
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Самсенова Гульжан Серикбаевна «8D02305 – Филология» білім беру бағдарламасы бойынша ««Қазіргі медиатілдің стильдік динамикасы (орыс тіліндегі қазақстандық БАҚ материалдары негізінде)»» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Теориялық және қолданбалы лингвистика кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - орыс тілінде
Ресми рецензенттер:
– Ибраева Жанар Кулматовна – филология ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, түркітану және тіл теориясы кафедрасының зерттеуші доценты (Алматы, Қазақстан Республикасы);
– Шакенова Майгуль Тулегеновна – филология ғылымдарының кандидаты, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің орыс тілі және әдебиеті кафедрасының қауымдастырылған профессоры (Шымкент қ., Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
– Бочина Татьяна Геннадьевна – филология ғылымдарының докторы, Қазан федералдық университетінің шетелдік студенттерге арналған лингвистикалық білім беру кафедрасының профессоры (Қазань қ., Ресей Федерациясы);
– Шахин Айгуль Акинжановна – филология ғылымдарының кандидаты, Астана халықаралық университетінің қазақ, орыс тілдері және тарих кафедрасының қауымдастырылған профессоры, (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
– Каирова Меруерт Калиевна - филология ғылымдарының кандидаты, Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің Гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің қауымдастырылған профессоры.
Ғылыми кеңесшілері:
– Журавлева Евгения Александровна – филология ғылымдарының докторы, профессор, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті теориялық және қолданбалы лингвистика кафедрасының меңгерушісі (Астана қ., Қазақстан Республикасы)
– Иссерс Оксана Сергеевна – филология ғылымдарының докторы, Омбы мемлекеттік университеті теориялық және қолданбалы лингвистика кафедрасының профессоры
Қорғау 2026 жылғы 26 мамыр, сағат 15:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D02305 – Филология» білім беру бағдарламасы бойынша «8D023 – Тілдер және әдебиет» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі онлайн форматта өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: https://teams.microsoft.com/meet/48777386401614?p=VMfHUBx5hvPSgFi9QI
Мекен-жайы: Астана қ., Қ. Сәтбаев көшесі, 2, №101 ауд.
Аңдатпа (қаз.): «8D02305 – Филология» білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Самсенова Гүлжан Серікбайқызының «Қазіргі медиасөйлеудің стильдік динамикасы (Қазақстанның орыс тіліндегі БАҚ материалдары негізінде)» тақырыбындағы диссертациясына Аңдатпа Жалпы сипаттама. Қазіргі заманғы бұқаралық ақпарат құралдарының көпшілігі өздерінің жеке сайттарына ие және цифрлық хабар тарату форматына көшіп, әлеуметтік платформалар мен желілер арқылы аудиториямен белсенді түрде өзара әрекеттесуде. Осылайша ақпарат ұсынудың жаңа форматтары қалыптасып келеді. Қазіргі өмірдің жедел қарқыны мен динамикасы медиаға жаңа талаптар қояды: қысқалыққа, мазмұндылыққа, көрнекілікке және материалдарды жедел ұсынуға сұраныс артып келеді. Бұл жаңалық мәтінінің функциялары мен мүмкіндіктерінің кеңеюіне, оның жанрлық және типологиялық құрылымдарының, стильдік сипаттарының және коммуникативтік стратегияларының трансформациясына әкеледі. Цифрландыру мен медиалық жаһандану жағдайында ақпараттық медиа саласындағы жаңа үрдістерді теориялық тұрғыдан зерделеу, сондай-ақ бұқаралық коммуникацияның негізгі құрамдас бөліктерінің бірі болып табылатын қазіргі медиатілдің құрылымы мен стильдік безендірілуінде болып жатқан өзгерістерді зерттеу ерекше өзектілікке ие. Интернет ақпарат таратудың негізгі платформасына айналды, ал медиатіл жаңалықтық, аналитикалық