
«8D02305 - Филология» мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Тагудретова Ботагоз Бейбитовна диссертациясын қорғауы
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Тагудретова Ботагоз Бейбитовна «8D02305 – Филология» білім беру бағдарламасы бойынша ««Мархабат Байғұт шығармаларындағы заманауи шындықтың көркем бейнеленуі»» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Қазақ әдебиеті» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Жарылгапов Жансая Жангазиевич - ғылым докторы, профессор
Орда Гүлжахан Жұмабердіқызы - ғылым докторы, доцент, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, Аға ғылыми қызметкер
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Екичи Метин - Практикалық профессор
Аманғазықызы Мөлдір - А.Қ. Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институты, доцент
Каримова Гульмира Сарсемхановна - философия докторы (PhD), қауымдастырылған профессор, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті
Ғылыми кеңесшілері:
Алпысбаев Құныпия Қожахметұлы
Екрем Аян
Қорғау 2024 жылғы 27 желтоқсан, сағат 12:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D02305 – Филология» мамандығы бойынша «8D023 – Тілдер және әдебиет» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі онлайн форматта өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: https://us06web.zoom.us/j/88621332973?pwd=XFpI4aKTBJ8mEb6zbJFBS74k1rEfGL.1
Мекен-жайы: Астана қ., Қ. Сәтбаев көшесі, 2, оқу-әкімшілік ғимарат, №302 ауд.
Аңдатпа (қаз.): Тагудретова Ботагоз Бейбитовнаның «8D02305 – Филология» мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін дайындаған «Мархабат Байғұт шығармаларындағы заманауи шындықтың көркем бейнеленуі» диссертациялық жұмысының АҢДАТПАСЫ Зерттеу тақырыбының өзектілігі. М. Байғұттың көркем туындылары ұлттық код, көркемдік дәстүр, жазушы шығармашылығы, мәдени ықпалдастық және жазушы шеберлігі контекстінде толыққанды зерделенген жоқ. Сонымен қатар, Мархабат Байғұт шығармашылығын ғылыми зерделеу әдебиетіміздің тарихының жаңа дәуірін дұрыс пайымдауға көп септігі тиеді. Жазушы шығармашылығын зерделеу – көркем шығармашылықтың әлеуметтік сұранысқа қатысын да айқындайтын акт. Сондай-ақ, өңірлік әдебиеттің дамуы мен сипаттарын ашу үшін де Мархабат Байғұттың шығармашылығын терең қарастырудың қажетілігі бар. Зерттеу нысаны. Жұмыста Мархабат Байғұттың тәуелсіздік кезеңінде жазылған шығармалары негізгі талдауға өзек болды. Негізінен алғанда, «Алмағайып» (2001), «Қозапая» (2003), «Салқын масақ» (2008), «Бұла бұлақ» (2012), сондай-ақ 2019 жылы шыққан жеті томдық шығармалар жинағына енген туындыларына көбірек назар аударылды. Зерттеу пәні. Жазушы М.Байғұттың үйренген көркемдік тәжірибесі және оның өз шығармаларындағы ықпалы, архетиптік бейнелер, жазушы шығармаларындағы интермәтін түрлері, тақырыптық-идеялық желісі, жазушының характер сомдау шеберлігі, шығармаларындағы психологизм мен лиризм, композициялық тәсілдер және жазушының тілдік шеберлігі Зерттеудің мақсаты. М. Байғұттың жазушылық шеберлігін дәстүр мен жаңашылдық аясында сараптау, әңгіме, повесть жанрына қосқан үлесіне баға беру – жұмыстың ең негізгі мақсаты. Зерттеу мақсатын жүзеге асыру үшін келесі міндеттер қойылды: – өзіне дейінгі халықтық және авторлық сөз өнеріндегі озық үлгілердің автордың көркемдік санасынан және шығармашылығынан алатын орны мен олар қалаған дәстүрлік негіздерді айқындау; – архетиптік негіздерді айқындап, олардың аясында автордың көркем әлем бейнесін жасау шеберлігін таныту; – жазушы шығармаларының интермәтіндік құрылымды анықтап, оның композиция құру шеберлігін, ұлттық