
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Жангалиева Айнур Рашидовна «8D02201 – Философия» білім беру бағдарламасы бойынша «Қазақ фәлсафасындағы кеңістік пен уақыт мәселесі» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Философия кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Алтаев Джакипбек – философия ғылымдарының докторы, профессор, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, философия кафедрасының профессоры (Алматы қ. , Қазақстан Республикасы);
Абуов Айдар Паркулович – философия ғылымдарының докторы, «Эталон» ғылыми зерттеу институтының директоры (Астана қ. , Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Сағиқызы Аяжан – философия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҒЖБМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институтының бас ғылыми қызметкері, (Алматы қ. , Қазақстан Республикасы);
Тулеубеков Асыл Серикович – философия ғылымдарының кандидаты, Maqsut Narikbayev University, Жалпы білім беру пәндері департаментінің қауымдастырылған профессоры (Астана қ, Қазақстан Республикасы);
Аликенова Кульпан Нургазиевна – философия ғылымдарының кандидаты, доцент, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті, философия кафедрасының қауымдастырылған профессоры (Астана қ, Қазақстан Республикасы)
Ғылыми кеңесшілері:
Ғарифолла Есім – философия ғылымдарының докторы, профессор, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, философия кафедрасының профессоры (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Рахматуллина Зугура Ягануровна – философия ғылымдарының докторы, профессор, РҒА Уфа федоралды ғылыми зерттеу орталығының «Тарих, тіл және әдебиет» институтының ғылыми қызметкері (Уфа қ., Ресей).
Қорғау 2026 жылғы 24 маусым, сағат 11:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D02201 – Философия» мамандығы бойынша «8D022 – Гуманитарлық ғылымдар» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі онлайн форматта өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: https://clck.su/ueboT
Мекен-жайы: Астана қ., Қ. Сатпаев көшесі, 2, ОӘК корпусы, 302 кабинет
Аңдатпа (қаз.): Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Зерттеу қазақ фәлсафасы аясындағы кеңістік пен уақыт ұғымдарын кешенді талдауға арналған. Диссертацияда қазақ фәлсафасының әлемдік философиялық ойға қосқан өзіндік үлесін айқындау мақсатында кеңістік пен уақыт категорияларының қазақ халқының мәдени және әлеуметтік болмысын қалыптастырудағы рөліне ерекше назар аударылады. Диссертант кеңістік пен уақыт ұғымдарының қазақ қоғамының фәлсафалық және мәдени негіздерін қалыптастырудағы маңызын көрсетеді. Зерттеу барысында теориялық талдау жүргізіліп, кеңістік пен уақыттың өзара байланысы мен олардың қазақ фәлсафасындағы ерекшеліктері анықталған. Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Кеңістік пен уақыт ұғымдары ежелгі дәуірден бері философиялық ойдың өзекті мәселелерінің бірі болып келеді. Ғасырлар бойы философтар өткенді, бүгінді және болашақты өлшеу үшін уақыт ұғымына көңіл бөлген, ал уақыт пен кеңістік мәселесінің ғылыми сипаттамасы Аристотель тұжырымдаған «болмыс» ұғымымен байланысты болды. Кеңістік пен уақыт философия, физика, әлеуметтану және мәдениеттану сияқты ғылыми пәндерді және салаларды байланыстыратын ортақ мәселе болып саналады. Әрбір мәдениет пен ұлттың кеңістік пен уақыттың табиғаты туралы өзіндік заңдылықтары, ойлары, түсініктері бар және олар өзара ерекшеленеді. Кеңістік пен уақыт философиясы адам ойының ең терең және әмбебап салаларының