
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Өскен Әсем Мақсатқызы «8D02314 – Әдебиеттану» білім беру бағдарламасы бойынша «Әлихан Бөкейхан еңбектерінің текстологиясы: көркемдік жүйе және ерекшелік» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Қазақ әдебиеті кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Сутжанов Сейфитден Назымбекович – филология ғылымдарының докторы, Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің профессоры (Павлодар қ., Қазақстан Республикасы) / «8D023 – Тілдер және әдебиет» («8D02314 – Әдебиеттану») кадрларды даярлау бағыты бойынша Диссертациялық кеңес шешімімен Шапауов Әліби Қабыкенұлы – филология ғылымдарының кандидаты, профессор. Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті, Қорқыт Ата атындағы ғылыми зерттеу институтының жетекші ғылыми қызметкері. (Астана қ., Қазақстан Республикасы) орнына, 24.05.2025 жылғы №25 (1) хаттама;
Дауренбекова Лаура Нугайбековна – филология ғылымдарының кандидаты, А.Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институты қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының доценті. (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Ekrem AYAN – PhD, Мугла Сыткы Кочман Университеті әдебиет факультеті қазіргі түрік поляк және әдебиеті кафедрасының профессоры. (Мугла, Түркия);
Адаева Ермек Сабырбаевна – филология ғылымдарының кандидаты, Назарбаев Университеті қазақ тілі және түркітану департаментінің оқытушысы (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Жумагулов Айтбай Ботпаевич – филология ғылымдарының кандидаты, Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті қазақ әдебиеті кафедрасының ассистент профессоры (Қарағанды қ., Қазақстан Республикасы).
Ғылыми кеңесшілері:
Қамзабекұлы Дихан – ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры. (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Metin Ekici – Еге университеті Түркі әлемін зерттеу институтының профессоры, доктор (Измир қ., Түркия).
Қорғау 2025 жылғы 28 маусым, сағат 11.00-де Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы «8D023 – Тілдер және әдебиет» («8D02314 – Әдебиеттану») кадрларды даярлау бағыты бойынша Диссертациялық кеңесінде өтеді. Диссертациялық кеңестің отырысы аралас форматта өтеді.
Сілтемесі: https://surl.li/hibpxc
Мекен-жайы: Астана қ., Қ. Сәтбаев көшесі, 2, оқу-әкімшілік ғимарат, №302 ауд.
Аңдатпа (қаз.): Өскен Әсем Мақсатқызының «8D02314 – Әдебиеттану» білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD)дәрежесін алуға ұсынылған «Әлихан Бөкейхан еңбектерінің текстологиясы: көркемдік жүйе және ерекшелік» диссертациялық жұмысының АВТОРЕФЕРАТЫ Зерттеу жұмысының өзектілігі. ХХ ғасырдың басы қазақ қоғамының мәдени-рухани өмірінде ұлы өзгерістер орын алып, қазақ руханияты биік шыңға көтерілген кезең болды. Ұлттың рухани әлемінде ескішілдікті ұстанған қадымшылар мен жаңашылдықты жақтаған жәдитшілер ерекше рөл атқарды. Әрқайсының өз ұстанымы болды. Жаңа заманға лайықты білім-ғылымды, оқу-ағарту саласын, ұлттың рухани-мәдени мұрасы мен тарихын және әдебиетін қалыптастыру – жаңашыл топ жәдитшілердің мақсаты еді. Сол тұстағы заман ағымын түсінген прогрессивті пікірдегі қазақ оқығандары – ұлттың даму жолы деп ағартушылық жолды нұсқаған жәдитшілдерді қолдады. Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы, Ж. Аймауытұлы, М. Дулатұлы, Ғ. Қараш, т.