сөздік қорды пайдалану, тілдік құралдарды қолдану және сөзжасамдық шеберлігін айқындау. – жазушы жасаған «қарапайым адамдар» бейнесінің автор қаламына тән ерекшелігін көрсету. – характер сомдаудағы психологизмнің түрлері мен рөлін, жиі қолданатын бейнелеу бөлшектерінің басым түрлерін саралау. – автор туындыларындағы лиризмнің көркемдік қызметін бағалау. – қаламгер тілі мен бейне жасаудағы юмордың орнын белгілеу. – өмір шындығын көркем шындыққа айналдырудағы жазушылық машығын талдау. Зерттеу әдістері. М. Байғұт көркем шығармаларын талдау негізінде обьективті-аналитикалық және салыстырмалы талдау әдістері пайдаланылса, шығармаларды саралау кезінде кешенді тәсілдер қолданылды. Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. Жұмыста автордың суреткерлік шеберлігіне, кейіпкер бейнесін сомдаудағы стильдік жетістігіне назар аударып, оны дәстүр мен жаңашылдық аясында қарастыру диссертациялық жұмысымыздың басты жаңалығы болып табылады. Зерттеу нәтижесінде төмендегідей жаңалықтарға қол жеткізілді: – зерттеу жұмысында Мархабат Байғұттың шығармашылығындағы дәстүр және жаңашылдық арналары анықталды; – қоғамдағы өтпелі кезең шындығын жинақтаған характерлер сараланды; – жазушы шығармашылығындағы халық шығармалары мен ауыз әдебиеті туындыларының интертекстік қызметі көрсетілді; – символикалық образдардың көркемдік қызметі айқындалды. – образ жасауда авторлық баяндаудың, кейіпкер әрекетін бейнелеудің, портреттің, монолог пен диалогтің басымдығы айқындалып, олардың бір-бірімен синтактикалық ықпалдастығы сараланды; – «Қарапайым адамдар» бейнесінің басты ерекшелігі – адами құндылықтар үшін күрес екендігі нақтыланды; – жазушы шығармаларындағы сыртқы композицияның, әсіресе, шығарма атауының көркемдік қызметінің маңызы көрсетілді; – жазушы шығармаларындағы сарындар жүйесі, олардың композициялық қызметі нақтыланды; – жазушының тілдік қолданыстарындағы шешендік сөйлеуге тән сипаттар мен авторлық неологизмнің түрлері сараланды; – прозалық лиризмнің қаламгер шығармаларындағы белгілері қарастырылды; – ұлттық танымның жазушы шығармаларындағы көрінісі айқындалды. Зерттеудің теориялық маңызы. Жұмыс жазу барысында теориялық еңбектер алдымен ескерілді. А. Байтұрсынов [1], Е. Ысмайлов [2], Қ. Жұмалиев [3], З. Қабдолов [4], Ю. Борев [5] еңбектеріндегі негізгі ұғымдар зерттеуімізде тұғырнамалық мәнге ие болды. Характер, типтік образдың, сюжет пен композицияның көркемдік қызметін, хронотоп, архетип жайын, шығармашылықтағы мифтік сана әсерін, мифопоэтика мәселелерін қарастырған, мәтіндік талдау, прозадағы лиризм мәселелерін талдаған, тәуелсіздік жылдарындағы қазақ прозасының шағын жанрларын нысан еткен диссертацияларындағы түйіндеулер мен тұжырымдар есепке алынды. Сыншы-ғалымдардың М. Байғұт шығармашылығы жөніндегі пікірлері де ескерілді. Жұмыстың практикалық маңызы. Бұл ғылыми зерттеуді әдебиеттану, тіл білімі, фольклортану салаларындағы ізденістерге пайдалануға, ЖОО-да, колледждер мен орта мектептердегі оқу үдерісінде, дәріс сабақтары мен практикалық сабақтарға көмекші құрал ретінде қолдануға болады.. Қорғауға ұсынылатын диссертацияның негізгі тұжырымдары: – жазушының өмір шындығын реалистік-психологиялық тұрғыда терең бейнелеген туындылары қазақ прозасының сапалы ізденістердің бірі болғаны анықталды. Жазушы кейіпкерлері – қазақи болмысымен танылатын образдар; – түрлі әлеуметтік жағдайлар мен жеке адам мәселесін бейнелеудегі автордың адамгершілік ұстанымы және оны көрсетудегі стилдік шеберлігі айқындалды; – жазушының прозадағы психологизм, лиризм дәстүрін дамытудағы көркемдік ізденістері, ой ағымы әдісін