бірі ретінде философияда әрқашан орталық орын алады. Осының негізінде ол келесі сұрақтарға жауап беруге тырысады: кеңістік пен уақыт дегеніміз не? олар бір-бірімен қалай байланысты және олар біздің өмірімізге және жалпы әлемді түсінуге қалай әсер етеді? Бұл сұрақтардың философия үшін ғана емес, сонымен қатар әртүрлі халықтар мен ұлттар үшін терең мәдени, діни және эмпирикалық маңызы бар. Қазақстан бай тарихи мұрасы мен бірегей географиялық жағдайы бар ел ретінде ғасырлар бойы әртүрлі мәдени және діни толқындардың ықпалында болды. Бұл оның кеңістік пен уақыт философиясын зерттеуге қызығушылығын арттырды. Исламның, түркі халықтарының дәстүрлері мен шаманизмнің үйлесуі қазақтардың философиялық ойында көрініс тапқан бірегей дүниетанымның қалыптасуына әсер етті. Қазақ елі өз тарихымен, мәдениетімен және салт-дәстүрімен кеңістік пен уақыт туралы түсініктерді зерделеу үшін түрлі көзқарастарды ұсынады. Мұндай зерттеу тек қазақ фәлсафасын ғана емес, сонымен қатар қазақ мәдениеті мен бірегейлігін жақсы түсінуге ықпал етеді. Кез келген халықтың, ұлттың даму жолында кеңістік пен уақыт категорияларының заңдары, өзіндік түсініктері, сонымен қатар ерекшеліктері бар. Бұл маңызды екі категория адам ойының терең және универсалды бөлімі ретінде философия ғылымының ерекше тақырыбы болып табылады. Бұл ретте уақыт пен кеңістік дегеніміз не? екі ұғым бір-бірімен қалай байланысады? олар адам өмір сүріп отырған ортада әлемді түсінуге қалай әсер етеді? сынды сұрақтардың ғылымда ғана емес, әртүрлі халықтардың діні, ділі, дәстүрі толығымен мәдениеті үшін де маңызы тереңде. Қазақ елі тарихи мұрасы мол, географиялық жағдайы әралуан және діни, мәдени, саяси қақтығыстардың ықпалында біраз уақыт болғаны тарихтан белгілі. Бұл мәселенің тек философия ғылымында емес, басқа гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдары үшін де маңызды екені белгілі. Сондықтан елімізде уақыт пен кеңістік ұғымдарын зерттеп, мәнін ашуға қызығушылықтың арта түсетінін мойындау керек. Мұсылман елі үшін асыл дін болып есептелетін ислам дінінде түркілер мен ескі діни сенімнің араласып, үйлесіп кетуі қазақ елінің фәлсафалық ұғымында тұрақты дүниені тануына әсер етті. Қазақ халқы өз тарихымен, мәдениетімен және салт-дәстүрімен, наным-сенімдерімен кеңістік пен уақыт туралы түсініктерді зерделеу үшін түрлі көзқарастарды ұсынады. Мұндай зерттеу тек қазақ фәлсафасын ғана емес, сонымен қатар қазақ мәдениеті мен бірегейлігін жақсы түсінуге ықпал етеді. Әлемдік философиядағы кеңістік пен уақытқа деген елеулі қызығушылыққа, бұл тақырыпқа арналған жұмыстардың көптігіне қарамастан, оларды қазақ фәлсафасында қабылдаудың ерекшелігі жеткілікті зерттелмеген күйінде қалып отыр. Осы тұжырымдамалардың қазақ халқының мәдени бірегейлігі мен әлеуметтік құрылымдарының қалыптасуына әсерін зерттеу қажеттігін көрсетеді. Туындаған мәселеге және зерттеу өзектілігіне байланысты «Қазақ фәлсафасындағы кеңістік пен уақыт мәселесі» диссертациялық тақырыбы таңдалды. Зерттеу нысаны: қазақ фәлсафасы аясындағы кеңістік пен уақыт тұжырымдамалары. Бұған қазақ халқының осы ұғымдарға деген бірегей көзқарасын бейнелейтін философиялық идеялар, мәдени дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар кіреді. Нысан жазбаша жұмыстардан бастап ауызша әңгімелерге, соның ішінде аңызға, поэзияға және фольклорға дейінгі көптеген материалдарды қамтиды, бұл қазақ халқының кеңістік пен уақытты қалай қабылдайтынын және түсіндіру ерекшеліктерін зерделеуге бағытталады. Зepттey пәнi: қазақ халқының мәдени