
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Әкімова Жақсыгүл Бекжанқызы «8D03105 – Аймақтану» білім беру бағдарламасы бойынша «Каспий аймағындағы көпжақты ынтымақтастық контекстіндегі АҚШ–Түркия қатынастары» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Аймақтану» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Джакубаева Салтанат Толеуовна – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті халықаралық ынтымақтастық бөлімінің басшысы, философия докторы (PhD) (Алматы қ., Қазақстан Республикасы);
Ермекбаев Адилбек – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Халықаралық қатынастар және әлемдік экономика кафедрасының доценті, PhD докторы (Алматы қ., Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Абдрахманов Кайрат Амангельдинович – Астана халықаралық университетінің проректоры, философия докторы (PhD) (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Шукыжанова Айым Нуртасовна – Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің халықаралық қатынастар кафедрасының қауымдастырылған профессоры, философия докторы (PhD), (Алматы қ., Қазақстан Республикасы);
Ганиев Бахадыржан Садыкжанович – Ферғана мемлекеттік университетінің әлеуметтану кафедрасының профессоры, философия ғылымдарының докторы (Ферғана қ., Өзбекстан Республикасы)
Ғылыми кеңесшілері:
Килыбаева Пану Калынбаевна – Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті аймақтану кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Сари Яшар – Болу Аббант Иззет Байсал университетінің профессоры, PhD доктор (Болу қ., Түркия Республикасы)
Қорғау 2026 жылғы 10 қыркүйек, сағат 11:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D03105 – Аймақтану» білім беру бағдарламасы бойынша бойынша «8D031 – Әлеуметтік ғылымдар» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі аралас форматта (офлайн және онлайн) өтеді.
Сілтемесі: https://clck.ru/3V6C7P
Мекен-жайы: Астана қ., Қ. Сатпаев көшесі, 2, ауд. 302
Аңдатпа (қаз.): Зерттеу тақырыбының өзектілігі Каспий аймағындағы көпжақты ынтымақтастық тұрғысынан АҚШ пен Түркия қарым-қатынастарын зерттеу тақырыбы Еуразияның қазіргі заманғы геосаяси архитектурасының терең өзгерістеріне, көлік-энергетикалық бағыттар үшін бәсекелестіктің күшеюіне және аймақтық қауіпсіздік жүйесінің өзгеруіне негізделеді. КСРО ыдырағаннан кейін Каспий аймағы аймақтық және аймақтан тыс акторлардың мүдделерінің қиылысу кеңістігіне айналды, олардың арасында АҚШ пен Түркия айрықша орын алды. АҚШ Каспийді Еуропаны энергетикалық әртараптандыру, Ресей мен Иранның ықпалын шектеу, сондай-ақ Еуропа мен Азия арасындағы баламалы көлік дәліздерін дамыту тұрғысынан стратегиялық маңызды аймақ ретінде қарастырады. Стратегиялық қызығушылыққа қарамастан, АҚШ-тың аймақта тікелей қатысуы шектеулі болды, оны одақтастары, яғни, Түркия және энергетикалық компаниялар арқылы жүзеге асырады. Бұл америкалық стратегияны серіктестердің саяси тұрақтылығына тәуелді етті. Түркияның стратегиясы энергетикалық дипломатия мен мәдени-саяси байланыстарға негізделген. Алайда оның ықпалы Ресеймен және Қытаймен бәсекелестікпен, басқа