
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Жалелов Дәулет Серікұлы «8D02314 – Әдебиеттану» білім беру бағдарламасы бойынша ««Жыраулық өнердің синкреттілігі» » тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Қазақ әдебиеті кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
– Әбсадық Алмасбек Ахметұлы – филология ғылымдарының докторы, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің қауымдастырылған профессоры, филология және практикалық лингвистика кафедрасының меңгерушісі (Қостанай қ., Қазақстан);
– Жумагулов Айтбай Ботпаевич – филология ғылымдарының кандидаты, Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық зерттеу университеті қазақ әдебиеті кафедрасының қауымдастырылған профессоры (Қарағанды қ., Қазақстан).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
– Метин Екижи – философия докторы (PhD), Еге университеті Түркі әлемін зерттеу институтының профессоры, (Измир қ., Түркия).
– Бабашов Азат Максутбекович – филология ғылымдарының кандидаты, Академик Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық зерттеу университеті қазақ әдебиеті кафедрасының қауымдастырылған профессоры (Қарағанды қ., Қазақстан).
– Калиев Айбек Кикбаевич – филология ғылымдарының кандидаты, Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университеті, педагогика және филология факультетінің деканы (Арқалық қ., Қазақстан)
Ғылыми кеңесшілері:
– Әлтай Аманжол Дүйсенбайұлы – филология ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры (Астана қ., Қазақстан)
– Мұстафа Арслан - доктор, профессор, Памуккале университетінің профессоры, Памуккале университеті (Денизли қ., Түркия)
Қорғау 2025 жылғы 29 желтоқсан, сағат 11:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D02314 – Әдебиеттану» білім беру бағдарламасы бойынша «8D023 – Тілдер және әдебиет» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес отырысы офлайн және онлайн форматта өткізіледі.
Сілтемесі: https://clc.li/wQDUi
Мекен-жайы: Астана қ., Қ. Сәтбаев көшесі, 2, оқу-әкімшілік ғимарат, № 302 ауд.
Аңдатпа (қаз.): Жалелов Дәулет Серікұлының «8D02314 –Әдебиеттану» білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін дайындаған «Жыраулық өнердің синкреттілігі» диссертациялық жұмысының АВТОРЕФЕРАТЫ Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Қазақ жыраулық өнері – елдің тарихи-мәдени жадысын сақтап, ұрпақ санасына ұлттық бірегейлікті дарытатын маңызды фольклорлық феномен. Бүгінде дәстүрлі жыраулық өнердің мәдени-рухани маңызы ғана емес, оның институционалдық және халықаралық деңгейдегі танылуы артып келеді. Бұл зерттеу жұмысында жыраулық дәстүрдің рухани-идеологиялық қуатын саралауға, оның тарихи-мәдени контексттегі қызметін пайымдауға бағытталады. Осы ретте жырау тұлғасының қоғамдық қызметі, әсіресе оның ел бірлігі мен хандық идеологияны орнықтырудағы орны назарға алынды. Ғылыми әдебиет әдетте жыраулық поэзияның формалық ерекшеліктерін немесе белгілі бір тұлғаның шығармашылығын қарастырады. Бүгінгі ғылым жыраулық өнердің трансформациясын жан-жақты талдайтын