б. ұлт зиялыларының көшбасшы өкілдері елдің мәдени-рухани өмірінде алатын орындары ерекше. Олар өз халқын адаспас даңғыл жолға салуға бар күш-жігерін жұмсады. Алаш зиялылары ұлттың рухани әлеуетін күшейтуге барынша талпынды. Өздерін ұлтының ертеңгі тағдырына жауаптымын деп сезінген Алаш ардақтылары – заман ағымына сәйкес әдебиеттің көркемдік-эстетикалық қуатын дамытуға бар қажыр-қайратын жұмсады. Көзі тірісінде-ақ, «Алаштың көсемі» деген атқа ие болған, ұлт зиялыларының ірі өкілі Әлихан Бөкейхан – саяси-қоғамдық саладан бөлек, ұлт мәдениеті мен оқу-ағарту саласына да адал қызмет еткен ірі тұлға. Әлихан Нұрмұхамедұлы – қазақтың жер мәселесін алғаш рет халықтық деңгейде көтеріп, ел шекарасын айқындауға күш жұмсаған тұлға болуымен бірге алғаш рет ұлттық мүддені көздейтін, демократиялық құндылықтарға сүйенген автономияның негізін салған қайраткер. Ә.Бөкейхан Алаш партиясын құрушы саяси көшбасшы. Ол халқының саяси, мәдени, рухани, тарихи, әлеуметтік өмірінің барлық саласын қозғайтын ұлт баспасөзін құрып, өзі де баспасөз беттерінде тұрақты түрде мақалаларын жариялап тұрған публицист, қалам қайраткері әрі халық ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, зерттеу нысанына айналдыра білген фольклоршы. Ә.Бөкейхан әлем әдебиетінің көркем шығармаларын қазақ тіліне аударып, көркем аударма ісіне зор үлес те қосты. Қазақ әдебиетін әлемдік деңгейге көтеру мақсатында әдебиет сынымен кәсіби тұрғыда айналысып, осы жанрдың негізін қалады. Сонымен, Ә. Бөкейханның сан қырлы еңбектерінің ішінде әдебиетке қосқан үлесі өте қомақты. Олар: әдеби сын, көркем аударма, ауыз әдебиеті үлгілері фольклорды жинау мен түсіндіру және оларды жүйелеу. Елу екі жыл атын атауға тыйым салынып келген энциклопедист-ғалым, ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан ресми түрде КСРО Жоғарғы сотының 1989 жылы 13-14 мамырдағы шешімімен толық ақталды. Алаш қайраткерлері ақталған соң, олардың өмірі мен шығармашылығын мұрағаттардан іздеу, жүйелеу, жариялау, зерттеу жұмыстары қолға алынды. Қабілет-қарымы жөнінен әлемдік деңгейдегі тұлға Әлихан Бөкейханның ғылыми еңбектерімен елі қайта танысты. Дәл осы кезде Ә. Қайдар, Р. Сыздық, С. Қирабаев, М. Базарбаев, Т. Кәкішев, Ш. Елеукенов, М. Бурабаев, В. К. Григорьев, К. Нұрпейісов, Р. Нұрғали, Ә. Тәкенов, М. Қойгелдиев, Т. Омарбеков, Ү. Сұбханбердина, Қ. Мұхамедханұлы, Б. Байғалиев, С. Дәуітұлы, В. Осипов, А. Сармұрзин, М. Құл-Мұхаммед, Т. Жұртбай, Д. Қамзабекұлы, С. Аққұлы, Ғ. Әнес, М. Тәжмұрат, А. Мектептегі, Т. Шаңбай, М. Әбсеметов, Қ. Сақ сияқты ғалымдардың еңбектерінің негізінде Қазақстан тарихы мен Қазақ әдебиеті ғылымында «Алаштану» саласы дүниеге келді. Алаштанудың бірінші кезеңі – Алаш мұрасының қайта таныстырылу мен жариялану кезеңі (1988-1995). Бұл кезеңде Алаш қайраткерлері еңбектерін мұрағаттардан тауып, оларды жүйелеп, ол еңбектерді көпшілік халыққа таныстыру мақсатында, Алаш қайраткерлерінің өмірі мен еңбектері күнделікті баспасөз беттерінде жариялана бастады. Бұл жерде күнделікті ақпарат құралдарының атқарған қызметі өте зор. Алаштанудың екінші кезеңі – Алаш мұрасын танымалдандыру кезеңі (1995-2007). Бұл кезеңде Алаш қайраткерлері еңбектерінің толық шығармалар жинағы баспа жүзінде жарық көріп, М. Қойгелді, Д. Қамзабекұлы, С. Аққұлы, Т. Жұртбай, т.б. ғалымдардың ғылыми зерттеулері жазылып, жарыққа шыға бастады. Алаштанудың үшінші кезеңі – Алаш мұрасын жан-жақты зерттеу (пәнаралық ықпалдастық) кезеңі. Алаш қайраткерлері шығармаларының өзіндік ерекшеліктерін көрсете отырып, оларды әдеби-теориялық және текстологиялық тұрғыдан зерттеп-талдау – бүгінгі күні «Алаштану» ғылым саласының алдында тұрған келелі міндет. Ендеше, диссертациялық жұмысымызда Ә.