мемлекеттердің энергетикалық ресурстарына тәуелділікпен, АҚШ пен ЕО-мен мерзімді саяси дағдарыстармен шектелді. Сонымен бірге, тақырыптың өзектілігі американ-түрік қатынастарының сипатының өзгеруімен де айқындалады. Таяу Шығыс және аймақтық қауіпсіздік мәселелері бойынша АҚШ пен Түркия арасында қайшылықтардың болуына қарамастан, екі тарап Каспий аймағының энергетикалық және көлік салаларындағы ынтымақтастыққа мүдделілігін сақтауда. Түркия Каспий, Орталық Азия және Еуропа арасында маңызды делдал болып табылады, ал АҚШ оны энергетикалық әртараптандыру және Еуразиядағы геоэкономикалық байланыстарды нығайту жобаларын іске асырудағы негізгі серіктестерінің бірі ретінде қарастырады. Қазіргі жағдайда Каспий аймағы бәсекелестік кеңістігі ғана емес, сондай-ақ, АҚШ, Түркия, Орталық Азия, Оңтүстік Кавказ елдерінің және сыртқы державалардың мүдделері қиылысатын, бір мезгілде өзара толықтырылатын көпжақты ынтымақтастықтың жаңа модельдерін қалыптастыру алаңына айналды. Осылайша, Каспий аймағындағы көпжақты ынтымақтастық тұрғысынан АҚШ пен Түркия қатынастарын зерттеу маңызды теориялық және практикалық маңызға ие, бұл қазіргі еуразиялық геосаясаттың өзгеру ерекшеліктерін айқындауға, күштердің аймақтық теңгерімін қалыптастырудағы сыртқы акторлардың рөлін айқындауға және Каспий кеңістігінде көлік-энергетикалық және саяси процестерді дамыту перспективаларын бағалауға мүмкіндік береді. 2020-2025 жылдардағы геосаяси өзгерістер халықаралық қатынастар жүйесінің трансформациясымен, көпполярлықтың күшеюімен, қақтығыстардың өршуімен және әлемдік экономиканың фрагментациялануымен сипатталады. Геосаяси өзгерістер Каспий аймағына тікелей әсер етіп, оның Еуропа, Ресей, Орталық Азия және Таяу Шығыс арасындағы стратегиялық көлік-логистикалық және энергетикалық торап ретіндегі маңызын айтарлықтай арттырды. Осы кезеңдегі геосаяси өзгерістер Каспий аймағына тікелей және жанама түрде бірнеше негізгі бағытта ықпал етті. Біріншіден, халықаралық қатынастар жүйесіндегі көпполярлыққа өтудің күшеюі Каспийдің стратегиялық маңызын арттырды. АҚШ, Қытай, Ресей, Түркия және ЕО аймақты энергия, транзит және қауіпсіздік тұрғысынан бәсекелестік алаңы ретінде қарастыра бастады. Екіншіден, Ресей-Украина қақтығысы (2022) Каспийдің баламалы көлік-логистикалық бағыттағы рөлін күшейтті. Еуропа мен Азияның арасында жеткізу тізбектерін әртараптандыру қажеттілігі «Орта дәліздің» маңызын арттырды. Үшіншіден, жаһандық энергетикалық дағдарыс пен санкциялық саясат Каспий көмірсутегіне деген сұранысты өсіріп, аймақты энергетикалық қауіпсіздіктің балама көзіне айналдырды. Төртіншіден, әлемдік экономиканың фрагментациялануы Каспий маңы мемлекеттерін көпвекторлы саясатты күшейтуге итермеледі, бұл сыртқы акторлармен (АҚШ, Түркия, Қытай, Ресей) параллель ынтымақтастық модельдерін қалыптастырады. 