
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Сагидуллиева Сандугаш Саматовна «8D02305 – Филология» білім беру бағдарламасы бойынша ««Прозадағы готикалық, магиялық, барокколық мотивтердің интерпретациясы (қазіргі қазақ-мажар әдебиеті бойынша)» » тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Қазақ әдебиеті кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
– Жарылғапов Жансая Жаңғазыұлы – филология ғылымдарының докторы, Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры (Қарағанды қ., Қазақстан);
– Темірболат Алуа Берікбайқызы – филология ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының профессоры (Алматы қ., Қазақстан).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
– Cemile Kinaci – доктор, Анкара Хажы Байрам атындағы университеті Солтүстік-Батыс поляк тілдері кафедрасының профессоры (Анкара қ., Түркия);
– Орда Гүлжахан Жұмабердіқызы – филология ғылымдарының докторы, доцент, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері (Алматы қ., Қазақстан);
– Адаева Ермек Сабырбаевна – филология ғылымдарының кандидаты, Назарбаев университеті қазақ тілі және түркітану департаментінің оқытушысы (Астана қ., Қазақстан).
Ғылыми кеңесшілері:
– Оразбек Мақтагүл Социалқызы – филология ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры (Астана қ., Қазақстан);
– Габор Форколи – философия (PhD) докторы, Этвеш Лоранд университетінің доценті (Будапешт қ., Венгрия).
Қорғау 2025 жылғы 30 желтоқсан, сағат 11:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D02305 – Филология» білім беру бағдарламасы бойынша «8D023 – Тілдер және әдебиет» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес отырысы офлайн және онлайн форматта өткізіледі.
Сілтемесі: https://clc.li/XyEYJ
Мекен-жайы: Астана қ., Қ. Сәтбаев көшесі, 2, оқу-әкімшілік ғимарат, №101 ауд.
Аңдатпа (қаз.): Сагидуллиева Сандугаш Саматовнаның «8D02305 – Филология» білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін дайындаған «Прозадағы готикалық, магиялық, барокколық мотивтердің интерпретациясы (қазіргі қазақ-мажар әдебиеті бойынша)» диссертациялық жұмысының АҢДАТПАСЫ Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Әдебиеттану ғылымының даму сатысы күрделі процесс екенін ескерсек, готика, барокко эстетикасы мен магиялық реализм орта ғасырдан бергі кезеңде түрлі өзгерістерге түсті, әлемдік әдебиетке кеңінен таралды және жазушылардың шығармаларына зор ықпал етті. Қазақ әдебиетінде готика, барокко эстетикасы мен магиялық реализмнің тууы, қалыптасуы және оның зерттелуі туралы бірлі-жарым мақалаларда сөз болғанымен, арнайы жеке еңбек жоқ екенін айтуға тиіспіз. Сондықтан готикалық, барокколық, магиялық мотивтердің қазақ әдебиетіндегі көрінісі мен әлем әдебиетіндегі ерекшелігін зерттеу жұмыстың өзектілігін айқындайды. Диссертация жұмысында готика, магия, барокко эстетикасы бойынша қалыптасқан терминдер мен белгілі бір категория ретінде зерттеген әлемдік ғалымдардың еңбектерін жүйелеу, олардың ғылыми тұжырымдарын