
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Сарсембаева Сымбат Армановна «8D02314 – Әдебиеттану» білім беру бағдарламасы бойынша ««Қазақ прозасындағы симулякр (тәуелсіздік кезеңі бойынша)»» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Қазақ әдебиеті кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
– Жарылғапов Жансая Жанғазыұлы – филология ғылымдарының докторы, Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры (Қарағанды қ., Қазақстан);
– Адаева Ермек Сабырбаевна – филология ғылымдарының кандидаты, Назарбаев университеті қазақ тілі және түркітану департаментінің оқытушысы (Астана қ., Қазақстан).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
– Метин Екижи – философия докторы (PhD), Еге университеті Түркі әлемін зерттеу институтының профессоры (Измир қ., Түркия).
– Дауренбекова Лаура Нугайбековна – филология ғылымдарының кандидаты, А.Қ. Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институты қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының қауымдастырылған профессоры (Астана қ., Қазақстан);
– Худайбергенов Нурбол Джумагалиевич – философия докторы (PhD), М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері (Алматы қ., Қазақстан).
Ғылыми кеңесшілері:
– Айтуғанова Сәулеш Шамшақызы – филология ғылымдарының кандидаты, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры (Астана қ., Қазақстан)
- Сайфулина Флера Сагитовна - филология ғылымдарының докторы, Қазан федералды университеті татар әдебиеті кафедрасының профессоры, Қазан Федералды университеті (Қазан қ., Ресей Федерациясы)
Қорғау 2025 жылғы 29 желтоқсан, сағат 15:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D02314 – Әдебиеттану» мамандығы бойынша «8D023 – Тілдер және әдебиет» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес отырысы офлайн және онлайн форматта өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: https://clc.li/uZuWd
Мекен-жайы: Астана қ., Қ. Сәтбаев көшесі, 2, оқу-әкімшілік ғимарат, №101 ауд.
Аңдатпа (қаз.): Сарсембаева Сымбат Армановнаның «Қазақ прозасындағы симулякр (тәуелсіздік кезеңі бойынша)» тақырыбындағы диссертациясы 8D02314 – «Әдебиеттану» білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін дайындалған АҢДАТПА Диссертациялық жұмыстың өзектілігі. Ғаламдану жағдайында мемлекеттердің саяси-экономикалық және әлеуметтік ынтымақтастығы күшейіп, ғылым мен техниканың дамуы жеделдеп, мәдениет және білім салаларында ілгерілеу қарқыны артты. Қоғамда орын алған жаһандану мен интеграция үдерістері әдебиет саласында, соның ішінде қазақ сөз өнерінде постмодернистік бағыттың таралуына әсер етті. Бірқатар қаламгерлердің шығармашылығында әртүрлі философиялық жүйелер мен мәдениеттердің синтезі байқалады. Қазіргі кезеңнің әлеуметтік, саяси және экономикалық мәселелері авторлар тарапынан халықаралық ықпалдастық шеңберінде зерделеніп, әдеби шығармалардың мазмұндық арқауына айналды. Сондай-ақ, жаһандану үдерісі қазақ әдебиетіндегі дәстүрлі құндылықтарды жаңаша интерпретациялауға мүмкіндік беріп, ұлттық кодты сақтай отырып, жаңа пішіндер мен тәсілдерді игеруге септігін тигізді. Осылайша, ғаламдану құбылысы қазақ сөз өнерінің дамуында маңызды рөл атқарып, әдебиеттегі жаңа өрістердің қалыптасуына ықпалдасты. Бұл өз кезегінде, қазақ әдебиетінің халықаралық әдеби кеңістіктермен ынтымақтастық арқылы ілгерілеуіне және шығармашылық диалогтың кеңеюіне жол ашады. Қазіргі әдебиет ақпараттық-коммуникативтік және компьютерлік технологиялармен де тығыз байланысты. Ғаламтор шексіз ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз етіп, «гипершындық» деп