
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Қасен Аяужан Толегеновна «8D02314 – Әдебиеттану» білім беру бағдарламасы бойынша «Мәтін құрылымындағы мифологиялық мотивтер мен бейнелер» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Қазақ әдебиеті кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
– Жарылғапов Жансая Жанғазыұлы – филология ғылымдарының докторы, Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры (Қарағанды қ., Қазақстан);
– Адаева Ермек Сабырбаевна – филология ғылымдарының кандидаты, Назарбаев университеті қазақ тілі және түркітану департаментінің оқытушысы (Астана қ., Қазақстан).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
– Орхан Сөйлемез – философия докторы (PhD), Кастамону университеті, қазіргі түрік диалекттері және әдебиет кафедрасының профессоры (Кастамону қ., Түркия)
– Жиембаева Гульбакрам Тумарбековна – философия докторы (PhD), Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, түркітану кафедрасының қауымдастырылған профессор м.а. (Астана қ., Қазақстан Республикасы)
– Рахимбаева Гаухар Кинаятовна – филология ғылымдарының кандидаты, Астана халықаралық университеті, қазақ, орыс филологиясы және тарих кафедрасының қауымдастырылған профессор м.а. (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Ғылыми кеңесшілері:
– Байтанасова Қарлығаш Медетқызы – филология ғылымдарының кандидаты, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры (Астана қ., Қазақстан Республикасы)
– Метин Екижи – философия докторы (PhD), Еге университеті, түрік тілі мен әдебиетінің профессоры (Измир қ., Түркия)
Қорғау 2026 жылғы 24 қаңтар, сағат 15:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D02314 – Әдебиеттану» мамандығы бойынша «8D023 – Тілдер және әдебиет» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі онлайн форматта өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: https://clc.li/zgdUO
Мекен-жайы: Астана қ., Қ. Сәтбаев көшесі, 2, оқу-әкімшілік ғимарат, №101 ауд.
Аңдатпа (қаз.): Қасен Аяужан Толегеновнаның «8D02314 – Әдебиеттану» білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін дайындаған «Мәтін құрылымындағы мифологиялық мотивтер мен бейнелер» диссертациялық жұмысының АҢДАТПАСЫ Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Қазіргі әдебиеттану мен фольклортану ғылымында мифопоэтикалық мотивтер мен архетиптік бейнелердің көркем мәтін құрылымындағы қызметін зерттеу өзекті бағыттардың бірі болып саналады. Өйткені миф – адамзаттың дүниетанымдық тәжірибесін, мәдени кодын және рухани құндылықтарын сақтайтын әмбебап модель. Қазақ фольклоры мен әдебиетіндегі мифтік бейнелер мен мотивтер уақытпен үндесе отырып жаңаша интерпретацияланады, жаңа мәтіндік өрістерде түрлі функциялар атқарады. Қазіргі кезеңдегі әлемдік және ұлттық әдебиеттану ғылымында көркем мәтіннің поэтикалық табиғатын зерттеуде мифопоэтикалық әдістің орны ерекше. Әдебиеттегі мотив, мифологем, архетип ұғымдарына қызығушылықтың артуы қазіргі мәдениеттегі мифтің қайта жандануымен және постмодернистік дискурс аясындағы мифтің көркемдік қызметін қайта пайымдаумен тығыз