
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Искаков Куаныш Алдабергенович «6D020800 – Археология және этнология» мамандығы бойынша Сақ қоғамындағы өлікті сақтау және жөнелту жолдары (тарихи сабақтастық контекстінде) тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Археология және этнология кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Мұрғабаев Сағынбай Серікбайұлы – философия докторы (PhD), Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Археология» ғылыми-зерттеу институтының жетекші ғылыми қызметкері, (Түркістан қ., Қазақстан Республикасы);
Қартаева Тәттігүл Ерсайынқызы – тарих ғылымдарының кандидаты, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Археология, этнология және музеология кафедрасының профессоры (Алматы қ., Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Самашев Зайнолла Самашұлы – тарих ғылымдарының докторы, «Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының бас ғылыми қызметкері (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Калменов Мурат Дабылович – Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің қауымдастырылған профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты (PhD) (Орал қ., Қазақстан Республикасы);
Стасевич Инга Владимировна – тарих ғылымдарының кандидаты, РҒА Ұлы Петр атындағы Антропология және этнография музейі (Кунсткамера) Орталық Азия бөлімінің аға ғылыми қызметкері (Санкт-Петербург қ., Ресей Федерациясы).
Ғылыми кеңесшілері:
Үмітқалиев Ұлан Үмітқалиұлы – тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, Еуразия ұлттық университеті, Археология және этнология кафедрасының меңгерушісі, «Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті» КеАҚ (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Китов Егор Петрович – тарих ғылымдарының кандидаты, РҒА Н. Н. Миклухо-Маклай ат. Этнология және антропология институты, Антропоэкология орталығының аға ғылыми қызметкері, (Мәскеу, Ресей Федерациясы).
Қорғау 2025 жылғы 19 маусым, сағат 14:30-да Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «6D020800 – Археология және этнология» мамандығы бойынша «8D022 – Гуманитарлық ғылымдар» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі аралас форматта (оффлайн және онлайн) өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: https://surl.li/osdikt
Мекен-жайы: Астана қ., А.Пушкин көшесі, 11, 324-аудитория
Аңдатпа (қаз.):Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Жартылай отырықшы қоғамға негізделген қола дәуірінен кейінгі орын алған көшпелі сақ қоғамында әлеуметтік жіктелістің үлкен деңгейге жетуі, көне тайпа бірлестіктерінің тайпа көсемдерінің және шонжарлардың пайда болуына әкелді. Тайпа көсемдеріне осы дүниедегі әлеуметтік дәрежесі мен қоғамда алатын орнына сай өлген соң жерленетін ірі патша обалары тұрғызыла бастады. Ірі патша обаларының тұрғызылуы үшін көне қоғамда өте үлкен күш қажет болды. Сол үшін арнайы үстем тап өкілдері жерленетін пантеондарда жылдың жерлеуге қолайлы мезгілдерінде жерлеу қажеттілігі туындады. Олай дейтін себебіміз күн жылы мезгілде ірі құрылысты салу үшін, жергілікті шикізатты (тас, топырақ, шым, ағаштарды және т.