
«8D02305 - Филология» мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Курманбекова Зульфия Рахматдилдаевна диссертациясын қорғауы
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Курманбекова Зульфия Рахматдилдаевна «8D02305 – Филология» білім беру бағдарламасы бойынша «Тілдік қатынасты жүзеге асырудағы әлеуметтік желінің рөлі (қоғамдық сана және тіл мәдениеті мәнмәтінінде» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Қазақ тіл білімі» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Мамынова Бағдан Қатайқызы - ғылым докторы, профессор, профессор
Сарсенбай Жанат Асылханқызы - философия докторы (PhD), әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті , оқытушы
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Есенова Калбике Умирбаевна - ғылым докторы, профессор, Абай атындағы ҚазҰПУ, профессор
Ахматова Мариям Ахматовна - ғылым докторы, профессор, Х.М.Бербеков атындағы Кабардин-Балқар мемлекеттік университеті , профессор
Гилазова Гузалия Сайфулловна - ғылым докторы, Қазан мемлекеттік мәдениет институтының
Алдашева Камар Сагингалиевна - философия докторы (PhD), әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті
Төкенқызы Гүлназ - ғылым кандидаты, доцент, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына
Ерғалиев Қуаныш Советұлы - ғылым кандидаты, қауымдастырылған профессор, Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті , профессор
Ғылыми кеңесшілері:
Сарекенова Қарлығаш Құрманғалиқызы – филология ғылымдарының кандидаты, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Қазақ тіл білімі кафедрасының профессоры (Астана қ., Қазақстан);
Мұстафа Өнер – филология ғылымдарының докторы, Эге университетінің профессоры (Измир қ., Түркия).
Қорғау 2024 жылғы 29 маусым, сағат 12:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D02305 – Филология» мамандығы бойынша «8D023 – Тілдер және әдебиет» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі онлайн форматта өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: https://us06web.zoom.us/j/87471267793?pwd=HvcHdSLpQY89XpmoaEz8ZaqYIiMJ2C.1
Мекен-жайы: город Астана, улица К. Сатбаева, 2, Главный корпус, конференц-зал (№ 302 ауд.).
Аңдатпа (қаз.): Курманбекова Зульфия Рахматдилдаевнаның 8D02305 – «Филология» білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін дайындаған «Тілдік қатынасты жүзеге асырудағы әлеуметтік желінің рөлі (қоғамдық сана және тіл мәдениеті мәнмәтінінде)» тақырыбындағы диссертациялық жұмысының АҢДАТПАСЫ Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Бүгінгі таңда ақпараттық технологиялардың жылдам дамуы ғаламтор кеңістігін қалыптастырды, қазіргі кезде ғаламтор – қоғамдық мәдениеттің ажырамас бөлігі болып саналатын өркениет дамуындағы негізгі тетік. Ғаламтор – кез келген ақпараттың жинақталатын ортасы, сақталатын қоймасы және тарататын арнасы. Ғаламтордың қолданысқа енуі лингвист ғалымдар алдына жаңа зерттеу нысанын – «Тіл және ғаламтор» мәселесін қойды. Бұл адам өміріндегі ғаламтор мен компьютер рөлінің артуымен, сондай-ақ компьютерлік-жанама қатынас (ҚЖҚ) аясында жасалатын мәтіндердің көбеюімен тығыз байланысты. ХХІ ғасырдағы қазақ технологиялық мәдениетінің басты жетістігі мен ерекшелігі – ғаламтордың қазіргі заманда барлық салаға толықтай енуі болып табылады. Компьютер мен ғаламтордың арқасында тілімізде жаңа коммуникативтік орта – ауызша және жазбаша қатынас арқылы бір-бірін толықтыратын, әрі жақсы үйлесетін электронды/виртуалды орта пайда