жүйелі талдауды қажет етеді. Осы тұрғыдан алғанда, жыраудың фольклорлық орындаушыдан рухани-идеологиялық билік иесіне дейінгі эволюциясына түрткі болған басты әдеби-тарихи дәйектер мен негізгі тетіктерін анықтап, ұғымның қоғамдық мәртебесін нақты сипаттау – бұл зерттеудің басты өзекті тұсы болмақ. Қазіргі кезде жыраулардың арғы типтері – ұзан, бақсы, шаман туралы этнографиялық мәліметтер сақталғанымен, осы түпкі бастаулардың жыраулық өнерде қалай қайта жаңғырғаны жеткілікті ғылыми сараптаудан өтпеген. Сонымен бірге жыраулық өнердегі орындаушыларды басқа түркі тілдес және көрші халықтардың ертедегі ұқсас кейіпкерлерімен салыстыра отырып, олардың синкретті қызметінің – поэзия, музыка, мифология және қоғамдық функциялар тоғысқан тұстарын анықтауымыз керек. Жыраудың орындаушылық өнеріндегі ғұрыптық-интонациялық элементтер мен жанрлық тұтастық оның дүниетанымдық сенім жүйесінің тікелей көрінісіне айналғанын көрсетеді. Толғаудың басталуы мен аяқталуының өзі арнайы дауыстық формалар арқылы берілетін рәсімдік мәтін ретінде құрылып, домбыра мен қобыздың ырғақты сүйемелдеуімен жаңадан өрістеп жарасым алады. Мұндай орындау кезінде жырау тек поэтикалық мәтінді жеткізуші ғана емес, ғалам мен адамның арасындағы үйлесімділікті символ арқылы жеткізетін рухани жетекші рөлін атқарды. Осы тұрғыдан алғанда оның орындаушылық стилі – көркемдік, мифологиялық және әлеуметтік функцияларды тоғыстыратын синкретті жүйе болып табылады. Қазіргі қазақ әдебиеттануында жыраулық дәстүрдің ғұрыптық орындау сипаттары мен оның дүниетанымдық мазмұнын жүйелі түрде зерттеу, кешенді ғылыми талдау нысанына айналдыру маңызды. Біріншіден, Тәуелсіздік кезеңіндегі жыраулық өнерді қарастыру кезінде тек дәстүрлі жыршыларды қамту жеткіліксіз. Қазіргі қазақ лирикасының көркемдік-эстетикалық жүйесінен жыраулық өнер табиғатының мәңгілік сарындарын аңғарамыз. Сондықтан қазіргі кезеңдегі ұлттық поэзиядағы ақындар шығармашылығындағы жыраулық өнер жаңғыруын да зерттеу қажет. Екіншіден, қазіргі эстрададағы этно-фольклорлық орындауларда жыраулық элементтер, әсіресе дәстүрлі сазбен үйлескен вокалдық тәсілдер кеңінен қолданылып, жаңа аудиторияға таныстырылды. Үшіншіден, «жырау» мәртебесінің отаншылдық қасиеттермен сабақтас этикалық ұстындарының қазіргі мемлекеттік қызмет, қоғамдық институттардағы елдік дәстүр сабақтастығының жасампаздығын байыптау маңызды мәселелердің бірі. Біз жыраудың бұрынғы билеуші-кеңесші функциясының бүгінгі билік құрылымындағы актуалдылығын айқын көреміз. Демек, жыраулық өнердің жаңғыруы – ол тек мәдени құбылыс емес, сонымен бірге қоғамдық-саяси рөлінің қайта қалыптасуы, ұлттық сананың рухани жаңғыруының айнасы. Қазіргі кезеңдегі жыраулық өнердің қайта жаңғыруына цифрлық платформа мен жаңа медианың ықпалы айрықша. Жыраулық мұра сандық ортада – радио, теледидар және интернет кеңістігінде – жаңа форматта ұсынылып, кең аудиторияға жол тартты. Аудио, бейнежазбалар мен мәтіндік нұсқалар арқылы жыраулық өнердің көркемдік әрі ғұрыптық қырлары тың интерпретацияға ие болды. Бұл үдеріс жыраулық