
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Мұратқызы Мира «6D020500 – Филология» мамандығы бойынша ««Отбасы ғұрып фольклорының ұлттық код ретінде этнолингвистикалық сипаты» » тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «әлеуметтік гуманитарлық пәндер» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
– Пангереев Абат Шамович – филология ғылымдарының докторы, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті, қазақ филологиясы кафедрасының профессоры (Ақтөбе қ., Қазақстан);
– Даутова Гүлназ Рахымқызы – философия докторы (PhD), Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының ассистент-профессоры (Алматы қ., Қазақстан).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
– Сайфулина Флёра Сагитовна – филология ғылымдарының докторы, Қазан федералды университеті татар әдебиеті кафедрасының профессоры (Қазан қ., Татарстан, Ресей федерациясы);
– Жүсіпов Нартай Қуандықұлы – филология ғылымдарының докторы,профессор, Торайғыров университеті, филология және журналистика кафедрасының меңгерушісі (Павлодар қ., Қазақстан);
– Ауесбаева Пакизат Тенизбаевна – филология ғылымдарының кандидаты, доцент, ҚР Ұлттық ғылым академиясы М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының жетекші ғылыми қызметкері (Алматы қ., Қазақстан).
Ғылыми кеңесшілері:
– Әбсадық Алмасбек Ахметұлы – филология ғылымдарының докторы, профессор, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті, филология және практикалық лингвистика кафедрасының меңгерушісі (Қостанай қ., Қазақстан);
– Галиуллина Гульшат Раисовна – филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазан федералды университеті, филология және мәдениетаралық коммуникация институты, татар тіл білімі кафедрасының меңгерушісі (Қазан қ., Татарстан, Ресей федерациясы).
Қорғау 2025 жылғы 6 желтоқсан, сағат 15:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «6D020500 – Филология » мамандығы бойынша «8D023 – Тілдер және әдебиет» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңестің отырысы аралас форматта өтеді.
Сілтемесі: https://clck.ru/3Q3ys2
Мекен-жайы: Астана қ., Қ. Сәтбаев көшесі, 2, оқу-әкімшілік ғимарат, №101 ауд.
Аңдатпа (қаз.): Мұратқызы Мираның «6D020500 – Филология» білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алуға ұсынылған «Отбасы ғұрып фольклорының ұлттық код ретінде этнолингвистикалық сипаты» диссертациялық жұмысының АҢДАТПАСЫ Диссертациялық зерттеудің мақсаты. Отбасы ғұрып фольклоры мәтіндерін этнолингвистикалық тұрғыдан кешенді талдау арқылы ұлттық дүниетанымға негізделген әлемнің фольклорлық-тілдік бейнесінің концептуалдық құрылымын, оның танымдық механизмдері мен менталдық үдерістерін анықтау. Ғұрыптық мәтіндердегі лексикалық, символдық және мәдени-тілдік бірліктердің ұлттық-мәдени кодты танытушы қызметін айқындап, олардың ұлттық сәйкестікті сақтау, рухани сабақтастықты қамтамасыз ету және мәдени-менталдық тұтастықты қалыптастырудағы рөлін саралау. Осы бағытта, фольклорлық мәтін мен ғұрыптық жүйенің бірегейлігі мен қазіргі кезеңдегі трансформациялану үдерістерін де назарға ала отырып, дәстүрлі мәдениет пен заманауи сана арасындағы байланыс арналары зерттеу нысаны ретінде қарастырылады. Зерттеу міндеттері: 1) Зерттеу жұмысына негіз болатын этнолингвистикалық, лингвомәдени, когнитивтік және мифопоэтикалық бағыттағы теориялық-әдіснамалық