
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Сәменқызы Ұлпан «8D02314 – Әдебиеттану» білім беру бағдарламасы бойынша «Көркем шығармадағы тұлға концепциясы (қаламгер және кейіпкер)» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Қазақ әдебиеті кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Дауренбекова Лаура Нугайбековна – филология ғылымдарының кандидаты, А.Қ. Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институтының доценті (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Орда Гүлжахан Жұмабердіқызы – филология ғылымдарының докторы, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері (Алматы қ., Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Сафиуллина Флера Сагитовна – филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазан Федералды университеті (Қазан қ., Татарстан, Ресей Федерациясы);
Ержанова Сауле Баймурзаевна – филология ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры (Алматы қ., Қазақстан Республикасы);
Худайбергенов Нурбол Джумагалиевич – философия докторы (PhD), М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері (Алматы қ., Қазақстан Республикасы).
Ғылыми кеңесшілері:
Тұрысбек Рақымжан Сағымбекұлы – филология ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Селами Федакар – PhD, Еге университеті Түркі әлемін зерттеу институтының профессоры (Измир қ., Түркия).
Қорғау 2025 жылғы 5 сәуір, сағат 14:00-де Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D02314 – Әдебиеттану» білім беру бағдарламасы бойынша «8D023 – Тілдер және әдебиет» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі аралас форматта (оффлайн және онлайн) өткізіледі деп жоспарлануда.
Мекен-жайы: Астана қ., Қ. Сәтбаев көшесі, 2, оқу-әкімшілік ғимарат, №302 ауд.
Аңдатпа (қаз.): Сәменқызы Ұлпанның «8D02314 – Әдебиеттану» білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін дайындаған «Көркем шығармадағы тұлға концепциясы (қаламгер және кейіпкер)» диссертациялық жұмысы Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Көркем шығарманы талдауда адам концепциясын басты ұстанымға алып зерттеу жұмысын жүргізудің өзіндік басымдылығы бар. Біріншіден, көркем шығарманың әдебиетке әкелер жаңалығы қаһарманның жаңашылдық сипатымен, психологиялық тұрғыдан терең және көркем суреттелуімен, заманның өзекті мәселесін өткір көтеруімен көрінеді. Тұлға тұжырымында суреткердің әдебиетке әкелген құндылығы бірінші кезекте адам мәселесі төңірегінде жинақталып зерттеліп, өзге көркемдік компонеттердің барлығы соның төңірегінде, соған қызмет жасаушы амал-тәсілдер, құралдар есебінде қарастырылады. Екіншіден, көркем шығармадағы адам концепциясы – автор дүниетанымының, суреткерлік мәдениеті мен ұстанымының көрінісі. Ал ол тарихи жағдайға, қоғам өзгерісіне, суреткерлік тәжірибенің толысуына байланысты үнемі даму үстінде болады. Бұл ретте суреткер шығармашылығындағы тұлға концепциясы басты өлшем, сапалық белгі болып саналады. Сондықтан да тұлға концепциясы автордың бір шығармасымен шектеліп қалмай, бірнеше туындыны, немесе автордың тұтас бір кезеңдегі шығармашылық дамуын, болмаса бүтін шығармашылығын қамтиды. Зерттеу жұмысының