және әлеуметтік ерекшеліктерін қалыптастыруға кеңістік пен уақыт туралы философиялық ұғымдардың өзара байланысы мен әсері. Тарихи, мәдени және діни факторлардың қазақ фәлсафасындағы кеңістік пен уақыт туралы ойларды қалыптастыруға қалай ықпал еткенін зерделеуге, сондай-ақ жаһандану мен мәдени өзгерістер жағдайында осы тұжырымдамалардың заманауи түсіндірмелерін талдауға ерекше назар аударылады. Диссертациялық зерттеудің мақсаты: қазақ фәлсафасындағы кеңістік пен уақыт мәселесін кешенді зерттеу, сондай-ақ олардың қазақ халқының мәдени және әлеуметтік ерекшеліктерін қалыптастыруға әсерін анықтау. Аталған мақсатқа жету үшін келесі міндеттер қойылады: - Философиядағы кеңістік пен уақытқа байланысты негізгі теориялық көзқарастарды зерделеу; - Философия мен фәлсафадағы кеңістік пен уақыт мәселесін салыстырмалы талдау; - Қазақ ойшылдарының кеңістік пен уақыт туралы тұжырымдарын зерттеу; - Қазақ фәлсафасындағы кеңістік пен уақыт мәселесін талдауда қолданылатын ұғымдық-әдіснамалық негіздерді айқындау және оларды қазіргі философиялық зерттеу тәсілдерімен сабақтастыра қарастыру; - Кеңістік пен уақыт ұғымдарының қазақ фәлсафасында қазіргі заман ұғымында қалай көрінетінін зерделеу және оның қазақ халқының қазіргі әлеуметтік және мәдени өміріне әсерін анықтау. Зерттеу әдістері. Ғылыми жұмысты орындау барысында төмендегі зерттеу әдістер қолданылды: - Тарихи-философиялық талдау. Бұл әдіс зерттеу барысында негізгі әдістердің бірі ретінде қолданылып, кеңістік пен уақыт ұғымдарының философия тарихындағы қалыптасуы мен даму эволюциясын зерделеуге мүмкіндік береді. - Тарихи-мәдени талдау. Бұл әдіс қазақ халқының тарихи және мәдени ерекшеліктерінің кеңістік пен уақыт туралы түсініктерге ықпалын анықтауға бағытталды. -Лингвомәдени талдау. Бұл әдіс философиялық, фәлсафалық, дүниетанымдық көркем мәтіндердегі кеңістік пен уақытқа қатысты тілдік бірліктердің ұлттық-мәдени мазмұнын, олардың қазақ дүниетанымындағы концептуалдық мәнін айқындауға мүмкіндік береді. - Салыстырмалы талдау. Бұл әдіс батыс философиясы мен қазақ фәлсафасындағы кеңістік пен уақыт категорияларын салыстыру үшін, сондай-ақ осы ұғымдардың ерекшеліктерін салыстырмалы сипаттау үшін қолданылды. - Герменевтикалық талдау. Бұл әдіс философиялық мәтіндерді түсіндіру барысында қолданылды. Диссертация тақырыбының зерттелу деңгейі. Кеңістік пен уақыт мәселесін зерттеу аясында бірнеше негізгі дереккөз топтарын ажыратуға болады. Бұл дереккөз топтары жұмыстың теориялық негізі ретінде қызмет етеді және қарастырылып отырған мәселелерге жан-жақты талдау жасайды. Дереккөздердің бірінші тобына классикалық философиялық трактаттар мен кеңістік пен уақыт ұғымдарын талдауға арналған заманауи философиялық жұмыстар кіреді. Олардың қатарына Аристотель мен Платон сияқты ежелгі философтардың еңбектері, ортағасырлық ойшылдардың еңбектері, сондай-ақ кеңістік пен уақытты түсінудің әртүрлі теориялық тәсілдерін талқылайтын ХХ және ХХІ ғасырлардағы ғылыми басылымдар жатады. Бұл дереккөздер тобы жалпы философиялық ұғымдарды және зерттелетін ұғымдардың әртүрлі түсіндірмелерін түсінуге негіз болады. Дереккөздердің екінші тобы мұсылман дүниетанымы мен мәдениетіндегі кеңістік пен уақыттың рөліне бағытталған арнайы зерттеулерді қамтиды. Ол мұсылман елдеріндегі кеңістік пен уақыт туралы ғылыми және философиялық идеялардың дамуына әсері туралы еңбектерді талдауды қамтиды. Бұл дереккөздер тобы аталған ұғымдарды қабылдаудың ерекшеліктерін ислам діні аясында зерделеуге көмектеседі. Дереккөздердің үшінші тобы