аталатын үдерістің қалыптасуына түрткі болды. Үдеріс виртуалды әлемге еніп, шынайы құндылықтарды жалған, ойдан шығарылған түсініктермен алмастырып, адамның шындықтан алыстауына әкелетін бейне-белгілер, симулякрлар арқылы жүзеге асады. Симулякрлар қазіргі прозада шығармашылық әдіс ретінде белсенді қолданыс табуда. Қаламгер көркем шығармада симулякр әдісін қолдану арқылы оқырманды әртүрлі интерпретацияларға жетелейді. Сонымен қатар, бұл әдіс қоғамның көпқабатты табиғатын терең түсінуге және рухани ұстанымдар мен құндылықтарды қайта пайымдауға мүмкіндік береді. Симулякрдың көмегімен жазушы көркем мәтінде ақиқат пен жалған арасындағы шекараны бұзып, әлеуметтік шындық пен жеке тәжірибені қатар бейнелеуге қабілетті. Мұның өзі әдеби шындық аясын кеңейтіп, автордың шығармашылық еркіндігін арттырады. Нәтижесінде автор дүниетанымы мен суреткерлік түйсігіне негізделген көркемдік шешімдер әдеби кеңістікте жаңа мазмұн мен соны пішіндердің қалыптасуына ықпал етеді. Осы пайым аясында, прозалық шығармалардағы симулякр табиғатын зерттеу - қазіргі әдебиеттің эстетикалық, философиялық және мәдени бағыттарын түсінуде өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Симулякр көркем мәтіннің құрылымында қазіргі қоғамның рухани ахуалын, ұлттық құндылықтар дағдарысын және ақпараттық кеңістіктегі шынайылықты қабылдау мәселесін бейнелеудің тиімді әдісіне айналған. Осы әдіс арқылы өрбіген прозалық туындыларды талдау – қазіргі әдебиеттің жанрлық не стильдік ерекшеліктерімен қатар, оның ішкі мазмұнын, тақырыптық-идеялық бағытын және қаламгердің терең философиялық көзқарасын тануға мүмкіндік береді. Зерттеу жұмысының теориялық-әдіснамалық негіздері. Адамзат тарихында шындықты бейнелеу, еліктеу және болмыс табиғатын пайымдау мәселелері философиялық ой-толғамның өзекті бағыттарының бірі болды. Осы түсініктермен тығыз байланыста қарастырылатын симулякр ұғымы да антикалық кезеңінен бастау алады. Симулякрға қатысты алғашқы теориялық тұжырымдар ежелгі грек ойшылдары Платон, Аристотель және Лукрецийдің трактаттары негізінде талданды. Жаңа заман философиясындағы болмыс пен шындық мәселелері Р. Декарт, И. Кант, Г. Гегельдің көзқарастары аясында қарастырылды. Зерттеу жұмысының теориялық негізін қазақ әдебиеттану ғылымындағы көрнекті ғалымдар М. Әуезовтің, З. Қабдоловтың, З.Ахметовтің, С. Қасқабасовтың, Р. Нұрғалидың, Б. Майтановтың, Р.Тұрысбектың, С. Қондыбайдың, Ж. Аймұхамбеттің, Ж. Жарылғаповтың, Қ. Байтанасованың, Г. Сәулембектің, Г. Сағынадиннің еңбектері құрайды. Сондай-ақ, Г. Башляр, М. Бахтин, А. Лосев, Ж. Батай, П. Клоссовски, Р. Барт, Х.Р.Яусс, Ю. Лотман, Ж. Делез, З.Бауман, М. Фуко, В. Изер, Ж. Бодрийяр, Ж.Деррида, Ф. Джеймисон, Б. Успенский, Г. Гачев, Ю. Кристева, М. Эпштейн, Н. Маньковская, А. Великанов, И. Скоропанова, Л.Сафронова, О. Бычкова сынды философ, мәдениеттанушы және әдебиеттанушылардың ғылыми тұжырымдары зерттеу жұмысының теориялық негіздерін қалыптастыруда маңызды бағдарлар ретінде қарастырылды. Зерттеу нысаны ретінде М. Мағауиннің «Жармақ», Т. Сәукетаевтың «Мен - жындымын», Ә. Байболдың «Мұтылған» романдары, М. Мағауиннің «Қыпшақ аруы», Т. Әбдіктің «Тұғыр мен ғұмыр» повестері, А.