
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Мақұлбеков Айдос Төлебекұлы «6D020400 – Мәдениеттану» мамандығы бойынша «Қазақ өнер аудиториясы: мәдениеттанулық талдау» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Философия кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Раев Даулетбек Садуакасович – философия ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Философия» кафедрасының профессоры (Алматы қ., Қазақстан Республикасы);
Мұқатаева Айзат Амантайқызы – философия ғылымдарының кандидаты, Шәкәрім университетінің «Тарих» кафедрасының доценті м.а. (Семей қ., Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Жанабаева Динара Мухтаровна – философия докторы (PhD), Философия, саясаттану және дінтану институтының бас ғалым хатшысы (Алматы қ., Қазақстан Республикасы);
Аубакирова Салтанат Советовна – философия докторы (PhD), қауымдастырылған профессор, Торайғыров университетінің «Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар» факультетінің деканы (Павлодар қ., Қазақстан Республикасы);
Маулет Ардаби – философия докторы (PhD), ҚР Ұлттық музейінің «Мәдени мұраны зерттеу» институтының «Қазақтың дәстүрлі мәдениеті» бөлімінің жетекшісі (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Ғылыми кеңесшілері:
Ғарифолла Есім – философия ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Философия» кафедрасының профессоры (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Дронзина Татьяна Александровна – саясат ғылымдарының докторы, Әулие Климент Охридский атындағы София университетінің профессоры (София қ., Болгария).
Қорғау 2025 жылғы 2 шілде, сағат 11:00-де Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «6D020400 – Мәдениеттану» мамандығы бойынша «8D031 – Әлеуметтік ғылымдар» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Заседание Диссертационного совета будет проходит в гибридном формате (онлайн и оффлайн).
Сілтемесі: https://clck.ru/3MM59u
Конференция идентификаторы: 678 160 9970
Қосылу коды: 12345
Мекен-жайы: Астана қ., А. Янушкевич көшесі, 6, №4 ғимарат, 106 аудитория.
Аңдатпа (қаз.): Диссертациялық зерттеу тақырыбының өзектілігі. Қазақ даласының бай мәдени тарихын зерттеуде дәстүрлі қоғамдағы сахналық өнердің көрермен аудиториясын айрықша бөліп зерттеудің ғылыми теориялық әрі тәжірибелік маңызы зор. Қазақ халқы дархан даланы сан түрлі, бай мазмұнды, өзіндік ерекше стилі, ұзақ тарихымен иелік еткені мәлім. Ұлтты өлтірмейтін оның төлтума мәдениеті ғана. Ұлт атаулыны адамзат мәдениетіне қосқан үлесімен ғана анықтау қажет болса, онда қазақ халқының рухани мұрасының бетке ұстары ең алдымен ұлттық өнері болуы тиіс. Бүгінгі өнер индустриясының қарқынды дамуына байланысты өзектілікке айналған мәселенің бірі – сахна өнерінің көрерменге ықпал ету мазмұны мен ерекшелігі. Сахна өнерін көрермен аудиториясынсыз түсіну мүмкін болмайды. Бұл туралы поляк режиссері Ежи Гротовский: «көрерменсіз театр өмір сүре алар ма еді? Спектакль спектакль болу үшін кем дегенде бір көрермен қажет» деген болатын. Көрермен институтының мәдени-біліктілік деңгейі, сахна өнерінің шығармашылық өсуінің индикаторы болатыны хақ. Яғни, көрермен, тыңдарман аудиториясы – сахна өнерінің айнасы, даму индикаторы. Жалпы ғылыми қолданыста «аудитория» ұғымы кең және тар мағынада қолданылады. Кең мағынада «аудитория» ұғымы кез келген көрермен мен тыңдарманның белгілі бір орынға топтасқан жиын-тобын, әрекет-қауымын белгілейді. Демек, «аудитория» – жиын, мінберсөз, оқылатын дәріс, сахналық өнер, бүгінгі күнгі өмір шындығына қарай айтар болсақ, медиа, әлеуметтік желі және т.