
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Балтабай Досжан Әмірұлы «8D02305 – Филология» білім беру бағдарламасы бойынша ««Шежіре-и теракиме» еңбегінің лексикалық ерекшелігі» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Қазақ тіл білімі» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
– Сабыр Мұрат Бөкенбайұлы – филология ғылымдарының докторы, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті, «Филология және оқыту әдістемесі» кафедрасының профессоры (Орал қ., Қазақстан);
– Молгаждаров Касиет Какенович – филология ғылымдарының кандидаты, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті, «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының қауымдастырылған профессоры (Көкшетау қ., Қазақстан).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
– McCollum ADAM GATLIN – PhD, Ратгерс университеті, «Лингвистика» кафедрасының қауымдастырылған профессоры (Нью-Джерси, АҚШ);
– Жиембай Бибигуль Сауровна – философия докторы (PhD), Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Түркітану кафедрасының доцент м.а. (Астана қ., Қазақстан);
– Адилов Марлен Ерланович – философия докторы (PhD), Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Немат Келімбетов атындағы Түркітану орталығының ғылыми қызметкері (Алматы қ., Қазақстан).
Ғылыми кеңесшілері:
– Кенжалин Қуанышбек Кәрімұлы – PhD, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ тіл білімі кафедрасының доцент м.а. (Астана қ., Қазақстан);
– Зеки Каймаз – Еге университеті Түркі әлемін зерттеу институтының профессоры, доктор (Измир қ., Түркия).
Қорғау 2025 жылғы 18 қаңтар, сағат 10:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D02305 – Филология» мамандығы бойынша «8D023 – Тілдер және әдебиет» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі офлайн және онлайн форматта өтеді.
Мекен-жайы: Астана қ., Қ. Сәтбаев көшесі, 2, оқу-әкімшілік ғимарат, №302 ауд.
Аңдатпа (қаз.): Балтабай Досжан Әмірұлының «8D02305-Филология» білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алуға ұсынылған ««Шежіре-и теракиме» еңбегінің лексикалық ерекшелігі» диссертациялық жұмысының АҢДАТПАСЫ Диссертациялық зерттеудің мақсаты – «Шежіре-и теракиме» еңбегінің лексикалық қабатын зерделеу, ондағы тіл бірліктерін лексика-семантикалық топтарға бөліп, этимологиясын анықтау. Зерттеу міндеттері: ‒ шағатай жазба әдеби тілінің тарихи маңызын, қазіргі қазақ әдеби тілінің даму тарихындағы орнын, мән-маңызын ашып көрсету; ‒ «Шежіре-и теракиме» еңбегінің шетелдік және отандық кітапхана мұрағаттарындағы, сирек кітаптар қорларындағы нұсқаларын анықтау, қолжазбаларға қол жеткізу; ‒ «Шежіре-и теракиме» еңбегіне қатысты ғылыми зерттеулерді саралау; ‒ «Шежіре-и теракиме» еңбегінің Т (Ташкент) және L (Ленинград) нұсқаларын салыстырып, текстологиялық айырмашылықтарды саралау; ‒ тарихи шежіренің түркілік қабатын зерделеу; сөздердің шығу төркінін, туыс және туыстас тілдердегі қолданылу сипатын, түркілік жазба ескерткіштердегі мағыналық ерекшеліктерін айқындау; ‒ «Шежіре-и теракиме» еңбегіндегі араб сөздерінің лексика-семантикалық қырын зерделеу; араб элементтерінің қазіргі қазақ тіліндегі дыбыстық, формалық, мағыналық ерекшелігін, актив және пассив қабаттардағы орнын ашып көрсету; ‒ «Шежіре-и теракиме» еңбегінің парсылық қабатын зерделеу; Парсы сөздерінің түркі тілдеріне ену процесін санамалап, шежіредегі қолданылу аясын анықтау; ‒ «Шежіре-и теракиме» еңбегінің моңғол тілдік қабатын саралау; Түркі және моңғол тілдеріне ортақ тіл бірліктерінің этимологиясын