
«6D020400 - Мәдениеттану» мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Ази Есентүгел Аманкелдіұлы диссертациясын қорғауы
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Ази Есентүгел Аманкелдіұлы «6D020400 – Мәдениеттану» мамандығы бойынша «Сал-сері мектебі: мәдени талдау» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Рецензенттер:
Нурмуратов Серик Есентаевич - ғылым докторы, профессор, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРЛІГІ ҒЫЛЫМ КОМИТЕТІНІҢ" ФИЛОСОФИЯ, САЯСАТТАНУ ЖӘНЕ ДІНТАНУ ИНСТИТУТЫ", бөлім бастығы
Турсынбаева Айгуль Омирбеккызы - ғылым кандидаты, профессор, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, профессор
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Әбікенов Жарқынбек Оралбекұлы - философия докторы (PhD), Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, Кафедра меңгерушісі
Адаева Гульнар Аманбековна - ғылым кандидаты, доцент, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, доцент
Кулумжанов Нуржан Еркенович - философия докторы (PhD), «Университет Международного Бизнеса имени Кенжегали Сагадиева»
Аубакирова Салтанат Советовна - философия докторы (PhD), қауымдастырылған профессор, ТОРАЙҒЫРОВ УНИВЕРСИТЕТІ
Манасова Мира Манасқызы - философия докторы (PhD), Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті
Ғылыми кеңесшілер:
Иманжүсіп Раушан Нұрханқызы – философия ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, философия кафедрасының профессоры
Кениспаев Жумагельды Кубжасарович – философия ғылымдарының докторы, П.А. Столыпина атындағы Омск университетінің профессоры (Ресей, Омск қ.)
Қорғау 2024 жылғы 10 қаңтар, сағат 10:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «6D020400 – Мәдениеттану» мамандығы бойынша «8D031 – Әлеуметтік ғылымдар» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі онлайн форматта өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: https://clck.ru/36x2iH
Мекен-жайы: А. Янушкевич көшесі,6, №4 ғимарат, 106 аудиторияда өтеді.
Аңдатпа (қаз.): Диссертациялық зерттеу тақырыбының өзектілігі. Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Қазақ мәдениетінің әлі де болса толыққанды зерттелмеген өнері мен дәстүрлері бар. Сондай өнердің маңызды бір бөлігі – сал-серілік мектебі. Сал-серілер шығармашылығы әдебиеттану, өнертану ғылымдары шеңберінде жыр жанрын, тілдік стильді анықтау тұрғысында зерттелсе, терең мәдениеттанулық зерттеу жүргізілмеген. «Сал», «сері» деген ұғымдардың мазмұны мен мағынасы туралы әртүрлі дискурстар кездеседі, алайда, ол дискурстар сал-сері мәдениеті мен мектебінің негізгі идеясын толыққанды ашып бермейді. Сал-серілік мектепті мәдениеттанулық тұрғыда зерттеу, оны қазіргі қоғамда қайта жаңғырту өзекті мәселелердің бірі деп білеміз. Қазіргі кездегі Қазақстан мәдениетін дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың міндеттерінің бірі қазақтың рухани мәдениетін дамыту екенін бәріміз білеміз. