
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Нурушева Гульмира Келдыбаевна «6D020300 – Тарих» мамандығы бойынша 1920-1930 жылдары Солтүстік-Батыс Қазақстанның, Орал-Поволжск өңірінің және Батыс Сібірдің әкімшілік және әлеуметтік мекемелерінің қазақ мамандарының қалыптасуы мен қызметі тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар факультетінің «Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - орыс тілінде
Ресми рецензенттер:
Тұрсұн Хазретәлі Маханұлы – тарих ғылымдарының докторы, Тарих кафедрасының профессоры, «Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті» (Түркістан қ., Қазақстан Республикасы);
Шотбакова Ляззат Касымовна – тарих ғылымдарының кандидаты, Археология, этнология және Отан тарихы кафедрасының қауымдастырылған профессоры, КеАҚ «Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті» (Қарағанды қ., Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Алпыспаева Галья Айтпаевна – тарих ғылымдарының докторы, Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры, КеАҚ «С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті» (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Ишанходжаева Замира Райимовна – тарих ғылымдарының докторы, Өзбекстан тарихы кафедрасының профессоры, Мирзо Улугбек атындағы Өзбекстан ұлттық университеті (Ташкент қ., Өзбекстан Республикасы);
Мукатаева Лепуда Каримқызы – тарих ғылымдарының кандидаты, Жоғары гуманитарлық мектебінің Emeritus Professor, Maqsut Narikbayev University (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Ғылыми кеңесшілері:
Айтмухамбетов Айдар Абаевич – тарих ғылымдарының докторы, Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының профессоры, КеАҚ «Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті» (Қостанай қ., Қазақстан Республикасы);
Сорокин Юрий Алексеевич – тарих ғылымдарының докторы, Революцияға дейінгі отандық тарих кафедрасының профессоры, Ф. М. Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университеті (Омбы қ., Ресей Федерациясы).
Қорғау 2025 жылғы 23 мамыр, сағат 10:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D022-Гуманитарлық ғылымдар», 6D020300 – «Тарих» БББ кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі офлайн, онлайн форматта өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: https://clck.ru/3LS8m4
Мекен-жайы: г. Астана, ул. А. Пушкина, 11, 324 аудитория
Аңдатпа (қаз.):6D020300-«Тарих» мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін дайындалған Нурушева Гүлмира Келдібайқызының «1920-1930 жылдары Солтүстік-Батыс Қазақстанның, Орал-Поволжск өңірінің және Батыс Сібірдің әкімшілік және әлеуметтік мекемелерінің қазақ мамандарының қалыптасуы мен қызметі» атты диссертациялық жұмысының АННОТАЦИЯСЫ Зерттеудің өзектілігі. Қоғамның эволюциясы мен әлеуметтік-экономикалық прогресс жағдайында жаңа кәсіби топтар қалыптасады, олардың мамандануы мен саны қолайлы жағдайларда артады. Қазақ дәстүрлі қоғамында әкімшілік-басқару жүйесі, халықтық педагогика, медицина секторы жұмыс жасады. ХХ ғасырдың басында мұғалімдер семинарияларында, гимназияларда, университеттерде білім алған және басқа аймақтардан іссапарға жіберілген