
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Байбосын Әли Муратұлы «8D02305 – Филология» білім беру бағдарламасы бойынша «Шығыс Қазақстан және Абай облыстары топонимдерінің лексикалық, сөзжасамдық және уәждік аспектілері» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Қазақ тілі білімі кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Мадиева Гульмира Баянжановна – филология ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, «Түркология және тіл теориясы» кафедрасының профессоры (Алматы қ., Қазақстан Республикасы);
Кусманова Кульжибек Аскеновна – филология ғылымдарының докторы, С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті, «Педагогикалық білім және менеджмент» кафедрасының профессоры (Өскемен қ., Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Гилазова (Хазиева) Гузалия Сайфулловна – филология ғылымдарының докторы, Қазан мемлекеттік мәдениет институтының Әмбебап құзіреттіліктер технологиясы мен әдіснамасы кафедрасының меңгерушісі (Қазан қ., Ресей Федерациясы);
Нурдаулетова Бибайша Ильясовна – филология ғылымдарының докторы, Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің Қазақ филологиясы кафедрасының профессоры (Ақтау қ., Қазақстан Республикасы);
Кошимова Бибатпа Амирхановна – филология ғылымдарының кандидаты, Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің Қазақ филологиясы кафедрасының профессоры (Ақтау қ., Қазақстан Республикасы) / («8D023-Тілдер және әдебиет» («8D02305-Филология», «6D020500-Филология», «6D021400-Әдебиеттану», «8D02314-Әдебиеттану») кадрларды даярлау бағыты бойынша Диссертациялық кеңес шешімімен Мусабекова Урзада Абилкасимовна – филология ғылымдарының кандидаты, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Түркітану кафедрасының доцент м.а. орнына (Астана қ., Қазақстан Республикасы), 9.04.2025 жылғы №20 (1) хаттама.
Ғылыми кеңесшілері:
Кенжалин Қуанышбек Кәрімұлы – философия докторы (PhD), Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ тіл білімі кафедрасының доцент м.а. (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Гүрер Гүлсевин – философия докторы (PhD), Еге университеті Түркі әлемін зерттеу институтының профессоры (Измир қ., Түркия).
Қорғау 2025 жылғы 24 мамыр, сағат 10:00-де Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D02305 – Филология» білім беру бағдарламасы бойынша «8D023 – Тілдер және әдебиет» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі аралас форматта (оффлайн және онлайн) өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: https://surl.li/jyowvj
Мекен-жайы: Астана қ., Қ. Сәтбаев көшесі, 2, оқу-әкімшілік ғимарат, №302 ауд.
Аңдатпа (қаз.): Байбосын Әли Муратұлының «8D02305-Филология» білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алуға ұсынылған «Шығыс Қазақстан және Абай облыстары топонимдерінің лексикалық, сөзжасамдық және уәждік аспектілері» диссертациялық жұмысы Диссертациялық зерттеудің мақсаты – Шығыс Қазақстан және Абай облыстарының топонимдерін тарихи-лингвистикалық тұрғыдан кешенді зерттеу арқылы олардың сөзжасамдық ерекшеліктерін айқындап, лексика-семантикалық топтарға бөліп, этимологиясын және қойылу уәжін анықтау. Зерттеу міндеттері: 1. Ономастика саласы мен топонимика жүйесінің зерттелу үдерісіне ғылыми тұрғыдан шолу жүргізу; 2. Жер-су атауларын тарихи-лингвистикалық тұрғыдан зерттеуде этимологияның маңыздылығын көрсету; 3. Шығыс Қазақстан және Абай облыстары топонимдерінің атау уәждерін лингвистикалық және этномәдени аспектіде талдап, олардың тілдік негіздерін айқындау; 4. Шығыс Қазақстан, Абай облыстарының топожүйесінің зерттелуіне шолу жасау; 5.