қағидаттарды айқындау; 2) Этнолингвистика саласындағы отандық және шетелдік зерттеулерге шолу жасап, олардың ғылыми-практикалық негіздемесін саралау; 3) Отбасы ғұрып фольклорына тән этномәдени сипаттағы лексика-семантикалық және тақырыптық топтағы тілдік бірліктерді жүйелеу; 4) Отбасы ғұрып фольклоры мәтіндеріндегі тілдік бірліктерді ұлттық-мәдени кодтың репрезентанттары ретінде концептуалдық, семантикалық және прагматикалық тұрғыдан талдау; 5) Отбасы ғұрып фольклорында көрініс тапқан концептуалдық метафораларды айқындап, олардың ұлттық дүниетанымдағы символдық және танымдық қызметін сипаттау; 6) Ғұрыптық рәсімдердің (бесікке салу – үйлену – аза тұту) этномәдени мазмұнын ашу арқылы олардың когнитивтік моделі мен мәдени сценарийлерін сипаттау; 7) Ғұрыптық фольклордағы (бесікке салу – үйлену – аза тұту/ туу – ер жету– өлу) ұлттық кодталған әлемнің фольклорлық-тілдік бейнесінің концептуалды-когнитивтік ерекшеліктерін анықтау; 8) Ғұрыптық мәтіндер негізінде этнопсихолингвистикалық деректерді жинақтап, олардың мәдени контексте қызмет ету заңдылықтарын жүйелеу; 9) Ғұрыптық фольклор мәтіндеріндегі дәстүрлі модельдер мен символдардың қазіргі заманғы (урбанизация, медиа, әлеуметтік желілер т.б. ықпалымен) трансформация үдерістерін анықтап, жаңаша интерпретацияларын сипаттау. Зерттеу әдістері: баяндау, салыстырмалы-тарихи, жүйелеу, ішкі реконструкция, сыртқы реконструкция, диахрониялық, синхрониялық. Негізгі ережелері (дәлелденген ғылыми гипотезалар және жаңа білім болып табылатын басқа да тұжырымдар): 1.Отбасы ғұрып фольклорының лексикасы тілтану принциптеріне сай ұлттық-мәдени код ретінде зерттеліп, тілдік таңбаның ұлттық түйіні - тілдік-семантикалық код және мәдени код болып танылды. Отбасы ғұрып фольклоры шығармаларындағы ұлттық код осы екі тармақпен ашылып, мәні ажыратылды. 2.Зерттеу жұмысы отбасы ғұрып фольклоры мәтіндерін семиотикалық жүйе ретінде қарастыруды ұсынады. Бұл тұрғыда ғұрыптық фольклор белгілі бір таңбалар мен белгілер жүйесі арқылы ұлттық дүниетаным, моральдық-этикалық нормалар мен мәдени құндылықтарды ұрпаққа жеткізудің тетігі ретінде қарастырылады. Үштік цикл: туу – ер жету – өлу, «тұсау кесу», «беташар», «жоқтау» сынды ғұрыптар өзіндік тілдік құрылымы мен символдық мәні бар тұрақты формулаларға негізделген. Фольклорлық формулалар мен семиотикалық құрылымдар арқылы қоғамның тарихи жады, рухани тәжірибесі және мәдени мұрасы басшылыққа алынып, «ғұрыптық рәсімнен – тілге», «тілден – фольклорға», «таңбадан – мәнге» қарай талдау жасалды. 3. Ғылыми жаңалық ретінде отбасы ғұрып фольклорында гендерлік рөлдер мен отбасы құрылымының тілдік көрінісін зерттеу ұсынылды. Бұл зерттеу отбасы ғұрыптарының гендерлік қырларын айқындап, қазақ қоғамында әйел мен еркектің орны мен рөлін көрсетеді. 4. Отбасы ғұрып фольклоры мәтіндеріне тән келесі белгілер зерделенді: ғұрыптық факт болып табылады; ғұрыпты сүйемелдеуімен ерекшеленеді; рефлексия тудырады; ойға кодталған ақпаратты береді; қабылдау инварианты қалыптасқан; метафораланған; ассоциациялық өрісі кең. 5. Концепт анықтауда менталдық репрезентациясына лингвостатистикалық талдаулар арқау болып, жиі қолданылатын тілдік бірліктер (тілдік бірліктердің сандық жиілігі анықталды) концепт дәрежесінде белгіленді. Зерттеудің фактологиялық базасын «Бабалар сөзі» жүзтомдығы (Т.72 – Балалар фольклоры; Т.90-91 – Ғұрыптық фольклор; Т.93 – Магиялық фольклор), сондай-ақ Google Forms платформасында жүргізілген онлайн ассоциативтік эксперименттің нәтижелері құрады. 