шебер қолдануы «Әдебиет пәнінің періштесі» әңгімесі, «Дос пейілі» повесі бойынша талданды; – қаламгер шығармаларында фольклор үлгілері цитата түрінде алынып қана қоймастан, олар көп жағдайда шығарманың лейтмотивіне айналып, интермәтіндік құрылым түзеді; – жазушы қарапайым адамдар бейнесін сомдағанда, әркім тани бермейтін табандылық қасиеттерді көрсетуге ден қояды; – жазушы шығармаларында характер психологизмі авторлық баяндау мен мінездеуден гөрі тартыс пен түрлі жағдайлар аясында көбірек ашылады; – жазушы характер сомдауда кейіпкер әрекетін, пейзажды, диалогты басты орында қолданады; – жазушы шығармаларындағы юмор шығарма тілі мен кейіпкерлер бейнесінен көбірек көрінеді; – жазушы арнайы материал жинаудан гөрі өз өмірлік тәжірибесінен туған тақырыптарды шығармаларына өзек етеді. Дегенмен «Абитуриент-88» әңгімесі оның тарихи тақырыпты да шебер меңгере алатынын танытады; – М. Байғұт өзі үлгі тұтатын классик жазушылармен өзектес тақырыпты көтеріп, ұқсас бейнелер сомдағанымен, оның өз қаламына тән даралық әрдайым айқындалып отырады; – Мархабат Байғұт қазақ көркем прозасына тәуелсіздік алған жылдардағы әлеуметтік және психологиялық топтардың ерекшелігін танытатын характерлер жасаумен үлкен үлес қосқан жазушы; Жұмыстың жариялануы мен талқылануы (апробация) жалпы зерттеу нәтижелері 12 жарияланымда көрініс тапты. ҚР ҒЖБМ Ғылым және жоғары білім саласындағы бақылау комитеті (ҒЖБСБК) ұсынған тізімге енетін журналдарда 5 мақала, шетелдік халықаралық конференцияларда 7 мақала жарияланды. Диссертациялық жұмыс кіріспе, үш бөлім, қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады. Диссертациялық жұмыстың қысқаша мазмұндамасы. Диссертациялық жұмыстың кіріспесінде зерттеу жұмысының өзектілігі, мақсаты мен міндеттері, зерттеу нысаны, зерттеу пәні, зерттелу деңгейі, әдіснамалық негіздері, зерттеу әдістері, диссертациялық зерттеудің дереккөздері, ғылыми жаңалығы, теориялық және практикалық маңызы, қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар, зерттеу жұмысының жариялануы секілді зерттеу талаптары қамтылды. Жұмыстың «Жазушы тұлғасы және шығарма мазмұны» атты бірінші бөлімі іштей 3 тараушадан тұрады. Жазушының көркмдік санасынан орын алған жазушылар мен олардың әсер-ықпалы, архетиптік бейнелер мен авторлық емес сөз түрлері, олардың көркемдік тұрғыда түрленуі, шығармалардың тақырыптық-идеялық ерекшелігінің автор санасына қатысы осы тараудың мазмұнын құрайды. Екінші «М. Байғұт шығармаларының көркемдік әлемі» атты бөлімде қарапайым адамдар бейнесінің әдеби категория ретіндегі басты ерекшеліктері, характер сомдаудағы психологизмнің маңызы, оны көркемдік тұрғыда игерудегі жазушы шеберлігісөз болады. Диссертациялық жұмыстың «Жазушы шығармаларының композициясы мен тілі» атты үшінші бөлімінде композициялық ерекшеліктер мен оны ұйымдастырудағы авторлық эмоцияның, әсіресе, лиризмнің ролі, сыртқы көмпозицияға тән тәсілдердің, шығарма атауының поэтикасы, жазушының халықтық сөздік қорды пайдалану талғамы, халықтың шешендік өнеріне тән тәсілдерді ұтымды қолдануы, авторлық неологизмдері мен оның көркемдік қызметі туралы қамтылады. Орындалған жұмыстың қорытындысы: Диссертациялық зерттеудің негізгі нәтижелері келесі мазмұнда тұжырымдалды: Жазушы шығармашылығына әсерін тигізген классик жазушылардан алынған үлгілер М.