
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Ағатай Өткірбай Мылтықбайұлы «8D02208 – Археология және этнология» білім беру бағдарламасы бойынша Қазақ батырлар жырларындағы Ұлы дала көшпенділерінің қару-жарағы тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Археология және этнология кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Сиздиков Багдаулет Сапарбаевич – философия докторы (PhD), Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің қауымдастырылған профессоры (Түркістан қ., Қазақстан Республикасы);
Измайлов Искандер Лерунович – тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ш. Марджани атындағы Тарих институтының жетекші ғылыми қызметкері (Қазан қ., Татарстан Республикасы, Ресей Федерациясы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Елеуов Мадияр Елеуұлы – тарих ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры (Алматы қ., Қазақстан Республикасы);
Калменов Мурат Дабылович – Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің қауымдастырылған профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты (PhD) (Орал қ., Қазақстан Республикасы);
Табалдыев Кубатбек Шакиевич – тарих ғылымдарының докторы, «Манас» Қырғыз-Түрік университетінің профессоры (Бішкек қ., Қырғыз Республикасы).
Ғылыми кеңесшілері:
Артықбаев Жамбыл Омарович – тарих ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Бобров Леонид Александрович – тарих ғылымдарының докторы, Новосібір мемлекеттік университетінің профессоры (Новосібір қ., Ресей Федерациясы).
Қорғау 2025 жылғы 27 наурыз, сағат 14:30-да Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D02208 – Археология және этнология» білім беру бағдарламасы бойынша «8D022 – Гуманитарлық ғылымдар» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі аралас форматта (оффлайн және онлайн) өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: http://clck.ru/3GTEDG
Мекен-жайы: Астана қ., А. Пушкин көшесі, 11, 324-аудитория
Аңдатпа (қаз.):АҢДАТПА Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Заманауи археологиялық, тарихи, өлкетану және этнографиялық зерттеулердің маңызды бағыты Орта ғасыр кезеңі және Жаңа дәуірдегі Қазақстан және іргелес аумақтар көшпенділерінің қару-жарағын зерттеу болып табылады. Мұндай зерттеулер негізінен заттық (атап айтқанда археологиялық), жазба және бейнелеу дереккөздерін кешенді талдау арқылы жасалады. Алайда бұл дереккөздер әртүрлі қорғаныс және шабуыл қару-жарақтарының түпнұсқа атауларын, оларды соғыс жағдайында қолдану ерекшеліктерін, жауынгердің оларды жорықта алып жүруін, сондай-ақ Еуразия түркі көшпенділерінің мәдениетіндегі олардың материалдық, рухани, этномәдени, этнофункционалдық рөлі мен маңызын тереңірек нақтылауға әрдайым мүмкіндік бере бермейді. Эпикалық шығармалар материалдары көбінесе осы сұрақтарға жауап беруге көмектеседі. Әрине, фольклор туындылары өзіне тән гиперболизация мен мультипликация, оқиғалар мен сюжеттерді әсірелеу, әспеттеу, пафостық сипатта көркемдеусіз болмайтынын жақсы түсінеміз. Бірақ ондағы жекелеген материалдық элементтердің, сол батырлар жырларын тудырған орта мен қоғамның этномәдени өміріндегі анық дүниелер екеніне көз жеткізу қиын емес. Қала берді қазақ батырлар жыры өзіндегі тарихи реализмнің молдығымен көптеген шетелдік, отандық фольклористтерді мойындатқан. Бұл туралы қазақ халқының біртуар ғалымы Ә.