
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Мұнай Ербол «8D02212 – Түркітану» білім беру бағдарламасы бойынша ««Қыпшақ ескерткіштеріндегі әлеуметтік қатынастардың семантикалық өрісі»» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Түркітану кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - ағылшын тілінде
Ресми рецензенттер:
Букетова Нурсулу Ибраевна – филология ғылымдарының докторы, академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық зерттеу университетінің профессоры (Қарағанды қ., Қазақстан Республикасы);
Иманбердиева Сауле Курманбаевна – филология ғылымдарының докторы, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің профессоры (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Юсупова Альфия Шавкетовна - филология ғылымдарының докторы, Қазан федералдық университетінің Габдулла Тоқай атындағы ұлттық мәдениет және білім беру жоғары мектебінің жалпы тіл білімі және түркология кафедрасының профессоры (Қазан қ., Ресей Федерациясы);
Юлай Шамильоглу – философия докторы (PhD), Назарбаев университетінің профессоры (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Жақсылық Мұратұлы Сәбитов - философия докторы (PhD), «Жошы ұлысын зерттеу ғылыми институты» директорының міндетін атқарушы (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Ғылыми кеңесшілері:
Шаймердинова Нурила Габбасовна - филология ғылымдарының докторы, КеАҚ «Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті» «Түркітану» кафедрасының про-фессоры (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Ласло Кароли - Ph.D., «Түркі тілдері» кафедрасының профессоры, Уппсала универ-ситеті (Уппсала қ.,, Швеция).
Қорғау 2025 жылғы 27 желтоқсан, сағат 10:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D02212 – Түркітану» мамандығы бойынша «8D022 – Гуманитарлық ғылымдар» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес отырысы офлайн және онлайн форматта өткізіледі.
Сілтемесі: https://clck.ru/3QQxhG
Мекен-жайы: Астана қ., Сатпаев 2, 206-аудитория
Аңдатпа (қаз.): Ербол Мұнайдың «8D02212 – Түркітану» білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін «The semantic field of social relations in the Kipchak monuments» («Қыпшақ ескерткіштеріндегі әлеуметтік қатынастардың семантикалық өрісі») тақырыбына дайындаған диссертациялық зерттеу жұмысына АҢДАТПА Диссертациялық зерттеу жұмысының тақырыбы «қыпшақ» этнонимінің ұғымын айқындайтын қыпшақ ескерткіштерін зерттеуге арналған. Қыпшақтар — Еуразия даласында өмір сүрген, Х–XIII ғасырларда айрықша белсенділік танытқан көшпелі халық. Олар ІХ–ХІ ғасырларда қыпшақтар Қимақ қағанатына қосылып, Еуразия даласындағы ірі конфедерациялардың біріне айналды. XI ғасырдың басында қыпшақтар Қимақ қағанатын өз иелігіне қосып, оның аумағын иеленді, кейін батысқа қарай жорықтар жасап, қазіргі Қазақстан аумағындағы Оғыз далаларына және Каспий маңы өңіріне дейін жерін кеңейтті. Кейіннен Ресейдің оңтүстік аймақтарын бағындырды. Өрлеу дәуірінде қыпшақтардың саяси ықпалы Византия империясы мен Дунай шекараларына дейін жетіп, XII ғасырдың басында қыпшақ конфедерациясы қуатты көшпелі бірлестік ретінде танылды. Алайда, XIII ғасырдың басында, 1223 жылы Қалқа өзені бойындағы жеңілістен кейін қыпшақтар Моңғол империясының құрамына енді. Қыпшақтар Еуразия даласының тарихы, мәдениеті мен тілінде өшпес із қалдырды. Оны біз жазба ескерткіштерінен көре аламыз. XI ғасырдан бастау алатын қыпшақ ескерткіштері белгілі және аты-жөні сақталмаған авторлар