
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Абдиров Өркен Құрманәліұлы «8D02305 – Филология» білім беру бағдарламасы бойынша «Қазақ тіліндегі адамға байланысты мақал-мәтелдің прагматикалық әлеуеті» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Қазақ тілі білімі кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Ерназарова Зәуреш Шаршабекқызы – филология ғылымдарының докторы, Абылайхан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті қазақ филологиясы кафедрасының профессоры (Алматы қ., Қазақстан Республикасы);
Оразалиева Эльмира Нұрланқызы – ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Академиялық қызмет жөніндегі вице-ректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор. (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Макколлум Адам Гатлин – PhD доктор, Ратгерс университетінің Лингвистика кафедрасының қауымдастырылған профессоры (Rutgers University, АҚШ);
Жолшаева Майра Сатыбалдиевна – филология ғылымдарының докторы, СДУ университетінің тілдік білім беру кафедрасының профессоры (Қаскелең қ., Алматы обл., Қазақстан Республикасы);
Кенжемуратова Салима Кенжемуратовна – филология ғылымдарының кандидат, М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстан филиалы филология кафедрасының доценті (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Ғылыми кеңесшілері:
Кенжалин Қуанышбек Кәрімұлы – PhD, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ тіл білімі кафедрасының доцент м.а. (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Зеки Каймаз – Еге университеті Түркі әлемін зерттеу институтының профессоры, доктор (Измир қ., Түркия).
Қорғау 2025 жылғы 27 маусым, сағат 15:00-де Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D02305 – Филология» білім беру бағдарламасы бойынша «8D023 – Тілдер және әдебиет» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі аралас форматта (оффлайн және онлайн) өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: https://surl.li/jabfuf
Мекен-жайы: Астана қ., Қ. Сәтбаев көшесі, 2, оқу-әкімшілік ғимарат, №302 ауд.
Аңдатпа (қаз.): Абдиров Өркен Құрманәліұлының «8D02305-Филология» білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алуға ұсынылған «Қазақ тіліндегі адамға байланысты мақал-мәтелдердің прагматикалық әлеуеті» диссертациялық жұмысы Диссертациялық зерттеудің мақсаты – қазақ тіліндегі адамға қатысты мақал-мәтелдердің прагматикалық әлеуетін анықтау. Зерттеу міндеттері: 1. Қазақ мақал-мәтелдерінің зерттелу тарихын қарастыру, олардың дамуы мен қалыптасу ерекшеліктерін талдау. 2. Адамға қатысты мақал-мәтелдердің прагма-когнитивті аспектідегі табиғатын айқындау, яғни олардың тілдік бірлік ретінде адам болмысы мен танымын қалай бейнелейтінін зерттеу. 3. Қазақ мақал-мәтелдерінің қалыптасуын прагматикалық тұрғыдан жіктеу (бұл жіктеу мақал-мәтелдерді қолдану және қабылдау ерекшеліктеріне негізделу қажет). 4. Адамға қатысты мақал-мәтелдердің логика-семантикалық моделін айқындап, ең көп кездесетін және ең сирек кездесетін модельдерді көрсету және оларды JSON форматында өрнектеу. 5. Адамға қатысты мақал-мәтелдердің құрылымы мен мағыналық өзгерістерін анықтау. 6. Адамға байланысты мақал-мәтелдердің құрамындағы мағынасы күңгірт ұғымдарға түсініктеме беру. 7. Мақал-мәтелдердің қолданыстағы ерекшеліктерін айқындау, сөйлеу жағдайындағы қызметін сараптау. 8. Сауалнама арқылы мақал-мәтелдердің қоғамдағы қабылдануын және түсінілу деңгейін бағалау. Зерттеу әдістері. Зерттеу келесі әдістерді кешенді түрде қолдана отырып жүргізіледі: 1. Салыстырмалы-тарихи әдіс: Адамға байланысты қазақ мақал-мәтелдерінің көне жазба ескерткіштердегі қолданысы мен қазіргі қолданысын анықтау. 