
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Юнисов Ерсин Абикулович «8D03104 – Мәдениеттану» білім беру бағдарламасы бойынша «Қазақ және ағылшын мәтіндеріндегі «Ұят» ұғымы» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Философия кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Масалимова Алия Рмгазиевна – философия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ғылыми қызмет жөніндегі вице-ректоры (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Абуов Айдар Паркулович – философия ғылымдарының докторы, профессор, «Эталон» ғылыми зерттеу институтының директоры (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Аралбай Сәкен Меңділлаұлы – философия докторы (PhD), Қарағанды медицина университетінің «Қазақстан тарихы және әлеуметтік-саяси пәндер» кафедрасының қауымдастырылған профессоры (Қарағанды қ., Қазақстан Республикасы);
Мукушева Алмагуль Наурызбаевна – филология ғылымдарының кандидаты, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім беру академиясының жетекші ғылыми қызметкері (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Абдильдина Хорлан Садуакасовна – философия ғылымдарының кандидаты, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық универистетінің «Философия» кафедрасының доценті м.а. (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Ғылыми кеңесшілері:
Турсынбаева Айгул Омирбековна – философия ғылымдарының кандидаты, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, «Философия» кафедрасының профессоры (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Бюлент Шенай – философия докторы (PhD), Улудаг университетінің профессоры (Бурса қ., Түрік Республикасы).
Қорғау 2025 жылғы 4 шілде, сағат 11:00-де Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D03104 – Мәдениеттану» білім беру бағдарламасы бойынша «8D031 – Әлеуметтік ғылымдар» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі аралас форматта (оффлайн және онлайн) өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: https://clck.ru/3MPEbk
Конференция идентификаторы: 678 160 9970
Қосылу коды: 12345
Мекен-жайы: Астана қ., А. Янушкевич көшесі, 6, №4 ғимарат, 106 аудитория.
Аңдатпа (қаз.): Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Бүкіл адамзат қауымы «ұят» шеңберінен аттамауды адамдық борыш санап келеді. Заман дамып, адам баласының күнделікті өмір сүру дағдылары жеңілденіп, білім мен ғылым қаншалықты дамып жатқанымен, қоғам мәдениетінде ұятсыздық пен арсыздықтың алуан түрі орын алып жататыны бар. Тіпті, осы қасиетті ұғымға қайшы келетін жаңа заманда көлеңкелі теріс ұғымдар да шығып жатыр. Ұят адамды жануардан ерекшелеп тұрған құбылыс болғандықтан, қастерлі ұғымның көркемдік бейнесін тілдік бейне арқылы зерделеп, ұят ұғымның заманауи түрдегі бейнесін талдап, оның мәні мен мағынасын ашып, тарихы мен бүгінгі күнгі жағдайын зерделеу тақырыпты зерттеуге түрткі болып отыр. Диссертациялық зерттеу тақырыбының өзектілігі. Ағылшындық және қазақ дүниетанымдағы «ұят» ұғымының ара салмағын салыстыра отырып, екі тілдегі түсініктің мәні жағынан ұқсастық пен айырмашылығын саралау бүгінгі мәдениеттердің бір-бірімен тоғысқан уақытында тақырыптың өзектілігін арттырып