
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Жақан Мадина Қаирболатқызы «8D02201 – Философия» білім беру бағдарламасы бойынша «Ибн Сина фәлсафасы («Данышнамэ» еңбегі бойынша)» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Философия кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Сатершинов Бахытжан Менлибекович – философия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылыми комитетінің «Философия, саясаттану және дінтану институты» Дінтану орталығының бас ғылыми қызметкері (Алматы қ. , Қазақстан Республикасы);
Аташ Берік Мұратұлы– философия ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, философия кафедрасының профессоры (Алматы қ. , Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Кенжетаев Досай Турсынбаевич – философия ғылымдарының докторы, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, дінтану кафедрасының профессоры (Түркістан қ. , Қазақстан Республикасы);
Токтарбекова Лаура Ниязбековна – дінтану докторы (PhD), Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылыми комитетінің «Философия, саясаттану және дінтану институты» Дінтану орталығының жетекші ғылыми қызметкері (Алматы қ, Қазақстан Республикасы);
Абдуазимова Зарина Амировна – философия докторы, Өзбекстан Республикасының құқық қорғау академиясы, әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар кафедрасының доценті (Ташкент қ., Өзбекстан)
Ғылыми кеңесшілері:
Иманжүсіп Раушан Нұрханқызы – философия ғылымдарының докторы, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, философия кафедрасының қауымдастырылған профессоры (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Бюлент Шенай – философия докторы (PhD), Улудаг Университетінің профессоры (Бурса қ., Түркия).
Қорғау 2026 жылғы 20 ақпан, сағат 15:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D02201 – Философия» мамандығы бойынша «8D022 – Гуманитарлық ғылымдар» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі онлайн форматта өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: https://clck.ru/3RFpp8
Мекен-жайы: Астана қ., А. Янушкевич көшесі, 6, Корпус №4, 106 аудитория
Аңдатпа (қаз.): Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Диссертациялық зерттеу Ортағасырлық Шығыс мұсылман өркениетінің ірі өкілі – Ибн Сина фәлсафасына және ойшылдың ғылыми ой-өрісінің тереңдігін айқындайтын «Данышнамэ» («Білімдер кітабы») еңбегіне арналады. Энциклопедиялық білімі мен шығармашылық дарыны арқасында Ибн Сина антикалық мұраны жинақтап, жүйелеп, оны өзінің тың идеяларымен толықтырды. Оның еңбектері философия, логика, медицина, жаратылыстану, әлеуметтану, әдебиеттану, поэзия және тіл білімі салаларының дамуына елеулі үлес қосып, ғылымның өркендеуіне кеңінен жол ашты. Осы тұрғыдан алғанда, Ибн Синаның фәлсафалық мұрасы Қайта өрлеу дәуірінің көрнекті тұлғаларымен деңгейлес құбылыс ретінде бағаланады. Диссертациялық жұмыста Ибн Синаның «Данышнамэ» еңбегінде баяндалған гносеология мен онтологияның негізгі концепциялары айқындалып, жүйелі түрде талданды. Сонымен қатар бұл концепциялардың араб-мұсылмандық ортағасырлық ойлау контекстіндегі фәлсафалық маңыздылығы айқындалып, ислам фәлсафасына, схоластика мен ренессанстық мәдениетке тигізген ықпалы дәйектелді. Диссертациялық зерттеу тақырыбының өзектілігі. Интеллектуалдық және мәдени мұраны, сондай-ақ ғылым мен философия тарихын жаңғырту қазіргі қоғам үшін ерекше маңызды. Адам танымының барлық формалары мен олардың нәтижелері философия мен ғылым тарихының