
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Нарымбет Гүлнұр Бекмұратқызы «8D02203 – Тарих» білім беру бағдарламасы бойынша Қазақ батырлар жыры – Жошы ұлысы тарихының дерек көзі тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Қазақстан тарихы кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Аяған Бүркітбай Ғелманұлы – тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҒЖБМ Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Ускембаев Канат Садвакасович – тарих ғылымдарының кандидаты, «Astana International University» университетінің доценті (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Сабитов Жақсылық Мұратұлы – философия докторы (PhD), ҚР ҒЖБМ ҒК Жошы Ұлысын зерделеу ғылыми институтының директоры. (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Кидирниязов Даниял Сайдахмедович – т.ғ.д., профессор. Ресей Ғылым академиясы Дағыстан Федералдық ғылыми-зерттеу орталығының Тарих, археология және этнография институтының жетекші ғылыми қызметкері. (Махачкала қ. Дагестан Республикасы);
Өтепова Гульфира Елубаевна – тарих ғылымдарының докторы, Гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің профессоры, «Ә. Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті» КеАҚ (Павлодар қ., Қазақстан Республикасы).
Ғылыми кеңесшілері:
Сыдықов Ерлан Бәтташұлы – тарих ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Ахмет Ташағыл – философия докторы (PhD), Йедитепе университетінің профессоры (Стамбул қ., Түркия Республикасы).
Қорғау 2025 жылғы 16 мамыр, сағат 10:00-де Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D02203 – Тарих» білім беру бағдарламасы бойынша «8D022 – Гуманитарлық ғылымдар» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі аралас форматта (оффлайн және онлайн) өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: https://clck.ru/3JT26c
Мекен-жайы: Астана қ., А.Пушкин көшесі, 11, 324-аудитория
Аңдатпа (қаз.):«Қазақ батырлар жыры – Жошы ұлысы тарихының дерек көзі» диссертациялық жұмысының АҢДАТПАСЫ Зерттеу жұмысының жалпы сипаттамасы. Диссертацияда қазақтың батырлық эпостарындағы ХІІІ-ХV ғасырларда Дешті Қыпшақ даласында бой көтерген Жошы ұлысына қатысты деректер сарапталып, жан-жақты зерттеледі. Зерттеу жұмысының өзектілігі мен маңыздылығы. Тарихтың әрбір кезеңінің өз дәуірінің көзқарасы мен идеологиясын көрсететін өзіндік даму бағыттары, өзіндік ерекшеліктері, сонымен қатар ілеспелі фольклоры болады. Сондықтан, мемлекеттің қалыптасу кезеңдерін зерделеу әр түрлі ғылымдарды қамтитын пәнаралық зерттеу мен әртүрлі дереккөздерді қамтитын кешенді көзқарастарды қарастыру қажет.Осы орайда кез келген халықтың тарихын зерттеуде фольклор деректерінің алатын орны ерекше. Фольклорды адам мен адамзаттың «материалдық емес рухани мұрасы» ретінде қабылдау фольклордың тарихилығы мәселелерін алға қояды. Оған басты себеп адам мен тарихтың тығыз байланысы. Тарихи жадын хатқа түсіру дәстүрі соңғы бірнеше ғасырларда ғана басталған халықтардың тарихын зерттеу үшін фольклорлық материалдың ерекше маңызы бар. Бұл халықтар үшін соңғы уақытқа дейін фольклор ұрпақтар арасындағы мәдени-тарихи ақпаратты жеткізудің маңызды тәсілдерінің бірі және сонымен бірге этникалық қауымдастықтың барлық өкілдерінің арасындағы қуатты байланыстырушы материал болды. Қазақ халқының да сан мыңдаған жылғы төл тарихы көне түркі жазбалары мен тарихи жазба мәдениеті дамыған көрші халықтардан өзге, халық жадында сақталып, ұрпақтан ұрпаққа жеткен ауыз әдебиеті, фольклор арқылы сақталып қалды. Қазақ жырларының тарихилық сипатына жан-жақты зерттеулер жүргізген халқымыздың көрнекті ғалымдары Ч.