
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Кузар Жанна Нурланкызы «8D02307 – Аударма Ісі» білім беру бағдарламасы бойынша «Ғылыми мақалалардың аңдатпасы: аудару ерекшеліктері мен моделі» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Аударма теориясы мен практика кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Ислам Айбарша – филология ғылымдарының докторы, профессор, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті шет тілдер педагогикалық факультетінің деканы (Алматы қ., Қазақстан Республикасы);
Баекеева Айнұр Толыбайқызы – философия докторы (PhD), Maqsut Narikbayev University доцент м.а. (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Алдаш Айманкүл – филология ғылымдарының докторы, профессор, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының тіл мәдениеті бөлімінің бас ғылыми қызметкері (Алматы қ., Қазақстан Республикасы);
Мизамхан Бағлан – филология ғылымдарының кандидаты, доцент, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің филология және аударма факультетінің деканы (Алматы қ., Қазақстан Республикасы);
Тахтарова Светлана Салаватовна – филология ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық қатынастар институты директорының орынбасары, Қазан федералды университеті (Қазан қ., Татарстан, Ресей Федерациясы).
Ғылыми кеңесшілері:
Кульдеева Гульнар Ильинична – филология ғылымдарының докторы, доцент, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті аударма теориясы мен практикасы кафедрасы (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Чернявская Валерия Евгеньевна – филология ғылымдарының докторы, профессор, Ұлы Петр атындағы Санкт-Петербург политехникалық университеті (Санкт-Петербург қ., Ресей Федерациясы).
Қорғау 2026 жылғы 20 қаңтар, сағат 14:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D02307 – Аударма Ісі» мамандығы бойынша «8D023 – Тілдер және әдебиет» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі онлайн форматта өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: https://teams.microsoft.com/meet/44182797040446?p=pwWZVvp2IetWmLJph6
Мекен-жайы: Астана қ., Қ. Сәтбаев көшесі, 2, оқу-әкімшілік ғимарат, №302 ауд.
Аңдатпа (қаз.): Зерттеу жұмысының жалпы сипаттамасы. Қазіргі ғылымның дамуы мен жаһандану үдерістері ағылшын тілін халықаралық ғылыми коммуникацияның басты тіліне айналдырды. Бұл жағдай ағылшын тілін жетік меңгермеген ғалымдарға өз зерттеу нәтижелерін ұсынуда қиындықтар туғызады және ғылыми ақпараттың толық түсінілуіне кедергі келтіреді. Жаһандану ғылыми зерттеу мен коммуникацияны біріктіріп, ұлттық ғылыми дискурстардың өзара ықпалдасуына жол ашады. Осы жағдайда ғылыми аңдатпаның аудармасы ерекше маңызға ие, себебі дәл осы аңдатпа арқылы мақаланың мазмұнын, өзектілігін және зерттеу құндылығын қысқаша әрі нақты жеткізу арқылы халықаралық ғылыми қауымдастыққа таныстырады. Сапалы аударылған аңдатпа зерттеу идеясын ықшам түрде ұсынуға және ғылыми мәтінді халықаралық деңгейде дұрыс қабылдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, оның мазмұны мен құрылымы халықаралық стандарттарға және ғылыми стильдің нормаларына сай болуы қажет. Зерттеушілер көбіне мақаланың құрылымдық ерекшеліктерін сақтап, белгілі бір