байланысты. Қазақ әдебиетіндегі көркем мәтіннің мифологиялық құрылымын зерделеу арқылы ұлттық дүниетаным жүйесіндегі архетиптік негіздерді, символикалық мәндерді, мәдени кодтарды анықтау мүмкіндігі артып отыр. Осы тұрғыдан алып қарағанда, мифтік танымдағы «алма» бейнесінің қазақ фольклоры мен әлем әдебиетіндегі репрезентациясын зерттеу өзекті мәселе қатарынан қарастыруға болады. Әлемдік мифологияда «алма» бейнесі білім, өмір сыйлаушы, тыйым салынған нәрсе, махаббат символы, қайта жаңғыру символы ретінде түсінік қалыптасқан. Қазақ ауыз әдебиеті үлгілерінде, ұлттық әдебиеттануда бұл бейне өзіндік символикалық реңктерге ие болып, мифтік кеңестіктен фольклорлық және авторлық әдебиетке дейінгі мәтіндерде түрлі қызмет атқарады. Сондықтан аталмыш бейненің көркем мәтін құрылымындағы поэтикалық функцияларын анықтау ұлттық поэтикалық жүйенің мифопоэтикалық қабатын тереңірек ашуға өз үлесін қосады. Қазақ фольклорындағы батырдың жеті басты айдаһармен күресу мотиві – әлемдік мифологиядағы хаос пен космостың, игілік пен зұлымдықтың мәңгілік күресін бейнелейтін универсалды сюжеттердің бірі. Бұл мотив қазақ батырлық эпос-дастандарында түрленуге ұшырап, халықтық дүниетанымда хаосты жеңудің, батырлық ерліктің, әлемдік тепе-теңдікті орнатудың символдық мәніне ие болды. Осы мотивтің көркем мәтіндердегі интерпретациясын зерттеу – ұлттық әдебиеттану мен қатар әлем әдебиетінде мифопоэтикалық дәстүрдің эволюциясын пайымдап, зерделеуге мүмкіндік береді. «Қайта тірілу» мотиві де қазақ әдебиетіндегі ежелгі мифологиялық дүниетаныммен сабақтасып, өмір мен өлім, рухани жаңғыру идеяларымен астасқан күрделі символикалық бейнені құрайды. Бұл мотивтің архетиптік негіздерін, көркем мәтіндегі поэтикалық қызметін, ұлттық дүниетанымдағы алатын орны мен маңызын зерттеу ұлттық әдебиеттанудың терең мифопоэтикалық негіздерін ашуға бағдар жасайды. Сонымен бірге қазіргі қазақ әдеби үдерісінде «альтер эго» копцептісінің көркем мәтіндерде көрініс беруі авторлық «Меннің» күрделі құрылымын, ішкі жан дүниесін, болмыстық ізденістерін, өзгерулерін бейнелеудің қалыптасу ерекшеліктерін, ұлттық және әлемдік әдеби дәстүрлермен байланысын анықтау – қазіргі әдебиеттанудың өзекті мәселелерінің бірі. Осы себепті де ұсынылып отырған зерттеу тақырыбы бүгінгі әдебиеттану ғылымы үшін аса өзекті болып табылады. Тақырыптың зерттелу деңгейі. Қазақ әдебиетінің көркем мәтініндегі мифологиялық мотивтер мен бейнелерді зерттеу мәселесі әдебиеттану ғылымында соңғы онжылдықтарда ерекше назарға ілініп келеді. Әлемдік әдебиеттану мен мифопоэтика теориясының негізін салушылардың К.Юнг, Дж. Кэмпбелл, К.Леви-Стросс, Э.Кассирер, М.Элиаде, Ю.М.Лотман, М.М.Бахтин, А.А.Потебня, А.Н.Веселовский, В.Я.Пропп, Е.М.Мелетинский еңбектері мифтік құрылымдар мен архетиптердің көркем мәтіндегі көрінісін тануда теориялық бағдар ретінде пайдаланылды. Қазақ әдебиетіндегі мифопоэтикалық үрдістерді зерттеу бағыты да белгілі бір деңгейде қалыптасты. Бұл орайда, А.Байтұрсынұлы, Ә.Марғұлан, С.Қасқабасов, Ш.Ыбыраев, С.Қондыбай, Ж.Ә.Аймұхамбет және т.