2. Прагматикалық талдау: Мақал-мәтелдердің коммуникативтік қызметін, сөйлеу актілеріндегі функцияларын зерттеу. 3. Когнитивтік талдау: Мақал-мәтелдер арқылы қазақ халқының дүниетанымдық концептілерін және ментал құрылымдарын айқындау. 4. Этнолингвистикалық талдау: Мақал-мәтелдердің ұлттық-мәдени мазмұнын ашу, дәстүр мен құндылықтардың бейнесін көрсету. 5. Контекстуалды талдау: Мақал-мәтелдердің әртүрлі дискурстық жағдайларда қолданылуын зерттеу. 6. Корпустық зерттеу әдісі: Қазақ тілінің ұлттық корпусындағы адамға байланысты мақал-мәтелдердің нақты қолданылуын сандық және сапалық тұрғыда талдау. 7. Эмпирикалық және статистикалық талдау: 629 оқушы мен 100 студент, магистрант, докторанттан алынған сауалнама деректерін пайдалана отырып, мақал-мәтелдерді қабылдау деңгейін және олардың түсінілу ерекшеліктерін анықтау. Негізгі ережелері (дәлелденген ғылыми гипотезалар және жаңа білім болып табылатын басқа да тұжырымдар): Зерттеу жұмысының негізгі тұжырымдары қазақ мақал-мәтелдерінің прагматикалық әлеуетін, олардың тілдік және мәдени кеңістіктегі рөлін кешенді түрде қарастыруға негізделген. Төменде зерттеу нәтижесінде анықталған басты тұжырымдар беріледі: 1. Адамға қатысты мақал-мәтелдердің прагматикалық потенциалын анықтауға бағытталған зерттеу жұмысымыз антропоөзектік және постгуманистік парадагима аралығына тән. 2. Адамға қатысты мақал-мәтелдерді 8 негізгі тақырыптық топқа бөліп қараймыз. 3. Қазақ мақал-мәтелдерінің шамамен 7 қалыптасу кезеңі бар, ал прагматикалық тұрғыдан бес деңгейге бөліп қарастырамыз. 4. Мақал-мәтел тіл қолданысында ілкі мәтінге айналу үдерісінен өтеді. 5. Өткінші мақал-мәтелдер – белгілі бір кезеңдегі насихатқа (саясатқа) байланысты туып, кезеңімен ғайып болатын мақал-мәтелдер. 6. Адамға қатысты мақал-мәтелдерді 9 логикалық оператормен өрнектеуге болады. 7. Адамға қатысты мақал-мәтелдердің логикалық моделдерін LLM-ге енгізудің ең қолайлы тәсілі – JSON форматында кодтау. 8. Адамға қатысты мақал-мәтелдердегі жиі кездесетін логикалық модельдер – cебеп-салдар/шарттылық (A → B), қарама-қарсылық (A vs. B), конъюнкциялы шарттылық ((A → B) ∧ (C → D)). Сирек кездесетін модельдер – терістеу (¬(A → B) немесе ¬A → ¬B), эквиваленция (A ↔ B), эксклюзивті дизъюнкция (A ⊕ B), валлеризм («Бір А бір В-ны С депті»), дизъюнкциялы тепе-теңдік ((A ∨ B) ≡ C), терістелген салыстыру (¬(A > B)). 9. Қарсы мәндегі жаңа мақал-мәтелдердің қалыптасуына байланысты шетелдік «antiproverb» терминінің орнына қазақ тіліндегі прагматикалық интенцияға сәйкес келетін «кереғар мақал-мәтелдер» және «бұрма мақал-мәтелдер» пәнсөздерін ұсынамыз; 10. Адамға байланысты қазақ мақал-мәтелдерінің түсінілуі, әсері және қолданылу деңгейлерін сандық және сапалық талдау нәтижесіне сай оқушылар арасындағы прагматикалық потенциалы шамамен 21,37%-ды құрайды. Ал ЖОО білім алушылары (тіл мамандары) арасындағы потенциалы 90%-ды құрайды. Зерттеудің негізгі нәтижелерінің сипаттамасы: Зерттеу жұмысы ұлттық әдебиет пен халық даналығының өзегі болып табылатын мақал-мәтелдердің заманауи коммуникациядағы рөлін, олардың тілдік және мәдени аспектілерін жан-жақты талдауға бағытталған. Зерттеудің өзектілігі – қазақ халқының ғасырлар бойы жинақтаған өмірлік тәжірибесі мен дүниетанымының айнасы ретінде қызмет ететін мақал-мәтелдердің, әсіресе адамға қатысты тіркестердің, қазіргі қоғамдағы қолданылуы мен прагматикалық қызметін терең зерттеу қажеттілігінен туындайды. Мақал-мәтелдер – халықтың рухани құндылықтары мен моральдық нормаларының сақтаушысы, сонымен қатар, коммуникациядағы ықпалын арттыратын