
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Мусатаева Фарида Магауиевна «6D020400 – Мәдениеттану» мамандығы бойынша «Мәдени ландшафт: зерттеу мәселелері» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Философия кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Абдина Айнур Канапияновна – философия ғылымдарының докторы, Astana IT University, жалпы білім беру департаментінің қауымдастырылған профессоры;
Кулумжанов Нуржан Еркенович – философия докторы (PhD), К. Сағадиев атындағы Халықаралық бизнес университеті, әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар кафедрасының аға оқытушысы.
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Кусаинов Дауренбек Умербекович – философия ғылымдарының докторы, Абай атындағы Қазақ ұлттық пеадгогикалық университеті, саясаттану және әлеуметтік-философиялық пәндер кафедрасының профессоры;
Сабитов Жаксылық Муратович – философия докторв (PhD), Жошы Ұлысын зерделеу ғылыми институтының директоры;
Бигожин Улан Зейнуллаевич – философия докторы (PhD), Назарбаев университеті, әлеуметтану және антропология кафедрасының қауымдастырылған профессоры.
Ғылыми кеңесшілері:
Медеуова Кульшат Агибаевна – философия ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, философия кафедрасының профессоры;
Катрин Пужоль – тарих ғылымдарының докторы, Шығыс елдері және цивилизациясы ұлттық институтының профессоры (Франция, Париж қаласы).
Қорғау 2025 жылы 31 мамыр, сағат 11.00-де Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D022-Гуманитарлық ғылымдар», «8D031-Әлеуметтік ғылымдар» кадрлар дайындау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі аралас форматта (оффлайн және онлайн) өткізіледі.
Сілтемесі: https://clck.ru/3LfNtm
Конференция идентификаторы: 678 160 9970
Қосылу коды: 12345
e-mail: quralai.sergabylqyzy@mail.ru
Мекен-жайы: Астана қ., Қ. Сәтбаев көшесі, 2, оқу-әкімшілік ғимарат, №302 ауд.
Аңдатпа (қаз.): Жұмыстың жалпы сипаттамасы. XX ғасырда мәдени ландшафт концептісі пәнаралық контексте дамып, мұра, сәйкестік және жадыны талдау құралына айналды. Қазақстанның «Мәдени мұра» мен «Рухани жаңғыру» бағдарламалары аясында бұл ұғым тарихи жадыны, қасиетті орындарды зерттеуде және ұлттық бірегейлікті нығайтуда маңызды рөл атқарды. Зерттеу Ұлытау өңіріндегі далалық жұмыстарға сүйене отырып, мәдени ландшафттың әлеуметтік-саяси аспектілерін және гуманитарлық ғылымдардағы интеграциясын қарастырды. Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Қазақстанның ЮНЕСКО конвенцияларын (1994, 2003) ратификациялауы және «Мәдени мұра» (2004–2011), «Рухани жаңғыру» (2017–2023) бағдарламалары тарихи-мәдени мұраны сақтау мен жаһандық мәдени кеңістікке интеграциялануға жол ашты. Ұлытау өңірі ұлттық жадыны жаңғыртуда маңызды символдық кеңістікке айналып, бірнеше ірі тарихи іс-шаралар мен мемориалдық жобалардың орталығы болды. Бұл бастамалар арқылы мәдени сәйкестік пен тарихи сабақтастықты мемлекеттің идеологиялық және ғылыми саясатымен ұштастыра отырып өзектілендіру жүзеге асты. Зерттеу жұмысының нысаны: мәдениеттанулық зерттеулердегі мәдени ландшафттың ұлттық тұжырымдамалары. Зерттеу жұмысының пәні: мәдени ландшафтты зерттеудегі теориялық және практикалық тәсілдердің өзара байланыс мәселелері. Зерттеу жұмысының мақсаты: мәдени ландшафт тұжырымдамаларының эвристикалық маңыздылығы мен Қазақстандағы зерттеулерге қатысты қолданбалы мүмкіндіктерін ашып көрсету. Зерттеу міндеттері: 1. Мәдени ландшафт концептісінің эвристикалық әлеуетін ұлттық мектептерді, пәндік және пәнаралық зерттеулерді талдау арқылы ашып көрсету; 2. Тарихи