
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Райнбекова Гульмира Сайлаубайевна «8D02305 – Филология» білім беру бағдарламасы бойынша ««Антонимдерді лексикографиялау үрдісі (қазақ және түрік тілдерінің негізінде)» » тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Қазақ тілі білімі кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
– Смағұлова Кулдархан Нұрғазиевна – филология ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті А.Байтұрсынұлы атындағы қазақ тіл білімі кафедрасының профессоры (Алматы қ., Қазақстан);
– Жиренов Саян Аманжолұлы – филология ғылымдарының кандидаты, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Қазақ тілі теориясы және оқыту әдістемесі кафедрасының қауымдастырылған профессоры (Алматы қ., Қазақстан);
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Гилазова (Хазиева) Гузалия Сайфулловна – филология ғылымдарының докторы, Қазан мемлекеттік мәдениет институтының Әмбебап құзіреттіліктер технологиясы мен әдіснамасы кафедрасының меңгерушісі (Қазан қ., Ресей Федерациясы);
Манкеева Жамал Айткалиевна - филология ғылымдарының докторы, профессор, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері (Алматы қ., Қазақстан Республикасы);
Шоқым Гүлжан Тыныштықбайқызы - филология ғылымдарының докторы, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті Теориялық және қолданбалы тіл білімі кафедрасының профессоры (Ақтөбе, Қазақстан)
Ғылыми кеңесшілері:
Сагидолда Гульгайша – филология ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Қазақ тіл білімі кафедрасының профессоры (Астана қ., Қазақстан);
Касапоглу Ченгел Хулия - PhD, Гаджи Байрам Вели университетінің профессоры (Анкара қ. Түркия)
Қорғау 2026 жылғы 29 маусым, сағат 15:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D02305 – Филология» мамандығы бойынша «8D023 – Тілдер және әдебиет» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі онлайн форматта өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: https://teams.microsoft.com/meet/42742004120823?p=2z6xrHaGaOkqc5ecru
Мекен-жайы: Қ. Сәтбаев көшесі, 2, оқу-әкімшілік ғимарат, №101 ауд.
Аңдатпа (қаз.): Райнбекова Гульмира Сайлаубайевнаның «Антонимдерді лексикографиялау үрдісі (қазақ және түрік тілдерінің негізінде)» тақырыбындағы диссертациясы 8D02305 – «Филология» білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін дайындалған АҢДАТПА Зерттеу жұмысының өзектілігі. Қазіргі таңда тілдегі семантикалық құбылыстарды лексикографиялау үдерісі жаңа сапаға көтеріліп отыр, әсіресе туыстас түркі тілдері лексикографиясындағы ғылыми-практикалық ізденістер тіл білімінің өзекті бағыттарына сәйкес даму үстінде. Антонимдер сөздік құрамдағы ең маңызды және типтік семантикалық санаттардың бірі. Антонимияға арналған зерттеулер қазіргі тіл біліміндегі жаңа бағыттарға негізделе отырып, антоним сөздер жайындағы ғылыми білімді үнемі жаңартып отырады, дәстүрлі зерттеулерді кеңейтеді, нақтылайды, теориялық және практикалық маңыздылығын арттырады. Қазақ және түркі лексикографиясында антонимдерді лексикографиялық қағидаларға сай сөздіктерге енгізу, фикцациялау үдерісінің теориялық және практикалық қырларын зерттеу аса өзекті болып табылады. Себебі қазақ және түркі тілдеріндегі антонимия құбылысын қарастырған зерттеулерде көбіне-көп антоним сөздердің лексикалық, сөзжасамдық, морфологиялық, фразеологиялық, стилистикалық т.б. табиғатына мән беріледі де антоним сөздерді лексикографиялау үрдісі өзіндік зерттеу нысаны ретінде алынбайды, оның мазмұны мен жолдары қарастырылмайды. Қазақ және түркі тілдерінде антоним сөздер әр қырынан қарастырылады. Қазақ тіл білімінде Ж.