және ойын-сауық контентін ұсынудың басты формасы болып табылады. Гипермәтіндік, интерактивтілік және мультимедиялық сипаттар медиатілдің ерекше стильдік жүйесін қалыптастырып, тілдік-стильдік рәсімделудегі өзгерістерді, материалды ұсыну мен безендірудегі жергілікті ерекшеліктерді анықтауға мүмкіндік береді. Қазақстандағы медианың қызметіне қатысты нормативтік-құқықтық базаны зерттеу көрсеткендей, орыс тіліндегі БАҚ қазақстандық медиакеңістікте медиатілдің стильдік трансформациясының динамикалық үдерістерін көрсетеді, бұл тек ақпараттық саясаттың ерекшеліктерін ғана емес, сонымен қатар елдегі социолингвистикалық жағдайды да бейнелейді. Диссертацияның мақсаты – лингвистикалық, институционалдық және дискурсивтік-коммуникативтік факторлардың ықпалымен қалыптасатын динамикалық жүйе ретінде қазақстандық медиатілдің лингвистикалық және экстралингвистикалық ерекшеліктерін анықтау және сипаттау. Қойылған мақсатқа жету келесі міндеттерді шешуді көздейді: 1. медиатілдің шетелдік және отандық тұжырымдамаларын, сондай-ақ Қазақстандағы орыс тіліндегі желілік басылымдардың қызмет етуінің нормативтік-құқықтық шарттарын зерттеу; 2. қазақстандық желілік басылымдардың типологиялық ерекшеліктерін, жаңалықтық контенттің спецификасын және бір тақырыптағы жаңалықтардың қазақстандық БАҚ-та таралу кезеңдерін сипаттау; 3. жаңалық медиамәтінін дәл және жедел ұсынудың стильдік құралы ретінде грамматикалық құрылымдарды сипаттау; 4. қазақстандық желілік басылымдар медиатілінің гипермәтіндік ерекшеліктерін және көпқабатты медиакеңістікті қалыптастырудағы гиперсілтемелердің қызметін анықтау; 5. қазақстандық желілік басылымдардағы инфографиканы және интерактивтілік формаларын талдап, олардың медиатілдің коммуникативтік құрылымының трансформациясына ықпалын айқындау. Зерттеу нысаны – Қазақстанның медиакеңістігінде орыс тілінде жүзеге асырылатын қазіргі медиатілі. Зерттеу пәні – қазіргі медиатілдің стильдік динамикасын айқындайтын медиамәтіннің лингвистикалық және экстралингвистикалық құралдары. Зерттеудің теориялық-әдіснамалық негізі бұқаралық коммуникация теориясының, функционалдық стилистиканың, медиалингвистиканың, медиастилистиканың, дискурс теориясының және цифрлық медиа теориясының іргелі қағидаларына сүйенеді. Зерттеу аясында әдіснамалық негіз ретінде бұқаралық коммуникация теориясы саласындағы еңбектер (М. Маклюэн, Д. Маккуэйл, У. Липпман, К.Э. Шеннон, У. Уивер, Г. Лассуэлл, К. Ховланд, Дж. Клаппер, Э. Ноэль-Нойман, Р.А. Нуртазина және т.б.), дискурс теориясы мен сыни дискурс талдауы (А. Белл, Т. ван Дейк, М. Монтгомери, Р. Водак, Р. Фаулер, Н. Фэркло, Л.Р. Дускаева, Т.В. Чернышова, А.А. Негрышев және т.б.), медиамәтіндерді әлеуметтік-саяси контексте талдау әдіснамасы (J.E. Richardson, H. Caple, M. Bednarek, T. Harcup, D. O’Neill) пайдаланылды. Сондай-ақ публицистикалық стиль аясындағы функционалдық-стилистикалық теориялар мен БАҚ тілінің түрлі аспектілерін зерттеген ғалымдардың еңбектері (В.В. Виноградов, Г.О. Винокур, В.Г. Костомаров, А.Н. Васильева, М.Н. Кожина, Г.Я. Солганик, И.П. Лысакова, Е.В. Какорина, О.Б. Сиротинина, М.А. Кормилицына, И.А. Вещикова, Я.Н. Засурский, Е.А. Журавлева, Г.К. Ихсангалиева, К.У. Есенова, Ш.А. Сабитова, Б.Ж. Раимбекова, К.К. Сегизбаева, М.М. Аймагамбетова және т.б.), медиалингвистикалық тұжырымдамалар мен медиадискурсқа арналған зерттеулер (Т.Г. Добросклонская, Л.Р. Дускаева, Н.И. Клушина, В.И. Коньков, А.В. Белоедова, М.Ю. Казак, О.С. Иссерс, И.И. Карпенко), интернет-журналистика және медиамәтіннің құрылымдық-типологиялық аспектілері (M. Meyen, А.И. Акопов, И.Д. Фомичева, М.М. Лукина, А.А. Градюшко, Е.И. Горошко, А.А. Калмыков, Л.А. Коханова, А.В. Болотнов, А.А. Негрышев, А.Е. Курилов, Ж.