Шығыс Қазақстан, Абай облыстарының топонимдеріне толық лингвистикалық талдау жасап, тілдік қабаттарын нақтылау; 6. Шығыс Қазақстан және Абай облыстарындағы кейбір түркі текті топонимдердің шығу төркінін анықтап, олардың қалыптасу ерекшеліктерін ғылыми тұрғыдан негіздеу; 7. Шығыс Қазақстан, Абай облыстарындағы моңғол тілінен енген топонимдерді саралау. Талдау барысында түркітанушы, алтайтанушы ғалымдардың гипотезаларын сараптау; 8. Шығыс Қазақстан, Абай облыстарындағы славян тілінен енген топонимдерді жинақтап, олардың статистикасын ұсыну; 9. Шығыс Қазақстан, Абай облыстарының топонимдерін лексика-семантикалық ерекшеліктеріне қарай классификациялау; 10. Шығыс Қазақстан және Абай облыстарындағы жан-жануарлар мен өсімдіктерге, түр-түс және сандық ұғымдарға байланысты топонимдерді, сондай-ақ антропотопонимдер мен этнотопонимдердің лексикалық ерекшеліктерін айқындап, атау уәждерін этномәдени және тілдік аспектіде жан-жақты талдау; 11. Шығыс Қазақстан және Абай облыстары топонимдерінің сөз таптары негізінде жасалуын қарастыру; Зерттеу әдістері. Диссертациялық жұмыста сипаттау, анализдеу, сұрыптау, жинақтау, статистикалық әдіс-тәсілдер қолданылды. Топонимдердің этимологиясын анықтауда салыстырмалы-тарихи, салғастырмалы әдістер басшылыққа алынды. Жер-су атауларын семантикалық топтарға классификациялауда лексика-семантикалық талдау әдісі қолданылды. Негізгі ережелері (дәлелденген ғылыми гипотезалар және жаңа білім болып табылатын басқа да тұжырымдар): 1. Шығыс Қазақстан, Абай облыстарының топонимдері тіл мен тарихтың маңызды көрсеткіші ретінде қарастырылды. Қарастырған атаулар – белгілі бір тарихи оқиғаларға, табиғи ерекшеліктерге байланысты қалыптасатыны анықталып, олардың ұлттық болмыс пен мәдениетті танытатын мәдени код екендігі дәлелденді. 2. Шығыс Қазақстан, Абай облыстарының топонимдері стратиграфиялық тұрғыдан жіктеліп, кейбір түркі текті және кірме топонимдердің этимологиясы анықталды. Түркі текті топонимдер халқымыздың ұлттық ерекшелігін танытса, моңғол және басқа тілден енген топонимдер тарихи байланыстардан хабар беретіні дәлелденді. 3. Шығыс Қазақстан, Абай облыстарындағы 1000-ға жуық топонимдер жинақталып, қоршаған ортаның физика-географиялық, тарихи-мәдени және тұрмыстық сипаттарын білдіретін үш негізгі мағыналық топқа бөлінді. 4. Шығыс Қазақстан, Абай облыстарындағы жан-жануарлар, өсімдік атаулары, түр-түс пен сандық ұғымға байланысты жер-су аттары жан-жақты зерттеліп, олардың аймақтық ерекшеліктерді көрсетуі және уәждік негіздерінің анықталуы зерттеудің нәтижелілігін арттырды. 5. Шығыс Қазақтан, Абай облыстарындағы антропотопонимдер мен этнотопонимдер жинақталып, олардың семантикалық қыры жан-жақты талданды. 6. Шығыс Қазақстан, Абай облыстарының топонимдерін қалыптастыруда зат есім, сын есім және етістіктердің рөлі анықталды. Топонимжасамда белсенді қосымшалары мен түрлі құрылымдық модельдер арқылы жасалған атаулардың жүйелі түрде топтастырылуы қазақ топонимдерінің сөзжасамдық ерекшеліктерін жан-жақты ашып көрсетті. Зерттеудің негізгі нәтижелерінің сипаттамасы: – Шығыс Қазақстан және Абай облыстарының топожүйесінің зерттелу жайын қарастырдық. Аталмыш облыстардың табиғи ерекшеліктері, әкімшілік-аумақтық құрылымы, агроклиматтық ерекшеліктері, ірі өзен-көлдері жайлы ғылыми ақпарат