дәстүрдің тек архивтік материал ретінде емес, қазіргі заманмен үндес мәдени феномен ретінде дамуына ықпал етті. Жырау тұлғасының қоғамдық қызметі саналатын халықтық атауға айналу үдерісі – олардың ел өміріндегі маңызды рөлін, әлеуметпен тығыз байланысын және рухани көшбасшылық қасиеттерін көрсетеді. Олар халықтың жүрегінен орын алып, ұлттық мәдениеттің ажырамас бөлігіне айналды. Халықтық атауға айналудың тағы бір қасиеті эпос тудырудағы өнерпаздық құдыреті. Тарихи және батырлар жырларының алғашқы шығарушысы да, орындаушысы да жыраулар болғаны белгілі. Жыраулардың халықтық мәнге ие болып, көне әдебиетті қалыптастырушы негізгі автор ретіндегі рөлін анықтау өзекті тақырыптың бірі. Қазіргі кезеңдегі жыраулық өнердің қайта жаңғыруына цифрлық платформа мен жаңа медианың ықпалы айрықша. Жыраулық мұра сандық ортада – радио, теледидар және интернет кеңістігінде – жаңа форматта ұсынылып, кең аудиторияға жол тартты. Аудио, бейнежазбалар мен мәтіндік нұсқалар арқылы жыраулық өнердің көркемдік әрі ғұрыптық қырлары тың интерпретацияға ие болды. Тақырыптың зерттелу деңгейі. Ш. Уәлиханов, А. Байтұрсынұлы, М. Әуезов, Ә. Марғұланның ғылыми еңбектері жыраулық өнердің ұлт тарихымен сабақтас синкреттілігін зерттеудің бағыт-бағдарын айқындап берді. М. Мағауиннің «Қобыз сарыны» еңбегі XV–XVIII ғасырлардағы жыраулар мұрасын музыкалық-композициялық және поэтикалық тұрғыдан талдай отырып, қазақ жыраулық өнерінің эстетикалық жүйесін айқындады. Е. Ысмайлов «Ақындар» кітабында ақын-жырау тұлғаларын тарихи-құжаттық материалдарға сүйене отырып сипаттаса, Е. Тұрсынов «Қазақ ауыз әдебиетінің байырғы өкілдері» зерттеуінде жырау типінің таралу бастаулары мен қалыптасу жолдарын жүйеледі. Х. Сүйіншәлиев «ХV–XVIII ғасырлардағы қазақ әдебиеті» атты іргелі еңбегі жыраулық дәстүрдің тарихи-мәдени негіздерін, поэтикалық табиғатын және көркемдік болмысын ғылыми жүйеде саралап, отандық әдебиеттанудағы тұғырлы зерттеулердің біріне айналды. Р. Бердібай жыршылық дәстүрдің жалғастығын зерделесе, А.Бұлдыбаев «Искусство казахских сказителей» монографиясында өңірлік жыршылық мектептердің типологиялық ерешеліктерін жан-жақты қарастырды. Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Докторлық диссертацияның мақсаты – жыраулық өнердің синкретті табиғатын қазақ әдебиеттануында тұңғыш рет арнайы зерттеу нысаны ретінде айқындап, оның тарихи-мәдени, мемлекеттік-саяси, орындаушылық, сенімдік, эстетикалық және әлеуметтік жаңғыру қырларын біртұтас жүйе ретінде ғылыми тұрғыда дәлелдеу. Аталған мақсатқа жету жолында төмендегі зерттеу міндеттерін басшылыққа алып, оларды теориялық және әдіснамалық тұрғыдан жүйелі түрде талдауға әрі ғылыми тұрғыдан негіздеуге басымдық берілді: – «жырау» типінің негізгі қайнар бастауларын анықтау; – «ұзан», «бақсы», «шаман» секілді архаикалық типтермен байланыстыра отырып, жырау тұлғасының тарихи-мәдени негіздерін зерделеу; – «жырау» тұлғасының синкретті болмысын айқындау; – жыраудың кәсіби орындаушылық шеңберінен шығып, өнер статусы мен қоғамдық беделге ие болу жолдарын, жанрлық