
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Қосын Мерей «8D02201 – Философия» білім беру бағдарламасы бойынша «Қазіргі Орталық Азия: құндылықтар жүйесіндегі дағдарыс және символдық айырбас» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Философия кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Абуов Айдар Паркулович – философия ғылымдарының докторы, «Эталон» ғылыми зерттеу институтының директоры (Астана қ. , Қазақстан Республикасы);
Байсарина Жазира Сламкуловна – философия докторы (PhD), Astana IT University, Жалпы білім беру мектебінің ассистент профессоры (Астана қ. , Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Кобландин Калыбек Ибрагимович – тарих ғылымдарының докторы, ҚР Сыртқы істер министрлігіне қарасты "Отандастар қоры" КеАҚ президентінің кеңесшісі (Астана қ. , Қазақстан Республикасы);
Тулеубеков Асыл Серикович – философия ғылымдарының кандидаты, Maqsut Narikbayev University, Жалпы білім беру пәндері департаментінің қауымдастырылған профессоры (Астана қ, Қазақстан Республикасы);
Нұрадин Гүлхан Болатқызы – философия ғылымдарының кандидаты, М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті, «Философия және саясаттану» кафедрасының доценті (Тараз қ. , Қазақстан Республикасы).
Ғылыми кеңесшілері:
Тұрсынбаева Айгүл Өмірбекқызы – философия ғылымдарының кандидаты, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, философия кафедрасының профессоры (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Муирян О Синнейде – философия докторы (PhD), Голуэй Университетінің Ағылшын және шығармашылық өнер факультетінің оқытушысы, Мәдениеттану және колониализм оқу бағдарламасының директоры (Голуэй қ., Ирландия).
Қорғау 2025 жылғы 5 желтоқсан, сағат 15:00-де Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D02201 – Философия» білім беру бағдарламасы бойынша «8D022 – Гуманитарлық ғылымдар» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі аралас форматта (оффлайн және онлайн) өткізіледі.
Сілтемесі: https://clck.ru/3Q8Cdp
Конференция идентификаторы: 678 160 9970,
Қосылу коды: 12345
Мекен-жайы: Астана қ., А. Янушкевич көшесі, 6, Корпус №4, 106 аудитория
Аңдатпа (қаз.): Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Қазіргі Орталық Азия елдері соңғы он жылдықтарда өте көп қоғамдық өзгерістермен бетпе- бет келіп отыр. Бұл өзгерістер өз кезегінде сол қоғамның ішкі құрылымын құрайтын құндылықтар жүйесінің өзгеруіне алып келді. Қоғамның құндылықтар жүйесін философиялық тұрғыдан зерттеу арқылы сол жүйені құрап отырған көп қатпарлы әлеуметтік құрылымдардың қалыптасуы мен даму бағыттарын анықтауға болады. Соңғы жылдарда Орталық Азия елдерінде құндылықтарды «қайта бағалау», «қайта қарастыру» сынды жаңа тенденциялар байқалады. Міне, осы бағыттар мен өзгерістердің мәнісін философиялық тұрғыдан зерттеу бүгін аса маңызды мәселеге айналып отыр. Бүгінгі Орталық Азия елдері үшін ортақ мәселе ол – дәстүрлі мәдениет, ұлттық бірегейлік пен жаһанданудың ықпалы арасында үйлесімділік табу. Орталық Азия елдеріндегі құндылықтар дағдарысы – тарихи, саяси және әлеуметтік факторлардың қиылысуынан туындаған күрделі құбылыс. Әр мемлекет өзінше шешім іздеп келеді, бірақ барлығына ортақ мақсат ол – ұлттық