Ч. Валиханов, А.Х. Марғұлан, Р. Бердибаев. Өзіне дейінгі осы қазақ ғалымдары мен шет елдік зерттеушілерінің тұжырымдарын сипаттаған Т. Қоңыратбай өзінің «К методологии изучения этнического характера героического эпоса (историографические аспекты)» атты мақаласында қазақ эпостарының тарихилығы туралы жан-жақты сипаттап жазды. Осы бағыттағы зерттеулерді М. Тынышбаев, С.Ж. Асфендияров, Х. Досмұхамедұлы өз еңбектерінде жан-жақты ашып көрсеткен. Фольклордың тарихи - деректік құндылығын М. Алпысбес, А.К. Кушкумбаев., А.Ш. Нурманова, З. Қинаятұлы, В.П. Юдин, С. Гыйлэзетдинов, Утемиш – хаджи, К.З. Ускенбай, Ж.М. Сабитов, А.К. Кушкумбаев, Рашид ад-Дин, Т.И. Султанов зертеулерінде терең талдаулар жасаған. Деректік тұрғыда Қазақтардың этногенезінің қалыптасу кезеңдері мен олардың этномәдени ерекшеліктерін нақтылау Жошы Ұлысындағы және оған іргелес аумақтарда болған этногенетикалық және этномәдени процестерді толығырақ көрсетуге мүмкіндік береді. Қазақ мемлекеттілігінің қалыптасу кезеңі сақ-ғұн замандарынан бастау алғанымен, халықтың қазіргі этникалық қалыптасу процесі дәл осы Жошы Ұлысының аясында, осы дәуірде белсенді жүрді. Қазақтармен қатар басқа түркі халықтарының этникалық тарихы да осы кезеңде қалыптасты. Түркі халықтарының батырлық жырларында ортақ идеялық және мазмұндық ұқсастығы да осының дәлелі. Ғылыми зерттеулердегі пәнаралық байланыстың әлсіздігі, қазақ эпосын зерттеушілердің алдына эпостың тарихилығына қатысты көптеген мәселелерді кешенді түрде, дербес шешу қажеттілігін қояды. Фольклорлық мұралардағы тарихи шындық туралы М. Алпысбес: «Тарихи ақпаратты жалғастыру мақсатында ауызекі жанр үлгілерінің мол мүмкіндіктерінің барлығы іске қосылып,тарихи оқиға, генеалогиялық дерек туралы мәлімет хадис, тарихи әңгімелер, жыр (тарихи, батырлық), дастан, өлеңмен таратылған шежіре үлгісінде болса да айтылып қалуы керек болған. Сөйтіп тарихта орын алған жаңа оқиға туралы ауызша дерек айтылумен осылайша жалғаса береді», – деп жазғанындай, халық ауыз әдебиетінде қазақтың біраз тарихы жатқандығы ақиқат Орданы – Алтын Орда ханының резиденциясын сипаттайтын жыр эпизодтары үлкен қызығушылық тудырады. Ш.Ш. Уәлиханов өз заманында «барлық деректерде Алтын Орда (Ұлуғ ұлыс) деп аталып, түркі тарихшылары мен халық аңыздарында ол тұтас елдің немесе халықтың (бөлігі) дегенді білдіреді және ешқашан орда деп аталмайды. Қырғыздар (қазақтар) былай айтады: Ұлұғ ұлыс Ноғайлының Ауыр йурты. Мұндағы Ұлуғ ұлыс ауыр киіз үй мағынасын береді. Біздіңше, орда сөзі бұрын Алтын Ордада қазіргі қырғыздар (қазақтар) мен қалмақтар қолданылатын терминмен бірдей мағынада болған және кең мағынада ханның астанасының орнын, тар мағынада оның ставкасын білдіреді. Алтын Орда – хан отырған алтын шатыр мен киіз үй; кейін ол хандар тұрған қалалық штабтың атына айналды. Ендеше, ақ орда, көк орда, сары орда сөздерін ұлыс немесе киіз үй атауы ретінде емес, бас штаб, хандар резиденциясының атауы ретінде қабылдау керек». Басты батырлардың бәрінің – Едігенің, Тоқтамыстың, Қадырбердінің және басқалардың өлімі – Жошы ұлысының күйреуінің өзіндік бір алғышарты болды. Сайып келгенде, ұсынылып отырған диссертациялық зерттеудің өзектілігі қазақ эпостарын тарихи дереккөз ретінде қабылдаудың маңыздылығымен және қазақ фольклоры мысалында фольклорлық тарихилықтың ерекшеліктері мен мүмкіншіліктерін зерттеу қажеттілігімен айқындалады. Бұл зерттеу жұмысы қазақ батырлық эпосын Жошы ұлысы тарихының дереккөзі ретінде қарастыратын алғашқы диссертациялық зерттеу болып табылады. Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Зерттеудің басты мақсаты Жошы ұлысы тарихы мен этномәдени ерекшелігін фольклорлық мұра – батырлық жырлардағы деректер арқылы зерттеудің мүмкіндіктері мен тиімділік дәрежесін анықтау. Зерттеу мақсатына қол жеткізу үшін пәнаралық негізде фольклорлық, тарихи, жазба және әдеби материалдарды тарта отырып, эпикалық ескерткіштердің ең толық және көркемдік жағынан кемел нұсқаларын салыстырмалы түрде талдап, осы жырлардың кейіпкерлері, Жошы ұлысындағы тарихи тұлғалардың бейнесін тарихи-ғылыми тұрғыдан ашу. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін зерттеу жұмысына төмендегідей міндеттер қойылды: зерттеу жұмысының алдына қойылған мәселелердің теориялық және әдіснамалық негіздерін, атап айтқанда, тарихи және фольклорлық материалдың арақатынасын анықтау; фольклорлық тарихтану мәселесі қарастыратын әртүрлі зерттеу бағыттарын Жошы ұлысының тарихына қатысты қарастыру; жошы ұлысының тарихына қатысты жарияланған және әлі жарияланбаған материалдар (прозалық фольклор) туралы мәліметтерді табу; этнотарихи зерттеулерге арналған ең репрезентативті мәтіндер кешенін анықтау; зерттеу жұмысында талданатын фольклорлық материалдарды жіктеп, тарихи мәтіндерін бөліп алып, оларды Жошы ұлысы тарихына қатысты зерттеулермен салыстыра қарастыру; батырлық жырлардағы Жошы ұлысының құрылуына, дамуына және ыдырауына ықпал еткен тұлғалардың (Шыңғыс хан, Едіге, Тоқтамыс, Мамай, Темір, т.б.) бейнесін мифологиялық сипаттаулардан бөліп, қарастыру; салыстырмалы (аймақтық) фольклортану әдістері негізінде алынған Жошы ұлысына қатысты фольклор деректері арқылы тарихшылар мен тіл мамандары қайта жаңғыртқан тарихи кезеңдерін салыстыру; жошы ұлысы тарихын фольклорлық материалды талдау негізінде қайта қарастыру, қазақтардың этникалық тарихы бойынша жаңа нәтижелерге қол жеткізу үшін этнографиялық және фольклорлық дереккөздердің өзара байланысының мүмкіндіктерін көрсету. Зерттеу жұмысының нысаны. Жошы ұлысының тарихына қатысты деректерді қамтитын халық ауыз әдебиеті, соның ішінде қазақтың батырлық эпостары. Зерттеу пәні. Халық ауыз әдебиетіндегі Жошы ұлысының тарихына қатысты дереккөздерді жинақтау арқылы ХІІІ-ХV ғасырлардағы Қазақ тарихын игеруге үлес қосу. Зерттеу жұмысының хронологиялық шеңбері. ХІІІ ғасырдың басынан бастап, ХV ғасырдың соңына дейінгі аралықты қамтиды. Осы аралықта Дешті Қыпшақ даласында Жошы ұлысы пайда болып, Орталық Азия, Еділ-Бұлғар және Кавказ халықтарының тарихында елеулі рөл атқарғаны белгілі. Қазақ халқының ұлт ретінде қалыптасуының алғышарттары осы аралықты қамтиды. Зерттеу объектісі – қазақтың батырлық жырларының тарихилығы. Зерттеу жұмысының теориялық және әдістемелік базасы. Зерттеу материалының өзімен анықталады. Жұмыста Жошы ұлысының тарихына қатысты батырлар жырларының тарихилығын зерттеудің үш негізгі әдісі қолданылады: диахрондық (тарихи-генетикалық), кешенді және салыстырмалы-тарихи. Диахрондық әдіс қазақ батырлар жырларының мәліметтерін тарихи кезеңдерді түсіну әрекетінде қолданылады. Нәтижесінде қазақтың негізгі батырлық эпостары кейіпкерлері мен тарихи тұлғалардың бейнелерінің арасында байланыс орнатылды. Кешенді әдіс қазақ эпостарының тарихилығын зерттеу үшін фольклор, этнография, археология, лингвистика, генетика және басқа да ғылымдардың ақпараттарын пайдалану мақсатында осындай ғылымдармен арадағы пәнаралық байланысты білдіреді. Сондай-ақ, бұл