сөз оралымдары мен клишеленген лексиканы пайдаланады, бірақ көптілді ғылыми аңдатпалар мен олардың аудармалық сәйкестігіне салыстырмалы талдау сирек жүргізіледі. Мұндай талдау әсіресе аударма үдерісінде маңызды, өйткені сөзбе-сөз аударма мәтіннің мағынасын бұрмалап, түсінікті қиындатады. Бұл зерттеу қазақ тілінен орыс және ағылшын тілдеріне ғылыми мақалалардың аңдатпаларын аудару қажеттіліктен туындаған. Бұл жұмыс ғылыми дискурстың тілдік және мәдени ерекшеліктерін айқындауға бағытталған. Зерттеу нәтижелері ҒЖБССҚЕК тізбесіндегі журналдарындағы аңдатпалардың аударма сапасын жақсартуға және ғылыми коммуникацияның тиімділігін арттыруға септігін тигізеді. Зерттеу жұмысының өзектілігі. Қазақстан ғылымының халықаралық ғылыми кеңістікке енуі жағдайында аңдатпаларды ағылшын тіліне сапалы аудару ерекше маңызға ие. Аңдатпа ғылыми жұмыстың қысқаша мазмұнын беріп қана қоймай, мақаланың өзектілігін бағалауға және оны толық оқуға деген қажеттілікті анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар аңдатпа мақаланың халықаралық базаларда индекстелуіне және академиялық ортада танылуына ықпал етеді. Алайда аударманың сапасыз орындалуы ғылыми нәтижелердің бұрмаланып қабылдануына себеп болады. Терминологиялық сәйкессіздік, жанрлық айырмашылықтар және құрылымдық бірізділіктің болмауы — аудармашылар жиі кездесетін мәселелердің бірі. Бұл әсіресе сәулет, құрылыс және дизайн салаларында айқын көрінеді. Сондықтан, зерттеудің өзектілігі — ғылыми аңдатпаларды лингвистикалық, жанрлық және мәдени ерекшеліктерді ескере отырып сапалы аудару қажеттілігімен айқындалады. Мұндай зерттеу қазақстандық ғылымның халықаралық беделін нығайтуға және ғылыми коммуникацияны дамытуға ықпал етеді. Зерттеудің мақсаты – құрылыс, сәулет және дизайн саласындағы қазақстандық авторлардың ғылыми мақалаларына аңдатпалардың құрылымын, қызметін және аудармасын талдау негізінде кемшін тұстарын айқындау, аңдатпаны қазақ тілінен орыс және ағылшын тілдеріне аударудың оңтайлы моделін анықтау және қолданысқа енгізуді ұсыну. Осы мақсатқа сай келесі міндеттерді шешу көзделеді: 1. Отандық және шетелдік тәжірибедегі ғылыми аңдатпаның теориялық негіздері мен оның қызметіне, мазмұны мен рәсімделуіне қойылатын талаптарды анықтау. 2. «Аңдатпа», «аннотация» және “аbstract”, “summary” ұғымдарына салыстырмалы талдау жүргізу, мәдени контекст тұрғысынан айырмашылықтары мен жалпы белгілерін анықтау және жанрлық ерекшеліктерін зерттеу. 3. Құрылыс, сәулет және дизайн саласындағы ғылыми мақалалар аңдатпасының аудармасындағы мәселелерді анықтау, жиі кездесетін қателіктерді жіктеу және терминологиялық қиындықтарды талдау. 4. Білім мен ғылымды дамыту бағдарламасын цифрландыру және іске асыру кезеңінде ғылыми коммуникацияда болған өзгерістерді ескере отырып, қазақстандық авторлардың ғылыми мәтіндеріндегі аңдатпалар құрылымының ерекшеліктерін зерделеу. Осы өзгерістердің аңдатпаларды аударуға қалай әсер ететінін қарастыру. 5. Аңдатпаның құрылымдық және семантикалық сипаттамаларын анықтау мақсатында құрылымдалған және құрылымдалмаған аңдатпаларға салыстырмалы талдау жүргізу. Сондай-ақ құрылымдаудың аударма дәлдігі мен анықтығын қамтамасыз ету ықпалын зерттеу. 