
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Миразова Маржан Нышанбекқызы «8D02314 – Әдебиеттану» білім беру бағдарламасы бойынша «Киелі мекендердің поэтологиялық моделі» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Қазақ әдебиеті кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Жарылгапов Жансая Жангазиевич – филология ғылымдарының докторы, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің профессоры (Қарағанды қ., Қазақстан Республикасы);
Нұриман Бекарыс Тілегенұлы – философия докторы (PhD), Ө. Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің қауымдастырылған профессоры (Шымкент қ., Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Мусурманов Эркин Раббимович – филология ғылымдарының докторы, Самарқанд мемлекеттік Шет тілдері институтының профессоры (Самарқанд қ., Өзбекстан Республикасы);
Адаева Ермек Сабырбаевна – филология ғылымдарының кандидаты, Назарбаев Университетінің оқытушысы (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Жиембаева Гульбакрам Тумарбековна – философия докторы (PhD), Л.Н. Гумилеватындағы Еуразия ұлттық университетінің доцент м.а. (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Ғылыми кеңесшілері:
Аймұхамбет Жанат Әскербекқызы – филология ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилеватындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Метин Екижи – философия докторы (PhD), Еге университеті Түркі әлемін зерттеу институтының профессоры, (Измир қ., Түркия).
Қорғау 2025 жылғы 5 сәуір, сағат 10:00-де Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D02314 – Әдебиеттану» білім беру бағдарламасы бойынша «8D023 – Тілдер және әдебиет» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі аралас форматта (оффлайн және онлайн) өткізіледі деп жоспарлануда.
Мекен-жайы: Астана қ., Қ. Сәтбаев көшесі, 2, оқу-әкімшілік ғимарат, №302 ауд.
Аңдатпа (қаз.): Миразова Маржан Нышанбеккызының «8D02314 – Әдебиеттану» білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін дайындаған «Киелі мекендердің поэтологиялық моделі» диссертациялық жұмысы Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Адамзат санасында кие ұғымының орны ерекше. Бұл ұғым түрлі мәдениет, ұлттар мен ұлыстарда сенім болып қалыптасқан, өзінше таңбаланған. «Кие» түсінігі адамзаттың күнделікті тұрмысынан, өмір салтынан көрініс табады. Аталмыш ұғымның әу баста адам баласын қоршаған кеңістіктің тылсым сырына деген қызығушылығынан бастау алып, қалыптасқаны ақиқат. Тарихи деректерге сүйенсек алғашқы қауымдық құрылыстан-ақ адам баласы барлық табиғи құбылыстардың сырын біліп, тануға талпынған. Өздеріне беймәлім зат пен құбылысты тылсым күштің ықпалына ие, «киелі» деп ұқты. Өркениеттің бастауы болған ежелгі мәдениетті мифтік баяндардан, сол негізде туындаған аңыз-әпсаналардан тіршіліктің пайда болуының өзін тылсым, киелі күшке телитінін аңғарамыз. Демек адамзат санасындағы киеліліктің алғашқы мәні аспан мен жер, тау, алып ағаш, су көздері сынды табиғи заттар мен құбылыстар арқылы қалыптасып, тұрақты атрибут ретінде орнықты. Бұл атрибуттар кейіннен көркемдік сананың негізгі бейнелеу көздеріне айналды. Заманауи әдебиеттану көркем мәтінді талдауда дәстүрлі әдістерді негізге ала отырып, жаңашыл ұстанымдарды, жаңа терминдерді қалыптастырды. Әдебиеттану жаңа аспектілермен толықты. Солардың қатарында диссертациялық жұмысымыздағы «кие» ұғымының мекендік аспектісін жан-жақты талдап, танымдық-көркемдік моделін жасауға пайдаланған поэтология терминін айтуға болады. Кие ұғымының негізгі сақталу нүктесі белгілі бір мекендерге көбірек қатысты. «Киелі мекен» ұғымы дүниетанымдық кеңістіктен поэтикалық кеңістікке ауысып, сөз өнері туындыларында негізгі мотивке айналды. Сөйтіп танымдық