шенеуніктерге іскерлік сипаттамалары бойынша бәсекелес болған түрлі салаларда жұмыс істейтін қазақ қызметшілерінің корпусы қалыптасты. Билікке келген большевиктер партиясы басшыларының жаңа көзқарастарына сәйкес жаңа саяси, экономикалық, әлеуметтік және идеологиялық жағдайларда жұмыс істей алатын мамандардың үлкен тобын қалыптастыру қажеттілігі туындады. Пролетариат диктатурасын құру «жаңа форматтағы» мамандарды таңдаудың бірнеше маңызды принциптерін белгіледі - әлеуметтік шығу тегі, жаңа билікке деген адалдық, орындаушылық, жергілікті ерекшеліктерді білу және басқада факторлар. Осылайша, кеңес өкіметі бұл мақсатқа жету үшін бірнеше міндеттерді айқындады. Атап айтқанда, «жаңа форматтағы» мамандарды даярлайтын оқу орындарын ашу, жергілікті халық арасынан әкімшілік және әлеуметтік саладағы лауазымдарға үміткерлерді іріктеу арқылы жергіліктендіру саясатын жүзеге асыру, сондай-ақ жаңа идеологияның ықпалымен қалыптасқан көзқарасы бар жаңа типтегі кәсіби мамандарды даярлау. «Маман» терминінің маңыздылығын атап өту қажет, ол 1920-жылдары және одан кейінгі жылдары ресми кеңестік риторика мен құжаттамада кеңінен қолданылды. Қарулы күштерді қалыптастыру кезеңінде кеңес үкіметінің басшылары кәсіби мамандарға қатысты «маман» ұғымын пайдаланды. 1920-жылдары бұл термин партиялық және әкімшілік құрылымдардың есептерінде біліктілік даярлығы бар азаматтық тұлғаларға қатысты қолданылды. Мысалы, большевиктер партиясының Омбы губерниялық комитетінің «Татар-қырғыз халқы арасындағы жұмыс туралы есептер мен мәліметтер» құжатында қазақ және татар халықтарының арасында педагогикалық, техникалық және медициналық қызметкерлердің болуы туралы сөз болғанда «маман» ұғымының қысқартылған түрі – «спец» сөзі қолданылған. Жоғары оқу орындарына түсу үшін толтырылатын ресми сауалнамаларда «Мамандығыңыз (егер бірнеше болса, тізіп жазыңыз)» деген арнайы баған болған, онда үміткер өзі аяқтаған оқу орнының атауы мен оның мамандануын көрсетуі тиіс еді. Осылайша, «мамандану» терминінің болуы оқу орнын аяқтаған адамның біліктілігін айқындайтын көрсеткіш ретінде қарастырылды. 1920-жылдардың басында Қазақстанда барлық салаларда қазақ мамандарын даярлау мақсатында жергіліктендіру (коренизация) саясаты жүзеге асырылды. Ресми құжаттарда «маман» ұғымы жиі кездеседі және ол белгілі бір кезеңге тән хронологиялық шеңберде және түрлі оқу орындарында даярланған кәсіби кадрлардың санына байланысты қолданылды. 1928-1930 жылдардағы республикалық білім беру басшыларының есептерінде оқу орындарында кәсіби даярлықтан өткен тұлғалар «мамандар» деп аталды. Сонымен қатар, «жоғары біліктілік», «орта біліктілік», «жергіліктендіру», «жалпы білім беру біліктілігі», «жедел даярлау», «жинақтау» және «жеке мамандықтар» сияқты терминдер де қатар қолданылды. 