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының 2023-2024 жылдарға арналған мәдени саясат тұжырымдамасының халқымыздың материалды емес мәдени мұрасын жаңғырту мақсатына сәйкес зерттеу тақырыбымыз өзекті деп білеміз. Себебі, сал-сері дәстүрі, өнері, шығармашылығы қазақтың рухани мәдениетінің ерекше көрінісі болып табылады. «Сал-серілік» деген қос сөз өзара мәндес қабылданғанымен сал және серінің әлеуметтік орны, қызметінде айырмашылықтар бар. Қазіргі кезде Қазақстанның әр аймағында халықтың сал-серілік дәстүріне сай өнерпаздарға қойған әртүрлі атауы кездеседі. Мысалы, Маңғыстау аймағында өнерпаз ер адамдарды «қайқы», әйел адамдарды «сәйкі» деп атаса, Сыр өңірінің Арал, Қазалы аймақтарында «қасқа» деп атайды. Осы күнделікті мәдениеттің көрінісі сал-серілік өнердің мемлекеттік емес, өңірлік деңгейде ғана дамуын көрсетеді. Маңғыстау даласында XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басында «Жеті қайқы» серілер тобы өткен. Сал-серілер көптеген өнерді бір бойына тоғыстырған, көпшіліктің рухани қажеттіліктерін өтеуші таланттар. Олардың қалдырған өлең-жырлары өз заманының тыныс-тіршілігін танытуымен қатар адамгершілік, әділеттілік, ар-ұят, мемлекетшілдік рухты биікке көтеруімен құнды. Әр дәуірдің өз сал-серілерінің болуы, олардың атақ-абыройы, данқы, сән-салтанаты, болмысы туралы аңыз-әңгімелердің және шығармаларының ел-ауызында қалып отыруы қазақ мәдениетінде сал-серілер мектебінің қалыптасқанын байқатады. Бұл – біреуді үлгі ету, оған еліктеу, біреудің тағдырына қызығу сияқты қасиеттерден өріс алатын құбылыс. Сал-серілерді үлгі ету – әрбір таланттың өз ақылымен шектеліп қалудан арылтатын, өнер жолындағы бірден-бір әдістемелік құралы іспеттес. Бұл құбылыстың бүгінгі күнде де маңызы зор. Сал-серілік өнердің өзіндік пайда болу, даму ерекшеліктері мен көшпенділердің далалық мәдени-рухани әлемінде алатын орны бар. Сал-серілік бастапқыда жауынгерлік рухта қалыптасқан. Бір жағынан жыраулық дәстүрдің жалғасы іспеттес. Ал жыраулық дәстүрдің өзін бағзы бақсылық үрдістің жалғасы, кейінгі сал-серілік жолының басы деп қарауымызға болады. Олай болса, жыраулық та, сал-серілік те, заманның небір қилы құбылыстарына сәйкес бірімен-бірі байланысып жатқанын байқай аламыз. Ұлт мәдениетіне мол үлес қосқан көне жыраулардың бастауы бақсыларда жатыр деген тұжырымдар бар. Бақсыларды ойшылдар қатарына жатқызады кейбір ғалымдар. Ә. Марғұлан бақсылардың дәстүрлі жолына көз жіберіп, олардың білімдарлығы, өнері туралы тарихи пікірлер қалдырады. Ал, жырауды кейбір түркі тілдес елдерде бақсы деп атаған. Мысалы, Түрікмен халқы аспапқа қосылып жырлайтын ақын-жыршыны «бақшы» десе, ұйғырларда бахшы – оқымысты, монғолдарда оқытушы мағынасында. Ә.Марғұлан мен А.Тарақтының еңбектерінде сал-сері сөздері мемлекеттік титулдармен жанасатынын байқауға болады. Мысалы: қаған, тайшы, тегін, ұзан. Сонымен қатар, ел кезбе дәруіш адамдарды да сал-серілікпен теңестіріледі. Академик Ә.Марғұлан Түркі дәуірінің ойшылы Иоллық тегіннен бастап, әр дәуір белесінен серілік жолын тұтқан біраз тарихи тұлғаларды тізбелеп көрсетеді. С.Қондыбай Үстүртте (Маңғыстау облысы) Алтын Ордадан кейінгі кезеңде кәсіби әскери адамдар құрған «Үш қиян» серілер ордені (әулеттік топ) болған деп көрсетеді. Жеті қайқы серілер тобын осы «Үш қиян» серілік орденінің заңды ізбасарлары деуге келеді. Сал-сері атауының шығу тарихына ерекше тоқталу қажеттілік етеді. Ғалымдардың талдап түсіндірулерінде түрік тілдес елдердегі бірнеше ұғымдар келтіріледі. «Сал шор тілінде жерошақ, от орны мәнінде, сағай тілінде шу, дауыстау мәнінде, қазақ тілінде жүрген жерін у-шу, думан қылып, көп сөйлеуші, оғаш киім киюші адам мәнінде қолданылады», – дейді. Мысалы қазақта өлең айт дегенді «ән сал» деп те жататыны бар. Ғалым Е.