
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Кәпұлы Дәулеткерей «6D021400 – Әдебиеттану» мамандығы бойынша ««Ақыт Үлімжіұлының әдеби мұрасы»» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Қазақ әдебиеті кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Ердембеков Бауыржан Амангелдіұлы – филология ғылымдарының докторы, профессор. Абай облысы білім басқармасының басшысы. (Семей қ., Қазақстан);
Дауренбекова Лаура Нугайбековна – филология ғылымдарының кандидаты, А.Қ. Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институты қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының қауымдастырылған профессоры (Астана қ., Қазақстан);
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Метин Екижи – философия докторы (PhD), Еге университеті Түркі әлемін зерттеу институтының профессоры, (Измир қ., Түркия).
Cмағұлов Жандос Қожахметұлы – филология ғылымдарының докторы, Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық зерттеу университеті қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры (Қарағанды қ., Қазақстан).
Калиева Альмира Кайыртаевна – филология ғылымдарының кандидаты, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты бас директорының ғылым жөніндегі орынбасары (Алматы қ., Қазақстан).
Ғылыми кеңесшілері:
– Қасқабасов Сейіт Асқарұлы ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры. (Астана қ., Қазақстан);
– Хуан Жуншян – филология ғылымдарының докторы, Қытай қоғамдық ғылымдар академиясы Этник әдебиеттер институтының профессоры, (Бейжің қ., ҚХР);
Қорғау 2026 жылғы 4 сәуір, сағат 15:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «6D021400 – Әдебиеттану» мамандығы бойынша «8D023 – Тілдер және әдебиет» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңестің отырысы аралас форматта өтеді.
Сілтемесі: https://clc.li/thCys
Мекен-жайы: Астана қ., Қ. Сәтбаев көшесі, 2, оқу-әкімшілік ғимарат, № 302 ауд.
Аңдатпа (қаз.): Кәпұлы Дәулеткерейдің «Ақыт Үлімжіұлының әдеби мұрасы» тақырыбындағы диссертациясы 6D021400 – «Әдебиеттану» мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін дайындалған АҢДАТПА Зерттеу жұмысының өзектілігі. Қазақтың терең тамырлы әдебиетінің көркемдік-эстетикалық, тақырыптық-идеялық даму жүйесін оның ата тарихындағы қилы кезеңдерден тысқары қарастыру мүмкін емес. Ұлтымыздың тәуелсіздік жолындағы арпалысқа толы қилы дәуірлерін бір тұтас қазақ әлемінің азаттық аңсарындағы ортақ мұраты мен мақсаты тұрғысынан зерттеуде әлі де болса қолға алынар ғылыми мәселелер аз емес. Шет елдегі исі қазақтың саяси еркіндігі мен рухани бірлігін сақтауда ұлттық сөз өнері өзіне жүктелген көркемдік қызметін атқарып келді. Әдебиетіміз ұлттық сана мен жадтың қозғаушы күші ретінде жер жаһандағы қазақ бірегейлігін сақтап қалу мен ұйыстырудағы көркемдік мұратынан жаңылған емес. Қазақ сөз өнерінің басты ерекшелігі – өзінің тарихи мекеніндегі отандастарымен қатар сырттағы қандастарының елдік қасиеттерін, береке-бірлігін жырлаудағы отаншылдық қуатында. Кеңестік саясат қысымы ұлттық