және көркемдік қабылдау адамзаттың мәдени жадында көркем модельдер жүйесін қалыптастырды. Осындай танымдық-көркемдік тұтастықтағы киелілік ұғымын мекенге қатысты зерделеуде поэтологиялық модель терминін пайдалануды жөн көрдік. Поэтология терминін әдебиеттанудың жаңа саласы ретіндегі табиғатын тану өте маңызды. Поэтологиялық талдау «кие» түсінігіне жаңа ракурстен қарап, тұрақты атрибуттарының ара жігін ажыратып, әрқайсысының көркем моделін жасап, қандай мән-мағынаға ие екенін көрсетуде маңызды рөл атқарады. Өнердегі модельдеу адамзаттың мәдени даму процесінде шындықтың онтрологиялық маңыздылығымен және субстанциясымен сипатталатын көркемдік модельдерді жасауға алып келеді. Көркем модель ұғымы кең мағынасында «бейне» ұғымымен сабақтас болып келеді. «Бейне» белгілі дәрежеде шартты немесе түйсікпен қабылдау нәтижесіндегі суреттеулерден түзіледі, сондай-ақ кез келген бір нысанның түпбейнесі, өнер туындысында түпбейнені алмастыратын нысандар жүйесі. Киелі мекеннің поэтологиялық моделін зерттеуде біз киелілік, модель, поэтология ұғымдарын тұтастыра отырып, жаңа нәтижелерге қол жеткізуді мақсат тұттық. Жұмыстың өзектілігін осы тұрғыда сипаттауға болады. Тақырыптың зерттелу деңгейі. Поэтология ұғымы әдебиеттану ғылымының саласы ретінде ХХ ғасырдың аяғында қалыптасты. Бұл терминге қатысты алғашқы ғылыми пайым швейцариялық ақын, аудармашы Ф.Ф. Ингольдке тиесілі. Ал, 1997 жылы орыс әдебиеттанушысы В.Н. Тростников Ю.М. Лотманның «О поэтах и поэзии: Анализ поэтического текста» атты еңбегінде қарастырылған поэтикалық пішіндерді негізге ала отырып, поэтология туралы түсінікті барынша кеңейтті. Ол поэтологияны өлеңнің техникалық параметрлерін нақтылайтын, қаламгердің дүниетанымын, оның эстетикалық бағдарламасын, философиялық негізін талдайтын әдебиеттанудың саласы ретінде қарастырған. С.В.Федотова әдеби шығармашылықтың антропологиялық аспектісі ретінде А.В. Корчинский, көркемдік заңдылық, көркем мәтінді құру, өңдеу, қабылдау процестері және заңдылықтары негізінде В.В. Котелевская, философиялық эстетика тұрғысынан А. Новиков зерттеді. Сонымен қатар Т.А. Бердникова, Ю.Казарин, В.Н.Бойков, В.Е.Захаров, И.А.Пильщиков, М.Сысоев, В.Эрн, А.А.Фокиннің еңбектерінде поэтологияны көркем туындыдағы ұлттық танымдық негіздерге сүйене отырып анықтап, мәтін арқылы қаламгердің немесе бір ұлттың, жалпы адамзаттың санасындағы қалыптасқан моделдерді талдауды жүзеге асырылды. Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Диссертациялық жұмыстың мақсаты – киелі мекеннің поэтологиялық моделін теориялық тұрғыда жүйелеу. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін «кие» ұғымының адамзаттың көркем жадында бейнеленуін сөз өнері мәтіндерінен мысал келтіре отырып зерттеуді жүзеге асыру керек. Алғашқы қауымдық құрылыстан бастап бүгінгі күнге дейінгі киелі мекендерге қатысты санадағы тұрақтаған киелі мекеннің көркем моделдерін жүйелеуде төмендегідей міндеттер қойылды: – «кие», «киелілік, «сакралдылық» ұғымдарының бастау көздерін талдап, көне таныммен байланысын таныту; – киелі мекен туралы түсініктің архетиптік сипатына талдау, көркемдік ойлаумен сабақтастығын ашу; – «кие» ұғымының адамзат санасында қалыптасуына түрткі болған жағдаяттарға әдеби-танымдық тұрғыда талдау жасау; – адамзат санасының танымдық-поэтикалық дамуына орай эстетикалық, мәдени түсініктердің күрделеніуі нәтижесінде «киелі мекендердің» көркем модельдерін қалыптасуын талдаулар арқылы таныту; – мифтік таным мен поэтикалық ойлау арасындағы тығыз эволюциялық байланыстың көркем моделдерді қалыптастырудағы мәнін көрсету; – киелілік, сакралдылық ұғымдарын нысандық-мекендік ауқымда сипаттайтын иеротопия, иерофания терминдерінің ғылыми мәнін талдап, тақырыпқа қатысты