нысаны. Көркем шығармадағы тұлға концепциясының теориялық негіздері қарастырылып, әдебиеттің даму тарихындағы тұлға тұжырымдамасының динамизмі анықталды. Қазақ елінің Тәуелсіздік алуы көркем әдебиеттегі тұлға концепциясына жаңалық әкелді. Ұлттық құндылық, тарихқа шынайы көзқарас пен түпдүниетаным, наным-сенім, салт-дәстүр мен халықтық болмыстың жаңа мәнмен суреттелуі прозада алдыңғы орынға шықты. Зерттеу пәні. Қазіргі кезең прозасындағы көркемдік-философиялық көзқарастар мен қаһарманның көркемдік даму тұжырымдамасының мәселелері. Зерттеудің мақсаты – Тәуелсіздіктен кейінгі кезең прозасындағы туындылардың тұлға тұжырымдамасының сапалық өзгерістеріне талдау жүргізу. Зерттеу мақсатын жүзеге асыру үшін келесі міндеттер қойылды: - Әдебиет пен өнердегі тұлға тұжырымдамасы ең жоғары әлеуметтік-индивидуалды болмыстағы адам мәселесі және көркемдік дамудың айқындаушы белгілерінің бірі екенін анықтау; - Автордың моральдық-философиялық көзқарастарының ерекшеліктерін түсінбейінше, тұлғаның этикалық ұстанымын толық тану мүмкін еместігін, қаһарманның көркемдік концепциясын жасаудың күрделі процесінде жазушының санасы, идеялық-эстетикалық көзқарастары, ерік-жігері басты рөл атқаратынын тану; - Жыраулар поэзиясындағы тұлға концепциясының өзгешелігін көрсету; Ұлттық әдебиетте адамды, оның мінез-құлқы мен ішкі құбылысын суреттеуге бетбұрыс XVIII-XIX ғасырдағы ақындар поэзиясынан басталғанын анықтау; Тұлға болмысы ХІХ ғасырдың ортасынан бастап Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев еңбектерінде халықтық сана мәселесінің құрамдас бөлігі ретінде қарастырылып, олардың басты мұраты халықты ағарту мәселесіне бағытталғанын айқындау; ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетіндегі қаһарман бейнесіне Ресейдегі революция дәуірінің айрықша ықпалы болғанын, қазақтың ағартушылық-демократтық әдебиеті бұл кезеңде халықты отаршылдық езгіден құтқару, тәуелсіздік үшін күрес идеясын батыл көтергенін, соған орай заманның ізденімпаз, күрескер, ойлы жаңа адамының әдебиетке келгенін дәлелдеу; - Кеңес әдебиетінің ұлт әдебиетіне жаңа сапалар мен өлшемдер енгізгенін, еңбек адамын әдебиеттің негізгі тұлғасы етіп жариялағанын, өмір шындығын біржақты бейнелеу кері ықпал жасағанын, сондай-ақ Тәуелсіздіктен кейінгі кезең әдебиетінде тұлға тұжырымдамасы жаңа сапаға көшкенін анықтау. Зерттеу әдістері. Диссертацияда қазіргі жазушылардың шығармашылығындағы қаһарманның көркемдік тұжырымдамасын философиялық, этикалық, мәдени-танымдық, қазіргі замандық контексте сипаттауға мүмкіндік беретін жүйелік әдіс қолданылады. Әдеби шығармаларды тарихи-әдеби, салыстырмалы-типологиялық зерттеу элементтерін біріктіретін әдіс пайдаланылды. Ғылыми зерттеу жұмыстың мақсат-міндеттеріне сәйкес тарихи функционалдық, салыстырмалы әдістер қолданылды. Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. Зерттеу жұмысында: - Көркем шығармадағы қаһарман тұжырымдамасының мәні мен маңызы, сапалық ерекшеліктері, образ бен автор бірлігі жөніндегі әлемдік және ұлттық әдебиеттанудағы ғылыми көзқарастар жүйеленіп, ұлттық әдебиеттегі образ тұжырымдамасының даму үдерісі, оған тарихи-әлеуметтік жағдайлардың ықпалы анықталды; - Тәуелсіздіктен кейінгі кезең прозасындағы қаһарман тұжырымдамасының жаңашылдық сипаты көрсетілді; Уақыт өзгерісі көркем туындыға өз белгісін енгізеді. Адамның имандылық сенімі, мәселен, кеңестік дәуір әдебиетінде кең суреттелінбеді. Қазіргі адам – кеңес дәуіріндегі адамға ұқсамайды. Бүгінгі прозада адам санасындағы өзгеріс, соны бетбұрыс, жаңа көзқарас қазіргі өмір шындығы аясында бейнеленуде. Зерттеуде осы маңызды құбылысқа арнайы көңіл бөлінді. Зерттеудің теориялық маңызы. Көркем шығармадағы тұлға концепциясын маңызды мәселелерін талдауда М.Әуезовтің «Заман шарты», «Дәстүр мен жаңашылдық жайында», «Қазіргі роман және оның геройы» мақалалары, М.Қаратаевтың, Р.Бердібаевтың, З.Қабдоловтың, С.Қирабаевтың, Ш.Елеукеновтің, Р.Нұрғалидың, Б.Майтановтың, Ж.Дәдебаевтың, Г.Орданың, М.Оразбектің, тағы басқалардың зерттеу еңбектері теориялық және әдіснамалық негізге алынды. Көркем шығармадағы қаһарман тұлғасының дамуы, мәтіндегі тұлға мен кеңістік арасындағы байланыс және тағы басқа өзекті мәселелер әлемдік психоаналитиктер З.Фрейд, К.Юнг, Э.Фромм, Д.Кэмпбелл және тағы басқа зерттеушілердің еңбектерінде қарастырылған. М.Бахтиннің, Л.Тимофеевтің, М.Храпченконың, Б.Томашевскийдің, Л.Гинзбургтің, Ю.Павловтың, А.Бочаровтың, Ю.Боревтің, тағы басқа зерттеушілердің теориялық еңбектері негізге алынды. Жұмыстың практикалық маңызы. Жұмыс нәтижелерін жоғары оқу орны студенттеріне қазіргі әдебиет пәні бойынша оқылатын арнайы курстар мен семинар сабақтарында пайдалануға болады. Сондай-ақ зерттеу нәтижелерін әдебиеттанушыларға, жоғары оқу орны оқытушыларына, студенттер мен магистранттарға қажетті теориялық, практикалық көмекші құрал ретінде ұсынуға болады. Қорғауға ұсынылатын диссертацияның негізгі тұжырымдары: - Көркем шығармадағы тұлға концепциясының теориялық негіздері; - Ұлттық әдебиеттегі көркем бейненің философиялық-эстетикалық, танымдық даму үдерісіне тарихи кезең шындығының, уақыттың алға қойған мақсат-міндеттерінің әсері; - Қазіргі прозадағы образ жаңашылдығы: санадағы өзгеріс, ұлттық таным бастауына бетбұрыс, әлемдік өркениет және мәдениетпен тікелей байланысқа түскен тәуелсіз, һәм күрделі болмыстағы жаңа адам, нарықтық қатынастың замандас психологиясына ықпалы, өзгерген құндылықтар мен мінез-құлық, уақыт туғызған өмірдің көлеңкелі беттері мен келешекке алаңдаушылық, тағы басқа халық басындағы көкейкесті мәселелер – тұлға тұжырымдамасының тың сипаты. Жұмыстың жариялануы мен талқылануы (апробация). Диссертациялық жұмыстың ғылыми тұжырымдары мен нәтижелері Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ филология факультетінің қазақ әдебиеті кафдрасының 2024 жылдың 22 қазанындағы №3 отырысында талқыланды. Зерттеу нәтижелері мен қорытындылары отандық және шетелдік ғылыми басылымдарда 14 ғылыми мақала түрінде жарық көрді. Диссертациялық жұмыс кіріспе, үш бөлім, қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады. Диссертациялық жұмыстың қысқаша мазмұндамасы. Диссертациялық жұмыстың кіріспесінде зерттеу жұмысының өзектілігі, мақсаты мен міндеттері, зерттеу нысаны, зерттеу пәні, зерттелу деңгейі, әдіснамалық негіздері, зерттеу әдістері, диссертациялық