диссертациялық зерттеу Жошы Ұлысының тарихын қарастыруда фольклордың тарихилығы принципіне негізделді. Сондықтан, Жошы Ұлысының тарихын фольклорлық мұралар арқылы анықтауда салыстырмалы-тарихи әдіс дәйекті түрде қолданылды. Зерттеудің деректемелік негіздері. Диссертацияны жазу барысында Жошы ұлысының тарихына қатысы бар мәліметтер қамтылған Рашид ад-Дин Фазлуллах Хамаданидың «Жамиғ ат-тауарих» (Астана, 2018), Хандемир Ғийас әд-Дин ибн Һумам әд-Дин Хусейнидің «Тарих-е хәбиб әс-сийәр фи әхбәр әфрәд әл-бәшәр» (Теһран, 1398), Шамий Низамиддиннің «Зафарнама» (Тошкент, 1996) секілді парсы тілінде жазылған еңбектері негізгі деректер ретінде алынды. Жошы ұлысына қатысты жазба деректерді жинақтап берген В.Г. Тизенгаузеннің «Сборник материалов относящихся к истории Золотой Орды» (Москва-Ленинград, 1941) секілді шығыстанушылардың зерттеулері де қарастырылды. Сондай-ақ, қазақ тарихына қатысы бар Қадырғали би Қосымұлының «Жамиғат-тауарих» (Алматы, 1991), Шәкәрім Құдайбердіұлының «Түрік, қырғыз, қазақ һәм ханлар шежіресі» (Орынбор, 1911) атты шығармалары алынды. Қазақ батырларын жырын қарастыруда Орталық ғылыми кітапхана (ОҒК) мен М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қорларындағы қолжазбалар алынды. Атап айтқанда, Орталық ғылыми кітапхананың Қолжазбалар және сирек кітаптар бөлімінен Қобыланды батыр жырының (Айтушысы: Мұрын Сеңгірбаев; Жазып алған: Мариям Исаева. - 1942. – Б. 1-42: Араб әрпінде. Қ - 830, №6; Айтушысы: Мұрын жырау; Жинаушысы А. Хангелдин. – 1941. – Б. 28-30. Тақырыптың зepттeлy дeңгeйi. Зерттеу барысында автор тақырыпқа қатысты отандық және шет елдік әртүрлі мектеп өкілдерінің еңбектерін салыстыра отырып, пайдаланды. Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Батырлық жырлардың тарихилығына, әсіресе олардың біздің зерттеу тақырыбына өзек болып отырған Жошы Ұлысы тарихына қатыстылығы туралы туысқан түркі халықтарының ғалымдары біршама еңбектер арнады. Автордың бұрын тарихи дерек ретінде баса көңіл аударылмай келген «Қобыланды батыр», «Мамай», «Шора батыр», «Ер Тарғын», «Ер Қосай», «Қырымның қырық батыры», «Алпамыс» сияқты батырлық жырларын алғаш рет Жошы ұлысына қатысты тарихи дереккөз ретінде қарастыруында. Бұдан өзге, зерттеу нәтижесінде: 1. «Ақ Көбек», «Божбан батыр» сияқты батырлық жырлары алғаш рет қазақ халқының әдеби туындысы ретінде қарастырылып, тарихи дереккөз ретінде талданды. 2. Фольклорлық туындылардың, атап айтқанда, қазақ халқының батырлар жырларының тарихилығы дәлелденді.3. Қазақ батырлық жырлары тарихи-этнографиялық дереккөз ретінде пайдаланылып, Жошы ұлысының тарихы туралы қазіргі уақытта қолда бар этнографиялық және лингвистикалық зерттеулердің нәтижелерімен салыстыра отырып қорытындыланды.4. Фольклорлық материалдармен жұмыс істеудің жаңа әдісі әзірленіп, ғылыми айналымға «аймақтық фольклор» әдісі, яғни, батырлық жырларының бүкіл қазақ жерінде емес, ұлан-байтақ қазақ жерінің Жошы Ұлысының құрамында болған аймақтардағы тарихи оқиғаларға қатыстылығы анықталды. Бұл өз кезегінде этнотарихи сипаттағы қорытындылар жасап, қазақ халқының өзге түркі халықтары арасындағы мәдени байланыстар мен этникалық байланыстарды түсінуге мүмкіндік береді.5. Батырлық эпостардың тарихилығының мерзімге (хронологиялаға), географиялық аймақтарға, тарихи бейнелерге қатысты мәселелер анықталып, осы мәселелерге қатысты әдістемелік тәсілдерге талдау жасалды.6. Батырлар жырларындағы тарихи сюжеттер арқылы Жошы Ұлысының этникалық тарихының кезеңдері мен фольклорлық материал арасындағы байланыс мәселесі алғаш рет қарастырылды, қазақ халқының фольклорлық қоры мен олардың этномәдени байланыстары арасындағы өзара байланыс анықталды: тарихи байланыстар неғұрлым тығыз болса, батырлық жырлардағы ұқсас сюжеттер де соғұрлым көп болады. 