өзекті мәселелерін айқындайды және бүгінгі таңда сұранысқа ие болып отыр. Жаһандану жағдайында сананың секуляризациялануы, дүниетанымдық-құндылық бағдарлардың өзгеруі және рухани мәдениетке (зайырлы әрі діни) қатысты плюралистік көзқарастың қалыптасуы дәстүрлі ойшылдардың ғасырлар бойы негіздеген әмбебап ақиқаттарын қайта пайымдауды қажет етеді. Өйткені адамзаттың прогрессивті дамуы мен рухани кемелденуі идеялық сабақтастықсыз және дүниетаным эволюциясын терең түсінусіз мүмкін емес. Дүниенің ғылыми бейнесі мен дүниетанымның дамуы тарихта кей кезеңдерде күрт өзгерііп, ғылыми парадигмалардың ауысуына себеп болған. Ұқсас үдерістер қазіргі посткеңестік қоғамдарда да байқалып отыр. Бұл жағдай, бір жағынан, діннің жаңғыруымен және қазіргі дүниетанымдық дағдарыспен, екінші жағынан, білім беру жүйесін таңдаудағы күрделі өзгерістермен, дәстүрлі құндылықтардың құнсыздануымен және ғылымдардың жаңа формаларының қалыптасуымен байланысты. Қазіргі әлемде зайырлы және діни құндылықтардың тепе-теңдігінің бұзылуы олардың қарама-қарсы қойылуына әкеліп, қоғамдық-саяси процестерде теріс салдар тудыруы мүмкін. Осындай жағдайда қоғамдық сананы дұрыс ұйымдастыру, мәдени, ғылыми және әлеуметтік ресурстарды тиімді пайдалану, жастардың санасындағы интеллектуалдық және рухани олқылықтардың орнын толтыру ерекше маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, Әбу Наср әл-Фараби, Әбу Жүсіп әл-Кинди, Әбу Бакр Ибн Туфайл, Әбу әл-Уалид Ибн Рушд, Әбу Әли Ибн Сина сияқты ірі ойшылдардың фәлсафалық мұрасын насихаттау аса қажет. Олардың ақыл-ойды дәріптеген, әлем заңдылықтарын терең түсінуге шақырған ілімдері қазіргі қоғам үшін де құндылығын сақтап келеді. Диссертациялық зерттеу тақырыбының өзектілігі ойшылдың фәлсафалық, гносеологиялық, логикалық ілімдерін, олардың әдіснамалық, танымдық негіздерін талдаумен айқындалады. Сондай-ақ бұл ілімдер жаһандану кезеңінде жаратылыстық-ғылыми дүниетанымның дамуына, қоғамның, ғылымның, мәдениеттің, философияның қазіргі дамуына үлес қосады. Ибн Сина мұрасы жаңаша, заманауи тұрғыдан түсіндірілсе, жаһандану заманында да сананы нұрландырып, жас ұрпақты зиялылық, парасаттылық, төзімділік рухында тәрбиелеуге, ғылыми плюралистік дүниетанымдық көзқарасты сіңіруге септігін тигізері сөзсіз. Ол сондай-ақ діни радикализмге қарсы тұрудың жұмсақ та тиімді құралы және деструктивті секталық манипуляцияларға қарсы тосқауыл бола алады. Ибн Синаның еңбектерінде талқыланатын басты мәселе білімнің (Ақылдың) үстемдігін жан-жақты қолдау, дүниені алуан түрлі түсіну жолдарын, заңдылықтарды ұғыну, ойлау тәсілдерін ұғыну, соған сәйкес діни, ғылыми, нәтижелі шешу амалдарын көрсету. Басқаша айтқанда, ойдың догматизм мен иллюзиядан - ғылыми ақиқатқа өту процесін нұсқау. Ибн Сина өзінің ғылыми еңбектерінде әрқашан түп-тамырға, болмысқа жетуге ұмтылып, логиканы таным құралы және процесі ретінде қарастырды. Ибн Синаның табиғат фәлсафасы түрінде ұсынған дүниенің ғылыми физикалық-жаратылыстық бейнесі жан-жақты, ойлары қоғамымыз үшін тағылымды, өзекті. Ойшыл ғылыми-фәлсафалық ұстанымдарды жан-жақты қорғайды, табиғат құбылыстары мен заңдылықтарын себеп-саларлық қағида тұрғысынан түсіндіреді. Ол субстанционалдықты жоққа шығару және уақыт пен кеңістіктің салыстырмалылығын қолдауды қатаң ұстана отырып, Қажетті мәнде (Құдайда) уақыттың мәңгіліктігі туралы ұғымды алға тартып, дамытады. Аристотельден бастау алатын бұл идеяларды Ибн Сина Құдайдың мәңгіліктігі мен Онымен байланысты шексіз әлемдер туралы тіршілікті