6. Аңдатпаларды аударуға арналған қазіргі қолданыстағы модельді жүйелеп, оны әрі қарай зерттеу үшін негіз ретінде пайдалану және бұл модельді аңдатпаға апробациялау. Аңдатпаларды аудару кезіндегі семантикалық сәйкестігін қамтамасыз ету бойынша “Generic Abstract Мodel”-ді қолдана отырып әдістемелік ұсыныстар әзірлеу. Зерттеу нысаны – қазақстандық авторлардың ғылыми мақалаларының аңдатпаларын қазақ тілінен орыс және ағылшын тілдеріне аудару. Зерттеу пәні – құрылыс, сәулет және дизайн саласындағы ғылыми аңдатпаларды аудару кезінде мағыналық барабарлыққа қол жеткізу моделі. Диссертацияның әдіснамалық негізі. Зерттеудің әдіснамалық негізін мәтін лингвистикасының, ғылыми дискурс пен аударма теориясының, сондай-ақ мәдениетаралық коммуникацияның заманауи тұжырымдамалары құрайды. Зерттеу мәтіннің табиғаты мен құрылымын қарастырған отандық және шетелдік ғалымдардың еңбектеріне сүйенеді (А. Байтұрсынұлы, Қ. Жұбанов, Р. Сыздықова, Б. Шалабай, З. Ерназарова, Г. Әзімжанова, Ф. Оразбаева, М.К. Ахметова, Т.М. Әбдікәрімова, с. Әлісжан, Ю. Кристева, В.Е. Чернявская, J. Swales, K. Hyland, V. Bhatia және т.б.). Зерттеудің теориялық негізін мәтін лингвистикасы, ғылыми дискурс, терминология, аударматану және академиялық жазылым салаларындағы еңбектер құрайды. Бұл еңбектер көптілді ғылыми коммуникация жағдайында аңдатпалардың құрылымдық, семантикалық және функционалдық ерекшеліктерімен, сондай-ақ олардың аударылу заңдылықтарын айқындауға бағытталған. Қойылған мақсаттар мен міндеттерді шешу үшін кешенді әдістеме қолданылды, оған корпустық талдау (терминдердің жиілігін Voyant Tools арқылы анықтау), құрылымдық талдау (аңдатпалардың құрылымы мен мазмұнын талдау, IMRAD құрылымын зерттеу), салыстырмалы талдау (қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі аңдатпаларды салыстыру), модельдеу және бейімдеу (ұсынылған аударма моделін жасау және сынақтан өткізу), тексеру және түзету (тіл тасымалдаушылармен proofreading жүргізу), сараптамалық бағалау (аңдатпа сапасын бағалау) әдістері қолданылды. Таңдалған әдіснама аңдатпаны лингвистикалық, коммуникативтік және аударматанулық құбылыс ретінде кешенді тұрғыдан қарастыруға, оның құрылымдық және семантикалық ерекшеліктерін айқындауға және аудармадағы семантикалық барабарлыққа жетудің моделін ұсынуға мүмкіндік береді. Диссертация тақырыбының зерттелу деңгейі. Мәтін табиғаты өте күрделі және көпқырлы құбылыс болып табылады. Қазақ тіл білімінде мәтін мәселелерін зерттеу біртіндеп дамып, түрлі ғылыми мектептер мен бағыттардың қалыптасуына негіз болды. Қазақ мәтінтануының бастапқы идеялары мен ғылыми негіздері А. Байтұрсынұлы, Қ. Жұбанов, С. Аманжолов, Т. Қордабаев еңбектерінде қалыптасып, мәтін қарым-қатынастың негізгі бірлігі ретінде қарастырылған. ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап мәтінді дербес тілдік жүйе ретінде қарастыру үрдісі күшейіп, оның семантикалық, прагматикалық және когезиялық ерекшеліктері зерттелді. Бұл бағытта Р. Сыздықова, Б. Шалабай, З. Ерназарова, Г. Әзімжанова, Ф. Оразбаева, Г. Смағұлова, Д. Әлкебаева, Г. Әбікенова, М. Маретбаева, Ж. Қайшығұлова, Г. Кәріпжанова сынды ғалымдардың еңбектері айрықша орын алады. Қазіргі кезеңде мәтін лингвистикасы мен ғылыми дискурс саласы отандық тіл білімінде жаңа бағыттармен толықты. Ш.