7. Батырлар жырлары негізінде Жошы ұлысының пайда болуына, дамуына және құлдырауына тікелей ықпал еткен Едіге, Темір, Мамай, Тоқтамыс сияқты тарихи тұлғалардың бейнелері жасалды. Зерттеу жұмысы бойынша қорғауға ұсынылған негізгі тұжырымдар: 1. Қазақтың батырлық эпостарының тарихи-этнографиялық зерттеулер үшін сенімді дереккөз базасы бола алатынын, әйтсе де бұл фольклорлық жанрда тарихи аңыздардың әлсіз бейнеленуі, тарихи мерзімдеуде, идеологиялық қайшылықтар әсерінен «нақты тарихилық» бағыты аясында зерттеу жұмыстарын жүргізуді қиындататынын анықтайды. 2. Фольклорлық материалдарды тарихи дерек ретінде пайдалану кезінде кешенді тәсіл ғана олардың тарихи дереккөздер ретінде Жошы ұлысының тарихын егжей-тегжейлі сипаттауға мүмкіндік беретінін зерттейді. Батырлық жырларының кейбірінің (Алпамыс батыр) желісінен архаизм фактісі анықталды және мұндағы тарихи оқиғалардың сипатталу кезеңі б.з.д. ІІ ғасырлардан бастап заманымыздың XVII ғ. аралығын қамтиды. 3. Қазақ халқының батырлық жырлары арасынан Жошы ұлысының тарихына тікелей және жанама қатысы бар эпостар бөлініп, қарастырылды.4. Автор Шыңғыс хан, Едіге, Темір сияқты тарихи тұлғалардың бейнелерін жасауда батырлық жырларындағы осы тарихи тұлғалардың беделіне сай тарихи шынайылықтың алшақтығын анықтайды.5. Фольклорлық материалдар (батырлық эпостар) тек Жошы ұлысының тарихын ғана емес, мемлекеттің ыдырауынан кейінгі кезде пайда болған хандықтардың, оның ішінде Қазақ хандығының да тарихының белгілі бір бөлігін қамтиды. 6. Батырлық эпостардағы кейіпкерлердің шынайы тарихи бейнелері эпикалық мифологиялық-көркемдік бейнелерінен тарихи зерттеулер мен жазба әдебиеттердегі мәліметтермен салыстыра отырып, бөлініп қарастырылды. 7. Батырлық эпостардың мәтіндерін тарихи сенімді материал ретінде қарастырудың белгілі қиындықтарына қарамастан, фольклорды қосымша тарихи ақпарат тасымалдаушысы және тарихи дереккөз ретінде қарастырудың мүмкіндігі анықталды. Зерттеу жұмысының теориялық және қолданбалық маңызы:1) диссертация материалдарын жалпы білім беретін және жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері «Қазақ халқының фольклоры тарихи дереккөз ретінде» атты арнайы курсында оқу-әдістемелік құрал ретінде пайдалана алады;2) алынған мәліметтерді өлкетану, түркітану, тарих және қазақ тілі мен әдебиеті дәрістерінде пайдалануға болады; 3) тұжырымдар қазақ халқының фольклорын, әдебиетін, тарихын және этнографиясын одан әрі зерттеуде қолданыс табады;4) осы зерттеуде қамтылған тұжырымдар мен нәтижелерді түркі тілдес халықтардың фольклоры мен мәдениеті туралы зерттеу еңбектерін жазу кезінде пайдалануға болады.Зерттеу нәтижелерін апробациялау. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынатын ғылыми басылымдар тізбесіне енетін журналдарда 7 (жеті), Халықаралық ғылыми тәжірибелік конференциялар мен журналдарда – 16 (он алты) (оның ішінде – 3-і шетелдік конференция, 4-і шетелдік журнал, 9-ы – халықаралық конференция) ғылыми мақала жарық көрді. Диссертациялық жұмыстың құрылымы: Зерттеу жұмысы зерттеудің мақсаты мен міндеттерімен анықталады. Диссертация кіріспеден, үш бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен, қосымшалардан тұрады.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://youtu.be/C2-4jMPsb7g