Бөкейханның әдебиетке қозқан үлесінен бөлек, көркем аудармалары мен әдеби-сыни мақалаларына текстологиялық жұмыстар жүргізіп, Ә.Бөкейханның тілдік-стильдік ерекшеліктерін айқындап, алаштанудағы атрибуция мәселесін қарастыруды мақсат еттік. Тақырыптың зерттелу деңгейі. Алаштану ғылымында Ә. Бөкейханның өмірбаяндық дерекнамасын, саяси-қоғамдық қырын, тарихи-әлеуметтік жұмыстары мен публицистикаға қосқан үлесін, сондай-ақ, әдебиеттанудағы алатын орнын зерттеген еңбектер аса мол. Ә. Бөкейханның еңбек жолы мен шығармашылығын С. Қирабаев, М. Базарбаев, Р. Нұрғали, Т. Жұртбай, С. Аққұлы, Д. Қамзабекұлы, Ш.Құрманбайұлы секілді ғалымдардың ізденістері – Ә.Бөкейханның саяси, тарихи, әдеби шығармашылық қырын ашуға қомақты үлес қосты. Ұлт көсемі Ә. Бөкейхан ақталғаннан соң, 1995 жылы Әлихан Бөкейханның «Таңдамалы шығармалар жинағы», 2009-2013 жылдары 7 томдық, 9 томдық шығармалар жинағы жарық көрсе, 2011 жылы Ә.Бөкейханның 145 жылдық мерейтойына орай әлихантанушы ғалым С. Аққұлының басшылығымен 15 томдық шығармалар жарияға шығып, бұл жинақ 2018 жылы қайта басып шығарылды. Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Диссертациялық жұмыстың мақсаты: бірінші тарауда әдебиеттану, оның ішінде Алаштану саласындағы текстологияның маңызын көрсете отырып, текстологияның атрибуциялық және атетезалық міндеті қарастырылса, екінші тарауда: Ә. Бөкейханның көркем аудармалары және көсемсөздеріне практикалық бағыттағы текстологиялық жұмыстар жүргізу қолға алынды. Ал, үшінші тарауда: текстологияның теориялық бағыты арқылы Ә. Бөкейханның әдебиетке қосқан үлесін: көркем аударма, әдеби сын мақалалары және фольклорға байланысты еңбектеріне әдеби-тарихи негізде талдау жасау негізге алынды. Алға қойған осы аталған мақсаттарды жүзеге асыру үшін диссертацияда мынадай міндеттер шешу көзделді: 1. Ә. Бөкейханның әдеби еңбектеріне практикалық және теориялық текстология жұмыстарын жүргізіп, түпнұсқа мәтіндер арасындағы айырмашылықтарды көрсету. 2. Текстологияның маңызды аспектісі атрибуция мен атетеза арқылы Алаштану ғылым саласындағы «Бүркеншік есімдер» мәселесін зерттеп, шешімін тауып, бүркеншік есімдердің авторлығын бекіту. 3. Ә. Бөкейханның көркем аударма еңбектеріне текстологиялық жұмыстар жүргізіп, мәтіндік зерттеулер жасап, ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің даму сатысын саралау. 4. Ә. Бөкейханның әдеби-сын публицистикалық мақалаларының ерекшеліктерін текстологиялық заңдылық тұрғысынан талдау. 5. Ә. Бөкейхан шығармаларының стилі мен жазу ерекшелігін анықтау. 6. Ә. Бөкейханның қазақ оқырманына әлем әдебиетінің жауһарлары шығармаларын таныстыру үшін жасаған көркем аудармаларына әдеби-тарихи талдау жүргізіп, текстологияның теориялық міндетін қамту. 7. Ә. Бөкейханның алғашқылардың бірі болып қазақ әдебиеті сынына қосқан үлесі мен оның жаңашыл қағидаттарын айқындау. 8. Ә. Бөкейханның халық ауыз әдебиеті үлгілерін жинақтаудағы ұлттық болмыс пен ұлттық жадыны жаңғырту идеясын көрсету. Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы: 1. Ә. Бөкейханның көркем аударма және публицистикалық мақалалары түпнұсқамен салыстырылып, практикалық және теориялық тұрғыда текстологиялық жұмыстар жүргізілді. 2. Алаштану ғылым саласындағы «Түрік баласы», «V» бүркеншік есімдерінің атрибуциялық және атетезалық тұрғыда авторы бекітіліп, текстологияның маңызды бір саласы қымтылды. 3. Ә. Бөкейханның стильдік қасиеттері мен жазу ерекшеліктері жан-жақты талданды. 