Исмаилов «сері» сөзінің бірнеше мағынасына тоқтала келіп, араб тілінде сир(сейір) серуен, сайран салу, ал телеуіт, шор т.б. тілдерде сарнау, өлең, ән айту «Кодекс Куманикусте» «сері» (шері) сөзі мағынасында қолданылатынын жазады. «Салдардың бақсылықпен тамырлас екендігіне дәлел сирі (сарі) деген сөз – ұйғыр тілінде бақсылық, бал ашушылық деген мағынаны беретіндігі». В.Радловтың айтуынша бұрын қазақ тілінде «чура» /шура/ сөзі жасақ, жауынгер деген мағынада жүрген. «Сал – буйный, вздорный человек, одетый вроде балаганного шута», – дейді тағы В.Радлов. «Сал» сөзі қырғыз тілінде жайсаң, жас, қайратты жігіт, «сал манап» өз уақытын мерекемен, тентектікпен өткізетін жігіт (әміршінің, байдың балалары) деген мағынада келеді. Осы сөзбен түбірлес якуттың «цаалы» сөзі еркіндік, өз бетімен, қалауымен жүру, ал түрікменнің «саллах» сөзі бойдақ, үйленбеген жігіт деген ұғымды білдіреді. Е.Тұрсынов түркі тілінде «әскер», «қол» мағынасын білдіретін «черик» сөзімен түбірлес «сері» сөзінің түпкі мазмұны «жасақ құрамындағы жауынгер», «жасақшы», «жорықтағы серік» деп болжам жасайды. Қазақ сері көшпенділердің аристократ нояндар әулетінен шыққан деп таниды. Сері сөзі орысшаға аударғанда рыцарь болады. Рыцарьлар да қазақтың серілеріне ұқсас жандар. Рыцарьлар әрі мерген, әрі палуан болуы тиіс болды. Мінез-құлқы да өзгеше көрінетін. Олар соғыста батырлық пен ерліктің үлгісін көрсетумен ерекшеленді. Рыцарьларда сұлу әйелге табыну салты болды, – деген пікір бар. Франциядағы Куси замогі (жаңғыртпа), Осман империясындағы «сипахилер», Жапониядағы «самурайлар» ортағасырлық Батыс Европадағы рыцарьлар... бәрінің ұстанымы, тағдыры ұқсас еді. Әлемнің ең романтикалық аңызына арқау болған «Ғибадатхана рыцарлары» атанған «Тамплиер Ордені рыцарлары», кейіннен (1456-1466) Польшаның вассалына айналған Тевтон ордені, Ливон ордені рыцарлары, – бұлар атауы өзгеше болғанымен болмысы үндес тағдырластар. Ал сал-серілердің жыраулардан өзгешелігі олардың ішкі жан-дүниесі мен сыртқы келбет үйлесімділігін табуға ұмтылған ерекше эстетикалық талғамдарымен ерекшеленді. Сал-серілердің де рухы биік, парасат пайымы жоғары, өнерге, тіл байлығымен, ойының тереңдігімен көзге түсетін бір туар талантты тұлғалар. Олардың ұстанған үрдіс негізінде жанды жетілдіру принципі жатыр. Сал-серіліктің өзіндік этикалық және эстетикалық критерийлері бар. Олар ой және тән тазалығын сақтау, білімді, әдепті, өнерлі, талантты болу, сөзге шебер шешен, тапқыр, халық арасында өнер көрсету, сананы таза ұстау, шешендік, тапқырлық, көркем мінез, дала даналығын жеткізу, өнерді қастерлеу, әділдіктің жаршысы болу, жақсылық жасау, адал-таза тамақтану, харам ас ішпеу, әсем киіну, бойына лас жұқтырмау, таза жерлерде жүру, көркем жүріс-тұрыс, кеудесін тік ұстап отыру т.б. осының бәрі жеке тұлға мәдениетінің жоғарғы үлгісін көрсетеді. Этикалық (талғам) құндылықтар сөз арқылы, тәрбие, өсиет арқылы берілсе, эстетикалық талғам көзбен көріп, қарап (визуально) қабылданады. Осы тұрғыда сал-серілердің жүріс-тұрысы, киім киісі үлгі болған. Қай заманда да қоғамдағы әлеуметтік-мәдени проблемалардың шешімі жеке тұлғаның интеллектуалдық жетілуімен байланысты. Тұлғалық – адами жақсы қасиеттердің жиынтығы. Сал мен серіні тұлға деп таныған жөн. Серілер табиғаты мен шығу тегі жағынан жауынгерлер, яғни әскери ақсүйектер. Академик Ғарифолла Есім жазғандай, «Ұлт өз дүниетанымын, тілі, діні, фольклоры арқылы білдірген. Демек ұлттық ойлауды зерттеу үшін негізгі сүйенетініміз – халықтың мәдениеті, рухани мұрасы, өмір сүру тәсілі, діни нанымы, күнделікті тұрмыстағы әдет-ғұрып, салт санасы т.