
«6D020100 - Философия» мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Тұмашбай Талғат Еркінұлы диссертациясын қорғауы
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Тұмашбай Талғат Еркінұлы «6D020100 – Философия» мамандығы бойынша «Ұрпақ уақыты: әлеуметтік - философиялық талдау» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Рецензенттер:
Рыскиева Айымжан Абуовна - ғылым кандидаты
Әбікенов Жарқынбек Оралбекұлы - философия докторы (PhD), Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, Кафедра меңгерушісі
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Оразалиев Бақытжан Асетилдаевич - ғылым кандидаты, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Директор
Кусбеков Думан Карибекович - ғылым кандидаты, қауымдастырылған профессор, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Кафедра меңгерушісі
Омирбекова Алия Омирбековна - ғылым кандидаты, доцент, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, доцент
Аралбай Сәкен Меңдуллаұлы - философия докторы (PhD), Қарағанды медицина университеті, қауымдастырылған профессор (доцент)
Камарова Рузия Исламовна - «Astana IT University», Доцент (міндетін атқарушы)
Ғылыми кеңесшілер:
Ғарифолла Есім – философия ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті философия кафедрасының профессоры
Синан Өзбек – философия ғылымдарының докторы, профессор, Қожаелі университетінің «философия» бөлімінің меңгерушісі (Қожаелі қ., Түркия)
Қорғау 2024 жылғы 18 мамыр, сағат 11:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «6D020100 – Философия» мамандығы бойынша «8D022 – Гуманитарлық ғылымдар» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі онлайн форматта өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: https://us06web.zoom.us/j/86260316388?pwd=MEt2zF7bnujQ8aPRvX1H40eRZQ4dLb.1
Мекен-жайы: А.Янушкевич көшесі, 6, №4 ғимарат, 106 аудитория
Аңдатпа (қаз.): Диссертациялық зерттеудің мазмұны: Диссертациялық жұмыс үш тараудан, сегіз тараушалардан тұрады. Бірінші тарауда ұрпақты әлеуметтік-философиялық категория ретінде зерттеудің теоретикалық-методологиялық бағдарлары зерделенді, қазіргі заманғы ұрпақтардың идеялық ерекшеліктері әлеуметтік талданды, ұрпақтардың әлеуметтік уақыт пен болмыстағы қызмет атқаруы қарастырылды. Екінші тарауда ұрпақтар арасындағы ауысу, сабақтастық механизмдерінің мәселелері қарастырылды, ұрпақты тарихи және мәдени фактор ретінде біріктірудің элементтері анықталды, ұрпақ жасампаздығы зерделенді, қазіргі заманғы ұрпақтарды құндылықтық тәрбиелеудің мұсылмандық, түркілік, қазақ дүниетанымындағы мәселелері синтезделді. Үшінші тарауда жастардың уақыты және олардың құндылықтық бағдарлары, субмәдениеттік үдерістері, дүниетанымның еңбектік қатынастарды қалыптастырудағы ерекшеліктері мен мотивациясы зерттелді. Диссертациялық зерттеудің мақсаты: Ұрпақ теориясын, қазіргі заманғы ұрпақтардың қоғамдық іс-әрекеттілігін, ұрпақ уақытының құндылықтық бағдарларын, жастардың сана-сезімін сабақтастық пен жасампаздық, еңбек қатынастарындағы ұрпақтардың ерекшеліктері құбылыстары арқылы кешенді зерттеу. Ұрпақ уақытын қазақстандық қоғам контекстінде әлеуметтік-философиялық талдау. Зерттеудің міндеттері: Осы мақсатқа жету үшін келесідей міндеттер алға қойылды: 1. Ұрпақ теориясын әлеуметтік – философиялық білімнің теориялық, әдіснамалық бағыттарында саралау және ұрпақ моделін жасақтау. 