б. коммуникация алаңының көрермендері мен тыңдармандарын қамтитын ұғым деп айтуға негіз бар. Зерттеу тақырыбының өзектілігі қазіргі ғылыми зерттеулерге сыни көзқарастардың қалыптасу тенденциясымен байланыстырылады. Алдымен, жалпы сахналық өнер ұғымының терминологиялық шығу тегінің полифониялық табиғаты, оның көпжақты күрделі болмысын құрайды. Бұны мынадай құрылымдық категориялардың тоғысы ретінде қарастыруға болады: тарихи, теориялық, әлеуметтік, мәдени. Осының өзі сахна өнерін әлеуметтік мәдени құбылыс ретінде қарастыру қажеттілігін туғызады. Американдық театртанушы Кристофер Балмның айтуынша, «... театр тәжірибесін іске асырудағы көрерменнің белсенді рөлін сипаттау аса маңызды». Сондықтан, сахна өнерін әлеуметтік-көрермендік феномен деп қарастырып, оны мәдени-философиялық зерттеу нысанына алу мәселенің өзектілігін айшықтай түспек. Сонымен қатар, тақырыптың өзектілігі бүгінгі тәуелсіз елдегі ұлттық өнердің даму жолын, оның негізгі элементі – көрермен аудиториясының қалыптасуы мен даму үдерісін зерттеудегі өзіндік түйткіл мәселелермен байланыстырамыз. Өнердің әлеуметтік-мәдени қызметі халықтық көрермен аудиториясы арқылы іске асып, өмір сүретіні белгілі құбылыс. Олай болса, көрермен өнерді қолдану қажеттігіне ие болатын қоғамның ажырамас бөлігі және өнердің әлеуметтік өміршеңдігін қамтамасыз ететін орта деген ой түюге негіз бар. Демек, өнердің, нақты айтқанда сахналық өнердің әлеуметтік-мәдени қозғалысын көрермен аудиториясымен тікелей байланыста қарастыру қажеттігі туындайды. Тақырыптың зерттелу деңгейі. Зерттеу тақырыбына тарихи-теориялық және әдіснамалық талдау алыс және жақын шетелдік, отандық ғалымдардың еңбектерін зерделеу негізінде жасалынды. Қарастырылып отырған зерттеу тақырыбы пәнаралық болғандықтан, мәдениеттану, әлеуметтану, өнертану және театртану салалары аясындағы ғылыми еңбектер қарастырылды. Жалпы сахналық өнер аудиториясы концептісі теориялық тұрғыда Е.Гротовский «Театр және ритуал», В.Я. Нейгольдберг «Әсер ету аймақтары және театр аудиториясы», Р. Элдридж «Өнер философиясы», К. Балм «Театртану», К. Энтони «Батыс философиясының жаңа тарихы», Л.Коган «Театр көрермендері», Э. Гомбрих «Өнер тарихы», С. Беннет «Театр аудиториясы» және т.б. авторлардың еңбектерінде тікелей немесе жанама түрде көрініс тапқан. Мәселеге қатысты сахналық өнер мен оның аудиториясын өнер философиясы, театр әлеуметтенулық қырынан, аудиториятану әдіснамасына байланысты көзқарастар Ресей ғалымдарының еңбектерінде де қарастырылған. Мәселені әлеуметтанулық тұрғыдан зерделеген авторлардың қатарында А.Алексеев, О. Божков, Л. Коган, А. Ушкарев, К. Станиславкий, А. Брянцев, А. Янушкевич сияқты зерттеушілерді атауға болады. Сахна өнері аудиториясының қалыптасу эволюциясын тарихи-мәдени үдеріс ретінде әрі оны сахна өнерінің ең көне формасы театр өнерінің шығу тарихымен байланыстыра қарастырған зерттеушілер: Ю. Калашников, М. Князева, В. Климов, В. Головня және т.б. сахна өнері тарихын көрермен аудиториясы тәжірибесімен тығыз байланыста болатын бірыңғай процесс ретінде қарастырады. Отандық ғалымдардың зерттеулеріне зер салатын болсақ, жалпы сахна өнері мен аудитория, сонымен бірге қазақ сахна өнері мен аудиториясының арақатынасы туралы көзқарастарға ерекше назар аударған жөн. Олардың қатарына М. Әуезов, Ж. Аймауытов, Қ. Жұбанов, Б.