
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Кеңес Барысгүл Ерланқызы «8D02305 – Филология» білім беру бағдарламасы бойынша «Қазақ тілінің ақпараттық технология терминологиясы» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Қазақ тілі білімі кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
– Айдарбек Қарлығаш Жамалбекқызы – филология ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Түркітану және тіл теориясы кафедрасының доценті, (Алматы қ., Қазақстан Республикасы);
– Агабекова Жазира Агабековна – филология ғылымдарының кандидаты, Назарбаев университеті Қазақ тілі және түркітану департаментінің ассистент профессоры, қауымдастырылған профессор (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
– Иргатоғлу Айдан – PhD, Анкара Хаджи Байрам Вели университеті шетел тілдері кафедрасының қауымдастырылған профессоры (Анкара қ., Түркия);
– Исакова Сабира Сагынбековна – филология ғылымдарының докторы, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің профессоры (Ақтөбе қ., Қазақстан Республикасы);
– Иманберді Сәуле Құрманбайқызы – филология ғылымдарының докторы, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті Қазақ және орыс тілдері кафедрасының профессоры м.а. (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Ғылыми кеңесшілері:
– Құрманбайұлы Шерубай – ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, Еуразия ұлттық университеті Қазақ тіл білімі кафедрасының профессоры (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
– Бирай Нергис – филология ғылымдарының докторы, Памуккале университеті Қазіргі түркі тілдері мен әдебиеттері бөлімінің профессоры (Деңізлі қ., Түркия Республикасы)
Қорғау 2026 жылғы 5 наурыз, сағат 15:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D02305 – Филология» білім беру бағдарламасы бойынша «8D023 – Тілдер және әдебиет» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес отырысы офлайн және онлайн форматта өткізіледі.
Сілтемесі: https://clc.li/WGjON
Мекен-жайы: Астана қ., Қ. Сәтбаев көшесі, 2, оқу-әкімшілік ғимарат, №302 ауд.
Аңдатпа (қаз.): Кеңес Барысгүл Ерланқызының «8D02305-Филология» білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алуға ұсынылған «Қазақ тілінің ақпараттық технология терминологиясы» диссертациялық жұмысының АҢДАТПАСЫ Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Тіл білімінің терминология саласы қолданбалы сипатының басымдығымен ерекшеленеді. Диссертация қазіргі таңда адамзат тіршілігінде аса маңызды рөлге ие болып отырған ғылым салаларының бірі ақпараттық технология тілін, оның терминжүйесін зерттеуге арналып отыр. Ақпараттық технология саласы – деректерді жинау, сақтау, өңдеу және тарату үдерістерін қамтамасыз ететін ғылым мен техниканың жиынтығы. Бұл сала заманауи қоғамның барлық дерлік аспектілерінде, әсіресе білім беру, медицина, өндіріс және коммуникацияда маңызды рөл атқарады. Зерттеу жұмысы – қазақ тіліндегі ақпараттық технология терминдерінің жасалымын және қазіргі қазақ тіліндегі ақпараттық технология терминдерінің қалыптасу тарихы мен олардың жасалымындағы ерекшеліктерін түркі тілдерімен салыстыра отырып зерделеуге, қолданыс деңгейлерін анықтауға бағытталған. Диссертациялық жұмыс барысында отандық және шетелдік терминтану тарихына шолу жасалып, осы саланың әлеуметтік терминология, әлеуметтік когнитивті терминология сынды жаңа бағыттарының дәстүрлі терминологиядан ерекшеліктері сипатталды. Қазақ тілінің ақпараттық технология терминдерін жасауда латын және грек тілдері элементтерінің сандық үлесі 29% екені анықталды. Оның ішінде латын тілінің үлесі – 17,6%, грек тілінің үлесі – 11,5%. Сондай-ақ осы классикалық тілдерден енген кірме терминдердің қазақ тіліне бейімделу ерекшелігі