растайтын идея түрінде ислам мәдениетінде орталық болып табылатын шексіздік табиғатын алға тартады. Ендеше, ұсынылып отырған бұл диссертациялық зерттеу осы қиындықтарды жеңу жолдарын іздеуде парасаттың, ғылым тарихының және ғылыми-философиялық ойлаудың жаңа мүмкіндіктерін анықтауға жол ашады. Диссертация тақырыбының зерттелу деңгейі. Ибн Синаның фәлсафалық мұрасын зерттеу бірнеше кезеңнен тұрады. Батыс пен Шығыстың ғалымдары оның еңбектерін әртүрлі аспектіде қарастырған. Еуропада Ибн Сина мұрасы орта ғасырлардан бастап схоластикалық философияға ықпал етіп, Латын Еуропасына таралған. Оны Ф. Аквинский, Р. Бэкон сынды ойшылдар зерттеді. Әл-Ғазали Ибн Синаның фәлсафалық көзқарастарына қатты сын айтқан. Ол әсіресе Ибн Синаның жаратылыс мәселесіне және құдайтанымға қатысты кейбір ұстанымдарын сынға алып, оның көзқарастары исламдық сенім қағидаларына қайшы келеді деп есептеді. Ортағасырлық мұсылман ойшылдары да Ибн Сина фәлсафасына қызығушылық танытып, әртүрлі көзқараста болды. Мысалы, Насир ад-Дин Туси [4] оның логикалық жүйесін дамытып, метафизикалық тұжырымдарын түсіндірумен айналысты. Фахр ад-Дин ар-Рази болса Ибн Синаның метафизика мен космологияға қатысты көзқарастарын сынға алды. Әсіресе қажеттілік пен себептілік ұғымдарына байланысты оның тұжырымдарын терістеп, ғаламның жаратылысы мен ақыл концепциясына қатысты теологиялық негіздемелер ұсынды. Шихаб ад-Дин ас-Сухраварди болса Ибн Синаның перипатетикалық фәлсафасын мистикалық-иллюминациялық (ишрақи) көзқарастармен толықтыруға тырысты. Ол Ибн Синаның ақыл мен таным туралы ілімін қайта қарастырып, оған суфизм мен ишрақи фәлсафасының элементтерін енгізді. Кеңес дәуірінде және қазіргі кезеңде Ибн Сина фәлсафасын ТМД елдері мен шетелдік ғалымдар тарапынан белсенді зерттелінді. Кеңестік және ресейлік шығыстанушылар – М.С. Асимов, С.Н. Быховский, C.И. Григорян, А.М. Богоутдинов, Б.Э. Болтаев, А.В. Сагадеев, Б.Я. Шидфар, Ю.Н. Завадовский, Б.Д. Петров, В.А. Смирнов, В.Н. Терновский, Л.Г. Салдадзе және басқа да ғалымдар Ибн Синаның өмірі мен философиясын талдап, әлемдік мәдениеттің дамуына қосқан үлесі мен атқаратын рөлін анықтаған. ТМД елдері ішінде Ибн Сина мұрасын кеңінен зерттеген ғалымдар арасында тәжік және ресейлік зерттеушілер ерекше орын алады. Ибн Сина мұрасын зерттеген тәжік ғалымдар: Г.А. Ашуров, С. Сулаймонов [32], У.А. Раджабов, М. Рахимов, Н. Рахматуллаев, Н. Саидов, С.А. Султонзода, Д.Р. Комилов. Ибн Синаның фәлсафалық мұрасын өмір бойы зерттеген ғалым – Тәжікстан Республикасының ғылым академиясының академигі, философия ғылымдарының докторы болған М.Н. Диноршоевтың сіңірген еңбегі мол. Оның ойшыл жайында жазған басты еңбектері – «Ибн Синаның натурфилософиясы» (1985), «Ибн Сина философиясының компендиумы» (2010). 2010 жылы жазылған соңғы еңбегінде Диноршоев Ибн Синаның фәлсафасын жүйелеп жазып берген. Бұл кітап ойшылдың логикасын, болмыс жайындағы көзқарастарын, таным жайындағы тұжырымдарын, теологиясын, әлеуметтік болмыс философиясын қамтиды. Ол Ибн Синаның ақыл туралы ілімін, әсіресе оның универсалийлер мәселесіне байланысты көзқарастарын кеңінен қарастырды. Сонымен қатар, ойшыл ілімінің қазіргі заман философиясымен байланыстарын талдауға ерекше мән берді. Ибн Сина логикалық жүйесін терең зерттеген тәжік зерттеушісі, философия ғылымдарының докторы Ф.