
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Сейлхан Балауса «8D03105 – Аймақтану» білім беру бағдарламасы бойынша «Ресейдің Орталық Азия елдеріндегі саясаты: жағдайы, мәселелері мен болашағы» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Аймақтану кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Исмаилов Серикжан Сагындыкович – тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, А. Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының меңгерушісі (Қостанай қ., Қазақстан Республикасы);
Чукубаев Ермек Самарович – тарих ғылымдарының кандидаты, «Нархоз» университетінің Құқық және мемлекеттік басқару мектебінің қауымдастырылған профессоры (Алматы қ., Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Кушкумбаев Санат Каирслямович – саясаттану ғылымдарының докторы, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ-дың бас ғылыми қызметкері (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Абдурахмонова Манзура Манафовна – әлеуметтану ғылымдарының докторы (PhD), тарих және әлеуметтану кафедрасы, Ферғана мемлекеттік университеті (Ферғана қ., Өзбекстан Республикасы);
Сұлтанғазы Гүлмира Жолмағамбетқызы – тарих ғылымдарының кандидаты, халықаралық журналистика мектебінің профессоры, Maqsut Narikbayev University (ҚАЗГЗУ) (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Ғылыми кеңесшілері:
Букешова Гульнара Косаевна – тарих ғылымдарының кандидаты, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Аймақтану кафедрасының доценті (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Лагутина Мария Львовна – саясаттану ғылымдарының докторы, Санкт-Петербург Мемлекеттік университетінің әлемдік саясат кафедрасының профессоры (Санкт-Петербург қ., Ресей Федерациясы).
Қорғау 2025 жылғы 10 маусым, сағат 10:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D03105 – Аймақтану» білім беру бағдарламасы бойынша «8D031 – Әлеуметтік ғылымдар» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі аралас форматта (оффлайн және онлайн) өткізіледі деп жоспарлануда.
Мекен-жайы: Астана қ., Қ. Сатпаев көшесі, 2, ауд. 302 өтеді.
Аңдатпа (қаз.): Диссертациялық жұмыста Ресейдің Орталық Азияға қатысты көздейтін мүдделері қарастырылған. Атап айтқанда, Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі жылдардағы және қазіргі уақытқа дейінгі РФ мен Орталық Азияның жаңа тәуелсіз республикалары арасындағы қарым–қатынастары зерттеледі. 1991 жылдардан бастап Ресейдің геосаяси кеңістіктегі мүмкіндігін қалай пайдаланғаны, аймақтағы елдер – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанның түрлі халықаралық қатынастарындағы бағыт қалай қалыптасқаны қарастырылады. Жаһандану үдерісінің тереңдеуі кезеңінде көптеген мемлекеттердің геосаяси ұмтылыстары белгілі бір дәрежеде күшейе түсуде. Осы тұста халықаралық қатынастардың кейбір субъектілері өздерінің геосаяси және геостратегиялық өзектілігі аясында, түрлі мемлекеттер мен аймақтарға ықпалын мақсатты түрде ұлғайтуда. Нәтижесінде, мемлекетаралық ынтымақтастықтың тиімді жолдарын қарастыру әлемдік саясаттың негізіне айналып отыр. Бұл әрекеттер Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Орталық Азия елдері үшін маңызды болды. Өйткені, барлық посткеңестік егеменді мемлекеттер өздерінің геосаяси маңыздылығына қарай әлемдік державалардың мүдделерінің қақтығысатын ортасына айналды. Орталық Азия аймағының әлемдегі геосаяси маңыздылығын ескерсек, бұл жағдай аймақ елдеріне тікелей қатысты екені белгілі. Орталық Азия аймағы сан ғасырдан бері біртұтас геосаяси және рухани кеңістік ретінде белгілі. Бұл – табиғи ресурсы мен адам капиталы мол, мәдени-тарихи мұрасы бай өңір. Жаһандық саясаттағы күштердің жаһандық теңгерімінің өзгеруі және ықпал ету салаларын қайта бөлу кезіндегі Орталық Азияның саяси