М. Мусин, А. Жұмабекова, М. Оразов, С. Төлекова, Ж. Қонақбаева, А.Е. Жүсіпов, А.Р. Найманбай т.б. түрлі бағытта зерттейді. Түрік тілі бойынша Үміт Ялым, Өзжан Ялымның, А. Акчаташтың еңбектерін, 1996 жылы Метиннің «Синонимдер мен антонимдер сөздігін» (Eş ve Karşıt Anlamlılar Sözlüğü), 2005 жылы Эмине Кочактың «Синонимдер мен антонимдер сөздігін» (Eş Anlamlılar ve Karşıt Anlamlılar Sözlüğü) атауға болады. Туыстас түркі тілдерінде, қырым-татар тілінде – А. Меметов, ұйғыр тілінде – Ә. Қайдаров, Г. Садуақасова, Т.Тәліпов; башқұрт тілінде – Ж. Киікбаев, татар тілінде – Б. Байжанов, қырғыз тілінде – Б.Ш. Усубалиев т.б. зерттеулерінде антонимдер лексикалық, сөзжасамдық, морфологиялық, фразеологиялық, стилистикалық және салыстырмалы-типологиялық аспектілерде тұжырымдалады. Лексикографиялау ұғымы сөздік немесе сөздік қорын жасау, сөздерді, лексикалық бірліктерді лексикографиялық қағидаларға сай сөздіктерге енгізу, орналастыру үдерісін білдіреді. Әдетте лексикографиялау ұғымы сөздерді белгілі бір ретпен, көбінесе әліпби тәртібімен орналасатын сөздіктерді жасау үшін қолданылады. Лексикографиялау терминінің мәні мұнымен шектелмейді, тілдік бірліктердің сөздіктің түрі мен мазмұнына байланысты енуінің жаңа жолдарын сипаттайды. Қазірге дейін антонимдер сөздігінің негізгі үш түрі белгілі: 1) антонимдік жұптардың тізбесін ғана көрсетіп, олардың мағынасын түсіндірмейді; 2) антонимдік жұптардың айырым белгілерін сипаттайды; 3) антонимдік жұптардың айырым және ортақ белгілерін сипаттайды. Қазақ лексикографиясындағы Ж. Мусиннің сөздігін антонимдік жұптардың тізбесін ғана көрсетіп, олардың мағынасын түсіндірмейтін сөздік қатарына жатады. Онда иллюстрациялық мысалдар беріледі, алайда мағыналарына түсіндірме қамтылмайды. А. Жұмабекованың сөздігінің ерекшелігі – антонимдік жұптар мен антонимдік қатарлардың едәуір қамтылуында, оппозиция әдісімен олар топтастырылады. Алайда түсіндірме сөздік емес, олардың арасындағы айырым және ортақ белгілер берілмеген, иллюстрациялық мысалдар жоқ. Түрік тіліндегі антонимдердің лексикографиялану жай-күйі де осыған ұқсас, антоним мен синонимдер бірге қамтылады. Ескеретін жайт, антонимдер сөздігі өзімен мәндес синонимдер сөздігіне қарағанда әлемдік лексикографияда кең таралмаған және оның себептері, біздің ойымызша, жалпы антонимия мәселесінің күрделілігімен байланысты. Антонимия екі сөздің жұбынан тұратын күрделі, сонымен бірге сол жұптардың айырым және ортақ белгілері болатындығын айқындау оңай емес. Антоним сөздердің жұп болуымен қатар антонимдік қатарларға ұласуы да әлі қарастыра түсетін тың мәселе саналады. Антоним сөздерді лексикографиялау үрдісіндегі аталған мәселелер антонимдер қамтылатын сөздіктердің өзекті тақырып екендігін, мазмұны мен мақсатына байланысты алуан типті болатындығына көз жеткізеді. Зерттеу жұмысының нысаны ˗ қазақ және ішінара түрік тілдеріндегі қарама-қарсы мағынаны білдіретін антоним сөздер, антонимдік жұптар, антонимдік концептуалдық жүйе. Зерттеу пәні ˗ қазақ және ішінара түрік тілдеріндегі антоним сөздерді, антонимдік жұптарды лексикографиялау үрдісі. Зерттеу жұмысының мақсаты ˗ антоним сөздерді лексикографиялық қағидаларға сай сөздіктерде фикцациялау үдерісінің теориялық және практикалық қырларын зерттеу, соның негізінде антонимдік жұптардың лексикографиялану барысындағы концептуалдық-идеографиялық сипатын айқындау. Зерттеудің міндеттері. Зерттеу мақсатына сәйкес диссертациялық жұмыста мынадай міндеттер қойылды: - антоним сөздердің қазақ және түрік тіл