Х. Марғұлан: «Қазақ эпосының бас кейіпкері – Отан қорғаушы батыр болып табылады. Эпикалық жырлар өзінің идеялық сарыны жағынан өте шынайы. Эпостың мазмұны тарихи оқиғаларға, әулеттік және ру-тайпааралық қарым-қатынастарға негізделген және онда Ұлы даланың байырғы тұрғындарының қоғамдық өмірі, идеалдары мен мұрат-мақсаттары жырланады. Шынайы тарихи, қоғамдық оқиғалар поэтикалық нақышпен әрленіп, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып отырды. Тарихи деректер мен даланың байырғы тұрғындарының өмір көріністерін суреттеуде қазақ эпосы жазба жылнамалардан еш кем түспейді. Эпостың тұрақтылығы – тарихи оқиғалар желісінің жыршы ата-баба аузынан оның баласына мейлінше шынайы жеткізіліп отыруымен түсіндіріледі». Сондықтан да халық фольклоры материалдары, көп ретте кешенді зерттеуде басқа дереккөздер бере бермейтін құнды этнографиялық мәліметтерді бере алады деп санаймыз. Өкінішке орай, осы уақытқа дейін монғол тілдес халықтардың эпикалық шығармалары қарутану ғылымында шетелдік ғалымдар тарапынан біршама кеңінен пайдалынып келсе, түркі тілдес, атап айтқанда қазақ батырлар жырлары материалдары кейінгі Орта ғасырлар мен Жаңа дәуірдегі Ұлы дала көшпенділерінің қару-жарақтарын зерттеуде әлі де болса ғылыми айналымға кең ауқымда ене алмауда. Дегенмен де тарихи, тарихнамалық зерттеулерде монғол тілдес халықтардың да, түркі тілдес халықтардың да эпикалық мұраларындағы қару-жарақ атауларының көп бөлігі ғылыми, қарутану көзқарасымен емес, әдеби шығармаларға тән оқырманға атүсті түсіндіріліп, қарапайым тілмен жеткізіліп жүр. Сондай-ақ, объективті ғылыми көзқараспен зерделенбегеннен кейін көптеген қару-жарақ терминдерінің тарихи-ақпараттық мәні ашыла бермей келеді. Сонымен қатар, қазақ халқының батырлар жырлары, жалпы фольклорлық материалдары тарихи, тарихнамалық зерттеулерде басқа деректердің қасында (мысалы заттық, жазба, бейнелеу т.б.) кенже рөл атқарып, немесе мүлде елене бермейді, қала берді фольклористика ғылымының шеңберінен шыға бермейді. Міне, қазақ халқының өткен тарихын түсіндіре алатын, ұлт тарихынан терең сыр шерте алатын, халық жадына етене жақын бірден-бір төл мұрасы – оның батырлар жыры екенін ескере отырып осы жұмысты сол мұраның ішіндегі оның бірден-бір материалдық элементі – қару-жарақ тақырыбына арнап, ғылыми айналымға енгізуге талпыныс жасамақпыз. Алдағы кезеңдерде жарияланған еңбектерді зерделегенде А.И.-М. Сикалиев, Р.С. Липец, Ю.С. Худяков, Л.А. Бобров, Қ.С. Ахметжан диссертациялары мен монографияларындағы тиісті ғылыми әдістерді пайдалану және фольклорлық деректерді заттық, жазба және бейнелеу дереккөздерімен салыстыру барысы, түркі, ойрат және монғол эпостары, Еуразия көшпенділерінің әскери-мәдени мұрасын зерттеуде маңызды рөл атқаратынын көрсетті. Сондықтан, кейінгі Орта ғасыр мен Жаңа дәуірдегі түркі көшпенділерінің арнайы зерттеу объектісі болмаған эпикалық шығармаларын, атап айтқанда қазақтың батырлар жырларын ғылыми айналымға енгізу және жан-жақты талдау өзекті ғылыми міндет болып саналады. Тақырыптың зерттелу деңгейі. Түркі халықтарының фольклорлық материалдары дәстүрлі түрде көшпенділер қауымдастықтарының тарихы мен мәдениетін талдауға пайдаланылады. Классикалық еңбектерден Л.