Құндақбайұлы, Т. Ғабитов, Б. Нуржанов, А. Сейдімбек, Н. Мыңжан, Ә. Сығай, Б. Атабаев, А. Мұқан сияқты зерттеушілерді жатқызуға болады. М. Әуезов қазақ дәстүрлі қоғамындағы ұлттық сахналық өнері (театры) мен көрермен аудиториясының қалыптасуының алғышарттарын дала өркениетіндегі айтыс өнерінің халықтық театр белгілерінің әрі оның өз тыңдарман қауымының болуымен байланыстырса, Н. Мыңжан айтыс өнері жалпыхалықтық театр қызметін атқарғанын мақұлдайды. А. Янушкевич қазақ айтыс өнерінің топтық-тыңдармандық аясын сүреттей отырып, тыңдаушы аудиторияның қабылдау әлеуетіне назар аударады. Яғни, қазақтың дәстүрлі айтыс өнерінің көпшіліктік-аудиториялық табиғаты мойындалады. Б.Құндақбайұлы театр өнерінің дүниеге келуін халық өнерінен бөліп қарауға болмайтынын және бұл құбылысты әлем театрының тарихынан да аңғаруға болатынын алға тартады. Профессор Т. Ғабитов өнерді адам өмір тіршілігінің ең көне формасы ретінде тани келіп, сахналық өнер әлемді драмалық әрекеттер арқылы көркем игеретін, көрермендердің көз алдында актерлермен іске асырылатын өнер ретінде мойындайды. Ал, профессор Б. Нуржанов жалпы театртанулық зерттеулердегі оның көрермен аудиториясымен егіз құбылыс ретінде қарастырылу ұстанымын ескере келіп, театрдың жаңа әлеуметтік-мәдени кеңістік болатынын таныды. Диссертация жазу барысында басқа да зерттеуші-ғалымдардың жекелеген еңбектері мен зерттеу жұмыстары қолданылып, жұмыстың пайдаланылған әдебиеттер тізіміне енгізілді. Диссертациялық жұмыстың зерттеу обьектісі – қазақ өнер аудиториясы мәдени кеңістік ретінде. Диссертациялық жұмыстың зерттеу пәні – қазақ аудиториясына өнердің әсері және оның трансформациясы. Диссертациялық зерттеу жұмысының мақсаты – қазақ өнер аудиториясын ұлттық өнер контексінде мәдениеттанулық тұрғыдан талдау. Аталған мақсатқа жету үшін келесі міндеттер қойылады: – «аудитория» концептісінің мәдени-теориялық аспектілері мен әдіснамалық негіздерін анықтау; – аудитория феноменін әлеуметтік-мәдени кеңістік ретінде талдау жасау; – қазақ дәстүрлі қоғамындағы өнер аудиториясының қалыптасуын зерттеу; – ХХ ғасырдағы қазақ өнері аудиториясына дискурстық талдау; – қазақ өнері көрермендерінің эстетикалық және құндылықтық маңызы мен ерекшеліктерін зерделеу. – бүгінгі қазақ өнеріндегі көрермен аудиториясының рухани-мәдени құндылықтық бағдарын анықтау. Зерттеу тақырыбының ғылыми жаңалығы. – аудитория концептісінің мәдени-теориялық аспектілері мен әдіснамалық негіздері жүйеленіп, оны тек қабылдаушы орта ретінде емес, мәдени мағына тудырушы субъект ретінде қарастырудың ғылыми негіздері айқындалды. Қазақ ұлттық өнері контексінде аудитория феноменінің мәдени жүйедегі орны мен қызметі анықталды. – аудитория феномені әлеуметтік-мәдени кеңістік ретінде талданып, оның ұлттық өнермен өзара байланысындағы рөлі айқындалды, мәдени мағына тудырушы субъект ретіндегі қызметі анықталды. – қазақ дәстүрлі қоғамындағы өнер аудиториясының қалыптасу үдерісі мәдениеттанулық тұрғыдан талданып, оның мәдени ерекшеліктері айқындалды. Дәстүрлі өнер мен көрермен арасындағы өзара ықпалдастық сипаты анықталып, аудиторияның әлеуметтік статусы мен рөлі нақтыланды. Бұл өз кезегінде қазақ қоғамындағы көрермен мәдениетінің ұлттық болмыспен тығыз байланысты қалыптасқанын көрсетіп берді. – ХХ ғасырдағы қазақ өнері аудиториясының дискурстық сипаттары мәдениеттанулық талдау негізінде қарастырылып, тарихи кезеңдерге сай