берілді. – Шығыс Қазақстан, Абай облыстарының топонимдерін стратиграфиялық тұрғыдан зерделедік. Шығыс Қазақстан, Абай облысының жер-су атауларын екіге бөліп қарастырдық: 1) түркі текті топонимдер, 2) кірме топонимдер. Зерттеу жұмысында салыстырмалы әдіс қолданылып, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарындағы славян тілдерінен енген атаулардың сандық көрсеткіші айқындалды. – Шығыс Қазақстан, Абай облыс жер-су атауларының лекика-семантикалық тұрғыдан талданып, сараланды. – Шығыс Қазақстан, Абай облыстарының сөзжасамдық-құрылымдық ерекшеліктері, сөз құрамы жан-жақты қарастырылды. – Зерттеу барысында аймақ топонимдерінің тарихи-мәдени маңыздылығы анықталды. Этимологиялық талдау нәтижесінде тек географиялық нысандарды сипаттап қана қоймай, өңірдің тарихи оқиғалары мен мәдени құндылықтарын бейнелейтіндігі анықталды. Мұндай жер-су атаулардың қазақ халқының тарихи жадын және дәстүрлерін сақтауда маңызды рөл атқаратыны көрсетілді. Кейбір атаулар елге белгілі тұлғалардың есімімен немесе олардың өмірімен байланысты оқиғалармен тығыз байланысты екені анықталды. Осы секілді атаулар халқымыздың мәдениеті мен тарихын және әлеуметтік құрылымын көрсететіні дәлелденді. Алынған нәтижелердің жаңалығы мен маңыздылығының негіздемесі: Диссертациялық жұмыста Шығыс Қазақстан облысынан Абай облысы бөлініп шыққаннан кейінгі жаңа әкімшілік-аумақтық құрылым негізінде, екі өңірдің топонимиялық жүйесі дербес зерттеу нысанына айналып, тілдік ерекшеліктері жеке-жеке қарастырылды. Осы арқылы өңірлік ономастиканың өзекті мәселелері нақты айқындалды. Зерттеу барысында Шығыс Қазақстан мен Абай облыстары аумағында кездесетін түркі текті және кейбір кірме топонимдерге этимологиялық тұрғыдан жан-жақты талдау жасалып, олардың тарихи қалыптасу арналары мен стратиграфиялық қабаттары анықталды. Бұл өңірдегі топонимдердің жасалуына ықпал еткен түрлі тілдік кезеңдер мен тарихи-мәдени үдерістер жүйеленіп, әр қабаттың өзіндік ерекшеліктері сараланды. Аймақтық ономастикада алғаш рет Шығыс Қазақстан және Абай облыстарындағы славян тілінен енген топонимдердің статистикалық мәліметтері ұсынылды. Бұл мәліметтер этнолингвистикалық үдерістерді сипаттауға және кірме атаулардың таралу деңгейін бағалауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, славян текті атаулардың этимологиясы мен уәжділік сипаты да назардан тыс қалмай, олардың тарихи-әлеуметтік негіздері талданды. Зерттеу барысында аталған екі облыс аумағындағы топонимдердің пайда болуына әсер еткен табиғи-географиялық факторлар, тарихи оқиғалар мен этнографиялық ерекшеліктер алғаш рет кең көлемде сипатталып, атау уәждерінің әртүрлі типтері айқындалды. Мұндай кешенді талдау жер-су атауларының тек номинативтік емес, мазмұндық, мәдени мәнін де ашуға жол ашты. Жинақталған тілдік деректер негізінде жер-су атауларының лексика-семантикалық табиғаты жіктеліп, әртүрлі мағыналық топтарға бөлінді. Мысалы, жануарлар мен өсімдіктер әлеміне, түстер мен сандарға, адамның есіміне немесе этностық белгіге қатысты атаулар арнайы топтамаларға жинақталып, олардың уәжділік себептері нақты ғылыми негізде түсіндірілді. Сондай-ақ, бұл өңірдегі топонимдердің сөз таптары негізінде жасалуына арнайы тоқталып, атаулардың морфологиялық құрылымы мен сөзжасамдық ерекшеліктері жүйеленді. Олардың жасалу модельдері мен өнімді форманттары анықталып, қазақ тілінің сөзжасам жүйесімен байланысы көрсетілді. Диссертация жұмысының нәтижелері мен материалдарын