2020-2025 жылдардағы геосаяси өзгерістер, Каспийді ресурстық аймақ емес Еуразияның стратегиялық көлік-энергетикалық және геосаяси тораптық кеңістігіне айналдырды. Зерттеудің өзектілігі аймақтық ынтымақтастық пен бәсекелестіктің жаңа нысандарын ғылыми тұрғыдан кешенді зерделеу қажеттілігімен айқындалады. Қазіргі кезеңде Каспий кеңістігі энергетикалық ресурстар, көлік-транзиттік дәліздер, қауіпсіздік және геосаяси ықпал тұрғысынан халықаралық акторлардың мүдделері тоғысқан стратегиялық аймаққа айналды. Осыған байланысты халықаралық қатынастардың аймақтану үдерісі Каспий маңы мемлекеттері арасындағы саяси диалог пен көпжақты өзара іс-қимылды күшейтті. Әсіресе Каспий маңы мемлекеттері саммиттері, Транскаспий халықаралық көлік бағытын, энергетикалық жобалар мен аймақтық кооперация тетіктерін дамыту жөніндегі бастамалар өзара іс-қимылдың көпжақты форматтарының мәнін арттырды. Каспий аймағындағы қазіргі кезеңдегі әскери, саяси, экономикалық проблемалармен қатар, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету аймақтық саясаттың маңызды басымдықтарының біріне айналды. Экологиялық факторлардың күрделенуі энергетикалық игеру мен көлік белсендігінің артуына байланысты экологиялық мәселенің ұлттық деңгейден шығып, жаһандық басқару объектісіне айналғанын көрсетеді. Экологиялық саясаттың маңыздылығы мемлекеттердің өзара тәуелділігінің күшеюін және жаһандық қауіптерге қарсы келісілген, институционалданған әрекет қажеттігін көрсетеді. Бұл Қ.-Ж. Тоқаевтың 2026 жылы Астана экологиялық саммитінде экологияның жаһандық қауіпсіздік пен тұрақты дамудың стратегиялық факторы екені туралы тұжырыммен расталады. Саммитте экология мен экономиканың байланысы атап өтіліп, климат өзгеруі, су тапшылығы және биоалуантүрлілік мәселелері трансшекаралық сипатта екені және оларды шешу көпжақты ынтымақтастықты талап ететіні көрсетіледі. Экологиялық саясат елдерді біріктіру құралы ретінде қарастырылып, Қазақстан Каспийді қорғау, су ресурстарын басқару және «жасыл энергетикаға» көшу бастамаларын ұсынды. Сонымен қатар, саммиттің негізгі идеясы ортақ экологиялық болашақ қалыптастыру үшін аймақтық серіктестікті және БҰҰ сияқты халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты күшейту екені тұжырымдалды. Аймақтағы геосаяси қайшылықтар, энергетикалық ресурстар мен транзиттік бағыттар үшін бәсекелестік, сыртқы державалардың ықпалы Каспий кеңістігіндегі ынтымақтастықтың толық институционалдануын шектеп отыр. Ресей, АҚШ, Түркия, Қытай және ЕО сияқты акторлардың мүдделері аймақта бір мезгілде тоғысып отыр. Бұл жағдай аймақты тек ынтымақтастық алаңы ғана емес, сонымен қатар жасырын геосаяси бәсекелестік кеңістігі ретінде сипаттауға негіз болады. Сондықтан Каспийдегі көпжақты өзара іс-қимылдың эволюциясын, оның институционалдық мүмкіндіктері мен шектеулерін зерделеу қазіргі халықаралық қатынастар теориясы мен аймақтық зерттеулер үшін маңызды міндеттер болып табылады. Зерттеудің хронологиялық шеңбері КСРО-ның ыдырауы, Каспий аймағы елдерінің тәуелсіздігі жарияланған 1991 жылдан 2025 жылға дейінгі кезеңдерді қамтиды. Посткеңестік кезең және аймақтық мемлекеттердің қатысуымен көпжақты форматтарды нығайту, Каспий аймағындағы геосаяси өзгерістер мен жаңа сын-қатерлер контекстіндегі қарым-қатынастардың даму кезеңдері қамтылады. «Қырғи қабақ соғыс» жағдайындағы шектеулі стратегиялық өзара әрекеттесуден бастап көпполярлы геосаяси ортаға бейімделген икемді, көп қырлы серіктестікке дейінгі американ-түрік қатынастары сипатталады. Зерттеудің мақсаты: Каспий аймағындағы көпжақты ынтымақтастық контекстінде аймақтық мемлекеттердің және АҚШ пен Түркияның геосаяси және геоэкономикалық мүдделерін, сондай-ақ, аймақтық саясат пен көпжақты форматтарға ықпалын кешенді түрде талдау. Қойылған мақсатқа сәйкес зерттеуге келесідей міндеттер қойылды: 1.