отыр. Мәдениетті қоғамды қалыптастырушы адамның ішкі ой тануы сананың биіктігін талап етеді. Сол себепті диссертациялық тақырыпты таңдаудың бірнеше себептері бар: Біріншіден, ұғымдардың лингвистикалық және мәдени модельдеу қазіргі лингвомәдениеттану ғылымында басым бағыттардың бірі болып табылғанымен ұят ұғымы толыққанды зерттеуді қажет етеді. Санада бекітілген ұят ұғымының бейнесі белгілі бір борыштық, міндеттілік ұғымда қағаз бетінде қалыптасып, оның астары мен көрінісі сараланбаған. Ұят ұғымын мәтіндік тұрғыда ағылшын тіліндегі ұят ұғымымен салыстыра отырып қарастырылмаған. Екіншіден, «ар» ұғымы «ұят» ұғымымен бір түсінікпен қолданылады да, бірақ ар ұғымының тамыры терең деп айтылады. Дегенмен, сол тереңдік қаншалықты терең екені көрсетілмейді. Бұл - адамзат әрекетінде ұят пен ардың көрінісі бірдей болып қабылданады деген сөз, себебі ар мен ұяттың негізгі айырмашылығы туралы тілдік бейне жоқ деген сөзді білдіреді. Адам әрекетінің ар ұғымымен ұят ұғымына қатыстылығын зерделеу қоғам мәдениетінде қажеттілікті талап етеді. Үшіншіден, «Шәкәрімнің жазған «ұждан» ұғымының адам мәдениетіндегі көрінісі қандай болуы керек, ар, ұят, ұждан ұғымдарының адам санасында қалай қалыптасуы керек деген сұрақты туындатады. Қазақ тіліндегі ұят, ұждан, ар, сияқты түсініктердің бір-бірінен нақты айырмашылықтары көрсетілмеген. Аталған ұғымдар бір бейнелік ұғымды көрсетуі керек пе, жоқ әлде, әрқайсысы жеке дара ұғымдық бейнені білдіретіндігі берілмеген. Төртіншіден, қазақ тіліндегі ұят ұғымының мағынасы ағылшынның «conscience», яғни «ар» ұғымына сәйкес келуінде. Бұл «ағылшын мәдениетінде ұят жоқ па немесе біздің ұят деп қабылдап жүргеніміз басқа нәрсе ме?» деген мәселені туғызады. Сонымен қатар, «conscience» ұғымы «con» (алдау) және «science» (ғылым) деген сөздердің бірігуі де ұят мәселесін қарастыруды сұрайды. С. Моэм еңбектерін зерделей отырып, Ш. Құдайбердиевтің еңбектеріндегі ұят ұғымына салыстырмалы талдау жасау қазіргі қоғам мәдениетіне қажетті құндылық. Бесіншіден, орта буын мен жас буынның ортасындағы түсініспеушіліктің себебі ұяттың қызметінде бір мәселенің бар екенін айқындайды. «Адам әрекетінде барлық әрекеттер ұятқа бағынышта ма, әлде ұятқа тәуелді бола алмайтын әрекеттер де болады ма?» деген ойды туғызады. Қазіргі заманда ұят бейнесіне көлеңкелі түсініктердің яғни, ұяттың көркемдік бейнесінің өзгеріске ұшырауының себептері мен оның салдары айқындалмаған Алтыншыдан, жаңа заманғы «ұят» ұғымының көркемдік бейнесі қандай болуы керек деген мәселе туындап, тілдік бейне арқылы ағылшынның жеке санаға негізделген (индивидуалистік) мәдениетін қазақтың ұжымдық мәдениетімен талдау арқылы жаңа ұғымын яғни, жаңа бір көркемдік бейнесін қалыптастыруға тырысу болып табылады. Диссертациялық зерттеу жұмысының мақсаты – Қазақ және ағылшын мәтіндері арқылы ұят ұғымын саралай отырып, ұят ұғымының мәні мен көрінісін ашу. Диссертациялық зерттеу жұмысының мақсатына жету үшін келесі міндеттер қойылады: 1. «Ұят» ұғымының әлемнің тілдік және көркемдік бейнесінде зерделенуін саралау 2. Қазақ және ағылшын тілді мәдени кеңістіктегі ұят ұғымының қалыптасу алғышарттарын анықтау. 3. Шәкәрім Құдайбердіұлы еңбектеріндегі «Ар» білімінің құндылығын зерттеу. 