ономастика саласы, топонимика, лексикология, тіл біліміне кіріспе және география, тарих ғылымдарында қолдануға болады. Шығыс Қазақстан, Абай облыстары бойынша жинақталып, этимологиялық тұрғыдан талданған топонимдерді энциклопедиялық, этимологиялық, анықтамалық сөздік құрастыруда пайдалануға болады. Диссертация жұмысындағы қол жеткізген нәтижелерді жоғары оқу орындарында «Ономастика», «Топонимика» секілді пәндер аясында, сонымен қатар, филология, түркітану ғылым салаларында тілдік материал ретінде толықтай қарастыруға болады. Ғылымның даму бағыттарына немесе мемлекеттік бағдарламаларға сәйкестігі. Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында жоғары білімді және ғылымды дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасымен, Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасымен тығыз байланысты. Сондай-ақ, «Білім туралы» Заңына және Білім берудің барлық деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына негізделеді. Зерттеу жұмысында алынған нәтижелер Қазақстанның гуманитарлық ғылымының дамуына айтарлықтай үлесін қосады. Зерттеуден алынған ғылыми фактілерді лингвистика, география, мәдениеттану, тарих, зерттеушілер мен білім алушылар қолдана алады. Жоғарғы оқу орындарында оқылатын «Қазақстан ономастикасы», «Қазақстан топонимикасы» арнаулы курстарында, оқытушылар мен білім алушыларға қажет зерттеу еңбегіне айналмақ. Зерттеу нысаны болып отырған аймақта кірме топонимдердің көп болуына байланысты, зерттеу жобамыздың нәтижелері түркі, словян тілдерінің салыстырмалы топонимикалық зерттеуліріне де өз септігін тигізеді. Докторанттың әрбір жарияланымды дайындауға қосқан үлесінің сипаттамасы. Докторант зерттеу жұмысының қорытындылары мен нәтижелері бойынша Web of Science мәліметтер базасында 1 (бір) мақала, ҚР ҒЖБССҚК ұсынған отындық басылымда 3 (үш) мақала, халықаралық конференцияларда 2 (екі) мақала жарық көрді. Web of Science мәліметтер базасында 1 (бір) мақала: 1. Revisiting The Mongolian Stratum of Kazakh Place Names // Voprosy Onomastiki. – 2024. - №21/1. – Р. 27-71 (Cite Score 2023 – 0.5, SNIP 2023 – 0.884, Percentile in language and linguistics – 52). ҒЖБССҚК ұсынған отындық басылымда 3 (үш) мақала: 1. Абай облысындағы түр-түс мәнді топонимдер // Еуразия гуманитарлық институтының хабаршысы. – 2022. – №4. – Б. 17-24. (бірлескен автор: Kenzhalin K.K., докторанттың үлесі – 90%). 2. Қазақ тіліндегі ойконимдердің пайда болу тарихы мен ұлттық санадағы орны // Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Хабаршысы. Саяси Ғылымдар. Аймақтану. Шығыстану. Түркітану сериясы. – 2022. – №3(140). – Б. 199-211. (бірлескен автор: Kenzhalin K.K., докторанттың үлесі – 90%). 3. Шығыс Қазақстандағы сан есімді топонимдер // Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Хабаршысы. Филология сериясы. – 2024. – №1 (146). – Б. 58-66. (докторанттың үлесі – 100%). Халықаралық конференцияларды 2 (екі) мақала: 1. Моңғол тілінен енген қазақ топонимдері // «XXI ғасырдағы түркі әлемінің интеграциясы және қыпшақтық фактор» атты халықаралық конференциясының материалдар жинағы» (Шымкент: Әлем, 2021. – Б. 81-88). (докторанттың үлесі – 100%). 2. Қазақ тіліндегі кейбір кірме топонимдердің этимологиясы // Рухани жаңғыру және тілдік мұра атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары (Астана: «ZIZ INC.» ЖК, 2022. – Б. 21-29). (докторанттың үлесі – 100%).
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://youtu.be/Py_nBRcenro