Каспий аймағындағы көпжақты ынтымақтастықтың қалыптасу алғышарттары, институционалдық негіздері және даму үрдістерін талдау. 2.АҚШ пен Түркияның Каспий аймағындағы геосаяси және геоэкономикалық мүдделерін айқындау. 3.Каспий аймағындағы көпжақты форматтар шеңберінде мемлекеттер арасындағы өзара іс-қимыл тетіктерін сараптау. 4.Энергетика және көлік-логистика салаларындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын қарастыру. 5.Аймақтағы көпжақты қатынастардың күштер теңгеріміне мен аймақтық тұрақтылыққа әсерін бағалау. 6.АҚШ пен Түркияның аймақтың даму үрдісіне қатысу эволюциясын және Каспий аймағының өңірлік саясатына әсерін анықтау. 7.Каспий аймағындағы көпжақты қатынастар мен өзара іс-қимылдың аймақтық форматтары тұрғысынан АҚШ пен Түркияның рөлін талдау. 8.Каспий аймағындағы қауіпсіздік пен геосаяси балансқа АҚШ-Түркия қатынастарының ықпалын бағалау. Зерттеу нысаны саяси, экономикалық, энергетикалық және стратегиялық аспектілерді қамтитын мемлекеттер арасындағы өзара іс-қимыл мен ынтымақтастықтың кең саласы ретінде тұжырымдалады. АҚШ пен Түркияның аймақтық процестерге әсерін жан-жақты талдауға мүмкіндік беретін Каспий аймағындағы көпжақты бастамалар, сыртқы державалар аймақтық келісімдер шеңберінде қатысатын энергетика және ресурстар транзиті, ресми мемлекеттік институттарды, ынтымақтастықтың саяси-экономикалық тетіктерін қамтиды. Зерттеу пәні - Каспий аймағындағы көпжақты ынтымақтастық шеңберіндегі америкалық-түрік өзара іс-қимылының тетіктері, нысандары мен бағыттары. Зерттеудің негізгі гипотезасы АҚШ пен Түркияның Каспий аймағындағы саясаты энергетикалық ресурстарға, транзиттік дәліздерге және аймақтық ықпалға байланысты ортақ стратегиялық мүдделерге негізделгенімен, олардың геосаяси мақсаттары мен аймақтық рөлдері халықаралық жүйедегі күштер балансының өзгеруіне сәйкес әртүрлі бағытта қалыптасады. Аймақтағы күштер балансының өзгеруі екі мемлекеттің саясатына тікелей әсер етті. Ресей-Украина соғысынан кейін Каспий арқылы өтетін Орта дәліздің маңызы артты, бұл Түркияның транзиттік рөлін күшейтті. Ал АҚШ үшін бұл Ресейге балама логистикалық және энергетикалық маршруттарды қолдау мүмкіндігіне айналды. Сонымен қатар, Қытайдың «Бір белбеу-бір жол» бастамасы Түркияны Қытаймен экономикалық ынтымақтастықты күшейтуге итермелесе, АҚШ Қытай ықпалын тежеуге көбірек назар аудара бастады. Осылайша, АҚШ Каспий аймағындағы көбіне сыртқы теңгеруші және геосаяси бақылаушы рөлін атқарса, Түркия өзін аймақішілік белсенді актор әрі транзиттік-энергетикалық орталық ретінде қалыптастыруға ұмтылды. Бұл айырмашылық олардың халықаралық жүйедегі орны мен стратегиялық басымдықтарының әртүрлілігімен