1920-жылдардағы БКП(б) өлкелік комитетінің кадрларды даярлау мәселесіне қатысты құжаттарында ресми стильде «маман» термині дәстүрлі түрде қолданылғаны байқалады. XX ғасырдың 20-30 жылдарындағы тарихи кезеңнің қалыптасқан жағдайында, объективті себептерге байланысты, кеңес билігі үшін өздерінің кәсіби қасиеттері мен біліктілігі жағынан сұранысқа ие болған революцияға дейінгі қазақ мамандарының рөлі сақталды. Сонымен қатар, барлық салаларда сұранысқа ие мамандардың санының тұрақты түрде арту процесі қатар жүрді. Бұл ретте қазақ интеллигенциясы мен басқа да білімді топтардың қоғамдық-саяси өмірге белсенді қатысуы ерекше мәнге ие болды, бұл революцияға дейінгі дәуір өкілдерінің кәсіби қызметіне, мансаптық өсуіне және әлеуметтік мәртебесіне белгілі бір ықпалын тигізді. Кеңестік кезеңде бүкілхалықтық социалистік мемлекеттің құрылуымен бірге жергілікті басқару құрылымдарына қазақ халқының әртүрлі әлеуметтік топтарының өкілдері тартылды. Нәтижесінде, саяси мәдениеті, мінез-құлық психологиясы мен менталитеті айқын көрінетін қазақ ұлттық кадрларының қалыптасу процесі жүрді. Қазақ интеллигенциясының қалыптасуы мен қызмет ету тарихи тәжірибесіне жүгіну қазіргі кезең тұрғысынан да маңызды міндет болып табылады. Олардың тағдырының мысалында біз қазақ қоғамының әлеуметтік құрылымындағы осы топтың даму жолын байқай аламыз. Осылайша, жоғарыда айтылғандардың барлығы зерттеу тақырыбының өзектілігін растайды. Диссертациялық жұмыстың мақсаты – 1920–1930 жылдары Солтүстік-Батыс Қазақстан, Орал-Поволжск өңірінің және Батыс Сібір аймағындағы әкімшілік және әлеуметтік мекемелерде қызмет еткен қазақ мамандарының қалыптасу үдерісі мен қызметін зерттеу. Белгіленген мақсатқа жету үшін келесі міндеттер анықталды: 1) зерттеліп отырған мәселе бойынша ғылыми әдебиеттерге тарихнамалық талдау жасау; 2) қазақ мамандарының қызметі тарихына қатысты деректерді анықтау, жүйелеу және оларға талдау жасау; 3) қазақ мамандарының қызметін зерттеуге арналған өзекті әдіснамалық тәсілдер мен тұжырымдамаларды сараптау; 4) қазақ студенттерін жоғары оқу орнына дейінгі даярлаудың ерекшеліктерін қарастыру және негіздеу; 5) қазақ студенттерінің әлеуметтік құрылымы мен материалдық жағдайын зерттеу; 6) студенттердің жоғары оқу орындарында білім алу үдерісін көрсету; 7) қазақ мұғалімдерінің қалыптасу ерекшеліктерін, олардың кәсіби және қоғамдық қызметін айқындау; 8) медицина саласындағы қазақ мамандарының даярлығы мен қызметін сипаттау; 9) зерттеліп отырған кезеңдегі идеологиялық үстемдік пен қатаң тәртіп жағдайында әкімшілік-басқару жүйесі қызметкерлерінің қалыптасу, қызмет атқару және әлеуметтік жұмыстарының ерекшеліктерін талдау. Зерттеудің объектісі – 1920–1930 жылдары Солтүстік-Батыс Қазақстан, Орал-Поволжск өңірі және Батыс Сібір аймағындағы әкімшілік және әлеуметтік мекемелерде қазақ мамандарының қалыптасу үдерісі мен қызметі. Зерттеудің пәні – 1920–1930 жылдары Қазақстанның және шекаралас өңірлердің түрлі оқу орындарында білім алған қазақ мамандарының жаңа әкімшілік-басқару жүйесі мен әлеуметтік саладағы қызметі. Диссертацияның ғылыми жаңалығы ұсынылған тақырыпты кең тарихнамалық және деректемелік негізінде кешенді зерттеумен сипатталады. Негізгі талдау нәтижесінде ғылым үшін қажетті материалдар анықталып, логикалық қорытындылар мен тұжырымдар жасалды. Зерттеліп отырған кезеңде барлық салада білікті мамандарға сұраныс сақталды. Кадрларды үздіксіз даярлау жүйесін қалыптастыру мақсатына баса назар аударылды. Осыған байланысты халықтың сауатсыздығын жою бойынша ауқымды міндет қойылды, ол әртүрлі мектеп түрлерін, сауатсыздықты жою пункттерін, Қызыл үйлерді жедел құру арқылы халықтың барынша қамтылуын көздеді. Бұл үдерістің сындарлы жағы мамандардың жетіспеуімен, оқу-әдістемелік кешеннің тапшылығымен, талаптарға сай жабдықталған ғимараттардың жеткіліксіздігімен сипатталды, бұл жобаны жүзеге асыруда елеулі қиындықтар туғызды. 