болмысты сақтай отырып, заманауи әлемнің талаптарына жауап беретін жаңа құндылықтар қалыптастыру. Диссертациялық зерттеу тақырыбының өзектілігі. Зерттеу тақырыбының өзектілігі ол қазіргі Орталық Азияның құндылықтар жүйесіндегі өзгерістерді философиялық тұрғыдан зерттеудің тарихи маңыздылығына негізделеді. Құндылықтар жүйесі – белгілі бір қоғамдағы норма, мағына мен этикалық бағдарлар жиынтығы. ХХ ғасырдың соңынан бері әлемде, соның ішінде (90-ыншы жылдардан бастап) Орталық Азияда, неолибералдық идеология үстемдік ете бастады. Америкалық зерттеуші Венди Браунның пайымдауынша, неолиберализм тек экономикалық жүйе ғана емес, сонымен қатар адамның өзін-өзі қабылдауын да өзгертетін саяси-онтологиялық режимге айналды. Бұл неолиберализм тұлғаны «экономикалық адамға» (homo oeconomicus) айналдырды, ендігі жерде құндылықтар нарықтық өлшемдермен анықтала бастады. Бірақ бұл мәселе философия саласында әлі толық зерттеле қоймады. Сондықтанда бұл аймақтағы құндылықтар жүйесіндегі өзгерістерге тікелей ықпал етіп отырған неолиберал экономикалық құрылымдар символдық айырбас тұжырымдамасы негізінде зерттеледі. Орталық Азиядағы құндылықтар жүйесіндегі өзгерістер бұндай ғаламдық даму бағыттарымен қатар, постколониал тарихи контекстпен де байланысты. Аймақтағы ұлттардың мәдени коды кеңестік кезеңде идеологиялық ревизияға ұшырап, тарихи жад, тіл, дін және дәстүрлі институттар әлсіреді. Эдвард Саидтың «Ориентализм» тұжырымдамасына сүйенсек, онда аймақтың өзіндік болмысы сырттан таңылған танымдық құрылымдар арқылы «басқаландырылғанын» байқаймыз. Бұл жағдай құндылықтар жүйесінің дағдарысына әкелді. Бүгінгі таңда бұл дағдарыс экзистенциалдық деңгейде де сезіледі. Герман философы Мартин Хайдеггер сипаттаған «лақтырылғандық» (thrownness) күйі қазіргі Орталық Азия жастарының болмысын дәл сипаттайды: олар нарықтық жүйеде өмір сүріп, батыстық құндылықтарды тұтынғанымен, ұлттық-мәдени тұтастықтан да толықтай ажырай қоймады. Бірақ осы екі аралықта жаңа болмыс яғни гибридтік болмыс қалыптасып жатыр. Сондықтанда бүгінгі жаңа уақыттың ішінде өзгеріп, қайта туып жатқан құндылықтарды зерттеу бұл өзіміздің кім екенімізді анықтауға мүмкіндік береді. Диссертациялық жұмыстың зерттеу нысаны – қазіргі Орталық Азия елдеріндегі құндылықтар жүйесіндегі өзгерістер. Диссертациялық жұмыстың зерттеу пәні – қазіргі Орталық Азия елдеріндегі құндылықтар жүйесі және оның өзгерісін түсінуге мүмкіндік беретін теориялар мен тәжірибелер. Диссертациялық зерттеу жұмысының мақсаты – қазіргі Орталық Азия елдеріндегі құндылықтар жүйесінің өзгерісі мен қайта бағалануын әлеуметтік-философиялық тұрғыдан кешенді талдау. Диссертациялық зерттеу жұмысының мақсатына жету үшін келесі міндеттер қойылады: 1. Орталық Азиядағы «деколониал» және «постколониал» әлеуметтік-философиялық ойларының дамуы әрі оның құндылықтар жүйесіне әсерін зерттеу; 2. Құндылықтардың алмасуын «аномия» және «жатсыну» ұғымдары негізінде талдау. Отарсыздану жағдайындағы «гибридтік болмыс» концепциясы негізінде бүгінгі құндылықтарды болмыс мәселесімен байланыстыра зерттеу; 3. Отаршылдыққа дейінгі кезеңдегі құндылықтар құрылымын қайта бағалау мәселесін басқада отар болған елдердің тәжірибелеріне сүйеніп, жан -жақтылы талдау; 