Б. Худойдодов өз еңбектерінде оның логикалық теориясының ерекшеліктерін жан-жақты талдады. Ғалымның «Ибн Синаның іліміндегі Аристотель силлогистикасының дамуы» атты зерттеуінде Ибн Сина логикасының құрылымы, оның Аристотельдік дәстүрден айырмашылықтары және дамытылған тұстары жүйелі түрде қарастырылады. Бұл еңбек Ибн Сина логикасының тарихи маңызын анықтауға және оның ортағасырлық ислам ойлау жүйесіндегі эпистемологиялық рөлін айқындауға маңызды үлес қосады. Орталық Азияның ортағасырлық зияткерлік мұрасын, соның ішінде Ибн Синаның логикасы мен натурфилософиясын кеңінен зерттеп жүрген ғалым, философия ғылымдарының кандидаты, Халықаралық Орталық Азия университетінің бас ғылыми қызметкері С. Джонбобоев. Оның ойшыл фәлсафасына арналған еңбектері ол: «Эпистемология Ибн Сины: о движении мысли от иллюзии к истине», «Философия природы Абу Али Ибн Сины:анализ концепции движения, пространства и времени». Аталмыш еңбектер ислам философиясын тереңірек түсінуге және жалпы философиялық ойдың тарихына ықпал еткен негізгі концепцияларды талдауға арналған. Ибн Синаның мол фәлсафалық мұрасын зерттеген ресейлік ғалымдар көп, соның ішінде атап айтсақ: В.В. Бартольд, Н.В. Ефремова, Е.А. Фролова, Р.Р. Шангараев, Г.Б. Шаймухамбетова. Ресейлік философ, исламтанушы, араб-мұсылман философиясының маманы Тауфик Ибрагим Ибн Синаның фәлсафалық жүйесіне терең талдау жүргізіп, оның метафизикалық көзқарастарының исламдық ойлау жүйесіндегі орны мен маңызын айқындауға елеулі үлес қосты. Ғалымның 2009 жылы Н.В. Ефремовамен бірлесіп жазған «Мусульманская философия (фальсафа)» атты еңбегі зерттеуіміздің теориялық негіздерінің бірі ретінде қарастырылды. Аталған еңбекте Т. Ибрагим фәлсафаның мәнін былайша анықтайды: фәлсафа – авраамистік дәстүрдегі (иудаизм, христиандық және ислам) ревелятивизмге (лат.revelatio ашылу, уахи) негізделген теологиялық концепциялар мен антикалық пұтқа табынушылық рационализмінің синтезі ретінде қалыптасқан ілім. Оның пікірінше, бұл интеллектуалдық дәстүр әлемдік философия тарихында маңызды синтездік феномен ретінде көрініс тапқан. Фәлсафа өкілдері грек философиясын исламдық дүниетаныммен ұштастырып, ислам теологиясын философиялық негізде қайта қарастыру арқылы Құдай болмысы мен жанның субстанционалдылығын рационалды түрде дәлелдеуге ұмтылды. Т. Ибрагим фәлсафаның классикалық келбетін жүйелеп, аристотелизмнің тұтас құрылымын қалыптастырған ойшыл ретінде Ибн Синаның рөлін ерекше атап көрсетеді. Оның тұжырымдауынша, Ибн Сина фәлсафалық дәстүрдің шыңына жеткен тұлға ретінде исламдық философиялық ойдың эволюциясында шешуші рөл атқарған. Ресейлік-американдық исламтанушы, Мичиган университетінің профессоры А.Д. Кныш өзінің «Ортағасырлық исламдағы идеялар қақтығысы: теология және философия» атты еңбегінде фәлсафаның ислам өркениетіндегі рөліне терең талдау жасайды. Ғалымның пайымдауынша, фәлсафа тек теологиялық дискурстардың бөлігі ғана емес, сонымен қатар ислам әлемінде ғылымның, медицинаның және этиканың дамуына елеулі ықпал еткен интеллектуалдық дәстүр ретінде қарастырылуы тиіс. Кныш фәлсафаны шынайылықты рационалды негізде тануға бағытталған әдіс ретінде сипаттай отырып, оның ортағасырлық ислам ойындағы эпистемологиялық маңыздылығын атап көрсетеді. Сонымен қатар, зерттеуші Ибн Синаның фәлсафалық тұжырымдамасына ерекше тоқталып, оның жаратылыс әлемі туралы ақиқат білімнің қайнар көзі ретінде фәлсафаны қабылдағанын көрсетеді. Осылайша, Кныштың еңбегі Ибн Синаның фәлсафалық дәстүрдегі орнын анықтауда және фәлсафаның ислам өркениетіндегі орны мен қызметін түсіндіруде маңызды теориялық негіз болып табылады. Американдық арабист, эллинист, араб-мұсылман