классикалық және заманауи мәтіндерді, соның ішінде философиялық жұмыстарды, әдеби шығармаларды, сондай-ақ ауызша халықтық дәстүрлерді, аңыздарды талдай отырып, қазақ мәдениеті мен философиясына назар аударады. Бұл топқа мыналар кіреді: - кеңістік пен уақыт мәселелерін қарастыратын қазақ фәлсафасының тарихы бойынша зерттеулер; - қазіргі қазақ ойшылдарының жаһандану және қазіргі әлеуметтік өзгерістер жағдайындағы кеңістік пен уақытты түсінудегі өзгерістерді талқылайтын жұмыстары. - кеңістік пен уақыт ұғымдарының қазақтардың күнделікті өміріне қалай әсер ететінін сипаттайтын әлеуметтік антропология және мәдениеттану бойынша зерттеулер. Шетелдік авторлардан кеңістік пен уақыт мәселесін A. Grünbaum, S. Baron, K. Miller, S.E. Power, N. Huggett, P.A. Heelan, E. Grosz, J. Malpas, A. Bunnag, S. Secundant, A. Oriekhova, Y.F. Tuan, T. Schatzki, W.H. Newton-Smith, S. Hawking, R. Penrose, т.б. ғалымдар зерттеген. Отандық авторлардан О.А. Сегізбаев, Д.Қ. Кішібеков, Ә. Нысанбаев, Ж.М. Әбділдин, А. Сейдімбек, А.Х. Қасымжанов, Ғарифолла Есім, М.С. Орынбеков, А. Қасабек, Т.Х. Ғабитов, С.Е. Нұрмұратов, Ж.А. Алтаев, Б.М. Сатершинов, Т.Х. Рысқалиев, С. Раев, А.Е. Абдрахманова, Г.Ж. Нұрышева, К.А. Медеуова, С.Ж. Сапарғалиева, т.б. ғалымдар өз еңбектерінде кеңістік пен уақыт ұғымдарын зерделеген. Негізгі ережелері. Бұл диссертациялық зерттеуде кеңістік пен уақыт ұғымдарының философиялық, фәлсафалық, дүниетанымдық мәні, олардың тарихи-теориялық эволюциясы, әртүрлі мәдени-философиялық жүйелердегі интерпретациясы мен қабылдануы кешенді түрде қарастырылды. Әсіресе қазақ фәлсафасындағы кеңістік пен уақытты түсіну ерекшеліктері мен олардың болмыстық, мәдени және рухани өлшемдері терең сарапталды. Зерттеудің алғашқы бөлімінде кеңістік пен уақыт ұғымдарының батыс философиясындағы онтологиялық және эпистемологиялық негіздері, олардың антикалық философиядан бастап қазіргі заманғы ғылымға дейінгі және қазақ халқының фәлсафалық, дүниетанымдық кезеңдері, ислам дініне дейінгі көшпелі мәдениет пен ислам діні пайда болған кезеңдегі даму логикасы баяндалды. Бұл ұғымдардың әртүрлі философиялық мектептердегі (антикалық, классикалық, феноменологиялық, постмодерндік және т.б.) түсіндірілуі олардың әмбебап әрі күрделі сипатқа ие екенін көрсетті. Екінші бөлімде қазақ дүниетанымындағы кеңістік пен уақыт түсінігінің ерекшеліктері қарастырылып, оған батыстық түсінікпен салыстырмалы-мәдениетарлық, салыстырмалы және герменевтикалық талдау жүргізілді. Қазақ фәлсафасында кеңістік пен уақыт адамның табиғатпен, қауыммен және ата-баба рухымен өзара әрекетінің негізі ретінде тіршіліктің рухани-мәдени құрылымы ретінде көрініс табатыны анықталды. Уақыт маусымдық ырғақпен, кеңістік қасиеттілік, мекен және көш үдерістерімен байланысты. Бұл ұғымдар ұжымдық жадыны, салт-дәстүр мен өмір салтын сақтаудың және берудің тірек жүйесі қызметін атқарады. Зерттеудің үшінші кезеңінде қазақ фәлсафасындағы кеңістік пен уақыттың бірлігіне негізделген заман ұғымы талданып, оны қазіргі философиялық теориялармен (феноменология, салыстырмалық теориясы) ұштастыру жолдары ұсынылды. Сонымен қатар кеңістік пен уақытты қабылдауға ықпал ететін тарихи, саяси, әлеуметтік факторлар мен олардың қазіргі кезеңдегі трансформациясы зерделенді. Жүргізілген зерттеу жұмыстары бойынша төмендегідей тұжырымдар жасалды: 1. Қазақ фәлсафасындағы кеңістік пен уақыт ұғымдары дербес категориялар емес, өзара ажырамас бірлікте қарастырылатын дүниетанымдық тұтастық екендігін атау қажет. Зерттеу барысында кеңістік пен уақыт категорияларының мәдениетаралық және тарихи қабылдануының маңыздылығы, олардың қоғамның рухани құрылымын, әлеуметтік ырғағын, таным формаларын және өзіндік бірегейлігін қалыптастырудағы шешуші рөлі айқындалды. 