салыстыру, готикалық, магиялық, барокколық образдарды қазақ-мажар жазушыларының шығармаларынан талдау жасап, ұқсастығы мен айырмашылығын, ұлттық архетиптердің орын алуы мен тарихи-мәдени жадтың көрінісін айқындау да жұмыстың өзектілігін танытады. Осыған дейінгі зерттеулер готика, магия, барокколық мотивтерді жалпы мәдени тенденцияның, өнер саласының бір көрінісі ретінде түсінуге бағытталды. Ал осы еңбекте готика, барокконың белгілі бір «дәуір стилі» емес, трансформацияланып қазіргі дәуірде жаңаша сипатқа ие, постмодернистік әдебиетте образдардың түрлі, жаңа үлгілерінің пайда болғаны жан-жақты қарастырылды. Зерттеу нысаны. Қазіргі қазақ-мажар әдебиетіндегі готикалық, магиялық, барокколық прозалық туындылар. Зерттеу пәні. Қазақ-мажар әдебиетіндегі готикалық, магиялық, барокколық мотивтердің интерпретация түрлерін айқындау. Қазіргі қазақ-мажар әдебиетіндегі готикалық, магиялық және барокколық мотивтер мен образдардың көркемдік интерпретациясы мен олардың поэтикалық ерекшеліктері. Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Зерттеу жұмысында алғаш рет отандық әдебиеттегі готика, магия, барокко элементтерінің ұлттық прозадағы интерпретациялану тәсілі, көркем прозадағы уақыт пен кеңістіктің бейнеленуі, иллюзия мен шындықты біріктіру нәтижесіндегі жаңа, айрықша образдардың пайда болуын қазақ-мажар прозалық шығармаларынан талдау жасап, салыстыра зерттеуді мақсат ете отырып, төмендегі міндеттер орындалады: - Готика, барокко эстетикасын зерттеген әлемдік ғалымдар еңбектерін жүйелеу; - Готикалық, барокколық, магиялық мотивті шығармалардың мифтен және фантастикалық туындылар мен ертегіден айырмашылығын анықтау, шындық пен қиялдың болмысын айқындау, синтездеу; - Готикалық, магиялық, барокколық мотивті туындылардағы мекеншақ мәселесі және үш әлем (қазіргі өмір сүрген уақыт, аруақтар әлемі, болашақ өмір) кеңістігін берудегі автор позициясын талдау; - Қазақ-мажар прозалық туындыларындағы демонологиялық кейіпкерлер: аруақ, елес, жын-шайтан, бақсы, балгер, көріпкел, құбыжық образының ерекшеліктерін айқындау; - магия теориясына қатысты алғашқы ғылыми еңбектер және дін-магия-ғылым арақатынасын ашатын ғылыми-практикалық зерттеулер негізінде көркем әдебиеттегі магиялық күштің берілу тәсілі, құралдары, сиқырды жүзеге асыру үшін оқылатын дұғалар мен діни мәтіндердің түрлерін талдау; - Готикалық, магиялық, барокколық мотивті туындылардағы интермәтінділіктің архимәтін, парамәтін, синкретті түрлерін қарастырып, нақты мысалдармен дәлелдеу және архимәтіндердің өзара дискурстық сипатын анықтау. Зерттеу әдістері. Зерттеу жұмысында готика, магия, барокко құбылысын герменевтикалық және типологиялық әдістер негізінде қарастырылды. Мұндай зерттеу готика, магия, барокко дәуірін жан-жақты және әдеби-тарихи тұтастықта түсіну үшін қажет. Зерттеу жұмысында герменевтикалық тәсіл готика, магия, барокко мотивтерінің интерпретациясын түсіндіру кезінде қолданылса, салыстыра зерттеуде гипотетикалық дедуктивті және жүйелік талдау әдістері қолданылды. Қазақ және мажар әдеби байланыстары мен ерекшеліктері компаративистикалық талдау әдісі негізінде нақтыланды. Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. Диссертациялық еңбекте алғаш рет қазақ-мажар әдебиетіндегі готика, барокко, магиялық мотивтердің интерпретациясына талдау жасалды. Талдау нәтижесінде: әлемдік әдебиетте готикалық жанрдың пайда болуы, қалыптасу тарихы және оны зерттеген ғалымдардың еңбектері жүйеленді; еуропалық әдебиетте ХVIII ғасырда готикалық, магиялық туындылардағы қорқыныш, үрей тудыратын мотивтер қамал, ескі сарайлардың суреттелу ерекшелігі, ХІХ-ХХ ғасырдан бастау алған қосарлану мотиві, аруақтар мен елестер, мәйіт образы қазақ және мажар жазушыларының туындыларын салыстыра талдау арқылы айқындалды; қазақ әдебиетінде мола-қабір адамдар паналайтын, қасиетті мекен ретінде суреттеліп, аруақ адамдарға көмектесетін, бәле-жаладан сақтайтын рух ретінде бейнеленсе, мажар әдебиетінде қорқыныш, үрей сезімін тудыратын, құбыжықтар мен жын-перілер мекені сипатында суреттелетіні көркем шығарма мазмұнынан салыстыра талданды. Фэнтези мен готиканың үндесуінен әдебиетте пайда болған күңгірт фэнтези (тёмное фэнтези) жанрының сюжеттік ерекшелігі, хронотоптық белгілері, образдар жүйесі қарастырылып, қазақ әдебиетінде готикалық жанрға тән туындылардың бастауы фольклорлық, мифтік аңыздардан бастау алатындығы нақтыланды; қайта өрлеу мен классицизм арасындағы кезеңде қалыптасып (XVI-XVII ғасырлар, ал кейбір елдерде XVIII ғасырға дейін), ренессанс гуманизмінің дағдарысынан туындаған көркем мәдениеттің дамуының бүкіл тарихи кезеңін қамтитын барокко жанрының қалыптасуы италия, француз, ағылшын зерттеушілерінің еңбектеріне сүйене отырып айқындалды. Готикалық, магиялық, барокколық туындылардағы дәуірдің дүниетанымын, адамдардың мінез-құлқын, олардың өмір сүру дағдысын, бейсаналық тұрғыда өмірді қабылдауы уақыт пен кеңістікті суреттеуде үш әлем деңгейі: қазіргі уақыт, аруақтар әлемі, болашақ өмір үштағаны негізінде «ай», «от», «айна», «су», «тау» мотивтерінің қорқыныш пен үрей, шексіздік кеңістігін сипаттау ерекшелігі қарастырылды; мажар әдебиетіндегі туындыларда қамал, ескі сарай, қалың орман іші, ал қазақ әдебиетінде көшкен жұрт орны, ескі там, қиранды үйлер қорқынышты, әрі өткен шақтың құпия оқиғалары мен жасырын сюжеттерін бейнелейтін мекен ретінде талданды. Сондай-ақ, аруақ образының жағымды және жағымсыз белгісі мен гендерлік сипаты қарастырылды. Зерттеудің теориялық маңызы. Зерттеу жұмысы қазіргі қазақ әдебиетіндегі готикалық, магиялық және барокколық жанрының теориясы мен даму сатысын зерделеуге айтарлықтай үлес қосуын жатқыза аламыз. Зерттеу тақырыбы готикалық, магиялық, барокколық жанрдың теориялық ерекшелігі мен көркем кеңістік пен уақыт ерекшілігін, образдар жүйесін ашып көрсетуге мүмкіндік береді. Қазақ-мажар прозалық туындыларындағы интермәтін, архимәтін, парамәтіндердің кірігу дәрежесі мен мәтіндер диалогін саралау. Жұмыстың практикалық маңызы. Зерттеу жұмысының негізгі тұжырымдары мен