философиясының зерттеушісі – Дмитрий Гутастың «Авиценна және Аристотельдік дәстүр» (Avicenna and the Aristotelian Tradition) (2014) еңбегі Ибн Синаның философиялық жүйесін, әсіресе оның Аристотель дәстүрімен байланысын терең талдауға арналған. Гутас Ибн Синаны тек Аристотель еңбектерін түсіндіруші емес, оларды дамытушы және қайта қарастырушы екендігін негіздейді. Сондай-ақ американдық ғалым, Тафтс университетінің профессоры Рикардо Стробиноның да Ибн Сина философиясын зерттеуге қосқан үлесі зор. Профессордың «Авиценна ғылымының теориясы» (Avicenna’s theory of science) атты еңбегінде Ибн Синаның философиялық жүйесін, әсіресе оның ғылым туралы теориясы мен таным әдіснамасын терең талдайды. Бұл жұмыста Ибн Сина эпистемологиясы, атап айтқанда, білімнің табиғаты, абстракция процесстері және интеллекттің танымдағы рөлі қарастырылады. Ирандық ғалым, философия ғылымдарының докторы, Тегеран университетінің оқытушысы – Рида Биринджкардың «Ислам ілімдерімен танысу: калам, фалсафа және ирфан» атты еңбегі исламдық интеллектуалдық дәстүрдегі үш негізгі бағыт (калам, фалсафа және ирфанның) теориялық негіздерін, олардың тарихи қалыптасуын және әдіснамалық ерекшеліктерін жүйелі түрде қарастырады. Бұл еңбекте ғалым әрбір саланың негізгі кезеңдерін сипаттап қана қоймай, олардың көрнекті өкілдеріне және олардың еңбектеріне тоқталып, олардың ислам интеллектуалдық дәстүріндегі маңызын ашып көрсетеді. Сондықтан, бұл еңбектің диссертациялық зерттеуіміз үшін аса маңызды, себебі Ибн Синаның интеллектуалдық мұрасын фәлсафа дәстүрі аясында қарастыру үшін айқын негіздер аламыз. Ибн Синаның фәлсафасын отандық зерттеуші-ғалымдардан зерттегендер: Ә.Н. Нысанбаев, Н.С. Қирабаев, А.Х. Қасымжанов, Б.М. Сатершинов, Т.Х. Ғабитов, А.Ө. Тоқсамбаева, Н.Х. Жолмұхамедова, Г.Қ. Құрманғалиева. Соның ішінде академик, ғалым Ғарифолла Есім Ибн Синаны тек араб-мұсылман философиясының өкілі ретінде ғана емес, жалпы фәлсафа дәстүрінің маңызды өкілі ретінде зерттеу қажет деп есептейді. Ол өзінің «Фәлсафа тарихы», «Дүниетаным баяны» еңбектерінде фәлсафа ұғымының ерекшелігін атап көрсетіп, Орта ғасырларда қалыптасқан бұл философиялық бағыттың Жаңа заманға дейін маңызды рөл атқарғанын атап айтады. Академиктің пайымдауынша, еңбектерін араб тілінде жазған және мұсылман әлемінен шыққан ойшылдардың мұрасын «араб тіліндегі философия» немесе «араб философтары» деп атау жеткіліксіз. Себебі бұл ойшылдар өзіндік менталитеті мен ерекше танымдық жүйесі бар фәлсафа дәстүрінің өкілдері болып табылады. Осыған байланысты Ғарифолла Есім Ибн Синаны (Әл-Фараби, Әл-Кинди және т.б.) жалпы фәлсафа бағытының шеңберінде қарастыру қажеттігін негіздейді. Диссертациялық жұмыстың зерттеу нысаны – ортағасырлық араб-мұсылмандық ойдың құбылысы ретінде Ибн Синаның фәлсафалық жүйесі. Диссертациялық жұмыстың зерттеу пәні – Ибн Синаның «Данышнамэ» еңбегінде тұжырымдалған онтологиялық, логикалық және физикалық көзқарастар, олардың заманауи философиялық интерпретациялары мен рецепциялары. Диссертациялық зерттеу жұмысының мақсаты – Ибн Синаның «Данышнамэ» («Білім кітабы») еңбегінде баяндалған фәлсафаның негізгі идеяларын талдап, ортағасырлық араб-мұсылман ойының эволюциясына, сондай-ақ кейінгі еуропалық философиялық дәстүрдің қалыптасуына ықпал еткен теориялық маңызын айқындау. Аталған мақсатқа жету үшін келесі міндеттер қойылады: - Ибн Синаның фәлсафалық жүйесінің қалыптасуына әсер еткен тарихи және мәдени алғышарттарды талдап, ойшыл фәлсафасының негізгі қайнар көздерін