2. Қазақ дүниетанымындағы кеңістік ұғымы географиялық шеңберден тыс әлеуметтік, мәдени және символдық мәндермен сабақтасқан көпдеңгейлі құрылым ретінде айқындалды. Көшпелі өмір салты кеңістікті игерудің динамикалық сипатын қалыптастырып, халықтың тарихи қозғалысы арқылы аймақтардың табиғи-географиялық, әлеуметтік-мәдени және саяси ерекшеліктеріне ықпал еткені негізделді. Бұл үдеріс этномәдени тәжірибе мен білім алмасудың кеңеюіне, мәдени әртүрліліктің қалыптасуына әсер етті. Соның нәтижесінде кеңістік пен уақытты қабылдау табиғатпен үйлесімді тіршілік ету тәжірибесімен және рухани құндылықтар жүйесімен өзара байланыста қалыптасқаны дәлелденді. 3. Ислам қазақ халқының дүниетанымына және оның кеңістік пен уақытқа деген көзқарасына айтарлықтай әсер етті. Ислам дінінің келуі қазақ жеріндегі діни дәстүрлер мен жоралғылар, мерекелер қазақ мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналды. Мысалы, қатаң белгіленген уақыт шеңберімен реттелетін намаз, ораза, айт рәсімдері уақытқа деген ерекше көзқараспен орындалады. Мұсылмандық дүниетанымның қазақ мәдениетіндегі кеңістік пен уақыт арасындағы байланысын зерттеу халықтың тарихи және рухани дамуын жақсы түсінуге ықпал етеді. 4. Қазақ фәлсафасында кеңістік пен уақыт мәселесі «заман» категориясы негізінде тұтас философиялық жүйе ретінде қарастырылды. «Заман» ұғымының уақыттық өлшеммен қатар кеңістіктік, рухани және аксиологиялық мазмұндарды біріктіретін кешенді сипатқа ие екені айқындалды. Қазақ дүниетанымындағы «бейбіт заман», «кер заман», «тар заман», «ақырзаман» сияқты ұғымдардың уақытты сандық емес, сапалық тұрғыдан жіктеудің көрініс екені негізделді. Тәуелсіздік кезеңіндегі ұлттық жаңғыру үдерісі мәдени бірегейлікті нығайта отырып, кеңістік пен уақыт категорияларының заманауи интерпретациясын айқындайтын маңызды фактор ретінде тұжырымдалды. 5. Қазақ фәлсафасындағы кеңістік пен уақыт категориялары мәдени бірегейлікті сақтаудың және ұрпақаралық сабақтастықты қамтамасыз етудің маңызды ұғымдары ретінде қызмет атқарады. Қазіргі жаһандану жағдайында қазақ дүниетанымындағы кеңістік пен уақыт түсініктері әлеуметтік-мәдени трансформацияларды түсіндіруде әмбебап әдіснамалық әлеуетке ие екендігі көрсетілді. 6. Бүгінгі технологиялық прогресс қоғамдағы кеңістік пен уақытты қабылдауға едеуір ықпал етеді. Ең алдымен, коммуникация құралдары мен байланыс технологияларының дамуы кеңістікті қысқартады, бұл әлемдік кеңістікті қолжетімді және өзара байланысты етеді. Әртүрлі мәдениеттер мен қоғамдар арасындағы өзара әрекеттестіктің өзгеруі кеңістік пен уақытты қабылдауға, соның ішінде тарихи өткенге және болашаққа деген көзқарастарға әсер етуі мүмкін. Осы негізде жаһанданудың фәлсафадағы кеңістік пен уақытқа әсерін зерттеу жаһандық әлемнің заманауи, мәдени және философиялық түсініктердегі өзгерістердің себептері мен салдарын тереңірек түсінуге көмектеседі. Бұл тұжырымдар кеңістік пен уақыт мәдени мұра мен ұлттық сананы қалыптастырудың маңызды құрамдас бөлігі болып табылатын философияның жан-жақтылығын көрсетеді. Олар мәдениеттің қоршаған әлеммен, тарихпен және қазіргі заманмен байланысын, сондай-ақ бірегей құндылықтар мен тұрақты дәстүрлерді қалыптастыруды түсінуге жағдай туғызады. Зерттеудің негізгі нәтижелерінің сипаттамасы. Зерттеу нәтижелерінің дұрыстығы мен негізділігі