нәтижелерін «Әдебиеттануға кіріспе», «Әдебиет теориясы», «Шетел әдебиетінің тарихы» пәндерін оқытуда және арнайы әдеби курстар бойынша дәрістер оқуда қолдануға болады. Сонымен қатар, зерттеудің қорытынды тұжырымдарын постмодернистік туындыларды әдеби-кешенді талдауда және жеке авторлардың шығармашылығын талдауда, пәнаралық мәдениеттану, сәулет, философия пәндерін оқытуда пайдалануға болады. Жоғары оқу орындары, колледждер мен мектептерде әдебиет пәнін оқыту тәжірибесінде қолдануға толық мүмкіндік бар. Қорғауға ұсынылатын диссертацияның негізгі тұжырымдары: - ХVІІІ ғасырда әлем әдебиетінде готикалық проза дербес жанр ретінде дамыса, қазақ-мажар әдебиетінде фольклорлық туындыларда готикалық жанрға тән элементтер кездескенімен, ХХ ғасырдан бастап жанрлық тұрғыда зерттеле бастады; - Еуропа, ағылшын әдебиетіндегі сюжеттік оқиғаларда қорқыныш, үрей сезімін тудыру мақсатында ескі қамалдар, тарихи сарайлар мекені, аруақтар мен өлі жандар, қосарлану образдарын суреттеу негізгі критерий ретінде қарастырылды. Қазақ әдебиетінде қабір-мола, ескі тамдар, өзен, көл, қою қараңғы түн, от мотивтері готикалық хронотоп ретінде бейнеленеді. Мажар әдебиетінде қамалдар, ескі сарайлар, тау, орман, жаңбыр, түн мезгілі де қорқыныш мотиві ретінде бейнеленген; - Қазақ әдебиетіндегі Д. Рамазан, М. Омарова, Қ. Мүбарак, Л.Қоныс шығармаларының бас кейіпкерлері аруақ, жын-пері, бақсы, ажал, өлі жандар, құбыжық сынды образдар болғандықтан готикалық, магиялық, барокколық туындылар қатарына жатқызылды. - Қазақ жазушыларының шығармаларында аруақтар жол үстінде, бақ ішінде немесе ғимараттарда елес кейіпінде кездесу мотиві орын алған. Мажар әдебиетінде аруақ, құбыжық (вампир), мәйіт, магиялық кейіптегі түлкі, құмырсқа образдары қалың орман, таулы аймақта, ескі қамалдарда үрейлі бейнеде суреттеледі; - Көркем әдебиеттегі магиялық мотивтердің емдік және қорғаныштық белгісі, ақ және қара магияны жүзеге асыру барысын сипаттау үшін магиялық дұғаларды, сиқырды жүзеге асыру құралы ретінде «айна», «от» мотивтерін қолдану ерекшелігі көрініс тапқан; - Мола-қабір мекенінің қазақ әдебиетінде адамға қорғаныш, пәле-жаладан сақтайтын киелі мекен ретінде суреттелсе, қазіргі кезең әдебиетінде өлім, қорқыныш, аруақтар мекені ретінде сипатталатыны, ал ескі сарайды суреттеу қазақ әдебиетінде жиі кездеспейтіні, ол көбіне ағылшын және мажар әдебиетінде көрініс тапқаны талданды. Мажар әдебиетіне тән мекендік ерекшелікке «тау» мекенін қарастырдық. Қазақ әдебиетіндегі туындыларда «тау» табиғаттың, жаратылыстың әдемі, асқақ көрінісі ретінде суреттелсе, мажар әдебиетінде «тау» басында орналасқан қамал, сарайлар қорқыныш, үрей тудырады; - Барокколық туындылардағы басты кейіпкер өз ұстанымы, болашаққа деген сенімі мол, қоғамның әділетсіз позицияларымен күрескер болып суреттеледі. Готикалық шығармаларда кейіпкерлер өз әлемін қалыптастырушы, оқырманға философиялық ой салып, қоғамның жағымсыз жақтарын әшкерелейді. ХХ ғасырда көптеген авторлар өздерінің кейіпкерлері үшін