үрдістердегі маңызы айтарлықтай артты. Әлемдік тәртіптің полицентристік моделінің пайда болуы жағдайында бұл аймақ өзінің табиғи әлеуетінің және Солтүстік пен Оңтүстіктің, Батыс пен Шығыстың тоғысқан жеріндегі стратегиялық орналасуының арқасында өз позицияларын нығайтуға ұмтылатын жаһандық және аймақтық ойыншылардың сыртқы саяси белсенділігін арттыруда. Осы тұрғыда Орталық Азиядағы өз ұстанымдарын нығайтуға мүдделі елдердің саны аз емес, олардың қатарында АҚШ, Қытай, ЕО мемлекеттері және Ресей кіреді. Қазіргі таңда Ресейдің сыртқы саяси бағытының өзгеруі, оның саяси ықпалы және Орталық Азиядағы аймақтық интеграциялық жүйені қалыптастыру идеясы көптеген саясаткерлер мен сарапшылардың ерекше назарында. Сондықтан, Орталық Азиядағы жағдайдың дамуы көбінесе әлемдік аренадағы биліктің бөлінуін және болашақ әлемдік тәртіптің сызығын анықтайды. Осылайша, жаһандық үрдістердің ауыспалы кезеңінде Ресейдің Орталық Азия аймағындағы саяси ықпалдасу әрекеттерін зерттеу өзекті болып қала береді. Зерттеу нысаны – экономикалық, әскери-саяси және гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимылдың негізгі аспектілеріне назар аудара отырып, тұтастай алғанда Орталық Азияға қатысты Ресейдің сыртқы саясатын талдау. Зерттеу пәні – бұл Ресейдің Орталық Азиядағы саясатын анықтайтын нақты аспектілер, факторлар мен проблемалар, сонымен қатар оның қазіргі жағдайы мен қарым-қатынастың болашақтағы даму перспективаларын анықтау болып табылады.Зерттеудің мақсаты: диссертациялық зерттеудің мақсаты қазіргі кездегі Ресейдің Орталық Азиядағы сыртқы саясатының ерекшеліктері мен динамикасын талдау, сондай-ақ жұмсақ күш құралдарын анықтау болып табылады. Қойылған мақсатқа сәйкес зерттеуге келесідей міндеттер қойылды: 1. Ресейдің әлемдік геосаяси және геоэкономикалық жүйелердегі орны мен ролін талдау. 2. Елдер арасындағы дипломатиялық қатынастардың нормативтік құқықтық базаларын сараптау. 3. Ресейдің аймақтағы басқа әлемдік және аймақтық ойыншылармен бәсекелестік (мысалы, ЕО, Қытай, АҚШ), сондай-ақ кейбір елдердегі саяси тұрақсыздық сияқты проблемалар мен қиындықтарды анықтау. 4. Ресейдің орталықазиялық елдермен қарым-қатынасының экономикалық аспектілерін жүйелі талдау. 5. Әскери және саяси мүдделер контекстінде Ресейдің Орталық Азия үшін стратегиялық маңыздылығын бағалау. 6. Еңбек миграциясы динамикасына қатысты аймақ елдері мен Ресейдің ұстанымын анықтау. 7. Аймақ елдері мен Ресей арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарын талдау. 8. Ресейдің Орталық Азия елдеріндегі жұмсақ күш негізгі бағыттаы мен құралдарын сараптау. 9. Геосаяси өзгерістер контекстіндегі Ресей мен ОА арасындағы ынтымақтастық перспективаларын анықтау. Зерттеудің әдістемесі зерттеу пәні мен объектісі, сондай-ақ қойылған мақсат пен одан туындайтын міндеттердің сипатына байланысты таңдалды. Бұл жұмыс Ресейдің Орталық Азиядағы сыртқы саясатын талдаудың әртүрлі әдістеріне арналған. Зерттеу үдерісінде Ресейдің Орталық Азияға қатысты саясатына қатысты тарихи-саяси, жүйелік, салыстырмалы әдістер қолданылды. Зерттеуде жүйелік талдау пәнаралық тәсілге сүйене отырып, алға қойылған мәселені шешуде әдістер тобын тиімді біріктіріп, Ресей мен ОА қарым қатынасын тарихи-саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-гуманитарлық жүйелері тұсынан зерттеуге мүмкіндік берді. Жұмыста жүйелік талдау: мәселенің туындауына әсер еткен себеп-салдарлық байланыстарды белгілейді; шектеулерді, тәуекелдерді және белгісіз жағдайларды ескере отырып, жүйелі мәселелерді шешу нұсқаларын талдайды; пәнаралық ғылыми және қолданбалы зерттеулерді ұйымдастырады. Салыстырмалы талдау әдісі негізгі белгілер мен заңдылықтарды анықтау үшін объектілердің, үдерістер немесе құбылыстардың ұқсастықтары мен айырмашылықтарын