көрсетілді және олар қандай аралық тілдер арқылы енгендігі зерттеу жұмысының қосымшаларында берілді. IT терминологиясындағы будан терминдердің тілдер қатыстылығына сәйкес жіктемесі ұсынылды. Терминжасамдағы метафора тәсілінің ерекшелігі қызметіне, орналасу жеріне, формасына қарай болатын ұқсастықтар негізінде жасалатыны көрсетілді. Сонымен қатар қазақ тілінің 10000-нан астам терминді қамтитын «Информатика және есептеуіш техника» (2014, 3-том) сөздігіндегі барлық терминдер морфологиялық аспектіде қарастырылып, осы терминдерді жасауда қолданылған жұрнақтардың барлығы дерлік сипатталды. Сонымен қатар түрік тіліндегі «Bilgisayar Terimleri Karşılıklar Kılavuzu» (2013) сөздігіне талдау жасай отырып, қазақ және түрік тілдерінің компьютер терминдерін жасауда қолданылған жұрнақтар өзара салыстырылды. Осы зерттеу жұмысында 1926 жылы Бакуде өткен I Түркология Құрылтайынан бастау алатын туыстас түркі тілдерінің терминологиясына қатысты жүргізілген зерттеу жұмыстарына шолу жасалды. Сол алғашқы құрылтайда ұсынылған Б.С. Чобанзаденің «Ғылыми терминологияның жүйесі туралы», Х.Б. Одабаштың «Түркі тілдеріндегі терминология», Х.Б. Зейналлының «Түркі тілдерінің ғылыми терминология жүйесі туралы», А.Р. Зифельдттің «Түркі тілдеріндегі ғылыми терминологияның қалыптасу принциптері туралы және А. Байтұрсынұлының «Қазақ жазба тіліндегі терминологияны қалыптастыру мәселелері» баяндамалары қазіргі таңда өзінің өзектілігін жоғалтпағанын IT терминдеріне жасалған жұмыстардың нәтижелерінен де көруге болады. Диссертацияда түркі тілдері IT терминжасамына ортақ 3 негізгі көзі көрсетілді. Сын есімнің сөз табы ретінде терминжасамдағы рөлі сипатталды. Қазақ тілінің ақпараттық технология терминологиясындағы қатыстық сын есімдер дұрыс берілмей жүргендігі өзбек, түрік, әзірбайжан тілдеріндегі жасалу формаларымен салыстыра отырып түсіндірілді. Барлық информатика пәні бойынша қазақ тілінде жазылған мектеп оқулықтарында қолданылған терминдер терминком бекіткен терминдермен салыстырылды. Салыстыру нәтижесінде информатика оқулықтарындағы кейбір терминдердің терминком базасында қамтылмайтындығы және терминком бекіткен терминдердің оқулықтарда қолданылмайтындығы анықталды. Сол себепті оқулықтарға сараптама жасау барысында құзыретті органдар терминдерге міндетті түрде назар аударуы керек деген ұсыныс жасалды. Алғаш рет зерттеу жұмысында бекітілген терминдер мен кірме терминдер әлеуметтік когнитивті аспектіде қарастырылды. Осы аспекті аясында тілдік санада белгілі бір концепттердің өзектілігін тексеруге бағытталған верификация әдісіне негізделген әлеуметтанулық сауалнама өткізілді және осы сауалнама ішінде көпшіліктің кірме сөздерге қатысты ойын анықтау үшін Лайкерт шкаласының 5 баллдық бағалау көрсеткішіне негізделген пікірлер берілді. Верификация әдісіне негізделген сұрақтар нәтижесінде ұлт тілінде жасалған терминдер қолданысқа ену үстінде екендігі анықталды. Кірме сөздерге қатысты пікірлерге сауалнамаға қатысушылар жауабының бейтараптық көрсеткіші 25%-пен 30% аралығын құрайтындығы анықталды. Сауалнама көпшілік халықтың кірме сөздердің тіл тазалығын сақтауға кері әсері болатындығы жөнінде мәліметі өте аз екенін көрсетті. Зерттеу нәтижелері ақпараттық технология саласындағы ұлттық терминологияны жетілдіруге, қазақ тілінің осы саладағы ғылыми әлеуетін арттыруға және жаңа IT ұғымдарының атауларын ана тілімізге бейімдеудің тиімді тәсілдерін ұсынуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар алынған нәтижелер ақпараттық технологиялар бойынша білім беру үдерісінде, ғылыми-зерттеу еңбектер мен оқу құралдарын әзірлеуде кеңінен пайдаланылуы мүмкін. Бұл зерттеудің тұжырымдары IT терминологиясының дамуына ықпал етіп, қазақ тілінің ақпараттық технологиялар кеңістігіндегі қолданыс аясын кеңейтуге үлес қосады. Зерттеу жұмысының өзектілігі. Бүгін әлемде инновация, жаңа технологиялар, жасанды интеллект алға шықты. Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында ІТ-дің алатын орны айрықша болып отыр. Сондықтан бұл саланың тілін, терминологиясын жан-жақты зерттеп, оны қазіргі заман сұранысына қарай жетілдіруді уақыттың өзі талап етуде. Қай халық тілінің болсын терминдер қорына шет тілдерінің атауларын, халықаралық терминдерді қабылдаудың өзіндік қиындықтары мен өзгешеліктері, басшылыққа алған ұстанымдары болады. Алайда кез келген тіл иесі ұлттық терминқорын қалыптастыруда өз тілінің әлеуетіне жүгініп, өзіндік терминжасам тәсілдерін басшылыққа алатынын әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр. Қазақстан Республикасындағы тiл туралы заңның Тілдерді дамыту саласындағы мемлекеттік реттеудің негізгі міндеттері атты 3-2-бабында қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қолданылуын кеңейтуді қамтамасыз ету қажет екені жазылған. Осы заңға сәйкес мемлекеттік тілдің дамуы тікелей ғылым тілін дамытумен, яғни терминдермен, терминжүйемен байланысты екені белгілі. Қазіргі ақпараттық технология саласының қазақ тілінде терминологиясының қалай дамып, қалыптасып, қолданысқа еніп жатқандығын жан-жақты зерттеу, негізгі үрдістерді қадағалау, терминжүйенің басты ерекшеліктерін айқындап, кетіп жатқан олқылықтарын көрсету, терминдерді біріздендіру – диссертациялық жұмыстың өзектілігі. Сонымен қатар диссертациялық жұмыстың маңыздылығы – Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 16 қазандағы № 914 Қаулысындағы бекітілген терминдерге мониторинг жүргізу, Қазақстан Республикасындағы тіл саясаты мәселелері бойынша әлеуметтану және талдамалық зерттеу жүргізу, қазақ тілі терминологиясының ғылыми негіздерін жетілдіру жөніндегі шаралар қабылдау (қазақ тілінің сөзжасамдық, фонетика-морфологиялық табиғатына сай кірме терминдерді игерудің тиімді модельдерін әзірлеу және процесті автоматтандыру) секілді іс-қимыл жоспарындағы бірқатар тармақтардың орындалуына үлес қосу. Зерттеудің нысаны – қазақ тілінің ақпараттық технология (IT) терминжүйесі. Зерттеу жұмысының пәні – ақпараттық технология терминдерінің жасалуы мен қолданыс ерекшеліктері. Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Зерттеу жұмысының мақсаты – қазақ тілінің ақпараттық технология терминжүйесіндегі ерекшеліктерді анықтау және олардың қазіргі қолданыстағы жай-күйіне лингвистикалық сараптама жасау. Сонымен қатар бекітілген терминдерді түркі тілдерімен салыстыра талдап-зерттеу. Қойылған мақсатқа қол жеткізу үшін төмендегідей міндеттердің шешілуі көзделеді: - терминтану саласының қалыптасу тарихын, теориялық негіздерін қарастыра отырып, ақпараттық технология терминологиясының қазақ тілінде қалыптасуына шолу жасау; - қазақ тілінің ақпараттық технология терминологиясын қалыптастыруда қолданылған терминжасам тәсілдері мен сала терминжүйесін түзуде пайдаланылатын негізгі көздерді көрсету; - түркі тілдерінің ортақ терминқорын қалыптастыруға үлес қосу үшін, түркі тілдерінің терминологиясына қатысты жасалынған ғылыми зерттеу жұмыстарына шолу жасай отырып, осы тілдердегі ақпараттық технология терминдерін жасаудағы ерекшеліктерді анықтау; - тіл біліміндегі дәстүрлі терминология мектебінің теориясына сәйкес терминологияда болмауға тиіс синонимия үдерісіне қатысты түркі тілдері деректерін өзара салыстыра отырып зерттеу негізінде тұжырым жасау; - қазақ тілінің ақпараттық технология терминдерінің қолданыс ерекшеліктерін анықтау. Зерттеу жұмысының дереккөздері. Зерттеу жұмысында материал ретінде қолданылған сөздіктер: қазақ тілінің 30 томдық «Қазақша-орысша, орысша-қазақша терминологиялық сөздіктер» топтамасындағы (3 том) «Информатика және есептеуіш техника» саласына қатысты сөздігі (2014), «Ақпараттану және есептеу техникасы терминдерінің орысша-қазақша-ағылшынша сөздігі» (Ж.