түсіндіріледі. Зерттеудің теориялық және әдіснамалық негізі. Диссертациялық жұмыста геосаяси теория, неореализм, неолиберализм, аймақтық жүйе теориясы, жаңа регионализм, көпқабатты аймақ тұжырымдамасы және аймақтық қауіпсіздік кешені теориясының қағидалары пайдаланылды. Зерттеу барысында тарихи-логикалық, жүйелік және салыстырмалы талдау, контент-талдау және SWOT-талдау әдістері қолданылды. Тарихи-логикалық әдіс АҚШ пен Түркияның Каспийге қатысты саясатының қалыптасуы мен даму кезеңдерін анықтауға мүмкіндік берді. Жүйелік тәсіл Каспий аймағын ішкі және сыртқы акторлар өзара ықпалдасатын көпдеңгейлі геосаяси жүйе ретінде қарастыруға негіз болды. Салыстырмалы талдау АҚШ пен Түркияның мақсаттары, құралдары және аймақтағы ықпал ету тетіктері арасындағы ұқсастықтар мен айырмашылықтарды анықтау үшін қолданылды. Контент-талдау ресми құжаттарды, стратегиялық бағдарламаларды және саяси мәлімдемелерді зерттеуге, ал SWOT-талдау АҚШ-тың пен Түркияның Каспий аймағындағы саясатының күшті және әлсіз жақтарын, мүмкіндіктері мен тәуекелдерін бағалауға бағытталды. Зерттеудің деректік базасын Каспий маңы мемлекеттерінің нормативтік-құқықтық актілері, халықаралық шарттар мен келісімдер, Каспий саммиттерінің қорытынды құжаттары, мемлекет басшыларының ресми сөздері, АҚШ пен Түркияның сыртқы саяси және энергетикалық стратегиялары, халықаралық ұйымдар мен сараптамалық орталықтардың материалдары, ғылыми монографиялар, мақалалар және ақпараттық-талдамалық басылымдар құрады. Зерттеудің ғылыми жаңалығы төмендегі нәтижелермен сипатталады: – Каспий аймағы халықаралық қатынастар жүйесінде ынтымақтастық пен бәсекелестік элементтері қатар көрініс табатын гибридті геосаяси кеңістік ретінде негізделді; – АҚШ пен Түркияның Каспий аймағындағы қатынастары қазіргі халықаралық жүйенің трансформациясы жағдайында алғаш рет көпжақты ынтымақтастық, геосаяси бәсекелестік, энергетикалық қауіпсіздік, көлік дәліздері және аймақтық тұрақтылық факторлары арқылы кешенді қарастырылды; – Каспий аймағындағы АҚШ, Түркия, Ресей, Қытай, Иран және Еуропалық Одақ стратегиялары көпқабатты аймақтық жүйе тұрғысынан салыстырылып, олардың өзара байланыстары мен қайшылықтары айқындалды; – Каспийдің мұнай-газ инфрақұрылымы, көлік-коммуникациялық желілері мен мультимодальды логистикалық жүйелері экономикалық құрал ғана емес, мемлекеттердің геосаяси ықпалын қалыптастыратын стратегиялық ресурс ретінде бағаланды; – Транскаспий халықаралық көлік бағытының, яғни Орта дәліздің, Еуропа мен Азия арасындағы көлік-логистикалық қатынастарды қайта құрудағы және Түркияның транзиттік рөлін күшейтудегі маңызы анықталды; – Каспий аймағындағы экологиялық қауіпсіздік мәселелері халықаралық саясат пен аймақтық тұрақтылықтың маңызды құрамдас бөлігі ретінде қарастырылып, Қазақстанның экологиялық дипломатиясының рөлі негізделді; – АҚШ-тың аймақта көбіне сыртқы теңгеруші және геосаяси бақылаушы, ал Түркияның аймақішілік белсенді актор және транзиттік-энергетикалық орталық ретінде әрекет ететіні тұжырымдалды. Қорғауға мынадай негізгі тұжырымдар шығарылады: 1. Каспий аймағындағы көпжақты ынтымақтастық 1991 жылдан кейін қалыптасқан жаңа геосаяси жағдайлар негізінде дамып, аймақтық қауіпсіздік пен экономикалық өзара тәуелдіктің маңызды тетігіне айналады. Аймақтан тыс акторлардың қалыптасуы Каспийдегі күштер теңгеріміне әсер етіп, көпжақты дипломатиялық механизмдердің рөлін күшейтеді. 