
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Керимбаева Камила Керимкуловна «8D02305 – Филология» білім беру бағдарламасы бойынша ««Тілдік сана және «байлық-кедейлік» бинарлық оппозициясы (қазақ және ағылшын тілдері материалдары негізінде)» » тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Қазақ тілі білімі кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
– Смағұлова Кулдархан Нұрғазиевна – филология ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті А.Байтұрсынұлы атындағы қазақ тіл білімі кафедрасының профессор, (Алматы қ., Қазақстан);
– Байсыдық Индира Болатбекқызы – философия докторы (PhD) Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті шетел тілдері кафедрасының қауымдастырылған профессоры м.а., (Алматы қ., Қазақстан).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
– Ахматова Мариям Ахматовна– филология ғылымдарының докторы, Х.М.Бербеков атындағы Кабардин-Балқар ұлттық университеті қарашай-балқар филологиясы кафедрасының доценті, (Нальчик қ., РФ);
– Сарсенбай Жанат Асылханқызы – философия докторы (PhD), Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті А.Байтұрсынұлы атындағы қазақ тіл білімі кафедрасының доцент м,а., (Алматы қ., Қазақстан);
– Есенова Қалбике Умирбаевна – филология ғылымдарының докторы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті С.Қирабаев атындағы қазақ тілі мен әдебиет кафедрасының профессоры(Алматы қ., Қазақстан).
Ғылыми кеңесшілері:
– Бейсенбай Ардақ Бақытұлы – филология ғылымдарының кандидаты, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор., (Астана қ., Қазақстан)
– Hatice Şirin – Еге университетінің докторы -профессор, (Түркия, Измир қ).
Қорғау 2025 жылғы 30 желтоқсан, сағат 15:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D02305 – Филология» мамандығы бойынша «8D023 – Тілдер және әдебиет» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес отырысы офлайн және онлайн форматта өткізіледі.
Сілтемесі: https://clc.li/KhBis
Мекен-жайы: Астана қ., Қ. Сәтбаев көшесі, 2, оқу-әкімшілік ғимарат, №101 ауд.
Аңдатпа (қаз.): Керимбаева Камила Керимкуловнаның «8D02305 - Филология» білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін дайындаған «Тілдік сана және «байлық-кедейлік» бинарлық оппозициясы (қазақ және ағылшын тілдері материалдары негізінде)» диссертациялық жұмысының АҢДАТПАСЫ Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Лингвомәдениет аясындағы тақырыптарға ғылыми зерттеулердің көбеюі «тіл-адам-мәдениет» триадасының маңыздылығын арттыра түсті. Қазіргі таңда адамның тілдік санасының түрлі заңдылықтарын қарастыруға бағытталған зерттеулер пайда болды. Сәйкесінше, белгілі бір этностың өзіне ғана тән ерекшеліктері, мәдениеті, тілдік санасы және осы аталғандардың ұлттың концептілік танымындағы көрінісі қазіргі ғылым үшін аса өзекті. Ұжымдық сананың қисыны мен құрылымы, адамзаттың өз этносының ғасырлар бойы сақталып келе жатқан түсініктерін қабылдау себептері зерттеуді қажет етеді. Ал, біздің жұмысымыз – осы аталған мәселелердің шешімін көрсетуге бағытталған отандық тіл біліміндегі зерттеу жұмыстарының бірі. Қазақ тіл білімінде тілдік сана психолингвистика тұрғысынан қарастырылып келді. Ал, қазақ және ағылшын тілділердің санасындағы бинарлық оппозицияның арақатынасы, олардың қалыптасуына негіз болған себептер әлі де толық қарастырылмай келеді. Сондықтан зерттеу тақырыбы – қазақ тіл білімі үшін көкейкесті мәселе. Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Қазақ және ағылшын тілділердің санасындағы «байлық» және «кедейлік» ұғымдарының ерекшеліктерін анықтау. Осы мақсатқа сай мынадай міндеттер қойылды: – тілдік сана, когнитивтік лингвистика, концепт жайлы ғылыми пікірлерді жинақтау, салыстыру; – қазақ және ағылшын тілдеріндегі «байлық» және «кедейлік» ұғымдарының даму кезеңдерін анықтау; – «байлық» және «кедейлік» ұғымдарының әр кезеңдегі ерекшеліктерін айқындау; – қазақ және ағылшын тілдеріндегі «байлық-кедейлік» бинарлық оппозициясының лингвомәдени ерекшеліктерін анықтау; – қазақ және ағылшын тілділер санасындағы «байлық-кедейлік» бинарлық оппозициясының ерекшеліктерін айқындау; – «байлық-кедейлік» бинарлық оппозициясының ассоциативті-концептуалды үлгісін құру. Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. Қазақ тіл білімінде қазақ және ағылшын тілдеріндегі «байлық-кедейлік» бинарлық опппозициясы толыққанды зерттеу жұмысының өзегіне айналып отыр. Бұдан бөлек жұмыстың жаңалықтары ретінде төмендегі тізбекті көрсете аламыз: – қазақ және ағылшындардың тілдік санасындағы «байлық» және «кедейлік» концептілерінің әртүрлі кезеңдегі ерекшеліктерін анықтау; – қазақ және ағылшын тілдеріндегі «байлық-кедейлік» бинарлық оппозициясының ассоциативті үлгісін құру; – қазақ және ағылшын тілділер санасындағы «байлық» және «кедейлік» концептілерінің айырмашылықтарын айқындау. Зерттеу жұмысының әдіснамалық және теориялық негізі. Диссертациялық жұмыстың теориялық-әдістемелік негізін когнитивтік, психолингвистикалық бағыттарға қатысты зерттеулер құрайды. В.Фон Гумбольдт, К. Маркс пен Ф. Энгельстің, Бодуэн де Куртене, Э. Бенвенист, Л. Вайсгербер, А.А. Потебня, Э. Сепир, Б. Уорф, А. Шлейхер, А. Вежбицкая, В.В. Виноградов, А.Я. Гуревич, А.А. Залевская, Г.В. Колшанский, В.В. Маковский, Ю.Е. Прохоров, Б.А. Серебренников, С.В. Сидорков, Г.Д. Сидоркова, Ю.С. Степанов, В.Н. Телия, С.Г. ТерМинасова, А.А. Чернобров Ф.Соссюрдің антропоөзектік бағытқа қатысты пікірлерінен бастап Е.С. Кубрякова, В.А. Маслова, А.Н. Леонтьев, Е.Ф. Тарасов, А.Д. Арутюнова, С.А. Аскольдов, А.П. Бабушкин, С.Г. Воркачев, В.В. Воробьев, В.И. Карасик, В.В. Красных, Е.С. Кубрякова, Д.С. Лихачев, М.В. Пименова, З.Д. Попова, Г.Г. Слышкин, И.А. Стернин, Т.Н. Ушакованың когнитивтік лингвистика, тілдік санаға қатысты тұжырымдары пайдаланылып, диссертациялық жұмысқа негіз болды. Қазақ тілі біліміндегі тілді танымдық бағытта зерттеудің негізін қалаған А. Байтұрсынұлының, әрі қарай оның ізін жалғаған А. Ислам, О. Жұбаева және т.с.с. ғалымдардың еңбектері диссертациялық жұмысты жазуға арқау болды. Зерттеу нысаны. Қазақ және ағылшын тілдеріндегі «байлық» және «кедейлік» ұғымдарына қатысты тілдік бірліктер. Зерттеу әдісі. Диссертациялық жұмысты жазу барысында мынадай әдістер кешені қолданылды: ғылыми сипаттау әдісі, оның ішінде материалды жинақтау, іріктеу, талдау, топтастыру, жалпылау және түсіндіру әдістері. «Байлық» және «кедейлік» концептілерін айқындайтын тілдік деректерді анықтау барысында лингвомәдени талдау әдісі пайдаланылды. Сонымен қатар, жұмыста салғастырмалы талдау және сауалнама әдістері қолданылды. Зерттеудің теориялық және практикалық мәні. Тілдік сананың концептуалдық қабатының қалыптасу заңдылықтарына жан-жақты талдау, қазақ және ағылшын тілділер санасындағы «байлық-кедейлік» бинарлық оппозициясының функционалды ерекшеліктерін жіті қарастыру когнитивтік лингвистика бағытындағы теориялық зерттеулердің қатарын толықтыра түседі. Диссертациялық жұмыстың нәтижелерін әлеуметтік лингвистика, когнитивтік лингвистика, лексикология пәндерінің дәрістері мен практикалық сабақтарында пайдалануға болады. Сондай-ақ, зерттеу жұмысының деректері қазақ, ағылшын тілдерін тереңірек оқытуға көмектеседі. Зерттеу материалдары сөйлеу әрекетіне қатысты түрлі оқу құралдарын жазуға лингвистикалық дереккөз бола алады. Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар: – Қазақ тіліндегі фольклорлық шығармаларда бай тек ер адам бейнесі арқылы беріледі. Ал, ағылшын тіліндегі фольклорлық шығармаларда қулық пен арамдық, байлыққа теріс жолмен жету ерлер бейнесімен сипатталса, ақыл мен еңбекқорлық, адал еңбекпен баю әйел образында көрінеді. – Екі тілдегі фольклорда да байлар қоғамның әлсіз мүшелерін қанаушылар ретінде сипатталса, кедейлер шынайылық пен әділеттіліктің иесі ретінде бейнеленеді. Мәселен, қазақ тілінде Алдар Көсенің, ағылшын тілінде Робин Гудтың байлардан ұрлап, кедейлерге көмектесуі осы оппозицияның моральдық жағын көрсетеді. – Қазақ және ағылшындардың тілдік санасындағы «байлық-кедейлік» бинарлық