философиялық еңбектерді, тарихи құжаттарды, әдеби шығармаларды және ғылыми зерттеулерді, көптеген дереккөздерді мұқият талдаумен нығайтылады. Салыстырмалы әдіс, тарихи-мәдени, тарихи-философиялық, лингвомәдени сияқты әртүрлі зерттеу әдістерін қолдану зерттелетін тақырыпты жан-жақты қамтуға мүмкіндік береді. Алынған деректерді қолданыстағы теориялармен және алдыңғы зерттеулермен салыстыру арқылы одан әрі күшейтіледі, бұл тұжырымдалған гипотезалардың расталуын қамтамасыз етеді. Түрлі көздерден алынған ақпаратты берілген әдістер бойынша талдау нәтижелердің жаңалығы мен маңыздылығына кепілдік береді. Кеңістік пен уақыт мәселесін зерттеу аясында бірнеше негізгі дереккөз топтарын ажыратуға болады. Бұл дереккөздер топтары жұмыстың теориялық негізі ретінде қызмет етеді және қарастырылып отырған мәселелерге жан-жақты талдау жасайды: - Қазақ фәлсафасындағы кеңістік пен уақыт бірлігі алғаш рет жүйеленіп, диссертация тақырыбы тарихи-мәдени, тарихи-философиялық, лингвомәдени, салыстырмалы-философиялық және герменевтикалық талдау арқылы зерттеліп, олардың этникалық дүниетанымдағы ерекшеліктері мен қоғамдық мәні ғылыми тұрғыдан дәлелденді. - Қазақ дүниетанымы мифологиялық, көшпенділік, жалпы түркі мәдениетімен тығыз байланыста кешенді түрде қарастырылып, негізгі сипаттамалары анық көрсетіліп, тарихи және қазіргі кезеңдегі этностық құндылықтық басымдықтары айшықталды. - Қазақ дүниетанымындағы «кеңістік» ұғымы тек географиялық ұғым емес, әлеуметтік, мәдени және символдық мәні бір ұғым екендігі айқындалды. - Қазақ фәлсафасындағы «уақыт» түсінігінің сызықтық емес, циклдік және тәжірибелік сипатта қалыптасатыны жүйелі түрде айшықталып, оның табиғи ырғақтармен және тарихи жадпен сабақтастығы дәлелденді. - Қазақ фәлсафасындағы кеңістік пен уақыт ұғымдарының мәдени бірегейлікті сақтау мен ұрпақаралық сабақтастықты қамтамасыз етудегі ролі концептуалдық деңгейде негізделіп, дәстүрлі түсініктердің интерпретациясы ұсынылды. - Философия мен фәлсафадағы кеңістік пен уақыт категорияларының ұқсастықтары мен айырмашылықтары салыстырмалы-философиялық талдау негізінде жүйелі түрде айқындалды. Алынған нәтижелердің жаңашылдығы. Жүргізілген зерттеу нәтижесінде бірқатар маңызды ғылыми тұжырымдар жасалды: 1. Қазақ халқының фәлсафалық ойының қалыптасуы мен дамуы, тарихи-мәдени ерекшеліктері мен көшпелі өмір салтының кеңістік пен уақыт түсініктерін қалыптастырудағы дүниетанымдық, онтологиялық және гносеологиялық ықпалы фәлсафалық тұрғыда дәлелденді. Қазақ фәлсафалық ойы мен түркілік кезең эволюциясына тарихи-философиялық, тарихи-мәдени, герменевтикалық талдау жасау арқылы кеңістік пен уақыт категорияларының қоғамдық маңызы айқындалды. 2. Қазақ мифологиясын түркі мәдениетімен бірлікте қарастыра келіп, көшпенділік, жалпы түркі мәдениетімен тығыз байланысы кешенді түрде зерттеліп, космологиялық, космогониялық мифтердің табиғаты ашылды. Қазақ мифологиясының зерттеп отырған жұмысымызға байланысты материалдарды жүйелі түрде жинақталып, мағыздылығы сараланды. 3. Негізгі нысан ретінде таңдалған зерттеу тақырыбымыздағы қазақ халқының фәлсафалық ойының дамуы мен қалыптасуы және батыс философиясы, шығыс және мұсылман дүниетанымындағы негізгі көзқарастар мен ұғымдар тарихи-мәдени, лингвомәдени, тарихи-философиялық, салыстырмалы және герменевтикалық талдау арқылы зерттеліп, олардың этникалық дүниетанымдағы ерекшеліктері мен қоғамдық мәні ғылыми тұрғыдан дәлелденді. 