4. Уильям Сомерсет Моэм еңбектеріндегі «ұят» ұғымының мәнін анықтау. 5. Қазіргі ағылшын тілді мәдени кеңістіктегі «ұят» ұғымын айқындау. 6. Заманауи мәдениет контекстінде ұяттың қоғамда қабылдануын сараптау. Диссертациялық жұмыстың зерттеу объектісі – Ұят ұғымының мәні. Диссертациялық жұмыстың зерттеу пәні – Қазақ және ағылшын мәтіндеріндегі ұят ұғымының интерпритациясы мен концептуализациясы. Диссертацияның әдіснамалық негізі. Диссертациялық жұмыста қойылған міндеттерді шешу үшін кешенді әдістеме түрлері қолданылды, оның ішінде герменевтикалық, лингвомәдени (нарративтік талдау), интрепретациялық, кроссмәдени, салыстыру, диахрондық, функционалдық, жүйелік, ретроспективті әдістері қолданылды. Диссертация тақырыбының зерттелу деңгейі. Ұяттың қалыптасуы мен жұмыс атқаруы әр халықтың өзіндік мәдени ерекшеліктерімен сүріп отырған айналасына байланысты екені белгілі болғанымен, адамзат атауының жалпыға тән қағидалары да бар. Моральдық құндылықтарды сақтау мәдениет саласының дамуының ең басты себепшісі болады. Мәдениеттің бастауы ‒ ұят, себебі ар мен ұят жоқ жерде ешқашан мәдениет қалыптаспайды. Ғылымның пайда болуынының мақсаты адам өмірін жақсартуға, жаңартуға бағытталдықтан, адам санасының бастауы ретінде қарастырылып келе жатқан осы бір ұғымға талай ғалымдар өз еңбектерінде өзіндік бағасын беріп келе жатыр. Ағылшын мәтіндерінде Сократ адамның ар, ұят, ұждандық тақырыпты қозғаған алғашқы философтардың бірі болды. Сократ адамның әрекетін оның білімінен бөлінбейтінін, ішкі дауыс бізді ізгілікке жетелейтінін айтты. Сократ адамгершілік, этика және білім туралы диалогтарымен танымал болды. Барлық адамдар тек жақсылыққа ұмтылады егер адам жамандық жасаса ол оны біліп тұрып жасамайды, білмегенінен жасайды деп тұжырымдайды. Сократ ішкі дауысты немесе кейде оны ізгілікке бағыттайтын және жамандықтан қайтаратын «жын» туралы айтты. Сократтық «жын» ұғымы қазіргі мағынасында жын емес, Сократты зұлым әрекеттерден сақтандыратын және моральдық шешімдер қабылдауға көмектесетін құдайдың белгісі немесе дауысы болды [2]. Бұл ішкі дауысты ар-ұятты түсінудің алғашқы әрекеттері ретінде түсіндіруге болады. Оның философиясында жын ұғымы жақсылықтың не екенін білуге ізгілікпен әрекет ету дегенді білдірді. Қазақ мәтіндерінде Анақарыс өз жазбаларында берген «Еркін адам дегеніміз өз қалауымен, өз заңдарымен өмір сүретін адам» деп ұят ұғымының негізгі мағынасын ашып көрсеткен [3]. Ұят дегеніміз адамның ішкі заңы деп көрсете отырып ағылшын мәтіні мен қазақ мәтініндегі ұят ұғымының ұқсастығы көрсетіледі. Одан келіп адам ұятының бастауы шіркеулік жазушының «синдерезис» деген ұғымды ұсынуы болды. Синдерезис деген адамның өз өмірініндегі әрбір қадамын таразылай отырып, дұрыс пен бұрысты, жаман мен жақсының айырмашылығын түсіну. Дін жолында пайда болған осы ұғым сол ғасырдан бері адамды күнәдән сақтаушы құдіретті құбылыс ретінде бағаланып, философтар еңбектерінде «құдай даусы», яғни, бірнәрсені дұрыс жасамай жатқанда, адамның санасына беймәлім күш әсер етеді де, адам жаман әрекетке барудан бас тартқызатын алып күштей сараланды. Орта ғасырда италяндық философ Фома Аквинский синдерезис ұғымына өзгеріс