тұтастығын анықтау; – жырау тұлғасының қоғамдық қызметі арқылы «жырау» атауының халықтық атауға айналуына әсер еткен әлеуметтік-мәдени факторларды айқындау. – «синкретизм» ұғымының теориялық негіздерін қарастыру; – жыраулық өнер синкретизмі аясында эстетикалық категориялардың көркемдік-функционалдық қызметін анықтап, олардың поэтикалық құрылымдағы орнын теориялық тұрғыда негіздеу; – жыраулардың билік иесі ретіндегі рөлін, титулдық мәнге ие болуының мазмұндық қырларын ашу; – жыраулардың дүниетанымдық қырларын, наным-сенім жүйелерін, ғұрыптық элементтерін зерттеу. – тәуелсіздік кезеңіндегі жыраулық өнердің жаңғыру үдерістерін қарастыру; – қазіргі қазақ лирикасындағы жыраулық дәстүрдің көріністерін талдау; – сандық платформа мен эстрадалық этно-фольклордағы жыраулық сарындарды, заманауи жыраулардың қызметін зерттеу. Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. 1. «Жырау» типінің архаикалық бастау көздері – «ұзан», «бақсы», «шаман» секілді түркілік мәдени типтермен тарихи-типологиялық негізде салыстырылып, жырау бейнесінің қалыптасуындағы дәстүрлік сабақтастық анықталды. 2. «Жырау» терминінің кәсіби атаудан халықтық ұғымға айналу үдерісі тұңғыш рет кешенді түрде қарастырылды. 3. Жыраулық өнердің көркемдік жүйе ретінде қалыптасу жолы әдебиеттану тұрғысынан зерделеніп, оның поэзиялық мәтін, музыкалық құрылым, орындаушылық техника және ғұрыптық практикамен біртұтас байланысы ғылыми негізде талданды. 4. Жыраулық өнердегі синкреттілік ұғымы алғаш рет қазақ әдебиеттануы аясында арнайы зерттеу нысаны ретінде қарастырылып, оның құрылымдық қырлары – кеңесшілік, жорық жыршылығы, сыпайшылығы, сұрқылтайлығы, оппозициялық қыры, әскербасы, прагмат тұлға, мортуарлық-дипломатиялық синкретизм, медиаторлық және ғұрыптық қызметтері жеке-жеке жіктеліп жүйеленді. 5. Жыраулық өнердің халықтық атауға айналуының екі негізгі қыры анықталды. Біріншіден, жыраулар батырлар жырын алғаш қалыптастырып, ел арасына таратушы ретінде танылып, халықтың рухани жадын сақтаушы болды. Екіншіден, жыраулардың даналығы мен шешендігі оларды хан кеңесшісі, ел бірлігін сақтаушы билік өкілі деңгейіне көтеріп, халықтық атауды саяси мәртебеге айналдырды. 6. Эстетикалық категориялар жыраулық өнердің синкретті құрылымында поэтикалық бейнелеу тәсілі ғана емес, жыраудың дүниетанымдық ұстанымы мен экзистенциялық мазмұнын танытатын көркемдік-функционалдық жүйе ретінде теориялық тұрғыда сараланды. 7. Жыраулық өнердің мемлекеттік істермен ұштасқан синкретті табиғаты талданып, билік құрылымындағы жырау рөлінің билер институтымен салыстырмалы қырлары мен титулдық мәндегі сипаттары анықталды. 8. Орындаушылық өнердегі жыраулардың вокалдық-музыкалық ерекшеліктері: көмеймен айту, мақам, аспаптық сүйемелдеуі этно-мәдени контекстте сараланып, түркі және басқа халықтардағы ұқсас дәстүрлермен салыстырылды. 9. Тәуелсіздік кезеңіндегі жыраулық дәстүрдің жаңғыру арналары: сандық платформадағы, заманауи поэзиядағы, қазіргі айтыстағы жыраулық сарындар, эстрадалық этно-фольклорлық орындаушылықтағы дәстүр сабақтастығы, қазіргі жыршылардың «жырау» атауын иелену жағдайлары мен биліктегі рухани қызметкерлердің жыраулық сипаттары айқындалды. 