6. Қазақ филологиясында қалыптасып келе жатқан этнолингвистика және лингвомәдениеттану жетістіктері отбасы ғұрып фольклорын зерттеуге алғаш рет қолданылды. Нақтырақ айтқанда, отбасы ғұрып фольклоры бірінші рет пәнаралық тұрғыдан ғылыми талдауға тартылып, парадигмалық интеграция көріністері анықталды. Зерттеудің негізгі нәтижелерінің сипаттамасы. Қазақ халқының отбасы ғұрып фольклоры – ұлттық болмысты, рухани дүниетанымды, мәдени таным мен тарихи жадыны сақтаудың әрі ұрпаққа жеткізудің ерекше арнасы. Зерттеу жұмысы аясында отбасы ғұрып фольклоры этнолингвистикалық тұрғыда кешенді қарастырылып, оның ұлттық код ретіндегі қызметі мен тілдік-мәдени жүйедегі орны ғылыми негізде сипатталды. 1. Ғылыми-теориялықнегіздер. Зерттеу барысында этнолингвистика саласындағы отандық (Ә. Қайдар, Ж. Манкеева, Н. Уәли, Р.Сыздық және т.б.) және шетелдік (В. Гумбольдт, Э. Сепир, Б. Уорф, Н.И. Толстой, В. Маслова және т.б.) еңбектерге сүйену арқылы фольклор тілінің этномәдени сипаты мен ұлттық дүниетаныммен сабақтастығы дәлелденді. Бұл ғылыми бағыттар зерттеудің теориялық-әдіснамалық арқауын нақтылады. 2. Ғұрыптық жүйе мен кодтық құрылым. Ғұрып – дәстүрлі мәдениеттің семиотикалық әрі этнолингвистикалық жүйесіндегі басты ұғымдардың бірі. Ол өмірлік циклдің әр кезеңін рәсімдеуші қызмет атқарады. Зерттеу нәтижесінде ғұрыптық фольклордың құрылымдық, акционалды, вербалды, темпоралды, және кеңістіктік кодтары айқындалды. 1) Ғұрыптық лексика тарихи жады мен мәдени тәжірибені сақтаушы тілдік қабат ретінде, ұлттық санадағы символдық бейнелерді, әлеуметтік рөлдер жүйесін танытады. 2) Отбасы ғұрып фольклоры – мифопоэтикалықғ этномәдени және когнитивтік кодтардың тағысында орналасқан жүйе. Ол «туу – ер жету – өлу» цикліне тән ғұрыптарды құрылымдық-функционалдық негізде жинақтайды. 3) Фольклордағы этнолексемалар (бесік, босаға, шаңырақ, отау, сәукеле, қамшы, түндік және т.б.) ұлттық-мәдени кодтың репрезентанттары ретінде талданып, олардың тақырыптық-символдық өрісі жүйеленді. 3. Ұлттық кодтың тілдік репрезентациясы. Зерттеу отбасы ғұрып фольклоры негізінде ұлттық кодты танытты. Нәтижесінде анықталған ұлттық кодтық белгілер: Сакралды таңбалар: от, босаға, шаңырақ, тоғыз саны, үштік формула; Әдет-ғұрыптық нышандар: үкі, шымылдық, май, ала жіп; Төтемдік және магиялық бейнелер: ит, пышақ, от т.б. Аталмыш атаулар жадта сақталып, ғұрыптық мәтіндерде символдық мәнге ие мәдени код ретінде көрінеді. Ұлттық код – этностың рухани ДНҚ-сы, яғни тарихи-мәдениақпаратты жеткізуші семиотикалық жүйе. 4. Трансформациялық үдерістер. Қазіргі қоғамда урбанизация, медиамәдениет және әлеуметтік желілер ықпалымен дәстүрлі ғұрыптық мәтіндер трансформацияға ұшырап, кейбір ғұрыптық мәтіндер (жар-жар, беташар, тойбастар, сыңсу) сахналық сипат алып, шоу мәдениетінің элементіне айналса да, олардың терең символдық-менталдық негіздері сақталған. Бұл – дәстүр мен заманауи қоғам арасындағы сабақтастықтың көрінісі. 