Б. Есенбек, А.Б. Есенкулов, М.Б. Булатова, Е.В. Костенко, А.А. Никитенко, С.Г. Батманова, А.М. Шестерина және т.б.), сондай-ақ қазақстандық БАҚ-тың тарихы мен дамуына арналған еңбектер (Ш.И. Нургожина, Г.Ж. Ибраева, С.Х. Барлыбаева, Н.А. Аскаров, Ш.И. Калиаждарова, С.В. Ашенова және т.б.) зерттеудің ғылыми негізін құрайды. Зерттеу әдістері мен тәсілдері. Қойылған міндеттерді шешу үшін қазіргі қазақстандық медиатілдің стильдік динамикасын көпқырлы талдауға мүмкіндік беретін жалпы ғылыми және арнайы лингвистикалық әдістер кешені қолданылды. Негізгі әдістер ретінде медиалингвистикалық, стилистикалық және дискурстық талдау әдістері пайдаланылды. Бұл әдістер қазақстандық онлайн-БАҚ медиамәтіндеріндегі тілдік құралдардың қызмет ету ерекшеліктерін және олардың стильдік спецификасын анықтауға мүмкіндік берді. Сонымен қатар аталған әдістер медиамәтіннің қалыптасуына әсер ететін идеологиялық, әлеуметтік және прагматикалық факторларды айқындауға, сондай-ақ қазақстандық онлайн-БАҚ-та жаңалықтың құндылық белгілерін және оқиғалардың тілдік бейнелену ерекшеліктерін анықтауға мүмкіндік берді. Зерттеудің эмпирикалық базасы Tengrinews.kz, Zakon.kz, Казинформ, Informburo, Azattyq Rýhy, Ulusmedia, Newtimes.kz, Baigenews.kz, Kaztag.kz, Nur.kz, Kazlenta, Informburo, Orda.kz және т.б. қазақстандық желілік басылымдардан іріктеліп алынған орыс тіліндегі медиамәтіндер корпусынан тұрады. Бұл басылымдардың өзектілігі мен маңыздылығы Liveinternet.ru, Brandanalytics.ru, Mediametrics.kz сияқты медиааналитика сайттарының деректерімен расталып, тексерілді. Зерттелген материалдың жалпы көлемі 2020–2025 жылдар аралығындағы 2500 беттен асатын 1800-ден астам жарияланымды қамтиды. Бұл кезең Қазақстанның медиасаласының қарқынды дамуымен, цифрлық және мультимедиялық технологиялардың белсенді енгізілуімен, сондай-ақ елдегі әлеуметтік-саяси оқиғаларға қоғамдық қызығушылықтың артуымен сипатталады. Сонымен қатар ішінара іріктеу әдісі арқылы 563 мультимедиялық элементтен (инфографика), 255 гиперсілтемеден және 340 тақырыпаттан тұратын эмпирикалық материал таңдалып алынды. Бұдан бөлек, зерттеу материалы ретінде талданған желілік басылымдардың сайттарының басты беттері және осы БАҚ-тың басқа да цифрлық платформалары пайдаланылды. Диссертациялық зерттеудің ғылыми жаңалығы – қазіргі қазақстандық орыс тіліндегі медиатілді кешенді талдау негізінде алғаш рет: 1. Қазақстандық жаңалық контентінің өзіндік тақырыптық ерекшеліктері анықталып, бір тақырыпқа қатысты жаңалықтардың динамикалық дамуының бірыңғай алгоритмі айқындалды, сондай-ақ цифрлық орта жағдайында жаңалықты ұсынудың әр кезеңіне тән лингвистикалық маркерлер сипатталды. 2. Медиамәтіндердің жаңалықтар тақырыптарындағы грамматикалық құрылымдар қазақстандық желілік басылымдарда ақпаратты дәл әрі жедел жеткізудің функционалдық-стильдік құралы ретінде қарастырылды. Синтаксистік модельдерге жүйелі талдау жүргізіліп, олардың жаңалық медиамәтінінің экспрессивтілігі, ақпараттылығы және динамикасын қалыптастырудағы рөлі анықталды. 3. Қазақстандық желілік басылымдар медиатілінің гипермәтіндік ерекшеліктері анықталып, медиамәтін құрылымындағы гиперсілтемелердің қызметтері жүйелендірілді. Гиперсілтемелер жаңалық дискурсының когеренттілігін қамтамасыз етіп, ақпаратты қабылдау мен түсіндіру тәсілдеріне ықпал ететіні көрсетілді. 