С. Сарыпбеков, Б.Қ.Шенсізбаева, С.Ғ. Ахметова, Ж.Б. Нәлібаев, 2017) және Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі «Информатика және компьютерлік техника» (2002), өзбек тілінің «Ахборот-коммуникация технологиялари изоҳли луғати» (2010), әзірбайжан тілінің «İnformatika terminlərinin izahli lüğəti (ingiliscə-rusca-türkcə-azərbaycanca)» (2017), түрік тілінің «Bilgisayar Terimleri Karşılıklar Kılavuzu» (2013). Дереккөз ретінде қолданылған онлайн сөздіктер: қазақ тілінің termincom.kz терминдер базасы және https://sozdikqor.kz/ сөздік қор сайты, қырғыз тілінің el-sozduk.kg сөздіктер базасы, түрік тілінің lugatim.com сайты, орыс тіліндегі сөздердің этимологиясын анықтау үшін lexicography.online сөздіктер базасы және ағылшын тілінен енген сөздердің этимологиясын анықтау үшін www.etymonline.com базасы, терминдердің анықтамасын беру үшін https://dictionary.cambridge.org. Зерттеу барысында пайдаланылған мектеп оқулықтары: Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі ұсынған «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» 4-сынып («Арман – ПВ» баспасы, 2019), «Информатика» 5-сынып («Алматыкітап баспасы», 2020), «Информатика» 6-сынып («Алматыкітап баспасы», 2020), «Информатика» 7-сынып («Алматыкітап баспасы», 2021), «Информатика» 7-сынып «Атамұра» баспасы (2021), «Информатика» 7-сынып («Арман – ПВ» баспасы, 2021), «Информатика» 8-сынып (2021). Салыстырмалы зерттеу үшін қолданылған түркі тілдерінің мектеп оқулықтары: түрікмен тілінде жазылған «Kompýuter tehnologiýasy (Ýokary okuw mekdepler üçin okuw kitaby)» (2007), «Informatika we informasiýa tehnologiýalary Orta mekdepleriň VIII synpy üçin synag okuw kitaby» (2009), Mesleki ve teknik anadolu lisesi 9 сынып оқулығы (2020), Programlama temelleri 9 сынып ders kitabı (2020). Зерттеу үшін түрлі мамандық иелері арасында арнайы жүргізілген 828 респондентті қамтыған әлеуметтанулық лингвистикалық сауалнама деректері және SCOPUS базасындағы 1978-2024 жылдар аралығында жарияланған 118 жарияланым зерттеу жүргізу үшін қолданылды. Тақырыптың зерттелуінің әдіснамалық негізі ретінде отандық және шетелдік зерттеушілердің терминтану, жалпы терминология мәселелеріне арналған зерттеулері мен негізгі теориялық тұжырымдары алынды. Зерттеулері мен еңбектері басшылыққа алынған отандық ғалымдар: А. Байтұрсынұлы, Е. Омарұлы, Н. Төреқұлұлы, Қ. Жұбанов, Ә. Қайдаров, Ө. Айтбаев, Д. Ысқақұлы, Ш. Құрманбайұлы, С.С. Исакова, С. Әлісжан, Қ.Ж. Айдарбек, Ә.Ж. Әміров, С. Құлманов, А. Мустафаева, А.Б. Жиекбаева, И.С. Мұратбаева, Г.О. Заурбекова, Г.А. Бегимова, Г.З. Бейсембаева, Н.А. Утемгалиева, Н.Ұ. Абдуллина және т.б. Көрнекті шетелдік ғалымдар: О. Вюстер, Х.К. Сагер, М.Т. Кабре, Г. Рондо, П. Фабер, Х. Зулфикар, Р. Теммерман, және т.б. Ресейлік ғалымдар: О.С. Ахманова, А.А. Реформатский, В.М. Лейчик, В.П. Даниленко, Т.Л. Канделаки, А.В. Суперанская, Б.Н. Головин, Р.А. Будагов, С.В. Гринев, И. Атанасова, С.В. Гринев - Гриневич, Д.С. Лотте, Э.А. Сорокина, М.А. Молчанова, Т.В. Акуликина, Н.З. Котелова және т.