
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Гыля Айгерим Асылхановна «6D021400 – Әдебиеттану» мамандығы бойынша «Қазіргі әдеби ертегінің типологиялық шекараласуы (Қазақстандық авторлардың шығармалары негізінде, әлемдік әдебиет контексінде)» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Орыс филологиясы кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - орыс тілінде
Ресми рецензенттер:
Сафронова Людмила Васильевна – филология ғылымдарының докторы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің орыс тілі мен әдебиеті кафедрасының профессоры (Алматы қ., Қазақстан Республикасы);
Кривощапова Татьяна Васильевна – филология ғылымдарының докторы, М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті Қазақстан филиалының филология кафедрасының профессоры (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Полубояринова Лариса Николаевна – филология ғылымдарының докторы, профессор, Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің шетел әдебиеттері тарихы кафедрасының меңгерушісі (Санкт-Петербург қ., Ресей Федерациясы);
Сұлтанғалиева Рита Бекжанқызы – филология ғылымдарының кандидаты, М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің қазақ филологиясы кафедрасының қауымдастырылған профессоры (Орал қ., Қазақстан Республикасы);
Баянбаева Жадыра Амангельдиевна – филология ғылымдарының кандидаты, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің орыс филологиясы және әлем әдебиеті кафедрасының доцент м.а., ғылыми-инновациялық жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі декан орынбасары (Алматы қ., Қазақстан Республикасы).
Ғылыми кеңесшілері:
Нұрғали Қадиша Рүстембекқызы – филология ғылымдарының докторы, профессор, орыс филологиясы кафедрасының меңгерушісі (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Беженару Людмила Ефимовна – филология ғылымдарының докторы, А.И. Куза атындағы Яссы университетінің славистика кафедрасының доценті (Яссы қ., Румыния).
Қорғау 2025 жылғы 24 мамыр, сағат 14:00-де Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «6D021400 – Әдебиеттану» мамандығы бойынша «8D023 – Тілдер және әдебиет» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі аралас форматта (оффлайн және онлайн) өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: https://surl.li/lsadkv
Мекен-жайы: Астана қ., Қ. Сәтбаев көшесі, 2, оқу-әкімшілік ғимарат, №302 ауд.
Аңдатпа (қаз.): Гыля Айгерим Асылханқызының «6D021400 – Әдебиеттану» мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алуға ұсынылған «Қазіргі әдеби ертегінің типологиялық ұқсастығы (қазақстандық авторлар шығармалары негізінде әлем әдебиеті контексінде)» диссертациясы Зерттеудің өзектілігі қазіргі заманғы әдеби ертегі жанрының даму заңдылықтарын әлемдік әдебиет контексінде анықтаудың қажеттілігімен негізделеді. Бұл ұлттық ерекшеліктерді нақтылап, оны жалпыәлемдік әдеби үдерістер жүйесіндегі орнын айқындауға мүмкіндік береді. Зерттеу нысаны – қазіргі әдеби ертегі, оның ұлттық және әлемдік көріністері. Осы диссертациялық жұмыста «қазіргі заманғы» ұғымы ретінде 2002–2024 жылдар аралығында жарық көрген постмиллениалдық әдеби ертегілер алынады. Бұл хронологиялық кезеңнің таңдалуы дәуірлік өтпелі сипатымен байланысты: ХХІ ғасырға аяқ басу көркемдік сананың өзгеруімен және жаңа эстетикалық бағдарлардың пайда