен этнографиялық зерттеу, талдау және қорыту, кешенді әдістер, құрылымдық-функционалдық әдіс, аймақтық зерттеу әдісі пайдаланылды. Сонымен бірге, тарихи-экологиялық мәліметтерді іріктеу, топтау, жүйелеу, жіктеу әдісі қолданылды. Талдау әдісі бойынша тарихнамалық-деректанулық талдау, тарихи-салыстырмалы талдау, дискурс талдау, сыни талдау, нарративтік талдау жүзеге асырылды. Этнографиялық зерттеу әдістері бойынша Еуразия халықтарының наным-сеніміндегі, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарындағы этноэкологиялық дәстүрлерге қатысты маңызды мәліметтер зерделенді. Құрылымдық-функционалдық әдіс этноэкологиялық дәстүрлерді кешенді әлеуметтік-мәдени қызмет атқаратын көшпелілер әлемінің басты элементі ретінде қарастыруға алғышарт болды. Арнайы тарихи әдістерге тоқталатын болсақ, тарихи-жүйелілік, типологиялық, тарихи-салыстырмалы әдістері қолданылды. Типологиялық әдіс Еуразия көшпелілерінің этноэкологиялық дәстүрлерінің жалпы үлгісін (моделін) түзуге негіз болды. Ал тарихи-жүйелілік әдісі Еуразия көшпелілерінің этноэкологиялық дәстүрлерін толыққанды жүйе ретінде талдауға мүмкіндік береді. Оның элементтері қоршаған табиғи орта, көшпелі өмір салты, әлеуметтік орта, экологиялық мәдениет өзара бірлікте және өзара тәуелділікте қарастырылды. Зерттеу барысында пәнаралық ұстанымға негізделген тарихи-экологиялық талдау әдісі қолданылды. Бұл әдіс бойынша қоғамның даму процесіне тарихи дәуір заңдылықтарының ықпалы ғана емес, сонымен бірге қоршаған орта заңдылықтарын қатар зерттеуге мүмкіндік береді. Кеңінен қолданылған әдістердің бірі - аймақтық зерттеу әдісі. Бұл зерттеу әдісін қолдану Еуразияның далалық аймақтарына тән шаруашылық және әлеуметтік-мәдени бірегейліктерді, өзара әрекеттестіктер мен динамикаларды тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Зерттеу жұмысының хронологиялық шегі. Диссертацияның хронологиялық кезеңдері ретінде ХVIII ғ. мен ХХ ғ. 30-жылдары аралығындағы тарихи кезең алынды. Зерттеудің территориялық шеңбері. Диссертацияның аумақтық шегі ретінде Еуразия кеңістігінің далалық, орманды-далалық, шөлді-шөлейтті белдеулері алынды. Бұл аймақтардың табиғи-климаттық, тарихи-географиялық белгілері ұқсас және онда ортақ немесе ерекше этномәдени және шаруашылық жүйесі қалыптасқан көшпелі халықтар мекен етті. Оған шығыста Байкал көлінен батыста Орал тауларына дейінгі, солтүстікте Сібірден оңтүстікте Жетісу, Сыр бойы мен Ферғана жазираларына дейінгі аймақтар кіреді. Диссертациялық зерттеудің ғылыми жаңалығы. - Отандық тарих ғылымында Еуразия көшпелі халықтарының, соның ішінде қазақ халқының этноэкологиялық дәстүрлерінің тарихи тәжірибесі диссертациялық жұмыс деңгейінде алғаш рет зерттелді. - Еуразия көшпелілерінің этноэкологиялық дәстүрлеріне тарихи-салыстырмалы талдау жасаудың теориялық-әдіснамалық негіздері дәйектелді. - Еуразия көшпелі халықтарының этноэкологиялық мұрасының құндылықтар жүйесі айқындалды. - Еуразия көшпенділерінің табиғи ортаға бейімделу және экологиялық тепе-теңдікті сақтау модельдері айқындалып, оған талдау жасалды. - Еуразия көшпенділерінің табиғи ресурстарды тиімді пайдаланудағы этноэкологиялық практикалар жүйеленді. - Еуразия көшпелі халықтары қалыптастырған этноэкологиялық дәстүрлерінің дағдарысы, құлдырауы мен күйреуінің тарихи себептері мен салдары ашылды. - Еуразия көшпелілерінің этноэкологиялық дәстүрлерінің қазіргі экологиялық сананы қалыптастырудағы құндылықтық маңызы ашып көрсетілді. - Қазіргі жаһандық экологиялық дағдарыс пен климаттың өзгеруі жағдайында бейімделу мен табиғи ортаны пайдалану стратегиялары үшін этноэкологиялық мұраның оң тәжірибелерін пайдаланудың тиімді жолдары