1920-жылдары және одан кейінгі кезеңде әлеуметтік-экономикалық секторды дамыту мақсатында жедел кадр даярлау бағдарламасы өзекті бола түсті. 1920-жылдардың бірінші жартысында кадрларды жергілікті ұлт өкілдері арасынан даярлау жергіліктендіру (коренизация) саясаты басталды. Бұл саясат барлық салада сұранысқа ие ұлттық мамандарды даярлауды көздеді. Билік жүргізген идеология аясында бұл кәсіби топтарды белгілі бір әлеуметтік санаттардан қалыптастыру және олардың режимге адалдығы басты міндет ретінде қарастырылды. Соғыстан кейінгі күйзеліс жағдайында, әсіресе ауыл шаруашылығы секторындағы халықтың едәуір бөлігі әлеуметтік қызметтерге, ең алдымен білім алуға қол жеткізе алмады. Барлық салада кәсіби білімі бар, жаңа билікті қабылдауға идеологиялық негізделген мамандар даярлау маңызды міндет ретінде қойылды. Кадрларды даярлау бағдарламасының құрамдас бөлігі ретінде білікті мамандарды даярлауға бағытталған білім беру моделінің болуы анық көрінді. Жергіліктендіру (коренизация) бағдарламасы білім беру жүйесін дамытуға негізделді және қалыптасып келе жатқан білім беру инфрақұрылымын ескере отырып, мамандарды даярлауға бағытталды. Осылайша, халықтық білім беру жүйесін қалыптастыру және бірыңғайлау үдерісімен қатар мамандарды даярлау моделі жетілдірілді. Зерттеліп отырған кезеңде кәсіби мамандардың жетіспеушілігі жағдайында көптеген мектептер салу бойынша ауқымды бағдарлама жүзеге асырылды. Бұл мектептерде педагогтардың тапшылығы, қажетті инфрақұрылымның болмауы және оқу-әдістемелік базаның әлсіздігі байқалды. Архивтік деректерде аз санды, бірақ мамандану ерекшеліктері бойынша әртүрлі оқу орындарының болғаны көрінеді. Олар бірінші сатыдағы, екінші сатыдағы мектептер, бастауыш мектептер, жетіжылдық мектептер, ауылдық мектептер және коммуна мектептері ретінде ұсынылды. Ресми органдар жүргізген талдауға сәйкес, мұндай мектептердің көпшілігінде оқушыларға берілетін білім деңгейі шектеулі болды. Осы жағдайды еңсеру мақсатында білім беру жүйесіне мамандандырылған бағыттар енгізілді: 10 айлық курстар, кәсіптік мектептер, ФЗУ (фабрикалық-зауыттық училищелер), мектептері, ШЖМ (Шаруа жастарына арналған мпектептер), кәсіптік-техникалық курстар, жергілікті қолөнер өндірісіне арналған оқу-көрсетілім мектептері, ауыл шаруашылық мектептері және жалпы білім беретін курстар. Бұл мекемелердің түлектері қысқа мерзім ішінде негізгі мектеп пәндерінің бағдарламалық курсын меңгеруге тиіс болды. Осы кезеңде институттар мен университеттер жанынан жұмыс факультеттері (рабфактар) құрылды. Рабфактар, негізінен, мектеп түлектерін жоғары оқу орындарына түсуге дайындауға арналды. Жаңа жүйе енгізген кадрларды әлеуметтік критерийлерге және идеологиялық адалдыққа сәйкестігіне қарай дайындау әдісі өзектілігін сақтап қалды. Осылайша, 10 айлық курстар, техникумдар, рабфактар сияқты мекемелердің