2. Қазіргі заманғы ұрпақтардың әлеуметтік бейнесін анықтау олардың құндылықтық ерекшеліктерін айқындау. 3. Ұрпақ уақыты мәселесін философиялық теориялар негізінде қарастыру, ұрпақтың уақытының түрлерін, жіктелу өлшемдерін айқындау. 4. Ұрпақтар сабақтастығы теориясын, ұрпақтық бірегейліктегі қоғамдық үдерістердің ықпалын зерделеу. 5. Ұрпақ жасампаздығы феноменінің философиялық мәнін талдау және оның қоғамдағы құндылықтық ерекшеліктерін ажырату. 6. Мұсылмандық – түркілік кеңістіктегі ұрпақ мәселесін, ойлау қағидаларын кемелділік, ұрпақ тәрбиесі өлшемі бойынша синтездеу. 7. Жастардың ұрпақтық санасын, ұрпақтық трендтерін ерекшелеу және құндылықтық талдау. 8. Еңбектік қатынастардағы ұрпақтық ерекшеліктерді еңбек мотивациясы, еңбекпен қанағаттану, еңбектің мәнін философиялық түйсіну негіздерінде зерттеу. Зерттеу әдістері: Теориялық әдістер: зерттеу тақырыбы бойынша әдебиеттердің, оқулықтардың, зерттеу мақалалардың мазмұнын талдау, философиялық түпнұсқалық шығармалардың мазмұнын қарастыру, ұрпақтық уақытын зерттеудің концептуалдық терминдік аппаратын сараптау. Диссертациялық жұмыста ұрпақ уақытын анықтау мақсатында философиялық түпнұсқалық шығармаларды герменевтикалық талдау, категорияларды тұжырымдамалық талдау және компаративистік салыстырмалы талдау әдістері қолданылды. Ұрпақ уақыты мен сабақтастығы, жастардың қоғамдық мінез-құлығындағы өзгерістер аксиологиялық мазмұндық талданды. Негізгі ережелері (дәлелденген ғылыми гипотезалар және жаңа білім болып табылатын басқада тұжырымдары): 1. Ұрпақ теориясы саласын зерттеуші философтардың, шетелдік және отандық теоретиктердің көзқарастарын, тұжырымдамаларын саралау негізінде ұрпақтық үлгі жасақталды. Ұрпақтық үлгі адамдардың кагорталық жиынтығы, өмірлік кезең, уақыттық жиілік негізінде тарихи сана мен жадтың кезеңдік трансформациялануын, теориялық және практикалық таным арқылы қоғамдық қатынастардың өзгеруін, әлеуметтік және мәдени құндылықтық өзгерістерге бейімделуін қамтитын эмпирикалық және трансценденталды, әлеуметтік құрылым. 2. Ұрпақ теориясының әлеуметтік – философиялық бағыттарын зерттеу негізінде қазіргі заманғы ұрпақтардың әлеуметтік – құндылықтық бейнесі айқындалды. Қазіргі заманғы ұрпақтар эмпирикалық таным мен руханилық құндылықтардың негізінде қоғамдық және виртуалды әлемді біруақытта конструкциялай білетін әлеуметтік индивид ретінде анықталды. 3. Ұрпақ уақыты адамның құндылықтық кеңістігі ол ұрпақ санасын өзектілендіру және жобалау негізінде анықталады. Философия тарихы мен қазіргі заманғы ой тұжырымдардың теоретикалық негіздерінде адамның уақытты түйсінуі, уақыттағы дүниетанымы, болмысы тарихи, әлеуметтік, интеллектуалдық, экзистенциалдық және интерсубъектілік пайымдау негізінде синтезделеді. 4. Ұрпақтар сабақтастығы қазіргі жаһандық әлемде ата-аналар мен жаңа ұрпақтық қатынастарда мәдени, қоғамдық және экономикалық трансформацияларға ұшырайды. Ұрпақтар сабақтастығы мен ауысуы ішкі диалектикалық қайшылыққа ие. Ұрпақтар сабақтастығы заңдылығына сәйкес мемлекеттік бірегейлігі этникалық үдерістен сәтті өткеннен кейін әлеуметтік, мәдени, діни бірегейлік формаларына тиімді шарттармен ауыса алады. 5. Жасампаздық феномені қоғамның жан жақты дамуының басты өлшемі туралы философиялық көзқарастарға шолу жасалды. Ұрпақаралық сабақтастықта тарихтағы жасампаздық болашақ қоғамның дамуына инерциялық түрде әсер жасайды. Философиялық көзқарас тұрғысынан алғанда, ұрпақтардың сабақтастығы үзілгенде тарихи ақтаңдақтар орын алады. 