енгізді. Егер синдерезис құдай дауысы болатын болса адам неліктен жамандыққа барады, неліктен құдай даусы қателік жасайды деп отырып, адамның қателікке баратының себебін адамның санасымен байланыстырды [4]. Құдай дауысы тек жақсылыққа бет бұрғанымен адамның әлсіз санасы сол құдай дауысын тыңдамай, өзінің төмендігінен қателікке ұрынатынын айтты. Бұл дегеніміз синдерезис адамды жақсылықпен тазалыққа бағыттайтын күш, яғни, жамандыққа қатысы жоқ. Адамның жамандық жасауы адамның санасының төмендігінен орын алатынын білдірді. Осыған ұқсас қазақ мәтіндерінде Түркістандық ғұлама, әулие Қожа Ахмет Иассауи мәтіндері адамның ар мен ұятын дамытудың жолы – имандылыққа бет бұру, құдайға сенуден тұрады. «Күнәден қорық», «Сүйсең, хақты сүй», «Алла дегенге жын-шайтан жоламайды» деген сияқты тіркестер адам сенімінің ар мен ұятты сақтауда үлкен рөл атқаратындығын білдіреді [3]. «Құдайдың сыйы, адамның ішкі сенімі» деп ұят ұғымына үлкен баға бергенімен орта ғасырлық мәтіндерден бастап аталған ұғымға екі түсінік қалыптаса бастады. Ағылшын мәтіндеріне Бенедикт де Спиноза (Ethics and Treatise on the Correction of the Intellect), Джозеф Батлер (“Sermons” in The Works of Joseph Butler), Генри Сиджвик (Outlines of the History of Ethics), Артур Шопенгауэр (The World as Will and Idea), Джон Пламенатц Руссо (Man and Society), Джон Локк (An Essay Concerning Human Understanding), Томас Хоббс (Leviathan), Уильям Годвин (Enquiry Concerning Political Justice), Джон Стюарт (Considerations on Representative Government), Джосая Ройс (The Philosophy of Josiah Royce) өз ойларын білдірсе, қазақ мәтіндерінде Төле Әлібекұлы, Қазыбек Келдібекұлы, Сырым Датұлы, Шоқан Уалиханов (Сөз мәйегі, Қазақтың мақалдары мен мәтелдері), Абай Құнанбаев (Қалың елім қазағым), еңбектерімен адамның «ішкі әлемі» және «сыртқы әлемі» деген түсінік пайда болды. Ұят ұғымына елеулі өзгеріс енгізген Фридрих Ницше ар-ұят ұғымына сыни көзбен қарады, ол көбінесе шынайы ішкі дауыс емес, әлеуметтік бақылау құралы ретінде қызмет етеді деп болжады [5]. Бұл дегеніміз жақсылық пен жамандық, дұрыс пен бұрыс атаулының барлығы адамның сеніміне байланысты болады дегенді білдірді. Жақсылық пен жамандық атаулының барлығы адамның қоршаған ортасына байланысты болады, ненің жақсы және жаман екенін адамның айналысы мен қоғамы қалыптастырады деп түйіндеді. Жиырмасынша ғасырдың басында австриялық психолог Зигмунд Фрейд Фридрих Ницщенің ойына қосыла келе, ар мен ұятты құдайдан бөліп «супер эго» деген түсінік енгізді [6]. Оның айтуынша адам өзі туылғаннан жақсы да, жаман да қасиеттермен туылады. Сол жақсы қасиеттер дами отырып адамның тұлғалығын қалыптастырады. Адам баласы туылғалы нені істеген дұрыс емес деп тапса сонымен өмір сүреді. Бұл тұжырымға ағылшын мәтіндерінен Дитрих Бонхеффер (Ethics), Ханна Арендт (The Life of the Mind), (Crises of the Republic), Альберт Эйнштейн (Philopher-Scientist), Симон Вейл (The Need For Roots), Эмиль Дюркгейм (The Elementary Forms of the Religious Life), Джордж Эдвард Мур (Principia Ethica), Симона де Бовуар (A Very Easy Death), Рональд Дворкин (Life's Dominion: An Argument About Abortion, Euthanasia, and Individual Freedom), Эдвард Конз (Buddhism: Its Essence and development), Питер Сингер (Democracy and Disobedience), Роджер Скратн (Modern Philosophy: An Introduction and Survey), Гаррет Хардин (The Tragedy of the Commons) дұрыс та, бұрыс та баға беріп өз үлестерін қосты. Қазақ мәтіндеріне елеулі еңбек Шәкәрім Құдайбердіұлы (Үш анық) ұсынды [7]. Жоғарыда көрсетілген еңбектер ұят ұғымының үш нұсқасын көрсетті. Сократ «Адамның ішкі әлемі мен сыртқы әлемінің үндесуі, бірге болуы»- деп бастаса, Фома Аквинский адамның сыртқы әлемін санаға жіберді де ұятты адамның ішкі әлемі деп топшылады, ал, Фридрих Ницще, ұятты адамның сыртқы әлемімен байланыстырды. Заманауи мәтіндерде Марта Стаут есімді психолог Фрейдтің супер эгосын адамның қорқақтығына бағалап, бұл таза ұят деген емес, таза ұят жанашу мен махаббаттан тұрады деді. Таза ұят ешқандай «мынаны істеген ұят болады» деп жасамайды, таза ұят бауырмалдық, сезіммен, жүрекпен істеледі [8]. Ағылшын тілінде тағы бір ар мен ұят тақырыбын кеңінен зерттеген Канадалық философ Патриция Смит Черчлендтің «Conscience; The origin of moral intuition» деген нейрофилософия саласындағы кітабы ар мен ұят ұғымының зерттелуіне тағы бір үлкен үлес қосты. Ұяттың адам баласында болуының себебін адамның ми қабығымен байланыстырды. Адам баласының ми қабығының қалыңдығына байланысты адамда мидағы нейронның немесе сигналдардың көп болуы адам баласын жануарлардан ерекшелеп, ұят пен ар сияқты сигналдар беретінін көрсетті [9]. Осыған ұқсас мәтіндер Сьюзен Зонтаг (Regarding the Pain of Others), Джонаттан Гловер (I: The Philosophy and Psychology of Personal Identity), Роберт Райт (The moral animal) еңбектерінде қарастырылды. Бұл ағылшын мәтіндеріндегі діннен бастау алған ұғым медицинаға кетіп бара жатқанын көрсетеді. Қазақ баласы үшін ұят ұғымы асыл қасиет болып табылады. Көзге көрініп тұрған зат болмаса да, қоғам мәдениеті үшін бұл ұғым өркениетті, дамыған заманда ауадай қажет. Ұят ұғымы сақталмаған қоғамда мәдениет туралы ой қозғаудың өзі қисынсыз, сондықтан арлы заманда тіршілік ету — адамзаттың негізгі арманы. Заманауи жазушылар мен ғалымдар Сқақбаев Марал (Ұят туралы аңыз), Ғарифолла Есім (Ғұлама-Наме, Адам-зат), Зира Наурзбаева (Вечное небо казахов), Ғабитов Тұрсын (Мәдени-философиялық сөздік), Бурбаев Төлеуғали (Ұлт менталитеті), Кемел Мырзагелді (Өмір сүрудің ең басты қағидасы – Ұят), Бабажанұлы Бауыржан («Ұят болады, обал болады»-бабамнан қалған сөз еді), Нүсіп Алмас (Шөлден өлу мен ұяттан өлу), Ойнаров Рысқұл (Ар-ұят секілді қалқанымыздан айырылып қалғандаймыз), Алтайбаев Жүсіп (Ұят-ай), Мәмет Сүлеймен (Ар алдында), Түменбай Қуандық (Ар мен дар), Керімбай Санжар (Бейсен және болмыс) еңбектері аталғалған ұғымда ерекше орын алады. Заманауи мәтіндерді саралай қазақ мәтіндерінде ұят ұғымы психологиялық тұрғыға бастау алып жатқанын айтуға болады. Әуел баста адамның танымы мен әрекетінен тұратын ұят ұғымын ағылшын мәдениеті индивидуалистік көзқараспен адамның танымы, адамның қалауы, адамның өзі деп қарастыра отырып адамның танымы жоғары бағаланып, адамның әрекеті адам танымының астарында қалып қалғандай болды. Адамның танымын – ар, әрекетін – ұят деп қарастыратын болсақ, ар түсінігі ұят ұғымынан қарағанда тереңірек