б) қолдану ыңғайлы болды. Билеушісін соңғы сапарына шығарып салуға жиналатын жұрттың алыс жолдан келуіне де, әрі үлкен күшті қажет ететін ірі құрылыстарды салу үшін құрылысқа қолданатын жылқының да әлді, күйлі болатын уақыты жаз айлары болды. Көшпелі қоғамда қыс айларының адам тіршілігінде қолайсыз, жаз мезгілі керісінше тұрмысқа қолайлы болып табылады. Сол себепті адам мүрдесін жаз айларындағы үлкен қонақасын беріп жерлеу рәсіміне жеткізу үшін де мәйітті сақтау жоралғылары орын алды деп тұжырым жасауға болады. Археологиялық қазба жұмыстарының нәтижелері ірі жерлеу құрылыстары көптеп шоғырланған пантеондық ескерткіштерде бірнеше дәуір жерлеу жалғасын тапқанын көруімізге болады. Яғни билеушілерін киелі мекенге, ата-бабаларының жанына апарып жерлеу дәстүрі жалғасқан. Бұл қазақ халқының дүниетанымында әулиенің басына апарып жерлеу түрінде көрініс табады. Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне апарып жерлеу XIX ғасырға дейін жалғасады. Тіпті жерлеуге тиым салған кездері түнделетіп апарып жерлеген жағдайлар да орын алған. Еліміздің солтүстік, орталық өңірлерінен мәйітті әулие кесенесіне жеткізу ауа райының қолайсыздығына байланысты, тек күн жылы уақытта жүзеге асырылған. Жылдың тасымалдауға қолайсыз мезгілінде қайтыс болған тұлғаларды аманатқа яғни уақытша жерлейтін болған. Соңғы зерттеулер нәтижесінде археология ғылымында әсіресе ерте темір дәуірі ескерткіштерін зерттеуде әлеуметтік дәрежесі жоғары көне қоғам өкілдерін жерлеу ескерткіштерінен қаңқа сүйектерінде және бас сүйекте трепанациялық тесік іздері бар табылымдар жиі кездесуде. Зерттеудің негізгі өзегі осы көне сақ қоғамы мен қазақ халқының дүниетанымындағы түсініктерді сабақтастыра қарастыру. Зерттеудің мақсаты. Археологиялық және этнографиялық деректер негізінде көне дәуірлерде адам бас сүйегіне жасалатын трепанацияның бастауы мен ерте темір дәуірлерінде өмір сүрген сақ тайпаларында кеңінен тараған дәстүрдің кейіннен қазақ халқында жалғасын табуын ашып көрсету. Сонымен бірге Еуразия даласындағы көшпелі халықтардың мәйітті жерлегенге дейін уақытша сақтау, аманатқа жерлеу дәстүрінің мәнін және семантикасын тарихи-сабақтастық тұрғысынан ашып көрсету. Жоғарыдағы мақсатқа қол жеткізу үшін келесі міндеттер қойылды: ⎯ Зерттеу тақырыбының бүгінгі күнге дейінгі деректік негізі мен тарихнамасын жан-жақты қарастыру. Осы арқылы тақырыптың кейбір мәселелерінің зерттеушілердің назарынан тыс қалған тұстарын анықтау және оған жан-жақты баға беру; ⎯ диссертациялық жұмыстың алдыға қойған мақсатын орындау үшін зерттеу әдістері мен теориялық тұжырымдарды отандық және шетелдік ғалымдардың еңбектері негізінде сараптамалық талдау; ⎯ сақ тайпаларындағы өлікті сақтау және жөнелту кезінде атқарылатын жосын-жоралғылар мен әдет-ғұрыптардың орындалу барысын сипаттау; ⎯ сақтар дүниетанымындағы жерлеу дәстүрінің алатын орнын анықтау және өлікті жөнелту кезіндегі тарихи-мәдени байланыстың сабақтастығын бағамдау; ⎯ ерте темір дәуірінің жерлеу ескерткіштерінде кездесетін ғұрыптық белгілердің орындарын табу және оларға сипаттамалық шолу арқылы өлікті жерлеу мәдениетінің өзіндік ерекшеліктерін айқындау; ⎯ көне қоғамдағы жерлеу дәстүріндегі дүниетанымына тарихи-салыстырмалы зерттеу арқылы талдау