зерттеуге мүмкіндік береді. Салыстырмалы талдау әдісінің негізгі кезеңдеріне салыстыру критерийлерін анықтау, жоба деректерін жинау, ұқсастықтар мен айырмашылықтарды салыстыру және анықтау, ынтымақтастықтың сәтті немесе сәтсіздігіне әсер ететін факторларды анықтау кірді. Сонымен қатар, зерттеу тақырыбын толығырақ ашу мақсатында мемлекет және үкімет басшыларының, елшілердің ресми баяндамаларын, сұхбаттарын және екіжақты келісім-шарттарын талдау үшін контент-талдау қолданылды. Контент талдау негізінде Ресейдің бүгінгі таңдағы сыртқы саясат тұжырымдамасының аса басым бағыттары халықаралық гуманитарлық ынтымақтастық пен адам құқығы саласы екендігіне көз жеткіземіз. Осы орайда, контент талдау негізіндегі гуманитарлық ынтымақтастық басым бағыты ретінде Орталық Азиядағы ресейдің мәдениет саласындағы дипломатиясының заманауи құралдарын талдай отырып мәдени дипломатиясын одан әрі дамытудың қажетті стратегиясын анықтау үшін SWOT-талдауы жүргізілді. Диссертацияның деректік негіздері. Зерттеудің деректік негіздері бірнеше тармақтарға бөлінген. 1. Мемлекеттердің ресми сыртқы саяси құжаттары: Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Ресейдің сыртқы саясат тұжырымдамалары. 2. Мемлекет және сыртқы саясат ведомстволары басшыларының көпшілік алдында сөйлеген сөздері, ресми мәлімдемелері, дипломаттардың және басқа да ресми тұлғалардың сұхбаттары. 3. Орталық Азия елдерінің талдау орталықтарының аналитикалық материалдары – Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты; Әлемдік экономика және саясат институты; «Жастар» ғылыми зерттеу орталығы; Қырғыз Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық стратегиялық бастамалар институты; Өзбекстан Республикасы Президентінің жанындағы Стратегиялық және аймақаралық зерттеулер институты; Тәжікстан Республикасы Президентінің жанындағы Стратегиялық зерттеулер орталығы және Ресей стратегиялық зерттеулер институты; Ресей халықаралық істер кеңесі, Ресей ғылым академиясының Дүниежүзілік экономика және халықаралық қатынастар институты, Валдай пікірталас клубы. 4. Орталық Азия сарапшылық және талдау орталықтарының материалдары: ЦентрАзия аналитикалық сайты, CABAR.asia Орталық Азиялық аналитикалық журналистика бюросы, «Евразийский мониторинг», қазақстандық аналитикалық зерттеулер орталығы, Kazakhstan 2:0 сараптамалық порталы, «Пикир» пікірталас клубы (Қырғыз Республикасы) және т.б. 5. Аймақтағы геосаяси үдерістердің серпінін, сондай-ақ жаһандық қайта құрулар жағдайындағы Орталық Азия мемлекеттерінің сыртқы саяси басымдықтарын қамтитын БАҚ материалдары. Оның ішінде, «The Diplomat», «The Washington Post», «The Guardian», «Российская газета», «Независимая газета», «Regnum» федералды ақпараттық агенттігі, «Жэньминь Жибао» газеті және т.б. беделді басылымдардың материалдары ерекше маңызға ие. 6. Орталық Азия республикалары жетекші әлемдік мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен қол қойған халықаралық шарттар мен келісімдер. 7. «Евразийский брифинг», Берлек – Единство және «Sputnik Узбекистан», «Соседи|Центральная Азия» сияқты телеграм-арналардан аналитикалық ақпарат алынды. Тақырыптың зерттелу деңгейі. Зерттеу барысында көптеген отандық және шетелдік жұмыстар талданды. Сондықтан зерттеу тақырыбына қатысты әдебиеттердің келесі топтамасын ұсынамыз. Зерттеушілердің бірінші тобын шетелдік ғалымдар құрайды. Шетелдік ғалымдар арасында отыз жыл бойы Орталық Азияны зерттеген американдық саясаттанушы М.Б. Олкотт, С.Ф. Старр, Зб. Бжезинский, Р.Хаас пен Г. Эллисон,А. Кули, Г. Киссинджер, Ларуэль Марленнің жұмыстарын қарастырды. Зерттеудің екінші тобын ресейлік авторлар құрайды. Орталық Азия зерттеу объектісі ретінде келесі орыс ғалымдарының еңбектерінде қарастырылады: М.М. Лебедев, Н.А. Иванов, К.