мағына болды. Дегенмен ағылшын мәтіндері адамның әрекетін танымнан шығады деп, ұят пен арды бөліп жармаған. Ұят ардың ішінде немесе ардың астарында өрнектеледі. Ал, қазақ мәтіндері ұжымдық мәдениетке жататын болғандықтан адамның танымынан салыстырғанда, адамның әрекеті басымырақ болған. «Ел үшін, жер үшін, айналаңыз үшін» деген сияқты түсініктер атадан балаға ұяттың беделін көтеріп жіберген. Ағылшын мәтіндері ұят ұғымын ар ұғымының астарында қарастырса, қазақ мәтіндері ар ұғымын ұяттың аясында қарастырған. Бұлай деуіміздің себебі бір ғана мақал мен мәтелдерде ұят ұғымының тұғырының биік екенін аңғаруға болады [10]. Зерттеу тақырыбының ғылыми жаңалығы. Ұят ұғымы ағылшын және қазақ мәтіндерін салыстыра отырып тіл мәдениеті саласында зерттелді: 1. Ұят ұғымының тілдік және көркемдік бейнесі ағылшын тілімен талдау барысында тарихи және мәдени контекстінде ұят ұғымының адам мәдениетінде көрінісі анықталды. 2. Ағылшын тіліндегі «Shame» (ұят) ұғымы мен «conscience» (ар) қазақ тіліндегі «ұят» ұғымы мен «ар» ұғымынан айырмашылығы мен ерекшелігі анықталды. Қазақ тіліндегі ұят, ар, ұждан ұғымдарының көрінісін ағылшын мәдениетімен салыстыру арқылы оның көркемдік бейнесі белгіленді. Ұят ұғымы мен ар ұғымының индивидуалистік мәдениет пен ұжымдық мәдениеттегі айырмашылығы ұсынылды. 3. Шәкәрім еңбектеріндегі «ұят» пен «ар» ұғымына берген бағасы мен анықтамасы талданып, адам әрекетінің қоғам мәдениетіндегі көрінісі сарапталды. 4. Моэм еңбектеріндегі «ұят» ұғымы адами мәдениетте қалай суреттелетіні талданды. 5. ХХ және ХХІ ғасырдағы «ұят» ұғымының мәдени ерекшеліктері көрсетілді. 6. «Ұят» пен «ар» ұғымының экзистенциалды мәні мен адамдық қарым-қатынастағы орны анықталды. Қоғам мәдениетінде қандай әрекеттердің міндетке жатпайтыны, қандай әрекеттердің мәдениетсіздік екені сондай-ақ, ұят ұғымы мен ар ұғымы адами мәдениетте қалай көрініс табуы керек екені ұсынылды. Қорғауға ұсынылатын ғылыми тұжырымдар: 1) Әуел баста діннен бастау алған ұят ұғымы уақыт пен қоршаған ортаға байланысты өзгергені анықталды. Ұят ұғымы діннен философияға, философиядан психологияға, психологиядан медициналық түсінікке келгені ұсынылды. Адамдық қарым-қатынаста адалдық, достық, құрметтеу немесе сыйлау сияқты әрекеттерден тұратын «адами махаббат» арқылы ұяттың экзистенциалды формасы айқындалады. Ағылшын мәдениеті ұят ұғымына «мен» деген баға берсе, қазақ мәдениетінде «біз» деген көріністе тұрғаны көрсетілді. 2) «Ұят» ұғымының ағылшын тіліне көрінісі “Shame” ұғымы емес, “Conscience” ұғымы болып қаралуы тиіс, өйткені, ағылшын тілінде ар мен ұят бір ғана «Conscience» ұғымымен түсіндіріледі. Ұят дегеніміз адамның әрекеті, ар дегеніміз адамның танымы. Ұят дегеніміз адамның сыртқы әлемі, ар дегеніміз адамның ішкі әлемі. «Ұят» адамға тәрбие арқылы қалыптасады, «ар» адамның өзінің өмірді пайымдауы арқылы қалыптасады. Ар дегеніміз адамның өзінен және келешектен ұялуы десек, ал, ұят дегеніміз күнделікті қоғамнан ұялуы. Ұждан дегеніміз ар мен ұяттың үндесуі немесе адам танымы мен әрекетінің бірдей қызмет атқаруы. Қоғам мәдениетінде адам тәрбиесі мен біліміне бірдей назар аударылу керек екені зерделенді. 