тарапынан әдеби және ауызекі қыпшақ тілінде араб, армян, латын және шағатай графикасымен жазылған. Бұл ескерткіштердің жанрлық сипаты да алуан түрлі. Олардың арасында тарихи жылнамалар, билеушілердің эпистолярлық жарлықтары, діни трактаттар, көркем және поэтикалық мәтіндер, сөздіктер мен грамматикалық еңбектер де бар. Е. Мұнайдың диссертациялық зерттеу жұмысы Алтын Орда дәуіріндегі қыпшақ ескерткіштерін зерттеуге арналған. Алтын Орданың билеушілері моңғолдар болғанымен, мәдени және тілдік тұрғыдан оның аумағында қоныстанған көптеген қыпшақтілдес тайпалармен ассимиляцияланған еді. Бұл дәуір тарихи-мәдени және тілдік тұрғыдан белгілі бір деңгейде зерттелгенімен, қазіргі түркітану ғылымы үшін зерттеуді қажет ететін көптеген «ақтаңдақтар» бар. Мұндай «ақтаңдақтар» қатарына Алтын Орда хандарының жарлықтары мен дипломатиялық хат алмасулары жатады. Олар Өтеміс қажының «Шыңғыснама» еңбегі және «Дафтар - и Шыңғыс» («Шыңғыс туралы аңыз кітабы») атты ескерткіштерде сақталған. Бұл деректерді зерттеу өзекті әрі қажетті, өйткені, зерттеуші ескерткіштер тілінің семантикалық талдауы арқылы сол дәуірдің дүниетанымдық бейнесін ашып, XIV–XVII ғасырлардағы қыпшақтілдес халықтар мен Алтын Орданың қоғамы мен мәдениетіне жаңа көзқарас ұсынуға ұмтылады. Зерттеудің мақсаты – XIV–XVII ғасырлардағы қыпшақ ескерткіштері – Өтеміс қажының «Шыңғыснама» еңбегі мен «Дафтар-и Шыңғыснамадағы» лексемалардың семантикасын зерттеп, Алтын Орда дәуірінің шындығы мен әлеуметтік қатынастарын (әлеуметтік титулдар, әлеуметтік институттар, саяси рәміздер мен қару-жарақтар) айқындайтын семантикалық өріс құрастыру. Аталған мақсат келесі міндеттерді шешуді көздейді: - Алтын Орда дәуірінің тарихи-мәдени жағдайын сипаттау; - Алтын Орда дәуіріндегі әлеуметтік қатынастарға қатысты лексемаларды тақырыптық тұрғыда іріктеу; - лексемалардың синтагматикалық байланыстарының семантикасын ашу; - парадигматикалық қатынастар жүйесін (синонимдік, антонимдік, гипонимдік) қарастыру; - сол дәуірдің тарихи-мәдени негізін айқындайтын лексемалардың ассоциативтік-деривациялық байланыстарын талдау; - қыпшақ ескерткіштеріндегі мәтіндерде әлеуметтік қатынастар мен шындықты бейнелейтін лексемалардың семантикалық өрісін қайта жасау; - түркі тілдерінің тарихи лексикасындағы сөздердің семантикалық өзгерістерін айқындап, олардың қазіргі түркі тілдерімен сабақтастығын анықтау. Зерттеудің әдіснамалық негізі. Диссертациялық жұмыста сипаттау, жіктеу, жинақтау және талдау сияқты жалпығылыми әдістер қолданылды. Алтын Орда дәуіріндегі қыпшақтардың тарихы мен мәдениетін талдауда тарихи-мәдени әдістердің (дереккөздер мен тарихи материалдарды зерделеу) маңызы зор. Мұндай дереккөздер қатарына қытай әулеттік шежірелері, араб-парсы және еуропалық жазба ескерткіштер жатады. Зерттеу материалы ретінде Алтын Орда дәуіріне тән екі қыпшақ ескерткішінің мәтіндері алынды: біріншісі, Мария Иванич пен Мирқасым Усмановтың редакциясымен жазылған «Дафтар-и Шыңғыснама» («Алтын Орда жарлығы»). Жарлық дегеніміз – хандар мен сұлтандардың бір-біріне ішкі және сыртқы қатынастарға байланысты түрлі мәселелер жөнінде ақпарат алмасу мақсатында жіберетін, бұйрықтық сипатқа ие емес дипломатиялық хаттар. Бұл зерттеу жұмысында Алтын Орда дәуіріне тән 6 жарлық пен бітік қарастырылды. Зерттеудің екінші нысаны – Өтеміс қажының «Шыңғыснама» еңбегі. Зерттеу әдістері ретінде жалпығылыми тәсілдермен қатар, қыпшақ мәдениеті мен Алтын Орда дәуірін талдауға арналған тарихи-мәдени әдістер (дереккөздер мен