б.». Олай болса ғасырлар бойы жаңа ұрпақты мемлекетшілдік рухта тәрбиелеуде зор еңбек еткен сал-серілердің өнер, шығармашылығын зерттеу, бүгінгі жас ұрпақтың мемлекетшілдік санасын қалыптастыруға бағыттауда үлесі зор болмақ. Тақырыптың зерттелу деңгейі. Сал-сері шығармашылығы қазақ мәдениетіндегі поэтикалық өнердің ерекше түрі. Ақын-жыраулар қазақ халқының ауыз әдебеиеті мен өнерін қалыптастыруда, мәдени және тарихи мұрасын сақтау мен таратуда шешуші рөл атқарған, ұрпақ арасындағы даналық пен білімді жеткізіп, өткен мен қазіргі заман арасындағы көпір қызметін атқарады. Мұндай мәліметтер қазақ фольклортанушылары, өнертанушылары мен әдебиеттанушылары арасында жиі кездеседі. Алайда, сал-серілердің шығу тарихы туралы нақты деректер аз. Мәдениеттанулық тұрғыда жүргізілген зерттеулер аз. Сал-сері туралы алғашқы деректер А.В. Затаевичтің этнографиялық зерттеулерінде кездеседі. Затаевич бойынша «сал-сері – көпшіліктен ерекшеленуге ұмтылатын, өздерінің бірегейлігі мен батылдығын көрсету үшін әртүрлі тәсілдерді қолданатын жарқын және экцентристік тұлғалар». Сал-сері бейнесі мен шығармашылығын күнделікті ұлттық мәдениеттің нышаны ретінде этнографиялық зерттеулер қатарына В.В.Радлов, А.Затаевич, И.Пашино, А.Еврейнов, П.Морозов, Ш.Уәлиханов және т.б. еңбектерін жатқызамыз. Сал-сері феноменін айқындауға тырысқан, оның мәні мен мағынасын ашыуға ат салған, сал-серіні жыршы, бақсы, ақын, қазақ музыкалық өнерінің ерекше тұлғалары ретінде сипаттаған зерттеушілер ретінде Ә.Марғұланды, С.Мұқановты, Е. Ысмаиловты, Т.Әсемқұловты, С.Қасқабасовты қарастырамыз. Мысалы, М. Мағауиннің «Көкбалақ», С. Жүнісов «Ақан сері», 3. Ақышевтің «Жаяу Мұса», «Иманжүсіп», Т.Әсемқұловтың «Тәттімбет сері» т.б. шығармашаларында сал-серілерді семантикалық, әдеби, хронологиялық тұрғыдан қарастырған. Ғалым Е. Тұрсынов «сал», «сері» атауының шығу тарихын тереңнен тартып, серілік дәстүрдің қыры мен сырына үңіліп, оларды рухани әлеммен астастырып, бағзыдағы жауынгерлік топқа шенеп, ұлы даланың мәдени феномені ретінде сипаттайды. Бұл туралы З.Наурызбаевада өзінің «Бекташия бауырластығының көнетүркі бастаулары және қазақтың сал-серілері». атты мақаласында сал-серілердің ежелгі түркі дәуірінен келе жатқан жауынгершілікпен байланысын сипаттайды. Қазақстандық ғалымдар Р.Иманжүсіп, С.Жанпейісова, Ш.Керім т.б сал-серілік бағытында диссертациялық зерттеулерге барса, көптеген ғалымдар өнер төңірегінде ғылыми ізденістер жасаған. Әдебиеттану бағытында ақын-жыраулар мұралары, фольклор саласында жазылған зерделеулердің қатары мол. Сал-серілер бір бойына бірнеше өнер тоғысқан айрықша талант иелері болғандықтан бірнеше ғылыми салада талқылау көрген. Сал-сері деген атқа лайықты адамдардың бойында әншілік, ақындық, композиторлық, палуандық, мергендік, атбегілік, саятшылық, шешендік, шеберлік т.