болуымен сипатталады. Мұндай өзгерістер түрлі әдебиеттерде ұқсас типологиялық белгілердің пайда болуына қолайлы жағдай туғызды. Зерттеу пәні – қазіргі әдеби ертегі жанрындағы типологиялық сәйкестіктер. Мұнда типологиялық сәйкестіктер деп әртүрлі ұлттық әдебиеттерде өзара тәуелсіз түрде пайда болатын, бірақ қоғамдық-тарихи және мәдени дамудың ұқсас кезеңдері немесе көркемдік сананың әмбебап заңдылықтары негізінде қалыптасатын ортақ белгілер мен үдерістер түсініледі. Басқаша айтқанда, зерттеу пәні – қазақстандық әдеби ертегі мен басқа халықтардың ертегілерінде байқалатын параллель жанрлық-типологиялық құбылыстар мен үрдістер. Диссертациялық жұмыстың мақсаты – қазіргі қазақстандық әдеби ертегінің жанрлық құрылымын салыстырмалы-типологиялық тұрғыдан тұтас қарастыратын концепцияны қалыптастыру. Бұл концепция синхронды аспектіде жанрға тән орнықты типологиялық сәйкестіктерді анықтау мен жүйелеуді, сондай-ақ қазақстандық шығармалардың ұлттық ерекшеліктерін жаһандық әдеби үдерістер контексінде айқындауды көздейді. Аталған мақсатқа жету үшін зерттеудің логикалық құрылымына сәйкес өзара сабақтас бірнеше міндеттерді шешу қарастырылады. Бұл міндеттердің әрқайсысы зерттеу нысанының жекелеген аспектілерін ашып көрсетіп, оны кешенді түрде талдауға мүмкіндік береді: 1. Әдеби ертегі жанрының қазіргі теориялық пайымдау жағдайын саралап, отандық және шетелдік зерттеушілердің еңбектеріндегі өзекті дефинициялар, тұжырымдамалар мен жіктеулерге сыни шолу жасау арқылы жанрдың тарихи трансформациясы мен меметикалық табиғатын ескере отырып, ұғымдық шекараларын нақтылау; 2. XXI ғасыр әдеби ертегісінің поэтикасына тән ерекшеліктерді анықтау, әсіресе жанрдың эмердженттілік сипатына (әртүрлі мәдени-тарихи контекстерге енген кезде жаңа сапалар тудыру қабілеті) назар аудару арқылы поэтикалық деңгейде түрлі әдеби дәстүрлерде байқалатын типологиялық ұқсастықтардың пайда болуын түсіндіру; 3. Жанрлық трансформация үдерістерін ескере отырып, қазіргі әдеби ертегіні оқудың тиімді интерпретациялық модельдерін әзірлеу. Бұл модельдер типологиялық ұқсас элементтердің пайда болу және жүзеге асу механизмдерін ашуға мүмкіндік береді; 4. XXI ғасыр басындағы қазақстандық және шетелдік әдеби ертегілер арасында көркемдік құрылымның әртүрлі деңгейінде (сюжеттік, нарратологиялық, стильдік) байқалатын негізгі типологиялық сәйкестіктер мен айырмашылықтарды анықтап, жүйелеу. Бұл ұлттық ерекшеліктерді жаһандық әдеби үрдістер аясында тереңірек және анығырақ сипаттауға жол ашады; 5. «Батыс–Шығыс» эпистемологиялық аспектісінде әдеби ертегілер арасындағы типологиялық ұқсастықтардың сипаты мен тереңдігін анықтау арқылы әртүрлі мәдени аймақтардағы ертегі жанрының дамуындағы бірлік пен өзгешеліктерді негіздеу және қазақстандық әдеби ертегілердің жаһандық әдеби кеңістіктегі орнын нақтылау. Зерттеу материалы – постмиллениалдық кезеңге (2002–2024) жататын әдеби ертегілер корпусы. Оған келесі шығармалар енеді: Б. Момышұлы мен Ю. Серебрянскийдің «Қара жұлдыз» роман-ертегісі (Қазақстан, 2019); неміс жазушысы К. Функенің испан мәдениетіне негізделген ертегілік повесі «Фавн лабиринті» (Испания, 2019); британ жазушысы Н. Гейманның әдеби ертегісі «Коралина» (Ұлыбритания, 2002); ертегі циклінің алғашқы мәтіні – Л. Гораликтің «Агата үйге оралады» повесі (Ресей, 2007); Ю. Серебрянскийдің «Қазақстан ертегілері» циклінен алынған ертегілер (Қазақстан, 2017); Н. Шаймерденованың «Ана ертегілері» цикліндегі туындылар (Қазақстан); Н. Веревочкиннің «Маған алтын жүрек салып бер» ертегісі (Қазақстан, 2003); Р. Ширманның ертегі-модификациясы «Аштық» («Peckish», АҚШ, 2013); М. Каннингемнің «Жынды кемпір» атты ертегі-модификациясы («Crazy Old Lady»); Б. Әлімжановтың «Джалмаузды жеңген бала» жинағынан алынған ертегілер (Қазақстан, 2016); Д. Сурагалиновтың «Ертегі» мәтіні (Қазақстан, 2008); Д. Мукитанованың «Умайдың қызы Қорқынышты қалай жеңді» атты ертегісі (Қазақстан, 2023); А. Уразимбетовтың «Айқайшы жапалақтар» ертегісі (Қазақстан, 2024); Е. Зейферттің «Айна сиқыры. Тікенсіз раушанға ұқсайтын жан иесіне арналған ертегі» (Қазақстан, 2007); және Н. Раймның «Робот жайлы ертегі» (Қазақстан, 2011). Шығармаларды іріктеу екі кезеңде жүзеге асырылды: бірінші кезеңде сыншылар жоғары бағалаған немесе беделді әдеби сыйлықтардың лауреаты атанған шығармалар негізінде алдын ала мәтіндер корпусы құрылды; екінші кезеңде осы жиынтықтан кездейсоқ таңдау әдісі қолданылды. Мұндай тәсіл зерттеу материалының репрезентативтілігін қамтамасыз етті. Зерттеудің әдіснамалық және теориялық негізін салыстырмалы әдебиеттанудың заманауи тәсілдері, жанр теориясы және көркемдік сананың феноменологиясы құрайды. Негізгі әдіс ретінде жүйелі-салыстырмалы (салыстырмалы-типологиялық) әдіс алынады. Бұл әдіс әдеби құбылыстарды компаративистік тұрғыдан дұрыс зерттеу үшін барлық талдау кезеңдерінде жүйелілік қағидатын қатаң сақтау қажеттігін көздейді. Аталған тәсіл дүниежүзілік әдебиетті өзара байланысты және үздіксіз дамып отыратын біртұтас организм ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. Осы құрылым шеңберінде жанрлық формалар (оның ішінде әдеби ертегі де бар) даму сатыларының ұқсас кезеңдерінде типологиялық жағынан ортақ белгілер танытады. Жүйелі-типологиялық талдау аясында қазақстандық және шетелдік ертегілік мәтіндердің параллель салыстыруы бірнеше концентрлік салыстыру шеңбері бойынша жүзеге асырылады: жалпы жанрлық константаларды анықтаудан бастап олардың әрбір нақты мәтіндегі жүзеге асу ерекшеліктерін талдауға дейін. Сонымен қатар, қолданылатын әдіснама синтездік сипатта: негізгі салыстырмалы-типологиялық әдіспен қатар, зерттеу нысанының көпқырлылығын ескере отырып, өзге тәсілдердің элементтері де біріктіріледі. Атап айтқанда: – Сипаттамалық әдіс мәтіндердің жанрлық ерекшеліктерін тіркеу үшін қолданылады; – Құрылымдық-семиотикалық талдау ертегілік мәтіннің ішкі ұйымдасуы мен оның символдық кодтарын анықтауға мүмкіндік береді; – Мәдени-тарихи әдіс шығарманың пайда болу және қабылдану үдерісіндегі әлеуметтiк-мәдени контекстті ескеруге бағытталған. Феноменология мен рецептивті эстетика теориясының қағидаттары автор мен оқырманның көркемдік санасының ертегі кеңістігінде өзара қалай әрекеттесетінін түсіндіруге қолданылады: интенционалдық сана ұғымы мен оқырманның күту көкжиегі (horizon of expectations) ертегідегі мағынаны модельдеу мәселесін талдауда пайдаланылады. Феноменологиялық редукция әдісі арқылы автордың субъективті уайым-толғаныстары қалай объектіленген мәтінге айналатыны және оқырманның оны қиял арқылы қалай қайта жандандыратыны қарастырылады. Сонымен қатар, архетиптік талдау әдістері де зерттеу құрамына енеді: К.