4. Қазақ дүниетанымы көшпенділік, жалпы түркі мәдениетімен тығыз байланыста екені кешенді түрде зерттеліп, негізгі сипаттамалары анықталып, әр халықтың рухани мұрасы әлемдік мәдениеттің байлығын ұлғайтатын негізі болатыны анық. Қазақ фәлсафасындағы кеңістік пен уақытқа қатысты дамудың ерекше түрі ретінде қазақ мәдениеті мен озық ойының қалыптасуын қарастыру арқылы халықтың рухани құндылықтары зерделенді. 5. Қазақ фәлсафасындағы кеңістік пен уақыт мәселесі «заман» категориясы арқылы тұтас философиялық жүйе ретінде қарастырылды. Заман ұғымының тек уақыттық емес, кеңістіктік, рухани және моральдық, ізгіліктік өлшемдерді біріктіретін негізгі сипатқа ие екендігі негізделді. 6. Философия мен фәлсафадағы кеңістік пен уақыт ұғымдарының ұқсастықтары мен айырмашылықтары салыстырмалы-философиялық әдіс арқылы талданып, айырмашылықтары жүйелі түрде айқындалды. Қазақ дүниетанымындағы, фәлсафасындағы кеңістік пен уақыт туралы ойлар кешенді негізде жүйеленіп, әлемдік философиялық дискурста қарастырылатын концептуалдық көзқарас негізделді. Зерттеудің теориялық және практикалық маңыздылығы. Зерттеу қазақ фәлсафасындағы кеңістік пен уақыт мәселесі туралы қолданыстағы теориялық көзқарастарды жүйелеуге және талдауға ықпал етеді, осы салада одан әрі зерттеу үшін теориялық негіз жасайды; кеңістік пен уақыт ұғымдары бойынша теориялық жұмыс қазақ халқының мәдени ерекшелігі мен бірегейлігін, олардың табиғатпен, тарихпен және әлеуметтік құрылыммен байланысын терең түсінуге мүмкіндік береді; зерттеу фәлсафалық мәтіндерді талдаудың жаңа әдістемелік тәсілдерін ұсынады, бұл философиямен сабақтас пәндерде жаңа зерттеу стратегияларын жасауға негіз бола алады. Диссертациялық жұмыстың практикалық мәні төмендегідей мәнге ие екендігі көрсетіледі. - Зерттеу нәтижелерін жоғары оқу орындарындағы философия, мәдениеттану және әлеуметтік ғылымдар бойынша оқу курстарына енгізуге болады. - Зерттеу негізінде білім алушыларға оқу үдерісіне зерттелген тақырыптарды енгізу, сондай-ақ арнаулы семинарлар мен шеберлік сағаттарын әзірлеуге арналған әдістемелік құралдар мен ұсынымдар жасауға болады. - Қазақ мәдениетіндегі кеңістік пен уақытты қабылдау ерекшелігін түсіну ұлттық бірегейлікті нығайтуға, мәдени мұраны қолдауға және мәдениетаралық өзара іс-қимылды жақсартуға бағытталған тиімді әлеуметтік бағдарламаларды әзірлеуге көмектесе алады. - Диссертацияның нәтижелері халықаралық деңгейде қазақ мәдениетінің бірегей аспектілерін талқылау үшін негіз ұсына отырып, терең мәдениетаралық алмасуға ықпал етуі мүмкін. Ғылымның даму бағыттарына немесе мемлекеттік бағдарламаларға сәйкестігі: - Зерттеу тақырыбы Қазақстан Республикасындағы ғылымның басым бағыттарына толық сәйкес келеді. Атап айтқанда, жұмыс гуманитарлық ғылымдарды дамыту, ұлттық философиялық мұраны зерделеу, рухани-мәдени құндылықтарды жаңғырту және қоғамдық сананы жаңғырту бағыттарымен сабақтас. - Қазақ фәлсафасындағы кеңістік пен уақыт мәселесін зерттеу ұлттық дүниетанымның теориялық негіздерін тереңдетуге, отандық философия ғылымының әдіснамалық әлеуетін арттыруға және қазіргі жаһандану жағдайында ұлттық бірегейлікті сақтау мен нығайтуға ықпал етті. - Сонымен қатар зерттеу мазмұны Қазақстан Республикасында жүзеге асырылып жатқан «Рухани жаңғыру», «Ұлттық бірегейлікті сақтау», сондай-ақ гуманитарлық ғылымдар мен әлеуметтік білімдерді дамытудың мемлекеттік бағдарламаларының мақсаттар мен міндеттеріне сай келеді. Зерттеу нәтижелері ұлттық философиялық ойды жаңаша пайымдауға, білім беру үдерісінде және мәдени саясатта қолдануға мүмкіндік береді. Диссертациялық жұмыс нәтижелерінің апробациясы. Зерттеу жұмысының