жасау; ⎯ уақытша жерлеу және мәйітті сақтау белгілері бар археологиялық ескерткіштердің сақталу жай-күйіне, зерттеу обьектісі ретіндегі тарихи құндылығына баға беру; ⎯ тарихи-салыстырмалы зерттеу жүргізу үшін түркі халықтарында кездесетін уақытша жерлеу түрлеріне тоқталу және олардың ерекшеліктері мен айырмашылықтарын зерттеу; ⎯ түркі дәуіріндегі тайпалардың жерлеу дәстүрінің өзара сабақтастығын анықттау үшін жерлеу орындарында атқарылатын ғұрыптық жосын-жоралғылардың жүзеге асырылу барысын сипаттау; ⎯ қазақ халқы этнографиясындағы материалдар бойынша сөреге жерлеу, уақытша жерлеген жағдайларды анықтау және оларды халық жадында сақталған фольклорлық деректер арқылы қарастыру; ⎯ ерте көшпелілер мәдениеті мен қазақ халқының жерлеу дәстүрінің өзара тарихи-мәдени сабақтастығын талдау. Зерттеу әдістері: Диссертациялық жұмысты жазу барысында зерттеу тақырыбының ерекшеліктеріне байланысты тарих ғылымдарының, оның ішінде археологиялық, этнографиялық және антропологиялық зерттеу әдістері пайдаланылды. Сақ дәуірі мен қазақ халқының өлікті сақтау және жөнелту жолдарын салыстыра отырып зерттеу үшін тарихи салыстырмалы талдау әдісі пайдаланылды. Абай облысы (бұрынғы атауы Шығыс Қазақстан облысы) Аягөз ауданындағы Қырықоба қорымында жүргізген қазба жұмыстары барысында табылған трепанацияланған бас сүйекті сипаттау үшін М.В. Медникова ұсынған трепанацияны сипаттау әдісі қолданылды. Қазақ қоғамындағы өлікті жөнелту ғұрпындағы архаикалық сарқыншақтарды зерттеу барысында сарқыншақтар әдісі және тарихи-генетикалық әдіс қолданылды. Деректер сыни тұрғыда қарастырылып, олар тарихилық, шынайылық принципін қолдану арқылы іріктелді. Зерттеу жұмысы үлкен хронологиялық кезеңді қамтитындықтан әр кезеңге жататын деректерді жүйелеп, рет-ретімен беру үшін жүйелілік принципі пайдаланылды. Жерлеу дәстүріне қатысты ел арасынан жинаған мәліметтерді жинақтау барысында сауалнамалар жүргізу мақсатында интервью әдісі қолданылды. Зерттеу тақырыбы археологиялық және этнографиялық кезеңдерді қамтитындықтан этноархеологиялық зерттеу әдістері қолданылды. Зерттеу әдістері туралы толығырақ диссертацияның сәйкес тармақшасында көрсетілген. Ғылыми нәтижелері: Сақ қоғамында бүгінгі күнде табылып отырған қазбалардың нәтижесінде адамның бас сүйегіне жасалған трепанациялар адам өлгеннен кейін ғана жасалды деген қорытынды жасалды. Түркі халықтарының жерлеу дәстүрінде кездесетін ұқсастықтар анықталып, олардың түп-тамыры ерте кезеңдерден келе жатқандығы сарапталды. Ерте көшпелілерде өлікті жерлейтін орынға ерекше мән берген. Қазақ халқындағы өлікті жөнелту салт-дәстүрлері мен сақ қоғамындағы өлік жөнелтудің сабақтастық мәселесі ашылды. Жерлеу ескерткіштерінде жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстарына қатысып, жаңа археологиялық материалдар алынған. Сол арқылы жерлеу дәстүрі мен өлікті жөнелту мәселелері бойынша ғылыми негіздегі қорытындылар жасалған. Қазақ халқындағы әулиенің маңына жерлеу ғұрпының көне дәуірлермен байланысы анықталды. Зерттеу нысаны. Зерттеу жұмысының нысаны ежелгі дәуірлерден бастап сақ қоғамында және кейінгі ортағасырлық көшпенділердің дүниетанымы мен жерлеу салтындағы дәстүрлердің жалғасы болып