жады, символдық кеңістіктер мен мәдени ландшафттар арасындағы өзара байланысты анықтау, сондай-ақ өткеннің кеңістіктік және материалдық нысандар, тәжірибелер мен естелік орындары арқылы репрезентацияланатынын көрсету; 3. «Мәдени бетбұрыс» пен ЮНЕСКО бастамалары контексінде мәдени мұра мен мәдени ландшафт тұжырымдамалары арасындағы өзара байланыстарды бағамдау; 4. Қазақстандық ғылыми әдебиетте мәдени ландшафтты зерттеудің теориялық және әдіснамалық тәсілдерін зерделеу; 5. Қазақстан Республикасының мәдени мұраны сақтау жөніндегі нормативтік-құқықтық базасын және мәдени саясатты кең ауқымды жаңғыртуға қатысты мемлекеттік бағдарламаларын талдау; 6. Мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларды (кіші бағдарламаларды) жүзеге асыру барысында қолданылатын теориялық тәсілдерді реконструкциялау мүмкіндіктерін қарастыру; 7. Ұлытау өңірінің мысалында ландшафттық тәсілді тұжырымдау және жүзеге асырудың теориялық, практикалық мәселелерін талдау. Зерттеу әдістері. Зерттеу пәнаралық сипатқа ие болғандықтан, кешенді әдіснамалық тәсіл қолданылды. «Мәдени ландшафт» ұғымы классикалық талдау және әртүрлі ғылыми мектептердің тәсілдері арқылы қарастырылды. Мәдени саясат бойынша құжаттық база, архив материалдары мен салалық орталықтардың аналитикалық баяндамалары сарапталды. 2020 және 2022 жылдары Ұлытау өңірінде жүргізілген экспедициялар барысында бақылау, сипаттау, картографиялау, сұхбат алу сияқты далалық әдістер пайдаланылып, түрлі акторлардың көзқарастары ескерілді. Теориялық және эмпирикалық әдістердің үйлесімі зерттеу гипотезаларын верификациялауға және алынған деректердің валидтілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Негізгі ережелері (дәлелденген ғылыми гипотезалар және жаңа білім болып табылатын басқа да тұжырымдар): Тұжырым 1. Ландшафттық тәсілді мәдениеттанулық зерттеулерде қолданудың мәні пәнаралық әдістемелік тәсілдердің үйлесімін пайдаланумен байланысты. Онда географиялықтан тарихи тұрғыдағы зерделеуге өту арқылы мәдениеттанулық талдау жасауға мүмкіндік қалыптасады. Бұл тәсіл мәдени ландшафтты зерттеудің әртүрлі ұлттық дәстүрлерін біріктіреді. Неміс мектебі ландшафттың географиялық саралану негіздерін жаратылыстану тұрғысынан қалыптастырса, француз дәстүрі тарихи әдістемелерді қайта зерделеуге бағытталған. Американдық зерттеулер семантикалық және когнитивтік аспектілерге назар аударса, британдықтар тарихи-географиялық реконструкциялар мен урбанизацияланған кеңістіктердің сыни талдауына басымдық береді. Ресейлік дәстүрде гуманитарлық география мен антропогеографиялық бағытқа ерекше көңіл бөлінеді. Нәтижесінде, осы тәсілдердің барлығы мәдени ландшафтты тарихи нарративтер, символдық кодтар және әлеуметтік практикалар арқылы қалыптасатын көпқабатты кеңістік ретінде тұжырымдауға мүмкіндік берді. Тұжырым 2. «Естелік орындары» тұжырымдамасы мәдени ландшафттың ажырамас бөлігі болып табылады. Ол тарихи нарративтер, коммеморация рәсімдері мен күнделікті тәжірибелер арқылы қалыптасатын символдық және эпистемологиялық құрылымдарды білдіреді. Естелік орындары тарихи сананы қалыптастырумен қатар, ұжымдық бірегейлікті заңдастыру құралы және мәдени мұра нысаны ретінде қызмет атқарады. Тұжырым 3. ЮНЕСКО-ның мәдени мұра мен мәдени ландшафт тұжырымдамаларын ілгерілету бойынша қызметі осы тұжырымдамалардың әдіснамалық конвенция ретінде институционалды тұрғыда бекітілуіне ықпалдасты. Мәдени ландшафттарды халықаралық құқықтық және әдіснамалық тұрғыда мойындау оларды сақтау мен қорғаудың біріңғай стандарттарын әзірлеуді талап етті. Бұл Қазақстанға мәдени мұраны