Алтайдың «Кентавр», А. Кемелбаеваның «Қоңырқаз», Л. Қоныстың «Қош, Күнікей», «Ғайып ұл», М. Мәліктің «Қарғыс атқан патшалық», «Бассыз бөрі», Д. Жылқыбайдың «Квант», «Матрица», «Түс көре алатын робот», жасанды зият арқылы жазылған «Компьютер роман жазған күн» (Жапония), «Алғашқы жол» (АҚШ) әңгімелері таңдалып алынды. Тақырыптың зерттелу деңгейі. XX ғасырда «симулякр» ұғымы постмодернистік философия мен эстетика аясында жаңа мазмұндық сипат алды. Америкалық мәдениеттанушы Ф. Джеймисон «Постмодернизм» атты энциклопедияда симулякрды постмодернистік ойлаудың жетекші категорияларының бірі ретінде сипаттай отырып, оны «түпнұсқасы ешқашан болмаған көшірме» деп тұжырымдайды. Симулякр ұғымының философиялық негіздері алғаш рет француз ойшылы Жиль Делёздің 1969 жылы жарық көрген «Платон и симулякр», «Лукреций и натурализм» атты мақалаларында талданады. Ж. Делёз симулякрды Платондық онтология тұрғысынан қарастыра отырып, оны репрезентация идеясынан бөлектеп, дербес философиялық категория ретінде ұсынады. Кейінгі кезеңде бұл тұжырымдаманы Жорж Батай, Жак Деррида, Жан Бодрийяр, Пьер Клоссовский, Мишель Фуко, Ролан Барт, Юлия Кристева сынды постструктуралист және постмодернист ойшылдар дамытты. Атап айтқанда, Жан Бодрийярдың «Система вещей» (1968), «Общество потребления» (1970), «Призрак толпы» (1978), «Симулякры и симуляции» (1981), «Фантом современности» (1992) және басқа да еңбектері симулякрды мәдениет пен қоғам теориясының аясында жан-жақты саралайды. Ж.Бодрийяр симулякрды қоғамдағы шынайылықтың орнын алмастырған белгілер мен таңбалар жүйесі ретінде сипаттайды, бұл көзқарас қазіргі ақпараттық және тұтынушылық қоғамды талдауда кең қолданыс тапты. Ресейлік ғылыми ортада симулякр мәселесіне қызығушылық 1990-жылдардан бастап арта түсті. Бұл үрдіс КСРО-ның ыдырауы, идеологиялық жүйенің күйреуі және посткеңестік қоғамда жаңа мәдени-әлеуметтік контекстің қалыптасуымен тығыз байланысты. Жаңа тарихи жағдайда бұрынғыдан өзгеше мәдени кодтар мен репрезентация тетіктерін ұғыну қажеттілігі туындады. Осы тұрғыда симулякр ресейлік зерттеушілердің назарын аударып, посткеңестік кеңістіктегі мәдени өзгерістерді, көркем сана трансформациясын және эстетикалық құрылымдарды талдаудың өзекті құралына айналды. Аталған бағытта зерттеу жүргізген ресейлік ойшылдар М.М. Эпштейн, Н. Маньковская, А. Великанов сынды философтар мен мәдениеттанушылардың, сондай-ақ әдебиеттанушылар Н. Скоропанова мен О. Бычкованың еңбектері ғылыми айналымда кеңінен танымал. Отандық әдебиеттану ғылымында симулякр мәселесі соңғы онжылдықта зерттеле бастады. Бұл бағыттағы алғашқы елеулі еңбектердің бірі – Л.Сафронованың 2008 жылы қорғалған «Автор и герой в постмодернистской прозе» атты докторлық диссертациясы. Зерттеуде постмодернистік прозадағы кейіпкерлер типологиясы ұсынылып, олардың ішінде симулякрлық сипаттағы кейіпкерлер жеке топ ретінде ерекшеленеді. Ж. Жарылғапов, Ә. Жакулаев және С. Такировтың құрастыруымен 2016 жылы шыққан «Қазіргі прозадағы модернизм және постмодернизм» атты ғылыми монографияда постмодернистік бағыттар жүйеленіп, олардың ішінде симуляция мен симулякр постмодернистік прозада жиі қолданылатын көркемдік тәсілдердің бірі ретінде сипатталады. Зерттеушілер бұл құбылыстардың көркем мәтіндегі көрінісін, олардың қызметін және шындықты бейнелеудегі ерекшеліктерін талдай отырып, симуляция мен симулякрды қазіргі әдеби үдерістің маңызды категорияларының қатарына жатқызады. Сонымен қатар, PhD Г. Сәулембек «Қазақ прозасындағы постмодернизм» тақырыбындағы докторлық диссертациясында прозалық шығармалардан алынған нақты мысалдар негізінде симулякр құбылысының көркем мәтіндегі қызметін дәйектеп, әдеби туындыны талдаудың теориялық-методологиялық құралы ретінде ұсынады. Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Диссертациялық жұмыстың мақсаты - симулякр ұғымының әдебиеттану аспектісіндегі мәнін ашу, көркем шығармадағы қызметін анықтау, жаңа кезеңдегі прозалық шығармалардағы көрінісін шет ел әдебиетіндегі осы бағыттас туындылармен салыстыра қарастырып, жаңа нәтижелерге қол жеткізу. Зерттеу жұмысының мақсатын орындауда төмендегі міндеттерді шешу көзделеді: – симулякрдың әлемдік және қазақ әдебиеттануында қарастырылу аясын зерттеу, түрлі ғылыми көзқарастарды салыстыру; – қазіргі қазақ прозасындағы симулякрдың қолдануын сипаттап, поэтикалық табиғаты мен көркемдік қызметін тұжырымдау; – теориялық тұжырымдарға сүйене отырып, симулякрдың әдебиеттану ғылымындағы орнын негіздеу, ұғымның нақты ғылыми тұжырымдамасын қалыптастыру; – тәуелсіздік кезеңіндегі прозалық шығармаларда жаңаша сипатымен танылған қаламгерлердің мазмұндық, құрылымдық және стильдік ізденістерін талдау; – әдеби симулякрдың көркем мәтіндегі қызметін түрлерін жіктеп, оны нақты шығармалардан алынған мысалдармен дәйектеу; – ұлттық сөз өнеріндегі қиял мен көркемдік бейнелену формаларын саралау; – симулякр мен гипершындықтың көркем кеңістік пен уақытты ұйымдастырудағы рөлін анықтау, олардың көркем құрылымдағы өзара байланысын көрсету; – тәуелсіздік жылдарындағы прозада кейіпкер трансформациясын зерделеп, симулякр-кейіпкерге ерекшеліктерді анықтау; – миф пен симулякрдың көркем мәтін шеңберіндегі арақатынасын ашып, олардың бір-бірімен тоғысу сипатын көрсету; – симулякрдың оқырман санасын басқару қызметін қарастырып, рецептивті эстетика тұрғысынан талдау; – жасанды зият пен әдеби үдеріс арасындағы ықпалдастықты саралап, симулякр құбылысының осы контексте атқаратын рөлін бағамдау. Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы: – қазақ прозасында симулякрдың мәні мен маңызын түсіндіретін ғылыми негіздемелер қалыптасады; – қазақ әдебиетінде симулякрдың поэтикалық ерекшеліктері талданады, бұл көркем мәтіндердегі құрылымдық элементтердің жүйесін белгілейді; – симулякрдың көркем мәтіндегі рөлі мен қызметі әдеби шығармалардан алынған мысалдармен дәйектеледі, бұл арқылы автор дүниетанымын және шығармашылық тәсілдерін түсінуге мүмкіндік туады; – қазақ әдебиетіндегі постмодернизмнің ерекшеліктері мен симулякрдың рөлі арасындағы байланыс анықталады, сондай-ақ, бұл ағымның ұлттық әдебиеттегі ықпалы туралы жаңа тұжырымдар жасалады; – зерттеу нәтижелері қазақ прозасындағы көркем мәтіндерді жаңа қырынан интерпретациялауға ықпал етеді, бұл әдебиеттегі симулякр құбылысының тереңірек талдануына жол ашады. Қорғауға ұсынылған тұжырымдар: 1. Симулякр – өзінің пәнаралық табиғатына байланысты түрлі ғылым салаларында зерттелетін кешенді категория. Әдебиеттану ғылымында постмодернизм эстетикасы аясында қарастырылады және қазіргі қазақ прозасындағы көркемдік әдістердің бірі ретінде маңызды орын алады. 2. Қазақ әдебиетінде симулякр көркем шығармада автордың дүниетанымын, әлемге деген көзқарасын таныту құралы ретінде көрінеді. Бұл әдіс арқылы жазушы шынайы өмір мен қиял арасындағы шекараны бұзып, көркем кеңістік пен уақытты түрлі тәсілдер арқылы бейнелейді. Мұндай тәсілдер нәтижесінде туындыларда көпқабатты хронотоп түзіледі. Яғни, кеңістік пен уақыт бір ғана реалистік деңгейде емес, бірнеше шындық қабаттарында қатар өрістейді. 3. Симулякр – жаңа типтегі кейіпкерлерді сомдауда қолданылатын көркемдік әдіс. Мұндай кейіпкерлер фольклорлық немесе мифологиялық элементтер негізінде, не адамның ішкі әлеміндегі екіге жарылу құбылысы арқылы жасалады. Бұл қатарға виртуалды кеңістікте өмір сүретін немесе толықтай техногендік сипат алған образдар да жатады. 4. Қазіргі жазушылар дәстүрлі мифтерді жаңаша интерпретациялау арқылы симулякрлық құрылым жасайды. Олар мифологиялық сюжеттік желілерді қайта өңдеп, оны бүгінгі заман контексінде жаңаша мағынамен өрнектейді. Нәтижесінде, мифтік бейнелер символдық-мәтіндік жүйе арқылы көркем шындықты бейнелеудің жаңа формасына айналады. 