ХVІІІ және ХІХ ғасырлардағы «готикалық» кейіпкерлердің ерекшеліктерін, атап айтсақ, қосарлану, екінші әлемнің тұрғындары (өлген жандар), ертедегі әйгілі аруақты тұлғалардың образдарын суреттеп, оқырмандарға әдеттегі сюжеттік желіге психологиялық, философиялық әсер ететін типтер ұсынды. Сонымен қатар, егер ХVІІІ ғасырда «готикалық» кейіпкерлердің бейнелері статикалық болса, ХІХ ғасырда қосарланған, ХХ-ХХІ ғасырда мифтік образдар, елес пен аруақ, жын немесе шайтан, табиғи қалыптан тыс кейіптегі бейнелер сипатталады; - Қазақ-мажар әдебиетіндегі туындыларда мәтіндер диалогінде архимәтін, парамәтін әдістері кеңінен қолданылған. Қазақ прозалық туындыларында мәтін құрамына өзге мәтінді енгізу («тұмардың қасиеті», «ақтық байлау», «айдың соңғы сәрсенбісінде жолға шықпау», аспан денелеріне қатысты т.б. сенімдер) ұлттық мифтік танымды жаңғырту мақсатында, оқырман санасында сақталған тиым, наным-сенімдерді, символдық образдар мен діни мәтіндерден сюжеттік желілерді кіріктіру дәрежесінде кездессе, мажар әдебиетінде интермедиа, архимәтін түрлері ұлттық нақышта ұсынылған; - Мажар жазушыларының туындыларында мифтік құбылу образы тән. Мәселен, магиялық күштің әсерінен адамның түлкіге, құмырсқаға айналып кету ерекшелігі аңғарылады. Жұмыстың жариялануы мен талқылануы (апробация). Зеpттеудің негізгі тұжыpымдapы мен нәтижелеpі 10 ғылыми мақалада баяндалды. Соның ішінде 3 хaлықapaлық ғылыми-теоpиялық конфеpенция мaтеpиaлдapындa, 6 Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету Комитеті ұсынған ғылыми бaсылымдapдa, 1 Скопус aқпapaттap бaзaсынa енетін импaкт фaктоpлы бaсылымдa жарық көрді. Диссертациялық жұмыс анықтамалар, кіріспеден, үш бөлімнен, сегіз тараушадан, үш бөлім бойынша тұжырымдардан, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады. Диссертациялық жұмыстың қысқаша мазмұндамасы. Диссертациялық жұмыстың кіріспесінде зерттеу жұмысының өзектілігі, мақсаты мен міндеттері, зерттеу нысаны, зерттеу пәні, зерттеудің ғылыми болжамы, жетекші идеясы, әдіснамалық негіздері, зерттеу әдістері, диссертациялық зерттеудің дереккөздері, зерттеу жұмысының негізгі кезеңдері, ғылыми жаңалығы, теориялық және практикалық маңызы, қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар, зерттеу жұмысының сарапталуы мен жариялануы секілді зерттеу талаптары қамтылды. Жұмыстың «Көркем әдебиеттегі готика, магия, барокко жанрының теориялық негіздері» атты бірінші бөлімі іштей үш тараушадан тұрады. Бұл тарауда готика, магия, барокко әдеби жанрларына қатысты шетелдік және отандық ғалымдардың теориялық-практикалық еңбектері жүйеленіп, теориялық маңызы мен көркемдік ерекшелігі қарастырылды. Бұл әдеби жанрлар негізінен әлем әдебиетінде ХVII-XVIII ғасыр басында сәулет өнері ретінде дамып, олардың негізгі ерекшелігі сәулет өнерінде құрылыстың түрленіп, айрықша композицияға айналуы мен форма жасау, стиль құрудың үздік үлгісін көрсетті. Орта ғасырда мұндай стиль көркем шығармаларға өзек болды. XVIIІ ғасырда готикалық романдар мен ХVII