анықтау және олардың өзара байланысын көрсету; - Ибн Синаның «Аш-Шифа» еңбегінің негізгі идеяларын, оның құрылымы мен мазмұнын анықтау; - Ибн Синаның «Данышнамэ» еңбегіндегі логика, дәлел және силлогистика ұғымдарын зерделеу; - Ибн Синаның онтологиялық тұжырымдарын зерттеу арқылы Мән мен Болмыс арасындағы айырмашылықты талдау; - «Данышнамэ» еңбегіндегі физикалық концепцияларды, яғни уақыт, кеңістік, қозғалыс категорияларының қасиеттері мен ерекшеліктерін айқындау; - Ибн Синаның «Данышнамэ» еңбегіндегі «болмыс» ұғымының заманауи философиядағы рецепцияларын зерделеу; - «Данышнамэ» еңбегіндегі «уақыт» категориясының қазіргі интерпретацияларын талдау; Зерттеудің әдістемесі. Ибн Синаның «Данышнамэ» еңбегі бойынша жүргізілген зерттеу жұмысында әдіснамалық негіз ретінде тарихи-философиялық, герменевтикалық, салыстырмалы-философиялық, концептуалдық және аналитикалық әдістер қолданылды. Тарихи-философиялық әдіс Ибн Синаның фәлсафалық жүйесінің генезисін, оның қалыптасуына әсер еткен саяси-әлеуметтік, мәдени және интеллектуалдық дәстүрдің сабақтастығын талдауға жол ашты. Герменевтикалық тәсіл «Данышнамэ» мәтінін терең түсіну үшін, категориялардың семантикалық құрылымын талдау үшін мүмкіндік берді. Салыстырмалы-философиялық әдіс арқылы қазіргі заман философтарының ойлары мен заманауи ғылыми теориялармен Ибн Синаның фәлсафалық категорияларын салыстыруға бағытталды. Концептуалдық әдіс негізгі фәлсафалық категориялардың өзара байланысы мен жүйелік құрылымын талдау үшін маңызды. Аналитикалық әдіс нақты фәлсафалық тұжырымдардың логикалық дәйектілігін тексеруге, онтологиялық мәнін анықтауға мүмкіндік берді. Зерттеу тақырыбының ғылыми жаңалығы. Ибн Синаның «Данышнамэ» еңбегіне философиялық талдау жүргізіліп, ойшыл фәлсафасының басты концептілері заманауи философиялық дискурс контекстінде түсіндірілді. 1. Ибн Синаның фәлсафалық көзқарастарының қалыптасуына ықпал еткен саяси-әлеуметтік, интеллектуалдық және мәдени факторлар зерделенді. Зерттеуде Ибн Синаның негізгі идеялары мен концепциялары әр түрлі ойлау дәстүрлер арасындағы байланыстың нәтижесінде қарастырылып, олардың синтездік сипаты дәлелденді. Ойшылдың метафизика, логика және физика салаларындағы көзқарастарының қалыптасуы мен трансформациясы осы интеллектуалдық дәстүрлердің өзара ықпалдастығы аясында талданды; 2. Зерттеуде «Аш-Шифа» еңбегіндегі негізгі фәлсафалық ұстанымдар мен олардың өзара байланысын жүйелі түрде қарастырылды. Бұл еңбек энциклопедиялық еңбек ретінде емес, тұтас фәлсафалық жүйе ретінде зерделенді. Ибн Синаның бұл еңбекте антикалық философия өкілдерінің идеяларын концептуалдық негізде қабылдағаны, интерпретациялағаны және жаңа теориялық тұжырымдар жасағаны дәйектелді; 3. Ибн Синаның дәлелдеу теориясы логикалық тұжырымдаудың сенімділік деңгейін анықтау құралы ретінде зерттеліп, оның Аристотельдік логикадағы дәлелдеумен ұқсастықтары мен айырмашылықтары сараланды. Ойшыл енгізген дәлелдердің иерархиялық құрылымы талданды. Ибн Сина силлогизмдердің қажеттілік (дұрыстық деңгейі) пен мағыналық тереңдігі тұрғысынан ерекшеленетін жаңа типтерін ұсынатыны анықталды. 4. «Данышнамэ» мәтіні негізінде Ибн Синаның метафизикалық қағидалары қарастырылып, болмыс пен мән ұғымдарының өзара қатынасы антикалық философиялық дәстүрімен сабақтастығы зерттелінді. Ибн Сина фәлсафасындағы Мән мен Болмыстың айырмашылығы онтологиялық деңгейде түсіндіріліп, оның метафизикалық ілімдегі орны негізделді; 5. Ибн Синаның физикалық концепцияларының, оның ішінде уақыт, кеңістік және қозғалыс категориялары негізделіп, басқа компоненттермен байланысы зерттеленді. Зерттеу барысында Ибн Синаның қозғалыс, уақыт және кеңістік ұғымдарының табиғатын түсіну, сондай-ақ оның өзара байланыстарын ашу тәсілдері айқындалды; 6. Ибн Синаның «болмыс» ұғымының заманауи рецепциялары талданып, Д. Баррэл, Д.