б. ғылыми зерттеушілердің еңбектері басшылыққа алынды. Олар қазақ фольклорының, эпосының, көркем мәтін поэтикасын, мифтік негіздерін әр қырынан қарастырған. Мәтін теориясы тұрғысынан бұл мотивтердің көркем мәтіндегі қайта туындау механизмін зерттеу – қазақ әдебиеттануына жаңа тәсілдер әкеледі, ұлттық мифопоэтикалық модельдер жүйесін айқындауға мүмкіндік береді. Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Зерттеудің негізгі мақсаты – қазақ әдебиетіндегі мифологиялық мотивтер мен бейнелердің көркем мәтін құрылымындағы қызметін анықтау, олардың ұлттық дүниетаным жүйесіндегі символикалық және семантикалық ерекшеліктерін кешенді түрде зерделеу. Осы мақсат аясында қазақ фольклоры мен көркем әдебиетіндегі «алма» мотивінің, «жеті басты айдаһармен күрес» мотивінің, «қайта тірілу» мотивінің және «альтер эго» концептісінің көркем мәтіндегі трансформациясын анықтап, олардың әдебиеттегі көрінісін ғылыми тұрғыдан жүйелеу көзделеді. Осы мақсатқа жету үшін төмендегідей міндеттер қойылады: – әлемдік және қазақ әдебиеттануындағы мифопоэтикалық зерттеулердің теориялық-әдіснамалық негіздерін қарастыру; – қазақ фольклоры мен әдебиетіндегі «алма» бейнесінің мифтік бастауларын және көркем мәтіндегі алатын орнын, қызметін анықтау; – қазақ фольклорындағы «батырдың жеті басты айдаһармен күресу» мотивінің мифологиялық негіздерін ашу және оның көркем әдебиетте қолдану ерекшеліктерін талдау; – қазақ әдебиетіндегі «қайта тірілу» мотивінің архетиптік табиғатын зерттеу және көркемдік интерпретациясын анықтау; – қазақ әдебиетіндегі «альтер эго» концептісінің көркем мәтіндегі көрінісін талдау және оның поэтикалық қызметін анықтау; – қазақ әдебиетінің көркем мәтін құрылымында мифологиялық мотивтер мен бейнелердің трансформациялық ерекшеліктерін жүйелеу. Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы: – қазақ әдебиетіндегі мифологиялық мотивтер мен бейнелердің көркем мәтін құрылымындағы қызметі алғаш рет кешенді түрде зерттеліп, олардың ұлттық дүниетаным жүйесіндегі маңызы айқындалады; – қазақ фолькоры мен әдебиетіндегі «алма» бейнесінің мифологиялық бастаулары мен символикалық мәні жүйелі түрде анықталып, оның көркем мәтіндердегі трансформациясы алғаш рет талданды; – қазақ фольклорындағы «жеті басты айдаһармен күрес» мотивінің мифопоэтикалық негіздері мен оның көркем әдебиеттегі эволюциясы ғылыми тұрғыдан алғаш рет жан-жақты қарастырылды; – қазақ әдебиетіндегі «қайта тірілу» мотивінің архетиптік табиғаты мен көркемдік интерпретациясының ерекшеліктері алғаш рет кеңінен зерттелді; – қазақ әдебиетіндегі «альтер эго» концептісінің көркем мәтін құрылымындағы қызметі жүйелі түрде сараланып, ұлттық әдеби үдерістегі орны анықталды. Зерттеу жұмысының әдіснамалық және теориялық негізі. Зерттеу жұмысының әдіснамалық және теориялық негізін әлемдік және отандық әдебиеттану ғылымындағы мифопоэтикалық талдау әдісі, интертекстуалдық талдау, герменевтикалық тәсілдер, компаративистік әдіс, сондай-ақ архетиптік, символдық және семиотикалық талдау тәсілдері құрайды. Жұмыста миф пен әдебиеттің өзара байланысы, мифологемалар мен архетиптердің көркем мәтіндегі қызметі туралы теориялық қағидаларға сүйенілді. Бұл тұрғыда Э.