10. Жырау тұлғасының көркемдік-саяси, әлеуметтік-мәдени синкретті болмысы тұтастай зерттеу нысаны ретінде танылып, алғаш рет кешенді түрде қарастырылды. Зерттеу әдістері. Зерттеу барысында «жырау» типінің архаикалық бастаулары мен қалыптасуын анықтауда тарихи-генетикалық және компаративтік-типологиялық әдістер қолданылды. Тәуелсіздік кезеңіндегі ақындар поэзиясындағы жыраулық сарынның жалғастық желісін анықтау үшін интертекстуалдық талдау әдісі негізге алынды. Синкретті поэтикалық-музыкалық құрылымды ашу үшін тексто-аналитикалық және семиотикалық талдау рәсімдері пайдаланылды. Жыраулар шығармашылығындағы асқақтық, трагедиялық, катарсис және әсемдік сияқты эстетикалық категорияларды зерделеу барысында құрылымдық-семантикалық, интерпретациялық және мәдени-философиялық талдау әдістері қолданылды. Ал синкретизмді жаңғырту механизмдерін бағалауда салыстырмалы тарихи әдіс іске асырылды. Зерттеудің теориялық және практикалық мәні. Зерттеу нәтижесін әдебиеттану мен өнертану салалары бойынша оқыту бағдарламаларына, соның ішінде «Хандық дәуір әдебиеті», «Қазіргі қазақ әдебиеті» және орындаушылық өнер курстарына енгізіп, дәріс материалдары мен семинарлық тапсырмаларды әзірлеуде қолдануға мүмкіндік береді. Қорғауға ұсынылатын диссертацияның негізгі тұжырымдары: 1. «Жырау» типінің арғы бастаулары «ұзан», «шаман», «бақсы» және түркі халықтарының ұқсас өнер иелерімен салыстырмалы түрде зерттеліп, олардың жыраулық дәстүрге ықпалы анықталды. 2. Жырау тұлғасының қоғамдық қызметі терең зерделеніп, оның кәсіби өнер иесі ретінде қалыптасуы мен елдік мәселелерге араласуы нәтижесінде «жырау» атауының халықтық дәрежеге дейін көтерілу үдерісі талданды. Бұл трансформация жыраудың әлеуметтік-коммуникативтік, идеологиялық және эстетикалық қызметтерімен, сондай-ақ әдебиет пен өнердегі синкреттілік табиғатымен тығыз байланыста екені дәлелденді. 3. Жыраулық өнердің синкреттілігі поэзия, музыка, орындаушылық және наным-сенім жүйелерімен байланыста қарастырылып, жанрлық тұтастығы жүйеленді. 4. Жыраулардың көшбасшылық, кеңесшілік, сұрқылтайлық, сыпайшылық, «аға» және «абыз» статустары, сондай-ақ оппозициялық көзқарас білдіруші прагмат тұлға ретіндегі рөлдері айқындалып, олардың елдік идеяны насихаттаудағы мемлекеттік қызметтегі синкреттік мәртебесі сараланды. 5. Жыраулардың мақамы, дауысы және жыршылардағы орындаушылық ерекшеліктеріндегі жанрлық тұтастығы талданып, жыраулық мектептердегі дамуы мен таралуы зерттелді. 6. Жыраулардың исламға дейінгі түркілік наным-сенімдер жүйесі: шамандық, бақсылық, аруақ қону, аян берілу, түс көру сияқты наным-сенім жүйелерімен байланысы қарастырылып, толғауларының экзистенциялық мәні ашылды. 7. Тәуелсіздік кезеңіндегі жыраулардың жаңғыру үрдісі, сандық платформадағы, қазіргі поэзиядағы, айтыстағы, этрадалық этно-фольклордағы, саяси мінбердегі жыраулық дәстүрдің жалғасуы мен дамуы зерттелді. 