4. Қазақстандық желілік басылымдардағы инфографика мен интерактивті формаларға салыстырмалы талдау жүргізіліп, олардың медиатілдің коммуникативтік құрылымының трансформациясына әсері айқындалды. Көрнекі және интерактивті элементтерді пайдалану адресаттың медиамәтінмен өзара әрекеттесу сипатын өзгертетіні және цифрлық ортада медиакоммуникацияның жаңа формаларының қалыптасуына ықпал ететіні анықталды. Осылайша, зерттеудің ғылыми жаңалығы қазіргі қазақстандық орыс тіліндегі медиатілді лингвистикалық және экстралингвистикалық факторлардың өзара ықпалы нәтижесінде қалыптасатын тұтас динамикалық құбылыс ретінде институционалдық, лингвистикалық, дискурстық және медиакоммуникациялық тұрғыдан кешенді талдауда көрінеді. Диссертациялық жұмыстың теориялық маңызы отандық және әлемдік медиалингвистика, функционалдық стилистика, медиастилистика және бұқаралық коммуникация теориясының дамуына қосқан үлесімен анықталады. Зерттеу цифрлық орта жағдайындағы медиатілдің стильдік ерекшеліктері туралы түсінікті кеңейтеді. Лингвистика ғылымында дәстүрлі түрде баспа және аудиовизуалды БАҚ-тың стильдік ерекшеліктері зерттеліп келсе, цифрландыру вербалды компонент гипермәтіндік, мультимедиялық және интерактивті элементтермен байланысқан жаңа формалардың пайда болуына әкелді. Бұл жұмыс осы факторлардың медиамәтіннің құрылымдық-стильдік ұйымдасуына қалай әсер ететінін тұжырымдамалық тұрғыдан пайымдауды ұсынады. Диссертацияда медиатіл ұғымы Қазақстанның орыс тіліндегі медиакеңістігіне қатысты қарастырылады. Сонымен қатар оның негізгі белгілері – гипермәтінділік, интерактивтілік, мультимедиялық сипат, поликодтылық – талданады. Бұл белгілер цифрлық ортада ақпараттық өзара әрекеттесудің ерекше моделін қалыптастырады. Мұндай тәсіл лингвистикалық талдауға медиасемиотика мен коммуникация теориясы сияқты сабақтас ғылымдардың құралдарын интеграциялауға мүмкіндік береді. Медиамәтінді кешенді талдаудың функционалдық-стилистикалық, дискурстық және медиалингвистикалық тәсілдерді біріктіретін әдіснамалық моделі де теориялық тұрғыдан маңызды болып табылады. Зерттеудің практикалық маңызы – қазақстандық орыс тіліндегі БАҚ-тағы жаңалық тақырыптарының ерекшеліктері мен бір тақырып бойынша медиамәтіндердің таралу динамикасын талдау нәтижелері журналистік тәжірибеде жаңалық күн тәртібінің қалыптасу заңдылықтарын және медиадискурсты түсінуге пайдаланылуы мүмкін. БАҚ-тағы гипермәтіндік байланыстар мен интерактивтілікті зерттеу нәтижелері digital-журналистиканы меңгеру және конвергентті медианы зерттеу барысында пайдалы болуы ықтимал. Инфографиканы мультимедиялық контенттің бір түрі ретінде талдау визуалды және мультимедиялық журналистика курстарында қолданылуы мүмкін. Сонымен қатар диссертация материалдарын функционалдық стилистика, социолингвистика, медиалингвистика, медиастилистика бойынша теориялық курстарда, сондай-ақ сөйлеу мәдениеті және медиамәтіндерді редакциялау бойынша практикалық сабақтарда пайдалануға болады. Қорғауға ұсынылатын диссертацияның негізгі тұжырымдары: 1. Медиатілдің шетелдік және отандық тұжырымдамаларының негізгі қағидалары, қазақстандық интернет-БАҚ-тың орыс тіліндегі материалдарында ұсынылған жазбаша мәтіндердің терең талдауы, тілдік материалды ұсынудың коммуникативтік, дискурстық және функционалдық-стильдік ерекшеліктерінің жиынтығы қазақстандық медиатілдің ғалымдар сипаттаған канондарға сәйкес келетінін ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік шындықты құрастырудың өзіндік құралын қалыптастырып отырғанын көрсетеді. Медиатілдің қалыптасуының маңызды әдіснамалық шарты – Қазақстан медиакеңістігіндегі нормативтік-құқықтық реттеу болып табылады. Ол интернет-БАҚ қызметінің институционалдық шеңберін белгілеп, ақпарат ұсыну сипатына, редакциялардың еркіндік дәрежесіне және медиаөндірушілердің жауапкершілігіне ықпал етеді. Теориялық және құқықтық негіздердің бұл кешені медиатілдің пәнаралық табиғатын дәлелдеп, БАҚ-тың цифрлық трансформациясы жағдайында оның әлеуметтік-тілдік феномен ретіндегі маңызын негіздейді. 