қорғау саласындағы жаһандық үрдістерге бейімделуге мүмкіндік берді. Осыған байланысты Ұлытау мәдени ландшафтысы Дүниежүзілік мұра тізіміне енуі мүмкін. Тұжырым 4. Қазақстандық ғылыми дәстүрде ұзақ уақыт бойы ландшафттың географиялық және этномәдени аспектілерін зерттеуге ерекше назар аударылды. Соңғы онжылдықта бұл дәстүр түрленіп коммеморация тұжырымдамаларын да қамти бастады. Бұл аспект француз коммеморациялық әдісімен ұқсастық табады. Алайда, қазақстандық тәсілде жергілікті ерекшелікпен үйлесімді тарихи және мәдени жадыны сақтауға ерекше мән беріледі. Тұжырым 5. Қазақстанның мәдени саясатына енгізілген ландшафттық тәсіл киелі нысандарды тарих элементтері ғана емес, аумақтарды стратегиялық дамыту ресурстары ретінде қайта бағамдауға мүмкіндік берді. Мәдени ландшафтты жандандыру арқылы тарихи және мәдени жадыны өзектендіруге, жергілікті қауымдастықтарды мәдени саясат үдерісіне тартуға және Ұлытауды Қазақстанның стратегиялық маңызды мәдени орталығы ретінде қалыптастыруға ықпал етті. Тұжырым 6. Мәдени саясатта жекелеген объекттерге бағытталған тәсілден ауқымды ландшафтық тәсілге көшу үрдісі байқалады. Бұл, әсіресе, жаңадан құрылған Ұлытау облысында аймақтық брендтеуді, тарихи жадының көрнекі репрезентацияларын және мифологиялық нарративтердің реконструкциясын белсенді қолданудан көрінеді. Мұндай өзгеріс тарихи-мәдени мұраны кешенді басқару қажеттілігімен байланысты. Ол жекелеген ескерткіштерді ғана емес, олардың кеңістіктік контексті мен жергілікті қауымдастықтардың өзара әрекеттесу үдерістерін ескеруге мүмкіндік береді. Тұжырым 7. Ұлытауды мәдени ландшафт және жаңа әкімшілік аумақ ретінде қайта құру мәселесі методологиялық қиындықтарды айқындайды. Бұған ұжымдық жадыға институционалдық бақылаудың жергілікті акторлардың баламалы көзқарастарымен тоғысуы, терминологияның үйлесімсіздігі, басқарудың шашыраңқылығы, кадрлар мен инфрақұрылым тапшылығы сияқты мәселелерді жатқызуға болады. Аталмыш қиындықтар мәдени ландшафтты басқарудың кешенді тұжырымдамасын пәнаралық негізде әзірлеу қажеттігін көрсетеді. Зерттеудің негізгі нәтижелерінің сипаттамасы: Нәтиже 1. «Мәдени ландшафт» ұғымы XIX ғасырдың ортасында неміс географтарының еңбектерінде пайда болып, кейіннен Еуропа елдеріндегі ұлттық мектептердің ықпалымен мағынасы жан-жақты кеңейді. Алғашында географиялық нысан ретінде қарастырылған мәдени ландшафт, кейіннен әлеуметтанулық және мәдени зерттеулердің объектісіне айналып, оған антропологиялық сипат берілді. Нәтиже 2. «Естелік орындары» тарихи мазмұнымен қатар, әлеуметтік және мәдени кеңістіктің креативті элементі бола алады. Ол ландшафтты белгілеудің бір бөлігі ретінде қарастырылып, оның символдық мағыналарын айқындап, өңірді дамыту стратегиясын әзірлеуде қолданыла алады. Нәтиже 3. «Мәдени бетбұрыс» үдерісі және ЮНЕСКО-ның мәдени және табиғи мұраны қорғау саласындағы қызметі, бір жағынан, мәдени ландшафт тұжырымдамасының теориялық негіздерін қалыптастыруға ықпал етті, екінші жағынан, оны нормативтік-құқықтық құжаттарда бекітуге және тәжірибе жүзінде енгізуге ықпал етті. Нәтиже 4. Қазақстандық ландшафттық зерттеулер аксиологиялық аспектілерге бағытталған және посткеңестік кезеңде географиялық тұжырымдамадан гөрі геосаяси және идеологиялық факторлармен, соның ішінде, ұлт қалыптастыру тұжырымдамасымен тығыз байланысты болып қалуда. Нәтиже 5. Стратегиялық бағдарламаларды талдай отырып, «Мәдени мұра» бағдарламасында, негізінен, объектілік тәсіл қолданылғаны анықталды. Тек тарихи ғылымды өзектендіруге және археологиялық қазбалар арқылы нақты объектіні қалпына келтіруге