ғасырдан бастап барокколық поэзия, драма, роман түрлері әдебиетте айрықша орын алды. ХІХ ғасырда ғалымдар әдебиеттегі бұл бағыттарға жете назар аударып, эстетикалық және әдеби категория ретінде зерттей бастады. Ең алдымен көркемдік стиль ретінде, кейіннен әдеби дәстүр және өз алдына жеке жанр ретінде қарастырды. Қазақ және мажар әдебиетінде тылсым күштер, жын-перілер әлемі мен аруақтар әлемін, ғарыштың құпиясын суреттейтін мифтер мен ертегілер өте ерте заманнан келе жатқаны белгілі. Кейіннен жазба әдебиетте де адам баласына жұмбақ, құпия әлемнің сырларын суреттейтін шығармалар жазылды. Жоғарыда аталған әдеби категориялар бүгінде қазақ әдебиетіне де тән. Қазақ жазушыларының шығармаларында дүниенің тылсым сыры, өмірдің өтпелілігі, елес, аруақтар, жын-перілер образы мен шым-шытырақ оқиғаға толы роман, новелла, әңгімелер бар екені шындық. Бірінші тарауда магиялық, готикалық, барокколық сарынның қазақ және мажар әдебиетіндегі суреттелу ерекшелігіне назар аударылды. Екінші «Қазақ-мажар прозалық туындыларының көркемдік жүйесі» атты бөлім мажар және қазақ жазушыларының туындыларында хронотоптық ерекшеліктер мен образдар жүйесін талданды. Атап айтсақ, мажар жазушысы Антал Сербтің «Пендрагон сарайының елестері» романындағы Лондон қаласы мен Уэльст сарайының мекендік ерекшелігін готикалық жанрға тән деп қарастырылса, Ева Банкидің «Жаңбырлы қала» әңгімесіндегі кейіпкердің көңіл күйін, ішкі толғанысын баяндауда жазушының уақыт пен кеңістікті қатар алып, жаңбыр жауған уақыт пен мекенді суреттеу арқылы оқиғаның қайғылы сюжеттері талданды. Мажар жазушысы Йокай Мурдың әңгімелеріндегі елестер бейнесі мен мекендік ерекшеліктерге үйдің сыртқы және ішкі безендірулерін мәтіндерден мысал келтіре отырып зерттеліп, қазақ әдебиетіндегі ескі тамдар, қабірдің қорқыныш, құпия сырларын салыстырмалы компаративистік әдіс арқылы талданды. Сонымен қатар, мажар әдебиетіне тән мекендік ерекшелікке «тау», «орман», «ескі қамал, сарай» кеңістігін қарастырдық. Мажар және қазақ жазушыларына ортақ аруақ, елес образдарын талдап, құбыжық бейнесінің екі ел әдебиетіндегі суреттелу және ұлт санасындағы қабылдау ерекшеліктерін мәтіндерді салыстыра талдау негізінде ұсындық. Барокколық туындыларда адам денесі мен өзге кескіндердің бірігуінен пайда болған жат пішінді кейіпкерлер бейнесін мәтін мұзмұнынан талдау арқылы анықталды. Мысалдар қазіргі прозалық туынды үлгілерінен алынды. Диссертациялық жұмыстың «Жанрлық-стилдік ерекшелік және интермәтінділік түрлері» атты үшінші бөлімінде қазақ-мажар әдебиетіндегі архимәтін, парамәтіндердегі ұлттық таным, наным-сенім, мифопоэтикалық сарын, діни-аңыздардағы сюжеттер мен образдар поэтикасы қарастырылып, интермәтінділік теориясының қалыптасуы мен даму сатысы Платон, Аристотель, Сократтың еліктеу теориясы негізінде қарастырылып, ғылыми термин ретінде қалыптасу деңгейін М.Бахтин, Ю.Кристева, Р.Барт, Ж.Женетт, А.Байтұрсынұлы, З.Қабдолов, Г.Сәулембек сияқты ғалымдардың еңбектеріне сүйене отырып талданды. Қ.Мүбарак, М.