б. Диссертациялық зерттеуде қолданылған әдіс-тәсілдер. Зерттеу жұмысында ақпараттық технология терминологиясын зерделеу үшін сипаттамалы әдіс, салыстырмалы және салғастырмалы әдіс, сауалнама әдісі және терминдердің тілдік санадағы өзектілігін анықтау үшін верификация әдісі, деректерді математикалық және статистикалық өңдеу әдісі қолданылды. Сондай-ақ терминдерді топтау, сұрыптау секілді тәсілдер пайдаланылды. Жұмыстың теориялық маңыздылығы Зерттеу жұмысы барысында қазақ тіліндегі ақпараттық технология терминдер жүйесіне кешенді талдау жасалды. Зерттеудің нәтижелері қазақ тіл білімінде терминология, терминжасам мен сөзжасам теориясына өз үлесін қосады. Зерттеу барысында жасалынған тұжырымдамалар мен нәтижелер қазіргі терминологияның кейбір мәселелерінің шешімін табуға, сала тілінің дамуына, қалыптасуына септігін тигізеді. Жұмыстың практикалық құндылығы Зерттеудің нәтижелері қазіргі қазақ терминологиясы жөнінде жаңа ой-пайымдаулар жасауға мүмкіндік береді. Диссертацияның негізгі материалдары мен теориялық тұжырымдарын жоғары оқу орындарында қазақ терминологиясының теориясы салаларынан оқулықтар мен оқу құралдарын жасауда, арнайы семинар мен арнайы курстық, аудиториялық дәріс оқуда пайдалануға болады. Зерттеу нәтижелерін «Терминжасам», «Салалық терминология», «Түркі терминологиясы» сияқты арнаулы курстарда кеңінен пайдалануға болады. Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы Зерттеу жұмысының негізгі ғылыми жаңалықтары ретінде төмендегілерді атауға болады: - Алғаш рет қазақ тілінің ақпараттық технология саласына қатысты зерттеулерге кеңінен шолу жасалып, дәстүрлі терминология теориясынан өзге де теориялық ұстанымдар мен терминологияның әлеуметтік когнитивті терминология, социотерминология сынды жаңа бағыттарының ерекшеліктері ескеріле отырып, тың мәліметтер беріліп, жаңаша тұжырымдар ұсынылды. - Қазақ тілінің ақпараттық технология терминологиясындағы латын және грек тілдерінен енген кірме түбірлердің сандық үлесі анықталды және олардың қолданылу жиілігі өзара салыстырылды. - Осы зерттеу жұмысында будан терминдер тілдердің термин жасаудағы қатыстылығына сәйкес жіктелді. - Қазақ тілінің ақпараттық технология терминдерін жасауда қолданылған жұрнақтар түрік тілінің компьютер терминдерін жасауда қолданылған жұрнақтарымен салыстырылды. - Түркі тілдеріндегі (қазақ, өзбек, түрік, түрікмен, қырғыз, әзірбайжан) IT терминологиясы орыс және ағылшын тілдерімен салғастырыла отырып, олардың терминжасам көздері айқындалды. - IT терминологиясындағы сын есімдердің ағылшын тілінен түркі тілдеріне ену және бейімделу механизмдері алғаш рет кешенді түрде салыстырылып, транслитерация, төл балама жасау және сөзжасамдық жұрнақтар арқылы сын есім тудырудың типтік үлгілері анықталды. - Қазақ және түрік тілдеріндегі ақпараттық технология (IT) терминологиясындағы синонимия құбылысына талдау жасалды. - «Информатика» пәні бойынша жазылған барлық мектеп оқулықтарындағы бекітілген терминдердің қолданысына жүргізілген талдау нәтижесінде терминдердің қолданылуына қатысты нақты мәселелер анықталды және осы мәселелерді шешу үшін ұсыныстар берілді. - Зерттеу жұмысында ақпараттық технология терминдері алғаш рет әлеуметтік-когнитивтік аспектіде қарастырылып, олардың қолданысы верификация әдісі арқылы бағаланды. Зерттеудің негізгі нәтижелерінің сипаттамасы: Докторант зерттеу жұмысының қорытындылары мен нәтижелері бойынша ҚР Ғылым және жоғары білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған ғылыми басылымдарда 8 (сегіз) мақала, халықаралық конференцияларда 7 (жеті) мақала және отандық ғылыми журналда 1 (бір) жариялады. ҚР ҒЖБССҚК ұсынған отандық басылымдарда жарияланған мақалалар тізімі: 1. Қазақ тіліндегі метафоралау әдісі арқылы жасалған компьютер терминдері // Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Хабаршысы. Филология сериясы. – 2022. – №1 (185). – Б. 4-10. (бірлескен автор: Акимбекова Г. Ш., докторанттың үлесі – 90 %). 2. Қазақ тіліндегі ақпараттық технология (IT) терминдерінің қолданысы // Tıltanym. – 2023. – № 1 (89). – Б. 169-181. (бірлескен автор: Құрманбайұлы Ш., докторанттың үлесі – 90%). 3. Hybrid terms in the information technology terminology of the kazakh language // Торайғыров университетінің хабаршысы. Филологиялық серия. № 3. – 2023. – Б. 169-180. (докторанттың үлесі – 100%). 