бағытталған. Керісінше, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы тарихи-мәдени маңызы бар орындардың инфрақұрылымын жандандыруға бағытталып, мұнда ландшафттық тәсілге негізделген әдістемелер басым болды. Нәтиже 6. Қаржыландыру және басқару үдерістерін талдау қасиетті орындарға қатысты бастамалар мемлекеттік органдар, ғылыми қауымдастық және азаматтық қоғам арасындағы синергия алаңына айналғанын көрсетті. Бұл өз кезегінде жады орындарының инвентаризациясына алып келді. Нәтиже 7. Қазақстанда ландшафттық тәсілді іске асыруды талдау бірқатар теориялық және практикалық мәселелерді анықтауға мүмкіндік берді: Теориялық мәселелер: «Мәдени ландшафт» ұғымының көпмағыналылығы, зерттеулерде бірыңғай әдіснамалық тәсілдің болмауы; Мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларды іске асыру барысында объектілі және ландшафттық тәсілдердің ажыратылмауы; Мәдени ландшафт тұжырымдамасының саясилану мүмкіндігі және мұның зерттеулердің шынайылығына әсері. Практикалық мәселелер: Мәдени ландшафт тұжырымдамаларын қолдануға арналған заңнамалық базаның тиісті деңгейде әзірленбеуі; Мәдени ландшафттарды басқару бойынша ЮНЕСКО-ның халықаралық стандарттарына мемлекеттік заңнаманың сәйкес келмеуі; Мәдени ландшафтты жаңғырту кезіндегі қаржылық және инфрақұрылымдық шектеулер; Кадр тапшылығы және зерттеу базасының әлсіздігі. Алынған нәтижелердің жаңалығы мен маңыздылығының негіздемесі: 1. XIX–XX ғасырлардағы неміс, орыс, британ, француз және американдық мәдени ландшафтты зерттеу дәстүрлеріне салыстырмалы талдау жүргізілді. Бұл талдау тұжырымдаманың географиялық талдануынан кешенді пәнаралық тәсілге дейінгі эволюциясын анықтауға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, батыстық теориялық-әдіснамалық тәсілдерді қазақстандық контекстке бейімдеуге жол ашып, мәдени ландшафтты зерттеудің ұлттық ерекшеліктерін ескеруге мүмкіндік берді. 2. «Анналдар» мектебінен бастап заманауи коммеморациялық зерттеулерге дейінгі мәдени ландшафт тұжырымдамасының дамуы зерттелді. Бұл мәдени кеңістікті ұғынудағы негізгі әдіснамалық өзгерістерді анықтауға мүмкіндік берді. Қазақстандық мәдени ландшафтты зерттеуге коммеморациялық тәсілді енгізу тарихи жады мен кеңістіктің өзара әрекетін талдаудың аналитикалық мүмкіндіктерін кеңейтеді. 3. ЮНЕСКО-ның халықаралық құжаттарына және олардың Қазақстандағы тәжірибеге енгізілуіне кешенді талдау жүргізілді. Бұл заңнамалық базадағы сәйкессіздіктер мен олқылықтарды анықтауға мүмкіндік берді. Осы деректер негізінде халықаралық стандарттарды ұлттық заңнамаға бейімдеу тетіктері ұсынылды, бұл мәдени ландшафттардың құқықтық қорғалуын күшейтуге ықпал ете алады. 4. Объектіге бағытталған бағдарламалар («Мәдени мұра») мен кешенді ландшафттық тәсіл («Рухани жаңғыру») арасындағы әдіснамалық және басқарушылық алшақтықтар анықталды. Бұл екі тәсілді интеграциялаудың қажеттілігін негіздеуге мүмкіндік берді. Жұмыста Қазақстанның мәдени саясатының динамикасына жүйелі талдау жүргізіліп, мұраны кеңістіктік басқару бағытына қарай эволюциясының негізгі үрдістері айқындалды. 5. Мәдениеттанулық зерттеулерде ландшафттық тәсілді қолдану мәдени ландшафттың табиғатын тереңірек түсінуге мүмкіндік беретіні көрсетілді. Ландшафттық тәсіл – жергілікті бірегейлікті бейнелейтін біртұтас өмір сүру ортасының қалыптасуын талдау болып табылады. Ал мәдени ландшафт – мифологиялық, тарихи, саяси және антропогендік үдерістер негізінде әлеуметтік топтың жадында құнды деп қабылданатын табиғи және мәдени кеңістік. Осы өзара байланыста үнемі жаңарып отыратын сын-тегеуріндерге бейімделу үдерістері маңызды рөл атқарады. Бұл белгілі бір аумақтың тарихи және мәдени құндылығын зерделеуге мүмкіндік береді. 