6. Ұрпақтар сабақтастығының мұсылмандық және түркілік мәдениеттік кеңістіктегі ұрпақ кемелдігі, толық адам тұжырымдары бағамдалды. Қазіргі қазақстандық ұрпақтарды діни радикалдық идеялардың ықпалынан қорғау қажеттігі анықталды. 7. Жастар қазіргілік жазықтығында өрістелген қазіргі заманғы индивид. Жастардың қозғалыстағы энтелехиясы буырқанған және аға ұрпақ тәжірибелерін сынау, бас тарту, өзіндік жолды іздеу, адасу қасиеттеріне ие әлеуметтік топ ретінде анықталды. Жастардың әлеуметтік бейнесіне сананың энантидромиясы, еңбек бөлінісіндегі өз орнын іздеу, жасампаздық әрекеттері тән. Бұл жастар арасындағы әлемдік және жергілікті трендтер қайшылығы негізінде айқындалды. 8. Еңбек қатынастарындағы ұрпақ ерекшеліктер туралы шетелдік және отандық ой тұжырымдарды саралау негізінде қазіргі заманғы өндіруші қоғамдардың тауар өндіру, қызмет көрсету саласындағы іс-әрекеттілігін адамдардың ұрпақтық саналарына бағыттап ұйымдастыруы анықталды. Еңбектік қатынастардағы ұрпақтық ерекшеліктердің мақсаты – еңбектік ортадағы еңбек жасау тәсіліне қатысты құндылықтық қақтығыстардың алдын алу. Бұл тәсіл HR адам капиталының сапасын қолдау тәртібімен ұрпақтардың талғамын, тауар брендтерін тұтынуын сараптау үлгілеріне негізделген. Зерттеудің негізгі нәтижелерінің сипаттамасы: 1. Ұрпақ әлеуметтік уақыттық кеңістікте қоғамдық идея, иммунитеттік құрылым, тұлғалық пен бұқаралық сананың өзара дәнекерленуі және интеллектіні тасымалдау қызметтерін атқаратыны анықталды. Ұрпақ интеллектісі ананың дүниетанымы негізінде орнығып, танымның өзге мүмкіндігі, тәжірибелердің алмасуы формасында қалыптасады. Ұрпақ теориясы адам мен қоғамның, азамат пен мемлекеттіліктің өзара әрекеттілігіндегі коммуникациялық тиімділік негізінде адам капиталының сапасына тікелей ықпал жасайды. Ұрпақтық сананың тұрақты сабақтастығы тарихи сананың жоғалуының және жас ұрпақтың деградациясының алдын алады. 2. Қазіргі заманғы ұрпақтар эмпирикалық танымға ие және жастардың әлеуметтік бейнесін тәжірибелердің дайын формасы негізінде қалыптастырады. Ақпараттық технологиялық құралдар адамның рухани қызметінің нәтижесі және ол ұрпақтың пайдалы әсер коэффиценті ретінде орнығады. Қазіргі заманғы ұрпақтар мобильді, сандық номад құндылығына ие, әлемді әдеттегі санасымен шектемейді, еркін ойлы, метафизикалық пайымдауды қабыл алмайды, новациялық, нетворк интеллектісіне ие. 3. Уақыттың мәні өзгерісте, ол қоғамдық және ментальды мазмұнға ие. Ұрпақ кеңістігі мен уақыты дискретті, сакральды, субъективті бағалау, семантикалық, дискурстық мәндерге ие. Қазіргілікте үш уақыттың және үш ұрпақтың біруақыттылығы орнығып, көпқырлы және көбейнелі тұлғалық пен әлемді рефлексиялайды. 4. Ұрпақтар арасындағы қалыптастыру мен қызмет атқарудың механизмдеріне ұқсас ұрпақтарды біріктірудің анықтаушы элементі ретінде әлеуметтік-мәдени фактор орын алады. Ұжымдық бірегейліктің дағдарысы уақытында ұрпақтық кагорталар арасында құндылықтық қақтығыстар туындайды. Қақтығыстардың мұндай салдары мемлекеттіліктің семантикасының түйсінілуіне кері ықпал жасайды, тұлғаның жаттануы орын алады. 5. Жасампаздық феномені ұрпақтар сабақтастығындағы тәжірибелер мен ұжымдық еске алулардың үзілуінің нәтижелеріне қарсылық мінез ретінде қалыптасады. Жасампаздық ұрпақтардың еркіндікке ұмтылысының символы, дәуірдің рухын сезген адамдардың тарихи іс-әрекеттелігінің бағыттылығы ретінде анықталды. 