әдебиетіміздің басты сипатын елдік мәселелермен тарихи байланыста, көркемдік дамудағы дәстүр ұласуымен бірлікте кешенді зерттеп, рухани айналымға түпкілікті енгізудегі ғылыми ізденістерге кедергі жасап келді. Ұлттық қозғалыс, азаттық күрестерін аяусыз жаншып отырған кеңестік идеология Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Түркия елдеріндегі қазақ халқына ортақ рухани құндылықтарға секемшілдікпен қарап, оларды байырғы тарихи отанымен байланыстырмауға тырысты. Біртұтас қазақ әлемінің рухани жаңғыруынан үрейленіп, шетелдегі қандастарымыздың әдеби мұрасының Қазақстанда танылуына, насихатталуына жол бермей келді. Сөйтіп, Қазақ елінен тысқары жерлерде отырған қазақ ирридентері болсын, қазақ диаспорасы болсын қай-қайсысының небір ғұлама ақын-жазушылар шығармашылығы, көркем туындылары ұлы арнасына қосылмай, бейтарап өмір кешіп, зерттеуден тыс қалды. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ұлттық мәдениеттің маңыздылығын атап өтіп, оны жаңғырту мен дамыту қажеттігін айтты. Бұл бағытта мәдениет саласындағы мемлекеттік саясатты қайта қарау, мәдени жобаларды қолдау және ұлттық құндылықтарды насихаттау маңызды міндеттер ретінде белгіленді [1]. Осы рухани үрдістерден шеттегі қандастарымыздың асыл қазынасының шет қалуы мүмкін емес. Қазақ халқының ұлттық идеясы, ұлттық бірегейлігі шет елдердегі қандастарымыздың рухани әлемімен тамырласып жатқан күрделі құбылыс. Шетелдегі қазақ әдебиеті мен мәдениетінің бірегей тұлғаларының шығармашылығын, әдеби мұрасын зертеп танудың маңызы зор. Сондай алып тұлғалардың бірі – ақын Ақыт қажы Үлімжіұлы. Ақын сол кезеңнің тарихи себептеріне байланысты Қытайдың Шынжаң өлкесі мен Моңғолияның Бай-Өлке аймағында алма-кезек өмір сүрді. Оның туындыларында осы екі аймақты мекен еткен қазақ халқының азаттық аңсарындағы рухы, өмір тіршілігі, діл-діні, жай-күйі, болмыс-бітімі, салт-санасы, дүниетанымы көрініс тапты. Қазақ халқының ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі салт-дәстүрін, әдебиетін, мәдениетін, дінін, тарихы мен пәлсапасын, психологиясын зерттеуге, толыққанды тануға Ақыт Үлімжіұлының еңбектерінің қосар үлесі ерекше. Дәстүрлі қазақ сөз өнерімен қатар Абай, Алаш ұранды әдебиеттің ұлтты ояту, елдік қасиеттерін қамшылаудағы кемел ойларынан нәр алып отырған Ақыт ақын – Қытайдағы қандастарының азаттық жолындағы күресін қолдаған қайраткер тұлға. Оның барша саналы ғұмыры, шығармашылығы ұлтының өзекті де өміршең мәселелерімен біте қайнасып жатыр. Жасынан әлеумет тыныс-тіршілігіне, қоғам ахуалына қанық болып өскен ақын туған халқының азаттық жолындағы күресін жырлауды азаматтық парызы деп білді. Қазақ тарихында «Шығыс Түркістан ұлт-азаттық көтерілісі» деген атпен қалған Алтайдағы, яғни Қытайдағы қазақтардың атақоныс үшін атқа қонуы, отаршыл жуан жұртқа жота көрсетуі – ұлтарақтай жер үшін ұран салатын, сүйем жерге сүйегін беріп өлген аталар ерлігінен туған әрекет еді [2]. Елдік мүддеге қызмет еткен ақын, ағартушы, дін ғұламасы Ақыт қажы қудаланып, Үрімжідегі абақтыға жабылады. Көктоғайдағы