түсіндіру; – поэтология ұғымының әдеби-теориялық түсініктемесін анықтап, сакралды поэтологияның өзіндік ерекшелігін таныту; – киелі мекеннің поэтологиялық кеңістігін анықтау үшін мәтіндік және салыстырмалы талдауларды жүзеге асыру; – аңыз-әпсаналардан, әдеби-көркем туындылардан «киелі» санаттағы нысандар мен олардың құрамдас бөліктерін (бейнелер, мотивтер, тұрақты атрибуттар) қолданудың барлық мысалдарын жинақтап, ғылыми талдау жасау; Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы: – поэтология заманауи әдебиеттану ғылымының бір аспектісі ретінде арнайы зерттеу тақырыбына айналды; – киелі мекендер туралы ұғымның қалыптасуын анықтауда түрлі халықтар мәдениетіндегі алғашқы түпнұсқа ретінде сакралды бейнелер жинақталды; – көркем санадағы «кие», «киелі мекен» ұғымдарының терминдік аталымдары талданып, поэтологиялық моделдері анықталып, сөз өнеріндегі сан-алуан бейнелері жүйеленді; – киелі мекендердің ежелгі мәдениеттегі пішіні мен бүгінгі қоғамдық санадағы орнын танытуда сакралды поэтология кеңістігі айқындалып, ұлттық құндылықтардың өнер туындыларындағы қызметі көрсетілді; – фольклор үлгілеріндегі сакралды ұғымдарға құрылымдық талдау жасай отырып, ұлттық таным мен көркемдік қабылдау байланысының заңдылықтары, киелі мекеннің рухани мәні мен ұлттық санадағы түсіндірмесі жүйеленді; – санада қалыптасқан сакралдық сипаттағы тұрақты атрибуттар арқылы ұлттық рухани болмыс пен дүниетаным негіздері туралы тұжырымдар жасалды; Зерттеу жұмысының әдіснамалық және теориялық негізі. Киелі мекендердің поэтологиялық моделін зерттеу мақсатында адамзат танымының бастау көздеріндегі кие ұғымын зерделеген, сондай-ақ поэтология, көркемдік модель ұғымдарын әдеби-теориялық тұрғыда тұжырымдаған іргелі еңбектердегі пайымдаулар негізге алынды. Санадағы сакралды түсініктің түпнұсқасын іздеу барысында ұлттық фольклортану және әдебиеттану ғылымындағы зерттеулер, атап айтқанда Ш.Уәлиханов, А.Байтұрсынұлы, С.Қасқабасов, Т.Жұртбай, С.Қоңдыбай, әлем халықтарының мифологиясын кешенді зерттеген Ф.Шлегель, М.Элиаде, В.Топоров, А.Ф.Лосев, И.Г.Садовская, А.Халил, К.Юань, И.В.Рак, Н.К. Рерих, А.Л.Баркова, поэтология ұғымын теориялық негіздеген Ф.Ингольд, В.Тростников, көркем модельдер туралы А.Лосев, Ю.Гастев сынды ғалымдардың зерттеу еңбектері басшылыққа алынды. Зерттеу нысаны. Жұмыстың зерттеу нысанына фольклор үлгілері, ұлттық және әлем әдебиетіндегі классикалық шығармалар алынды. Атап айтқанда киелі мекенге қатысты мифтік баяндар, аңыз-әпсаналар, жыраулар поэзиясы, ұлттық және әлем әдебиеті өкілдерінің нақты туындылары зерттеу тақырыбының материалы ретінде қамтылды. Зерттеу әдісі. Зерттеу жұмысында қазақ және әлем әдебиеті мәтіндерін салыстырмалы-тарихи тұрғыда талдау; сөз өнеріндегі киелі мекен модельдерін айқындауда мәдени-тарихи, мифопоэтикалық талдау және киелі мекеннің поэтологиялық модельдерін танытуда мәтін құрылымын структуралистік әдіс ұстанымдары негізінде талдау жүзеге асырылды. Зерттеудің теориялық және практикалық мәні. Зерттеу жұмысының нәтижесін киелі мекеннің сөз өнеріндегі сакралды поэтология, поэтологиялық модель сияқты әдебиеттану ғылымының ішкі аспектілерін таныту мақсатындағы зерттеулерде, арнайы пәндерде пайдалануға болады. Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар: 1. Кие, сакралдылық – адамзаттың архаикалық санасынан бастау алып, поэтикалық ойлауда өзіндік ерекшелігімен орын алған ұғым. Архетиптік ұғымға айналып, көркемдік жадымызда үздіксіз жаңғырған бұл ұғымның мәдени-тарихи, рухани-эстетикалық қызметі адамзат тіршілігінің рухани әрі тұрмыстық қалпында ерекше мәнге ие. 2. Киелі мекеннің тұрақты белгілері халық ауыз шығармашылығында және сөз өнерінде маңзды орын алады. Сондай-ақ әлем және қазақ қаламгерлерінің көркем туындыларындағы ұлттық болмысты танытушы бөлшек. 