5. Ғұрыптық мәтіндердің мәдени-когнитивтік мәні. Ғұрыптыұ мәтіндер тек этнографиялық дерек емес, ұлттық дүниетанымды, этникалық психологияны, рухани-мәдени бағдарды қалыптастыратын интеллектуалдық ресурс. Фольклор мәдени сценарий ретінде қарастырылып, оның фреймлік-слоттық құрылымы айқындалды. Мысалы, сакралды-сандық мән (3, 7), табиғи-магиялық кодтар (от, адыраспан), әрекет-функционалды модельдер (аластау, шешу/ байлау), төтемдік рәміздер (ит) сияқты когнитивтік жүйелер анықталды. 6. Зерттеудің маңызы мен қолданбалы әлеуеті: 1) Этнолингвистика ғылымының теориялық аясын тереңдетеді; 2) Фольклорды мәдени кодтаушы жүйе ретінде зерделеудің жаңа қырын ашады; 3) Қазақ тіліндегі ғұрыптық лексиканың ұызметін жүйелі сипаттайды; 4) Ұлттық тәрбие, этномәдени білім беру, рухани жаңғыру үдерістерінде әдістемелік құрал бола алады. Алынған нәтижелердің жаңалығы мен маңыздылығының негіздемесі. Ғылыми-зерттеу жұмысының нәтижелерін оқу үдерісіне енгізу актісі жасалды. Диссертациялық зерттеу жұмысының нәтижесінде «6В02301 – Қазақ филологиясы» білім беру бағдарламасына сәйкес әзірленген «Қазақ халық ауыз әдебиеті» пәнінің оқу жұмыс бағдарламасы жаңартылып, қазіргі ғылыми-әдістемелік талаптарға толық сай келетін мазмұнмен қамтамасыз етілді. Бағдарламада фольклортану, этнолингвистика және тіл білімі ғылымдарының тоғысындағы фольклорлық мұралар, соның ішінде отбасы ғұрып фольклоры ұлттық код контексінде қарастырылып, фольклортанудың қазіргі теориялық-методологиялық жетістіктерімен ұштастырылды. Пән мазмұны білім алушылардың ғылыми танымын қалыптастыруға, сын тұрғысынан ойлау қабілетін жетілдіруге, зерттеу жүргізу дағдыларын дамытуға бағытталған. Жаңартылған бағдарлама оқу үдерісін заманауи талаптарға бейімдеп, білім алушылардың фольклорлық дүниетанымды терең меңгеруіне жағдай жасайды. Енгізу нәтижелері оқу процесінің сапасына және білім алушылардың құзыреттілігінің өсуіне төмендегідей әсер етеді: 1. Білім алушылар фольклорлық мәтіндер арқылы ұлттық кодтың көріністерін анықтап, олардың қазақ дүниетанымындағы орны мен мәнін пайымдайды. «Отбасы ғұрып фольклоры» ұғымының мазмұнын, құрылымын, семантикалық және концептуалдық сипаттарын этнолингвистикалық тұрғыдан саралайды; 2. Қазақ халқының дәстүрлі ғұрыптары мен тілдік бірліктерін түркі халықтарының ұқсас фольклорлық үлгілерімен салыстыра отырып, тарихи-мәдени сабақтастықты танып-біледі; 3. Ғұрып фольклорындағы тілдік-символдық бірліктерді тарихи-этнографиялық деректермен байланыста талдап, фольклордың тілтанымдық әлеуетін ашып көрсетеді. «Жас фольклортанушы» курсы аясында ғылыми жоба, практикалық-шығармашылық тапсырмалар орындап, зерттеу дағдыларын жетілдіреді; 4. Ғұрыптық фольклор мәтіндеріндегі дәстүрлі модельдер мен символдардың қазіргі заманғы (урбанизация, медиа, әлеуметтік желілер және т.б. ықпалымен) трансформация үдерістерін анықтап, жаңаша интерпретацияларын сипаттайды. Қазақ тілдік санасындағы ұлттық кодталған лексика мен аялық білімнің деңгейін анықтау мақсатында ассоциативтік эксперимент орындалды. Зерттеу нысаны мен қатысушылар: А. Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің профессор-оқытушылар құрамы, білім алушылары және өңірдегі білім беру саласының мамандары. Әдістемелік база: Зерттеуде еркін ассоциативтік эксперимент әдісі қолданылды. Әр респондентке белгілі бір ұлттық-мәдени кодқа ие сөз-стимулдар ұсынылып, сол сөзге байланысты 2-3 сөздік ассоциация жазу тапсырылды. Бұл әдіс арқылы сөздің санада қандай концептуалдық өрісте қабылданатыны, ұлттық кодтық мәртебесі,оның символдық, архетиптік, прагматикалық