К. Жарқынбекова, А.А. Байбатырова, С.Қ. Әлісжан, Б.Б. Динаева, С.М. Сапина, А.А. Баяхметова, М.Ж. Дусенбина, Е.Т. Оспанов және басқа зерттеушілердің еңбектері мәтіннің құрылымдық ұйымдасуы мен ғылыми стильдің семантикалық ерекшеліктерін айқындауға елеулі үлес қосты. Соңғы зерттеулер академиялық және ғылыми мәтіндердің логикалық құрылымына, ғылыми стильдің тілдік ерекшеліктеріне және академиялық жазылым қағидаттарына баса назар аударады. Сонымен қатар ғылыми коммуникация жағдайында ғылыми мәтіндерді аудару мәселелерін зерттеу ерекше өзектілікке ие болып отыр. Мұндай зерттеулер ғылыми мәтіндердің әртүрлі семантикалық және құрылымдық барабарлығын қамтамасыз етуге бағытталған. Ресей лингвистикасында мәтін және ғылыми дискурс мәселелерін талдау ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап белсенді дамыды. Мәтіннің құрылымдық және семантикалық тұтастығын анықтау бағытында П.Г. Осминин, Е.С. Кубрякова, Т.В. Дроздова, Е.Е. Науменко сияқты ғалымдардың еңбектері маңызды рөл атқарды. В.Е. Чернявская мен Е.А. Баженова ғылыми дискурстың коммуникативтік сипатын, ғылыми стильдің прагматикалық ерекшеліктерін зерттеді. Ал Е.Ю. Дубинина, В. Богданов, Е. Лихтенштейн және А. Михайлов сияқты зерттеушілер аңдатпа мен рефераттың құрылымдық және мазмұндық ерекшеліктерін айқындап, олардың ғылыми коммуникациядағы орнын көрсетті. Мәтін теориясы мен интертекстуалдылық ұғымын дамытуға Р. Джейкобсон, Т. Тодоров, Ю. Кристева еңбектері зор үлес қосты. Бұл зерттеулер мәтінді семиотикалық жүйе ретінде қарастыруға және оның метатекстік байланыстарын анықтауға мүмкіндік берді. Ғылыми мәтін мен аңдатпаны зерттеу саласында Батыс лингвистикасында J. Swales, V. Bhatia, K. Hyland, P. Martin-Martin, C. Bazerman еңбектері ерекше мәнге ие. Олар ғылыми аңдатпаның коммуникативтік мақсатын, риторикалық құрылымын және халықаралық ғылыми ортадағы маңызын айқындады. Сондай-ақ W. Katz пен R. Krüger зерттеулері ғылыми мәтіннің стандарттары мен академиялық жазылым нормаларының қалыптасуына әсер етті. Осылайша, отандық, ресейлік және шетелдік ғалымдардың еңбектері ғылыми мәтін мен аңдатпаны кешенді түрде қарастыруға мүмкіндік берді. Бұл зерттеулер мәтін лингвистикасының, ғылыми стиль мен аудармадағы семантикалық дәлдіктің өзектілігін дәлелдеп, осы диссертацияның теориялық және әдіснамалық базасын қалыптастырды. Зерттеудің ғылыми жаңалығы: Біріншіден, отандық ғылымда тұңғыш рет әртүрлі тілдер мен мәдениеттердегі ғылыми аңдатпа жанрының құрылымдық ерекшеліктері анықталды, ғылыми коммуникацияның ерекшеліктерін көрсететін «аңдатпа», «аннотация» және “аbstract”, “summary” ұғымдарының аражігін ажырату ұсынылды. Екіншіден, құрылыс, сәулет және дизайн саласындағы ғылыми мақалалар аңдатпасының аудармалары сарапталып, кемшін тұстары, терминологиялық сәйкессіздіктер мен қиындықтар анықталды. Үшіншіден, алғаш рет білім беру саясатын цифрландыру контекстінде қазақстандық ғылыми мақалалардың аңдатпаларының құрылымы мен аудармаларына салыстырмалы және салғастырмалы талдау жүргізілді. Төртіншіден, отандық ғылыми тәжірибеде осы уақытқа дейін аңдатпаның құрылымдық және семантикалық айырмашылықтарын анықтау мақсатында құрылымдалған және құрылымдалмаған аңдатпаларды салыстырмалы түрде зерделеу жүргізілмеген. Бесіншіден, ғылыми техникалық саладағы аңдатпаларды аудару үшін “Generic Abstract Мodel”-і бейімделді. Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар: 1. Аңдатпа – ғылыми мақаланың міндетті әрі маңызды құрамдас бөлігі. Халықаралық академиялық басылымдарда аңдатпа ғылыми мақаланың қосымша мәтіні ғана емес, сонымен қатар жарияланымның мәліметтер базасындағы қол жетімділігі мен дәйексөзін қамтамасыз етеді. Аңдатпаның, ғылыми стильдің жанры ретінде, әртүрлі тілдерде құрылымдық және функционалдық ерекшеліктері бар. Аңдатпа белгілі бір нормалармен реттеледі. Ол нормалар отандық және шетелдік тәжірибеде әртүрлі болуы мүмкін. Сондықтан аударма барысында мәдени айырмашылықтар мен ғылыми саланың ерекшеліктерін ескере отырып, академиялық жазудың халықаралық стандарттарына бейімдеу қажеттілігі туындайды. Бұл сөзбе-сөз аудармадан аулақ болуды, құрылымдық, лексика-грамматикалық және стилистикалық ерекшеліктерді халықаралық талаптармен үйлестіруді қамтиды. 2. «Аңдатпа», «аннотация» және “аbstract”, “summary” ұғымдарына жүргізілген салыстырмалы талдау нәтижесі олардың мәдени және лингвистикалық контекстке байланысты ортақ белгілері де, елеулі айырмашылықтары да бар екенін көрсетті. Отандық журналдарда «аңдатпа» және «аннотация» арқылы ғылыми мәтіннің қысқаша мазмұны сипатталады. Ал ағылшын тілінде “аbstract” және “summary” терминдері толық мағынада бір-біріне балама бола алмайды. “Аbstract” ғылыми баяндаудың халықаралық стандарттарын ұстанады. Демек, отандық ғылыми мақалалардың сапасын арттыру үшін ҒЖБССҚЕК тізімдегі журналдарына аңдатпалар дайындау және оларды ағылшын тіліне аудару кезінде осы ұғымдардың жанрлық-стилистикалық және функционалдық ерекшеліктерін ескеру қажет. 3. Құрылыс, сәулет және дизайн салаларына арналған ғылыми мәтіндерді аударуда мамандандырылған терминдердің стандартталған және жалпы қабылданған аудармаларының болмауы байқалады. Осыған байланысты аудармашылар, көбіне, терминдерді берудің әртүрлі әдістеріне жүгінеді. Олар калькалау, түсіріп тастау, транслитерация, қосу әдісі, сипаттама аударма және балама аударманы қолданады. Алайда түсіріп тастау мен қосу әдістерін жиі қолдану мағыналық дәлдіктің жоғалуына әкеледі. Бұл кәсіби және академиялық қауымдастықтарда терминологияның дәйектілігін төмендетеді және бірізділікті қамтамасыз етуде елеулі қиындықтар туғызады. 4. Қазақстан Республикасының білім мен ғылымды дамыту бағдарламасын цифрландыру және іске асыру үдерістері ғылыми дискурстың өзгеруіне ықпал етіп, оның ішінде аңдатпалардың құрылымына, тіліне және рәсімделуіне әсер еткені анықталды. Цифрлық трансформация жағдайында ғылыми нәтижелерді ұсыну ғылыми мәтіннің маңызды бөлігі ретінде танылатын аңдатпаларға қойылатын талаптардың да өзгеруіне ықпал етті. Бұл қазақстандық ҒЖБССҚЕК тізімдегі журналдарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін халықаралық стандарттарды ескере отырып, аңдатпаларды аудару тәсілдерін қайта қарауды талап етеді және олардың ашық қол жетімділігіне, ғылыми қоғамдастықта танылуына мүмкіндік береді. Бұл аңдатпаларды халықаралық стандарттарға сай аудару қағидаттарын біріздендіру қажеттілігін дәлеледейді. 