
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Кажытай Балнур Кызырбековна «8D02314 – Әдебиеттану» білім беру бағдарламасы бойынша ««Қазіргі қазақ прозасындағы оксюморон поэтикасы»» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Қазақ әдебиеті кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
– Такиров Саржан Уахитович – филология ғылымдарының кандидаты, Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті қазақ әдебиеті кафедрасының қауымдастырылған профессоры (Қарағанды қ., Қазақстан);
– Калиева Альмира Кайыртаевна – филология ғылымдарының кандидаты, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты бас директорының ғылым жөніндегі орынбасары (Алматы қ., Қазақстан Республикасы)
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
– Экрем Аян – философия докторы (PhD), Мугла, Сыткы Кочман университетінің профессоры (Мугла қ., Түркия)
– Дауренбекова Лаура Нугайбековна – филология ғылымдарының кандидаты, А.Қ.Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институты қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының қауымдастырылған профессоры (Астана қ., Қазақстан);
– Худайбергенов Нурбол Джумагалиевич – философия докторы (PhD), М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері (Алматы қ., Қазақстан).
Ғылыми кеңесшілері:
– Оразбек Мақтагүл Социалқызы – филология ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының қауымдастырылған профессоры (Астана қ., Қазақстан Республикасы)
– Сайфулина Флера Сагитовна – филология ғылымдарының докторы, Қазан Федералды университеті татар әдебиеті кафедрасының профессоры (Қазан, Ресей Федерациясы)
Қорғау 2026 жылғы 26 ақпан, сағат 15:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D02314 – Әдебиеттану» мамандығы бойынша «8D023 – Тілдер және әдебиет» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес отырысы офлайн және онлайн форматта өткізіледі.
Сілтемесі: https://clc.li/FkBWt
Мекен-жайы: г. Астана, ул. К. Сатпаева, 2, учебно-административное здание, аудитория №101.
Аңдатпа (қаз.): Кажытай Балнур Кызырбековнаның «Қазіргі қазақ прозасындағы оксюморон поэтикасы» тақырыбындағы диссертациясы 8D02314 – «Әдебиеттану» білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін дайындалған АҢДАТПА Диссертациялық жұмыстың өзектілігі. Қазіргі қазақ прозасындағы оксюморон құбылысы көркемдік әдіс ретінде қолданылып жүргенімен, әдебиет теориясында бұл тақырып терең өріс ала қойған жоқ. Әдебиеттану ғылымында метафора, метонимия, эпитет, теңеу, аллегория т.б. троптың түрлері көркем шығарманың тілі мен стилін, кейіпкерлер мен сюжеттік оқиғаны суреттеудегі автор дүниетанымын, көркемдік әлемін жеткізудің құралы ретінде жеке зерттеу нысанына айналып, аталған көркемдік құралдар бойынша жеке зерттеулердің бар екені белгілі. Жаһандану және ұлттық жаңғыру дәуірі тоғысында тұрған қазіргі қазақ қоғамының менталитетінде, мәдениеті мен әдебиетінде күрделі ішкі қайшылықтар мен құндылықтар дилеммасы бой көрсетуде. Постколониалдық кезеңге аяқ басқан қазақ прозасында дәстүр мен жаңашылдықтың, шығыс пен батыс өркениеттерінің, отаршылдық сана мен тәуелсіз сананың арасындағы қайшылық пен тартыс көркем туындыларда жүйелі түрде бейнеленіп, шығармалардың идеялық-көркемдік өзегін айқындайтын маңызды фактор ретінде көрініс тауып отыр. Зерттеу жұмысының теориялық-әдіснамалық негіздері. Зерттеу жұмысында оксюморон және оның поэтикaлық қызметі турaлы әлемдік және отандық әдебиеттaнудaғы ғылыми еңбектер мен тұжырымдар негізге aлынды. Түрлі сөздіктердегі, ғылыми зерттеу еңбектеріндегі оксюморонғa қaтысты aнықтaмaлaр мен тұжырымдaр жүйеленді. Aтaп aйтқaндa, орыс зерттеушілері М.