болуы мектеп түлектерінің білім олқылығын толтыру қажеттілігімен байланысты болды. Қазақ жастары арасынан бірнеше жоғары оқу орындарында білім алған студенттерге қатысты көптеген әртүрлі мәліметтер зерттелді. Құнды құжаттарды мұқият өңдеу және салыстыру негізінде студенттердің сандық сипаттамасы, аймақтық құрамы, жыныстық-жас ерекшеліктері анықталды. Жүргізілген зерттеу нәтижесінде жоғары оқу орнына дейінгі білім беру мен кадрларды даярлау ерекшеліктері айқындалды. Қазақ абитуриенттері жастайынан жан-жақты білім алу жүйесіне бағытталған, бұл олардың әрі қарайғы әлеуметтенуіне негіз болды. Олардың жақын туыстары мен аға буын өкілдері мектепте білім алуға ынталандырушы рөл атқарды. Архив деректерін жүйелі түрде зерттеу және бірнеше жүздеген «Жеке істерді» қарастыру қазақ студенттерінің әлеуметтік құрылымын толыққанды зерттеуге мүмкіндік берді. Зерттеліп отырған хронологиялық кезеңнің студенттерінің көпшілігі шаруа және пролетариат қатарынан шыққан. Соғыстан кейінгі күйзеліс, кейінгі индустрияландыру және ұжымдастыру процестері ұзаққа созылған дағдарыстармен қатар жүрді, бұл студенттердің материалдық жағдайының күрделенуіне себеп болды. Бұл факторлар олардың оқу нәтижелері мен білім алу мерзіміне елеулі әсерін тигізді. Қазақ студенттерінің білім сапасының ерекшеліктері анықталып, құжат жүзінде расталды. Қаржылық тұрақсыздық пен тұрмыстық қиындықтарға қарамастан, студенттер табандылық танытып, сапалы білім алуға деген қызығушылығын сақтап қалды. Студенттердің өмірбаяндарын зерттеу олардың басым көпшілігінің оқу барысында табысқа жеткенін дәлелдейді. Көптеген студенттер білімін жалғастыруға ұмтылып, аспирантураға түсті. Кейбіреулері, мысалы, медицина немесе педагогика саласындағы студенттер, жоғары оқу орны қабырғасында жүріп-ақ өз білімдерін тәжірибе жүзінде қолданды. Әлеуметтік сала мамандары – педагогтар мен дәрігерлердің даярлық деңгейі, кәсіби қызметі және қоғамдық белсенділігіне ықпал еткен негізгі факторлар анықталып, дәлелденді. Дипломды мамандар мектептік білім беру жүйесі мен медициналық секторда үлкен сұранысқа ие болды. Бұл салалар дәстүрлі түрде қоғамда маңызды рөл атқарды және олардың даму деңгейі әлеуметтік прогрестің көрсеткіші болып есептелді. Кәсіби міндеттерден бөлек, зерттелген мамандық иелері халықпен тұрақты байланыста болуына байланысты қоғамдық жұмыстарға да белсенді араласуға міндетті болды. Қазақ мамандарын әкімшілік-басқарушылық құрылымдарда даярлау және олардың қызмет ету үрдістері ғылыми тұрғыдан негізделіп, зерттелді. Тиісті ведомстволар мен басқару бағыттары жаңа саяси жүйенің қалыптасу кезеңінде құрылды. Қызметкерлердің кадрлық ерекшеліктері олардың әлеуметтік, білімдік және кәсіби критерийлерге сәйкес келуіне негізделді. Зерттеудің теориялық-әдістемелік маңыздылығы қазіргі заманғы тұжырымдамалық теориялар мен әдістер негізінде 1920–1930 жылдары Солтүстік-Батыс Қазақстан, Орал-Поволжск өңірінің және Батыс Сібірдегі әкімшілік және әлеуметтік мекемелерде қазақ мамандарының қалыптасуы мен қызметін жан-жақты және объективті талдаумен айқындалады. Диссертацияның практикалық маңыздылығы оны студенттердің, магистранттардың, докторанттардың және Қазақстан