Мәлік, А.Мантай, А.Серб шығармалар мәтіні негізінде талдадық. Зерттеу нысанына алынған туындыларда да өмір мен өлім, жалған мен шындық, адамгершілік мұрат, қоғамдағы әділетсіздік сынды мәселелер ұлттық наным-сенім түсінігінде авторлық ұстанымды суреттелетіні айқындалды. Орындалған жұмыстың қорытындысы: Диссертациялық зерттеудің негізгі нәтижелері келесі мазмұнда тұжырымдалды: - Готика сәулет өнерінде ХІІ ғасырда Францияда, кейін Англияда, ХІІІ ғасырда Германияда, одан кейін Еуропада белсенді түрде тараса, әдебиетте ХVII-XVIII ғасырда АҚШ, Еуропа әдебиеттануында жаңа ағым ретінде пайда болып, дербес жанр ретінде қалыптаса бастағандығын атап көрсеттік. Шетелдік және отандық ғалымдардың еңбектері жүйеленді; - Магия теориясына қатысты алғашқы ғылыми еңбектер және дін-магия-ғылым арақатынасын ашатын ғылыми-практикалық зерттеулер негізінде көркем әдебиеттегі магиялық күштің берілу тәсілі, құралдары, сиқырдың жүзеге асыру үшін оқылатын дұғалар мен діни мәтіндердің түрлері қарастырылып, көркем әдебиетте магияның емдік және қорғаныш түрінде қолданылуы психоаналитик ғалымдар З.Фрейд пен К.Г.Юнг тұжырымдарына сүйене отырып қарастырылса, әлемдік зерттеушілердің жіктеулеріндегі қара және ақ магия, отандық әдебиеттанушы С.Қасқабасовтың зерттеулеріндегі пайдалы және зиянды, тікелей және жанама түрлері айқындалды; - Қайта өрлеу мен классицизм арасындағы кезеңде қалыптасып (XVI-XVII ғасырлар, ал кейбір елдерде XVIII ғасырға дейін), ренессанс гуманизмінің дағдарысынан туындаған көркем мәдениеттің дамуының бүкіл тарихи кезеңін қамтитын барокко жанрының қалыптасу, даму деңгейі итальян, француз, ағылшын зерттеушілері Ф.Монэ, Менаж, Рой Дэниэлс, Теофил Готье, Евгенио д’Орс, Я.Буркхардт пен Г.Вельфлин еңбектеріне сүйене отырып нақтыланды және барокконың жанрлық ерекшеліктеріне талдау жасалды; - Дәуірдің дүниетанымын, адамдардың мінез-құлқын, олардың санасы, өмір дағдысын, заттарға деген көзқарасын білдіру мақсатында уақыт пен кеңістікті суреттеуде үш әлем деңгейін (қазіргі өмір сүрген уақыт, аруақтар әлемі, болашақ өмір) суреттеуі, Қ.Мүбарактың «Айдың соңғы сәрсенбісі», «Қыз Ләйлі», «Қырық бірінші бөлме», «Махаббат» әңгімелерінде, М.Мәліктің «Ертекші қыз», «Үшінші әлемнің тұрғыны» әңгімелеріндегі, Антал Сербдің «Пендрагон сарайының елестері» романындағы «ай», «айна», «көл», «өзен», «орман» мотивтерінің хронотоптық белгілері екінші әлем тұрғындарының (аруақ, елес, жын-пері) мекені ретінде қарастырылды. - Қазақ-мажар әдебиетіндегі готикалық, магиялық, барокколық туындылардағы қамал образы қорқынышты әрі өткен шақтың құпия оқиғалары мен жасырын сюжеттерін бейнелейтін мекен ретінде суреттелуі А.