6. Ұлытау өңірінің мысалында мәдени ландшафтты сакралдау механизмдерінің реконструкциясы жүргізілді, мемлекеттік бағдарламаларда объектіліктен ландшафттық тәсілге ауысу үрдісі анықталды. Тарихи жады қалыптастыруда жергілікті акторлардың негізгі рөлі бағамдалды. Олардың Ұлытаудың ландшафтысын абаттандыру, жаңғырту жұмыстары «билік ордасы», «ұлтты біріктіруші» мекен ретінде дәріптеуге бағытталғандығы айғақталды. Зерттеудің теориялық және практикалық маңыздылығы Қазақстанның мәдени саясатына қатысты заңнамалық және бағдарламалық негіздерді жүйелі талдаумен айқындалады. Мәдени ландшафт тұжырымдамаларын зерттеу оның құрылымы, кеңістіктегі рөлі мен символдық маңызын терең түсінуге мүмкіндік береді. Алынған нәтижелер «Мәдени антропология», «Мәдени саясат», «Бұқаралық мәдениет теориясы» сияқты пәндерді оқытуда қолданыла алады. Сондай-ақ, тарихи-мәдени нысандармен жұмыс істеуге бағытталған мемлекеттік және қоғамдық жобалар үшін әдістемелік база бола алады. Ғылымның даму бағыттарына немесе мемлекеттік бағдарламаларға сәйкестігі. Диссертациялық жұмыстың тақырыбы Қазақстан Республикасының ғылымын дамытудың басым бағыттарына сәйкес келеді – 4. «Елдің зияткерлік әлеуеті», гуманитарлық ғылымдар саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулерге бағытталған 2. «Гуманитарлық ғылымдар саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулер» мамандандырылған ғылыми бағытының 2.4-тармағы «Қазақстанның рухани қасиетті орындары, Қазақстанның киелі географиясы. Өлкетану» шеңберінде орындалады. Сонымен қатар, бұл ғылыми зерттеу «Мәдени мұра» және «Рухани жаңғыру» стратегиялық бағдарламаларының мақсаттары мен міндеттеріне, «Туған жер» және «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобаларына; тарихи-мәдени мұраны сақтау және пайдалану бойынша қолданыстағы нормативтік-құқықтық базаға; Қазақстан Республикасының 2023–2029 жылдарға арналған мәдени саясат тұжырымдамасына сәйкес келеді. Докторанттың әрбір жарияланымды дайындауға қосқан үлесінің сипаттамасы. Диссертациялық зерттеу нәтижелері ізденуші бірінші автор болып табылатын 8 ғылыми мақалада жарияланған: I. Web of Science Core Collection, Scopus базасына кіретін халықаралық рецензияланатын ғылыми журналдардағы мақалалар – 2. 1. Mussatayeva F., Malgarayeva Z., Issayeva M. “Places of Memory” as the Historical and Spiritual Values of the Kazakh Culture Regeneration // Trans/Form/Ação: Unesp journal of philosophy, Marília, v. 47, n. 2, “Feminine perspectives in philosophical thought”, e02400173, 2024. рр 1-21. DOI: https://doi.org/10.1590/0101-3173.2024.v47.n2.e02400173 URL: https://www.scielo.br/j/trans/a/Mhy9ZbVdHDqCJgLjZnzpBnL/?lang=en Мақала мақсаты - Қазақстанның мәдени ландшафтындағы кеңістіктің жаңа идеологиясының өсу нүктелерін зерттеу. Мақалада Қазақстанның мәдени саясатына қатысты бағдарламалық құжаттарды П. Нораның «жады орындары» тұжырымдамасы тұрғысынан қарастыру үшін дискурс-талдау әдісі және құрылымдық-семиотикалық талдау қолданылды. 1. Mussatayeva Farida, Kuralay Yermagambetova, Saira Shamakhay, Zhazira Baisarina, and Tolganay Mustafina. 