
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Махметов Темирлан Муратович «8D03105 – Аймақтану» білім беру бағдарламасы бойынша «Еуропалық бірегейлікті қалыптастыру факторы негізінде Еуропалық Одақтың мәдени саясаты: Орталық Азия елдері үшін тәжірибе» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Аймақтану кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Серікбаева Айжан Темірболатқызы – философия ғылымдарының докторы, С. Торайғыров атындағы ПМУ философия және әлеуметтік ғылымдар кафедрасының доценті (Павлодар қ., Қазақстан Республикасы);
Сұлтанғазы Гүлмира Жолмағамбетқызы – тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің "Жошы Ұлысын зерделеу ғылыми институты" (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Құрмашев Айдар Кенжебекұлы – философия докторы (PhD), Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институты Азия зерттулер бөлімінің басшысы (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Ганиев Бахадыржан Садыкжанович – философия ғылымдарының докторы, Ферғана мемлекеттік университетінің әлеуметтану кафедрасының профессоры (Ферғана қ., Өзбекстан Республикасы);
Қабазиев Манарбек Шәкірұлы – философия докторы (PhD), Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Сыртқы саясатты зерттеу институтының басқарма төрағасының орынбасары (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Ғылыми кеңесшілері:
Кушкумбаев Санат Кайрслямович – саясаттану ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, «Аймақтану» кафедрасының профессоры (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Еремина Наталья Валерьевна – саясаттану ғылымдарының докторы, тарих ғылымдарының кандидаты, Санкт-Петербург Мемлекеттік университетінің халықаралық қатынастар факультетінің еуропалық зерттеулер кафедрасының профессоры (Санкт-Петербург қ., Ресей Федерациясы).
Қорғау 2026 жылғы 30 маусым, сағат 14:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D03105 – Аймақтану» мамандығы бойынша «8D031 – Әлеуметтік ғылымдар» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі онлайн форматта өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: https://clck.ru/3TsxAB
Мекен-жайы: Астана қ., Қ. Сәтпаев көшесі, 2, ауд. 302 өтеді.
Аңдатпа (қаз.): Диссертациялық зерттеудің мақсаты – Еуропалық Одақтың мәдени саясатының еуропалық ұжымдық бірегейлікті қалыптастырудағы рөлін кешенді түрде талдау, оның институционалдық, бағдарламалық және дискурсивтік механизмдерін айқындау, сондай-ақ алынған тәжірибенің Орталық Азия елдері үшін қолданбалы мүмкіндіктері мен құрылымдық шектеулерін анықтау. Зерттеу барысында қойылған міндеттер: 1. Мәдени саясат пен бірегейлікті зерттеудің теориялық тәсілдерін талдау. 2. Еуропалық Одақтың мәдени саясатының эволюциясын және оның аймақтық бірегейлікті қалыптастырудағы рөлін зерттеу. 3. Еуропалық Одақтың мәдени саясатының негізгі сипаттамалары мен шектеулерін айқындау. 4. Орталық Азия елдеріндегі мәдени саясаттың ерекшеліктері мен бірегейлік модельдерін талдау. 5. Еуропалық Одақ пен Орталық Азия елдерінің тәжірибесін салыстырмалы талдау негізінде мәдени саясаттың аймақтық интеграцияны дамытудағы әлеуетін бағалау. Зерттеу жұмысының әдістемесі. Зерттеуде қойылған мақсатқа қол жеткізу және диссертацияда белгіленген міндеттерді шешу үшін мәдени саясаттың ұжымдық бірегейлікті қалыптастырудағы рөлін көпдеңгейлі әрі пәнаралық тұрғыдан талдауға мүмкіндік беретін әдістер кешені әдіснамалық негіз ретінде қолданылды. Атап айтқанда, зерттеу барысында нақты-тарихи, жүйелік, салыстырмалы, институционалдық, құрылымдық-функционалдық, дискурсивтік және контент-талдау әдістері, сондай-ақ басқа да жалпығылыми тәсілдер пайдаланылды. Диалектикалық әдісті қолдану еуропалық бірегейліктің қалыптасу үдерістерінің көпқырлы сипатын негіздеуге мүмкіндік берді. Бұл үдерістер