5. Отандық журналдардағы аңдатпалар IMRAD (Introduction, Methods, Results, and Discussion) құрылымын ұстану талабына қарамастан, нақты бөлімдерді көрсетпей бір абзац ретінде рәсімделеді. Мұндай аңдатпаларды ағылшын тіліне аудару кезінде халықаралық мәліметтер базасының талаптары мен академиялық жазу стандарттарына сәйкестігін қамтамасыз ету үшін құрылымдық ретке келтірілуі қажет. Бұл аңдатпаларды аудару кезінде жанрлық нормалар мен біркелкілікті сақтаудың маңыздылығын көрсетеді. Сонымен қатар Scopus базасында индекстелген журналдардың аңдатпаларға қоятын талаптарында IMRAD-ты тікелей қолдану айтылмайды, бірақ логикалық құрылымы сақталады. Журнал оларды талап етпеген жағдайда да мұндай аңдатпалар мәтін мазмұнын ұйымдастыруға және ғылыми зерттеудің негізгі бөлімдерін айқындауға көмектеседі. Аңдатпаларды құрылымдауға қойылатын талаптар көптеген басылымдарда ресми түрде бекітілгенімен, іс жүзінде бұл модель әрдайым қолданыла бермейді. Бұл формалды талаптарға қарамастан аңдатпалардың қысқа және функционалды формасына деген жалпы ұмтылыс бар. 6. Ғылыми мәтіндердің аңдатпаларын “Generic Abstract Model”-і арқылы аудару халықаралық ғылыми коммуникация стандарттарына сәйкес келуге ықпал ететін құрылымдық тұтастықты, етістік шақтарының сақталуын, сондай - ақ аударылған мәтіннің мағыналық және түпнұсқалық сәйкестігін қамтамасыз етеді. Зерттеу нәтижелері бойынша әзірленген ұсыныстар түпнұсқаның логикалық дәйектілігін мақсатты тілдің жанрлық нормаларына сәйкестендіруге, ақпаратты аңдатпаның құрылымдық элементтері бойынша дұрыс бөлуге және дәл жеткізуге мүмкіндік береді. “Generic Abstract Model” негізінде әзірленген әдістемелік ұсынымдар аудармашыларға және жас зерттеушілерге түпнұсқаның мазмұнын дәл беру мен академиялық жазу нормаларын сақтауға бағытталған. Зерттеу нәтижелерінің жаңалығы мен маңыздылығын негіздеу. Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы ғылыми мақалалар аңдатпаларын аударудың семантикалық дәлдігі мен құрылымдық тұтастығын қамтамасыз етуге бағытталған Generic Abstract Model-ін әзірлеу және оны теориялық тұрғыдан негіздеумен айқындалады. Бұл модель ғылыми мәтіннің жанрлық, құрылымдық және коммуникативтік ерекшеліктерін ескере отырып, аңдатпа жазу мен аударудың жалпы қағидаттарын жүйелендіреді. Жұмыста алғаш рет қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі ғылыми мақалалар аңдатпаларының типологиялық, функционалдық және семантикалық сипаттамалары кешенді түрде талданып, олардың ұқсастықтары мен айырмашылықтары айқындалды. Зерттеу нәтижесінде әр тілдің ғылыми дискурсында аңдатпа құрылымының өзіндік нормалары мен логикалық үлгілері бар екені дәлелденіп, осы ерекшеліктер аударма сапасына тікелей әсер ететіні көрсетілді. Ғылыми мәтіндерді салыстырмалы талдау нәтижесінде аңдатпа жанрына тән құрылымдық және тілдік ерекшеліктер айқындалып, олардың халықаралық академиялық стандарттармен сәйкестігі анықталды. Зерттеу барысында қазақ тілінен орыс және ағылшын тілдеріне аударылған аңдатпаларда жиі кездесетін құрылымдық кемшіліктер мен семантикалық сәйкессіздіктер анықталып, сондай-ақ оларды болдырмаудың тиімді жолдары ұсынылды. Жұмыста Voyant Tools платформасы арқылы корпустық талдау әдісі қолданылып, ғылыми