4. Текстологияның әдебиеттанудың негізгі ғылыми саласы ретіндегі орны айқындалды. 5. Әлихантану заманауи әдебиеттану ғылымының бір саласы ретінде арнайы зерттеу тақырыбына айналды. 6. Ә. Бөкейханның әдебиетшілік қыры зерттеліп, әдеби-зерттеу шығармалары ғылыми айналымға енгізілді. 7. Ә. Бөкейхан мұраларының ішінде: Көркем аудармалары тақырыптық-идеялық тұрғыда дін, әйел теңдігі және гуманистік идеяларды айқындайтын шығармалары деп бөлініп алынды. Дін тақырыбында Л.Н. Толстойдың «Дін таласы»; Әйел тақырыбында Ги де Мопассанның «Ақсақ кемпір», Мамин-Сибиряктың «Қара ханым»; Гуманистік идеясын айқындайтын шығармасында А.П. Чеховтың «Хамелеон» әңгімелері түпнұсқамен салыстырылып, текстологияның практикалық және теориялық бағыты қамтылды. Олардағы ортақ заңдылықтар мен ұлттық, стильдік, көркемдік ерекшеліктер кешенді түрде талданды. 8. Ә. Бөкейханның «Женщина по Киргизской былине Кобланды» (1889), «Абай (Ибраһим) Кунанбаев» (1905), «Роман не нәрсе?» (1914), «Ән, өлең һәм оның құралы» (1914), «Қалқаман-Мамыр» (Шаһкәрім Құдайбердіұлы). Әдеби сын» (1915), «Қара қыпшақ Қобыланды батыр. Әдеби сын», т.б. әдеби-сын мақалалары әдебиет теориясы негізінде зерттеліп, Ә.Бөкейханның қазақ әдебиеті сынындағы орны айқындалады. 9. Ә. Бөкейханның фольклоршы ретіндегі ауыз әдебиеті нұсқаларын жинақтауының түпкі идеясы ұлттық таныммен байланыстырылды. 10. Диссертацияда текстологиялық кешенді зерттеу әдістері қолданылды. Зерттеу жұмысының әдіснамалық және теориялық негізі. Ә. Бөкейханның әдебиетке қосқан үлесі – оның шығармаларының текстологиясын зерттеу барысында ұлттық әдебиеттану және Ресей мен Батыс текстологиясының ғылыми заңдылықтары негізге алынды. Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы, М. Дулатұлы, Ж. Аймауытұлы, С. Қирабаев, М. Базарбаев, Т. Жұртбай, Д. Қамзабекұлы, С. Аққұлы, Ш. Құрманбайұлы еңбектері Алаштану ғылымы аясында алынса, Д.С. Лихачев, Е.И. Прохоров, Қ. Мұхамедханов, Р. Сыздық, З. Ахметов, К.С. Әбдіқалықтың еңбектері текстологиялық зерттеу негізінде басшылыққа алынды. Негізгі зерттеу қорытындылары сирек қолжазбалар қорындағы материалдарға текстологиялық талдау жасау нәтижесінде сарапталды. Барлығы 50-ге жуық архив құжаттары жинақталып, қарастырылды: 1. 2019-2022 жж. Алматы қаласы, Ұлттық ғылыми кітапханасының «Сирек қорлар және қолжазбалар» қорына. 2. 2019-2024 жж. Астана қаласы, Ұлттық ғылыми Академиялық кітапханасының «Сирек кітаптар» қорына. 3. 2020 жылы Түркия Республикасы, Еге универсиеті, Түркі дүниесін зерттеу институты кітапханасына ғылыми зерттеу сапары жасалынды. Зерттеу нысаны. Жұмыстың зерттеу нысанына Ә. Бөкейханның көркем аудармалары мен көсемсөзіне текстологиялық талдау жүргізу – зерттеу тақырыбының нысаны ретінде қамтылды. Аталған екі жанрда текстологияның практикалық бағыты қамтылды. Ә. Бөкейханның әдебиетке қосқан үлесі – көркем аудармалары, әдебиет сынына байланысты еңбектері мен халық ауыз әдебиеті үлгілерін талдаған мақалалары, - деп бөлініп, аталған үш бағытта әдеби-тарихи талдау жүргізіліп, текстологияның теориялық бағыты қарастырылды. Зерттеу әдісі. Библиографиялық, мәдени-тарихи, мәтіндік, тарихи-салыстырмалы (компоративистика), идиография, салыстырмалы-салғастырмалы, функционалдық әдістер қолданылды. Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар: 1. Ә. Бөкейханның әлем классиктерінен аударған шығармалары, оның идеялық бағыты мен саяси көзқарасына сәйкес келеді. Аудармашы кез-келген әдеби туындыны емес, қазақ қоғамы мен тұрмысына қажетті, өзі өмір сүрген қоғамның өзекті мәселелерімен байланысты тақырыптарды таңдап алған. 