3) Шәкәрім Құдайбердиев еңбектеріндегі ұят ұғымын зерттей келе, адамның кейбір әрекеттері ұятқа бағынбайтыны ашылды. Махаббат арқылы болатын әрекеттер адамның тек жеке өзіне қатысты болып, арсыздық, ұятсыздық тұрғысынан ешқандай баға берілмеуі керек екендігі ұсынылды. Ағылшын дүниетанымы бойынша махаббат арқылы болатын әрекеттер ұятқа бағынбайтынын, ал, қазақ мәдениетінде «махаббат» ұғымы ұятқа еніп, «жауапкершілік» тұрғысынан қарастырылатыны анықталды. 4) Ұят ұғымы адам мәдениетінде төрт түрлі көрініс табады. 1. «Ұят болады» принципімен өмір сүрушіліер. (Адам өз әрекетін атқару барысында айналасының қалауынан аспайды. Қоршаған ортасының тілегімен өмір сүреді. Адам санасы «Мен» деген ұғымды қабылдамайды. 2. «Армен» өмір сүрушілер. (Адамның әрекеті өз қалауымен жасалады, қоғам мен айналасының пікірімен санаспайды) 3. Ұятсыз, арсыз өмір сүрушілер. (Адамда білім де, тәрбиеде де қалыптаспағаннан, қулық пен зұлымдықты жасап өмір сүреді) 4. Ұжданмен өмір сүрушілер (Білім мен тәрбие ұштасып, адамның әрекеті қоғам мен өз қалауының ортасынан шығады 5) Ағылшын мәдениеті, ар дегеніміз адамның өзі, қалауы, таңдауы дей отырып адам танымын жоғары көтереді. Ар ұғымы ұят ұғымынан жоғарылап кеткен, соның салдарынан адам мәдениетінде өзімшілдік белең алған. Заманауи ағылшын мәтіндері ұят ұғымын адамның көзге көрінбейтін, иілмелі дене мүшесі ретінде көрсетіп, оның да басқа мүшелер сияқты ауыратынын айтады. Сол себепті адам әрекетінің ұятсыздығы мен арсыздығы ұят ұғымымен байланыстырылмайды. Қоғам мәдениетінде ұят ұғымы 2 көріністен тұрады, біріншісі, адам өз әрекетін міндетпен атқарады, екіншісі, махаббатпен атқарады. Адамның міндетпен атқарылуы екіжүзділік, таза ұят емес деп баға берілсе, адамның махаббатпен атқарылатын әрекетін таза ұят деп суреттеледі. 6) Қазақ мәдениетінде «ар» ұғымының мәні тереңде деп айтылғанымен іс жүзінде «ұят» жоғары тұр. Ұяттың жоғары тұруы адам әрекетінің атқарылуы басты мақсатқа алынады да, сол әрекеттің ұятсыздықпен, борыштылықпен немесе шынайылықпен орындалып жатқаны назарға алынбайды. Заманауи мәтіндерден адамның қалауы жоғары көтерілуге талпыныс жасап жатқаны анықталады. Алынған нәтижелердің жаңалығы мен маңыздылығының негіздемесі. Ұят пен ар жеке дара бөлуге келмейді. Ұят дегеніміз адамның тәрбиесі арқылы дамысы, ар дегеніміз адамның жеке білімі арқылы өседі. Ұят дегеніміз адамның қоғаммен байланысы болса, ар дегеніміз адамның өз жанымен байланысы. Адамды қоғамнан бөлуге немесе адамның жанын қоғамнан алып тастауға келмейді. Сол себепті мынау ұят, мынау ар деп бөліп жарудың қажеті жоқ. Бұл екі ұғым «ар-ұят» немесе «ұждан» болып көркемдік және тілдік бейнесі қалыптасу керек. Тілдік және көркемдік бейненің уақытпен бірге өзгеріске түсуі қалыпты жағдай. Ағылшын мәдениетіндегі негізгі қателік адамның ұятын маңыздылыққа жатқызбай, оған «екіжүзділік» сияқты бейнені қалыптастырған. Соның нәтижесінде адам баласында «міндет, парыз, борыш» сияқты ұғымдар төмен түсіп, адамдар эгоизмге жақын болып кеткен. Осының салдарынан «бауырмашылдық, жанашырлық» сияқты ұғымдар құлдырап кеткен. Ағылшын мәтіндерінің ұтымды жері, адам әрекетінің міндетпен емес сол міндетті махаббатпен орындалуын талап етіп отырғаны, «махаббат» ұғымының мойындалуы