оппозициясы жайлы түсінік әр дәуірде өзгеріп отырған. Бұған әлеуметтік, экономикалық жағдайлар себеп болуы мүмкін. – Ағылшын тіліндегі «байлық» және «кедейлік» концептілерінің архаикалық бастауы – «билік-тәуелділік» түсінігі. Ал, қазақ тілінде – «аштық-тоқтық». – Екі тілдің лингвомәдениетіне сәйкес байлық пен кедейлік жағымды да, жағымсыз да құбылыс ретінде көрінеді. – «Байлық» концептісінің ассоциативті-концептуалды үлгісін пирамида түрінде қарастыруға болады. Оның негізінде адамзатқа ортақ рухани құндылықтар орналасса, әрі қарай күш, билік секілді ұғымдармен жалғасады. «Байлық» және «кедейлік» концептілері ортақ негізге ие. «Байлық» пирамидасының орталығында «power» (билік) лексемасы тұрса, «кедейлік» пирамидасындағы орталық – «dependence» (тәуелділік). «Байлық-кедейлік» оппозициясының семантикасы әр кезеңде өзгеріп отырса да, екі тілдегі архисемасы да әлі күнге дейін сақталған. Диссертациялық жұмыс кіріспе, екі бөлім, пайдаланылған әдебиеттер тізімі және қосымшадан тұрады. Жұмыстың жариялануы мен талқылануы (апробация). Зерттеу жұмысының мазмұны мен нәтижелері бойынша Web of Science Core Collection, Scopus халықаралық рецензияланатын журналдарында және уәкілетті орган ұсынған басылымдарда 4 мақала, халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар жинақтарында 6 мақала жарық көрді. 1. Wealth/Poverty Opposition in English and Kazakh: A Comparative Study // World Journal of English Language – 2024 – №5 (12). P. 596-604. https://doi.org/10.5430/wjel.v14n5p596 2. Binary opposition «rich-poor» in Kazakh and English linguacultures // Абылай хан атындағы қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті хабаршысы. Филология ғылымдары сериясы. – Филология ғылымдары сериясы. – 2024 – №3 (74). Б. 115-128. https://doi.org/10.48371/PHILS.2024.3.74.006 3. Language surrounding poverty in early modern England // Еуразия гуманитарлық институты хабаршысы. Филология сериясы – 2024 – №3 (2024). Б. 80-87. https://doi.org/10.55808/1999-4214.2024-3.07 4. Қазақ және ағылшын шығармаларындағы байлық концептісінің берілуі [вербалдануы] (Ғ.Мүсірепов, М.Митчелл шығармаларының негізінде) // Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің хабаршысы. Филология сериясы, 2024 жылғы №4 (149). Б. 78-87. https://doi.org/10.32523/2616-678X-2024-149-4-78-87 5. The national feature of the concept “wealth-poverty” in the linguistic image of the world// «Дәстүр мен жаңашылдық тоғысындағы тіл және әдебиет мәселелері» атты халықаралық ғылыми конференцияның материалдары (Нұр-Сұлтан: 2021, Б. 156-159). 6. Lexical image of the concepts of wealth-poverty in the language of folklore // Духовный мир мусульманских народов (XVI Акмуллинские чтения). Материалы международной научно-практической конференции (Уфа, 2021. – Р. 149-152.). 7. Atasözleri temelinde Kazakça ve İngilizcede zenginlik-yoksulluk kavramı // Türklük bilimi araştırmaları (Denizli, 2023. – P. 153-161). 8. English proverbs about wealth and money: semantic and pragmatic aspects // XVIII Акмуллинские чтения: В 2-х т. Т.1: материалы Международной научно-практической конференции (Уфа, 2023. – P. 204-209). 9. The concept of money in English language media discourse: preconceptual foundations // Высшая школа: Опыт, Проблемы, Перспективы. Материалы XVII Международной научно-практической конференции (Москва, 2024. – P. 468-475). 10. Байлық-кедейлік бинарлық оппозициясы: Қазақ және ағылшын тілдеріндегі мәдени-танымдық ерекшеліктері // Академиктер Әбдуәли Қайдар, Рәбиға Сыздық, Шора Сарыбаевтың 100 жылдық мерейтойларына арналған «Тілтанудағы тұлғалар» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияның жинағы (Астана, 2024). Диссертациялық жұмыс Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D02305 – Филология» мамандығы бойынша зерттеулерді бағалауға құзыреті бар қазақ тіл білімі кафедрасының мәжілісінде талқыланып, қорғауға ұсынылды.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://www.youtube.com/watch?v=_zfoV5Af4Iw