Шың Шы Сай белсенділері ақынды 1939 жылы 24 желтоқсан ұстап, барлық кітап, қолжазбасын тәркілейді. Алтай өлкесіндегі рухани қазынаның ұясы болған Ақыттың атақты Ақмешіті қиратылып, кітапхана түгелімен өртелді. Беделді тұлғаның азаттық рухындағы өлеңдерінен үрейленген өктем билік оның көзін жойып тынды. «Бурылтоғай ауданының қисса-дастандары» (1992) атты ауыз әдебиет үлгілерінің жинағында қамтылған «Қан кешу» тарихи жырда Ақыт ақын ұсталған қилы кезең ахуалы шынайы суреттелген. Сондықтан шеттегі қандастарымыздың азаттық жолындағы күресін, елдік қасиеттерін сақтаудағы жанкештілігін жырлаған ақын мұрасын Қазақстанда насихаттау, зерттеп зерделеу өзекті тақырып. Ақын шығармашылығынан шетелдік және отандық әдебиетші ғалымдар, қаламгерлердің әдеби, тарихи, этнография мазмұндағы мақала, еңбектері жазылғанымен, Ақыт мұрасы арнайы зерттеу нысанына алынған емес. Әдебиеттанушы, этнограф Б. Бопайұлы, З. Сейітжанұлы, Қ. Мұхамадиұлы, Р. Айдарханұлы, Қ. Жанәбілұлы, Ғ. Ақытұлы, Г. Омарова еңбектері ақыттануға қосылған құнды дүниелер. Осы бағыттағы ғылыми ізденістерді жүйелеу, жаңа талдаулар және ғылыми саралаулармен толықтыра дамыту өзектілігі күн тәртібінен түскені жоқ. Бұл тұрғыда ақын Ақыт Үлімжіұлының әдеби мұрасының алғаш рет докторлық диссертацияғы нысан болып алынуы тақырып өзектілігін әрі қазіргі ұлттық әдебиеттану сұранысына лайықты екенін көрсетеді. Зерттеу жұмысының мақсаты. Шетелдегі қазақ әдебиетінің рухани көшбасшысы Ақыт Үлімжіұлы шығармашылығының ұлттық сөз өнерінің көркемдік дамуындағы маңызын, поэзиясының тақырыптық-идеялық, жанрлық сипатын қарастыру болып табылады. Моңғолия, Қытай қазақтары әдебиетінің негізін қалаудағы шығармашылық тұлғасының қалыптасу жолдарын айқындап, поэзиясының ұлт бірлігін, ел азаттағын жырлаудағы маңызын талдау. Зерттеу жұмысының осы мақсатына жету үшін төмендегідей міндеттер қойылды: – Моңғолия, Қытай қазақтарының рухани көшбасшысы, шетелдегі қазақ жазба әдебиетінің негізін салушылардың бірі өмір Ақыт Үлімжіұлының өмір белестерін қарастырып, дүниеге келген жылы, айына қатысты деректерді нақтылау, бірізділендіру; – қазақ сөз зергерлері арасынан алғашқылардың бірі болып кітап бастырушы тұлғаның әдеби мұрасының зерттеп зерделенуін, жинап жариялану жолдарына жүйелі қарастыру; – Ақыттану ілімінің қалыптасу жолдарына тән ғылыми-зерттеушілік, әдеби-танымдық ізденістерді саралап, ақын мұрасын танудағы қазіргі ізденістердің даму бағытын байыптау; – шығармашылық және азаматтық тұлғасының қалыптасуына тән өзіндік ерекшеліктерді бажайлап, ақындық дүниетанымының толысуына ықпал еткен рухани, саяси-әлеуметтік мәселелерді зерделеу; – көркемдік ізденісіндегі тақырыптық-идеялық жүйе, көркемдік-эстетикалық өзегін сол дәуірдегі ұлттық әдебиеттің даму барысымен, әдеби бағыттарымен байланыста саралау; – өлең-жырларының жанрлық жүйесін айқындап, тың тақырып, соны идеяға құрылған туындыларын қарастыру; ‒ қоғамды ізгілендіру, адамдарды рухани кемелдендірудегі қисса-дастандарының құндылығын Қытай және