Сербтің «Пендрагон сарайының елестері» романы негізінде қарастырылды. Мола-қабір мекенінің қазақ әдебиетінде фольклорлық туындыларда адамға қорғаныш, пәле-жаладан сақтайтын киелі мекен ретінде суреттеліп келсе, қазіргі кезең әдебиетінде ол өлім, қорқыныш, аруақтар мекені ретінде сипатталатыны қарастырылды, ал ескі сарайды суреттеу қазақ әдебиетінде жиі кездеспейтіні, ол көбіне ағылшын және мажар әдебиетінде көрініс тапқаны талданды; - Қазақ-мажар әдебиетіндегі архимәтін, парамәтін ерекшеліктері қарастырылып, мәтіндік кіріктірудегі жазушылар ұстанымы мен ұлттық түсінік, наным-сенім, мифтік таным тұрғысынан оқырман санасына өткен мен бүгінгі бағдарды байланыстырушы дәнекер образдар мен белгілерді қолдану поэтикасы қарастырылды. Қ.Мүбарак, М.Мәлік, А.Мантай, А.Серб шығармалары негізінде нақтыланды. Диссертация тақырыбы бойынша жарияланған жұмыстар тізімі: 1. Chronotope problem in gothic works // Қарағанды университетінің Хабаршысы. Филология сериясы. №3. 2023. – 129-137 бб. 2. Әдебиеттегі барокко стилінің интерпретациясы // Торайғыров университетінің Хабаршысы. Филология сериясы. №3. 2023. – 280-290 бб. 3. Көркем прозадағы магиялық реализм (қазақ және шетел әдебиетіндегі бойынша) // Абылай хан атындағы ҚазХҚ және ӘТУ Хабаршысы. Филология сериясы. №1. 2024. – 509-523 бб. 4. Лира Қоныс шығармашылығындағы мистикалық, магиялық мотивтердің интерпретациялануы // Керуен ғылыми журналы. №3. 2024. – 72-83 бб. 5. Қазіргі қазақ поэзиясында түн мезгілі мен түстер палитрасының суреттелуі (Т. Әбдікәкімұлы өлеңдері негізінде) // Ясауи университетінің хабаршысы. Филология сериясы. №3(133). 2024. – 158-167 бб. 6. Балалар әдебиетіндегі фэнтези жанры мен мифопоэтикалық аспект (Шетел және қазақ әдебиеті бойынша) // Торайғыров университетінің Хабаршысы. Филология сериясы. №1. 2025. – 318-333 бб. 7. Готикалық, магиялық, барокколық туындылардағы кейіпкерлер жүйесі // ҚазҰУ Хабаршысы. Филология сериясы. №2 (198). 2025. – 166-175 бб. Шетелдік журналда – 1 мақала: 1. Intergration of World Literary Traditions and Innovative Artistic Searches in Contemporary Kazakh prose (55 процентиль) // Bilingual publishing group. Forum for Linguistic Studies, 6(6), 1-14 p. Халықаралық конференция жинақтарында – 3 мақала: 1. Аягүл Мантай әңгімелеріндегі көркемдік ізденістер // Зәки Ахметовтің 95 жылдығына арналған «Гуманитарлық ғылымдар тоғысындағы әдебиеттанудың жаңа парадигмалары» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция жинағы. – Л.Н. Гумилев ат. Еуразия ұлттық университеті баспасы, 2023. – Б. 175-180. 2. World literature usage impact in micro-suspect prose at independent period and fiction innovative searches of Ayagul Mantay’s storie // Kazakh-Hungarian narratives of cultural social and economic diversity conference, 2023. – P. 22. 3. Балалар әдебиетіндегі «қорқынышты» жанрлар: мистикалық, магиялық, готикалық мотивтер // Çağdaş Türk Lehçeleri ve Edebiyatlarının Güncel Sorunları Bilgi Şöleni-1 Gafur Gulam’ın Doğumunun 120. Yılı Hatırasına, 2024. – Б. 434-439. Диссертациялық жұмыс Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D02305 – Филология» ғылымдары мамандығы бойынша зерттеулерді бағалауға құзыреті бар Қазақ әдебиеті кафедрасы мәжілісінде талқыланып, қорғауға ұсынылды.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://www.youtube.com/watch?v=kMu68ZHdAH8