ұсынылды. Зерттеу жұмысының қолданбалы маңызы. Диссертациялық жұмыстың ғылыми қорытындылары мен нәтижелері: - Еуразия халықтарының этноэкологиялық мұралары бойынша дипломдық, магистрлік, докторлық ізденістер арқылы зерттеудің көкжиегін кеңітеді; - бұл тақырыптың ғылыми мазмұны мен тарихнамасын тереңдетіп, байыта түседі; - жұмыстың ғылыми-танымдық деректері арқылы қоғамда дәстүрлі құндылықтарға негізделген экологиялық сананы нығайтуға септігін тигізеді; - қазіргі қоғамда табиғи ресурстарды тиімді пайдаланудың стратегиялары үшін қосымша ғылыми мәліметтер ұсынуға болады; - мектеп, арнайы оқу орындары мен жоғары оқу орындарында Отан тарихы, этноэкология, аймақтану, жалпы экология, этнография сияқты пәндер бойынша дәріс, арнаулы немесе элективтік курс материалдары үшін негіз бола алады; - «Еуразия көшпелілерінің этноэкологиялық мұрасы» деген тақырыпты ЖОО-ның оқу жоспарлары мен бағдарламаларына, оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдардың мазмұнына енгізуге болады; - климаттың күрт жылынуы мен оған оңтайлы бейімделуге ықпал ете алатын этноэкологиялық практикалар туралы мемлекеттік органдарға ұсыныстарды ғылыми тұрғыда дәйектеуге пайдасын тигізеді; - шетелдік ғалымдармен, соның ішінде Еуразия елдерінің зерттеушілерімен бірлескен халықаралық ғылыми-зерттеу жобаларын дайындауға мүмкіндік береді. Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар: - Еуразия көшпелі халықтары ғасырлар бойы қалыптастырған этноэкологиялық дәстүрлерінің мазмұны табиғат пен қоғамның өзара қарым қатынасының үйлесімділігімен айқындалады. - далалық табиғи-климаттық аймақтарда қалыптасып, ХХ ғ. 30-жылдарына дейін мүлтіксіз қызмет атқарған этноэкологиялық дәстүрлер бұл халықтардың этномәдени бірегейлігіне елеулі ықпал еткен алғышарттардың бірі болды. - этноэкологиялық дәстүрлер табиғи ортаны құндылық ретінде қабылдаудың үлгісін дүниетанымдық тұрғыда негіздеуге әсер еткен факторлардың бірі болып саналады. - күнделікті этноэкологиялық практикалар Еуразия көшпелі халықтарының дүниетанымында антропоцентристік емес, экоцентристік қағидаттың жетекші рөл атқаруын айқындады. - этноэкологиялық дәстүрлер мен табиғи ортаға бейімделудің тарихи тәжірибесі өзара тығыз байланысты және бұл құбылыс далалық аймаққа мейлінше оңтайлы бейімделуге негіз болды. - Еуразия халықтарының далалық кеңістікке оңтайлы бейімделу тәжірибесі олардың далалық экожүйенің органикалық құрамдас бір бөлігіне айналды. - жаһандық климаттың жылынуы кезеңінде этноэкологиялық тәжірибені қолдану табиғи және қаржылық ресурстарды үнемдеуге септігін тигізеді, ауыл шаруашылығының экологиялық бағдар алуына ықпал ете алады. - этноэкологиялық құндылықтарды жаңғырту және күнделікті өмірде қолдану заманауи экологиялық сананы күшейтудің тиімді құралы болып табылады. Зерттеу жұмысының сыннан өтуі. Диссертациялық жұмыс тақырыбы бойынша барлығы 11 (он бір) мақала жарияланды. Соның ішінде Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім саласында cапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынатын ғылыми басылымдар тізіміне енетін журналдарда - 5 (бес), индекстелетін халықаралық Scopus және Web of Sciens ғылыми деректер базаларының Q-1 квартиліне енетін журналда – 1 (бір), Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялар мен журналдарда – 4 (төрт) ғылыми мақала жарық көрді. Сонымен бірге, диссертация тақырыбы бойынша 1 (бір) авторлық куәлік (қосалқы автор) алынды. Диссертациялық жұмыстың құрылымы. Жұмыс терминдер мен ұғымдарға түсініктемеден, қысқартулар тізімінен, кіріспеден, үш бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://youtu.be/UipKHCkZfgw?si=GUNFZiSiBXUDf5ob