білімдерінде зерттелу жай-күйіне талдау жасай отырып, қарама-қарсылықтың тіл-тілдердегі әмбебап құбылыс екендігін теориялық жағынан негіздеу; - антонимдік жұп пен антонимдік қатарды құраудың аталым үрдісіндегі ерекшеліктерін теориялық тұрғыдан негіздей отырып, антоним сөздердің бір тілді және екі тілді сөздіктерде лексикографиялану жолдарын қарастыру; - антонимдердің тілдік-мәдени констант ретіндегі қызметін саралай отырып, этнолингвистикалық немесе лингвомәдениеттанымдық бағыттардағы сөздіктерде көрініс беруін өзектеу; - тезаурус сөздіктердегі антонимдік қатынастардың ерекшеліктерін айқындай отырып, терминологиялық антонимия ұғымының мән-жайын нақтылап көрсету; - қазіргі цифрландыру үдерісіне сай антоним сөздердің онлайн сөздіктерде көрініс табу тәжірибесін қарастыру, аннотацияланған мәтіндер корпусында антоним сөздерге белгіленім қою мәселесін қарастыру; - антонимдік жұптарды концептуалдық-идеографиялық тұрғыдан жүйелеу және оларды идеографиялық сөздік түрінде берудің ұтымдылығын дәйектеу. Зерттеу жұмысының әдіс-тәсілдері. Диссертациялық жұмыста негізінен салыстырмалы-сипаттау әдісі, талдау, саралау, жүйелеу, топтастыру, болжам жасау, тұжырымдау тәрізді ғылыми тәсілдер қолданылды. Сонымен бірге зерттеу мазмұнына сәйкес лексика-семантикалық талдау, мағынаны компоненттік талдау, лексикографиялық түсіндіру мен үлгілеу тәрізді зерттеудің амал-тәсілдеріне басымдылық берілді. Зерттеу жұмысының дереккөздері. Диссертациялық жұмыстың дереккөздеріне антонимдерге байланысты жазылған ғылыми еңбектер, қазақ және түрік тілдері бойынша құрастырылған антонимдер сөздіктер, түсіндірме және басқа да сөздік түрлері алынды. Деректемелік материалдардың базасы ретінде Ж. Мусиннің «Қазақ тіліндегі антонимдер сөздігі» (А., 1984), А. Жұмабекованың «Қазақ тілінің антонимдер сөздігі» (А., 2006), «Қазақ тілінің сөздігі» (А., 1999), «Қазақ әдеби тілінің сөздігі» (15 томдық, 2011), «Türkçe Sözlük» (Анкара, 2011), «Türkçede Zıt Anlamlı Kelimeler Sözlüğü» (2021) т.б. сөздіктер пайдаланылды. Зерттеу ғылыми жаңалығы - алғаш рет қазақ және түрік тілдеріндегі антоним сөздерді лексикографиялау үрдісіне талдау жасалды, сөздіктердің мазмұны мен түріне байланысты антонимдер сөздігін түзудің теориялық және практикалық мәселелері сараланып, тәсілдері мен жолдары анықталды; - антонимдік қатынастардың қазіргі цифрландыру кезеңіндегі заманауи сөздіктерде лексикографиялау үдерісінің жалпы бағыты айқындалды, тезаурус түзудегі антонимдік қатынастардың маңызы мен орны нақтыланды; - алғаш рет антонимдік жұптарды концептуалдық - идеографиялық бірлік ретінде жүйелеуге талпыныс жасалды, олардың тезаурусын түзетін ақпараттық моделдердің семантикалық байланысын айқындау мақсатында идеографиялық сөздікке жинақтаудың кейбір жолдары қарастырылды; - «ақ – қара», «жақсы – жаман», «байлық – кедейлік» оппозициялық бірліктердің антонимдік – семантикалық біртұтас құрылым ретіндегі мазмұны концептуалдық-идеографиялық аспектіде қарастырылып, олардың өзегі, орталық және шеткері аймақтарын ажыратудың лексикография теориясындағы өзектілігі айқындалды. Зерттеу жұмысының теориялық-әдіснамалық негіздері. Зерттеу жұмысын жүргізуде антонимия құбылысына байланысты жалпы тіл біліміндегі және қазақ, түрік тілдерінде жарық көрген зерттеулердегі ғылыми тұжырымдар басшылыққа алынды. Қарама-қарсы қатынастардың жалпы ғылыми негіздері (Дж. Диз, Л. Джефферис, Л. Мёрфи, Ю. Апресян, А. Введенская, В.А. Иванова, Ж. Мусин, А. Жұмабекова, А. Акчаташ т.б.), лексикография теориясы (Д.