4. «Модернити-колониалити» жобасының жергілікті құндылықтар жүйесіндегі өзгерістерге ықпалын салыстырмалы зерттеу; 5. Тәуелсіз медиа алаңындағы азаматтық қоғам құндылығы дискурстарына талдау жасау; 6. Әдеби мәтіндердегі неолиберал экономикалық құндылықтарға деген қарсылық дискурстарын символдық айырбас тұжырымдамасы негізінде зерттеу. Диссертация тақырыбының зерттелу деңгейі. Құндылықтарды зерттеу бұл философияда XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында «аксиология» деп аталатын дербес бағыт ретінде қалыптасты. Философияда құндылықтарды әртүрлі мектептер мен ағымдар және теориялар әртүрлі жақтан қарастырады. Солардың бірі ол ХХ ғасырдағы ең ықпалды философиялық ағым ол –постструктурализм. Бұл бағыттағы зерттеулерде құндылықтар тіл, билік және мәдени кодтармен байланысты қарастырылады. Мишель Фуконың пікірінше, құндылықтар дискурсивті құрылым арқылы қалыптасады және оларды билік институттары үнемі реттеп отырады. Мишель Фуко үшін құндылықтар ‒ шындық пен норманың құрылуындағы билік тетіктерінің көрінісі. Сондай ақ, Пьер Бурдьё «мәдени капитал», «әлеуметтік алаң» ұғымдары арқылы құндылықтардың әлеуметтік теңсіздікті бекітетін механизмге айналатынын көрсетеді. Құндылықтар мұнда бейтарап немесе әмбебап емес, керісінше тарихи-конструктивті ұғым ретінде қарастырылады. Постколониал теория өкілдері ‒ Эдвард Саид, Гаятри Спивак және Хоми Баба ‒ батыстық құндылықтарды әмбебап ретінде таныту процесінің астарында отаршылдық және мәдени үстемдік бар екенін атап өтеді. Эдвард Саидтің «Ориентализм» еңбегінде шығысқа таңылған құндылықтар жүйесінің идеологиялық сипаты ашылады. Гаятри Спивактың «Субальтерн сөйлей ала ма?» атты мақаласында маргинал топтардың дауыстары естілмей қалатыны сынға алынады. Отар болған елдің өзінің құндылықтар жүйесін қайта қалыптастыруы бұл философияда және постколониал зерттеулерде ең үлкен мәселе болып келеді. Осы тақырыпта зерттеу жасаған ең беделді ғалымдардың бірі ол- Кваси Виреду. Ол постколониал кезеңдегі ең ықпалды африкалық философтардың бірі. Оның философиялық жобасы африкалық дәстүрлерді сыни ақылмен қайта пайымдау және Африкалық философияны батыстық үстемдіктен отарсыздандыруды мақсат етеді. «Философия және Африка мәдениеті» және «Мәдени әмбебаптар мен ерекшеліктер: Африкалық перспектива» атты еңбектерінде ол отаршылдық тек материалдық немесе саяси үстемдікпен шектелмей, батыстық ұғымдарды күштеп енгізу арқылы жүзеге асып отырғанын айтады. Осы тақырыпты зерттеген келесі көрнекті философтардың бірі- Кваме Гьекье. Ол өзінің «Африкалық философиялық ой туралы эссе: Акан тұжырымдамалық схемасы» және «Дәстүр және қазіргі заман: философиялық ой толғаулар» атты еңбектерінде отар болған елдің өз құндылықтарын қалай қайта қарастыруы керек екендігін зерттейді. Ол дәстүрлі африкалық мәдениетті артта қалған, иррационалды деп сипаттаған отарлық көзқарасты сынайды. Бірақ ол дәстүрге табынуды да қолдамайды, керісінше, дәстүр ақылдың сүзгісінен өтуі тиіс дейді. Соңғы жылдарда осы тақырыптарды зерттейтін Орталық Азиялық зерттеушілер шыға бастады. Солардың бірі ол белігі ғалым, философ Мадина Тлостанова. Ол өз зерттеуін былай түсіндіреді: «Еуропа гендерлік қатынастар, эстетикалық түсініктер