негізгі тұжырымдары, теориялық және практикалық нәтижелері халықаралық конференцияларда талқыланды. Зерттеу барысында 11 еңбек, соның ішінде 1 мақала Scopus деректер қорына енетін жарияланымда, 5 мақала ҚР ҒЖБМ ҒЖБССҚК ұсынған ғылыми басылымдарда, 5 мақала халықаралық ғылыми және ғылыми-практикалық конференциялар материалдарында жарық көрді: Scopus базасындағы журналда: 1. The problem of space and time in Kazakh falsafa // Conatus – Journal of Philosophy, 2025, Volume 10, No.1, pp. 275-295, doi: https://doi.org/10.12681/cjp.37337 ҚР ҒЖБМ ҒЖБССҚК ұсынған ғылыми журналдарда: 1. Қазақ дүниетанымындағы кеңістік пен уақыт түсініктерінің қалыптасуы // Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің хабаршысы. Тарих ғылымдары. Философия. Дінтану сериясы. – 2023. – №2(143). – 152-166 бб. https://bulhistphaa.enu.kz/index.php/main/issue/view/23 2. Философская интерпретация времени и пространства в казахской фальсафе // Адам әлемі. – 2024. №1(99). – 26-32 бб. https://doi.org/10.48010/aa.v99i1.510 3. Қазақ фәлсафасындағы кеңістік пен уақыт философиясын басқа халықтардың философиялық дәстүрлерімен салыстырмалы талдау // Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ хабаршысы. Философия, мәдениеттану және саясаттану сериясы. – 2024. – Том №2(88). – 32-39 бб. https://doi.org/10.26577/jpcp.2024.v88-i2-04 4. Қазақ философиясындағы заман ұғымының эволюциясы // Әл-Фараби. – 2025. – №1(89). – 18-34 бб. https://doi.org/10.48010/2025.1/1999-5911.03 5. The problem of space and time in modern Kazakh falsafes // ҚазҰУ хабаршысы. Философия, мәдениеттану және саясаттану сериясы. – 2025. – №3 (93). – 48-60 бб. https://doi.org/10.26577/jpcp20259335 Халықаралық ғылыми конференция жинақтарында: 1. Қазақ дүниетанымындағы кеңістік пен уақыт мәселесі // Материалы Международной научно-практической конференции «Казахская культура и философия в тюркском мире», посвященной 75-летию доктора философских наук, профессора Т. Габитова. – Алматы, 25 ноября 2022 г. – С. 95-98. 2. Взаимодействия и совпадения: казахская фальсафа с соседними Центрально-Азиатскими философиями пространства и времени // Материалы научно-практической конференции «Современные социогуманитарные технологии, традиции и инновации», посвященной Всемирному дню философии. – Уфа, 16 ноября 2023 г. – С. 17-20. (ауызша баяндама жасағаны үшін сертификат берілді). 3. Қазақ мәдениетіндегі құрақ өнерінің орны мен мәні // «Қазақстанның қазіргі заман мәдениеті: есімдер мен зерттеулер» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары. – Астана, 2024. – 93-98 бб. 4. Қазақ эпосындағы кеңістік пен уақыттың философиялық қырлары // «Қобыланды батыр жыры және ұлттық қаһармандық рух» атты халықаралық ғылыми конференция материалдары. – Ақтөбе, 6 қараша 2024 ж. – 159-163 бб. 5. Түркі халықтары өркениетіндегі кеңістік пен уақыт мәселесі // Әбу Насыр әл-Фарабидің 1155 жылдығына арналған «Аударма өркениет феномені ретінде: әл-Фараби мен түркі ғұламаларының мұрасы негізінде» атты халықаралық ғылыми конференция материалдары. – Алматы: Қазақ университеті, 2025. – 87-93 бб. Диссертациялық жұмыстың көлемі мен құрылымы. Диссертациялық жұмыс кіріспеден, екі тараудан және алты бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттерден және қосымшалардан тұрады, сонымен қатар кестелермен, суреттермен рәсімделген. Диссертациялық жұмыстың жалпы көлемі – 135 бет. Пайдаланылған әдебиеттер саны – 195.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://youtu.be/E3sAF4_Libw?si=UHhmcXv6vRpflwM2