Бахтиннің «Ауызша шығармашылықтың эстетикасы» (Эстетика словесного творчества), В.В. Виноградовтың «Көркем сөйлеу теориясы туралы» (О теории художественной речи), Ю.М.Лотманның «Көркем мәтін құрылымы» (Структура художественного текста), Л.Н.Тимофеевтің «А. Блок поэзиясындағы контраст поэтикасы» (Поэтика контраста), А. Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқыш», З.Қабдоловтың «Сөз өнері», сондай-ақ З.Ахметов, Т.Шаңбаев құрастырған «Әдебиеттану терминдерінің сөздігі» қарастырылды. Зерттеу барысында пайдаланылған А.Байтұрсынұлы, З.Қабдолов, З.Ахметов, Р.Нұрғали, С.Қасқабасов, Д.Қамзабекұлы, Ф.Сайфулина, С.Қондыбай, Ж.Аймұхамбет, Қ.Байтанасова, С.Жұмағұл, Ж.Жарылғапов, С.Такиров, М.Оразбек, А.Қалиева, Г.Сәулембек, т.б. ғалымдардың еңбектері мен ғылыми жұмыстың әдіснaмaлық негізін құрaйды. Зерттеу нысаны ретінде қазіргі қазақ прозасындағы көркем туындылардағы оксюморон құбылысы алынды. Нақтырақ айтқанда, тәуелсіздік кезеңі әдебиетінде жарық көрген М.Мағауиннің «Жармақ», «Кесік бас – тірі тұлып», Т.Әбдіктің «Парасат майданы», Т.Нұрмағамбетовтың «Мешкей», Р.Отарбаевтың «Бас», Т.Сәукетайдың «Мен – жындымын», Т. Әсемқұловтың «Талтүс», «Бекторының қазынасы», Ж.Қорғасбектің «Өлмейтін құс», «Жаконданың жанары», А.Алтайдың «Туажат», «Оба жылғы сауық», Д.Рамазанның «Жатбауыр», «О дүниедегі кездесу», Д.Амантайдың «Гүлдер мен кітаптар», Ж.Шамұратованың «Мылқаудың сыбыры», М. Мәліктің «Бассыз бөрі» шығармаларындағы оксюморонды бейнелеу мен көркемдік шешімдер зерттеу нысанын құрайды. Қаламгерлер шығармаларындағы қарама-қарсы мәндегі ұғымдардың саналы түрде түйісуі арқылы қалыптасқан көркемдік тәсілдер жүйеленіп, олардың құрылымдық, семантикалық және эстетикалық ерекшеліктері ғылыми-зерттеу еңбектерінде талдаудың өзекті нысаны ретінде қарастырылды. Тақырыптың зерттелу деңгейі. Әдеби поэтикада оксюморон ұғымы алғашында «қате метафора» деп бағаланғанына қарамастан, уақыт өте келе оның ерекше эстетикалық қызмет атқаратыны мойындалып, жеке стилистикалық фигура мәртебесін алды. XIX ғасырда оксюморон термині ғылыми айналымға еніп, әдебиеттануда антитеза, контраст аясында қарастырылып келген құбылысқа нақты атау берілді. Мәселен, орыс стилист ғалымы В. В. Виноградов пен Л. Н. Тимофеев оксюморонды эпитет пен теңеудің ерекше түрі ретінде түсіндіріп, қарама-қарсы мағыналық элементтердің тоғысуынан жаңа символдық мән туатынын атап көрсетті. Дегенмен, бұл зерттеушілер оксюморонды дербес поэтикалық әдіс деп бөлектемей, жалпы контраст поэтикасының бір көрінісі деп санады. XIX ғасырдың соңы мен XX ғасыр басында шыққан беделді тілге қатысты еңбектерде де «оксюморон» жеке термин ретінде сирек ұшырасты. Мысалы, орыс тілінің түсіндірме сөздігінде, В. Даль құрастырған «Толковый словарь живого великорусского языка» сөздігінде (1882), С. Южаков басшылығымен шыққан «Үлкен энциклопедияда» (1896), Ф.А. Брокгауз бен И.А. Ефрон құрастырған атақты энциклопедиялық сөздіктің 1897 жылғы басылымында және Гранат энциклопедиялық сөздігінде (1910-1920) «оксюморон» термині туралы анықтама жоқ екені зерттеушілер тарапынан көрсетілген. Бұл жағдай оксюморонды өз алдына әдеби категория ретінде түсіну ХХ ғасырға дейін толық орнықпағанын білдіреді. Әдебиеттанушы Ж. Аймұхамбет пен Н. Көбеева «Мифологияның негізінде жатқан «бинарлық оппозициядан» бастау алып, кейіннен диадалық бейнеге ұласып, жаңа поэтикалық мүмкіндіктерге жол ашқан оксюморонды бейнелеу құбылысының түп негізінде қарама-қарсылық пен қарама-қарсылықтың заңдылығы туралы диалектика заңдылығы жатқаны дәлелдеуді қажет етпейтін тұжырым» деген пікір білдіреді. Ж.