4. Suffixes used in creating information technology terms in the Kazakh and Turkish languages // Tiltanym. – 2025. – № 97 (1). – Б. 172-185. (бірлескен автор: Нергис Б., докторанттың үлесі – 80%). 5. Қазақ тілінің ақпараттық технология терминологиясындағы қатыстық сын есімдердің жасалымы // Ш. Уәлиханов атындағы КУ хабаршысы. Филология сериясы. – 2025. – № 1. – Б. 92–104. (бірлескен автор: Ақтанова А., докторанттың үлесі – 90 %). 6. The Influence of Latin and Greek Elements on the Development of IT Terminology in the Kazakh Language // Қарағанды университетінің хабаршысы. Филология сериясы. – 2025. – № 30, 2 (118). (докторанттың үлесі – 100%). 7. Computer science terminology: analysis of scientific publications in the scopus database // Торайғыров университетінің хабаршысы. Филологиялық серия. № 2. – 2025. (бірлескен авторлар: Құлжанова Б.Р., Жанжигитов С.Ж., докторанттың үлесі – 75 %). 8. Түркі тілдеріндегі компьютерлік терминология: аппараттық қамтым атауларының жасалымы// Ясауи университетінің хабаршысы. – 2025. – № 4(138). –Б. 187–199. (бірлескен авторлар: Құрманбайұлы Ш., Маралбек Е., докторанттың үлесі – 80%). Халықаралық конференцияларда жарияланған мақалалар: 1. Қазақ тілінің ақпараттық технология саласындағы кірме терминдердің шыққан төркіні // Дәстүр мен жаңашылдық тоғысындағы тіл және әдебиет мәселелері: халықаралық ғылыми конференция материалдары (Нұр-Сұлтан: Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, 2021. – Б.159-163.) (докторанттың үлесі – 100 %). 2. Информатика саласындағы аппараттық қамтым (hardware) терминдерінің түркі тілдерінде жасалуы (қазақ, түрік, әзірбайжан тілдері негізінде) // IX Халықаралық түркология конгресі. Түркі мәдениеті мен өркениетінің сабақтастығы (20-22 Қазан 2021) материалдардың жинағы (Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті басылымдары. – Б. 1277- 1284). (докторанттың үлесі – 100 %). 3. Қазақ тілі мен түрік тілінің термин жасау қағидаттарының ұқсастықтары // International congress of Kazakh history, culture and language (27-28 December 2021, Ankara, Türkiye. – P. 224-231) (докторанттың үлесі – 100 %). 4. Kazakça ve türkçede bilgi teknolojisi terimlerinin gelişimi // Türklük bilimi araştırmaları (Türk Dünyasından Makaleler) (Denizli, 2023. – S.140-152. e-kitab). (докторанттың үлесі – 100 %). 5. Bilişim Teknolojisi Terminolojisindeki Eş Anlamlılık Olgusunun Kazakça ve Türkçedeki Görünüşü // 14. Uluslararasi dünya dili türkçe sempozyumu, Bildiri kitabi (Alanya-Antalya, 2022. – S. 128-135). (докторанттың үлесі – 100 %). 6. Қазақ, өзбек, түрік, әзірбайжан тілдерінің ақпараттық технология терминологиясында сын есімдердің жасалымы // X Халықаралық түркі әлемі зерттеулері симпозиум жинағы I том (Алматы, 2023. – Б. 123-130). (докторанттың үлесі – 100 %). 7. Bilişim teknolojisi alanina ait kazakça ve türkçe terminolojideki alinti sözcükler // 1. Hitit üniversitesi türk dili, edebiyati ve kültürü sempozyumu bildirileri kitabi (Kut yayinlari, 2023. – S. 333-338). (докторанттың үлесі – 100 %). Отандық журналда жарияланған мақала: 1. Информатика саласына қатысты мектеп оқулықтарында терминдердің қолданылуы // Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының «Білім-Образование» ғылыми-педагогикалық журналы. – 2024. – №108(1). – Б.19-28. (бірлескен авторлар: Кочак М., Есполова, Ж. Е., докторанттың үлесі – 80 %). Диссертацияның құрылымы. Диссертациялық жұмыс кіріспеден, 4 бөлімнен, қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тізімінен, 5 қосымшадан тұрады.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://www.youtube.com/watch?v=L8LBOIB3nA4