мен білім стандарттарын бүкіл әлемге үнемі таңып келеді. Өз зерттеуімде мен осы бір әділетсіз ұстанымнан бас тартып, модернити/колониалити жүйесіне қарсы тұру және оны өзгерту мақсатында жұмыс істеп келемін.» Әлеуметтік және мәдени Антропология саласы бойынша посткеңестік кезеңдегі құндылықтарды зерттеген Орта Азиялық зерттеушілердің еңбектерінің қатарына: Алима Бисенованың «Qazaqstan. Казахстан, قازاقستان: лабиринты современного постколониального дискурса», Аксана Исмаилбекованың «Қандық байланыс және туған ұл: Қырғызстандағы туыстық қамқорлық (patronage) поэтикасы», және Диана Құдайбергеннің «Қазіргі қазақ әдебиетіндегі ұлтты қайта жазу: элиталар мен нарративтер» атты еңбектері жатады. Соңғы жылдары Орталық Азия елдерінен шығып жатқан бұл ғалымдардан бөлек, Қазақстанда осы мәселелерді философиялық тұрғыдан зерттеп жүрген бірталай ғалымдар да бар. Олардың қатарына: Ғарифолла Есім, Жақыпбек Алтай, Аманжол Қасабек, Зира Науырызбаева, Ақселеу Сейдімбек сияқты беделді авторларды, жазушыларды жатқызуға болады. Диссертацияның әдіснамалық негізі. Диссертациялық жұмыстың зерттеу стратегиясы пәнаралық көзқарастарға негізделе отырып мынандай әдіс-тәсілдер бойынша зерттеледі: семиотика, жүйелілік-құрылымдық, әлеуметтік-тарихи талдаулар, аксиология, деконструкция, интермәтін, дискурс және нарратив талдаулар, мәтіндік және медиа талдаулар, герменевтикалық феноменология, Лакандық психоанализ сияқты әдістер қолданылады. 1. Аналитикалық әдіс – дереккөздерді талдау үшін қолданылды. 2. Ретроспективті әдіс – құндылықтардың қалыптасу тарихын зерттеу үшін қолданылды. 3. Тарихи – мәдени әдістеме бүгінгі құндылықтардың пайда болу және даму динамикасын зерделеу үшін қолданылады. 4. Пәнаралық әдіснама барысында тарихи құжаттарға сүйене отырып, отаршылдыққа дейінгі құндылықтарды қайта бағалау мәселесін зерттегенде қолданылады. Сонымен қатар, бұл әдіс әлеуметтану және саясаттану пәндерінің теорияларына да сүйене отырып құндылықтардың қоғамдық құрылымдар ішінде қалай өзгеріп жатқандығы зерттелінеді. 5. Герменевтикалық Феноменология әдісі бойынша бүгінгі құндылықтарға баға беруде жергілікті халықтың өз біліміне және жергілікті ғалымдардың өндірген білімдеріне негізделе отырып зерттеу маңызды, сондықтан осы әдіс арқылы жергілікті білім мәселесіне ерекше назар аударылады. Сонымен қатар, осы әдіспен мысалға алынып отырған Абайдың «Қара сөздері» талданады. 6. Семиотикалық әдіснама негізінде бүгінгі медиадағы әртүрлі бағдарламаларға талдау жасалынады. Бейсаналы немесе саналы түрде өндіріліп жатқан таңбалар нені айтады, қандай құндылықтарды тасмалдайды немесе өндіреді деген мәселе осы әдіс бойынша зерттеледі. Қорғауға ұсынылатын ғылыми тұжырымдары. 1. Бүгінгі Орталық Азия елдері тарихи тұрғыдан қарағанда «отарсыздану» кезеңінде деп қорытындылауға болады, себебі отарсыздану бұл жай ғана ресми түрде тәуелсіздік алумен ғана келмейтіндігін тарих көрсетті. Сондықтанда соңғы жылдарда бұл аймақта отарсыздану дискурстары қарқынды жүріп жатыр. Сонымен қатар, аймақтағы постколониал және деколониал ойлардың дамуы бұл қоғамдағы либерализм, демократия, феминизм сынды ұғымдардың жергілікті білім негізінде қайта интерпретациялануына ықпал етіп отыр. Бұл интеллектуалды