
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Кәрібай Қарлығаш Сүйіндікқызы «8D02305 – Филология» білім беру бағдарламасы бойынша ««Діни дастандардың лексикалық-стилистикалық ерекшеліктері»» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Қазақ тілі білімі кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
– Әбдуов Мұхаммадғали Ілиясұлы – филология ғылымдарының докторы, Болашақ академиясы Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының профессоры (Қарағанды қ., Қазақстан Республикасы);
– Тұрышев Айтмұхамет Қасымбайұлы – филология ғылымдарының докторы, Торайғыров университетінің Филология және журналистика кафедрасының профессоры (Павлодар қ., Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
– Вахит Түрік – Стамбул Мәдениет университетінің Түрік тілі мен әдебиеті кафедрасының профессоры (Стамбул қ., Түркия);
– Мамырбек Гүлфар Мәжитқызы – филология ғылымдарының кандидаты, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, Тіл мәдениеті бөлімінің меңгерушісі, қауымдастырылған профессоры (Алматы қ., Қазақстан Республикасы);
– Динаева Бекзат Бегалықызы – филология ғылымдарының кандидаты, IT Aстана университетінің қауымдастырылған профессоры (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Ғылыми кеңесшілері:
– Жақыпов Жантас Алтайұлы – филология ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ тіл білімі кафедрасының профессоры (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
– Айше Илкер – Джелал Баяр университетінің профессоры, доктор (Маниса қ., Түркия).
Қорғау 2026 жылғы 24 қантар, сағат 11:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D02305 – Филология» мамандығы бойынша «8D023 – Тілдер және әдебиет» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі онлайн форматта өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: https://clc.li/PmAIs
Мекен-жайы: Астана қ., Қ. Сәтбаев көшесі, 2, оқу-әкімшілік ғимарат, №101 ауд.
Аңдатпа (қаз.): Кәрібай Қарлығаш Сүйіндікқызының «8D02305 – Филология» білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алуға ұсынылған «Діни дастандардың лексикалық-стилистикалық ерекшеліктері» диссертациялық жұмысының АҢДАТПАСЫ Диссертациялық зерттеудің мақсаты – қазақ діни дастандарын лексикалық және стилистикалық тұрғыдан зерттеу. Зерттеудің міндеттері: – діни дастандардың сөздік құрамын сипаттау; – діни дастандардың лексикалық ерекшеліктерін анықтау; – діни дастандарды теолингвистикалық тұрғыдан зерттеу; – діни дастандардың стилистикалық ерекшеліктерін ашу; – диссертациялық зерттеу барысында «Жоғалып бара жатқан түркі тілдерін пәнаралық тұрғыдан зерттеу: Монғолиядағы хотон этнотобы» гранттық жобасында зерттеу тобы құрамында болғандықтан, хотондардың діни фольклорлық мәтіндерін салғастыру сыңайында зерттеуді де міндетке қостық. Зерттеу әдістері. Зерттеу барысында мынадай лингвистикалық әдістер қолданылды: 1. Сипаттамалы әдіс (дескриптивтік талдау) – діни дастандардағы лексикалық және стилистикалық құралдарды анықтап, жүйелеу үшін қолданылды. 2. Контекстуалдық талдау – діни ұғымдарды жеткізудегі сөздердің мағынасы мен қолданылу ерекшеліктерін мәтін контексінде қарастыруға көмектесті. 3. Семантикалық талдау – діни лексемалардың мағыналық құрылымын анықтау, олардың ішкі мазмұнын ашу үшін жүргізілді. 4. Стилистикалық талдау – көркемдік тәсілдер (троптар мен айшықтау түрлері) мен тілдік бейнелеу құралдарының мәтін ішіндегі қызметін анықтауға негізделді. Негізгі ережелері (дәлелденген ғылыми гипотезалар және жаңа білім болып табылатын басқа да тұжырымдар): 1. Діни фольклорды лингвистикалық тұрғыдан зерттеудегі алғашқы саты сөздік құрамды талдау болуы қажет. Қазақ діни дастандарының сөздік құрамының негізі төлтума лексикадан құралады. 2. Қазақ діни дастандарының сөздік құрамының ерекшелігі – діни тақырыпта болғандықтан араб-парсы сөздерінің көп қолданылуы. Қазақ діни дастандарында уәжді кірме сөздермен қатар уәжсіз енгізілген кірме сөздер жиі қолданылады. Діни дастандардағы дақ сөздер алғаш рет қарастырылып отыр. 3. Қазақ діни дастандарында теонимдер айрықша лексикалық топ құрайды. Діни терминдердің діни көркем мәтінде контекстік мағынасы анағұрлым толық ашылады. 4. Діни дастандардағы фразеологизмдер Құран аяттарының мазмұнынан алынып, діни кеңістіктен дүнияуи кеңістікке ауысып отырады. 5. Қазақ діни дастандарында, басқа да фольклорлық жанрлар сияқты, стильдік троптар мен айшықтау тиімді қолданылады. Қазақ діни дастандарындағы метафора, метонимия, синекдоха, эпитет, теңеу, гипербола мен литота, окказионал сөздердің ерекшелігі діни контекске орайласуында. 