
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Ныгманова Динара Каримовна «6D020700 – Аударма ісі» мамандығы бойынша «Қазақ, қытай, ағылшын тілдеріндегі «киім» лексика-семантикалық тобының аудармада лингвомәдени зерттелуі» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Аударма теориясы мен практика кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Ғабитханұлы Қайрат – филология ғылымдарының кандидаты, доцент, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жетекші ғылыми қызметкері (Алматы қ., Қазақстан Республикасы);
Мизамхан Бағлан – филология ғылымдарының кандидаты, доцент, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті, аударма және филология факультетінің деканы (Алматы қ., Қазақстан Республикасы)
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Шойбеков Рустембек Нусхабекович – филология ғылымдарының докторы, доцент, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері (Алматы қ., Қазақстан Республикасы);
Баекеева Айнұр Толыбайқызы – философия докторы (PhD), Maqsut Narikbayev University доценті м.а. (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Тахтарова Светлана Салаватовна – филология ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық қатынастар институты директорының орынбасары, Қазан федералды университеті (Қазан қ., Татарстан, Ресей Федерациясы).
Ғылыми кеңесшілері:
Кульдеева Гульнара Ильинична – филология ғылымдарының докторы, доцент, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті аударма теориясы мен практикасы кафедрасы (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Эйюп Сарыташ – филология ғылымдарының докторы, Стамбул университетінің профессоры (Стамбул қ., Түркие).
Қорғау 2025 жылғы 27 желтоқсан, сағат 10:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «6D020700 – Аударма ісі» мамандығы бойынша «8D023 – Тілдер және әдебиет» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі онлайн форматта өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: https://teams.microsoft.com/meet/4255139913880?p=aJjEGaRrVQnLAZ8qNe, Конференция идентификаторы: 425 513 991 388 0, кіру коды: js2wC7io
Мекен-жайы: Астана қ., Қ. Сәтбаев көшесі, 2, оқу-әкімшілік ғимарат, №302 ауд.
Аңдатпа (қаз.): Зерттеу жұмысы аударматану, салғастырмалы тіл білімі, лексикология және лингвомәдениеттану тәрізді пәндердің тоғысында жүргізіліп, пәнаралық зерттеулерге қойылатын талаптарға сай келеді. Зерттеу тақырыбының өзектілігі Жаһандану және мәдениеттердің өзара ықпалдасу дәуірінде ұлттық киімді зерттеудің маңызы айрықша артып отыр. Әрбір мәдениет өз бірегейлігін көптеген элементтер арқылы білдіреді, олардың ішінде киім ерекше орын алады. «Ұлттық киімінің өзі - ұлт мәдениетінің жарқын көрінісі» Қ.Тоқаев. Осы тұрғыдан алғанда, қазақ, қытай және ағылшын ұлттық киімдерін зерттеу бірнеше себептерге байланысты аса өзекті. 2023 жылдан бастап қазақстандықтар Наурыз мейрамын жаңаша тойлайды: енді мерекелік шаралар тұтас онкүндікке созылып, әрбір он күн еліміздің халқы үшін белгілі бір мәдени дәстүріне немесе құндылығына арналады. 