айқындау; Талдау барысында алтайтанушы, түркітанушы ғалымдардың ғылыми гипотезаларын сараптау; ‒ «Шежіре-и теракиме» еңбегіндегі кірме сөздердің статистикалық көрсеткішін ұсыну; ‒ «Шежіре-и теракиме» еңбегіндегі түркілік жұрнақтар арқылы жасалған араб сөздерін, түркілік жұрнақтар арқылы жасалған парсы сөздерін, араб және парсы сөздерінің бірігуінен жасалған тіл бірліктерін анықтап, олардың шежіре мәтініндегі қолданылу аясын зерделеу, статистикасын ұсыну; ‒ «Шежіре-и теракиме» еңбегінің лексикалық қабатын «Адам», «Қоғам», «Табиғат» сынды макро және микро топтарға жіктеу; ‒ «Шежіре-и теракиме» еңбегінде кездесетін паремияларды тілдік тұрғыдан талдау; ‒ тарихи шежіреде кездесетін кейбір топонимдер мен этнонимдердің этимологиясын айқындау. Зерттеу әдістері. Диссертацияда сипаттау, анализдеу, жинақтау, жүйелеу, сұрыптау және статистикалық әдіс-тәсілдер қолданылды. Сөздердің этимологиясын, түбірлер мен қосымшалардың қалыптасу тарихын айқындауда тарихи-салыстырмалы, салғастырмалы әдіс-тәсілдер негізге алынды. Шежіренің лексикалық қабатын «Адам», «Қоғам», «Табиғат» макрожүйелі семантикалық топтарға жіктеуде лексика-семантикалық талдау әдісі қолданылды. Негізгі ережелері (дәлелденген ғылыми гипотезалар және жаңа білім болып табылатын басқа да тұжырымдар): ‒ «Шежіре-и теракиме» еңбегі – «Оғызнама» дастанының араб әліпбиімен жазылған нұсқасы. Орта Азия халықтарының мәдени тарихын зерделеуде «Оғызнаманың» маңызы өте зор. Ол тек оғыз тілдерін ғана емес, жалпы ортаазиялық түркі тілдері үшін, соның ішінде қыпшақ тілдері үшін де тарихи, ғылыми маңызға ие. Орта Азия мен Қазақстан аумағында жиі айтылып жүретін «Қорқыт ата» туралы әңгімелер осы «Оғызнама» дастанымен сюжеттес, әрі сабақтас келеді. Сондықтан оларды өзара тығыз, тарихи байланыста қарастыру керек. ‒ Әбілғазы Баһадүр ханның «Шежіре-и түрк», Қадырғали Жалайыридің «Жамиғ ат-тауарих» еңбектері ескі қазақ жазба тілін танытатын мұралар болып саналады. Сондай-ақ Әбілғазының «Шежіре-и теракиме» еңбегі де тілі жағынан түркі тілдерінің й-тілдік қабатына тән еңбек. ‒ XVII ғасырда жазылған «Шежіре-и теракиме» еңбегінің лексикалық қоры қыпшақ тілдеріне жақын, сондай-ақ ескі қазақ жазба тілінің негізгі өзегі сақталған. ‒ «Шежіре-и теракиме» еңбегі түркі халықтарының тарихына, қазіргі қазақ этнонимдері мен топонимдеріне, олардың шығу тарихы мен этимологиясына қатысты этнолингвистикалық деректерді қамтиды. ‒ «Шежіре-и теракиме» еңбегі Хиуа жерінде жазылса да, тілдік қолданысы жағынан таза түркі сөздерінен тұрады. ‒ Шағатай дәуіріне тиесілі тарихи шығармаларды саралай келе, X-XV ғасырлар аралығында түркі халықтарына қызмет еткен жазба тілді «шағатай тілі» немесе «ескі өзбек тілі» емес, «Орта Азия халықтарының жазба әдеби тілі» деп атағанды дұрыс көреміз. Ал XV-XX ғғ. қазақ халқына қызмет еткен жазба тілге қатысты «кітаби тіл» терминінен гөрі «ескі қазақ жазба тілі» деген атауды қолданғанды жөн санаймыз. Зерттеудің негізгі нәтижелерінің сипаттамасы: ‒ «Шежіре-и теракиме» еңбегінің Т (Ташкент), L (Ленинград) нұсқалары салыстырылып, нұсқалар арасындағы айырмашылықтар айқындалды, текстологиялық талдаулар жасалды. Қолжазбаның Т (Ташкент) нұсқасы мазмұны жағынан толық, қалған алты нұсқаға негіз болатындығы айқындалды. ‒ «Шежіре-и теракиме» еңбегінің лексикалық қабатына толықтай тілдік талдаулар жүргізілді. ‒ Шежіре мәтініндегі лексикалық бірліктердің тарихи жазба ескерткіштер (көне түркі жазба мұралары, орта ғасыр түркі жазба ескерткіштері, Алтын Орда кезеңі түркі жазба ескерткіштері) тіліндегі