болды. Бұл үйлесім қазақ тілінде электронды/виртуалды мәтіннің қалыптасуы мен дамуына ықпал етіп, объективтік шындық ретінде көрініс табуына мүмкіндік берді. Көптеген коммуникативтік тәжірибелер ғаламтор желісіне ауысты: желіде тілді қолдану қарқыны барған сайын күшейе түсуде, бұл өз кезегінде ерекше коммуникативтік ортаның, ерекше коммуникативтік кеңістіктің қалыптасуына мүмкіндік беріп отыр. Әлемдік тіл білімінде Интернет лингвистикасы бойынша ерекше бағыттағы зерттеулер пайда болуда. Ғаламтор ішіндегі «ғаламтор» іспеттес болған әлеуметтік желінің тілі де ғалымдардың назарын жиі аударып жүр. Қандай тіл болмасын екі түрлі формада жүзеге асатындығы белгілі: ауызша және жазбаша. Әлеуметтік желі пайда болғалы қатынастың үшінші формасы дүниеге келді, ол аталған екеуінің басын біріктіре отырып, өмір сүру тәртібіне сай өзіне тән ерекшеліктерімен сипатталатын виртуалды қатынас тілі. Бұл тілдің жаңа аяда қолданылуын көрсетеді, тілдік бірліктердің желі қарым-қатынасындағы өзіндік жұмсалу ерекшеліктерін анықтайды. Қазіргі қоғамдық санада тілдік қатынасты іске асыратын құрал ретінде әлеуметтік желінің тілдік бейнесін айқындайтын лингвистикалық бағыттағы зерттеулердің өзектілігін тудырды. Зерттеу жұмысының мақсаты. Әлеуметтік желі тілін тілдік қатынасты жүзеге асыратын құрал ретіндегі орнын, қоғамдық сана және тіл мәдениеті аспектісінде лингвостилистикалық ерекшеліктерін айқындау, тілдік және бейвербалдық жағынан түрлену жолдарын анықтау. Зерттеудің міндеттері: - қарым-қатынастың ерекше құралы ретіндегі ғаламтор тілінің мәнін, зерттелу барысын анықтау; - әлеуметтік желі тілінің жұмсалу тәсілдерін және өзіндік лингвистикалық ерекшеліктерін айқындау; - тіл мәдениеті тұрғысынан желілік этикетті және оған кері әсер ететін факторларды анықтау; - әлеуметтік желі тілінің өзіне тән тілдік ерекшеліктерін айқындау; - әлеуметтік желі тілін прагматикалық аспект тұрғысынан сипаттау; - әлеуметтік желі қолданушыларының коммуникативтік стратегиялары мен тілді жұмсау ерекшеліктеріне сай коммуникативтік типтерін айқындау; - тілдік және бейвербалды амалдардың әлеуметтік желі тіліндегі қолданылу сипатын, қамтитын тақырыптары мен күрделенуін, мәні мен маңызын анықтау. Зерттеу жұмысының әдістері. Диссертациялық жұмыста келесідегідей арнайы лингвистикалық әдістер қолданылды: тілдік бірліктерді құрылымдық-функционалдық талдау, жіктеу мен жүйелеу, прагматикалық талдау, салыстыру мен ішінара салғастыру, компоненттік және мәнмәтіндік талдау әдістері қолданылды. Сауалнама және лингвистикалық бақылау барысында жаппай сұрыптау әдісі пайдаланылды. Әлеуметтік мониторинг (әлеуметтік желі тіліндегі тілдік бірліктердің ерекшеліктерін талдау), мазмұндық талдау (әлеуметтік желі тіліндегі комментарийлерді талдау, желі қолданушылардың тіл ерекшеліктерін талдау) әдістері қолданылды. Зерттеу ғылыми жаңалық дәрежесі. Диссертациялық жұмыс қазақ тіл білімінде ғылыми сипаттамасын әлі толық алмаған әлеуметтік желі тілін лингвостилистикалық тұрғыдан кешенді сипаттауға арналған. Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығына мыналар жатады: - ерекше коммуникативтік орта ретінде ғаламтор тілінің зерттелу бағыты анықталды; - әлеуметтік желі қатынастың жаңа түрі ретінде тілдік бірліктердің өзіндік жұмсалу ерекшеліктерін, оған тән негізгі белгілерді көрсетеді және ғылыми зерттеулер үшін жаңа тілдік материалдар ұсынады; - қоғамдық санада желілік этикет мәселелері пайда болды, оны қалыптастыру барысы және тіл мәдениетіне кері факторлар анықталды; - әлеуметтік желінің прагматикалық қыры мен желі қолданушыларының стратегиялық мақсатына байланысты олардың коммуникативтік типтері алғаш көрсетілді; - желілік ғалам бейнесі ұғымының терминдік мәні алғаш қарастырылды; - әлеуметтік желі қатынасының бейвербалды амалдарды графикалық және мазмұндық жағынан түрлендіруі қарастырылды. Зерттеу жұмысының теориялық маңызы. Зерттеу жұмысында қарастырылған мәселелер қазақ тіл білімінің бірқатар салаларын, соның ішінде, лингвопрагматика, мәтін лингвистикасы, дискурс теориясы, когнитивтік лингвистика, лингвостилистика және тіл мәдениеті бойынша теориялық тұрғыдан жаңа тұжырым, түйіндермен толығуына септігін тигізеді. Зерттеу жұмысының практикалық маңызы. Зерттеу нәтижелерін, жинақталған материалдар мен тұжырымдарды «Қазіргі қазақ тілі», «Әлеуметтік лингвистика», «Тілдік қатынас негіздері», «Тіл мәдениеті», «Стилистика және тіл мәдениеті», «Қазіргі БАҚ тілі» сияқты ғылыми курстар мен арнаулы семинарларды жүргізуге, сонымен қатар ғаламтор тілінің сөздігін түзу үшін пайдалануға болады. Зерттеу жұмысы бойынша қорғауға ұсынылатын тұжырымдар: 1. Ғаламтор тілі жазбаша және ауызша тіл элементтерін қосады, сондай-ақ өзіндік тіл ерекшеліктерін де сақтайды, бұл ерекшелік компьютерлік қарым-қатынасқа негізделетіндіктен, ғаламтор тілін жаңа қарым-қатынас түріне айналдырады және өзіндік дискурс типі болып саналады; 2. Әлеуметтік желі қарым-қатынастың жаңа түрі ретінде дүниеге келген әлеуметтік-коммуникативтік тәжірибе және орта, оған тән белгілер: 1) анонимділік; 2) желідегі байланыстың желі қолданушысының еркі мен қалауы бойынша іске асатындығы; 3) эмоционалдылықты беруде мәтінмен қоса бейвербалды амалдардың қолданылуы; 4) желідегі әрекеттердің жалпыға ортақ әлеуметтік нормалардан ауытқушылығы; 3.Тіл мәдениеті жаңа коммуникативтік орта – әлеуметтік желінің ерекшеліктеріне сай бейімделеді. Кеңістік-уақыттық шектеулердің болмауы, синхронды және асинхронды қарым-қатынас жасау мүмкіндігі, жоғары дәрежедегі анонимділік және Интернет-қатынастың адам қызметінің барлық салаларында қолданылуы ерекше желілік этикеттің пайда болуына ықпал етті; 4. Әлеуметтік желі тілі келесідегідей лингвостилистикалық белгілермен ерекшеленеді: 1) коллоквиалдану; 2) экспрессивтілік; 3) көпкодтылық; 4) сөйлеудің тұрпайылануы мен жұтаңдығы, көптілділік сипат алуы; 5.Әлеуметтік желілердегі прагматикалық аспект желі қолданушыларына сайт ұсынатын мүмкіндіктермен тығыз байланысты. Әлеуметтік желідегі қарым-қатынас арналарының іске асу сипатына қарай негізгі төрт стратегиялық бағыты айқындалды: 1) байланыстық; 2) ақпараттық; 3) үйлестірушілік; 4) эмотивтілік. 6.Әлеуметтік желіде бейвербалды құралдар экспрессивтілік пен эмоцияны білдіру үшін қолданылады. Эмотикондар нені бейнелейтіндігіне қарай бес топқа ажыратылады: 1) нақты эмотикондар; 2) адамдар; 3) табиғат; 4) тағамдар; 5) заттар мен символдар; 7.Интернет-мемдер – ғаламтордың жанрлық құрылымдарының күрделене түсуі мен дамуына орай пайда болды. Интернет-мем – әлеуметтік желідегі ғаламтор қолданушыларының қауымдастығы үшін өмір/желі тәртібін көрсететін және жеке коммуникативтік пресуппозицияларды креолды және мәтіндік түрге жылдам айналдыруға бағытталған мәдени код. Диссертациялық жұмыстың қысқаша мазмұны Диссертациялық жұмыстың Кіріспесінде зерттеу жұмысының өзектілігі, мақсаты мен міндеттері, зерттеу нысаны, зерттеу пәні, зерттеудің теориялық және практикалық маңызы, зерттеу әдістері, зерттеудің ғылыми