саяси, институционалдық, мәдени және социомәдени факторлардың өзара тоғысуы нәтижесінде жүзеге асатыны көрсетілді. Аталған тәсіл мәдени саясатты тұрақты әрі өзгермейтін құбылыс ретінде емес, интеграциялық даму, дағдарыстар және қоғамдық сұраныстардың өзгеруі жағдайында трансформацияға ұшырайтын динамикалық процесс ретінде қарастыруға жол ашты. Нақты-тарихи әдіс Еуропалық Одақтың мәдени саясатының эволюциясын және еуропалық бірегейліктің қалыптасуын еуропалық интеграцияның негізгі кезеңдерімен сабақтастыра талдау үшін қолданылды. Сонымен қатар, бұл әдіс Орталық Азия елдеріндегі бірегейлік қалыптастыру үдерістерін кеңестік және посткеңестік тарихи тәжірибе, ұлттық мемлекеттердің қалыптасу ерекшеліктері және аймақтық ынтымақтастықтың дамуы контекстінде зерделеуге мүмкіндік берді. Нәтижесінде, Еуропалық Одақ пен Орталық Азиядағы мәдени саясат пен бірегейлік модельдерінің тарихи шарттылығы айқындалып, олардың даму логикасындағы құрылымдық айырмашылықтар анықталды. Зерттеу сондай-ақ салыстырмалы әдісті қолдануға негізделген. Бұл жерде салыстырмалылық симметриялы немесе бірдей құрылымдағы аймақтарды салыстыру ретінде емес, асимметриялық салыстырмалы талдау ретінде түсіндіріледі. Еуропалық Одақ мәдени саясаттың институционалданған және жүйелі үлгісі ретінде қарастырылса, Орталық Азия елдері осы тәжірибені талдау арқылы бағаланатын дербес аймақтық контекст ретінде зерттеледі. Мұндай салыстыру еуропалық тәжірибенің тікелей көшірілу мүмкіндігін емес, оның қолданбалы әлеуеті мен бейімделу шектерін анықтауға бағытталған. Зерттеуде сапалық зерттеу әдістері, соның ішінде case-study тәсілі қолданылады. Еуропалық Одақ тұтас кейс ретінде, ал Орталық Азия аймақтық кейс ретінде қарастырылып, олардың мәдени саясат пен бірегейлік қалыптастырудағы айырмашылықтары мен ұқсастықтары анықталады. Статистикалық деректерді талдау, нормативтік құжаттардың мазмұнын талдау ақпараттық мазмұн мен ғылыми және қолданбалы мүмкіндіктер тұрғысынан зерттеу үшін құнды болды. Зерттеу барысында сапалық әдіс ретінде жартылай құрылымданған сараптамалық сұхбат қолданылды. Бұл әдіс институттар мен бағдарламаларды талдаумен қатар, мәдени саясат, бірегейлік және өңірлік интеграцияға қатысты сарапшылардың көзқарастарын анықтауға мүмкіндік береді. Жартылай құрылымданған сұхбат зерттеу логикасын сақтай отырып, респонденттердің тәжірибесіне байланысты сұрақтарды тереңдетуге жағдай жасайды. Бұл тәсіл күрделі әлеуметтік-саяси үдерістерді талдауда тиімді, өйткені ол сарапшылардың ұстанымдарын ғана емес, олардың негіздемесін де ашуға көмектеседі. Сұхбат нәтижелері мәдени саясаттың бірегейлікті қалыптастырудағы әлеуетін бағалауға, ЕО тәжірибесінің Орталық Азия үшін қолдануға болатын және бейімдеуді қажет ететін элементтерін анықтауға мүмкіндік береді. Зерттеу ЕО-ны институционалданған мәдени саясат үлгісі ретінде, ал Орталық Азияны ұлттық бірегейлікке басымдық беретін өңір ретінде салыстырады. Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар: 1. Мәдени саясат халықаралық қатынастардағы интеграциялық үдерістерді түсіндіруде маңызды теориялық категория болып табылады және ол конструктивизм, либерализм және неофункционализм теорияларының тоғысында ұжымдық бірегейлікті қалыптастырудың құралы ретінде қарастырылады. 2. Еуропалық Одақ тәжірибесі мәдени саясаттың біртіндеп қосалқы бағыттан интеграцияны тереңдетудің маңызды тетігіне айналғанын көрсетеді, алайда оның тиімділігі саяси және экономикалық факторлармен тығыз байланысты. 3. Еуропалық Одақтың мәдени саясаты бір жағынан еуропалық бірегейлікті қалыптастыруға бағытталған символдық құрал болса, екінші жағынан экономикалық даму мен аймақтық теңгерімді қамтамасыз етуге бағытталған практикалық ресурс болып табылады. 4. Орталық Азия елдеріндегі мәдени саясат негізінен ұлттық деңгейде жүзеге асырылады және бірегейлік қалыптастыруда мемлекетке тәуелді модельдер басым, бұл аймақтық мәдени интеграцияның әлсіздігіне алып келеді. 