18 наурызда Ұлттық киім күні тойланады. Ұлттық киім күні руханиятымыз үшін келелі оқиға. Ал ұлттық нақыштағы киімдерді өмір салтымызға енгізу - елдік сезімімізді асқақтатар бірден-бір үрдіс. Баба жоралғысын сақтау арқылы ұрпақ санасы дәстүрмен үйлесім табары сөзсіз. Киім - мәдениет пен ұлттық бірегейліктің маңызды элементі, бірақ аударма процесінде ол өзінің ұлттық ерекшелігін жоғалтуы мүмкін. Сондықтан көркем шығармалардағы вестема бірліктердің аудармасы жеткілікті деңгейде дәл әрі дұрыс болуы өте маңызды. Зерттеу жұмысымыздың аударма тілдерінің бірі - қытай тілі. Қытай мәдениеті өзінің мыңдаған жылдарға созылған тарихымен Азиядағы және оның шегінен тыс өркениеттердің дамуына елеулі ықпал етті. Қытайдың ұлттық киімдері, мейлі ханьфу, чипао немесе басқа дәстүрлі костюмдер болсын, терең символдық мәнге ие және қытай мәдениетінің философиялық әрі эстетикалық қағидаттарын бейнелейді. Жаһандық мәдени алмасу жағдайында қытай ұлттық киімі мәдени бейімделудің нысанына айналуда. Оның заманауи жағдайдағы трансформациялары мен дәстүрлерін сақтау мәселелерін зерттеу маңызды ғылыми міндет болып табылады. Тура солай ағылшындардың ұлттық киімі, оның ішінде дәстүрлі костюмдер, мантиялар мен килт сияқты элементтер - Ұлыбританияның тарихымен, әлеуметтік құрылымымен және мәдени құндылықтарымен тығыз байланысты бай мәдени дәстүр. Жаһандану жағдайында ағылшын киімі стиль мен талғампаздық символына айналып, басқа мәдениеттерде танымалдылыққа ие болып бейімделуде. Ағылшын ұлттық киімін зерттеу оның ұлттық ерекшеліктерін қалай сақтайтынын және сонымен қатар әлемдік сәнге қалай ықпалдасатынын түсінуге мүмкіндік береді. Диссертациялық жұмыс барысында көркем шығармалардағы вестиалды лексиканың ағылшын, қытай тілдеріне қаншалықты дәл және толық жеткізілгені, әрі вестиалды лексикасының лингвомәдени сипаты берілген. Зерттеу барысында әртиптес тілдердегі вестиалды лексикасының зерттелуі, жіктелуі, аударылу әдістері, сонымен қатар кейбір киім-кешек атауларының этимологиясы зерттеліп, сол халықтың ұлттық-мәдени ерекшелігі туралы ақпарат айқындалды. «Абай жолы» роман-эпопеясындағы вестиалды лексиканың тіларалық берілуі, әсіресе, қытай тіліндегі аудармасын талдау жұмысы аударматану саласында алғаш рет жасалды. Атқарылған жұмыстар диссертацияның өзектілігін айқындайды. Ғылыми-зерттеу жұмысының теориялық-әдіснамалық негіздері. Зерттеу жұмысының теориялық негізі жалпы тіл білімі, типологиялық лингвистика, салыстырмалы тіл білімі салаларында қалыптасқан ғылыми қағидаларға сүйенеді. Сонымен қатар, қазақ, қытай және ағылшын тілдеріндегі әлемнің тілдік бейнесіне қатысты концепциялар мен лингвомәдениеттану мәселелерін қарастыратын еңбектерді негізге алдық. Мәдени-тұрмыстық лексиканы, оның ішінде ұлттық киім атауларын зерделеу де зерттеу бағытының маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Тіл білімі теориясындағы әлемнің тілдік бейнесі, тіл мен мәдениеттің өзара байланысы туралы тұжырымдар В. Гумбольдт, Л. Вайсгербер, Г. Пауль, А. Потебня, Ф. де Соссюр, Э. Севортян, Ф. Филин, В. Ярцева, Е. Кубрякова, А. А. Уфимцева, А. Леонтьев, Б. Серебренников, Н. Арутюнова, М. Копыленко, Қ. Жұбанов, І. Кеңесбаев, Ә. Қайдар, Р. Сыздықова, Е. Жанпейісов, Т. Жанұзақов, С.Е. Исабеков, Д. Сүлейменова, К. Хұсайынов, Б. Қалиев, А.А. Загидуллина, М. Ғиззатулин, А. Алдашева, Ж. Мәнкеева, А. Салқынбай, Р. Авакова, Б. Абдуллаева, А. Ислам, Ә. Молдасанова және басқа да ғалымдардың еңбектеріне негізделді. Сонымен қатар, ұлттық киім атауларының лиингвомәдени және мәдени-тарихи ерекшеліктерін зерттеу мақсатында ұлттық киім тарихы мен этнографиясы саласындағы еңбектерге жүгіндік. Бұл бағыттағы маңызды зерттеулер Ж. Манкеева, Х. Ходжаева, Т. Смағұлова, Б. Хинаят, А. Сужикованың еңбектерінде кездеседі. Сонымен бірге, шетелдік зерттеушілерден ұлттық киім мәдениетіне байланысты Чжоу Щибао, Шэнь Чүнвэнь, Ван Щүй еңбектерін, сондай-ақ Батыс ғалымдары Джэймс Лавер, Д.