Қ. Әділбекова мен Н.А. Ырсымбетова оксюморонды шендестіру (антитеза) әдісінің бір түрі ретінде санайды. Бұл авторлар оксюморон көркем шығарма құрылымында сөздің эмоциялық өңін күшейтіп, қарама-қарсылықтың тұтастығын танытуға қызмет ететінін атап көрсеткен. Шынында да, дұрыс қолданылған оксюморон шығарманың оқиғалық желісіндегі шиеленісті ушықтырып, кейіпкер болмысын ашуға себепші болады. Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Зерттеу жұмысының басты мақсаты – қазіргі қазақ прозасындағы оксюморон поэтикасының көркем шығармадағы орнын, мәні мен көркемдік қызметін кейіпкерлердің психологиясы, сюжеттік оқиғадағы тартыс, пейзаж, көркем деталь, образдың түрлерін психоаналитикалық, эстетикалық, философиялық тұрғыда талдап, зерттеу. Аталған мақсатқа жету үшін қазақ және шетел әдебиеттануындағы теориялық еңбектерге сүйене отырып, оксюморонның табиғатын әр қырынан қарастыру, сондай-ақ қазіргі прозасындағы оксюморон әдісінің түрлері мен атқаратын қызметін талдау көзделеді. Осы мақсатқа сәйкес зерттеудің міндеттері белгіленді: – әлемдік және отандық гуманитарлық ғылым салаларында оксюморон ұғымының зерттелу аспектілерін жүйелеу; – қазақ және шетел зерттеушілерінің іргелі еңбектеріне сүйене отырып, оксюморонның әдеби категория ретіндегі теориялық негізін саралау; – көркем шығарма кейіпкерлерінің табиғатын, жан-дүниесін, психологиялық күйін бейнелеуде оксюморон қызметін айқындау; – оксюморонға негізделген шығарма атаулары мен авторлық қолданыстардың эстетикалық және поэтикалық ерекшелігін зерделеу; – шығарма тақырыбына негіз болған оксюморон атаулардың автор идеясы мен авторлық позициясын бейнелеудегі рөлін дәйектеу; – кейіпкер болмысындағы екі ұдайылық (сананың екіге жарылуы) пен бейсаналық қасиеттің қалыптасуын бейнелеу құралы екенін шығарма мазмұнынан талдап, түсіндіру; – қазіргі постмодернистік және постколониалдық прозадағы оксюморонды бейнелеудің формаларын ашып, оны тұлға мен дүние диалектикасын жеткізудегі көркемдік тетік ретінде зерттеу. Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы: Зерттеу жұмысында қазіргі қазақ прозасы материалы негізінде оксюморон құбылысы кешенді әдеби-теориялық талдау нысанына айналды. Зерттеу барысында қол жеткізген ғылыми жаңалықтар мен тың нәтижелер төмендегідей: 1. Қазіргі қазақ прозасындағы оксюморон құбылысы әдебиеттану ғылымында дербес зерттеу нысаны ретінде қарастырылып, оның теориялық негіздері мен тарихи бастаулары жүйеленді. Бұған дейін оксюморон жалпы антитеза, контраст аясында ғана сөз болып келген болса, бұл еңбекте ол жеке поэтикалық категория дәрежесінде зерттеліп, ғылыми айналымға «қазіргі қазақ прозасындағы оксюморон поэтикасы» ұғымы ретінде енгізілді. 2. Фольклорлық және классикалық дәстүр сабақтастығы айқындалды. Қарама-қарсы ұғымның поэтикалық негізі қазақ фольклорынан бастау алатыны, «Аяз би», «Тазша бала» ертегілері мен қазақ мақал-мәтелдерінен анық байқалады. «Аяз би» ертегісінде ханға «адамның жаманы» деп әкелген «жаман» жігіт (Жаман атты кейіпкер) ең ақылды, жақсы адам болып шығып, ханның уәзірі атанады. Бұл жерде әлеуметтік жағынан ең төмен, жаман атанған адамның асыл қасиеті көрінеді. Яғни «жаман жақсы» деген оксюморондық мәндегі ұғымды аңғаруға болады. 3. М.Мағауин, Т.Әбдік, Т.