В. Гребневтің, А.И.-М. Сикалиевтің еңбектерін, сондай-ақ Р.С. Липецтің және Қ.С. Ахметжанның монографияларын бөліп көрсетуге болады. Бірақ бұл мәселе тым біркелкі зерттелмегенін атап өткен жөн. Мысалы, монғол, ойрат эпикалық шығармалары ұзақ және жемісті зерттеліп келсе, басқалары ұзақ уақыт бойы отандық ғалымдардың назарын аудармады. Айталық осы жұмыста қарастырылатын қазақ батырлар жырларының көбісі арнайы ғылыми зерттеу объектісі болмаған, сондай-ақ шет тілдеріне аударылмаған. Зерттеу нысаны: қазақ батырлар жырларындағы кейінгі Орта ғасырлар, Жаңа дәуірдегі Ұлы Дала көшпенділерінің дәстүрлі қару-жарақтары. Зерттеу пәні: қазақ батырлар жырларында кездесетін қорғаныс және шабуыл қару-жарақтары кешенінің элементтері: жақтар (жайлар), оқтар (жебелер), садақтар, қорамсақ-қылшандар, отты қарулар, семсерлер, қылыштар, сүңгілер, найзалар, балталар, айбалталар, шоқпарлар, гүрзілер, бұздығандар, босмойындар, сауыттар, дулығалар, телпектер, сапылар, қанжарлар, пышақтар, қалқандар болып табылады. Диссертацияның мақсаты жазба, заттық (археологиялық артефактілер), этнографиялық (музей жинақтары), бейнелеу дереккөздерімен салыстырып, қазақ батырлар жырларындағы Ұлы дала көшпенділерінің қару-жарақтарын тарихи (тарихи-этнографиялық) дереккөз ретінде дәлелдеу және қару-жарақ тарихының реконструкциясын жасауға пайдаланатын дереккөз ретінде дәлеледеу. Зерттеудің мақсатына орай келесі міндеттер қойылды: – мәселенің зерттелу деңгейін бағалау үшін Ұлы даладағы түркі халықтарының эпикалық шығармаларындағы көшпенділердің қару-жарағы туралы ғылыми зерттеулерге талдау жасау; – Қазақстан және іргелес аумақтар халықтарының дәстүрлі қару-жарағына кешенді талдау жүргізу мақсатында жинақталған дереккөздердің жеткіліктілігін бағалау үшін тақырып бойынша дереккөздердің негізгі түрлерін (фольклорлық, жазба, заттық, этнографиялық, бейнелеу) қарастыру; – Қазақстан тарихнамасында, атап айтқанда әскери-тарихи және қару-жарақ зерттеуде бұрын арнайы нысанға айналмаған XVI–XIX ғғ. тиесілі ноғайлы-қазақ, қазақ батырлар жырларын Қазақстан және іргелес аумақ халықтарының дәстүрлі қару-жарақ кешенін зерттеу үшін ғылыми айналымға енгізу; – қазақ батырлар жырларындағы Ұлы дала көшпенділерінің қашық ұрыс қаруларының түпнұсқа атауларын анықтау, атрибуциялау, шайқас барысындағы қолдану мен сақтау, тасымалдау ерекшеліктерін жазба, археологиялық, этнографиялық, бейнелеу дереккөздерін пайдалана отырып түпнұсқа үлгілерімен корреляция жасау, этномәдени міндетін зерделеу; – жазба, археологиялық, этнографиялық, бейнелеу дереккөздерін пайдалана отырып қазақ батырлар жырларындағы Ұлы дала көшпенділерінің жақын ұрыс қаруларының түпнұсқа үлгілерімен салыстырмалы-сәйкестік жүргізу, оларға қатысты негізгі терминдерді анықтап, атрибуциялау, қоян-қолтық соғыс барысында оларды қолдану мен сақтау, тасымалдау ерекшеліктерін зерделеу, олардың көшпенділер қоғамындағы материалдық мәдениетіндегі этнофункционалдық рөлін қарастыру; – қазақ батырлар жырларындағы Ұлы дала көшпенділерінің қорғаныс жарақтары негізінде Орта ғасырлар мен Жаңа дәуірдегі Еуразия түркі жауынгерлерінің қорғаныс жарақтарының түпнұсқа