тарихи материалдарды зерттеу) қолданылды. Лингвистикалық тұрғыда құрылымдық лингвистика мен салыстырмалы-тарихи тіл білімі қағидалары пайдаланылды. Бұл зерттеудің негізгі әдістерінің бірі – семантикалық талдау. Ол әлеуметтік лексемалардың синтагматикалық және парадигматикалық мағыналарын ашуға, олардың көпмағыналылығын анықтауға, сондай-ақ сөз мағыналарының диахрондық дамуын қарастырып, қазіргі түркі тілдеріндегі семантикалық сабақтастықты айқындауға мүмкіндік береді. Зерттеудің жаңалығы. Қыпшақ ескерткіштерін заманауи технологиялар мен жаңа әдіснамалар арқылы зерттеу – қазіргі түркітану ғылымының басымдық беретін бағыттарының бірі болып табылады. Диссертациялық зерттеуде Алтын Орда дәуіріне тән аз зерттелген ескерткіштер, әсіресе XIV–XVII ғасырлардағы хандар мен сұлтандардың дипломатиялық хаттары, жарлықтары және өзге де құжаттары талданды. Бұл деректер бір жағынан билеушілердің қызметін айқындаса, екінші жағынан сол дәуірдің әлеуметтік және тарихи-мәдени дүниетанымдық бейнесін ашады. Осы тұрғыда диссертациялық жұмыста Алтын Орда дәуірінің тарихи-мәдени тұрақтылығы зерттелді. «Дафтар-и Шыңғыснама» мен Өтеміс қажының «Шыңғыснама» ескерткіштерінің мәтіндерінен әлеуметтік дүниетанымдық бейнені ашатын лексемалар іріктеліп алынып, олардың тақырыптық жіктелуі жасалды. Зерттеудің негізгі нәтижелерінің бірі – тарихи лексемаларды концептуалдық әдіснама тұрғысынан семантикалық талдаудың жасалуы. Бұл талдау лексемалардың синтагматикалық және парадигматикалық мағыналық байланыстарын, ассоциативтік-деривациялық қатынастарын (лексемалардың көпмағыналылығы мен туынды мағыналық әлеуетін) қамтиды. Мұндай тәсіл Алтын Орда мемлекетінің әлеуметтік қатынастары мен әлеуметтік шындығын бейнелейтін семантикалық өрісті айқындауға мүмкіндік берді. Зерттеудің маңызды жаңа нәтижелерінің бірі – ескерткіштердегі тарихи лексиканың семантикасын және олардың қазіргі түркі тілдерінің лексикалық семантикасымен сабақтастығын зерттеу, сондай-ақ семантикалық трансформация үдерістерін анықтау болып табылады. Зерттеудің теориялық маңызы. Зерттеу нәтижелері тарихи лексика мен түркі тілдерінің семантикалық талдауына қатысты теориялық қағидаларды дамытуда пайдалы бола алады. Диссертациялық зерттеу жұмысы лексикалық семантиканың аясын кеңейтіп, оның теориялық үлгілерін толықтырады және тіл мен мәдениет өзара байланысының қырларын аша түседі. Зерттеудің практикалық маңызы. Бұл зерттеу жұмысын түркі тілдерін оқытуда, сөздіктер құрастыруда, сондай-ақ тарихи семантика мен семантикалық өріс әдістемесін қолдануға арналған кейінгі зерттеулерде пайдалануға болады. Семантикалық талдау әдіснамасы әртүрлі графикалық жүйелерде жазылған түркі жазба ескерткіштерінің тілін зерттеуде де аса пайдалы болмақ. Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар. Қыпшақ ескерткіштері тілін зерттеу — түрлі графикалық жүйелерде мыңжылдықтар бойы жазылған түркі жазба мұралары тілін зерделеудің құрамдас бөлігі болып табылады. Жүргізілген зерттеу нәтижесінде қорғауға мынадай тұжырымдар ұсынылады: 1. XII ғасырдың басында қыпшақ конфедерациясы Моңғол империясының құрамына еніп, кейін Еуразия кеңістігінде бірнеше хандықтарға бөлінді. Сол хандықтардың ішінде тарихи-саяси тұрғыдан ерекше мәнге ие кезең – Алтын Орда дәуірі, оның құрамындағы иеліктерде қыпшақ тілдес көптеген тайпалар мекендеп, ассимиляциялық үдерістер жүрген. Диссертациялық зерттеу жұмысында Алтын Орда дәуірінің тарихи-мәдени даму үрдістері айқындалады. 