Байғұт шығармаларында қайталау, еліктеу деңгейінде емес, шығармашылық бәсеке сипатында танылады. Архетиптік сюжеттер мен образдар өзінің арғы негіздерін танытуымен қатар, бүгінгі күннің өзекті мәселелерімен де шебер сабақтасады. Интермәтінділіктің автор идеясымен тығыз байланыстылығы, кейбірінің лейтмотивтік сипат алғаны анық байқалады. Шығармалардың тақырыптық-идеялық құрамы жазушы өмірбаянымен, тәжірибесімен тығыз байланысты. Автордың тарихи тақырыпты да шебер меңгере алатынын растайтын шығармалары да бар. Қарапайым адамдар бейнесінің «бейшара адамдар» бейнесімен ортақ тұстары болғанымен, өзіндік ерекшеліктері бар. Ол – қарапайым адамдардың күрескерлігінен және әлеуметтік статусының әркелкілігінен көрінеді. Жазушы шығармаларындағы психологизм характер сомдауда жетекші орынды иеленеді. Образдық және сюжеттік композиция құруда авторлық көңіл күйдің, әсіресе, лиризмнің жетекші орында болатыны байқалады. Сыртқы композицияның, шығарма атауының көркемдік қызметі үлкен. Ол, көбіне, шығарма идеясын тануға септеседі. Жазушының тіл шеберлігі, ең алдымен, жанр табиғатына, яғни қысқалыққа қызмет ететіндігімен айқындалады. Сондай-аң мұнда халықтық сөйлеуге тән көркемдік құралдар басым. Диссертация тақырыбы бойынша жарияланған жұмыстар тізімі ҚР ҒЖБМ БҒСҚК енгізген журналдарда келесі мақалалар жарияланды: 1. М. Бaйғұт шығapмaлapындaғы әлeyмeттiк шындық жәнe зaмaндac бeйнeci // Қарағанды университетінің хабаршысы. Филология сериясы. – 2022. – №2(106). – Б. 101-108. 2. Мapхaбaт Бaйғұттың шығaрмaшылық жoлының қaлыптacyы // Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Хабаршысы. Филология сериясы. – 2022. – №3(140). – Б. 191-199. 3. Жaзушы Мaрхaбaт Бaйғұттың юмoрлық шeбeрлігі // Еуразия гуманитарлық институтының Хабаршысы. Филология сериясы. – 2023. – №1/2023. – Б. 261-273. 4. Individuality of Word Use in Markhabat Baigut's Prose // Ясауи университетінің хабаршысы. Филология сериясы. – 2023. – №2(128). – Б. 163-177. 5. Мархабат Байғұт шығармаларындағы портреттің көркемдік қызметі // Ш. Уәлиханов атындағы КУ хабаршысы. Филология сериясы. – 2023. – №3/2023. – Б. 111-121. Халықаралық конференциялар мен симпозиумдарда, шетелдік басылымдарда жарияланған мақалалар тізімі: Қазақстан және шет елдердегі халықаралық конференциялық жинақтарда 7 мақала жарияланды: 1. М. Байғұт - шағын проза шебері // «Қозыбаев оқулары – 2020: заманауи қазақстандық ғылымның даму басым бағыттары, жетістіктері мен инновациялары» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның материалдары (Петропавл, 2020. 20 қараша. – Б. 173-177). 2. Заманы тудырған қаламгер // Материалы международного научно-методического Журнала «Global science and innovations 2021: Central Asia» (Нұр-Сұлтан, 2021. 5 ақпан. – Б. 8-12). 3. М. Байғұт әңгімелеріндегі заман шындығы // «Дəстүр мен жаңашылдық тоғысындағы тіл жəне əдебиет мəселелері» атты Халықаралық ғылыми конференция материалдары (Нұр-Сұлтан, 2021. 8 сәуір. – Б. 369-373). 4. Marhabat Bayğut’un nesir eserlerinde milli bakiş // «Yenı Turkіye» dergiler (Ankara, 2022. – Mart. – S. 319-322). 5. Мархабат Байғұт прозасындағы елдік мүдде мен дүниетаным ерекшеліктері (әңгіме және повестері негізінде) // «Әзілхан Нұршайықов және журналистика мен әдебиеттанудың өзекті мәселелері» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары (Астана, 2023. 14 желтоқсан. – Б. 290-295). 6. Мархабат Байғұттың балалар тақырыбындағы шығармаларындағы өмір шындығы және көркемдік шешім // Robert Minnullin’in Doğumunun 75. Yılına Armağan «Çocuk ve Gençlik Edebiyatında Dil, Kültür ve Gelenekler; Tarih, Şiir, Kalkınma Stratejileri» (Kazan, 2023. – 20-21 ekim. – S. 445-454). 7. Marhabat Bayğut’un eserlerindeki arketipsel imgeler // Türk dili ve edebiyati öğrenci sempozyumu (Çorum, 2023. – 27-28 Kasım. – S. 485-491).
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://youtu.be/1O3BXfXzVOM?feature=shared