Гутас, Ж. Жоливе, Т. Ибрагим және А.В. Сагадеевтің интерпретацияларымен және онтологиялық тұжырымдары М. Хайдеггер, М. Бубер және П. Тиллихтің концепцияларымен салыстырылып, олардың арасындағы онтологиялық үйлесім мен айырмашылықтар зерттелді. 7. «Данышнамэ» еңбегіндегі уақыт концепциясы қазіргі философиялық және ғылыми теориялармен салыстырмалы түрде талданып, оның акциденттік және реляциялық табиғаты, қозғалыспен онтологиялық байланысы негізделді. А. Эйнштейн, Дж. Уитроу және Т. Маудлин идеялары бойынша жүргізілген салыстырмалы талдау Ибн Синаның уақыт туралы көзқарасының бүгінгі онтологиялық дискурстағы өзектілігі айқындалды. Қорғауға ұсынылатын ғылыми тұжырымдар: 1.Ибн Синаның фәлсафалық жүйесі оның өмір сүрген саяси-әлеуметтік, интеллектуалдық және мәдени ортасының ықпалымен қалыптасты. Ол логика мен метафизикада Аристотель іліміне сүйеніп, оны неоплатондық эманация доктринасымен үйлестірді. Әл-Фараби мен Әл-Киндидің ғылымдарды жүйелеу тәсілдері ойшылға әсер етсе, муғтазилиттік рационализмнің қағидаларын қабылдай отырып, таным теориясында ақылдың шешуші рөлін ерекше айқындады. Осы тұрғыдан алғанда, Ибн Синаның фәлсафасы Аристотельдің логикалық категориялары, неоплатондық болмыс доктринасы және мұсылмандық эсхатологияның синтезі болып табылады. 2.«Аш-Шифа» еңбегінде Ибн Сина фәлсафаны энциклопедиялық деңгейде жүйелеп, антикалық философияның негізгі концепцияларын ислам интеллектуалдық дәстүрмен сабақтастыра қайта қарастырды. Логика саласында ойшыл таным үдерісін сезімдік қабылдаудан абстрактілі интеллектке дейінгі сатыларға бөлді. Болмыс мәселесінде ол Аристотельдің кейбір қағидаларын өзгертіп, оларды «уәжиб әл-вуджуд» тұжырымдамасы арқылы жүйеледі. Платонның жанның өлмейтіндігі туралы идеясын қабылдап, жанды бөлінбейтін әрі жойылмайтын субстанция ретінде онтологиялық тұрғыда дәлелдеді. 3. Ибн Сина дәлел мен силлогизмдерді дәстүрлі аристотельдік формада қарастырғанымен, оларды мазмұндық және танымдық тұрғыдан жіктеп, жаңаша интерпретациялады. Ол дәлелдің (бурхан) үш деңгейін айқындап, тек алғышарттары ақиқатқа негізделген силлогизмді сенімді таным құралы ретінде бағалады. Ибн Сина силлогизмдерді рационалды интуициямен (худс) байланыстыра отырып, ақылдың белсенді рөлін ерекше көрсетті. 4. «Данышнамэнің» метафизика бөлімінде Ибн Сина болмыс (вужуд) пен мәннің (махия) арасындағы қатынасты талдау арқылы болмыс пен мәнді бір-біріне тәуелсіз екі талдау категориясы ретінде қарастырды. Мәннің шынайылыққа айналуы тек болмыспен ұштасқанда ғана мүмкін болатынын негіздейді. Ибн Синада «мүмкін болмыс» (әл мумкин) – бар болуы да, бар болмауы да өз мәнінен туындамайтын, сондықтан сыртқы себеп арқылы жүзеге асатын реалдылықты білдіреді. Ал «қажетті болмыс» (әл-уәжіб әл-вуджуд) – бар болуы өзінің табиғатынан туындайтын, ешқандай сыртқы себепке тәуелсіз абсолютті субстанция (Құдай) ретінде анықталады. Сәйкесінше, болмыстың мүмкін және қажетті түрлері жөніндегі ілім Ибн Синаның метафизикалық жүйесінің іргелі принциптерін құрайды деп тұжырымдаймыз. 