саналатын қазақ халқындағы өлікті уақытша сақтаумен және жерлеумен байланысты шаралар, олардың этнографиялық, фольклор топонимикалық деректерінде көрініс табуы, ерте көшпелілер мен қазақ халқы арасындағы дүниетанымдық сабақтастық мәселелері. Зерттеу пәні ретінде Қазақстан жеріндегі ерте темір дәуіріндегі ірі сақ патша обаларындағы өлікті жерлеуге дейін уақытша сақтаумен және аманатқа жерлеумен байланысты археологиялық зерттеулер мен тарихи тұжырымдар және этно-фольклорлық, топонимикалық деректер зерттеу жұмысының негізгі пәні болып табылады. Диссертациялық жұмыстың ғылыми жаңалығы. - трепанация сөзінің мәні мен мағынасы және оның семантикасы сараланды; - Қазақстан жеріндегі көне дәуірлерден бастап кейінгі ортағасырларға дейінгі трепанациялық белгілері бар жерлеулердің саны мен ғылыми деректері жасалынды; Сақ қоғамындағы жерлеу дәстүріндегі дүниетанымға терең талдау жасалды; түркі халықтарында кездесетін уақытша жерлеу түрлеріне және ерекшеліктері қарастырылды. Саха, тыва, башқұрт, татар, қырғыз және т.б халықтардың жерлеу дәстүріне байланысты дүниетаным қарастырылды; қазақ халқы этнографиясындағы және фольклорындағы материалдар бойынша сөреге жерлеу, уақытша жерлеген тұлғалар және оларды жерлеу орындары талқыланды; ерте көшпелілер мәдениеті мен қазақ халқының этнографиясындағы өлікті жөнелту мен сақтауға байланысты мәдени сабақтастық талданды. – ерте темір дәуіріндегі бас сүйектерге жасалған трепанациялық белгілерге медициналық-криминалистикалық сараптамасы жасалды. Зерттеу жұмысының мерзімдік шеңбері. Зерттеу жұмысының хронологиялық шеңбері ерте темір дәуіріндегі сақ тайпаларынан бастап, ғұн сармат дәуірі, түркі дәуірі, кейінгі ортағасырлық кезеңдерді қамти отырып XIX ғасырдағы қазақ халқының дәстүрлі мәдениетінің сақталуына дейінгі кезеңді қамтиды. Келесі нәтижелер қорғауға шығарылады: Қазақстан жерінен табылып жатқан ерте көшпелілер қоғамына жататын жерлеу орындарындағы бас сүйекке жасалған трепанациялар өлікті сақтау үшін жасалғандығы ғылыми тұрғыда дәлелденді. Ерте темір дәуіріндегі жерлеу дәстүрінде кездесетін дүниетанымдық белгілер анықталды. Уақытша жерлеу және мәйітті сақтау белгілері археологиялық деректермен сарапталды. Ерте көшпелілер мен түркілердің дүниетанымында және одан кейінгі түркі халықтарында кездесетін жерлеу дәстүрлерінің мәні ашылды. Сақ қоғамында өлікті жерлеудегі дәстүрлер кейінгі кезеңде өмір сүрген түркі халықтарында да жалғасын тапты. Қазақ халқындағы өлікті жөнелту салт-дәстүрлері мен сақ қоғамындағы өлік жөнелтудің сабақтастық мәселесі ашылды. Қазақ халқының мәдениетіндегі «ас беру», «сөреге жерлеу», «аманатқа жерлеу» дәстүрлерімен сабақтастығы анықталды. Сақ мәдениеті мен қазақ халқы арасындағы мәдени сабақтастық кешенді түрде талданып анықталды. Диссертациялық жұмыстың деректер қорын үш топқа бөліп қарастырамыз, бірінші топ – заттай яғни, археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде алынған деректер, ал екінші топ этнографиялық деректер оның ішінде фольклор және ауызша деректер, және үшінші топ жазба деректер. Археологиялық деректер қатарына Шығыс және Орталық Қазақстандағы ерте темір және түркі дәуірі кезеңдеріне жататын Берел, Қарақаба, Қырықоба, Талды, Елеке Сазы, Ақбейіт І, Бектауата, Бірлік, Қарашоқы, Қызыл, Қызылшілік, Нұркен ІІ, Талды ІІ және Жетісу жеріндегі Есік, Бесшатыр және т.