мазмұны айқындалды. Семантикалық және статистикалық талдау негізінде жиналған ассоциациялар жиілік көрсеткіші арқылы сараланып, семантикалық өрістерге біріктірілді. Эксперимент қазақ халқының фольклорлық-тілдік бейнесінің қазіргі санада тұрақты сақталғанын және жанданып отырғанын дәлелдеді. Сөздер тек номинативтік қызметпен шектелмей, символдық, семиотикалық және метафизикалық мазмұн арқалаған. Зерттеу нәтижелері ұлттық кодталған лексика мен тілдік санадағы этнолингвистикалық құрылымдардың әлі де белсенді түрде қызмет етіп отырғанын дәлелдейді. Бұл – болашақта фольклор, мәдениет, когнитивтік лингвистика салаларында жүргізілетін зерттеулерге берік ғылыми негіз бола алады. Ассоциативтік эксперимент – тіл мен мәдениеттің өзара байланысын дәлелдеудің тиімді әдісі ретінде танылып отыр. Ғылымның даму бағыттарына немесе мемлекеттік бағдарламаларға сәйкестігі. Диссертациялық жұмыс Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023-2029 жылдарға арналған мәдениет пен тіл саясатын дамыту тұжырымдамаларының негізгі ұстанымдарымен сабақтас орындалып, келесі стандартты ескере отырып жүзеге асырылды: 1.Қазақстан Республикасы Үкіметі. Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы: ҚР Үкіметінің 2023 жылғы 16 қазанындағы № 914 қаулысы. 2.Қазақстан Республикасы Үкіметі. Қазақстан Республикасының мәдени саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы: ҚР Үкіметінің 2023 жылғы 28 наурыздағы № 250 қаулысы. 3.Қазақстан Республикасы. Материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы конвенцияны ратификациялау туралы: 2011 жылғы 21 желтоқсандағы № 514-IV ҚР Заңы // Әділет құқықтық актілер базасы. Докторанттың әрбір жарияланымды дайындауға қосқан үлесінің сипаттамасы. Зерттеу жұмысының тақырыбы бойынша 16 ғылыми еңбек жарияланды. Scopus дерекқорына кіретін «Opcion» және «Astra Salvensis» журналдарында 2 мақала, ҚР ҒжЖБМ бақылау комитеті ұсынған ғылыми басылымдарда 6 мақала, оның ішінде 1 мақала ағылшын тілінде «Болашақ» халықаралық бағдарламасының «500 ғалым» жобасы аясында жарияланды. Халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдарының жинағында 7 мақала, Түркияда, Егей университетінде өткен халықаралық конференция жинағында 1 мақала жарыққа шықты. Scopus дерекқорына кіретін және уәкілетті орган ұсынған ғылыми басылымдарда М.Мұратқызының бірінші автор ретіндегі рөлі: зерттеу тақырыбын таңдау, мақсатын айқындау, әдебиетке шолу жасау, теориялық және әдіснамалық базаны құру, материалды талдау, нәтижелерді жинақтау, мақаланы жазу және соңғы мәтінді редакциялау. 1.Ethnolinguistic research of family ritual folklore in the aspect of cultural code [Investigación etnolingúística del folklore ritual familiar ne el aspecto del código cultural]. Opcion. – 2019. – V.35. – Iss. 90-2. –P.318-331. Opción, Año 35, Regular No.90 (2019): 318-331. ISSN 1012-1587/ ISSNe: 2477-9385. 2.Abylai khan: a historical figure and a folklore character (case study of legends about the orphanage of the ruler). Astra Salvensis, 1.2021, pp. 325-336. Transilvanian Association for the Literarure and Culture of Romanian People (Astra). ISSN: 2393-4727E-ISSN:2344-1887. Зерттеу нәтижелері халықаралық конференцияларда шыққан мақалаларында қарастырылды: 1.Отбасылық ғұрып фольклорының жанрлық және тілдік ерекшеліктері. Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, «Қазақ лингвофольклортануының өзекті мәселелері»: халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары. – Нұр-Сұлтан. 2019 ж. 2.«Әдебиет танытқыш» және отбасылық ғұрыптың тілдік көрінісі. «Алаштың Мырзағазы: қайраткерлік ғұмырнамасы және шығармашылық мұрасы» халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары. – Қостанай, 2019 ж. 3.Этнолингвистическое изучение лексики семейно - обрядового фольклора в казахском языке. ХV Халықаралық ғылыми-практикалық конференция «Эффективные инструменты современных наук», Филология. Прага. 2019 ж. 4.Ұлттық код: шаңырақ – қазақ дүниетанымындағы киелі әлем. А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ. «Ұлағатты Ұлы дала: рухани жаңғыру, білім және инновация» тақырыбындағы «Байтұрсынов оқулары- 2019» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы. – Қостанай. 2019 ж. 5.Азалау ғұрыптарының тілдегі көрінісі «Global science and innovations 2020: Central Asia» атты VІII Халықаралық ғылыми-практикалық конференция, Халықаралық ғылыми журнал (филология сериясы).– Нұр-Сұлтан. 2020 ж. 6.Мотив сиротства в фольклорных произведениях и в библиографии исторических личностей тюркского мира. Егей университеті, Түркия және «Жібек жолы» халықаралық туризм университеті, Өзбекстан, «Innovative approaches in studyof the language, literature, translation, tourism and cultural heritage on the Silk road» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция.– Измир-Ташкент. 2024 ж. 7.Ғұрыптық фольклор поэтикасындағы ұлттық дүниетанымға сәйкес мәдени ақпарат (сыңсу жанры негізінде)/(видео баспа). Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті, «Кенжеғалиев оқулары І» Халықаралық ғылыми-практикалық конференция.– Көкшетау. 2024 ж. 8.Қазаға қатысты ғұрыптардың вербалды, сөздік формаларының магиялық қызметі/ (видео баспа).Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Академик Әбдуәли Туғанбайұлы Қайдардың туғанына 100 жыл толуына арналған «Мәдениет – өркениет – жаһаният контексіндегі гуманитарлық ғылым: тіл, этнос, қоғам» халықаралық конгресс.– Алматы. 2024 ж. Диссертациялық зерттеудің негізгі ережелері мен қорытындылары уәкілетті орган ұсынған басылымдарда баяндалды: 1.Мәдени кодтың этнолингвистикалық сипаты. «Қазақстанның ғылымы мен өнері» атты Халықаралық ғылыми-көпшілік журнал. – Астана. 2018 ж. 2.Үйлену ғұрып фольклорындағы ұлттық дүниетаным негіздері. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің хабаршысы. «Филология сериясы» ғылыми журналы. – Көкшетау. 2019 ж. 3.Отбасы ғұрып фольклорын этнолингвистикалық тұрғыда талдау. «Қазақстанның ғылымы мен өнері» атты Халықаралық ғылыми-көпшілік журнал. – Астана. 2019 ж. 4.Үйлену ғұрып фольклорына қатысты ұғым- түсініктердің трансформациясы. Еуразия гуманитарлық институты. «Қазақ білім академиясының баяндамалары» ғылыми журнал. «Филология сериясы».– Нұр-Сұлтан. 2019 ж. 5.«Ақсақ құлан – Жошы хан» аңызы: тарихилығы, көркемдігі және дәстүр сабақтастығы. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Хабаршысы. Филология сериясы.– Астана. 2024 ж. 6.Linguistic presentation of common rituals in the folklore of turkic peoples. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Хабаршысы. Филология сериясы №1.– Астана. 2025 ж.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://www.youtube.com/watch?v=ioLKxXW0fk0