мәтіндердегі терминдер мен түйін сөздердің жиілік сипаттамасы жасалды. Бұл тәсіл арқылы құрылыс, сәулет және дизайн салаларындағы ғылыми дискурстың ерекшеліктері мен терминологиялық тұрақтылық деңгейі айқындалды. Ұсынылған Generic Abstract Model ғылыми аңдатпаның IMRAD құрылымын сақтай отырып, мазмұндық үйлесімділікті қамтамасыз етеді және халықаралық ғылыми коммуникация стандарттарына сәйкес бейімделеді. Модельдің артықшылығы – оның әмбебаптығында және практикалық қолдану мүмкіндігінде: ол зерттеушілерге ғылыми аңдатпа жазу процесін кезең-кезеңімен ұйымдастыруға, мәтіннің мағыналық тұтастығын сақтауға және аударма барысында семантикалық дәлдікке қол жеткізуге мүмкіндік береді. Әсіресе әрбір аңдатпа бөлігінде етістік шақтарын дұрыс қолдануды қамтамасыз етеді. Зерттеу нәтижелері практикалық тұрғыдан да маңызды. Жұмыста әзірленген ұсынымдар мен модельді отандық және шетелдік ғылыми журналдарға мақалалар дайындау кезінде, академиялық жазылымды оқыту үдерісінде, сондай-ақ ғылыми терминологиялық базаларды және автоматтандырылған аударма жүйелерін жетілдіруде қолдануға болады. Жалпы алғанда, зерттеу жұмысының жаңалығы мен маңыздылығы оның ғылыми мәтіндерді аудару саласына теориялық және әдістемелік тұрғыдан үлес қосуында, ғылыми коммуникацияның сапасын арттыруға және қазақстандық зерттеушілердің еңбектерін халықаралық деңгейде ілгерілетуге мүмкіндік жасауында көрініс табады. Зерттеудің практикалық маңыздылығы. Зерттеудің практикалық маңыздылығы оның нәтижелерін ағылшын тілін академиялық мақсаттарда оқыту үдерісінде, әсіресе ғылыми мақалаларға аңдатпа жазуға үйретуде қолдану мүмкіндігімен айқындалады. Шетел тілін академиялық салада меңгеру грамматикалық және стильдік нормаларды білумен қатар, белгілі бір ғылыми сала шеңберінде арнайы терминологияны дұрыс пайдалану және аудару іскерлігін қамтитын терминологиялық құзыреттілікті дамытуға да негізделеді. Зерттеу барысында ұсынылған Generic Abstract Model-і ғылыми мәтіндердің аңдатпаларын талдау мен құрастыруда тиімді құрал ретінде қолданылуы мүмкін. Бұл модель студенттердің ағылшын тіліндегі ғылыми дискурстың функционалды-семантикалық ерекшеліктеріне сәйкес аңдатпа құрылымын жасау дағдыларын қалыптастыруға, сондай-ақ мазмұнның негізгі элементтері мен терминологиялық бірліктерін ажырату қабілетін дамытуға мүмкіндік береді. Зерттеу нәтижелерін лингвистика, аударма теориясы мен практикасы, сондай-ақ академиялық жазылым пәндерінде қолдануға болады. Материалдарды пайдалану студенттердің ғылыми ақпаратты қысқа, қисынды және мазмұнды түрде баяндау дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік береді, бұл халықаралық жарияланымдарға қойылатын қазіргі талаптарға сай келеді. Сонымен қатар, ұсынылған практикалық ұсынымдар кәсіби аудармашылар мен ғылыми басылымдардың редакторларына ғылыми мақалалардың аңдатпаларын әзірлеу барысында пайдалы болуы мүмкін. Зерттеу нәтижелерін отандық ғылыми журналдардың редакциялық тәжірибесіне және библиографиялық дерекқорларға енгізу аңдатпаларды біріздендіруге және стандарттауға ықпал етеді. Осылайша, жұмыстың практикалық маңыздылығы аңдатпаларды құрастыру мен аудару барысында академиялық жазылым дағдыларын жетілдіру мен терминологиялық