көрермен санасының трансформациялану үдерісі айқындалды. Кеңестік және посткеңестік кезеңдердегі идеологиялық, эстетикалық және мәдени факторлардың аудиторияға ықпалы анықталып, көрерменнің өнерді қабылдауындағы рухани-мәдени бағдарларының өзгерісі нақтыланды. – қазақ өнері көрермендерінің эстетикалық және құндылықтық бағдарлары мәдениеттанулық тұрғыда талданып, олардың өнерді қабылдау үрдісіндегі рөлі мен маңыздылығы айқындалды. Көрерменнің эстетикалық талғамы мен құндылықтық ұстанымдарына әсер ететін тарихи-мәдени факторлар анықталып, ұлттық өнермен өзара байланысындағы ерекшеліктері нақтыланды. Бұл көрермен феноменін ұлттық мәдениеттің белсенді құрамдас бөлігі ретінде қарастыру қажеттігін көрсетіп берді. – бүгінгі қазақ көрерменінің рухани-мәдени құндылықтық бағдарлары ұлттық дәстүрге негізделген мазмұнға бейімділік, заманауи көркемдік тілге қызығушылық, сондай-ақ ойын-сауықтық сипаттағы қойылымдарға сұраныс сынды бағыттар бойынша анықталды. Қазіргі көрерменнің ұлттық өнермен өзара байланысындағы мағыналық бағдарлар мен олардың заманауи сахналық үдерістерге ықпалының артқаны дәлелденді. Қорғауға ұсынылатын ғылыми тұжырымдар мен ізденушінің қосқан жеке үлесі. 1. Аудитория ұғымын мәдени-теориялық аспектіде қарастыру барысында оның сахна өнеріндегі орны мен рөлі ерекше маңызға ие. Атап айтқанда, аудитория – сахна өнерінің, соның ішінде театрдың априорлық, яғни бастауыш құрамдас бөлігі ретінде көрініс табады. Көрерменсіз өнер өз мәнін жоғалтады, сондықтан аудиторияны бұл салада объективті мәдени құбылыс ретінде қарастыру орынды әрі ғылыми негізделген. Аудитория болмысы – сахна өнерінің мағыналық құрылымында белсенді рөлге ие. Ол тек ақпарат қабылдаушы пассивті элемент емес, мағына тудырушы және мәдени процестің толыққанды субъектісі ретінде әрекет етеді. Демек, аудитория өнер туындысының мазмұнын қабылдап қана қоймай, оны интерпретациялап, мәдени дискурстың бір бөлігіне айналдырады. Театртану мен аудиториятанудың өзара байланысын біртұтас мәдени-теориялық кеңістік ретінде қарастыру – сахна өнерінің терең мазмұнын ашуға мүмкіндік береді. 2. Ғылыми ізденіс нәтижесі көрермен аудиториясы әлеуметтік-мәдени кеңістік ретінде бірнеше: 1) сахналық өнермен бірге аудитория әрекеттестікте болатын әлеуметтік агенке айналып, тербелуші әлеуметтік-мәдени матрия; 2) аудитория мәдени сұқбат әрі өзара ықпал орта; 3) келешекте ықпал жасайтын жаңа әлеуметтік-мәдени қатынас кешенін қалыптастыра алатын социум; 4) эвристикалық жағдайда болатын мәдени «экология» жүйесі қызметін атқарады деген ой түюге әкеледі. Сонымен бірге, сахналық өнер аудиториясы қойылымдық көріністер туралы мағлұматтық жүйені қалыптастырушы әлеуметтік-мәдени институтционалдық кеңістік болғандығын көрсетеді. Көрермен аудиториясы қоғамда жиі-жиі өз заманының заманауи өзекті мәселелерін көтере отырып, халықтың қоғамдық мәдени санасының дамуына өз ықпалын тигізіп отырғанын дәлелдей түседі. Қоғамдық ортада әлеуметтік-мәдени сананың жаңа әлеуетінің қалыптасуына негіз қаланады. Сахна өнері аудиториясы қоғамда белгілі бір әлеуметтік, мәдени, саяси көзқарстар ланшафтын қалыптастыруда зор рөл атқарды деген тұжырым жасалады. 