5. Ибн Сина уақыт, кеңістік және қозғалыс туралы ілімін физикалық құбылыс ретінде ғана емес, онтологиялық, гносеологиялық құрылым ретінде қарастырды. Уақытты өзгеріс пен қозғалыстың үздіксіз, әрі сандық түрде өлшенетін, кеңістікті денеліліктің ажырамас қасиеті ретінде, ал қозғалысты себеп-салдарлық байланыстарға негізделген динамикалық үрдіс ретінде анықтауы ойшылдың фәлсафалық-физикалық жүйесінің концептуалдық тұтастығын дәлелдейді деп бағамдаймыз. 6. Заманауи зерттеушілер (Д. Баррэл, Д. Гутас, Ж. Жоливе, Т. Ибрагим, А.В. Сагадеев) Ибн Синаның болмыс категориясын әртүрлі әдіснамалық тұрғыдан талдап, оның метафизикалық, гносеологиялық, герменевтикалық және мәдени-тілдік қырларын ашты. Мәселен, Д.Баррэл «уәжиб әл-вуджуд» концепциясын Құдайды болмыстың өзі ретінде сипаттайтын теологиялық негіз деп түсіндірсе, Р.Висновски оны М.Хайдеггердің онтологиялық айырмашылығымен салыстырады. Д.Гутас болмысты рационалды-эпистемологиялық тұрғыдан пайымдаса, Т. Ибрагим ибда’ ұғымын уақыт пен материядан тыс жаратылыс формасы ретінде негіздейді. 7. Ибн Синаның уақытты қозғалыстың өлшемі әрі реляциялық құрылымы ретінде түсіндіруі қазіргі ғылыми-философиялық интерпретациялармен салыстырмалы түрде қарастырғанда үйлесімді екен деп анықтаймыз. Атап айтқанда, А.Эйнштейннің салыстырмалылық теориясы, Дж.Уитроудың уақыттың көпқырлылығы жайлы тұжырымы және Т.Маудлиннің уақыттың өтуі туралы онтологиялық ұстанымы Ибн Сина көзқарастарымен үндес келеді. Осы ұқсастықтарды бағамдай отырып, ойшылдың уақыт жөніндегі көзқарасы бүгінгі күнде де өз өзектілігін сақтағанын айғақтаймыз. Зерттеудің теориялық маңыздылығы – диссертацияның нәтижелері мен қорытындылары қазақстандық ғылыми кеңістікте әлеуметтік-гуманитарлық және сабақтас философиялық салалардың мамандары үшін Ибн Синаның «Данышнамэ» еңбегіндегі философиялық категорияларды, оның логикалық, метафизикалық және физикалық ілімін әрі қарай зерттеуге теориялық негіз бола алады. Практикалық маңыздылығы – зерттеу жұмысының нәтижелері жоғары оқу орындарында философия тарихы, тарих, мәдениеттану саласында оқып жатқан студенттер, магистранттар үшін пайдалы болады. Диссертациялық жұмыста анықталған ойшылдың білімге деген жүйелілік әдістері студенттерде аналитикалық ойлау, логикалық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік береді. Ибн Сина танымның құралы ретінде логиканы пайдалануы заманауи ғылыми зерттеулерде пайдалы болмақ. Ойшылдың фәлсафасы Шығыс және Батыс ойлау дәстүрі арасындағы көпір болғандықтан заманауи жаһандану әлеміндегі түсіністік, толеранттылық сынды қасиеттерді дамытуға көмек береді. Жалпы Ибн Сина фәлсафасының тәжірибелік маңызы ол оның универсалды сипаты мен заманауи өмірдің әр түрлі салаларында (білім беру, ғылым, саясат, мәдениаралық диалог) қажеттігінде болып табылады. Ойшылдың идеялары адамзат алдында тұрған өзекті мәселелерді шешуде құнды, сарқылмас қайнар көз болады. Диссертациялық жұмыс нәтижелерінің апробациясы. Диссертациялық жұмыс бойынша барлығы 8 ғылыми мақала жарық көрді: 4 мақала уәкілетті орган ұсынған отандық ғылыми басылымдарда, 1 мақала Web of Science Core Collection және Scopus деректер базасына енген шет елдік басылымда, 3 мақала халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялар материалдары жинақтарында. Диссертациялық жұмыстың көлемі мен құрылымы. Диссертация кіріспе, үш тарау, жеті бөлім, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады. Диссертациялық жұмыстың жалпы көлемі – 154 бет. Пайдаланылған әдебиеттер саны – 157.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://www.youtube.com/watch?v=AMbmvdqMpJU