үлгілерін, атауларын, құрамдас бөліктерін, сондай-ақ соғыс жағдайында қолдану ерекшеліктерін жазба, археологиялық, этнографиялық, бейнелеу дереккөздерін тарта отырып талдау, этнографиялық ерекшеліктерін табу. Диссертацияның деректік негізі. Зерттеу фольклорлық, жазба, заттық, этнографиялық, бейнелеу дереккөздерін кешенді талдауға негізделген. Негізгі дереккөз ретінде фольклорлық деректер, атап айтқанда: «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», «Қамбар батыр», «Қырымның қырық батыры», «Ер Едіге», «Орақ-Мамай» т.б. Жазба дереккөздері ретінде кейінгі Орта ғасырлар (негізінен араб-парсы, түркі-шағатай), Жаңа дәуір кезеңдеріндегі авторлардың еңбектері пайдаланылды. Этнографиялық деректер ретінде отандық музейлердегі қару-жарақ жәдігерлері, заттық материалдар ретінде Қазақстан және іргелес аумақтардағы археологиялық ескерткіштерден табылған қару-жарақтардың элементтері мен нұсқалары ұсынылды. Бейнелеу дереккөздері негізінен XIII–XVI ғғ. ирандық және ортаазиялық авторлардың кітаптарындағы миниатюралары, сондай-ақ XVIII–XIX ғғ. Батыс Қазақстан аумағындағы құлпытастарда қашалған қарулар бейнесі пайдаланылды. Зерттеудің әдіснамасы. Жұмыстың басты әдіснамалық негізі нысандардың жиынтығын жалпылама қараудан тұратын жүйелі тәсілге негізделеді. Материалдарды талдау және интерпретациялау кезеңдерінде классификациялық, типологиялық, салыстырмалы-сәйкестемелік әдістер, мерзімделген аналогиялар әдісі, алынған нәтижелердің сипатын қалыпқа келтіру, тексеру және корреляция, фольклорлық дереккөздерді аудару және талдау қолданылды. Қару-жарақтарды салыстырмалы талдау процесінде заттық, бейнелеу, жазба және фольклорлық мәліметтерді салыстыруға негізделген кешенді тәсіл пайдаланылды. Диссертациялық жұмыстың мерзімдік шегі. Зерттеудің төменгі уақыт шегі Жошы Ұлысының жекелеген хандықтарға ыдырауына, Қазақ хандығының саяси аренаға шығуы, сондай-ақ қазақ батырлар жырларындағы ноғайлы циклінің қалыптасуына байланысты. Зерттеудің жоғарғы уақыт шегі Қазақстанның Ресей империясының құрамына кіруінің аяқталуына, дербес әскери-тарихи феномен ретінде дәстүрлі қазақ әскери өнерінің өмір сүруінің тоқтауына, сондай-ақ қазақ батырлар жырының қалыптасуының аяқталуына байланысты. Диссертациялық жұмыстың территориялық аумағы. Диссертацияда заманауи Қазақстан Республикасының әкімшілік-территориялық аумағы, Орталық Азия, Алтай, Батыс Сібір, Орта Азия, Оңтүстік Орал тауы өңірі, Еділ-Жайық бойы, Қырым далалы өңірлері қамтылады. Зерттеу гипотезасы. Бұл диссертацияда қазақ батырлар жырларындағы айтылатын көшпенді жауынгерлер қару-жарақтарының көптеген түрлері мен типтері Орта ғасыр мен Жаңа дәуір кезеңіндегі Қазақстан мен оған іргелес аумақтардың халықтары қолданған қаруларының, атап айтқанда қорғаныс жарақтарының, қашық және жақын ұрыс қаруларының түпнұсқа үлгілеріне сәйкес келеді деген гипотеза жасалады. Сонымен қатар, қазақ батырлар жырлары материалдары аталған тарихи кезеңдердегі қазақтардың, ноғайлардың, қырым татарларының, ойраттардың әскери-мәдени мұрасын зерттеу үшін дереккөздерді кешенді талдау шеңберінде пайдаланыла алады. Дисертацияның ғылыми жаңалығы, Қазақстан тарихнамасында алғаш рет Қазақстан және іргелес аумақ халықтарының дәстүрлі қару-жарақ кешенін зерттеуге «Райымбек батыр», Өтеген батыр», «Олжабай батыр», «Барақ батыр», «Бердіқожа батыр», «Шақшақ ұлы ер Жәнібек», «Мырқы батыр», «Жанқожа батыр» ж.