П. Бишоп және т.б. зерттеулерді пайдаландық. Зерттеу жұмысының мақсаты - қазақ, қытай, ағылшын тілдеріндегі вестиалды лексикасының лингвомәдени семантикасын сипаттау, вестиалды лексикаға қатысты тілдік бірліктердің аударылу тәсілдерін анықтау және аудармада тіларалық берілуін талдау. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін алға қойылатын міндеттер: 1. Қазақ, қытай және ағылшын тілдеріндегі вестиалды лексиканың салыстырмалы-салғастырмалы және аударматану тұрғысынан зерттелуі мен жіктелуіне шолу жасау; 2. Қазақ, қытай және ағылшын тілдерінің вестиалды лексикасын лингвомәдени тұрғыдан сипаттау; 3. Әртиптес тілдердегі вестиалды лексиканың қоғамның этникалық және ұлттық мәдениеті элементі ретіндегі сипатын айқындау; 4. Ерлер мен әйелдердің ұлттық киім атауларының аударма үдерісіндегі көрінісі мен берілу тәсілдерін сипаттау; 5. Әптиптес тілдердегі вестиалды фразеологизмдердің лингвомәдени сипаты және олардың аударылу ерекшеліктерін айқындау; 6. Әртиптес тілдер вестиалды лексикасындағы көркемдік құралдар және олардың аудармадағы берілуін талдау. Зерттеу нысаны – қазақ, қытай, ағылшын тілдеріндегі вестиалды лексика, киім атаулары. Зерттеу пәні – қазақ, қытай, ағылшын тілдеріндегі вестиалды лексикасының аудармада берілуі мен лингвомәдени сипаты. Зерттеу жұмысында қолданылған әдістер. Диссертациялық зерттеу барысында қазіргі заманғы лингвистикалық және аударматану ғылымдарының талаптарына сәйкес кешенді әдіснамалық ұстанымдар қолданылды: толық іріктеу әдісі, сипаттамалы әдіс, салғастырмалы-типологиялық әдіс, лингвомәдениеттанымдық әдіс, этимологиялық талдау. Зерттеу дереккөздері - М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы, оның ағылшын және қытай тілдеріндегі аудармалары және қазақ, қытай, ағылшын түсіндірме сөздіктері. Зерттеудің ғылыми жаңалығы: 1. Қазақ, қытай және ағылшын тілдеріндегі вестиалды лексиканың мәдени-ұлттық, тарихи-әлеуметтік дамуы әлемдік кеңістіктегі ғылыми-теориялық және ғылыми-танымдық еңбектерді саралау арқылы анықталды; 2. Қазақ, қытай және ағылшын тілдерінің вестиалды лексикасына лингвомәдени тұрғыдан сипаттама жасалып, әр тілдегі киім-кешек атауларының қоғамның этникалық және ұлттық мәдениеті элементі ретіндегі ерекшеліктері айқындалды; 3. «Абай жолы» роман-эпопеясындағы вестиалды лексиканың аудармада берілуі, әсіресе, қытай тіліндегі аудармасына лингвомәдени тұрғыдан алғаш рет зерттеу жүргізілді; 4. Қазақ тілінен қытай тіліне транслитерация жасау мүмкін емес екендігі дәлелденді, себебі қытай тілі иероглифтік, ал қазақ тілі әріптік жазу жүйесіне негізделген. Сондықтан қытай тіліне аударуда транскрипция әдісінің тиімдірек екені нақтыланды. 5. Қазақ ұлттық киім-кешек атауларының атауыштық мағынасынан басқа ассоциативтік, архетиптік, символикалық мәндерге де ие екендігі сараланып, олардың қытай және ағылшын тілдеріне жеткізілу сипаты анықталды; 6. Әртиптес тілдердегі вестиалды фразеологизмдердің лингвомәдени сипаты аударматану тұрғысынан сараланды; 7. Әптиптес тілдердегі вестиалды лексикадағы көркемдік құралдардың қолданысы сипатталып, олардың аударылу ерекшелігі анықталды. Зерттеудің теориялық маңызы. Зерттеу барысында жасалған тұжырымдар мен пайымдаулар аударматану, салғастырмалы тіл білімі, лексикология және лингвомәдениеттану