3. Бұл реттегі біздің ғылыми тұжырымымыз, қазақ дала өркениетіндегі дәстүрлі қоғамдағы сахна өнері аудиториясының қалыптасау эволюциясы ұлтымыздың көне тарихи-мәдени-рәсімдік үдерістерімен байланысты болды дегенге саяды. Қазақтың дәстүрлі қоғамындағы аудиториялық кеңістік қазақ халқының тұрмыс-салттық, шаруашылық икеміне, діни наным-сенімдеріне үйлестірілген рәсім-қағидалық мерекелерді атап өту дәстүрі аясында қалыптасып, дамып отырғандығын аңғарамыз. Ұлтымыздың дәстүрлі ойын-сауықтары, мерекелік шаралары: айтыс өнері, күй өнері, әншілік өнер аясындағы халықтық іс-шаралар сахналық өнердің және көрерменаудиториясының алғы бастаукөздері, субстанциялық негіздері болғандығы ғылыми негізде дәйектелді. Сондай-ақ, қазақ өнері аудиториясының қалыптасуында трансферттік кезеңнің орын алып, білімді жастар мен интеллигенция көрермен аудиториясының базистік негізін қалағаны дәлелденді. 4. ХХ ғасырдағы қазақ сахналық өнерінің даму эволюциясын мәдениеттанулық тұрғыдан қарастырғанда, көрермен аудиториясының рөлі мен сипаты тарихи-идеологиялық кезеңдерге тікелей тәуелді болғанын байқаймыз. 1917-1950 жылдар аралығында кеңестік идеологияның ықпалымен қалыптасқан сахна мәдениеті көрерменнің рухани болмысына терең еніп, аудитория социалистік реализмнің басты тасымалдаушысы әрі қабылдаушысы қызметін атқарды. Бұл кезеңде сахна мен көрермен арасындағы қарым-қатынас белгілі бір идеологиялық мақсатты көздеген, мәдени дипломатияның құралына айналды. 1950-1980 жылдары көрермен аудиториясы сахналық әрекетке белсенді араласып, эстетикалық талғамының күрделенуі мен мәдени сана деңгейінің өсуі арқылы сахна өнерінің мағыналық құрылымына әсер етуші күшке айналды. Бұл өз кезегінде орындаушы мен көрермен арасындағы тұтастану үдерісін туындатып, сахна мен аудиторияның мәдени симбиозын қалыптастырды. 1990 жылдарда, елдегі әлеуметтік-мәдени өзгерістерге байланысты, ұлттық сахна тоқырау кезеңін бастан өткеріп, көрермен мен театр арасындағы алшақтық күшейе түсті; бұл жағдай репертуарлық саясаттың консерватизмі, режиссуралық ізденістердің әлсіздігі және халықтың өнерге деген сұранысының төмендеуімен түсіндіріледі. Ал бүгінгі сахна кеңістігінің өміршеңдігі мен мәдени маңыздылығы тікелей жаңа, мазмұнды әрі көрерменге тартымды қойылымдардың жасалуымен байланысты. Осыған орай, заманауи сахна тек өнер туындысын ұсынушы емес, сонымен қатар өз аудиториясын мәдени тұрғыдан қалыптастырушы белсенді институт ретінде қарастырылуы қажет деген мәдениеттанулық тұжырым жасауға негіз бар. 5. Қазақстандағы сахна өнерінің репертуарлық саясаты көрермен аудиториясының мәдени сұранысы мен қабылдау ерекшеліктерімен тығыз байланысты екені анықталды. ХХ ғасырдағы әр тарихи кезеңде көрермен мен сахна арасындағы қарым-қатынас өзгеріп, идеологиялық мақсаттардан бастап эстетикалық талғамға дейінгі факторлар репертуар мазмұнына тікелей әсер етті. Кеңестік кезеңде репертуар социалистік идеологияны насихаттауға бағытталса, тоқырау жылдары көрермен мен театр арасында алшақтық пайда болды. Тәуелсіздік жылдарынан бастап сахнаның репертуарлық саясаты жаңаша сипат алып, заманауи көрерменнің рухани қажеттіліктеріне сай жаңа бағыттарды іздеу қажеттігі туындады. Осыған орай, қазіргі сахна тек көркемдік мазмұн ұсынып қана қоймай, өз аудиториясын қалыптастыратын мәдени коммуникация алаңына айналуда. Бұл жағдай репертуарлық саясатты көрермен контексінде қарастырудың мәдениеттанулық маңыздылығын айқындайды. 