Моңғолиядағы қазақ әдебиетіндегі эпикалық жанрдың дамуына қосқан үлесі тұрғысынан айқындау; – ұлттық идеяны жырлаудағы ақындық ерекшелігіне, өзіндік стиліне әдеби талдаулар жасау; – ақын шығармаларының текстологиясын саралап, телқоңыр сипаттағы өлеңдерінің мәтініне талдаулар жүргізу; – біртұтас қазақ идеясын жырлаған ақын мұрасының шет елдегі рухани құндылықтарды танудағы кешегі және қазіргі тұғырын тұжырымдау. Зерттеу жұмысының нысаны. Зерттеу нысанына шетелдегі қазақ әдебиетінің көшбасшысы, ағартушы қайраткер Ақыт Үлімжіұлының әдеби мұрасы, қазақ поэзиясының көркемдік дамуға жасаған шығармашылық ықпалы алынды. Зерттеу жұмысының пәні. Ақыт Үлімжіұлының әдеби мұрасы және қазақ поэзиясының дамуындағы дәстүр ұласуының тарихи сабақтастығы. Зерттеу жұмысының хронологиялық шеңбері. Зерттеудің хронологиялық аясы ХІХ ғасырдың соңғы ширегі мен ХХ ғасырдың қырқыншы жылдарын қамтиды. Зерттеу жұмысының әдістері. Зерттеу жұмысында салыстырмалы мәтіндік талдау, құрылымдық талдау, жүйелеу әдістері сондай-ақ тарихи-типологиялық, тарихи-генетикалық, әдеби-тарихи әдістер қолданылды. Зерттеу жұмысының деректік негізі. Диссертациялық жұмыстың дерекқоры ретінде Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Отырар» кітапханасы, Түркі академиясы кітапханасы, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба қоры, Улан-Батор, Бай-Өлке (Моңғолия) кітапханасы мен мұрағаттары алынды. Сондай-ақ отандық, шетелдік интернет ресурстар мен ғылыми базалар және солар арқылы әлемдік ғылыми басылымдар мен электронды кітапханалар қолданылды. Зерттеудің дереккөздері ретінде әдебиеттанушы Қ. Қалиасқарұлы, ақын К. Жанжұңұлы дайындаған Ақыт басылымдары, Қытайдағы әдебиеттанушы, этнограф Б. Бопайұлының «Ақыт ақиқаты» еңбегі, Қ. Жанәбілұлы бастаған зерттеушілер мақалалары топтастырылған «Отаншыл ағартушы – Ақыт» атты жинақ қолданылды. Сонымен қатар ф.ғ.д., профессор З. Сейітжанұлының «Ақыт ақын» кітабы, Ғазез Ақытұлының «Қазақ тарихындағы әйгілі адамдар» сериясымен Қытайда жарық көрген «Ақыт Үлімжіұлы» еңбегі, осы жұмысты Алматыда («Мұсылман баспа үйі») қайта қарап, түсініктерін жазып баспаға ұсынған Ақыт мұраларын зерттеуші Г. Омарова, Қытайдағы қандасымыз Р. Айдарханұлы құрастыруымен «Іле халық баспасынан» жарық көрген «Ақыттану» кітабы, Моңғолия Ғылым академиясы Халықаралық қатынастарды зерттеу институтында шыққан Қ. Мұхамадиұлының «Ақыт Үлімжіұлы Қарымсақов Алтайский» кітабы, байөлкелік ақыттанушылардың қатарында белгілі қаламгер, ардагер журналист Б. Тоқанұлы еңбектері негізге алынды. Шетелдегі қазақ рухани әлемін түрлі қырынан қарастырған Н. Мыңжани, О. Егеубаев, Ж. Сәмитұлы, Ғ. Ақытұлы, Қ. Қалиасқарұлы, К. Жаңжұңұлы, Т. Кәкішұлы, Т. Жұртбай, Н. Қазыбеков, З. Сейтжанұлы, Д. Мәсімханұлы еңбектеріндегі Ақыт қажы өмірі, шығармашылығына қатысты деректер, талдаулар пайдаланылды. Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. Шетелдегі қазақ әдебиетінің айтулы тұлғасы Ақыт қажы Үлімжіұлы шығармашылығы, поэзиясы алғаш рет докторлық диссертация нысанына алынып, біртұтас қазақ әлемінің рухани кеңістігіндегі маңызы тұрғысынан қарастырылып отыр. Зерттеудегі ғылыми ізденістер нәтижесі ақын өмірбаянын жаңа деректермен толықтыруға, әдеби мұрасын ұлттық идея, ұлттық бірегейлікті сақтау үрдісіндегі құндылығы жағынан тереңірек талдауға мүмкіндік береді. Шығармашылығы этнография, мәдениеттану, ұлттану бағытындағы ізденістер аясында қарастырылып жүрген ақын туындылары қазақ поэзиясының көркемдік дамындағы сабақтастықта талданды: 1. Ақыт Үлімжіұлының ақындығы шетелдегі қазақ әдебиетінің көркемдік дамуына өрісті ықпал еткен, тақырыптық арнасы ұлттық идеямен қуаттанған бірегей шығармашыл тұлға екені тұжырымдалды. 2. Ақын ғұмырбаяны жаңа қырынан екшеліп, 1868 жылы қараша айында өмірге келгені нақтыланды. 3. Ақыт Үлімжіұлы қазақ жазба әдебиетінің негізін салушылардың бірі, қазақ сөз зергерлері арасынан тұңғыш болып кітап бастырғаны нақты бұлтартпас деректермен дәлелденді. 4. Қытай, Моңғолиядағы қазақ жазба әдебиетінің көшбасшысы болғаны көркем туындылары негізінде сараланды. 5. Ақынның қазақ халқының дәстүрлі сөз өнерімен қатар Шығыс класссикалық әдебиетінен сусындап, нәзира үрдісінде қандастарының бойына діни-имандылық құндылықтарын сіңіргені бағаланды. 6. Ағартушылық қызметінің шетелдегі қазақтардың санасын оятып, өнер-білімге ұмтылуына жасаған ықпалы байыпталды. 7. Қисса-дастандарының рухани кемелденудегі құндылығымен бірге Моңғолия және Қытайдағы қазақ әдебиетіндегі эпикалық жанрдың дамуына қосқан шығармашылық ықпалы тұрғысынан екшелді, қазақ әдебиетінде «Керей Ишаны Мұхамет мүмин» (1903), «Қажыбаян» (1908) атты тұңғыш өлең роман жазғаны айқындалды. 8. Бай-Өлкенің Делуін ауданы жерінде діни мектеп ашып, молда болған жаңашыл тұлғаның Моңғолия қазақтары арасынан мұсылман баласының бес парызының бірін өтеу үшін қажылық сапарға барған алғашқы ақындардың бірі екені, қажылық сапардан қазақ әдебиетінде алғаш «Қажыбаян» дастаны жазылғаны дәйектелді. 9. Шығармашылығында дәстүрлі халық әдебиетіндегі қисса, дастан, назым, жыр, толғау түрлерімен қатар реалистік поэзияның жанрлық, көркемдік-эстетикалық жүйесі тоғыса отырып дамуының ерекшеліктері анықталды. 10. Ақынның «Ғақлиялық үндеулері» Абайдың «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек», «Қыран бүркіт не алмайды, салса баптап», «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», «Көңілім қайтты, достан да, дұшпаннан да», «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат», «Сабырсыз, арсыз, еріншек», «Мәз болады болысың», «Бойы бұлғаң» т.б. өлеңдерімен үндес екендігі зерделенді. 11. «Ойласаң Ұлы Елдікті» деген көркемдік таныммен біртұтас қазақ идеясын ұстанған қоғам қайраткері, ұлтын соған үндеген күрескер ақын екені дәлелденді. 