2. Ә. Бөкейхан фольклорлық үлгілерге тарихи шындық тұрғысынан талдау жүргізуге тырысқан. Жырдағы кейіпкерлердің образын ашып, тарихи кезең бойынша уақытын көрсетуге тырысқан. 3. Ә. Бөкейхан – Абайтану ғылымының іргетасын қалап, Абайтану ғылымының бастауында тұр. 4. Ә. Бөкейханның жазу ерекшелігі мен стилі айқындалған. 5. Алаштану ғылымы саласына текстологияның маңызы көрсетіліп, шешімін табуда дау тудырып жүрген «атрибуция» мәселесін қозғалған; 6. Қазақ әдебиеттануында Әлихантану заманауи ғылым саласы ретінде ғылыми айналымқа түскен. Зерттеудің теориялық және практикалық мәні. Зерттеу жұмысының нәтижесін текстология, Алаштану, аударматану сияқты әдебиеттану ғылымының ішкі аспектілерін таныту мақсатындағы зерттеулерде, арнайы пәндерде пайдалануға болады. Зерттеу жұмысының құрылымы. Зерттеу жұмысы кіріспеден, негізгі үш бөлімнен (әр бөлімде үш тараушадан), қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады. Зерттеу жұмысының сыннан өтуі мен жариялануы. Зеpттеу жұмысының нәтижелері бойынша 9 (тоғыз) ғылыми мақала жарық көрді. Соның ішінде: Scopus aқпapaттap бaзaсынa енетін импaкт фaктоpлы бaсылымдa – 1, ҚP ҒЖБМ Білім беpу және ғылым сaлaсын бaқылaу және aттестaция Комитеті бекіткен тізіміне енетін ғылыми бaсылымдapдa – 5, хaлықapaлық ғылыми-теоpиялық конфеpенция мaтеpиaлдapындa – 3 мақала жарияланды. Scopus және Web of Science ақпараттар базасына енетін импакт факторлы басылымда: 1. Alikhan Bokeikhan’s literary preservation of Kazakh identity against colonial ideology // Kritika Kultura. – 2024. - №45. – р. 6-045. ҚР ҒЖБМ ҒЖБСБК ұсынған ғылыми басылымдардағы жарияланымдар: 1. Әлихан Бөкейхан аударған Антон Чеховтің «Хамелеон» әңгімесі (салыстырмалы талдау) // KERUEN журналы. Филология сериясы. – 2022. – №2. – Б. 241-252. 2. Исмаил Гаспринский және Алаш идеясы // Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті хабаршысы. Филология сериясы. – 2022. – №2. – Б. 174-182. 3. «Жәдит» әдісі және Алаш оқымыстыларының алғашқы оқулықтары // Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ хабаршысы. Филология сериясы. – 2022. – №2. – Б. 168-176. 4. The influence of the Yanzimat and Jadidism on the Enlightenment of Alash (literary aspect). // Al-Farabi Kazakh national university. Eurasian journal of Philology: Science and Education. Philology Series. – 2024. – №1. – P. 117-126. 5. Ясауи және Абай – Алаш жұртының рухани тұғыры // М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты "Керуен" журналы. – 2024. – №4. – Б. 30-46. Халықаралық конференция баяндамалары және конференция жинақтарындағы жарияланымдар: 1. Türk Dünyasinin Uyaniş Çaği: İ.Gasprinskiy ve A.Bökeyhan // Х Халықаралық Түркі әлемі зерттеулері симпозиумы. ‒ 2023. Б. 769-978. 2. Әлихан Бөкейханның көркем аудармаға қосқан үлесі // Сборник Международной научной конференции студентов и молодых ученых «Ǵylym jane Bilim». – 2022. Б. 2499-2504. 3. Әлихан Бөкейхан – қазақ әдебиеті сынының негізін салушы // Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар: қоғамдық дискурс халықаралық ғылыми-зерттеу конференциясы (2025 - 24 қаңтар) Диссертациялық жұмыс Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D02314 – Әдебиеттану» мамандығы бойынша зерттеулерді бағалауға құзыреті бар қазақ әдебиеті кафедрасының мәжілісінде талқыланып, қорғауға ұсынылды. Хаттама №6.1, 28.02.2025 ж.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://www.youtube.com/watch?v=MkEYInhPpFU