И. Арбатский, І. Кеңесбаев, Ә. Болғанбаев, Ғ. Қалиев, Ә. Қайдар, Б. Қалиев, М. Малбақов, Г. Сағидолда, Е. Карсан т.б.), сонымен бірге антоним сөздердің түрлі қырларына орай жазылған соңғы зерттеулердегі тұжырымдарға сүйендік. Зерттеу жұмысының теориялық маңызы. Қазақ және ішінара түрік тілдеріндегі антоним сөздерді лексикографиялау үрдісін қарастыру тіл-тілдердегі жалпы семантикалық құбылыстардың (синонимия, омонимия) лексикографиялану жай-күйіне белгілі дәрежеде үлес қосады. Зерттеу жұмысында баяндалған мәселелер қазақ тіл білімінің бірқатар салаларының, атап айтқанда, лексикография және лексикология, лингвоконцептология салаларының жаңа тұжырым, түйіндермен толыға түсуіне септігін тигізеді деп санаймыз. Зерттеу жұмысының практикалық маңызы. Зерттеу нәтижелерін, жинақталған материалдар мен тұжырымдарды «Қазіргі қазақ тілі. Лексикология», «Қазақ лексикографиясы» және антропоөзектік бағыттағы «Лингвомәдениеттану», «Лингвоконцептология» пәндерде сияқты ғылыми курстар мен таңдау семинарларын жүргізуге пайдалануға болады. Қазақ және түрік тілдерінің қоғамдық-әлеуметтік қолданыс тәжірибесін кеңейтуге, түркі тілдері бойынша антоним сөздердің салыстырмалы сөздіктерін түзу үшін қызмет ете алады. Қазақ және түрік тілдерін оқыту барысында да көмегі бар. Зерттеу жұмысы бойынша қорғауға ұсынылатын тұжырымдар - тіл – ұлттың болмысы мен дүниетанымын білдіретін негізгі белгі деп қабылдасақ, қарама-қарсылық мәнді сөздер (антоним сөздер) қай тілдің болмасын сөздік құрамында кездесетін әмбебап құбылыс. Қарама-қарсы мәнді сөздердің тілдегі әмбебап құбылыс ретінде пайда болуы сыртқы ортамен, шындықпен тікелей байланысты; - антонимдер бір заттың, құбылыстың, әрекеттің әртүрлі сапа, қалып-күй, қатынас, қасиет, қозғалыс, жағдай т.т. белгілерін қарама-қарсы мәнде атайды, яғни нақты антонимдік жұп құрайды. Бұл аталым үрдісіне салыстырумен қатар заттың, құбылыстың, әрекеттің бір сатыдан екінші сатыға өту барысын білдіруге негіз болатын бағалау да қатысады, нәтижесінде антонимдік қатарды құрайтын сөз тізбегі құрылады; - антонимдік тілдік бірліктердің лексикографиялану ерекшеліктерін қазақ және түрік лексикографияларындағы сөздік түрлері нақты көрсете алады. Антонимдердің дұрыс жазылуы орфографиялық сөздіктерде, ал дұрыс айтылуы орфоэпиялық сөздіктерде көрініс табатын болса, түп төркіні мен түркілік түбірлестігі этимологиялық сөздіктерде, тілдік-мәдени констант ретіндегі қызметі этнолингвистикалық немесе лингвомәдениеттанымдық бағыттардағы сөздіктерде көрсетіледі. Дейтұрғанмен, лингвомәдени және лингвоконцептуалдық мазмұндағы маңызды дереккөз ретінде антонимдер сөздігін құрастырудың маңызы зор. - антонимдердің екі сөздің жұбынан тұратын күрделі құрылым болуы, жұптардың айырым және ортақ белгілерінің тіл-тілде толық айқындалмауы, антоним сөздердің жұптық жүйесінің антонимдік қатарларға ұласу үдерісінің толық зерттелмеуі сияқты теориялық мәселелер антонимдердің қазақ және түрік тілдерінде лексикографиялануына айтарлықтай әсер етуде, нәтижесінде антонимдердің әр алуан сипаттағы сөздіктерін (түсіндірме, аударма, екітілді, тезаурстық, идеографиялық және т.б.) түзу ісі кешеуілдеуде деуге болады. - тезаурус сөздіктерде семантикалық қатынастарды, соның ішінде антонимдік қатынастарды беру жалпы әдеби тілдегі антонимиядан ерекшеленетін терминологиялық антонимия жайында сөз қозғауға мүмкіндік береді. Терминологиялық антонимия – ұғымдық жағынан бір-біріне қарама-қарсы терминологиялық мәнде жұмсалатын терминдердің семантикалық қатынасы. Демек, антонимдердің терминдену және лексикографиялану үдерістерін қазақ және түрік тілдері арасында салыстыра зерттеу де айрықша маңыздылыққа ие. - қазіргі заманауи цифрландыру талабы түркі лексикографиясы, соның ішінде қазақ және түрік лексикографиялары алдына антонимдердің электронды пішіндегі әр алуан сипаттағы (салыстырмалы, сипаттамалы, түсіндірмелі, екітілді және т.