-Г. Юнгтің архетиптер теориясына сүйене отырып, қазіргі әдеби ертегілерде әмбебап мифологиялық бейнелер мен сюжеттер схемаларының сақталуы мен трансформациясы зерделенеді. Ақырында, зерттеліп отырған материалдың елеулі бөлігінің постмодернистік сипатын ескере отырып, маңызды құралдардың бірі ретінде интертекстуалдылық пен метатекстуалдық тәсілдерге талдау жүргізіледі: мәтіндер әдеби дәстүрмен және жанрлық канонмен диалог аясында қарастырылады (Ж. Женетттің архитекст тұжырымдамасына және көркем дискурстың метафикционалдылығы туралы идеяларға сүйене отырып). Диссертациялық жұмыстың ғылыми жаңалығы зерттеудің мазмұнымен қатар қолданылған әдіснамасымен де айқындалады. Қазақстанның қазіргі әдеби ертегісін әлемдік әдебиет кеңістігінде кешенді салыстырмалы-типологиялық тұрғыдан зерттеу алғаш рет жүзеге асырылып отыр. Бұл тәсіл Шығыс пен Батыс мәдениеттерінің тоғысында қалыптасқан жанрлық конвергенция нүктелерін анықтауға мүмкіндік берді. Жүргізілген зерттеу нәтижелері Қазақстанның XXI ғасыр басындағы әдеби ертегісінің жалпыәлемдік ертегі жанрының даму үрдістерімен үндесе отырып, өзінің бірегейлігін сақтап қалғанын дәлелдейді – бұл мәселе ғылыми әдебиетте бұрын-соңды мұншалықты дәлелді әрі кең ауқымда қарастырылмаған. Зерттеу шеңберінде алғаш рет әдеби ертегі жанрының қалыптастырушы белгісі ретінде метафикционалдылық концепциясын қолдану ұсынылады: мәтіннің өз-өзіне сілтемесі мен баяндау деңгейлерімен ойнауы постмодернистік ертегінің конститутивтік қасиеттерінің бірі ретінде қарастырылады және жанрлық жіктеудің критериі ретінде қаралуы мүмкін екені көрсетіледі. Сонымен қатар, инициация мотивінің түрлі вариацияларын жүйелеуге негізделген типологиялық классификация перспективасы ұсынылады, бұл ертегінің сюжеттік құрылым теориясын тереңдете түседі. Жұмыстың жаңалығы сондай-ақ мынада: зерттеуде алғаш рет көптеген қазақстандық авторлық ертегілер ғылыми айналымға енгізіліп отыр – бұған дейін бұл мәтіндер егжей-тегжейлі талданбаған және әлемдік әдебиет контексінде салыстырмалы зерттеу объектісі ретінде қарастырылмаған. Бұл диссертацияның жаңалығын және зерттеудің өзектілігін нақтылай түседі. Жұмыстың теориялық маңыздылығы салыстырмалы әдебиеттану, жанр теориясы және мәдениетаралық поэтика бағыттарының дамуына қосқан үлесімен сипатталады. Зерттеу нәтижелері әдеби ертегі жанрының табиғаты мен эволюциясы туралы ғылыми түсініктерді кеңейтіп, түрлі ұлттық үлгілер арасындағы типологиялық ұқсастықтар мен айырмашылықтарды мәдени-тарихи контекстпен байланыстыра отырып нақтылайды. Жанрлық динамика мен жанр құраушы константаларға қатысты анықталған заңдылықтар жанр теориясын жаңа фактілік материалдармен және тұжырымдамалық қорытуымен байытады. Қазақстандық және батыстық ертегі дәстүрлерін салыстыра талдау арқылы жұмыс Батыс пен Шығыс әдебиеттерінің өзара ықпалдасу мәселесін зерттеуге үлес қосады және түрлі ұлттық материалдарға қолдануға болатын біртұтас әдіснамалық үлгіні ұсынады. Мұндай зерттеулер компаративистика әдістемесін нығайтып, жанрлық формаларды салыстырмалы тұрғыда қарастыруға арналған үлгілік талдау тәсілін қалыптастырады. Бұған қоса, диссертация көркемдік сана феноменологиясы мен рецептивтік эстетика мәселелеріне де назар аударады: әдеби ертегі жанрын оқырман мен мәдениет қалай қабылдайды және түсіндіреді деген сұраққа жауап іздеу арқылы әдебиет