тиімді құрал. Олар халықтың өткен тарихынан, дәстүр-салтынан, дүниетанымынан хабар беретін, ұлттық сана-сезімді қалыптастырып, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқан тілдік мұраның ажырамас бөлігі ретінде қарастырылады. Зерттеу барысында қазақ тіліндегі адамға қатысты мақал-мәтелдердің лексикалық, семантикалық және прагматикалық мазмұны жан-жақты сарапталып, олардың коммуникативтік функциялары мен қолдану ерекшеліктері анықталды. Мақал-мәтелдердің прагматикалық әлеуеті адамның таным-түсінігімен байланысты болғандықтан, зерттеу негізінен прагма-когнивті аспектіде жүргізілді. Зерттеудің әдіснамасы көпаспектілі көзқарасқа негізделген. Әуелі, мақал-мәтелдердің логика-семантикалық модельдері жасалып, олардың құрылымдық ерекшеліктері, негізгі семантикалық топтары мен логикалық қатынастары анықталды. Бұл талдау барысында мақал-мәтелдердің белгілі бір паттерндер мен логикалық құрылымдарға ие екендігі белгілі болды. Одан әрі зерттеу жұмысы сауалнама жүргізу арқылы мақал-мәтелдердің прагматикалық потенциалының пайыздық көрсеткішін анықтауға бағытталды. Сауалнама нәтижелері көрсеткендей, халық арасындағы коммуникацияда мақал-мәтелдер маңызды рөл атқарып, қолдану жиілігі жоғары болғаны белгілі болды. Алынған деректер мақала мәтелдердің күнделікті тұрмыстағы, тәрбиелік-мәдени және эмоционалдық қызметінің пайыздық көрсеткіштері арқылы дәлелденді. Бұл көрсеткіштер ұлттық тілдік мұраның коммуникативтік тиімділігін және оның заманауи қоғамдағы өзектілігін айқын дәлелдейді. Ғылыми тұрғыдан алғанда, зерттеу жұмысы қазақ мақал-мәтелдерінің логика-семантикалық модельдерін анықтау мен олардың құрылымдық ерекшеліктерін жүйелеуге, сондай-ақ, сауалнама нәтижелері арқылы олардың прагматикалық әлеуетін сандық тұрғыдан бағалауға бағытталды. Осы арқылы мақал-мәтелдердің тек әдебиет үлгілері ғана емес, сонымен қатар, қоғамдағы өзара қарым-қатынастың, пікір алмасудың және моральдық-этикалық нормалардың тиімді құралы екендігі дәлелденді. Зерттеу барысында қазақ тіліндегі адамға қатысты мақал-мәтелдердің тарихи дамуы, олардың өзгеру динамикасы және қазіргі цифрлық дәуірдегі қолданылуы да талданды. Қазіргі әлеуметтік желілер мен жаңа медиа кеңістігінде мақал-мәтелдердің жаңа формалары пайда бола бастағаны, олардың ұлттық мәдени мұра ретінде сақталуы мен жаңғыруы айқындалды. Алынған нәтижелердің жаңалығы мен маңыздылығының негіздемесі: 1. Прагматикалық әлеуетті кешенді зерттеу. Бұрынғы зерттеулер көбіне қазақ мақал-мәтелдерінің мағыналық және құрылымдық ерекшеліктеріне көңіл бөлсе, бұл жұмыста олардың коммуникативтік қызметіне, прагматикалық әлеуетіне көңіл бөлінді. 2. Жаңа жіктеу жүйесі. Мақал-мәтелдердің прагматикалық қалыптасуы 5 деңгейге бөлініп, олардың қолданылу ерекшеліктері мен қабылдану динамикасы анықталды. Бұл жіктеу қазақ мақал-мәтелдерін прагматикалық тұрғыдан жүйелеудің жаңа әдіснамалық тәсілі болып табылады. 3. Жаңа терминдердің енгізілуі. Шетелдік зерттеулерде кеңінен қолданылған «антимақал» ұғымының орнына ұлттық ерекшеліктерге сәйкес «кереғар» және «бұрма мақал-мәтелдер» деген жаңа терминдер ұсынылды. Бұл терминдер мақал-мәтелдердің өзгермелі сипатын, дәстүрлі нұсқалардан айырмашылығын және коммуникациядағы ерекше рөлін көрсетеді. 4. Логика-семантикалық модельді сандық жүйелеу. Адамға қатысты 104 мақал-мәтел негізінде логика-семантикалық модель құрылып, алғаш рет JSON форматында өрнектелді. Бұл тәсіл қазақ мақал-мәтелдерінің құрылымын сандық тұрғыда жүйелеуге және ақпараттық технологиялар аясында қолдануға мүмкіндік береді. 5. Эмпирикалық дәлелдемелер. 