6. Ұрпақтық саналарға экстремистік, арандатушылық әрекеттердің ықпалын азайту үшін жастарға ғылым, білім құндылықтары жан жақты оқытылуы қажет. Адамның рухани, интеллектуалдық, имандылық құндылықтарын рационалды ойлау тәсілін орнықтыру арқылы қорғау қажеттігі синтезделді. 7. Жастардың әлемдік трендтеріне адам теңдігі, инклюзивтілік, жасыл экология, сандық экономика, шетел тілдерін меңгеру, кәсіпкерлік, креативтілік, сыни ойлау құндылықтарының тиістілігі анықталды. Қазақстандық жастардың әлеуметтік бейнесіне қаржылық тәуелсіздік, еркіндік, билікке қызығу, жұмыссыздық салдарынан діни сенімнің артуы құндылықтары тән. Бұл қайшылық қазақстандық жастардың шетелдерге еңбектік эммиграцияға ұмтылысымен сипатталады. 8. Аға ұрпақ пен жас ұрпақтың еңбек мотивациясын қайта үлгілеу, еңбектік шығармашылық іс-әрекеттілікті қолдау, жұмыстан әлеуметтік – психологиялық шаршаудың алдын алу, еркіндік беру, еңбекпен қанағаттану қағидалары экономикалық философиялық ойлаудың, еңбектің мәнін ұрпақтық ұғынудың объектісі ретінде зерттелді. Алынған нәтижелердің жаңалығы мен маңыздылығының негіздемесі Ұрпақ теориясының философиялық мектептері, ұрпақ уақытын құндылықтық талдау, ұрпақтар сабақтастығы мен жасампаздық феноменін философиялық ұғыну және жастардың ұрпақтық сана-сезімін, еңбектік қатынастардағы ұрпақтық ерекшеліктерін кешенді зерттеуге талпыныс жасаумен түсіндіріледі. Диссертациялық жұмыста алдымызға қойған мақсаттар мен міндеттерді орындау барысында мынадай нәтижелерге қол жеткізіліп отыр: 1. Ұрпақ теориясы туралы әлеуметтік философиялық білімнің теоретикалық негіздерін зерттеу арқылы ұрпақ моделі жасақталды. 2. Қазіргі заманғы ұрпақтардың әлеуметтік бейнесі айқындалды. 3. Ұрпақ уақытының құндылықтық синтезі жасалды. Ұрпақ уақытының тарихи, әлеуметтік, интеллектуалдық, экзистенциалддық аспектілері сараланды. 4. Ұрпақ сабақтастығы теориясының қоғамның тарихи санадағы даму бағыттары сараланды және ұрпақтық бірегейліктегі этникалық, діни, саяси негіздері зерделенді. 5. Жасампаздық феномені ұрпақтық сананың ұлттық болмыс пен қоғамдық тәжірибедегі қызметтері сарапталды. 6. Мұсылмандық және түркілік ойлаудағы ұрпақтың кемелдігі құндылықтары сараланды. Мәдени кеңістіктегі ұрпақты тәрбиелеудің мұсылмандық даналық және қазақ фәлсафалық ойлау қағидалары синтезделді. 7. Жастардың әлеуметтік бейнесінің трендтері анықталды, қоғамдық ойлауына әлеуметтік – философиялық талдау жасалды. 8. Еңбектік қатынастардағы ұрпақтық ерекшеліктердің еңбектік мотивациядағы ролі, қызметкердің өз еңбегімен қанағаттану, еңбектің мәнін ұғыну құндылықтары зерттелді. Ғылымның даму бағыттарына немесе мемлекеттік бағдарламаларға сәйкестігі Ұрпақ өзінің әмбебаптылығын дамытады және өрістетеді, жаңа шынайылыққа бейімдейді, қоғам мен мәдениеттегі маңызды өзгерістерге үн қатады. Ізгілікті тануы туралы көзқарастарына сәйкес қоршаған ортаны трансформациялауға ұмтылады. Ұрпақ уақытын әлеуметтік-философиялық талдаудың өзектілігі қазіргі заманғы қазақстандық қоғамның өзінің мүмкіндіктерін жүзеге асыруда жаңа құндылықтарды ңздеуімен дәнекерленген. Бұл мүмкіндіктер әділетті қоғам, күшті мемлекет, еркіндік пен адал адам құндылықтарымен түйінделген. Бұл құндылықтық жаңару үдерістері ұрпақтық саналардың жаңа әлеуметтік – мәдени тұғырларын орнықтыруды және адамның ұрпақтық қатынастарын уақыттың сапалығы, болашаққа үміт, рухани және адамгершіліктік