6. Қазақ діни дастандарында айшықтаудың қайталау, антитеза сияқты түрлері болмысты айқындай түсу үшін, градация әсерлілік күшейте түсу үшін қолданылады. Зерттеудің негізгі нәтижелерінің сипаттамасы: Діни дастандардың сөздік құрамы алғаш рет арнайы талданып, төлтума лексикамен қатар араб-парсы тілінен енген кірме сөздердің уәжді және уәжсіз қолданыстары анықталды. Сондай-ақ діни контексте бұрын арнайы зерттелмеген дақ сөздер ғылыми айналымға енгізілді. Діни мәтіндерде теонимдердің айрықша лексикалық топ құрайтыны көрсетіліп, діни терминдердің мағынасы тек дінтанулық тұрғыдан емес, көркем мәтіндік контексте толық ашылатыны дәлелденді. Фразеологизмдердің діни кеңістіктен дүнияуи кеңістікке ауысу ерекшелігі айқындалып, олардың Құран аяттары мен хадистерге негізделген мазмұндық уәжділігі сараланды. Сонымен бірге қазақ діни дастандарының стилистикалық құрылымы жаңаша сипатталды. Діни дастандарда метафора, метонимия, синекдоха, эпитет, теңеу, гипербола, литота сияқты көркемдік тәсілдердің діни контекске орайласу сипаты талданып, окказионал қолданыстардың ерекшелігі анықталды. Сонымен қатар қайталау, антитеза, градация сияқты айшықтау түрлерінің болмысты айқындау мен әсерлілікті күшейтуге қызмет ететіні дәлелденді. Алынған нәтижелердің жаңалығы мен маңыздылығының негіздемесі: Диссертация нәтижелері халықтың әлеуметтік-гуманитарлық сұраныстарын өтейді. Бұдан алынатын нәтижелер қазақ фольклорын тәрбие құралы ретінде, рухани жаңғырудың, рухани құндылықтарды қалыптастырудың құралы ретінде пайдалану үшін тиімді танымдық-әдістемелік нұсқаулар қызметін атқара алады. Алынған нәтижелер Қазақстанда филология ғылымының дамуына елеулі үлес қосады. Мәтіннің тілдік фактілерін ғылымдар мен салаларды интеграциялап зерттеуге ықпал етеді: таным теориясы мен тілтануды байланыстырудың өзіндік ерекше әдісі көрсетіледі; фольклор тілінің бүгінгі күн үшін өзектілігі айқындалады. Сонымен қатар қазақ тілі мен әдебиетін оқытудың жаңа технологияларына пайдалануға болады. Нәтижелерді жоғары оқу орындарының гуманитарлық бағыттағы мамандыққа даярлайтын факультеттері мен кафедраларының студенттері, магистранттары мен докторанттары үшін жаңа пәннің әзірлемесі ретінде тиімді пайдалануға болады. Сондай-ақ орта мектептегі қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдері үшін дидактикалық құрал ретінде қолданылады. Ғылымның даму бағыттарына немесе мемлекеттік бағдарламаларға сәйкестігі. Қазақстанда ғылымды дамытудың 2024-2026 жылдарға арналған басым бағыттарынан Елдің зияткерлік әлеуеті бағытымен, Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында жоғары білімді және ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасымен, Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасымен тығыз байланысты. Сонымен қатар «Білім туралы» Заңына және Білім берудің барлық деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына, «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасындағы негізгі басымдықтарға негізделеді. Докторанттың әрбір жарияланымды дайындауға қосқан үлесінің сипаттамасы. Зерттеу жұмысының теориялық мәселелері мен тұжырымдары халықаралық, республикалық ғылыми-теориялық және ғылыми-практикалық конференцияларда баяндама тұрғысында тыңдалып, ғылыми жинақтарда 2 мақала; зерттеу нәтижелері Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті бекіткен ғылыми басылымдарда 3 мақала; халықаралық скопус мәліметтер базасына тіркелген журналдарда 1 мақала, барлығы – 6 ғылыми мақала жарияланды. Халықаралық скопус мәліметтер базасына тіркелген журналдарда: 1. Religious texts of the Khotons of Mongolia: «Garvaa Gorvoo» // Eurasian journal of applied linguistics. – 2025. – №11(2). – P. 261-279. (бірлескен автор: Жакупов Ж.А., Әбдікәрім Н., Гомбосүрен Н., Сыздықова Г.О., Қабай Қ., Еспекова Л., докторанттың үлесі – 25 %). ҚР ҒЖБМ Ғылым және жоғары білім саласындағы cапаны қамтамасыз ету комитеті бекіткен ғылыми басылымдарда: 1. Қазақ діни дастандарындағы дақ сөздер // Ш. Уәлиханов атындағы КУ хабаршысы. Филология сериясы. – 2024. – №1. – Б. 100-107. (бірлескен автор: Жакупов Ж.А., докторанттың үлесі – 90 %). 2. Дін негізді фразеологизмдер // А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының «Тілтаным» журналы. – 2023. – №2 (90). – Б. 127-136. (бірлескен автор: Жакупов Ж.А., докторанттың үлесі – 80 %). 3. Діни дастандардағы теонимдер // Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің хабаршысы. Филология сериясы. – 2022. – №4(141). – Б. 43-54. (бірлескен автор: Жакупов Ж.А., докторанттың үлесі – 90 %). ҚР ұйымдастырылған халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдарында: 1. Ежелгі мифологиялық теонимдердің этимологиялық сипаты // 2-ші халықаралық ономастикалық симпозиум материалдарының жинағы (Астана: Ғылым, 2022. – Б. 101-107). (докторанттың үлесі – 100 %). 2. Діни дастандардың көркемдік ерекшеліктері // ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, көрнекті тіл маманы, əдебиет сыншысы, публицист М.С. Серғалиевтің 85 жылдығына арналған «Мырзатай Серғалиев жəне филология мəселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары (Астана, 2023. – Б. 277-282). (докторанттың үлесі – 100 %).
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://www.youtube.com/watch?v=o2e_cY4GIho