2. Каспий аймағының геосаяси рөлі Шығыс пен Батысты энергетикалық қауіпсіздік пен халықаралық қатынастарда жоғары маңыздылықпен байланыстыратын Еуразияның негізгі стратегиялық кеңістігі ретінде сараланды. Ресей, АҚШ, ЕО, Түркия, Қытай және Иран сияқты жаһандық және аймақтық ойыншылардың қайшылықты мүдделері, сондай-ақ геосаяси факторлардың аймақтың құқықтық мәртебесі мен қауіпсіздігіне ықпалы көрсетіледі. 3. Аймақтың энергетикалық әлеуетіне, оның әлемдік энергетикалық нарықтарға ықпалына және ресурстар мен көлік маршруттарын бақылауға байланысты геосаяси бәсекелестікке ерекше назар аударылады, бұл Каспий аймағының халықаралық жүйедегі стратегиялық маңызын айқындайды. Энергетика аймақтың геосаяси рөлін айқындайтын негізгі фактор ретінде қарастырылады. 4. ХХІ ғасырдағы геосаяси өзгерістер, әсіресе санкциялық саясаттың күшеюі және жаһандық логистикалық жүйелердің қайта құрылуы, Каспий аймағының транзиттік және энергетикалық маңызын айтарлықтай арттырады, бұл өз кезегінде баламалы көлік дәліздерінің дамуына, аймақтың халықаралық саудадағы рөлінің күшеюіне және мемлекетаралық бәсекелестіктің жаңа формаларының қалыптасуына алып келді. 5. АҚШ пен Түркияның Каспий аймағындағы саясаты олардың геоэкономикалық және геосаяси мүдделерін жүзеге асыруға бағытталған және көпжақты форматтарға ықпал етеді. АҚШ өзінің әскери және саяси қатысуын Әзербайжанды түрік территориясымен байланыстыратын «Зангезур дәлізі» (немесе «Трамп бағыты») ретінде жобалар арқылы күшейтіп, жаңа көлік және әскери стратегиялық хаб құрды. Бұл дәліз Каспий өңірінде және одан әрі Орталық Азияда Анкараның ықпалын нығайта отырып, «түркі дәлізі» түрік тұжырымдамасын іске асыруға ықпал етеді. АҚШ үшін бұл ынтымақтастық Ресей мен Иранның аймақтағы ықпалына қарсы тұру құралы болып табылады, маңызды энергетикалық және көлік бағыттарына америкалық бақылауды кеңейтеді. 6. Каспий конвенциясы ірі дипломатиялық жетістік ретінде жағалаудағы мемлекеттердің «айрықша құқықтарын» қамтамасыз ететін, ресурстарды пайдалану, тасымалдау режимі мен қоршаған ортаны реттейтін, сондай-ақ, үшінші тараптардың араласуын шектейтін негізгі құқықтық құрал ретінде нақтыланды. 7. АҚШ Каспий аймағын Еуразия құрлығындағы саяси және экономикалық процестерге ықпал ете алатын Еуразияның аса маңызды «геосаяси осі» ретінде қарастырады. 1994 жылдан бастап аймақ АҚШ-тың ұлттық мүдделер аймағы болып жарияланды. АҚШ аймақтың ірі мұнай-газ қорларын бақылауға тырысады, бірақ оларды стратегиялық резерв ретінде қарастырады. Әзербайжан аумағы арқылы жүзеге асатын Баку-Тбилиси-Джейхан мұнай құбыры сияқты жобалар мысалында Ресей мен Иранды айналып өтетін Каспий мұнайы мен газын тасымалдаудың балама бағыттарын құру және қолдау қарастырылады. Сонымен қатар, Транскаспий халықаралық көлік бағыты (Орта дәліз) Каспий аймағын Еуропа мен Азия арасындағы негізгі транзиттік хабқа айналдыруда шешуші рөл атқарады. 