жаңару ізденістерін оятады. Ұрпақтың интеллектуалдығы, прагматикалық ойлауы және құндылықтарды ұлттық код жүйесіне синтездей алуы адамның көпбейнелі әлемін өзіндік және ұлттық болмысы арқылы құра алуын орнықтырады. Зерттеудің өзектілігі 2021 жылы 12 қазанда бекітілген «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасының негізінде анықталды. Аталған ұлттық жобада негізінде жаңа ұрпақты қалыптастыру үшін бәсекеге қабілеттілік, прагматикалық, ұлттық бірегейлік, сананың ашықтығы, жаңа гуманитарлық білімдер контекстінде сыни ойлау құндылықтары жасақталды. Бұл құндылықтар жаңа қазақстандық қоғамның туындау уақытын анықтаушы өлшемдерге айналады. Жастардың еңбектік құзыреттіліктерін қазіргі нарықтық қатынастарға бейімдеу үшін, кәсіпкерлік құзыреттіліктерді дамыту үшін мемлекеттік басқару органдары қоғамдық субъектілермен өзара бірігіп, ортақ кеңістікті құру қажеттіліктері туындап отыр. Сондықтан ұрпақ уақытын анықтауда және жастардың мәселелерін кешенді шешу үшін «Ұрпақ келісімшарты» ұлттық жобасы жүзеге асуда. Бұл жас жаңа ұрпақтық құндылықтарды анықтауға деген ғылыми ізденістерді қажет етеді. Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңының 3 бабының 4 тармақшасы бойынша, ұрпақтар сабақтастығы, отбасылық тәрбиенің басымдығы жастар саясатының негізгі бағыты ретінде анықталған. Бұл диссертациялық жұмыс тақырыбының өзектілігін ұрпақтар сабақтастығы бағытында арттырады. Ұрпақ уақыты тек жастардың құндылықтарымен байланысты емес. Аға ұрпақтың да қажеттіліктерін қорғау көзделеді. Тақырыптың өзектілігі аға ұрпақ пен өскелең ұрпақтың арасындағы әлеуметтік қатынастардың адамның әлеуметтік, рухани мәселелерін дұрыс шешу мен түсіну қажеттіліктірінен туындайды. Ұрпақ – қоғамдық мәдениет феномені. Әлеуметтік коммуникациялардың дамуымен ұрпақтық дифференциация үдерістері айқын болады. Ұрпақ феномені мәдени динамика үдерістерімен байланысты дамиды. Зерттеу тақырыбы Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрілігінің Жоғары ғылыми- техникалық комиссиясы анықтаған қазақстандық ғылымның 2024-2026 жылдарға арналған басым бағыттарына сәйкес келеді. Ол төртінші бағыт ретінде белгіленген және «Елдің интеллектуалды потенциалы» деп аталған. Докторанттың әрбір жарияланымды дайындауға қосқан үлесінің сипаттамасы Диссертациялық жұмыс құрылымына бойынша және негізгі нәтижелеріне байланысты 8 мақала жарияланды. Оның ішінде 6 мақала Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім Министрлігінің Ғылым мен жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті бекіткен ғылыми қызметтің негізгі нәтижелерін жариялау үшін ұсынылатын ғылыми басылымдар тізбесінде, 2 мақала рецензияланатын халықаралық ғылыми журналдардағы Scopus деректер базасына енетін ғылыми журналдарда жарияланды. 1. Бірінші мақала рецензияланатын халықаралық ғылыми журналдардағы Scopus деректер базасына енетін ғылыми журналдарда жарияланды. Мақала тақырыбы: Influence of Socio-Organizational and Personal Resources of the Employee on the Positive Perception of Work . Ғылыми журнал атауы: «Academic Journal of Interdisciplinary Studies».– 2023. – Vol 12, No 4. – P. 37-527. Q -2, P: 54. Докторант бірінші автор және автор корреспондент болып таылады, мақаланы дайындауға және жазуға қатысты. 