қоғамның дамуына үлкен үлес қосады. Сонымен бірге, адам әрекетінің ақымақтығын адамдық ауруға саналып, ұяттан бөлініп тұрғаны үлгі тұтарлық жағдай. Ұят – тәрбие, ар – білім болатын болса, ағылшын мәдениеті тәрбиені төмен түсіріп, білімді жоғары көтерген. Алайда, білім жоғары көтеріліп, тәрбиесіз білім қоғам мәдениетіне зияны келіп жатыр. Қазақ мәдениетінде «тәрбие» жоғары көтеріліп, «білім» төмен түсіп кеткен. Осының салдарынан білімсіз адамдардың қоғам мәдениетіне зиянын тигізген. Ал, жаңа ғасырда адамның білімі жоғарыға ұмтылып, тәрбиені төменге түсіріп жатқаны анықталды. Қазақ мәтіндеріндегі негізгі қателік адамның әрекетінің қоғам алдында орындалуы басты мақсатқа алынған, адам сол әрекетті қандай жағдайда орындап жатқаны маңызды емес. Осының салдарынан адамның ақымақтығы ұятқа қосылып, ұяттың беделін түсірген және де ең негізгі қателік «махаббат» ұғымының маңызды болмай қалғаны. Зерттеудің практикалық маңыздылығы. Лингвомәдениеттану тіл мен мәдениеттану мәселелерінің ұштасуынан қалыптасқан, тіл арқылы көрініс беретін мәдени құндылықтарды, олардың қолданылу жүйесін зерттейтін, өзіндік мақсат-мүддесімен, әдіс-тәсілдерімен ерекшеленетін тіл білімінің үлкен саласы болғандықтан, адамгершіліктің белгілі бір принциптері мен нормаларын тұжырымдауды көздеп, оны тіл арқылы жеткізу қазіргі қоғам дамуында моральдық кедейлену мәселесі өткір болып тұрған тұста маңызы зор. Адамгершілік қағидалар сан алуан жылдан бері зерттеліп келе жатқан нәрселер болғанымен, заманауи түрде ұят, ар, ұждан ұғымдарын дамыған елдің ұғымымен салыстыра отырып көрінісін анықтау қажет болып тұр. Бұл жұмыстың нәтижелерін мәдениеттану, мәдениетаралық коммуникация, философия және этика тіл философиясы курстарында, тіл және мәдениеттану саласының арнайы курстарында пайдалануға болады. Зерттеудің теориялық маңыздылығы. Адамгершілік құндылықтарға қатысты ұғымдар лингвомәдениеттану ғылымының дамуына белгілі бір үлес қосады. «Ұят» ұғымы адамзат баласының ішкі әлеміне негізделгендіктен, күрделі ұғым болып саналып, өмірдің негізгі шындығын меңгеретін әмбебап ұғым болып табылады. Бұл ұғымды лингвистикалық талдау оның лингвомәдени негізін ашуға мүмкіндік береді, себебі аталған ұғым ұлттық-мәдени құндылықтарымыздың қалыптасу жолдарымен ерекшеленеді. Зерттеу нәтижелерінің сыннан өтуі және жариялануы. Диссертациялық зерттеу жұмыстың нәтижелері 13 ғылыми мақалада көрініс тапты: соның ішінде, ҚР ҒЖБМ Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті ғылыми зерттеулердің негізгі нәтижелерін жариялауға ұсынған отандық ғылыми басылымдарда – 6; республикалық және халықаралық ғылыми конференциялардың жинағында – 5; Web os Science және Scopus базасында индекстелетін ғылыми журналда – 2. Диссертациялық жұмыстың құрылымы мен көлемі. Диссертацияның құрылымы зерттеу жұмысын жүргізу мақсаты мен міндеттеріне сәйкес кіріспеден, анықтамадан, үш негізгі бөлімнен: бірінші, екінші және үшінші бөлім екі тақырыпшадан, қорытынды, пайдаланған әдебиеттер тізімінен тұрады. Диссертациялық жұмыстың жалпы көлемі - 158 бет, пайдаланылған әдебиеттер тізімі - 149.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://youtu.be/CsP8BeLsJ7I?si=fn-r7ssm7zG1kZk6