5. Еуропалық Одақтың мәдени саясаттағы тәжірибесі Орталық Азия елдерінде тек бейімделген және таңдаулы түрде ғана қолданылуы мүмкін. Аймақтың саяси, экономикалық және институционалдық ерекшеліктерін ескере отырып, мәдени саясатты дамыту шағын, икемді және кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын ынтымақтастық форматтарына негізделуі тиіс. Зерттеудің ғылыми жаңалығы: 1. Бірегейлік теориялары, аймақтық интеграция және дискурсивтік талдау тәсілдерін ұштастыруға негізделген авторлық тәсіл ұсынылады, бұл мәдениеттің интеграциялық үдерістердегі рөлін жаңа тұрғыдан түсіндіруге мүмкіндік береді. 2. Еуропалық Одақ және Орталық Азия елдеріндегі ұжымдық бірегейлікті қалыптастыру модельдерінің айырмашылықтары айқындалып, Орталық Азияда этноұлттық және мемлекетке бағдарланған тәсілдердің басымдығы, ал Еуропалық Одақта көпдеңгейлі және инклюзивті модельдің қалыптасқаны дәлелденді. 3. Орталық Азия елдерінің саяси және институционалдық ерекшеліктерін ескере отырып, мәдени саясат арқылы аймақтық бірегейлікті дамытудың нақты механизмдері ұсынылды. Зерттеу жұмысының теориялық және тәжірибелік маңызы. Осы зерттеу шеңберінде алынған теориялық қорытындылар Еуропалық одақтағы мәдени саясат пен ұжымдық еуропалық бірегейліктің қалыптасу механизмдерін кешенді түсіндіруге мүмкіндік береді. Зерттеу нәтижелері бірегейлікті әлеуметтік-мәдени және дискурсивтік үдеріс ретінде қарастыратын заманауи теориялық тәсілдерді толықтыра отырып, мәдени саясаттың интеграциялық әлеуетін айқындайды. Бұл тұжырымдар аймақтық интеграция, мәдени саясат және ұжымдық бірегейлік мәселелерін зерттейтін теориялық модельдерді нақтылау мен салыстырмалы талдауды тереңдетуге ықпал етеді. Сонымен қатар, Еуропалық одақ тәжірибесін аймақаралық салыстырмалы тұрғыда талдау Орталық Азия кеңістігіндегі бірегейлік саясатының институционалдық және дискурсивтік шектеулерін ұғынуға мүмкіндік береді. Зерттеу жұмысының тәжірибелік маңызы алынған қорытындылар мен ұсыныстарды практикалық саясат саласында, атап айтқанда мәдени саясатты жоспарлау, аймақтық ынтымақтастықты дамыту және интеграциялық бастамаларды бағалау барысында қолдану мүмкіндігімен айқындалады. Зерттеу нәтижелері Орталық Азия елдерінде көпдеңгейлі мәдени саясат үлгілерін қалыптастыруға арналған аналитикалық негіз ретінде пайдаланылуы мүмкін. Сонымен бірге, зерттеу материалдары Еуропалық одақ пен Орталық Азия арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту бойынша ұсыныстар әзірлеуге, сондай-ақ аймақтық бірегейлік қалыптастырудағы мәдени фактордың рөлін болжауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, зерттеу нәтижелерін «саясаттану», «халықаралық қатынастар», «аймақтану», «әлеуметтану», «мәдениеттану» және өзге де әлеуметтік-гуманитарлық бағыттар бойынша оқу пәндерін әзірлеу мен жетілдіру барысында, сондай-ақ дәрістер мен арнайы курстарда, оқу-әдістемелік материалдар дайындауда пайдалануға болады. Әрбір басылымды дайындауға ізденушінің қосқан үлесінің сипаттамасы. Зерттеудің негізгі нәтижелері мен қорытындылары 6 жарияланымда көрініс тапқан: − Scopus деректер базасында индекстелетін халықаралық ғылыми басылымдарда 1 жарияланым; − Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті ғылыми қызметтің негізгі нәтижелерін жариялау үшін ұсынған журналдардағы 3 мақала; − Халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар материалдарындағы 2 мақала. Диссертацияның жалпы көлемі 139 бетті құрайды. Диссертациялық жұмыс кіріспеден, үш бөлімнен, қорытындыдан, практикалық ұсынымдардан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен және 8 қосымшадан тұрады. Оған 3 сурет пен 7 кесте кіреді.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://youtu.be/0ee2USmkFGE