2. Қазақстандық желілік басылымдар поликодтылығымен, жанрлық-тақырыптық алуан түрлілігімен, материалдың билингвалды ұсынылуымен және ішкі күн тәртібіне тұрақты бағытталуымен ерекшеленетін медиаплатформалардың ерекше типологиялық тобын құрайды. Олардың жаңалықтық контенті ақпараттық оқиғалардың кезең-кезеңмен таралу динамикасын жүзеге асырады (іріктеу – пайда болу – белсенді таралу – бәсеңдеу), әрбір кезең белгілі бір тілдік маркерлермен қатар жүреді. Қазақстандық желілік басылымдар тек фактілерді жеткізіп қана қоймай, әлеуметтік және эмоционалдық тұрғыдан маңызды оқиғаларға назар аудара отырып, әлемнің медиабейнесін қалыптастырады. 3. Желілік басылымдардың стильдік келбеті тақырыпаттар мен мәтіндерде ақпаратты дәл және фактологиялық түрде ұсынуды қамтамасыз ететін грамматикалық құрылымдарды қолданумен айқындалады. Тақырыпаттарды талдау нәтижесінде сөздердің тура тәртібі мен етістіктің белсенді залогы, жай екі құрамды сөйлемдердің, жалқы есімдер мен сандық элементтердің, сондай-ақ жалғаулықсыз құрылымдардың кең қолданылатыны анықталды. Бұл құрылымдар медиамәтіннің ықшамдылығын, динамикасын және функционалдық тұтастығын қамтамасыз етеді. Анықталған грамматикалық ерекшеліктер қазақстандық желілік басылымдардың ақпараттық хабарламаның жеделдігі мен барынша түсініктілігіне ұмтылысын көрсетеді. 4. Қазақстандық интернет-басылымдар медиатілінің гипермәтінділігі саналы редакциялық стратегия ретінде жүзеге асады. Мұнда гиперсілтемелер тек құрылымдық-навигациялық қызмет атқарып қана қоймай, белгілі бір медиаресурстың ақпараттық саясаты мен басымдықтарын көрсететін стильдік маркерлер ретінде де көрінеді. Мәтіннен тыс сілтемелер навигация құралы ретінде қызмет етіп, контентті құрылымдауға ықпал етеді, ал мәтін ішіндегі гиперсілтемелер интермәтіндік желі құрып, материалды қабылдауды тереңдетеді. Гиперсілтемелердің жүйелілік деңгейі, жиілігі және композициялық ұйымдасуы басылымдардың редакциялық саясатындағы айырмашылықтарды көрсетеді: сілтемелердің шамадан тыс қолданылуы қабылдауды күрделендірсе, ал гипермәтінді жүйелі енгізу аудиторияның назарын сақтауға және медиамәтіннің мағыналық кеңістігін кеңейтуге мүмкіндік береді. 5. Қазақстандық желілік басылымдардағы инфографика мен интерактивтілік қазіргі медиатілдің трансформациясын айқындайтын негізгі мультимедиялық құралдар болып табылады. Инфографика көбіне ақпараттық және құрылымдаушы қызмет атқаратын статикалық кірістірілген визуалды элементтер түрінде ұсынылады. Алайда бірыңғай редакциялық стандарттардың және авторлық визуалды стильдің болмауы оның стиль қалыптастырушы компонент ретінде толық интеграцияланбағанын көрсетеді. Интерактивтілік тілдік, техникалық, әлеуметтік және кросс-платформалық деңгейлерде жүзеге асып, кері байланыс механизмдері – пікірлер, репосттар және пайдаланушылардың реакциялары арқылы көрінеді. Бұл медиатілді ақпаратты сызықтық түрде жеткізу формасынан полилогтық коммуникация моделіне көшіреді. Осы үдерістердің жиынтығы қазақстандық онлайн-БАҚ-та визуалды ақпараттылық пен коммуникацияның диалогтық сипатын біріктіретін мультимодалды медиатіл типінің қалыптасып жатқанын көрсетеді. Жұмыстың апробациясы. Диссертациялық зерттеу тақырыбы бойынша барлығы 12 ғылыми жұмыс жарияланған, оның ішінде Scopus деректер базасына (Q1) кіретін журналда 1 мақала, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті (ЖБССҚЕК) ұсынған басылымдарда 3 мақала, сондай-ақ РИНЦ жүйесінде индекстелетін халықаралық конференциялар жинақтарында 8 жарияланым бар. Диссертацияның құрылымы. Диссертациялық жұмыс кіріспеден, үш бөлімнен, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады. Жұмыста 11 кесте және 25 сурет түріндегі иллюстрациялар берілген.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://www.youtube.com/watch?v=fpHPLtTFK0Y