6. Бүгінгі сахна өнеріндегі көрермен аудиториясының рухани-мәдени бағдары қоғамның әлеуметтік-мәдени трансформацияларымен тікелей байланысты екені анықталды. Қазіргі көрермен тек қабылдаушы емес, сахналық үдерістің белсенді қатысушысы және мағыналық интерпретаторы ретінде әрекет етеді. Аудиторияның талғамы мен рухани сұранысы сахнадағы репертуарлық, режиссуралық және көркемдік шешімдерге тікелей ықпал етуде. Осыған орай, заманауи сахна өнері көрерменнің мәдени бағдарын қалыптастыратын әрі соған жауап беретін интерактивті мәдени орта ретінде зерттелуі тиіс. Диссертацияның әдіснамалық негізі. Диссертациялық жұмыстың теориялық негізі ретінде отандық және шетелдік ғалымдардың іргелі еңбектері алынды. Жұмыстың базалық категорияларын анықтау үшін энциклопедиялық материалдар және жекелеген заманауи дереккөздер жұмыстың теориялық-концептуалдық базасын құрады. Зерттеу жұмысының әдіснамалық негізін мәселені концептуалдау, ретроспективтік тәсілдермен бірге герменевтикалық, салыстырмалы талдау сияқты әдістер құрады. Зерттеудің теориялық және практикалық маңыздылығы. Зерттеуді теориялық маңыздылығы – Қазақ аудиториясын мәдени-философиялық тұрғыдан талдау мәдениет пен өнер философиясы жүйесінде өзіндік теориялық маңыздылыққа ие болады. Ең алдымен, зерттеу барысында алынған ғылыми тұжырымдар мен нәтижелер жалпы өнер философиясының, оның ішінде сахналық өнер, театр өнері, көрермен аудиториясын зерттеудің танымдық көкжиегін кеңейте түседі. Тақырыпты теориялық зерттеу барысында алынған ғылыми нәтижелер қазақ аудиториясының әлеуметтік құрылымын, оның мәдени әлеуеті мен компоненттерін, сахна өнерінің көрерменге ықпал ету механизмдері мен рухани-құндылықтық бағдарын жан-жақты ашуға септігін тигізеді. Диссертацияда алынған мәліметтер сахналық өнер мен көрермен аудиториясын әлеуметтік-мәдени тұтас құбылыс ретіндегі, өнер мен тұлға қалыптастырудың ғылыми таным үдерісін тереңдете түседі. Теориялық тұжырымдардың қазіргі заманауи мәдениаралық қатынастар жүйесін дамытуда маңызы жоғары деп есептейміз. Қол жеткізілген терориялық тұжырымдар сахналық өнер аудиториясын зерттеулерде қолданыс табады. Практикалық маңыздылығы – диссертацияда алынған тұжырымдар мен нәтижелер, ұсынымдар сахналық өнердің көрермен аудиториясы контексіндегі репертуарлық саясатын және өнер аудиториясының рухани-мәдени құндылықтарын қалыптастыру бағдарын қалыптастыру мен реформалау, модельдеу саясаты мен амалдарын өзгерту, түрлендіру барысында ұсыныстық бағдар ретінде қолданас табуы мүмкін. Сонымен қатар, диссертант ғылыми ізденіс барысында қол жеткізген нәтижелер философия, саясаттану, әлеуметтану, мәдениеттану, мәдениет пен өнер тарихы салалары бойынша студент, магистрант, докторанттар дайындау ісінде лециялар мен арнайы курстарды дайындауда, жас көрермен ұрпақты тәрбиелеу барысында да кеңінен пайдалануға болады. Зерттеу нәтижелерінің сыннан өтуі және жариялануы. Диссертациялық зерттеу жұмысының нәтижелері 7 ғылыми мақалада көрініс тапты: соның ішінде ҚР ҒжЖБМ Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті ғылыми зерттеулердің негізгі нәтижелерін жариялауға ұсынған отандық ғылыми басылымдарда – 4 мақала; халықаралық ғылыми конференция жинағында – 1 мақала; Web of Science және Scopus базасында индекстелетін ғылыми басылымдарда – 2 мақала. Диссертация жұмысының құрылымы мен көлемі. Диссертация құрылымы зерттеу жұмысын жүргізу мақсаты мен міндеттеріне сәйкес кіріспеден, үш негізгі бөлімнен, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады. Диссертациялық жұмыстың жалпы көлемі – 124 бет, пайдаланылған әдебиеттер тізімі – 146.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://youtu.be/Egf1qIW1VNg?si=WU0_MKG28GLv5VB4