тарихын зерттеушілердің ғылыми-зерттеу жұмысында қолдану мүмкіндігімен айқындалады. Ғылыми айналымға енгізілген мұрағаттық материалдар, диссертация бойынша тұжырымдар мен ұсыныстар Қазақстанның саяси және әлеуметтік-мәдени тарихы бойынша ғылыми еңбектер жазуға негіз бола алады. Диссертация материалдары «Тарих» білім беру бағдарламасы бойынша бакалавриат пен магистратурада оқытылатын пәндерді зерттеу барысында, сондай-ақ студенттерге арналған оқулықтар, оқу құралдары мен анықтамалық материалдарды дайындауда қолданылуы мүмкін. Бұдан бөлек, жұмыстың практикалық маңызы ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ интеллигенциясының қызметін зерттеуге арналған арнайы курсты әзірлеу барысында фактологиялық материалдарды пайдалану мүмкіндігінде жатыр. Диссертация нәтижелері Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде «Қазақстан тарихы», «Қазақстанның қазіргі заман тарихы» курстарын өткізу кезінде қолданылады. Диссертацияның методологиялық негізі. Зерттеліп отырған тақырыпты қарастыру барысында тарихилық, объективтілік және шынайылық қағидаттарына негізделген ғылыми әдістер жүйелі және дәйекті түрде қолданылды. Тарихилық қағидаты 1920–1930 жылдардағы қазақ мамандарының қалыптасуы мен кәсіби қызметінің үдерісін тереңірек түсінуге мүмкіндік берді. Объективтілік және шынайылық қағидаттары билік диктаты жағдайында кәсіби мамандар топтарының қалыптасу ерекшеліктерін анықтауға негіз болды. Осы методологиялық қағидаттарға сүйене отырып, үнемі қолданылған негізгі әдістер мыналар: тарихи-салыстырмалы әдіс – халық ағарту жүйесіндегі қазақ мамандарының қалыптасу және олардың кәсіби қызметін зерттеу үшін қолданылды. Индукция әдісі – үлкен көлемдегі статистикалық деректерді талдауда пайдаланылды. Дедукция әдісі – нақты міндеттердің мәнін ашуға бағытталды. Деректерді талдау әдісі – зерттеліп отырған кезеңнің бұқаралық ақпарат құралдарын, ғылыми әдебиеттерді және статистикалық мәліметтерді қарастыруда қолданылды. Диссертациялық зерттеу қарастырылып отырған кезең мен өңірлердегі қазақ мамандарының қалыптасуы мен кәсіби қызметі мәселесі бойынша қазақстандық және шетелдік ғалымдардың тарихи еңбектеріне негізделеді. Қорғауға мынадай ережелер ұсынылады: 1. Ұсынылған тақырыптың тарихнамасы шектеулі аумақтық шеңбердегі жекелеген тұлғалардың өмірін зерттеумен шектелді. Тарихшылардың назары белгілі бір тарихи тұлғалардың өмірбаяндық мәліметтерін және олардың кәсіби саладағы белгілі бір үрдістер жағдайына әсерін талдауға аударылды. Осы тұрғыдан алғанда, бұл тұлғалардың қызметінің тарихи аспектілері зерттеліп отырған оқиғалар аясында қарастырылды. Ғалымдар зерттеу нысаны ретінде қазақ мамандары қалыптасқан және қызмет атқарған көптеген оқу және әлеуметтік мекемелерді зерттемеген. Зерттелген мамандардың басым көпшілігіне қатысты өмірбаяндық материалдар ешқашан ғылыми талдаудан өтпеген. Жүйелі тәсіл мен логикалық сабақтастықта жүргізілген кешенді талдау анықталған материалдар негізінде әлеуметтік құрылымды, білім деңгейін, кәсіби ерекшеліктерін, мамандардың жас ерекшеліктерін айқындауға мүмкіндік береді. 