б. өнер болды. Сондықтан ғылымның әдебиет, тарих, өнер, музыка, философия бағыттарында зерделенуі орынды жағдай. Дегенмен бұл тақырыптың мәдениеттану ғылымында зерделенуі үстірт, жеткіліксіз екендігі аңғарылады. Диссертациялық зерттеу жұмысының нысаны. Сал-сері дәстүрі және оның әлем мәдениетіндегі орны мен мәні. Зерттеу пәні. Сал-сері мектебінің қалыптасу және даму ерекшеліктері, негізгі шығармашылығы, принциптері және мәдени маңызы. Зерттеу жұмысының мақсаты. Сал-сері мектебінің әртүрлі тарихи кезеңдердегі мәдени кеңістікке әсерін талдау, олардың басшылыққа алған негізгі белгілері мен принциптерін, әлемдік мәдени тәжірибеге қосқан үлесін анықтау және қазіргі Қазақстан мәдениетінің дамуы үшін маңыздылығын бағалау. Аталған мақсатқа қол жеткізу үшін келесі міндеттер қойылды: Сал-сері дәстүрінің қалыптасуы мен таралуының тарихи тамырын зерттеу; Қазақтың рухани-мәдениетіндегі сал, серілер ұғымдары мен өнерінің ерекше белгілерін айқындау; Сал-сері мектебінің шығармашылығына әсер еткен әлеуметтік мәдени факторларды талдау; Сал-сері дәстүрінің Алаш мектебінің дамуына тигізген әсері дәлелдеу; Қазіргі кездегі қазақстандық мәдени кеңістікте сал-сері өнері мен дәстүрін жаңғырту тәжірибелерін саралау; Сал-сері мектебін сақтау және дамыту әлеуетін бағалау; Диссертацияның теориялық және әдіснамалық негіздері. Диссертаиялық зерттеудің теориялық негіздері пәнаралық принцип негізінде құрылды: этнографиялық, жалпы ғылыми, әдеби, өнертану әдебиеттер мен мұрағаттық дереккөздер және постколлониалдық зерттеулерге негізделді. Сал-серілік дәстүр мен өнерді зерттеу барысында тарихи-типологиялық, феноменологиялық, герменевтикaлық, этнографиялық, компaрaтивистикaлық және сыни талдау әдістері қолданылды. Атап айтқанда, сал-серінің шығу тарихы мен оның хронологиялық кезеңдерін анықтау барысында тарихи-типологиялық әдіс; сал және сері ұғымдарының мағынансын түсіндіру үшін герменевтикалық әдіс; сал-серінің сипатын айқындау үшін феноменологиялық әдіс; сал-сері шығармашылығын зерделеу барысында компаративистикалық талдау әдісі пайдаланылды. Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. Сал-сері дәстүрінің қалыптасуы мен таралуын тарихи тамырын зерттеу барысында түркі дәуірінен бүгінгі күнге дейінгі жыраулық-ақындық дәстүрге салыстырмалы талдау жасалды. Қазақстаның рухани мәдениетіндегі сал, сері ұғымдарының мәні мен мазмұны айқындалды. Сал-серінің мәдени бейнесі жасалды: сал – абыздар әлеулетінің, сері – әскери әулетінің өкілі ретінде ажыратылды. Сал-сері мектебінің қалыптасуы мен шығармашылығына әсер еткен әлеуметтік мәдени факторларға талдау жасау барысында сал серілердің дипломатиялық, жауынгершілік, атбегілік және басқа өнерлері айқындалды. Шығармашылығына әсер еткен қазақ даласындағы отаршылдық саясат әсеріне талдау жасалды. Сал-серілік дәстүр Алаш мектебінің дамуына зор әсер тигізді. Алаш зиялыларының шығармаларындағы еркіндік, бостандық, ұлттық мәдениетті жаңғырту мәселелерінің серілік дәстүрмен бара-барлығы айқындалды. Қазіргі қазақстандық мәдениетті дамыту бағдарламаларына сәйкес қазақтың рухани өнерін, соның ішінде ақындық, жыраулық өнерін дамыту тәжірибелеріне талдау жасалды. Қазіргі кезде сал-сері өнерін жағырту және дамыту мақсатында сал-серілік мектебін қалыптастырудың маңыздылығы айқындалды. Сал-серілік мектеп бір адамның бойында «жеті өнерді» игеруге мүмкіндік беретін мәдени институт болып табылады. Зерттеу нәтижесіне сәйкес қорғауға келесі тұжырымдар ұсынылады: 1. Сал-серілік дәстүрдің қалыптасуы мен дамуына көне түркі дәуірінен келе жатқан жыраулық толғаулар мен жауынгершілік өнердің әсерін көреміз. Жыраулық-ақындық өнер халықтың әлеуметтік, мәдени, діни өмірін ұрпақтан ұрпаққа ауызша шығармашылық арқылы жеткізудің жарқын үлгісі ретінде танылды. 