б. қорымдар ескерткіштері, сонымен қатар Моңғолиядағы түркі кезеңінің тас жазбалары және (РФ аумағындағы) Алтай территориясындағы тоң басқан обалардан табылған табылымдарды жатқызамыз. Этнографиялық деректерге далалық зерттеу жұмыстары барысында ел ішінен жинаған мәліметтер мен деректер жатады. Сонымен қатар, осы топқа фольклорды да жатқызамыз. Деректердің үшінші тобына жазба деректер яғни, ежелгі авторлар Геродоттың, Гипократтың еңбектері, саяхатшылардың, патшалық Ресейдің генерал-губернаторларының, әскерилердің және академиялық экспедиция мүшелерінің естелік жазбалары сонымен қатар, қазақ халқының бай этнографиялық мұрасы мен оның фольклордағы тұнып жатқан о дүние түсінігі жөніндегі дүниетанымы және өзге де түркі тектес халықтардағы мәйітті сақтауға, уақытша жерлеуге қатысты ауызша деректерді жатқызуға болады. Ғылымның даму бағыттарына немесе мемлекеттік бағдарламаларға сәйкестігі: Диссертация сақ қоғамында өлікті жөнелту, қазақ халқының жерлеу ғұрпындағы архаикалық сарқыншақтардың мәнін ашуға үлес қосатын археология мен этнография бағыттарын қамтитын ғылыми зерттеу жұмысы болып табылады. Зерттеудің нәтижелері Қазақстанның саяси-идеологиялық ұстанымдары мен стратегиялық бағдарламаларын қуаттай түседі. Диссертацияның материалдары мен нәтижелерін Қазақстанның ежелгі дәуір археологиясы мен қазақ халқының этнографиясы жайлы ғылыми еңбектер жазуда, сондай-ақ оқу-әдістемелік кешендер мен дәріс курстарын әзірлеу үшін пайдалануға мүмкіндіктер береді. Зерттеу материалдарды «археология», «тарих», «этнология» білім беру бағдарламалары бойынша білім алушы студенттерге арналған базалық және таңдау курстарының мазмұнына енгізуге болады. Ізденушінің қосқан жеке үлесі: Жұмысты орындау барысында диссертант қазіргі Абай облысы Аягөз ауданындағы Қырықоба қорымында жүргізген қазба жұмыстарына қатысып, далалық зерттеу жұмыстары барысында табылған жаңа деректер ғылыми айналымға енгізілді. Зерттеу жұмысының сыннан өтуі. Диссертациялық жұмыс тақырыбына сәйкес 8 мақала дайындалып, жарияланды. Олардың ішінде 2 мақала «Scopus» деректер базасына кіретін журналдарда, 3 мақала Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғарғы білім министрлігінің Ғылым және жоғарғы білім саласындағы сапаны бақылау комитеті бекіткен ғылыми журналдарда, 1 мақала отандық ғылыми электронды журналда, 2 мақала халықаралық ғылыми конференция материалдарының жинақтарында жарияланды. Диссертациялық жұмысқа қатысты негізгі тұжырымдар халықаралық ғылыми конференция жұмыстары барысында баяндалып, сыннан өтті. Диссертация қолжазбасы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Тарих факультетінің Археология және этнология кафедрасында дайындалып, осы кафедраның кеңейтілген мәжілісінде талқылаудан өткен соң қорғауға ұсынылды. Диссертацияның құрылымы. Диссертация кіріспеден, үш бөлімнен, қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тізімінен, қысқартылған сөздерге түсініктемеден және қосымшадан тұрады.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://youtu.be/1P3JCzi-zRU