2024. “Possibilities of Legal Regulation of the Conservation of Sacred Places Within the Cultural Landscape: The Case of the Republic of Kazakhstan”. Journal of Islamic Thought and Civilization 14 (1), 2024. рр. 92-103. DOI: https://doi.org/10.32350/jitc.141.06. URL: https://journals.umt.edu.pk/index.php/JITC/article/view/5127 Мақалада мәдени ландшафттарды сақтауға қатысты құқықтық нормаларды іске асырудағы негізгі мәселелер анықталып, осы проблемаларды еңсеруге арналған ықтимал шешімдер ұсынылады. Мақаланы жазу барысында құрылымдық-логикалық талдау және сараптамалық сұхбаттардың сапалық талдауы қолданылды. Сонымен қатар, Кендалл келісімділік коэффициенті пайдаланыла отырып, Қазақстанда мәдени ландшафттарды сақтау жөніндегі халықаралық құқықтық нормаларды имплементациялау мәселелерінің рейтингі жасалды. II. Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым және жоғары білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған басылымдардағы мақалалар – 5. 3. Мусатаева Ф.М. Ұлытау ландшафтының мәдени символикасы // Л.Гумилев атындағы ҰЕУ хабаршысы, Тарих ғылымдары. Философия. Дінтану сериясы. ‒ 2022. ‒ Т. 139. ‒ No. 2. ‒ Б. 199-217. DOI: 10.32523/2616-7255-2022-139-2-199-217 4. Мұсатаева Ф.М., Ермағамбетова К.С. Қазақстанның мәдени ландшафтындағы кеңістіктің жаңа идеологиясы // Адам әлемі. – 2022. – No. 4 (94). – Б. 30-45. DOI: 10.48010/2022.4/1999-5849.04 5. Мусатаева Ф.М. Тәуелсіз Қазақстандағы коммеморативтік саясат // Вестник ЕНУ им. Л. Гумилева Серия: Исторические науки. Философия. Религиоведение. ‒ 2022. ‒ Т. 141. ‒ No. 4. ‒ Б. 202-217. DOI: 10.32523/2616-7255-2022-141-4-202-217. 6. F.M. Musatayeva, K.S. Yermagambetova. The concept of “places of memory” by Pierre Nora: practices of commemoration // KazNU Journal. Philosophy, Cultural Studies and Political Science Series. - 2022. Vol 80. - No 2. - 92-100 рр. DOI: 10.26577/jpcp.2022.v80.i2.09 7. Mussatayeva F.M. Local cultural memory of Ulytau: the sacralisation of the area by means of symbolic forms encoding // Bulletin of the L.N. Gumilyov ENU. Historical sciences. Philosophy. Religion Series. 2024. ‒ Vol. 146. ‒ №. 1. ‒ P. 248-268. DOI: https://doi.org/10.32523/2616-7255-2024-146-1-248-268 Бұл мақалаларда Ұлытау мәдени ландшафтының қайта жаңғыру үрдістері, Қазақстандағы коммеморативтік саясат пен тәжірибелер, олардың ұлттық бірегейлікті нығайту және ұлт қалыптастыру үдерістеріне әсері қарастырылды. Ғылыми еңбектерде герменевтикалық, аксиологиялық және әлеуметтік-мәдени салада кеңінен қолданылатын заманауи интерпретация және репрезентация әдістері пайдаланылды. III. Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялар жинақтарында 2. Ф.М. Мусатаева. Зарождение концепции «Места памяти» Пьера Нора // Современная наука: проблемы, идеи, тенденции. Материалы Международно научно-практической конференции под общ. ред. А.И. Вострецова. – г. Прага, Чехия: Vydatel «Osviceni», РИО НИЦ «Мир науки», 2019. – С. 561-565. https://elibrary.ru/item.asp?id=36990631 Бұл мақалада П. Нораның «жады орындары» тұжырымдамасына сәйкес тарих пен жадының арақатынасы зерттеліп, ұжымдық жадының жүйелік детерминацияларын талдауға мүмкіндік беретін тәсіл қарастырылды. Диссертацияның құрылымы. Диссертация құрылымы зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттеріне сәйкес келетін кіріспеден, үш негізгі бөлімнен тұрады: бірінші бөлім төрт тармақшадан, екінші және үшінші бөлімдер екі тармақшалардан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен, тереңдетілген сұхбаттардың гайдтарынан және далалық зерттеулердің визуалды материалдарынан құралған. Диссертациялық жұмыстың жалпы көлемі – 145 бет, пайдаланылған әдебиеттер саны – 237, нормативтік құжаттарға сілтеме – 34, тереңдетілген сұхбатқа арналған гайд (Қосымша А), далалық зерттеулердің визуалды материалдары (Қосымша Ә).
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://youtu.be/2KA0X6RT7NI?si=5BfVzgH_lBbx2vSh