теориясы мәтін мен аудиторияның өзара әрекетін талдауға арналған қосымша аналитикалық құралдармен толықтырылады. Диссертациялық жұмыстың практикалық маңыздылығы оның нәтижелерін білім беру, ғылыми-зерттеу және мәдени салаларда қолдану мүмкіндіктерімен анықталады. Ұсынылған типология мен әдеби ертегі жанрына тән критерийлер арнайы курстар жүргізу барысында қолдануға болады. Жұмыста әзірленген әдіснамалық тәсілдер мен талдау модельдері мектептер мен жоғары оқу орындарындағы ертегілік мәтіндерді талдауға арналған оқу-әдістемелік құралдар мен ұсыныстар әзірлеуге негіз бола алады. Зерттеу нәтижелері әдеби сын мен мәдени саясат үшін де құнды: диссертацияда ұсынылған аксиологиялық және эстетикалық бағалау критерийлері жаңа авторлық ертегілерді объективті түрде сараптауға мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде екінші деңгейлі немесе еліктеуші мәтіндерден шынымен көркемдік тұрғыда жаңашыл шығармаларды ажыратып көрсетуге көмектеседі. Мұндай ұстаным қазіргі әдеби ертегі төңірегіндегі сын дискурсының сапасын арттырады. Сонымен қатар, зерттеу материалдарын ұлттық әдеби мұраны сақтау және насихаттау стратегияларынәзірлеу кезінде де қолдануға болады. Қазақ әдеби ертегісінің әмбебап сюжеттер мен мотивтерді қалай интеграциялайтынын түсіну – мәдени бірегейлікті қалыптастыру мен қазақстандық мәдениетті халықаралық деңгейде ілгерілету үшін маңызды. Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар: Қазіргі әдеби ертегінің жанр түзуші константасы – «жанрлық жад» феномені, яғни фольклорлық ертегімен терең байланыс, әрі осы дәстүрмен қатар метафикционалдылыққа ұмтылыс. Дәстүр мен саморефлексияның үйлесімі постмодерндік әдеби ертегінің бірегей табиғатын қалыптастырады. Әдеби ертегі жанры – динамикалық әрі тұрақсыз құрылым, ядро-периферия моделіне бағынады. Жанрдың өзегін метафикционалдық стратегияларды толығымен іске асыратын әрі пражанрдан бастау алатын мотивтер мен сюжеттік схемалар жиынтығын сақтайтын мәтіндер құрайды. Перифериясында тек жанрлық жадтың жекелеген факультативті элементтері бар, фэнтези, әпсана немесе магиялық реализм секілді жанрлармен шекаралас шығармалар орналасады. Бұл әдеби ертегінің жанрлық шекарасының бұлдырлығын көрсетеді. Қазіргі әдеби ертегінің типологиясы екі негізгі жанрлық бағыт түрінде сипатталады: – Тотемдік әдеби ертегілер (жануарлар, өсімдіктер, табиғи құбылыстар жайлы), мұнда табиғат нысандары мәдени-символикалық және мифопоэтикалық бейне ретінде қолданылады; – Сиқырлы әдеби ертегілер, олардың үш жүзеге асу формасы бар: а) Сказка-модификация – классикалық ертегі сюжеттері мен бейнелерін жаңа мағыналық және идеологиялық контексте қайта пайымдау; ә) Сказка-стилизация – фольклорлық ертегі құрылымы мен баяндау тәсілдерін еліктеу арқылы қайта жасау; б) Авторлық ертегі – жеке авторлық контексте фольклорлық дәстүрден жекелеген элементтерді (кейіпкерлер, мотивтер, архетиптік құрылымдар) пайдалана отырып, түпнұсқа көркем нарратив жасау. Қазіргі әдеби ертегінің поэтикасы постмодернизм эстетикасының ықпалымен қалыптасады. Бұл эстетика ойын элементі, ирония, цитаталық дискурс, бинарлық оппозицияларды деконструкциялау арқылы көрінеді, сондай-ақ мифологиялық архетиптерді шығармашылықпен түрлендіру арқылы жүзеге асады. Мұнда оқырман мәтіннің мағынасын қалыптастыруда белсенді рөл атқарады, автордың үстемдігі жойылады. Бұл жанр шығармаларын талдауда архетиптік сын тиімді құрал ретінде көрінеді – ол қазіргі ертегі мәтіндеріндегі жасырын қабаттарды, әмбебап психологиялық үлгілерді ашуға және олардың аудиториядағы резонансын түсіндіруге мүмкіндік береді. 