2. Араб, армян, латын және шағатай жазуларымен жазылған қыпшақ ескерткіштері жанрлық тұрғыдан алуан түрлі: тарихи шежірелер мен хат алмасулар, діни және көркем әдебиет, грамматикалық еңбектер мен сөздіктер. Диссертациялық жұмыста Алтын Орда хандарының дипломатиялық хаттары мен жарлықтары қамтылған «Дафтар-и Шыңғыснама» және Өтеміш қажының «Шыңғыснама» ескерткіштері зерттелді. Бұл еңбектердің лексикалық жүйесі талданып, олардың құрамындағы лексемалар іріктеліп, Алтын Орда дәуіріндегі әлеуметтік қатынастарға қатысты тақырыптық тұрғыдан жіктеледі. 3. Лексемаларды семантикалық тұрғыдан талдау белгілі бір модель аясында жүзеге асырылады. Атап айтқанда, лексемалардың синтагмалық мағыналық байланыстары (тарихи лексемалардың сөйлем контексіндегі тіркесімділігі) айқындалып, парадигмалық категориялар (синонимия, антонимия, гипонимия секілді лексикалық қатынастар) және ассоциативтік-деривациялық байланыстар (лексемалардың көпмағыналылығы мен сөзжасамдық әлеуеті) анықталады. 4. Синтагмалық және парадигмалық байланыстарды, полисемиялық және деривациялық қатынастарды анықтау әлеуметтік қатынастардың семантикалық өрісін қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Бұл өріс ортағасырлық, соның ішінде Алтын Орда дәуіріндегі адамдардың дүниетанымдық бейнесін ашуға бағытталған. 5. Белгілі бір тарихи кезеңдегі адамдардың әлеуметтік қатынастарын бейнелейтін ескерткіштегі лексемалардың семантикалық өрісінде сөздердің тарихи мағыналары, олардың семантикалық трансформациясы және қазіргі түркі тілдеріндегі ұқсас лексемалармен сабақтастығы айқындалады. Зерттеу жұмысының сыннан өтуі мен жариялануы. Зерттеудің негізгі нәтижелері Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің түркітану кафедрасының ғылыми семинарында талқыланды, сондай-ақ 2022 жылы ПИАК (Тұрақты Халықаралық Алтаистика Конференциясы) халықаралық конференциясында және 2023 жылы түркітану кафедрасының халықаралық конференциясында баяндалды. Диссертация тақырыбы бойынша 5 мақала жарияланды, олардың 3-і ҚР Ғылым комитеті журналдарының тізіміне енген басылымдарда, біреуі конференция материалдарында және біреуі Scopus базасына кіретін халықаралық индекстелетін журналда жарияланған. Жарияланымдар: 1. «Lexical-Semantic Analysis of Socio-Political Lexemes of Altïn Orda Khan Tokhtamysh’s Yarlïğ to Grand Duke Jogaila» // Bulletin of the L.N. Gumilyov Eurasian National University. Political Science. Regional Studies. Oriental Studies. Turkology Series Vol. 142 No. 1 (2023). P. 338-345. 2. «Derivatives -či-/čï in the medieval Kypchak manuscript Temür Qutlugh Khan’s yarlïğ» // Turkic Studies Journal 3 (2023). Р. 136-145. 3. «Research on the Noble Titles in Ötämiš Ḥāj’īs Čingiz-Nāma» // Otan tarikhy. Vol. 27. No 2 (2024). P. 403-412. 4. «Old Turkic political terms used in the Altïn Orda Khan's edict» // Proceedings of the international scientific and practical conference “Research prob- lems of the Turkic runic monuments” 25.05.2023. P. 182-186. 5. «A Semantic Study of the Military Terms in Ötämis Haji's Cingiz-nama» // Eurasian Journal of Applied Linguistics. 2024. - V. 10., Iss. 3. - P. 185 – 193 co-author N. Shamerdinova. https://ejal.info/menuscript/index.php/ejal/article/view/906/334 Зерттеу жұмысының құрылымы. Зерттеу жұмысы Кіріспеден, үш тараудан, Қорытындыдан және Пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады. Диссертациялық зерттеу жұмысының көлемі 105 бет.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://www.youtube.com/watch?v=HcWkjMP1RgY