8. Каспий аймағындағы мемлекетаралық қатынастар бір мезгілде ынтымақтастық пен бәсекелестік элементтерін қамти отырып, оның толық институционалдану деңгейін шектейді, бұл өз кезегінде Каспийлік стратегияларды бейімдеу мен қайта қарауды талап ететін күрделі міндеттерді айқындайды. 9. Каспийдің энергетикалық перспективаларындағы басты рөл Қазақстанға беріледі. Республиканың мұнай және газ секторы үш нұсқа бойынша дами алады: 1) жоғары валюталық түсімдердің көзі ретінде шикі мұнайды жеткізуге экспорттық бағдарлауды жалғастыру; 2) аумақтары арқылы көлік маршруттары өтуі мүмкін серіктес мемлекеттермен неғұрлым белсенді интеграция негізінде өндіруді және оны тасымалдау базасын ұлғайту; 3) елдің қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін шикі мұнайды қайта өңдеу көлемін ұлғайту. Қазақстанның артықшылығы, оның аумағы арқылы жаһандық Еуразиялық көлік дәліздерінің өтуі, бұл өз кезегінде елдің транзиттік әлеуетін арттырып, басқа мемлекеттерді ынтымақтастыққа тартуға мүмкіндік береді. Қазақстан «көпір» немесе негізгі ойыншы, көптеген келіссөздердің бастамашысы, Конвенцияға қол қоюды оң қабылдаған және оның маңыздылығын атап өткен елдердің бірі ретінде ұсынылады. Зерттеудің теориялық маңыздылығы Каспий аймағын көпқабатты геосаяси жүйе ретінде түсіндіретін ғылыми тұжырымдарды дамытуымен, АҚШ пен Түркияның аймақтық стратегияларын салыстырмалы талдау арқылы аймақтану, халықаралық қатынастар және геосаясат салаларындағы зерттеулерді толықтыруымен айқындалады. Зерттеудің практикалық маңыздылығы. Диссертацияның негізгі тұжырымдары мен ұсыныстарын Қазақстан Республикасының Каспий аймағына қатысты сыртқы саясатын, энергетикалық және көлік-логистикалық стратегиясын әзірлеу барысында, мемлекеттік органдардың, сараптамалық орталықтар мен халықаралық ұйымдардың қызметінде пайдалануға болады. Сонымен қатар, зерттеу нәтижелерін жоғары оқу орындарында «Аймақтану», «Халықаралық қатынастар», «Геосаясат», «Орталық Азия мен Каспий аймағының қазіргі мәселелері», «АҚШ пен Түркияның сыртқы саясаты» пәндері бойынша оқу үдерісінде қолдануға болады. Зерттеу нәтижелерінің апробациясы мен жариялануы. Диссертациялық зерттеудің негізгі нәтижелері халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларда баяндалып, рецензияланатын отандық және шетелдік ғылыми басылымдарда жарияланды. Зерттеу тақырыбы бойынша барлығы 8 ғылыми еңбек жарық көрді. Олардың ішінде Scopus деректер базасына кіретін журналда 1 мақала, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған басылымдарда 2 мақала және халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар жинақтарында 5 мақала жарияланды. Диссертацияның құрылымы мен көлемі. Диссертациялық жұмыс нормативтік сілтемелерден, анықтамалар, белгілеулер мен қысқартулардан, кіріспеден, үш бөлімнен, тоғыз тараушадан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен және қосымшалардан тұрады. Диссертациялық зерттеудің жалпы көлемі – 180 бет.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