Нұрмағамбетов, Т.Сәукетай, Р.Отарбаев, Т.Әсемқұлов сынды бірқатар жазушылардың прозалық туындыларындағы оксюморонның көркем-поэтикалық түрлері: М.Мағауин, Т.Әбдік шығармаларындағы кейіпкерлердің екіге жарылуы, Т.Нұрмағамбетовтың «Мешкей» романындағы кейіпкердің және күллі қоғамның қу құлқынның құлына айналуы, Т.Сәукетайдың «Мен – жындымын» шығармасындағы кейіпкердің егізденуі, Р.Отарбаев шығармасындағы қурап қалған сүйекке тіл бітуі, Т.Әсемқұлов романындағы кәрі бала психологиясы ғылыми түрде талданып, әр автордың стилі мен идеялық мұратына сай жүзеге асу ерекшеліктері анықталды. 4. Зерттеу жұмысында оксюморонның қазіргі қазақ прозасында ішкі психологиялық конфликтілерді, отарлық һәм тоталитарлық кезеңнен кейінгі қоғам санасындағы қайшылықтар мен моральдық дилеммаларды бейнелеудегі рөлі арнайы зерделенді. Соның нәтижесінде оксюморонды тек көркемдік әдіс емес, сондай-ақ ұлттың тарихи-әлеуметтік тәжірибесін, заманның рухани күйін танытатын танымдық құрал ретінде қарастыруға болатыны туралы тың ғылыми тұжырымдар жасалды. Қорғауға ұсынылған тұжырымдар: Жүргізілген зерттеу жұмысы нәтижесінде төмендегі негізгі ғылыми тұжырымдар қорғауға ұсынылады: 1. Оксюморон – мағыналары бір-біріне кереғар сөздер мен ұғымдарды тұтастыра отырып, жаңа сападағы мән тудыратын, сол арқылы көркем шығармада қарама-қарсылықтың бірлігін танытатын поэтикалық құбылыс. Ол әдебиеттегі антитеза принципінен тамыр алғанымен, өзіндік құрылымдық-мағыналық ерекшеліктері арқылы дербес көркемдік әдіс ретінде қалыптасқан. 2. Әдебиеттанушылар оксюморонды көркем шығармадағы контраст, қарама-қарсылық принципінің бір көрінісі бола отырып, қоғам қайшылығын, кейіпкердің аласапыран жандүниесін бейнелейтін жазушының астарлы, тапқыр ойы ретінде зерделейді. 3. Қазіргі қазақ прозасында оксюморон маңызды көркемдік-стильдік әдіс ретінде кеңінен қолданылуда және ол шығарманың идеялық-тақырыптық өзегін ашуда маңызды қызмет атқарады. Қазақ қаламгерлері оксюморонды тек сөздік деңгейінде емес, оқиға желісінде, образдар жүйесінде, шығарманың сюжеттік оқиға желісінде қолданып, ұлттық болмысты ашуда, күрделі қайшылықтарды бейнелеуде тиімді құралға айналдырған. 4. Қазақ әдебиетінде Абай өлеңіндегі «ащы тәтті өмір», «жақсы өлім», Мағжан Жұмабаев жырындағы «қара күн», «тәтті у», «Әлдиле, өлім, әлдиле», «жер бетін топан басса екен» сияқты ұғымдар да қарама-қарсылықты біріктіру арқылы автордың жүрек түкпіріндегі басқаларға беймәлім өмір шындығы туралы өзекті ойларын меңзейді. 5. Жазушылар өмірдің күрделі қайшылықтарын бейнелеуде өздерінің көркемдік қиялымен оксюморон ұғымдар мен бейнелер жасаған. Оны авторлық оксюморон деуге толық негіз бар. В.Гюгоның «Күлегеш адам» романында бай адамдардың көңілін аулау мақсатында сау балаларды кемтар қылып, әдейі күлкілі етіп бет-жүзін өзгертіп сататын адамдарды «Қасқыр ешқашан қапқан емес, ал адамдарда мұндай жағдай жиі болып тұрады» деп қасқырға тән жыртқыштық қасиетті адамның қасиеті ретінде көрсетеді. Кейіпкердің «басы тірі – беті өлі» бейнесі арқылы автор адам табиғатының рухани өлгенін білдіреді. Гуинпленнің күлкісі – шын мәнінде жан азабының, мәңгілік трагедияның маскасы. Зерттеу әдістері. Көркем әдебиеттегі оксюморон категориясы кейіпкер психологиясын терең көрсету және образды қалыптастырудағы ерекшеліктерімен сипатталады. Бұл құбылысты зерттеу үшін алдымен компаративистік әдіс қолданылды. Ол оксюморондардың әртүрлі әдеби дәуірлердегі, ұлттық мектептердегі көріністерін салыстырмалы түрде талдауға, олардың