12. ХIХ ғасырдың аяғынан бастап Қазан қаласынан он шақты кітабы жарық көрген қазақтың діни ғұламасы, ағартушы ақыны Ақыт қажы Үлімжіұлының өмірі мен шығармашылығы жан-жақты сараланып, Қытай мен Моңғолия қазақтары жазба әдебиетінің көшбасшысы болғаны тұжырымдалды. Ақыттың шетелдегі қазақтар тарихындағы айшықты орны, кешкен қилы тағдыры, әдебиетімізде алар биігі қарастырылды. Ақыт Үлімжіұлының өмірдерегі мен шығармаларының жариялануы бұрын-соңды ғылыми нақты зерттеу нысаны болғаны жоқ. Бұл шетелдегі қазақ әдебиетінің айтулы тұлғасының өмірін, шығармашылығын зерттеу нысаны етіп алған алғашқы диссертация. Зерттеудің теориялық және қолданбалы маңызы. Зерттеу жұмысының негізгі тұжырымдарын болашақта қолға алынатын ғылыми ізденістерге теориялық дәйек ретінде қолдануға болады. Сондай-ақ тұлғатанудағы ізденістерге деректік тұрғыдан пайдаға асатын зерттеушілік нәтижелер бар. Жоғары оқу орындарында ХІХ ғасырдың соңы ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті, шетелдегі қазақ әдебиеті, әлем халықтарының әдебиеті бойынша арнайы курстарды оқытуда, оқу-әдістемелік кешендерді құрастыруда қолданбалылық маңызы бар. Зерттеу жұмысының нәтижелері тек әдебиеттанушылар мен ғалымдар үшін ғана емес, сондай-ақ жалпы білім беру саласында қолданылуы мүмкін. Қазақстандағы жоғары оқу орындарында ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті, шетелдегі қазақ әдебиеті және әлем халықтарының әдебиеті бойынша арнайы курстарды оқытуда, оқу-әдістемелік кешендерді құрастыруда осы зерттеудің теориялық және қолданбалық маңызы зор. Бұл зерттеулер Ақыт Үлімжіұлы сияқты тарихи тұлғалардың шығармашылығы мен қызметінің маңыздылығын көрсетуге мүмкіндік береді, сонымен қатар оның шығармаларының әлемдік әдебиет аясындағы орны мен ықпалын анықтауға жол ашады. Зерттеушілер үшін бұл еңбек деректік тұрғыдан да аса маңызды болып табылады. Ақынның шығармалары мен өмірбаянына қатысты ақпараттар мен деректерді жинақтап, оларды ғылыми айналымға енгізу – қазақ әдебиеттану ғылымының біртұтас толыққанды жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Оның туындыларын, өмір жолын, поэтикалық мұрасын зерттеу бір ғана әдебиет зерттеушілерінің емес, жалпы халықтың мәдениеттанушылары мен тарихшылары үшін де өзекті болмақ. Аталған зерттеулерді әрі қарай дамыту, Ақыт Үлімжіұлы шығармашылығына қатысты жаңа көзқарастар мен тың ізденістерге жол ашу – ғылымдағы маңызды бағыттардың бірі болып қалатыны сөзсіз. Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар: 1. Ақыт қажы Үлімжіұлы Қытай мен Моңғолия қазақтары жазба әдебиетінің негізін қалаушы ақын. 2. «Білім мәдениет туралы», «Еңбек өнер туралы», «Насихатым бәріңе», «Ғылым – сәуле, нұр-жарық» т.б. өлеңдерінде халқын оқуға үндеп, өнер-білім жолымен өркендеуге шақырған ағартушы ақын. 3. Бай-Өлкенің Делуін ауданы жерінде діни мектеп ашып, молда болған жаңашыл тұлға. Моңғолия қазақтары арасынан мұсылман баласының бес парызының бірін өтеу үшін қажылық сапарға барған алғашқы ақындардың бірі. Қажылық сапардан қазақ әдебиетінде алғаш жазылған «Қажыбаян» дастанының авторы. 4. Ақыт қажы Үлімжіұлы шетелдегі қазақ әдебиетінде ұлт азаттығын, ұлт бірлігін жырлаған елшіл ақын. 5. Қытай және Моңғолиядағы қазақ әдебиетіндегі эпикалық жанрдың дамуына үлес қосып, қазақ тарихындағы қилы кезеңдер шындығынан «Қобда кеңес», «Жәнібек батыр» тарихи жырларын жазды. 