қозғалыстар құндылықтарды жаңа контексте қайта құруды, оларға жаңа мағына беруді мақсат етеді. Бұл өз кезегінде аймақтағы құндылықтар жүйесінің өзгеруіне, жаңа құндылықтардың қалыптасуына әсер етуде; 2. Бүгінгі Орталық Азия елдері аномиялық жағдайды бастан өткізіп отырғандығын болжауға болады. Себебі бұл елдер өзін анықтайтын барлық колониалдық түсініктерден бас тартып, өзіндік мәдениет пен дүниетанымға негізделген құндылықтарын құру үстінде. Бұл өтпелі кезеңнің ең басты шарттарының бірі- құндылықтардың өзгеруі немесе құндылықтардың алмасуы. Бұл кезең «аномиялық жағдай», «гибридті болмыс» ұғымдары негізінде зерттеледі. Біздің қоғамда «таза қазақ, шала қазақ», «таза ұлт» деген нарративтер кең таралған, бұл нарративтер осы бір постколониал қоғамның гибридтік болмыс екенін жоққа шығарады. Тіпті гибридтік болмысты толық мойындамаған қоғам анти-инклюзив идеяларды өндіріп, дамытады. Бұл құндылықтар дағдарысы мәселесімен тікелей байланысты. 3. Бұл диссертацияның ұсынып отырған келесі бір тұжырымдамасы ол- бұл преколониал кезеңдегі мәдени құрылымды қайта бағалау мәселесі. Преколониал кезеңдегі құндылықтарды салыстырмалы зерттеу дегеніміз ол патшалық және кеңестік отаршылдық әлі толық орнамаған кезеңдегі Орталық Азия қоғамының құндылықтар жүйесі қандай жағдайда болғанын пайымдау. Абайдың қара сөздері XIX ғасырдағы және оған дейінгі қазақ қоғамының құндылықтар жүйесін ашып бере алады. Абайдың құндылықтарды қайта қарау бастамасы кейін қазақ жерінде Алаш қозғалысының пайда болуына ықпал етті. Сонымен қатар, бұл кезеңде шыққан Орталық Азиядағы жәдидшілдік ағартушыларының модернист ұстанымдары да осы бағыттың жақсы үлгісі болғанын атап өту маңызды. Алаш зиялылары ұлттық құндылықтарды сыни тұрғыдан таразылау, қоғамды модернизациялау, жаңа мәдени-саяси бағдар қалыптастыру мақсатын алға қойды. Алайда отаршылдыққа байланысты бұл жобалар толық жүзеге аспай қалды. Соның нәтижесінде Абай сынға алған дәстүрлі ұғымдар мен түсініктердің бір бөлігі әлі күнге дейін сақталып отыр. Демек, қазіргі құндылықтар жүйесін зерттеуде тек отарлық кезеңге ғана емес, сонымен қатар, преколониал кезеңнің құндылықтарына да жүгіну, оларды салыстырмалы зерттеу аса маңызды. Модернизация кезеңіндегі ұлттың өзін-өзі қайта құру жобасы ұлттың өз ішінен жүйелі түрде жүзеге аспағандықтан, оның салдары бүгінгі құндылықтар жүйесінде байқалады. 4. Қазақ даласына модернизация ол әкімшілік, сот реформалар арқылы келіп, жергілікті басқару жүйесі еуропалық үлгідегі бюрократиялық жүйеге ауысты. Дәл осы кезеңде бұрынғы қалыптасқан саяси- әлеуметтік жүйе ғана емес, соған негізделген құндылықтар жүйесі біртіндеп өзгере бастады. Бірақ дәстүрлі құрылымдар, ұғымдар бірден жаппай жойылып кеткен жоқ, керісінше, біртіндеп олар мүлде жаңа сипатқа, жаңа мәнге ие болды. Нәтижесінде, бүгін бізге сол өзгерген, бұрмаланған ұғым, түсініктер жетіп, бүгінгі құндылықтарымызды құрап отыр. Мысалы, осы реформалардың нәтижесінде рушылдықтың саяси сипат алуы, саяси әділдік ұғымының маңызын төмендетті. Сот және әкімшілік жүйесіндегі реформалар бұл тек ғана саяси өзгерістерге ғана емес, толықтай қоғамдық құрылымдардың және соған негізделген құндылықтардың өзгеруіне алып келді. нәтижесінде осы бір өтпелі кезеңдегі құндылылықтардың дағдарысы бұл кейінгі кезеңдерде де сақталып қалды. 