5. Қазіргі әдеби ертегідегі типологиялық ұқсастықтар бірнеше аспектіден көрініс табады: Фантастикалықтың табиғаты «таза ғажайып» пен «таза керемет» аралығындағы вариативтілікті көрсетіп, рецептивтік спектрдің ерекшелігін құрайды; Қазіргі әдеби ертегілердің атаулары – мифопоэтикалық және герменевтикалық мәні терең, семантикалық жағынан қанық бірліктер болып табылады; Қазіргі ертегі прозасына мифемалар мен мифологемалардың күрделі өзара әрекеттестігі тән (мысалы, «Батыр жолы», «Жоғалған жұмақ», «Өзгеге қарсы Мен», «қосарлық бейне» және т.б.); Аксиологиялық деңгейде қазіргі әдеби ертегілер этикалық және экзистенциалдық мәселелерге ерекше мән береді. Бұл өзгешелік, инклюзивтілік және антагонист кейіпкерлердің екіұшты қабылдануы сынды мотивтер арқылы көрініс табады; Сюжеттік-тақырыптық деңгейде универсалды инициация мотиві басым, ол әртүрлі модификацияда беріледі: эзотериялық (құпия білімге қол жеткізу), экзотериялық (әлеуметтік жетілу), сондай-ақ сәтсіз инициация (кейіпкер сынақтан өте алмайды). Сонымен қатар, карнавалдық хронотоп пен кейіпкерлердің ерекше типологиясы (антиқаһарман-айлакер, қос бейне) кеңінен қолданылады; Стильдік-наратологиялық деңгейде типологиялық ұқсастықтар бөтенсітуді қолдану, сенімсіз баяндаушы категориясы және абъекция элементтері арқылы көрінеді; Сюжет құрылымы тұрғысынан қазіргі әдеби ертегілер ортақ үш сатылы инициация моделін (бөліну – сынақ – қосылу) ұсынады. Бұл модель сызықтық хронологиямен (анахрониялармен), сингулярлық баяндаумен, психонарациямен, қос фокализациямен, экстрадиетикалық және интрадиетикалық баяндау тәсілдерімен жүзеге асырылады. 6. Қазіргі әдеби ертегідегі типологиялық ұқсастықтар феномені архитекстуалдық қатынастар мен постмиллениалдық сананың эпистемологиялық факторларымен түсіндіріледі. Басқаша айтқанда, әртүрлі елдердің ертегі мәтіндері арасындағы ұқсастық олардың XXI ғасырдың басындағы жаһандық әдебиетте қалыптасқан ортақ наджанрлық кеңістікке (архитекске) жататынынан және постмиллениалдық мәдени ортада қалыптасқан авторлар мен оқырмандардың әлемді ұғынып-түсіну ерекшеліктерінен туындайды. Сонымен бірге, қазақстандық әдеби ертегі дәстүрінің көркемдік бірегейлігі – ұлттық-мәдени бірегейлікті сақтау және қайта жасауға бағытталған ерекше көркемдік сана түрімен (нормативті-тектік санамен) айқындалады. Бұл бағдар: – фольклорлық бастауларға құрметпен қарау, – тәрбиелік-дидактикалық мотивтерге бейілділік –экзистенциализмге репродуктивтік қатынас арқылы көрініс табады. Жұмыстың апробациясы. Диссертациялық зерттеудің нәтижелері мен негізгі тұжырымдары: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дың филология факультеті ұйымдастырған ғылыми-әдістемелік семинарларда, «Орыс филологиясы» кафедрасының отырыстарында, – отандық және шетелдік ғылыми-тәжірибелік конференциялар барысында баяндалды. Жұмыстың негізгі ережелері ҚР ҒЖБМ БҒССҚК ұсынған журналдарда, сондай-ақ РИНЦ және Scopusбазаларына енгізілген ғылыми басылымдарда жарияланды.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://www.youtube.com/watch?v=fNMH4C4qYBY