қолданысы сараланды. ‒ Шежіренің лексикалық қабатына этимологиялық талдаулар жасалды. ‒ Шежіредегі кірме сөздердің сандық көрсеткіші ұсынылып, олардың лексика-семантикалық ерекшелігі айқындалды. «Шежіре-и теракиме» еңбегінің тілі мен қазіргі қазақ тілі арасындағы ортақтықтар мен айырмашылықтар зерделенді. Тарихи шежіре тілі жағынан түркі тілдерінің й-тілдік қабатына тән еңбек екендігі, лексикалық қорының қыпшақ тілдеріне жақын, әрі ескі қазақ жазба тілінің негізгі өзегі сақталғандығы айқындалды. Алынған нәтижелердің жаңалығы мен маңыздылығының негіздемесі: Қазақ тіл білімінде алғаш рет «Шежіре-и теракиме» еңбегінің лексикалық қабаты жан-жақты талданып, қазіргі қазақ әдеби тілімен ортақ сипаты, тарихи сабақтастығы айқындалды. «Шежіре-и теракиме» еңбегінде шағатай жазба әдеби тілінің дәстүрі сақталса да, сол ғасырдағы халықтың сөйлеу тілі де шығарманың негізгі лексикалық қабатына айтарлықтай із қалдырғаны анық. Салыстырмалы түрде XVII ғасырға тән Қадырғали Жалайыридің «Жамиғ ат-тауарих» еңбегінің тілдік қабаты да, Әбілғазының «Түркі шежіресі», «Шежіре-и теракиме» еңбектері де лексикалық құрамы жағынан қыпшақтық элементтерге толы. Сол тұрғыда орта ғасырда түркі халықтарына ортақ жазба тіл қызметін атқарған шағатай тілі, оның жазба дәстүрге негізделген стилдік ерекшелігін ескере келе, сол кезеңнің жазба мұралар тілін ғылыми тұрғыда саралап-талдаудың маңызы жоғары екенін білуге болады. XV-XVII ғасырлардағы қазақ жазба тілінің қалыптасуында шағатай жазба дәстүрінің негізі жатыр. Қазақ тіл білімінде шағатай дәуіріне тиесілі тарихи жәдігерлердің, шежірелер мен қолжазбалардың лингвистикалық аспектіде зерделенуі әлі де болсын кенже қалып келе жатқаны белгілі. Сондай-ақ қолжазба мәтіндерді түпнұсқадан оқу, оларға текстологиялық және тілдік талдаулар жүргізу ісі – бүгінгі тарихи тіл біліміндегі аса қажетті салалардың бірі саналады. Шағатай жазба әдеби тілінің негізінде жазылған, түркітану ғылымындағы маңызды тарихи шығармалардың бірі – Әбілғазы Баһадүр ханның «Шежіре-и теракиме» еңбегі. Диссертация жұмысында «Шежіре-и теракиме» еңбегінің лексикалық қабаттары сараланып, ондағы тіл бірліктеріне этимологиялық талдаулар жасалды. Зерттеу барысында көне түркі жазба ескерткіштері, орта ғасыр жазба мұралары, Алтын Орда тұсындағы әдебиет үлгілері арасындағы сабақтастық айқындалып, салыстырмалы талдаулар жасалды. Шежіренің лексикалық қоры толықтай зерделеніп, лексика-семантикалық топтарға жіктелді. Тарихи еңбектің нұсқалары арасындағы айырмашылықтар көрсетіліп, лингвистикалық талдау жұмыстары жүргізілді. Зерттеу жұмысында берілген ғылыми-теориялық деректерді, түркі сөздерінің этимологиясына қатысты гипотезаларды, араб, парсы, моңғол тілдік элементтеріне қатысты шығыстанушы, алтайтанушы ғалымдардың ғылыми тұжырымдарын филология, түркітану, шығыстану секілді ғылым салаларында, ғылыми-зерттеу орталықтарында тілдік материал ретінде пайдалануға болады. Ғылымның даму бағыттарына немесе мемлекеттік бағдарламаларға сәйкестігі. Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында жоғары білімді және ғылымды дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасымен, Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасымен тығыз байланысты. Сондай-ақ, «Білім туралы» Заңына және Білім берудің барлық деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына негізделеді. Зерттеу жұмысында алынған нәтижелерді жоғары оқу орындарында «Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі», «Орта ғасыр түркі жазба ескерткіштері», «Түркі тілдерінің тарихи грамматикасы», «Салыстырмалы тарихи тіл білімі», «Қазақ әдеби тілінің тарихы», «Қазақ тілінің тарихи грамматикасы» секілді пәндер аясында, тарихи, этимологиялық, тезаурус, түсіндірме сөздіктер құрастыруда қолдануға болады. Сонымен бірге филология, түркітану, шығыстану секілді ғылым салаларында, ғылыми-зерттеу орталықтарында тілдік материал ретінде қарастыруға болады. Докторанттың әрбір жарияланымды дайындауға қосқан үлесінің сипаттамасы. Докторант зерттеу жұмысының қорытындылары мен нәтижелері бойынша ҚР Ғылым және жоғары білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған ғылыми басылымдарда 6 (алты) мақала, халықаралық конференцияларда 3 (үш) мақала жариялады. ҚР ҒЖБССҚК ұсынған отандық басылымдарда жарияланған мақалалар тізімі: 1. Кірме сөздердің семантикалық сипаты («Шежіре-и теракиме» еңбегі негізінде) // Еуразия гуманитарлық институтының Хабаршысы. – 2022. – №4. – Б. 37-46. (бірлескен автор: Кенжалин Қ.К., докторанттың үлесі – 90%). 2. «Шежіре-и теракиме» тарихи еңбегіндегі топонимдердің этнографиялық сипаты // Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Хабаршысы. Саяси ғылымдар. Аймақтану. Шығыстану. Түркітану сериясы. – 2023. – №2 (143). – Б. 253-262. (бірлескен автор: Зеки Каймаз, докторанттың үлесі – 90%). 3. The Mongolian Language Layer in Work «Shezhire-i Terakime» // Абылай Хан атындағы Қазақ Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті Хабаршысы. «Филология ғылымдары» сериясы. – 2023. – №4(71). – Б. 117-131. (бірлескен автор: Kenzhalin K.K., докторанттың үлесі – 90%). 4. Дауысты дыбыстардың тарихи өзгерісі («Шежіре-и теракиме» еңбегі негізінде) // Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Хабаршысы. Филология сериясы – 2024. – №1 (146). – Б. 90-97. (бірлескен автор: Кенжалин Қ.К., докторанттың үлесі – 90%). 5. «Шежіре-и теракиме» еңбегіндегі кейбір түркі сөздерінің этимологиясы // Еуразия гуманитарлық институтының Хабаршысы. – 2024. – №1. – Б. 24-34. (докторанттың үлесі – 100%). 6. «Шежіре-и теракиме» еңбегінде кездесетін нөкер, олжа, мерген сөздерінің мағыналық ерекшеліктері // Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің Хабаршысы. Филология сериясы. – 2024. – №1. – Б. 32-41. (докторанттың үлесі – 100%). Халықаралық конференцияларда жарияланған мақалалар: 1. «Байтақ», «төре», «жақ/жай/йай» сөздерінің семантикалық ерекшеліктері («Шежіре-и теракиме» еңбегі негізінде) // Дәстүр мен жаңашылдық тоғысындағы тіл және әдебиет мәселелері: халықаралық ғылыми конференция материалдары (Нұр-Сұлтан: Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, 2021. – Б. 76-81). (докторанттың үлесі – 100%). 2. Түркі-моңғол тілдеріне ортақ лексикалық бірліктердің семантикасы («Шежіре-и теракиме» еңбегі негізінде) // Құсайынов оқулары: «ХХІ ғасырдағы ғылым және білім: үрдістер мен перспективалар» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары (Астана: А.Қ. Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институты, 2024. – Б. 301-303). (докторанттың үлесі – 100%). 3. «Шежіре-и теракиме» еңбегінде кездесетін тілдік бірліктердің этимологиялық сипаты // А.Байтұрсынұлы оқулары – 2024 “Тілтанудағы тұлғалар” академиктер Әбдуәли Қайдар, Рәбиға Сыздық, Шора Сарыбаевтың 100 жылдық мерейтойларына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары (Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, 2024. – Б. 72-76). (докторанттың үлесі – 100%).
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://www.youtube.com/watch?v=Pw9MWojs0K8