Тайлордың барлық заттар мен идеялардың бір-бірімен сабақтастығы туралы тұжырымы, К.Г.Юнгтің архетиптер теориясы, Дж. Кэмпбеллдің батырдың мың кейіпті бейнесі жөніндегі тұжырымдары, К.Леви-Стросстың мифтік құрылым теориясы, Э.Кассирердің символдық форма философиясы, М.Элиаденің мифтің сакралды мәні туралы ілімдері, Дж.Бирлайннің жарыспалы мифологияға қатысты ұстанымы, сол сияқты Ф.Кессиди, М.Лифшиц, А.Потебня, Е.Мелетинский, О.Фрайденберг, Д.Норман еңбектеріндегі қисындар басты теориялық негіздер ретінде қолданылды. Отандық әдебиеттану ғылымында А.Байтұрсынұлы, Ә.Марғұлан, Р.Бердібай, С.Қасқабасов, Ш.Ыбыраев, С.Қондыбай, К.Матыжанов, Ж.Аймұхамбет, А.Абдуллина, Л.Мұсалы, Қ.Жанұзақова, А.Таңжарықова және басқа да ғалымдардың қазақ фольклоры мен көркем әдебиетіндегі мифопоэткалық элементтерді зерттеуге арналған еңбектері әдіснамалық тұрғыда бағдарлық қызмет атқарды. Альтер эго концептісін талдауда Ж.Лаканның психоаналитикалық теориясы, З.Фрейдтің бейсаналық және шығармашылық тұлға туралы идеялары, К.Юнгтің архетипке қатысты тұжырымдары негізге алынды. Сонымен қатар қазақ әдебиетіндегі мифопоэтикалық үрдістерді талдау барысында фольклортанулық, тарихи-типологиялық, салыстырмалы әдістер де қолданылды. Зерттеу нысаны. Жұмыстың зерттеу нысанына фольклор үлгілері, ұлттық және әлем әдебиетінің классикалық шығармалары алынды. Атап айтқанда, аталмыш мифтік мотивтерге қатысты мифтік баяндар, ертегілер, дастандар, ұлттық және әлем әдебиеті өкілдерінің нақты туындылары зерттеу тақырыбының материалы ретінде қамтылды. Зерттеу әдісі. Зерттеу жұмысында ұлттық және әдем әдебиеті мәтіндерін салыстырмалы-тарихи тұрғыда талдау; мифтік мотивтер кездесетін шығармаларды айқындауда мәдени-тарихи, мифопоэтикалық талдау және альтер эго концепциясын талдауда мәтін құрылымына қатысты структуралистік әдіс ұстанымдары негізінде талдау жүзеге асырылды. Зерттеудің теориялық және практикалық мәні. Зерттеудің теориялық мәні қазақ фольклоры мен көркем әдебиетіндегі мифопоэтикалық мотивтердің мәтіндік құрылымдағы қызметін анықтау арқылы ұлттық көркем ойлау жүйесінің архетиптік негіздерін айқындауға бағытталған. Практикалық тұрғыдан алғанда, зерттеу нәтижелерін: – жоғары оқу орындарының филология, фольклортану, әдебиет теориясы, мәдениеттану бағыттарындағы оқу бағдарламаларына енгізуге; – арнайы курстар мен семинарлар әзірлеуде; – қазақ әдебиетіндегі мифопоэтикалық бейнелер мен мотивтерді оқыту және талдау тәжірибесін жетілдіруде қолдануға болады. Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар: 1. Қазақ фольклоры мен әдебиетіндегі «алма» бейнесі – мифтік танымдағы әмбебап архетиптердің бірі ретінде көрінеді. Ол өмір мен өлім, жақсылық пен жамандықтың мифологиялық дуализмін білдіреді және көркем мәтіндегі семантикалық өріс қызметін атқарады. 2. Қазақ фольклорындағы батырдың жеті басты айдаһармен күресу мотиві батырлық мифтердің маңызды құрылымдық компоненті ретінде қарастырылды. Бұл мотив дүниетанымдық модельдерді, қаһармандық идеалды, жақсылық пен зұлымдық күресінің символикалық мәнін танытады. 