құзыреттілікті қалыптастыруға бағытталған үлгі ұсынуында, сондай-ақ ағылшын тілін ғылыми коммуникацияда тиімді қолдану мүмкіндіктерін кеңейтуде жатыр. Зерттеудің теориялық маңыздылығы. Ғылыми мәтіндерді аудару сапасын арттыру Қазақстанның халықаралық кеңістіктегі ғылыми, ғылыми-техникалық жетістіктерін жақсартуға және қазақстандық ғылымның әлемдік қауымдастықтағы позициясын нығайтуға ықпал етеді. Бұл бағытта аңдатпаларға ерекше назар аударылады. Себебі аңдатпа ғылыми мақаланың әрі қарай дәйектелуінің негізгі элементі болып табылады. Алғаш рет аңдатпаларға қазақ/орыс/ағылшын тілдерінде салыстырмалы-салғастырмалы тұрғыдан сипаттама жүргізіледі. Жалпы алғанда, жұмыстың теориялық маңыздылығы оның аударматануды ғылым ретінде дамытуға, сондай-ақ ғылыми мәтіндерді аудару сапасын арттыруға арналған теориялық және әдіснамалық негіздерді құруға қосқан әлеуетті үлесінде жатыр. Бұл өз кезегінде ғылыми ақпараттың тиімді алмасуына және қазақстандық ғылымның әлемдік ғылыми қауымдастыққа интеграциялануына ықпал етеді. Зерттеу материалдары құрылыс, сәулет және дизайн салалары бойынша ҚР ҒЖБМ ҒЖБССҚЕК тізіміне кіретін отандық жетекші ғылыми журналдарда жарияланған мақалаларды қамтиды. Олар – түпнұсқалық зерттеулерді қамтитын рецензияланатын журналдарда жарияланған ғылыми мақалалар және 1000 мәтіннен тұратын корпус. Бұл мәтіндерге ғылыми аңдатпалар, соның ішінде түйін сөздер де кіреді. Ғылыми аңдатпалар 2017-2024 жылдар аралығындағы ғылыми журналдардан алынды: «Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің хабаршысы». – 2017 ж. – №1, 4; 2021 ж. – №1, 2, 3; 2023 ж. – №1, 2, 3; 2024 ж. – №1, 2, 3 сериялары; «Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының хабаршысы». – 2017 ж. – №1, 2, 3; 2018 ж. – №1, 2, 3; 2019 ж. – №1, 2, 3; 2020 ж. – №1, 2, 3; 2021 ж. – №1, 2, 3; 2022 ж. – №1, 2, 3; 2023 ж. – №1, 2, 3, 4; 2024 ж. – №2 сериялары; «Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық ғылыми-зерттеу техникалық университетінің хабаршысы»; «Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің хабаршысы. Техникалық ғылымдар және технологиялар сериясы». – 2018 ж. – №3, 4; 2019 ж. – №1, 2, 3, 4; 2020 ж. – №1, 2, 3, 4; 2021 ж. – №1, 2, 3, 4; 2022 ж. – №1, 2, 3, 4; 2023 ж. – №1, 2, 3 сериялары; «Technobius LLD» 2021 ж. – №3, 4. 2022 ж. – №1, 2, 3, 4; 2023 ж. – №1, 2, 3, 4; 2024 ж. – №1, 2, 3, 4 және «Университет еңбектері. Қарағанды техникалық университетінің хабаршысы». – 2017 ж. – №1, 2; 2019 ж. – №1; 2021 ж. – №1, 4; 2022 ж. – №1; 2024 ж. – №1, 3 сериялары. Зерттеу нәтижелерінің мақұлдануы мен жариялануы. Диссертациялық зерттеу жұмысының нәтижелері 12 ғылыми мақалада көрініс тапқан: ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған басылымдарда – 4; республикалық және халықаралық ғылыми конференциялар жинақтарында – 7; Web of Science және Scopus дерекқорларында индекстелетін ғылыми журналда – 1. Диссертацияның құрылымы мен көлемі. Диссертация кіріспеден, үш бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен және қосымшалардан тұрады. Диссертациялық жұмыстың жалпы көлемі 150 бет, 15 кесте және 19 суретті қамтиды.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://www.youtube.com/watch?v=O_n_k8mqovw