5. Симулякр – көркем мәтінде оқырман санасына ықпал ету құралы. Мұнда автор оқырманды нақты шындықтан алыстатып, манипуляциялау, дестабилизациялау арқылы шындық пен жалғандықтың аражігін жояды. Зерттеу әдістері. Зерттеу барысында әдеби мәтіндерді талдау мен саралауға, индуктивті әдіске, типологиялық салыстыру мен компаративистік тәсілге, сондай-ақ мәдени-тарихи, рецептивтік талдауға негізделген жалпы ғылыми әдіснамалық ұстанымдар басшылыққа алынды. Сонымен қатар структуралистік, семиотикалық талдау және интермәтіндік тәсілдер де қолданылады. Диссертация аясында дайындалған жұмыстардың жариялануы келесідей: Web of Science Core Collection, Scopus халықаралық рецензияланатын журналға келесі мақала қабылданды: 1. Artificial Intelligence and the Simulacrum in Literature // Forum for Linguistic Studies. – 2025. – №7(6). – Р. 56-67. ҚР ҒЖБССҚК тізіміне кіретін журналдарда келесі мақалалар жарияланды: 1. Poetics of the literary simulacrum // Bulletin of the Eurasian Humanities Institute. – 2022. – №4. – P. 180-186 (ISSN 2957-5095) 2. Постмодернистік әдебиеттегі симулякр: генезисі мен зерттелуі // Еуразия ұлттық университетінің хабаршысы. – 2023. – №2. – Б. 145-152. 3. Қазіргі қазақ әңгімелеріндегі симулякрдың көркемдік қызметі (Д.Жылқыбайдың әңгімелері негізінде) // Еуразия гуманитарлық институтының Хабаршысы. – 2025. - №1. – Б. 100-109 (ISSN 2957-5095) 4. Көркем туындыдағы симулякрдың оқырман санасын басқару қызметі // Торайғыров университетінің Хабаршысы. – 2025. – №3. – Б. 34-48 (ISSN 2710-3528). Халықаралық конференциялар мен симпозиумдардың жинақтарына кірген мақалалар: 1. Теория гиперреальности, симуляции и симулякров Жана Бодрийяра // Международная научно-практическая конференция молодых ученых, посвященной 135-летию классика татарской литературы, общественного и государственного деятеля Галимджана Ибрагимова (Қазан, 2022. – С. 161-165). 2. Қазіргі қазақ прозасындағы симулякр // «Гуманитарлық ғылымдар тоғысындағы әдебиеттанудың жаңа парадигмалары» ҚР Мемлекеттік сыйлығының және ғылым саласындағы Ш. Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері, ҚР ҰҒА академигі, Қазақстан Республикасы ғылымына еңбегі сіңген қайраткер Зәки Ахметовтің 95 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары (Астана, 2023. – Б. 233-236). 3. Қазақ прозалық шығармаларындағы симулякр // «Фольклорды зерттеудің өзекті мәселелері және түркітілдес халықтар әдебиетінің тарихы» Қарақалпақстан Республикасы ғылымына еңбегі сіңген қайраткер, филология ғылымдарының докторы, профессор Ә. Пахрадитновтың 90 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары (Нөкіс, 2023. – Б. 42-45). 4. The simulacrum in modern kazakh prose // Bulletin of the Dulaty University. – 2023. – №4. – P. 8-13. 5. Қазіргі қазақ прозасындағы симулякр кейіпкерлер (Т.Әсемқұловтың «Бекторының қазынасы» хикаяты, А. Кемелбаеваның «Қоңырқаз» әңгімелерінің негізінде) // «Профессор Арап Еспенбетов: әдеби өлкетану және ғылыми мектеп» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары (Семей, 2025. – Б. 51-54). 6. Ә. Байболдың «Мұтылған» романындағы көркемдік кеңістік: симулякр және гипершындық // ҚР ҰҒА академигі, көрнекті қоғам қайраткері, әдебиеттанушы Рымғали Нұрғалидың туғанына 85 жыл толуына арналған «Филологиялық зерттеу бағыттары» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясының материалдары (Астана, 2025).
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://www.youtube.com/watch?v=WuPdjVg6fYE