8. Билік өкілдеріндегі жыраулық дәстүрдің сақталуы мен қайта жаңғыруы, сондай-ақ жыраулық титулдың қазіргі қоғамдағы орны мен маңызы анықталды. Жұмыстың жариялануы мен талқылануы (апробация). Зерттеу жұмысының нәтижесінде 11 (он бір) ғылыми зерттеу мақаласы жарыққа шықты. Соның ішінде Scopus ақпараттар базасына енетін импакт факторлы басылымда – 1, ҚР ҒЖБМ Білім беру және ғылым саласын бақылау комитетімен ұсынылған ғылыми басылымдарда – 5, халықаралық ғылыми-теориялық конференцияларла – 5 мақала жарияланды. Диссертацииялық жұмыс кіріспеден, үш бөлімнен, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады. Диссертация тақырыбы бойынша жарияланған жұмыстар тізімі Scopus ақпараттар базасына енетін импакт факторлы басылымда 1 (бір) мақала: Metaphors in the Language of Zhyrau: Structural Features and Functional Role // Forum for Linguistic Studies. Volume 07 | Issue 04 | April 2025. ҚР ҒЖБМ ҒЖБСБК ұсынған ғылыми басылымда 5 (бес) мақала: 1. Жиембет жырау толғауларындағы көшбасшылық идея // Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Хабаршысы. Филология сериясы – 2023. – №1 (142). – Б. 119-125. 2. Шалкиіз толғауларындағы жауынгерлік рух // Еуразия гуманитарлық институтының Хабаршысы. – 2023. – №2. – Б. 232-243. 3. Бұқар жырау толғауларындағы синкреттіліктің көрінісі // М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты. «Керуен» ғылыми журналы. – 2024. – Т. 82, №1. – Б. 185-195. 4. Доспамбет жырау толғауларындағы экзистенциялық мән // Еуразия гуманитарлық институтының Хабаршысы. – 2024. –№2. – Б. 109-118. 5. Доспамбет жырау мен қайықшы Құл Мұстафа шығармашылығындағы үндестік // Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Хабаршысы. Саяси ғылымдар. Аймақтану. Шығыстану. Түркітану сериясы. Филология сериясы. – 2025. – №1(150). – Б. 302-314. Халықаралық конференцияларда 5 (бес) мақала: 1. Жыраулар поэзиясындағы тарихи оқиғалардың көрінісі // Қазіргі ғылым: жаңа тәсілдер мен өзекті зерттеулер: халықаралық ғылыми конференцияның материалдар жинағы (Астана, 2023. – Б. 2468-2471). 2. Үмбетей жырау толғауларындағы Бөгенбай батыр бейнесі // ǴYLYM JÁNE BILIM – 2023: cтуденттер мен жас ғалымдардың XVIII Халықаралық ғылыми конференциясы (Астана, 2023. – Б. 310-315). 3. Жыраулар поэзиясындағы хандар бейнесі // Мырзатай Серғалиев және филология мәселелері: халықаралық ғылыми-практикалық конференция жинағы (Астана, 2023. – Б. 310-315). 4. Жыраулар поэзиясындағы ұлттық болмыс пен азаттық идеясының көрінісі // Филология ғылымындағы ізденістер мен жаңалықтар: докторанттар мен магистранттарға арналған 6-ші халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары (Астана, 2023. – Б. 80-91). 5. Тәтіқара ақын шығармаларының көркемдік сипаты // Гуманитарлық ғылымдар тоғысындағы әдебиеттанудың жаңа парадигмалары: Қазақстан Республикасы ғылымына еңбегі сіңген қайраткер, ҚР ҰҒА академигі Зәки Ахметовтің 95 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары (Астана, 2023. – Б. 192-195).
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://www.youtube.com/watch?v=5SYc2A6nA-E&t=1790s