629 оқушы мен 100 студенттен алынған сауалнама нәтижелері арқылы мақал-мәтелдердің қоғамдағы қабылдануы мен түсіну деңгейі анықталды. Сауалнама деректері мақал-мәтелдердің локуктивті және иллокутивті мазмұнын ашып, олардың прагматикалық қызметінің нақты эмпирикалық дәлелі ретінде ұсынылды. Ғылымның даму бағыттарына немесе мемлекеттік бағдарламаларға сәйкестігі. Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында жоғары білімді және ғылымды дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасымен, Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасымен тығыз байланысты. Сондай-ақ, «Білім туралы» Заңына және Білім берудің барлық деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына негізделеді. Зерттеу жұмысында алынған нәтижелерді жоғары оқу орындарында «Тіл бірліктерінің прагматикасы», «Тіл білімінің жаңа бағыттары», «Қазақ лингвофольклористикасы», «Шешендік өнердің лингвистикалық аспектісі», «Когнитивті лингвистика» секілді пәндер аясында қолдануға болады. Сонымен бірге филология, түркітану, шығыстану секілді ғылым салаларында, ғылыми-зерттеу орталықтарында тілдік материал ретінде қарастыруға болады. Докторанттың әрбір жарияланымды дайындауға қосқан үлесінің сипаттамасы. Докторант зерттеу жұмысының қорытындылары мен нәтижелері бойынша ҚР Ғылым және жоғары білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған ғылыми басылымдарда 4 (төрт) мақала, халықаралық конференцияларда 2 (екі) мақала жариялады. ҚР ҒЖБССҚК ұсынған отандық басылымдарда жарияланған мақалалар тізімі: 1. Қазақ тіліндегі «Ер туған жеріне, ит тойған жеріне» паремиясының прагма-когнитивті әлеуеті // Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы. Филология сериясы. – 2022. – №3(140). – Б. 70-81. (бірлескен автор: Кенжалин Қ.К., докторанттың үлесі – 90%). 2. Comparative-historical description of proverbs related to a cow in the Kazakh and Mongolian languages // Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Хабаршысы. Саяси ғылымдар. Аймақтану. Шығыстану. Түркітану сериясы. – 2023. – №1(142). – Б. 312-325. (бірлескен автор: Кенжалин Қ.К., докторанттың үлесі – 90%). 3. Қазақ тіліндегі «бай-кедей» тақырыбындағы мақал-мәтелдердегі бинарлық оппозиция // Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы. Филология сериясы. – 2023. – №4(145). – Б. 8-18.(бірлекен автор – Г.А. Бегимова, докторанттың үлесі – 90%) 4. Инстаграм желісіндегі қазақ тіліндегі гендерлік антипаремияларға шолу // Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің хабаршысы. Саяси. Аймақтану. Шығыстану. Түріктану сериясы. – 2024. – №4(149). – Б. 319-338. (бірлекен автор – Қ.Т. Бибеков, докторанттың үлесі – 90%) Халықаралық конференцияларда жарияланған мақалалар: 1. Қазақ тіліндегі гендерлік антипаремиялар: instagram контентінің ерекшелігі // А. Байтұрсынұлы оқулары – 2024 «Тілтанудағы тұлғалар» ғалымтер Әбдуәли Қайдар, Рәбиға Сыздық, Шора Сарыбаевтың 100 жылдық мерейтойларына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары (Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, 2024. – Б. 161-166). (докторанттың үлесі – 100%) 2. Адамға қатысты мақал-мәтелдер құрамындағы кейбір ұғымдарға түсініктеме // «Нургалиевские чтения-ХIV: Научное сообщество ученых ХХI столетия. Филологические науки»: сборник Международной научно-практической конференции, посвященной 85-летию академика НАН РК, доктора филологических наук, профессора Рымгали Нургали (12-14 марта 2025г., г. Астана / под общ. ред. д.ф.н., проф. К.Р. Нургали. – Астана: «Мастер ПО», 2025. – Том II. – с. 3-13. (докторанттың үлесі – 100%)
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://www.youtube.com/watch?v=McBWk8EYJ5A