3. «Қайта тірілу» мотиві қазақ фольклорлық және көркем әдеби мәтіндерінде инициациялық сценарийдің негізгі элементі ретінде орын алады. Ол кейіпкердің рухани жаңғыруын, өмір мен өлім шегінен өту арқылы жаңа күйге көшуін бейнелейді және поэтикалық мәтіннің құрылымын тереңдететін мәнге ие. 4. «Альтер эго» феномені қазақ әдебиетінде кейіпкердің ішкі дүниесінің дуалистік табиғатын, рухани ізденісін және өзін-өзі тану үдерісін ашудың көркемдік тәсілі ретінде көрінеді. Бұл құбылыс заманауи көркем мәтіндерде адамның психологиялық көпқырлылығын көрсету үшін белсенді түрде қолданылады. 5. Қазақ фольклорлық және авторлық мәтіндерінде мифопоэтикалық бейнелер мен мотивтердің қазіргі заманғы көркем әдеби кеңістікке интертекстуалдық және семантикалық деңгейде ықпал ету механизмдері айқындалды. Ұлттық архетиптердің заманауи көркем репрезентациясының үлгілері көрсетілді. Диссертациялық жұмыс кіріспеден, іштей тараушаларға жіктелген негізгі үш бөлімнен, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады. Жұмыстың жариялануы мен талқылануы (апробация). Зеpттеу жұмысының нәтижесінде 7 ғылыми мақалада жарық көрді. Соның ішінде: Scopus aқпapaттap бaзaсынa енетін импaкт фaктоpлы бaсылымдa – 2, ҚP ҒЖБМ Білім беpу және ғылым сaлaсын бaқылaу және aттестaция Комитеті бекіткен тізіміне енетін ғылыми бaсылымдapдa – 3, хaлықapaлық ғылыми-теоpиялық конфеpенция мaтеpиaлдapындa – 2 мақала жарияланды. Scopus aқпapaттap бaзaсынa енетін импaкт фaктоpлы бaсылымдa: . Kazak folklorunda yedi başli ejderha // Millî Folklor. – 2022. – Cilt. 17, Sayı 136. – S. 192-204. 2. Caves As Models of Sacredness in Artistic Consciousness // Eurasian Journal of Applied Linguistics. – 2024. – Vol. 10, Issue 3. – P. 11-21. ҚР ҒЖБМ ҒЖБСБК ұсынған ғылыми басылымдардағы жарияланымдар: 1. Қазақ батырлық ертегілеріндегі «ғажайып туу» мотивінің қызметі// Еуразия гуманитарлық институтының хабаршысы. Филология сериясы. – 2022. – №4. – Б. 90-101. 2. Көркем мәтіннің актанттық құрылымы // М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының «Керуен» ғылыми журналы. – 2022. – №4(77). – Б. 75-86. 3. Мәтіндегі мифтік мотивтердің қызметі (М. Мағауиннің «Қыпшақ аруы» хикаяты негізінде) // Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы. Филология сериясы. – 2024. – №2(147). – Б. 192-202. Халықаралық конференция баяндамалары және конференция жинақтарындағы мақалалары: 1. Мотивтің қазіргі әдебиеттанудағы интерпретациясы // Студенттер мен жас ғалымдардың «Ǵylym Jáne Bilim - 2024» 19-ші халықаралық ғылыми конференциясының баяндамалар жинағы. 2. Мифтік танымдағы «алма» жемісі және оның көркем мәтін құрылымындағы қызметі // Филология ғылымындағы ізденістер мен жаңалықтар: докторанттар мен магистранттарды 6-ші халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы (2023). Диссертациялық жұмыс Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D02314 – Әдебиеттану» мамандығы бойынша зерттеулерді бағалауға құзыреті бар қазақ әдебиеті кафедрасының мәжілісінде талқыланып, қорғауға ұсынылды.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://www.youtube.com/watch?v=chEuE39kNiQ