5. Қазіргі заманғы қоғамда медиа – қоғамдық пікірді қалыптастырушы, нормалар мен құндылықтарды реттеуші ең ықпалды институттардың бірі және бүгінгі Орталық Азиядағы құндылықтар жүйесіндегі өзгерістерге және азаматтық қоғам құндылығының дамуына осы тәуелсіз медиа терең ықпал етіп отыр. Медиа кеңістігіндегі дискурстар қоғамдағы құндылықтарды қайта қарастыру және жаңа тарихи контексте қайта бағалау, жаңа мән беру арқылы жаңғырту сынды идеяларды дамытып отыр. Постколониал қоғамдардағы басым көзқарастар, ұстанымдар мен идеялар көп жағдайда колониал уақытта өндіріліп шыққан нарративтерге сүйенеді. Сондықтанда бүгінгі тәуелсіз медиа Орталық Азия елдерінде контр- дискурстар мен балама идеяларды қалыптастыруда маңызды роль ойнап отыр. 6. Бүгінгі Қазақстандағы әдеби мәтіндерінде мына екі дискурс жиі кездеседі: Біріншісі, бұл мәтіндердегі инклюзивті, яғни ашық қоғам дискурсы. Тәуелсіздік жылдарындағы ұлт құру нарративтері негізінен кеңестік этникалық ұлт концепциясына негізделді. Бірақ бүгінде этникалық емес, азаматтық ұлт ұстанымына сүйеген нарративтерге деген қажеттілік туып отыр. Бұндай инклюзивті, ашық қоғам дискурсы осы әдеби мәтіндерде жиі кезедеседі. Екіншісі, неолиберализмге қарсылық. Жан Бодрийярдың капитализмды сынай отырып, оған балама жүйе ретінде енгізген символдық айырбас концепциясы негізінде талдау жасасақ, онда Қазақстанға тәуелсіздік жылдары келген неолиберализм бүгінгі қоғамдық құндылықтарды нарықтың талабына қарай өзгертіп отырғанын байқауға болады. Бүгінгі күнгі әлемдік неолиберал және неоколониал сынды экономикалық отарлаудың жаңа түрлері өз кезегінде Орталық Азия елдеріндегі құндылықтардың нарықтық күштерге қарай бейімделуіне ықпал етіп отыр. Зерттеу тақырыбының ғылыми жаңалығы. «Орталық Азия құндылықтары» бұл бүгінгі философия пәні бойынша және аймақтық зерттеулер бойынша да ғылыми тұрғыдан алғанда жаңа тақырып. 1. Орталық Азиядағы «деколониал» және «постколониал» әлеуметтік-философиялық ойларының дамуы және оның құндылықтар жүйесіндегі өзгерістерге әсері зерттеледі. Бұл білімнің отарсыздануы тұжырымдамасы негізінде қарастырылады. 2. Өтпелі кезеңдегі құндылықтардың алмасуы тұжырымдамасын аномия, жатсыну және гибридтік болмыс ұғымдары негізінде талданады. Бұл ұғымдар бүгінгі Орталық Азия елдеріндегі құндылықтардың өзгеру динамикасын көрсетеді. 3. Отаршылдыққа дейінгі кезеңдегі құндылықтар құрылымын сыни тұрғыдан қайта бағалау мәселесі тарихи және философиялық тұрғыдан зерделенеді. 4. «Модернити-колониалити» жобасының жергілікті құндылықтар жүйесіндегі өзгерістерге ықпалы бұл ХІХ ғасырдағы тарихи оқиғаларға сүйене отырып, салыстырмалы түрде зерттеледі. 5. Тәуелсіз медиа алаңындағы азаматтық қоғам құндылығы дискурстарының тарихи маңыздылығына талдау жасалынады. Бүгінгі Орталық Азиядағы тәуелсіз медианың ашық, әділ қоғам құруда терең ықпал етіп отырғаны талданады. 