салаларының теориялық негіздерін толықтыруға, ұлттық-мәдени ерекшеліктерді тілдік деңгейде айқындауға және аудармадағы концептуалды сәйкестіктерді нақтылауға өз үлесін қосады. Зерттеудің практикалық маңызы. Зерттеу барысында алынған нәтижелер аударма теориясы мен практикасымен байланысты пәндерді оқытуда, көркем аударма, мәдениетаралық коммуникация, лингвомәдениеттану, антропология, этнология салаларында оқытылатын пәндерде кеңінен қолданылуы мүмкін. Сонымен қатар Қазақстанның жоғары оқу орындарының оқу бағдарламаларын жетілдіруде ақпарат көзі ретінде қызмет етеді. Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар: 1. «Киім» лексика-семантикалық тобы - қоғамның мәдени, әлеуметтік және тарихи аспектілерін бейнелейтін, терең тарихи тамыры бар күрделі жүйе. Бұл ұғым адамзат эволюциясы мен оны қоршаған ортадан қорғау қажеттіліктерімен тығыз байланысты. Қазіргі таңда киім атауларын көбінесе вестиалды лексика терминімен атайды. 2. Қазіргі таңда вестиалды лексиканы антропоөзектік парадигма тұрғысынан зерттеу киім мен адамның танымдық жүйесімен, этникалық және әлеуметтік сәйкестілігімен байланысын анықтауға мүмкіндік береді. 3. «Абай жолы» роман-эпопеясы - вестиалды лексиканы әр рудың өзіндік ерекшелігі, әлеуметтік мәртебесі, сән-салтанат көрінісі, сондай-ақ кейіпкерлердің психологиялық жай-күйі ретінде сипаттауда атауыштық мағынасымен қатар ассоциативтік, архетиптік, символикалық мәндерін де таныта алған көркемдік жүйе. 4. Тілдік типология және аударма тәсілдерінің ерекшелігі тұрғысынан киім атауларын қытай тіліне тіларалық жеткізуде иероглифтік мағынаны дұрыс интерпретациялау, контекстуалдық ерекшеліктерді сақтау және буындық құрылымды ескеру қажет екендігі, ал ағылшын тіліне аудару үдерісінде тілдің аналитикалық құрылымы мен сөз тәртібін сақтау, семантикалық үйлесімділікті ескеру – аударманың дәлдігіне тікелей әсер ететіні айқындалды. 5. Вестиалды лексиканы қазақ тілінен қытай тіліне аударуда транслитерация әдісі тиімділік танытпайды, керісінше транскрипция әдісі оңтайлы саналады, себебі қытай тілі иероглифтік, қазақ тілі әріптік жазу жүйесіне негізделген әртиптес тіл жүйесі. 6. Вестиалды фразеологизмдердің аудармасы және қатысымдық ерекшеліктері ұлттық сана мен рухани дүниені танытудың тілдік-көркемдік құралы ретінде мол дереккөз бола алады. 7. Романда бейнелеу құралдары ұлттық киім атауларымен ұштасып, көркем образ жасауда шешуші рөл атқарғаны және олардың аудармада берілу ерекшеліктері анықталды. Зерттеу нәтижелерін апробациялау. Диссертациялық зерттеудің нәтижелері отандық және шетелдік ғылыми мекемелерде: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, Аударма теориясы мен практикасы кафедрасында (2018-2021), Стамбул университетінің филология факультетінде (2020) талқыланды. Диссертациялық зерттеу жұмысының негізгі мазмұны мен тұжырымдары 8 мақалада жарияланды. ҚР БжҒМ бақылау комитеті ұсынған ғылыми басылымдарда 3 мақала, Қазақстанда және шет елдерде орын алған халықаралық ғылыми конференция материалдарының жинақтарында 3 мақала және Scopus дерекқорына енетін журналдарда 2 мақала жарық көрді. Диссертация кіріспеден, екі негізгі бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланған әдебиеттер тізімінен және қосымшадан тұрады. Диссертациялық жұмыстың көлемі 139 бет. Диссертацияда 6 кесте және 6 сурет қолданылады.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://www.youtube.com/watch?v=5LN2W0jvvU8