2. Зерттеу барысында әртүрлі сипаттағы көптеген деректер пайдаланылды, олар нормативтік-құқықтық актілер мен іс жүргізу құжаттары, статистикалық деректер мен мерзімді баспасөз материалдарымен ұсынылған. Дереккөздерді ғылыми өңдеу мен талдау үдерісінде әртүрлі әдістерді қолдану верификацияланған тұжырымдарға қол жеткізуге ықпал етті. Осылайша, объективтілік пен шынайылық принцптеріне негізделген, фактілерді, оқиғаларды, эпизодтарды салыстыру және сын тұрғысынан талдау әдістерін ескере отырып, зерттелетін мәселені жан-жақты қарастыру мақсатында ауқымды жұмыс жүргізілді. Бұл зерттеу қазақ мамандарының қалыптасуы мен өмір сүруінің нақты үдерісін қайта құруға талпыныс жасауға мүмкіндік берді. 3. Зерттеу нысанының ауқымдылығы – оның аумақтық, әлеуметтік және кәсіби параметрлері тұрғысынан кеңдігі, сондай-ақ оның отандық зерттеулер мен әлемдік ғылым еңбектері контекстіндегі ғылыми маңыздылығы – мамандарды даярлау және олардың қызметі мәселелерін тарихи ғылымның жеке бағыттары ретінде қарастыру қажеттілігін негіздейді. Бұл бағыттың дамуы түрлі пәнаралық тәсілдер мен әдістерді қолдану аясында жүзеге асырылуы мүмкін. 4. Зерттеліп отырған әкімшілік-аумақтық межелеу кезеңінде қазақ халқы Қазақстан аумағында ғана емес, сонымен қатар Орал өңірі, Поволжье және Батыс Сібірдің жақын маңындағы аумақтарында да қоныстанды. 1920-1930 жылдары ашаршылық пен ұжымдастыру нәтижесінде қазақ халқы республикадан тыс жерлерге, соның ішінде РКФСР-дың шекаралас аумақтарына қоныс аударуды жалғастырды. Әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің нәтижесінде мамандарды даярлаудың кеңестік білім беру моделі қалыптасты. Бұл модельдің ерекшелігі – әртүрлі типтегі білім беру мекемелері мен мектептердің жаппай ашылуы, олардың жұмыс істеуі үшін қажетті инфрақұрылым мен педагогикалық кадрлардың жетіспеушілігі еді. Кеңес басшылығы бұл факторларды уақытша және халық ағарту жүйесін реформалаудың ұзақ мерзімді бағдарламасын іске асыру барысында еңсеруге болатын мәселелер деп таныды. Мемлекеттік және республикалық деңгейде білім беру жүйесінің құрылымы жасалды. Бұл құрылым бастауыш және орта мектептердің, кәсіптік-техникалық мектептердің, әртүрлі мамандықтағы техникумдардың, жоғары оқу орындары жанындағы жұмысшы факультеттерінің, кейіннен жоғары оқу орындарының болуын көздеді. Сонымен қатар, республикада жедел даярланған, идеологиялық тұрғыдан дайындалған білікті мамандарды дайындау мақсатында партиялық курстар жұмыс істеді. 5. Биліктің орталықтандырылуы және «ескі режимнің» зиялылары мен қызметкерлеріне деген сенімсіздіктің сақталуы жағдайында мамандар санатын қалыптастыруда әлеуметтік мәртебеге ерекше мән берілді. 1920-1930 жылдары әкімшілік-басқару жүйесінің барлық деңгейлерінде және әлеуметтік секторда жоғары оқу орындарына үміткерлердің әлеуметтік тегіне ерекше назар аударылды. Қазақ жоғары оқу орындарының студенттерінің басым көпшілігі шаруа және пролетариат әлеуметтік топтарының өкілдері болды. Оқу кезеңінде қазақ студенттері материалдық қиындықтарға тап болды. Оларды қаржылай қамтамасыз етудің негізгі көздері стипендиялар, туыстық және әріптестік өзара көмек, сондай-ақ өндірістегі еңбектері болды. Қаржылық және тұрмыстық қиындықтардың салдарынан студенттердің білім сапасы мен оқу мерзімі едәуір күрделенді. 