жаңалығы, қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар, зерттеу жұмысының жариялануы мен талқылануы қамтылды. Диссертациялық жұмыстың «Қазіргі ғылыми парадигмалар аясындағы әлеуметтік желі тілі» атты бірінші тарауы үш тараушадан тұрады. Тарауда ғаламтор тілінің зерттелуі, ғаламтор тілінің қарым-қатынастың ерекше құралы екендігі баяндалады. Қазіргі кезде ерекше коммуникативтік орта – ғаламтор – ғылыми әдебиеттерде бірнеше бағытта зерттеу нысанына алынып жүр. Атап айтқанда: 1) жаңа ақпараттық кеңістік ретінде; 2) интернет-технология тудырған дербес коммуникативтік институт; 3) виртуалдану теориясы бойынша; 4) қоғамды тану мен түсінудің постмодернистік концепцияларына негізделеді; 5) қазіргі жаһандану идеяларымен байланыстырыла қарастырылады. Екінші тарау «Әлеуметтік желі тілінің лингвистикалық аспектілері» деп аталады. Тарау төрт тараушадан тұрады. Желі тілінің лингвистикалық ерекшелігі тілдік қатынастың екі түрін – ауызша және жазбаша – өзінің бойына сіңіруден және ғаламтор алаңындағы қарым-қатынасқа бейімделген жалпы лингвистикалық табиғатынан көрінеді. Желі тілінің негізгі ерекшеліктері осыдан туындайды, атап айтқанда, 1) коллоквиалдану; 2) экспрессивтілік; 3) көпкодтылық; 4) сөйлеудің тұрпайылануы мен арзанқолдылық (жұтаңдығы), көптілділік сипат алуы. Тарауда осы белгілердің әрқайсысы жеке-жеке қарастырылады. Әлеуметтік желілердегі прагматикалық аспект желі қолданушыларына ұсынатын осындай мүмкіндіктермен тығыз байланысты. Бұл тарауда әлеуметтік желідегі қарым-қатынас арналарының іске асу сипатына қарай сөйлеу әрекетінің негізгі төрт стратегиялық бағыты ажыратылды: 1) байланыстық; 2) ақпараттық; 3) үйлестірушілік; 4) эмотивтілік. Қазіргі қоғам өмірінде ғаламтордың, әлеуметтік желілердің белсенді қолданылуы байланысты желілік ғалам бейнесін (ЖҒБ) қалыптастырды. ЖҒБ желі ұсынатын ақпараттардан, желіге тән негізгі ұғымдардан көрінеді. Қазақ тіліндегі лексикалық бірліктер мағыналық даму арқылы «желілік» сипат алып, өзгерістерге ұшырауда. Мысалы, осындай мағыналық өзгерістерді нақтылау үшін дос сөзін алайық. Ғаламтордағы «достықтың», «достасудың» пайда болуымен бұл сөздің негізгі мағынасымен қоса тіркесімділік қабілеті де артты. Әдеттегі «сырлас, жора-жолдас, жақын адам» деген мағына беретін дос ғаламторда «мүдделес адамдардың, жалпы қызығушылығы ортақ адамдардың одағына» айналды. Егер «сырлас» сөзі етене жақын адамдарға ғана қолданылса, ғаламтордағы достық таңдаулы топ мүшелеріне қатысты қолданылады. Ғаламтор достықты былайша топтайды: «Таңдаулы достар» (Лучшие друзья), «Туыстар» (Родственники), «Әріптестер», «Мектеп достары», «ЖОО-дағы достар». Желідегі «Достарды» сұрыптау мүмкіндігі бар, «Қара тізімге» енгізуге болады. Осымен байланысты достыққа қосу, достық қабылдау, достықты жою, достықтан бас тарту, мүмкін достар (возможные друзья), желідегі достық, достықтан шығару, достыққа сұрану, достыққа шектеу қою тәрізді т.т. жаңа тіркестер пайда болды. Бұл тіркестерден әдеттегі дос сөзінің мағынасындағы «етене жақын адам» мәні ысырылып, эмоционалды тұрғыдан «жансызданып» басқаша сипат алғандығын көреміз. Ғаламтордағы достық – жақсызданған, «ақпарат көзі», «байланыс», «қызық парақша», «сілтеме» мәндеріне ие реңк алды. «Әлеуметтік желі тілінің тілдік-бейвербалдық тұрғыдан түрленуі» үшінші тарауда әлеуметтік желі тілінің тілдік және бейвербалдық тұрғыдан дамуы, түрленуі баяндалады. Қазіргі кезде әлеуметтік желілердің күнделікті тұрмысымызға қарқынды енуі Интернет-қатынас тіліндегі бейвербалды амалдарды көбейтті, әлеуметтік желі тілі графикалық және мазмұндық жағынан түрлене түсті. Интернет-қатынастың бейвербалдылыққа шындап бет бұруы таңбалау құралы ретінде эмотикондардың, графикалық және креолдылықтың пайда болуымен сипатталады, эмотикондар мен стикерлер, демотиваторлар, Интернет-мемдер, комикстер т.