2. Отандық зерттеушілердің еңбектерін талдау негізінде қазақтың рухани мәдениетіндегі сал және сері тұжырымдарының айырмашлығы нақтыланды. Қазақ мәдениетіндегі Ақан сері, Біржан сал, Жаяу мұса, Асан қайғы, Кетбұға және басқа жыраулардың шығармашылығын талдау негізінде сал-серінің мәдени бейнесі жасалды. Сал – абыздар әулетінің өкілі ретінде өнер мен сәуегелікті байланыстырушы, жыршы, эстет, бекзат адам деген анықтама берілді. Ал сері – әскери әулеттің өкілі ретінде жауынгершілік пен музыкалық өнерді ұштастыратын әмбебап өнерпаз адам ретінде тұжырымдалды. 3. Сал-сері дәстүрі мен өнері өз тарихында көптеген өзгерістерге ұшырады. Олардың шығармашылығына қазақ қоғамындағы әлеуметтік, мәдени, саяси жағдайлар, әсіресе, отаршылдық саясат сал-серілері дәстүрінің өзгеруіне тікелей әсер етті. Мифологиялық әңгімелер мен қазақ батырларының ерлігін жырлаған жыраулар шығармашылығында еркіндік, бостандық, адалдық, азаттық мәселелері негізгі тақырыпқа айналды. Ойын-сауық кейіпкерлері азаттық батырларына айналды. 4. Серілік үрдістің отарлық езгі тұсындағы әлеуметтік көзқарастары, сал-серілердің еркіндігі Алаш зиялыларының ұстанған бағытымен сарындас. Сал-серілердің мұраларына талдау жасай отырып Алаш мектебінің дамуына әсері нақтыланды. 5. Қазақ халқының салт-дәстүрі, әдеп-ғұрыптары сал-серілердің бойынан көрініс тапты. Олардың бойындағы өнерпаздық, батылдық, ерлік, қолөнер, шеберлік қабілеттері қазақ халқының рухан мәдениетінің көрінісі ретінде қайта жаңғырту қажеттілігі дәлелденді. Сал-сері мұрасы өнердің ғана емес философиялық, мәдени ой-сананы, ұлттық бірегейлікті қалыптастыратын рухани мұра. 6. Зерттеу барысында сал-серілік тек ойын-сауықтың, әншілік пен жыршылықтың көрінісі емес. Сал-сері «сегіз қырлы, бір сырлы» тұлға. Ол ақын, қолөнерші, атбегі, жауынгер, қару-жарақтың бірнеше түрін меңгерген, балуан, сәуегей, мәрт, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін, эстетикалық талғамы жоғары ер жігіттің үлгісі. Сондықтан қазіргі кезде ер бала мен қыз бала тәрбиесін ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеу үшін сал-серілік мектепті дамыту қажет деп санаймыз. Көрсетілген нәтижелердің практикалық маңыздылығы. Қазақ мәдениетінің тарихи кеңістігіндегі сал-серілік дәстүрі қазіргі еліміздің рухани өмірінде мәдени танымдық әлеуметі жоғары дүниелердің бірі екендігі даусыз. Осыған орай жұмысты орындау барысында қол жеткізген нәтижелер өскелең ұрпақтың елдік санасын нығайтуда ұлттық құндылықтардың өміршеңдігін нақтылай түседі. Зеттеу нәтижелерінің сыннан өтуі және жариялануы. Диссертациялық жұмыстың зерделену нәтижелері бойынша 9 ғылыми мақала жарық көрді. Атап айтсақ, ҚР ҒЖБМ саласындағы бақылау комиеті ұсынған философия, мәдениеттану, тарих, гуманитарлық пәндер бойынша арнайы журналдарда – 5 мақала, халықаралық ғылыми конференциялардың жинағында – 3; республикалық ғылыми конференция жинағында – 1; Scopus базасында индекстелген нөлдік емес импакт-факторы бар журналда – 1. Диссертациялық жұмыстың құрылымы мен көлемі. Диссертация кіріспеден, үш бөлімнен, әр бөлім екі тараудан, қорытынды және пайдаланған әдебиеттер тізімінен тұрады. Жұмыстың жалпы көлемі 125 бетті құрайды.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://youtu.be/_8iJVvVK9C0?si=XGsGU2jGuJaWJjPp