6. Әдеби мәтіндердегі неолиберал экономикалық құндылықтарға деген қарсылық дискурстарын символдық айырбас тұжырымдамасы негізінде зерттеледі. Тәуелсіздік жылдарында енген неолибералдық модельдің бүгінгі қоғамдық құндылықтарды нарық пен тұтынушы қоғам талаптарына икемдеп отырғанын көруге болады. Бұл мәселелер осы символдық айырбас тұжырымдамасы арқылы талданады. Зерттеудің теориялық маңыздылығы. Қоғамдық құндылықтарды зерттеу бұл әлеуметтік тұрақтылықты, мәдени бірегейлікті және саяси легитимділікті қамтамасыз ететін маңызды әрекет. Қоғамдық құндылықтар теория жүзінде философия, әлеуметтану, антропология және мәдениеттану сияқты ғылымдардың тоғысында зерттеледі. Эмиль Дюркгейм қоғамдық құндылықтарды ұжымдық сананың көрінісі ретінде сипаттайды. Сондықтан бұл тақырыпты зерттеу бұл Орталық Азия елдерінің қоғамдық өмірін ғылыми тұрғыдан түсінуге, бүгінгі болып жатқан әлеуметтік мәселелердің шығу себептерін пайымдауға жол ашады. Әсіресе бүгінгі өтпелі кезеңде бұл елдердің өзін -өзі тануы үшін құндылықтар жүйесін философиялық тұрғыдан зерттеу аса маңызды. Бұндай зерттеулер «білімнің отарсыздануы» тұрғысынан да өте қажет. Себебі қоғам өз ішінен ғылыми ой, көзқарастар өндіргенде ғана шынайы дами алады. Сондықтан бұл диссертацияда қозғалған тақырыптар болашақта әрі қарай жаңа зерттеулерге базалық әдебиет бола алады. Зерттеудің практикалық маңыздылығы. Орталық Азиядағы құндылықтарды зерттеу бұл болашақта осы елдердегі жаңа мәдени бірегейліктің қалыптасуына, жаңа құндылықтардың құрылуына және әлеуметтік өзгерістерге әсер ете алады. Сонымен қатар, бұл диссертация тәжірибелік тұрғыдан болашақтағы осы тақырыпта зерттейтін ғалымдарға жақсы дерекжкөз, әдебиет бола алады. Жалпы, құндылықтарды зерттеудің мынандай бірнеше практикалық маңыздылығын атап өтуге болады: қоғамдық құндылықтар білім беру мазмұнын анықтайды. Қандай идеялар мен ұстанымдар жас ұрпаққа ұсынылуы тиіс деген сұрақ — құндылық таңдау мәселесі. Демек, құндылықтарды талдау арқылы білім беру жүйесінің идеологиялық бағыттары мен мақсаттары ашылады. Сонымен қатар, құндылықтар саяси легитимділіктің негізі бола алады. Себебі мемлекет қандай да бір саясатты «ұлттық мүдде», «отбасылық құндылықтар» сияқты ұғымдарға негізделе отырып жасайды. Сондықтан қоғамдық келісім мен тұрақтылықты сақтау үшін қандай құндылықтардың үстемдік ететінін зерттеу аса өзекті. Қазіргі жаһандану жағдайында ұлттық құндылықтар мен әмбебап адамзаттық құндылықтар арасында тепе-теңдіктің болуы өте маңызды. Бұндай мәселелерді зерттеу мен талдау әлеуметтік шиеленістерді болдырмауға ықпал етеді. Зерттеу нәтижелерінің сыннан өтуі және жариялануы. Диссертациялық зерттеу жұмысының нәтижесі бойынша 3 ғылыми мақала жарияланды: соның ішінде, ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті ұсынған философия, саясаттану, мәдениеттану, тарих, экономика, гуманитарлық пәндер бойынша диссертацияның негізгі қорытындыларын жариялауға арналған арнайы журналдарда – 2; Scopus және Web of Sciences базасында индекстелетін Q1 импакт-факторы бар журналдарда – 1. Диссертациялық жұмыстың құрылымы мен көлемі. Диссертацияның құрылымы зерттеу жұмысын жүргізу мақсаты мен міндеттеріне сәйкес кіріспеден, үш негізгі бөлімнен: әр бөлім екі тармақшадан, қорытынды және пайдаланған әдебиеттер тізімінен тұрады. Диссертациялық жұмыстың жалпы көлемі – 145 бет, пайдаланылған әдебиеттер тізімі – 194.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://youtu.be/3Plz1i7Eiyc?si=1yt_FVx7Kd0517xy