зерттеудің дереккөздері, ғылыми жаңалығы, теориялық және практикалық маңызы, қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар, зерттеу жұмысының жариялануы секілді зерттеу талаптары қамтылды. Жұмыстың «Көркем шығармадағы тұлға концепциясының теориялық негіздері» атты бірінші бөлімі іштей 2 тараушадан тұрады. Тұлға концепциясының негізгі мәні, ол жөніндегі зерттеулер мен теориялық тұжырымдар қарастырылып, уақыт өзгерісіндегі тұлға концепциясының динамизмі осы тараудың мазмұнын құрайды. Екінші «Қазіргі әңгіме-повестердегі ұлттық құндылықтар мәселелері және тұлғаның көркемдік әлемі» атты бөлімде Тәуелсіздіктен кейінгі әңгіме-повестердің тақырыптық-идеялық, көркемдік дамуына шолу жасалып, А.Кемелбаеваның «Тырнақ», «Шашты», «Қоңырқаз», «Көкқия», Н. Дәутаевтың «Айғыркісі», «Батыр», Қ.Жиенбайдың «Қателесесің, қымбаттым...», «Ұста», Е.Әлімжанның, Д. Қуаттың, Қ. Тілеуханның әңгімелеріне тұлғалық жаңашылдық тұрғысынан талдау жүргізілді. Сондай-ақ Қ. Жиенбайдың соңғы уақытта жазылған «Оны мазаламаңдаршы...», «У мен уылдырық», «Қашқын», Қ. Түменбайдың «Көк кептердің көргені», Ж. Қорғасбектің «Жетімнің елмен қоштасуы», Д. Рамазанның «Құса», «Көз жасы» повестері қарастырып, ұлттық құндылықтар, қазіргі кездің өзекті моральдік-этикалық мәселелері, тұлға концепциясының өзгерісі анықталды. Диссертациялық жұмыстың «Қазіргі роман және тұлға диалектикасы» атты үшінші бөлімі «Психологиялық драматизм және тұлға сипаты», «Тарихи сана және тұлға тағдыры» тараушаларынан тұрады. Онда қазіргі романның даму бағдарына шолу беріліп, Ә. Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» дилогиясы, Қ. Жиенбайдың «Даңқ түрмесінің тұтқыны», «Ән салуға әлі ерте», «Жер үстінде де жұмақ бар», Е. Әлімжанның «Анажар», Т. Нұрмағамбетовтің «Мешкей» сатиралық романы, З. Қабдоловтың «Менің Әуезовім» роман-эссесі, Ә. Таразидің «Мұстафа Шоқай» тарихи романы, Қ. Жұмаділовтің «Таңғажайып дүние» ғұмырнамалық романы, Р. Ниязбектің «Тауқымет» романы талданды. Тұлға концепциясындағы жаңашыл ұстанымдар мен көзқарастар қорытылды. Орындалған жұмыстың қорытындысы: Диссертациялық зерттеудің негізгі нәтижелері келесі мазмұнда тұжырымдалды: - Адамды танып-түсінудің философиялық тұжырымдамасы көркем әдебиет үшін де маңызды. Сөз өнері – ар ісі, адамтану әлемі. Ол әр кезде адамға, оның іс-әрекеті мен ішкі әлеміне бағытталған қаһарманды түсінудің принциптерін басшылыққа алады. Сол себепті әдебиеттегі тұлға тұжырымдамасы әр уақытта маңызды, күрделі құбылыстар қатарына жатады. - Қазіргі прозадағы образ жаңашылдығы: санадағы өзгеріс, ұлттық таным бастауына бетбұрыс, әлемдік өркениет және мәдениетпен тікелей байланысқа түскен тәуелсіз, һәм күрделі болмыстағы жаңа адам, нарықтық қатынастың замандас психологиясына ықпалы, өзгерген құндылықтар мен мінез-құлық, уақыт туғызған өмірдің көлеңкелі беттері мен келешекке алаңдаушылық, тағы басқа халық басындағы көкейкесті мәселелер – бүгінгі тұлға концепциясының тың сипаты. Диссертация тақырыбы бойынша жарияланған жұмыстар тізімі Web of Science Core Collection, Scopus халықаралық рецензияланатын журналға келесі мақала қабылданды: The Concept of Personality in Literary Works and Uniqueness of National Identity // Journal of Infrastructure, Policy and Developmentю An Open Access Journal of EnPress Publisher. 