6. Қазақ студенттерінің саны зерттелген жоғары оқу орындарында аз болды. Қазақ студенттері жоғары оқу орындарында мамандықтар бойынша оқу курсынан өте аз өтті. Диплом алған түлектер республикаға жіберіліп, өндірісте, әлеуметтік салада және әкімшілік-басқару секторында кәсіби қызмет атқарды. Кейбір диплом алған мамандар кафедралар оқытушысы бола отырып, аспирантурада оқуын жалғастырды. 7. Мектеп, орта арнаулы білім беру мекемелерінің түлектері педагогикалық құрамның негізін құрады. Халықтық білім беру жүйесін реформалау және мектептердің санының артуы кезеңінде білікті мұғалімдерге қажеттілік сақталып қалды. Мұғалімдер кәсіби қызметпен қатар ең білімді және идеологиялық тұрғыдан дайын мамандар ретінде қоғамдық жұмыстарды да атқарды. 8. Қазақ студенттері медициналық жоғары оқу орындарында білім алды. Диссертацияда Батыс-Сібір медициналық институты, Астрахан медициналық институты, Саратов университетінің медициналық факультетінде оқу процесі зерттелген. Диплом алған қазақ дәрігерлері денсаулық сақтау мекемелерінде жұмыс істеді. Дәрігерлердің саны аз болды. 1920 жылдардың басында республикада 8 қазақ дәрігері жұмыс істеді. 9. Қазақ мамандары әкімшілік және партиялық құрылымдарда кәсіби мансап құрады. Олардың қызметтік іс-әрекетінде партиялық немесе өндірістік қажеттілікке байланысты басқа аймақтарға ауысу тәжірибесі жүзеге асырылды. Олардың қызметтік табысының маңызды факторлары білім беру дайындығы, жоғары тәртіп деңгейі, орындаушылық қабілеті, билікке лоялдығы болды. Диссертацияның құрылымы мен көлемі. Диссертациялық жұмыс 147 бетте жазылған. Жұмыстың құрылымы объекті, пән және зерттеу міндеттерімен айқындалады. Диссертация кіріспеден, негізгі 3 тараудан, қорытындыдан, қолданылған деректер тізімінен және қосымшалардан тұрады. Қолданылған деректер тізімі 235 атаудан тұрады. Кіріспеде тақырыптың таңдалуы, оның өзектілігі, ғылыми жаңалығы негізделіп, зерттеу мақсаттары мен міндеттері анықталады, қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар, жұмыстың теориялық және практикалық маңызы, деректер мен зерттеу әдістері сипатталады. Диссертацияның бірінші тарауында «Қазақ мамандарының қалыптасуы мен қызметі үрдістерін тарихи зерттеу мәселелері» қарастырылады, онда зерттелетін сұрақтың жалпы мәселелері, тарихи ғылымның әдіснамасы мен деректануы тұрғысынан талданады. Екінші тарауда «1920-1930 жылдары қазақ студенттерін даярлау және қалыптастыру тарихы» кең ауқымда зерттелген, онда 20-30 жылдары кеңестік қазақ студенттігінің қалыптасу тарихы зерттеледі. Үшінші тарауда «Қазақ мамандары халықтық білім беру, денсаулық сақтау және әкімшілік-басқару жүйесінде» қазақ мамандарының әлеуметтік-экономикалық және саяси өзгерістер аясындағы қызметінің маңызды аспектілері қарастырылады. Аппробация. Диссертациялық зерттеудің негізгі ережелері мен нәтижелері 9 басылымда, оның ішінде 1 – Scopus базасына кіретін журналда, 4 – Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету Комитеті ұсынған басылымдарда, 4 – халықаралық ғылыми конференциялар жинақтарында баяндалды.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://youtu.be/WEtzUyBQokI