б.) сөздіктерін жасау міндетін қояды. Мұнда антонимдерді корпустық лингвистика өлшемдеріне сәйкес электронды түрде лексикографиялау, антонимдік жұптардың танымдық-мағыналық құрылымын, олардың негізгі өзегі мен орталық аймағын, сондай-ақ шеткері аймақтарын қамти алатын идеографиялық сөздіктер корпусын қалаудың маңызы зор. Диссертациялық жұмыстың нәтижелерінің талқылаудан өтуі және жариялануы. Зерттеу жұмысының басты нәтижелері 9 ғылыми мақалада көрініс тапты. ҚР ҒЖМБ Ғылым және жоғары білім саласындағы бақылау комитеті (ҒЖБСБК) ұсынған тізімге енетін журналдарда 2 мақала, шетелдік халықаралық конференцияларда 6 мақала, Scopus базасына енгізілген журналда 1 мақала жарияланды: 1. Терминологиядағы антонимия (қазақ тілінің антонимдер сөздігі негізінде) // Еуразия гуманитарлық институтының хабаршысы. – 2024. – №1. – Б. 80-91. 2. On lexicography of antonyms in the kazakh language // Еуразия гуманитарлық институтының хабаршысы. – 2024. – №4. – Б. 130-137. 3. Лексикография: қазақ және түрік сөздіктеріндегі ерекшеліктер // Global integratsiya sharoitida turkiy tillar taraqqiyoti: muammo va vazifalar [Matn]: to‘plam (Toshkent: Bookmany print, 2025. – Р. 570-572). 4. Тіл және лексикографиялау үрдісі мәселесі // «Құсайынов оқулары «ХХІ ғасырдағы ғылым және білім: үрдістер мен перспективалар» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары / жалпы редакциясын басқарған А.Ж. Исмаилов (Астана: А.Қ. Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институты, 2023. – Б. 287-289). 5. Қазақ және түрік тілдеріндегі лексикография тарихы // «Жаһандану әлеміндегі ғылымның дамуы: түркітану • лингвистика • филология» атты халықаралық конгресс жинағы (Алматы: «Ел-шежіре», 2024. – Б. 531-537). 6. Антонимдік концептілер – әлемді танудың құралы // «Абай және заманауи өркениет: рухани құндылықтар, ғылым және жасанды интеллект дәуірі» Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойларына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары/ «Materials international scientific-practical conference dedicated to the 180th anniversary of Abai Kunanbayuly» «Abai and modern civilization: spiritual values, science and the age of artificial intelligence» (Тараз: Dulaty university, 2025. – Р. 42-46). 7. Қазақ тілінде онлайн сөздіктерді қолдану // Global integratsiya sharoitida turkiy tillar taraqqiyoti: muammo va vazifalar [Matn]: to‘plam (Toshkent: Bookmany print, 2024. – Р. 275-280). 8. Study of antonyms in Kazakh linguistics // Təsisçi: Sumqayıt Dövlət Universiteti «Elmi Xəbərlər» jurnalı Sosial və Humanitar elmlər bölməsi Azərbaycan Respublikası Təhsil Nazirinin 19.07.2004-cü il 21-24 tarixli 46-16-3547/17 saylı əmrinə əsasən nəşr edilir. Azərbaycan Respublikası Ədliyyə Nazirliyi tərəfindən qeydiyyata alınmışdır. Azərbaycan Respublikasının Prezidenti yanında Ali Attestasiya Komissiyasının qərarı ilə elmi nəşrlər siyahısına daxil edilmişdir. Jurnal Rusiya Elmi İstinad İndeksinə (REİİ) daxil edilmişdir (müqavilə № 408-10/2019) 9. Antonymous Relations in Lexicography // Eurasian Journal of Applied Linguistics. – 2025. – №11(1). – Р. 48-55). Зерттеу жұмысының құрылымы. Диссертация анықтамалар, кіріспе, үш бөлім, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://www.youtube.com/watch?v=B3inNaNXCIk