3. Поэтология – танымдық әрі поэтикалық мәндегі түсініктердің өзара сабақтастығын, оларды біртұтастықта қарастыратын әдеби-теориялық ұғым. Киеліліктің белгілі бір нысанға қатыстылығының мәнісін ғылыми зерделеуде сакралды поэтология тіркесін пайдаланудың тиімділігі зор. Сондықтан киелі мекендердің сөз өнеріндегі көрінісін сакралды поэтология аспектісінде қарастырдық. 4. Киелі мекендердің поэтологиясын зерттеуде оның көркем моделін анықтап, жүйелеу қажет. Осы тұрғыдан келгенде танымдық-көркемдік пішінімен анықталатын, құрылымдық жағынан алғанда бірнеше қабаттардан түзілген киелі мекендер поэтологиясы категориясын модель ұғымымен нақтылау маңызды теориялық тұжырымдар жасауға қол жеткізеді. Диссертациялық жұмыс кіріспеден, іштей тараушаларға жіктелген негізгі үш бөлімнен, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады. Жұмыстың жариялануы мен талқылануы (апробация). Зеpттеу жұмысының нәтижесінде 12 (он екі) ғылыми мақалада жарық көрді. Соның ішінде: Scopus aқпapaттap бaзaсынa енетін импaкт фaктоpлы бaсылымдa – 2, ҚP ҒЖБМ Білім беpу және ғылым сaлaсын бaқылaу және aттестaция Комитеті бекіткен тізіміне енетін ғылыми бaсылымдapдa – 6 (алты), РҒДИ (РИНЦ) ғылыми басылымдарындағы жарияланымдарда – 1 (бір), хaлықapaлық ғылыми-теоpиялық конфеpенция мaтеpиaлдapындa – 3 (үш) мақала жарияланды. Scopus aқпapaттap бaзaсынa енетін импaкт фaктоpлы бaсылымдa: 1. Poetic Model of Sacred Places // ARTICLES Bakhtiniana, São Paulo, 19 (4): e65181e, Oct./Dec. 2024. 2. Caves As Models of Sacredness in Artistic Consciousness // Eurasian Journal of Applied Linguistics, 10(3)(2024). ҚР ҒЖБМ ҒЖБСБК ұсынған ғылыми басылымдардағы жарияланымдар: 1. Абай поэтологиясы: бейнелілік парадигмасындағы көркем детальдің қызметі // Turkic Studies Journal. – 2021. - №2. – Б. 7-18. 2. Шымкент қаласы аумағындағы антропотопонимикалық әпсаналардың поэтологиялық пішіні // Turkic Studies Journal. – 2022. - №2. – Б. 7-21. 3. Әпсаналардағы «қасиетті су» туралы мотивтердің поэтологиясы // Еуразия гуманитарлық институтының хабаршысы. – 2022. - №3. - Б. 113-124. 4. Көркем туындыдағы бейне мен таңбаның қызметі // Ясауи университетінің хабаршысы. – 2023. - №1(127). – Б. 35-45. 5. «Жан» концепциясының поэтологиялық интерпретациясы (Платоннан және миф баяндарынан Абай поэзиясына дейін) // Торайғыров университетінің Хабаршысы. Филология сериясы. №1, 2023. – Б. 19-30. 6. «Киелі ағаштың» поэтологиялық пішіні // Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы. Филология сериясы. – 2023. - №1(142). – Б. 163-176. 7. Сакралды кеңістіктегі үңгірлер // Еуразия гуманитарлық институтының хабаршысы. - 2024. - №3. - Б. 177-184. Халықаралық конференция баяндамалары және конференция жинақтарындағы: 1. «Ескендір Зұлқарнайын шығыс ақындары дастандарында» (Абай мен Науаи жырлауында)» // Ренессанс әдебиеті: Науаи және Шекспир: халықаралық конференция материалдары (Ташкент, 2022. – Б. 134-144). 2. Абай Құнанбайұлының «Ескендір» поэмасындағы «киелі су», «ашылмайтын қақпа» // Абай поэзиясы және ұлттық поэтологиялық кеңістік: конференция материалдары (2022 - 10 тамыз). 3. «Өмір ағашының» сакральды сипаты және көркемдік қызметі // Филология ғылымындағы ізденістер мен жаңалықтар: докторанттар мен магистранттардың 6-ші халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары (Астана, 2022. – Б. 128-136). Диссертациялық жұмыс Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D02314 – Әдебиеттану» мамандығы бойынша зерттеулерді бағалауға құзыреті бар қазақ әдебиеті кафедрасының мәжілісінде талқыланып, қорғауға ұсынылды.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://youtu.be/-QvcR_zJqiQ