типологиялық, семантикалық және стильдік ерекшеліктерін анықтауда пайдаланылды. Салыстырмалы-салғастырмалы талдау әдісі оксюморонның құрылымдық элементтері мен мағыналық түйісу тұстарын бір-бірімен үндестіру арқылы олардың кейіпкер бейнесіндегі психологиялық функциясын ашуға мүмкіндік берді. Диссертация аясында дайындалған жұмыстардың жариялануы келесідей: Web of Science Core Collection, Scopus халықаралық рецензияланатын журналға келесі мақала қабылданды: 1. The Duality of the Mask Archetype in Works of Art // Res Militaris (Revue europeenee d etudes). – 2022. – Vol. 12, Is. 3. – P. 921-927. https://resmilitaris.net/uploads/paper/640d215344e9cbc6da0091669efa29ff.pdf 2. Oxymoron in Victor Hugo’s Novel «The Man Who Laughs»: A Stylistic and Rhetorical Analysis. Forum for Linguistic Studies. – 2025. – №7(6). – Р. 376-388. https://doi.org/10.30564/fls.v7i6.9514 ҚР ҒЖБССҚК тізіміне кіретін журналдарда келесі мақалалар жарияланды: 1. Оксюморон – поэтикалық категория // М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының «Керуен» ғылыми журналы. – №76(3). – Б. 37-47. https://doi.org/10.53871/2078-8134.2022.3-03 2. Кейіпкер психологиясын ашудағы оксюморонның рөлі // Торайғыров университетінің Хабаршысы: филология сериясы. – 2023. – №2. – Б. 132-140. https://doi.org/10.48081/ZVUK4682 3. Oxymoronic interpretation of the postcolonial personality // Еуразия гуманитарлық институтының Хабаршысы. – 2024. – №2. – Б. 119-126. https://doi.org/10.55808/1999-4214.2024-2.12 4. Асқар Алтайдың «Туажат» романындағы оксюморондық бейнелеу тәсілі // Еуразия гуманитарлық институтының Хабаршысы. – 2025. – №2. – Б. 111-119. (ISSN 2957-5095) https://doi.org/10.55808/1999-4214.2025-2.12 Халықаралық конференциялар мен симпозиумдардың жинақтарына кірген мақалалар: 1. Абай поэзиясындағы оксюморон сипаты // Абай шығармалары қазіргі гуманитарлық ғылым кеңістігінде: республикалық ғылыми-теориялық конференцияның материалдары, 12 қараша 2020 жыл, 206-211 б. 2. Сравнительная характеристика оксюморона // Г. Ибрагимов: писатель, критик, методист, общественный деятель: материалы международной научно-практической конференции молодых ученых, посвященной 135-летию классика татарской литературы, общественного и государственного деятеля Галимджана Ибрагимова, Казань, 11–12 марта 2022 г., c. 104-106. 3. Параметры соотношения оксюморона и парадокса // «Филология ғылымындағы ізденістер мен жаңалықтар». Докторанттар мен магистранттарға арналған VI халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы материалдары. 11 сәуір 2023 ж., 115-121 б. 4. Қазақ әдебиетіндегі оксюморонның фразеологиялық мәні // Материалы Международной научно-практической конференции, приуроченной к 80-летию отделения татарского языка и литературы КГУ и 220-летию Казанского университета, Казань, 22–23 ноября 2024 г., c. 142-145. 5. «Мен – жындымын» романындағы оксюморондық бейнелеудің рөлі // ҚР ҰҒА академигі, көрнекті қоғам қайраткері, әдебиеттанушы Рымғали Нұрғалидың туғанына 85 жыл толуына арналған «Филологиялық зерттеу бағыттары» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясының материалдары; Қазақстан: Астана. 16.04.2025. 147-153 б. 6. Оксюморон в казахской и татарской прозе: на материале творчества Айгуль Кемелбаевой и Гузель Яхиной // Национальные литературы республик Поволжья: проблемы межкультурной коммуникации, 22-24 октября, 2025 г., c. 344-348.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://www.youtube.com/watch?v=s59H257x7H4