б. батырлар және тарихи жырлардың материалдары пайдаланылды. Себебі, бұрын бұл дастандар әскери-тарихи және қару-жарақ зерттеу объектісіне айналмаған. Сонымен қатар, фольклорлық, жазба, заттық, этнографиялық, бейнелеу дереккөздерін кешенді талдау аясында бұрын ғылыми айналымға енбеген музей жинақтарының материалдары тартылды. Сонымен қатар, ұсынылып отырған жұмыстың шеңберінде қазақ батырлар жырлары материалдарын басты негізге алып, оларда кездесетін қорғаныс және шабуыл қару-жарақтарының түпнұсқа атауларын атрибуцияланғанында және жырлардағы қару-жарақ сипаттамаларына Орта ғасырлар және Жаңа дәуірдегі Ұлы даланың түркі көшпенділері қолданған сауыттардың, қашық және жақын ұрыс қаруларының түпнұсқа үлгілерімен салыстырмалы талдау жүргізілген алғашқы диссертациялық (PhD) жұмыс болып табылғанында. Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар: – қазақ батырлар жырлары кейінгі Орта ғасырлар мен Жаңа дәуірдегі Ұлы дала көшпенділерінің қару-жарақтары бойынша басқа деректерде кездеспейтін мәліметтер бар құнды дерек болып табылады; – қазақ батырлар жырларындағы қару-жарақ түрлері, жалпы алғанда XIII–XIX ғасырлардағы Ұлы даланың әскери, саяси элита мүшелерінің, әскери қолбасшылардың қару-жарақ кешеніне сәйкес келеді; – қазақ батырлар жырлары материалдары, аталған аумақ көшпенділерінің қару-жарағын жауынгерлік қолданудағы, тасымалдаудағы кейбір ерекшеліктерін нақтылауға мүмкіндік береді; – қазақ батырлар жырлары материалдары, кейінгі Орта ғасырлар мен Жаңа дәуірдегі Қазақстан және іргелес аумақтар көшпенділері қару-жарағының олардың әскери-тарихи жүйесінде бірден-бір орын алған материалдық мәдениет элементі болғанын нақтылайды. Диссертациялық жұмыстың тәжірибелік маңызы. Диссертацияның материалдары мен нәтижелерін Қазақстанның әскери тарихы мен Еуразияның далалық өңірінің тарихы жайлы ғылыми еңбектер жазуда, сондай-ақ оқу-әдістемелік кешендер мен дәріс курстарын әзірлеуде пайдалануға болады. Зерттеу материалдарын «тарих», «этнология» білім беру бағдарламалары бойынша білім алушы студенттерге арналған базалық және «Еуразия түркі-монғол көшпенділерінің дәстүрлі қару-жарағы», жалпы «қарутану» таңдау курстарының мазмұнына енгізуге болады. Диссертацияның нәтижелерін жариялау және апробациялау. Зерттеудің басты нәтижелері 15 ғылыми мақала түрінде жарық көрді. Оның ішінде 9 мақала Scopus, WoS ақпараттық базасына енетін журналдарда, 2 мақала Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғарғы білім министрлігінің Білім және ғылым саласын бақылау комитеті ұсынған басылымдарда, 1 мақала шетелдік ғылыми басылымда және 3 мақала халықаралық конференциялар жинағында жарық көрді. Жұмыстың құрылымы. Докторлық диссертацияның құрылымы зерттеуде алға қойылған міндеттерге байланысты. Жұмыс кіріспеден, үш бөлімнен тұрады: бірінші бөлім екі тараушадан, екінші бөлім үш тараушадан, үшінші бөлім үш тараушадан және қорытындыға, қысқартулар тізіміне, пайдаланылған әдебиеттер тізіміне және қосымшаға бөлінеді.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://youtu.be/oynD-AEBSnA?si=7hfywmiun_NPJsBo