6. Қисса-дастандары, дидактикалық өлеңдерімен ұлтын имандылыққа, адамгершілік асыл қасиеттерге баулыған руханият қайраткері, ірі имани өкілі. Діни аңыз негізінде жазылған қисса-дастандарымен нәзирашылдық дәстүрді дамытқан ақын. 7. Араб, парсы, түрік тілдерін жетік меңгерген ақын қазақ сөз зергерлері арасынан алғашқылардың бірі болып кітап бастырған өнерпаз. 8. Шығармашылығында дәстүрлі әдебиеттегі қисса, дастан, назым, жыр, толғаулармен қатар реалистік поэзияның жанрлық, көркемдік-эстетикалық жүйесі тоғыса отырып дамыған ақын. 9. Қазақ әдебиетінде «Керей Ишаны Мұхамет мүмин» (1903), «Қажыбаян» (1908) атты тұңғыш өлең роман жазған жаңашыл тұлға. 10. Поэзиясында Шынжаң қазағы үшін қасиетті де қастерлі ұғым болып табылатын «Алтай» архетипін жалпыхалықтық (жалпықазақтық) мұрат пен мүддені білдіретін идеялық темірқазыққа айналдырды. 11. «Замананы сөйлейін» өлеңі, «Зар заман» толғауымен «зар заман» ақындарының сарынында күрделі кезең ахуалына бойлады. Алып мемлекеттер қысымындағы ұлт тағдырын «Батысты қоршап орыс тұр, Сыртымда қалқа – тор басы. Ғарып Ақыт мекені – Өр Алтайдың өр басы. Айналаң тегіс қоршалды, Заманың қалай, қазағым, Жығыла ма осымен Алаштың тіккен ордасы?» деген реалистік сипатта суреттеді. «Заман тілін табайық» деп тығырықтан шығар жол іздеді. «Орыс, шүршіт тіресіп, Біріне-бірі сіресіп. Ақыры қандай болады, Кетерсің кімге ілесіп» деп келер заман ағысын болжады. 12. Абай дәстүрін ұстанып, «Ғақлиялық үндеулер» топтама өлеңдерін жазды. 13. ХХ ғасыр басындағы Ояну дәуірі әдебиетінің үрдісіне үн қатып, «Ояналық шыңдалып. Тісін қайрап қытай тұр, Мықтымыз деп бұлданып…» деген өршіл рух танытты. Ояну дәуірінің рухында елдікті ұлт санасына сіңіріп, азаттық идеясының ұраншысына айналды. Ақыт ақын шығармашылығы тақырыптық аясының кеңдігімен дараланатын тұлға. Ол моңғол, қытай елдеріндегі Алаш баласының ұлттық идеясын жырлаған қайраткер ақын. Поэзиясын дәстүрлі әдеби жанрларымен бірге классикалық сөз өнерінің реалистік әдісі тоғысуымен ерекшеленетін өнерпаз тұлға. Диссертация аясында дайындалған жұмыстардың жариялануы келесідей: Scopus aқпapaттap бaзaсынa енетін импaкт фaктоpлы бaсылымдa 1 (бір): 1. Akhit Ülimjioğlu'nun eserleri ve edebî folkloristik entegrasyon. Yıl 2025, Sayı: 114, 455 - 466, 22.06.2025. DOI: https://doi.org/10.60163/tkhcbva.1483722 ҚР ҒЖБССҚК тізіміне кіретін журналдарда келесі мақалалар жарияланды: 1. Ақыт ақын Абай жырларын – тәпсірлеуші // Қазақстанның ғылымы мен өмірі. Халықаралық ғылыми журнал – 2020. - №8. – б.187-194 (ISSN 2073-333X). 2. Ақыт Үлімжілұлы шығармашылығы және әдеби-фольклорлық интеграция // Еуразия гуманитарлық институтының Хабаршысы. – 2023. - №1. – б.214-226. ISSN 2957-5095. 3. Фольклорлық жанр және мәтін модификациясы // Еуразия ұлттық университетінің хабаршысы. – 2025. №3. – 148-158 б. https://doi.org/10.32523/2616-678X-2025-152-3-248-258
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://youtu.be/qLwYzgvMza4?si=ba45YvsMapoYl2l2