т. таңбалар ғаламтор мен әлеуметтік желілерде кеңінен тарап кетті. Эмотикондар мен стикерлер әлеуметтік желінің ажырамас бөлігі ретінде белгілі бір дәрежеде тілдік және паратілдік бірліктерді ауыстырып қолданылады. Интернет-мемдер – әлеуметтік желі тіліндегі тілдік және бейвербалды түрде көрінетін, әлеуметтік желідегі ғаламтор қолданушыларының қауымдастығы үшін өмір/желі тәртібін көрсететін және жеке коммуникативтік пресуппозицияларды креолды және мәтіндік түрге жылдам айналдыруға бағытталған мәдени код. Зерттеу жұмысының жариялануы мен талқылануы. Зерттеу жұмысының басты нәтижелері 8 ғылыми мақалада көрініс тапты. ҚР ҒЖМБ Ғылым және жоғары білім саласындағы бақылау комитеті (ҒЖБСБК) ұсынған тізімге енетін журналдарда 4 мақала, шетелдік халықаралық конференцияларда 3 мақала, Scopus базасына енгізілген журналда 1 мақала жарияланды. Диссертациялық жұмыс Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Қазақ тіл білімі кафедрасы мәжілісінде талқыланып (6 наурыз, 2024 ж.) қорғауға ұсынылды. Диссертация мазмұны бойынша жарияланған еңбектер: Скопус дерекқорына енетін журналда 1 мақала жарияланды: 1. Scopus базасына енгізілген журнал:. A Linguistic Analysis of Social Network Communication // International Journal of Society, Culture, & Language Volume 11, Issue 1, March 2023, P.119-132. (ISSN 2329-2210 баяндалды). ҚР ҒЖБМ Ғылым және жоғары білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті (ҒЖБССҚЕК) ұсынған ғылыми басылымдарында мақала жарияланды: 2. «Интернет-мем» және олардың түрлері // Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы. Филология сериясы. № 1(142), Астана 2023., Б. 41-51. (ISSN: 2616-678Х, eISSN: 2663-1288.) 3. Желі қолданушысының коммуникативтік типтері // Еуразия гуманитарлық институтының хабаршысы, Филология сериясы. № 1/2023, Б. 71-86. (ISSN 1999-4214 (print) ISSN 2957-5095 (online)) 4. Әлеуметтік желі тілінің мәдениеті // Яссауи университетінің хабаршысы, Филология сериясы. № 1 (127), Астана 2023., Б. 167-178. (ISSN-p 2306-7365ISSN-e 2664-0686) 5. Әлеуметтік желі тілінің лингвостилистикалық сипаты // Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ хабаршысы, Филология сериясы. – 2024. – №1(146). – Б. 98-109 (ISSN: 2616-678Х, eISSN: 2663-1288). Қазақстан және шет елдердегі халықаралық конференциялық жинақтарда мақалалар жарияланды: 6. Ғаламтор тілі – қарым-қатынастың ерекше құралы // Студенттер мен жас ғалымдардың «Ғылым және білім-2022» атты ХVII Халықаралық ғылыми конференция, ЕҰУ, Астана, 2022 ж. Б. 2865-2869. 7. Әлеуметтік желі тілінің прагматикалық қырлары // «Филологиядағы фундаменталь зерттеулер және оқытуды инновациялық мүмкіндіктері» атты халықаралық ғылыми-әдістемелік конференция, Әжінияз атындағы Нөкіс мемлекеттік педагогикалық институты, Қарақалпақстан материалдары. І том. – Nukus, 2022. – Б. 110-113. 8. İfadeler Sosyal Ağın Ayrılmaz Bir Parçasıdır Ege üniversitesi türk dünyasi araştirmalari enstitüsü’nün kuruluşunun 30. yili anisina Uluslararasi türk dünyasi sosyal bilimler sempozyumu. Turkiye, Izmir 2022. – P. 57-61.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://youtu.be/7G8YwXjQ8iU