2. Екінші мақала рецензияланатын халықаралық ғылыми журналдардағы Scopus деректер базасына енетін ғылыми журналдарда жарияланды. ». Тема статьи: Problem of Power in Michel Foucault’s Philosophy. Ғылыми журнал атауы: «Integrative Psychological and Behavioral Science – 2023. –No 4. Q -1, P: 91. Докторант үшінші автор саналады, мақаланы жазуда Мишель Фуконың шығармашылығынан деректер жинаумен айналысты. 3. Үшінші мақала Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім Министрлігінің Ғылым мен жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті бекіткен ғылыми қызметтің негізгі нәтижелерін жариялау үшін ұсынылатын ғылыми басылымдар тізбесінде Мақала тақырыбы: Әлеуметтік философияда ұрпақ категориясының зерттелуі. Ғылыми журнал атауы: «Адам әлемі». – 2019. – №4 (82). – 17 -27 б. Докторант бірінші автор және автор корреспондент болып таылады, мақаланы дайындауға және жазуға қатысты. 4. Төртінші мақала Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім Министрлігінің Ғылым мен жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті бекіткен ғылыми қызметтің негізгі нәтижелерін жариялау үшін ұсынылатын ғылыми басылымдар тізбесінде Мақала тақырыбы: Философия тарихындағы уақыт және сабақтастық. Ғылыми журналдың атауы: «Қарағанды университетінің хабаршысы», Тарих, философия сериясы. – 2022. – №2 (106). – 309 -318 б. Докторант жалғыз автор болып табылады, мақаланы дайындауға және жазуға қатысты. 5. Бесінші мақала Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім Министрлігінің Ғылым мен жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті бекіткен ғылыми қызметтің негізгі нәтижелерін жариялау үшін ұсынылатын ғылыми басылымдар тізбесінде Мақала тақырыбы: Философиядағы уақыт және ұрпақ және әдеттегі сана. Ғылыми журналдың атауы: «ҚазҰУ Хабаршысы», Философия, саясаттану, мәдениеттану сериясы. – 2022. – №3. – 35 -47 б. Докторант жалғыз автор болып табылады, мақаланы дайындауға және жазуға қатысты. 6. Алтыншы мақала Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім Министрлігінің Ғылым мен жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті бекіткен ғылыми қызметтің негізгі нәтижелерін жариялау үшін ұсынылатын ғылыми басылымдар тізбесінде Мақала тақырыбы: Қазіргі заманғы ұрпақ уақыты және құндылықтар. Ғылыми журналдың атауы: «Адам әлемі». – 2022. – №1 (91). – 63 -79 б. Докторант жалғыз автор болып табылады, мақаланы дайындауға және жазуға қатысты. 7. Жетінші мақала Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім Министрлігінің Ғылым мен жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті бекіткен ғылыми қызметтің негізгі нәтижелерін жариялау үшін ұсынылатын ғылыми басылымдар тізбесінде Мақала тақырыбы: Ұрпақ уақыты және тәуелсіздік. Ғылыми журналдың атауы: «Әл-Фараби». – 2021. – №3 (75). – 37 -49 б. Докторант жалғыз автор болып табылады, мақаланы дайындауға және жазуға қатысты. 8. Сегізінші мақала Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім Министрлігінің Ғылым мен жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті бекіткен ғылыми қызметтің негізгі нәтижелерін жариялау үшін ұсынылатын ғылыми басылымдар тізбесінде Мақала тақырыбы: Social and philosphical views in the works of Al Farabi and Al Gazali. Ғылыми журналдың атауы: «ЕҰУ хабаршысы», Тарих, философия сериясы. – 2023. – №1 (142). – 225 -236 б. Докторант бірінші автор және автор корреспондент болып таылады, мақаланы дайындауға және жазуға қатысты.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://youtu.be/AzqPhnXottE?si=Ft4Bg4INbkvc2RD7