2024, 8(12) https://doi.org/10.24294/jipd.v8i12.8632 Authorship: S.Kulbarak, R.Turysbek, A.Ashirbekova, C.Tuyakbayev ҚР ҒЖБМ БҒСҚК енгізген журналдарда келесі мақалалар жарияланды: 1. Қазіргі тарихи романдағы шығармашылық қиялдың орны // Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Хабаршысы. Филология сериясы. - 2022. - №1 (138). – Б. 112-122. 2. Қ.Жиенбай романдарындағы автор және тұлға концепциясы // Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, ҚазҰУ Хабаршысы Филология сериясы. – 2023. - №2 (190). – Б. 158-170. 3. Ә.Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» романындағы тұлғаның көркемдік концепциясы // Ясауи университетінің Хабаршысы. –2023. –№2(128). - Б.137-152. 4. Ғұмырнамалық роман табиғаты және тұлға концепциясы // Торайғыров университетінің Хабаршысы. Филология сериясы. – 2024. - №2. - Б. 357-369. 5. The author and personality concept in a literary work // Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ХАБАРШЫСЫ. Филология сериясы. – 2024. - №2. – Б. 217-227. Қазақстан және шет елдердегі халықаралық конференциялық жинақтарда 8 мақала жарияланды. 1. Р.Ниязбек «Тауқымет» романының көркемдік-стильдік ерекшелігі // Материалы международного научно-методического Журнала «XI Global Science and Innovations 2020: Central Asia» (Нұр-Сұлтан, 2020. желтоқсан. – Б. 118-121). 2. З.Қабдоловтың «Менің Әуезовім» роман-эссесіндегі тұлға жасаудағы портрет пен диалогтің көркемдік қызметі // СБОРНИК СТАТЕЙ Международной научно-практической конференции молодых ученых «НУРГАЛИЕВСКИЕ ЧТЕНИЯ-Х: НАУЧНОЕ СООБЩЕСТВО МОЛОДЫХ УЧЕНЫХ ХХI СТОЛЕТИЯ. ФИЛОЛОГИЧЕСКИЕ НАУКИ», посвященной 25-летию со дня основания Евразийского национального университета имени Л.Н.Гумилёва (Астана, 2021. 25-26 -ақпан. – Б. 262-268). 3. Тәуелсіздік кезең әдебиетіндегі қаһарман тұлғасын жасаудың көркемдік-стильдік ерекшеліктері (Т.Нұрмағамбетовтің «Мешкей» романы негізінде) // Журнал «Актуальные научные исследования в современном мире» (Переяслав, Украина, 2021. 8-мамыр. – Б. 230-236). 4. Қазіргі қазақ романдарының жанрлық жүйесі мен көркемдік кеңістігі // Журнал «Актуальные научные исследования в современном мире» (Переяслав, Украина, 2021. 5-маусым. – Б. 125-137). 5. Қазіргі қазақ романының көркемдік-стильдік түрленуі // Материалы международного научно-методического Журнала «XI Global Science and Innovations 2020: Central Asia» (Нұр-Сұлтан, 2021. қазан. – Б. 6-9). 6. Author and identity concepts in the novels of Q. Zhienbay // IV International Scientific and Practical Conference « Scientific advances and innovative approaches» (Токио, Жапония, 2023, 27-28-сәуір. – Б. 103-112). 7. Жазушы Е.Әлімжанның «Анажар» романындағы қазіргі қоғам бейнесі: автор идеясы және кейіпкер жүгі // Дулати университеті Хабаршысы. – 2023, №3. - Б. 30-39. 8. Жазушы А. Кемелбаева әңгімелеріндегі тұлға концепциясы // Дулати университеті Хабаршысы. – 2024, №3. - Б. 22-34.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://youtu.be/ndOyQscQnJA