П. Боришполец, М. Чепурин.Б , А.Д. Воскресенский, А.И. Никитин, А.Д. Богатуров, М.А. Хрусталев, А.П. Цыганков, М.Л. Лагутина және Е.Б. Михайленко, Лузянин С.Г. және Клименко А.Ф., Болгова И.В. және Никитина Ю.А., Звягельская И.Д., Ф.И. Аржаевтың, Т. Шепеля және С. Ходоченко, К.П. Курылева, Ж. Сыздыкова, Ш.М. Султанова, Л.Н. Крапчин сияқты бірқатар ғалымдардың еңбектері де пайдаланылды. Зерттеудің үшінші тобын орталықазиялық авторлар құрайды. Ең алдымен өзбекстандық зерттеушілерге тоқталсақ. Өзбек саясаттанушысы Ф. Толипов, Б. Эргашевтің, Ш. Пахрутдинов пен К. Авазов, Р. Назаров еңбектерін қарастырды. Келесі қырғыз зерттеушілеріне тоқталсақ. Қырғыз зерттеушілерінің ішінде Ч.У. Койчуманов пен Н.С. Усуповтың, К. Таабалдиев пен А. Усувалиев, Ч.У. Қойчуманованың жұмыстарына сілтеме жасалды. Ал тәжік авторларына келер болсақ. Еуразиялық геосаясаттанушы Г.М. Майтдинова, С.В. Мамадовтың және Н.М. Султанова, Р.Р. Алиева мен А. Мамадазимов елдер арасындағы қарым-қатынастың маңызды аспектілерін де талдаған. Зерттеудің төртінші тобын отандық зерттеушілер құрайды. Отандық зерттеушілер ішінен бірінші кезекте М.Т. Лаумулинді, Қарастырылып отырған мәселе контекстінде қазақстандық саясаттанушы С.К. Кушкумбаевтың және В.Додонов, Е.В. Тукумов, А.К. Нұрша, А.С. Жолдыбалина, Н.Н. Сакуов, А.Қ. Назарбетова, М.Б. Жиенбаевтың, М.М. Нұртазин, А.Н. Оспанова, Б. Сейлхан, Ж.Е. Нұрбаев, Г.К. Букешова, М.К. Болысбекова еңбектеріне Зерттеу жұмысының теориялық және тәжірибелік маңыздылығы оның отандық аймақтану мен геосаясаттың дамуына қосқан үлесінде. Ол Ресейдің Орталық Азиядағы сыртқы саясатының динамикасын, интеграциялық үдерістерін, қауіпсіздік мәселелері мен экономикалық ынтымақтастықты тереңірек түсінуге мүмкіндік береді, көпполярлы әлемге, геосаяси үдерістерге және аймақтық интеграцияға қатысты теориялар мен тұжырымдамаларды жасауға көмектеседі. Бұл зерттеу аймақтану, сыртқы саясат және геосаясат салаларындағы одан әрі теориялық зерттеулерге негіз болады. Ресейдің Орталық Азиядағы сыртқы саясатын зерттеу көпжақты аймақтық ұйымдардың пайда болуы мен дамуын түсіндіретін сияқты аймақтық интеграция теорияларын толықтыруға көмектеседі. Бұл Ресейдің ТМД, ШЫҰ, ҰҚШҰ және ЕАЭО сияқты құрылымдардағы рөлін қамтиды. Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Бұл диссертациялық зерттеу Қытай, Түркия ықпалының күшеюі, жаңа жаһандық сын-қатерлер тұрғысынан Орталық Азиядағы геосаяси өзгерістерді Ресей саясаты контекстінде жан-жақты зерттеумен байланысты ғылыми жаңашылығымен ерекшеленеді. Осы тұрғыда, Ресейдің аймақтағы позициясын және мемлекеттермен өзара әрекеттесуін нығайтудағы жаңа бағыттарына назар аударады. Сонымен қатар, 2014 жылдан кейінгі Ресейдің Орталық Азияның сыртқы саясатындағы өзгерістерге, сондай-ақ қазіргі жаһандық дағдарыс жағдайына талдау жасалған. Атап айтқанда, осы елдердегі ресейлік мүдделердің эволюциясын, экономикалық ынтымақтастыққа көзқарастарды, қауіпсіздік мәселелерін және ШЫҰ және ҰҚШҰ сияқты аймақтық ұйымдар аясындағы өзара әрекетті қарастыруға болады. Зерттеу тек оң аспектілерді ғана емес, сонымен қатар Ресей-Орталық Азия қарым-қатынасындағы проблемаларды, мысалы, төмендегі қайшылықтарды көрсетеді: ̶ энергетикалық; ̶ сауда; ̶ экономикалық қатынастар; ̶ еңбек миграциясы. Жұмыстың маңызды аспектісі - көптеген зерттеулерде аймақтың Ресей үшін стратегиялық маңыздылығына баса назар аударылады, бірақ Ресейдің Орталық Азия елдерін сыртқы саясатына әріптестік пен дипломатиялық өзара іс-қимылдың жаңа нысандарын жасай отырып, толығырақ көрсетеді. Цифрландыру, жаһандық экономикалық орталықтардағы өзгерістер, аймақ елдеріндегі ұлттық бірегейлік идеологиясының дамуы сияқты өзгерістерді ескере отырып, Орталық Азиядағы ресейлік саясатты дамытудың стратегиялық мәні мен болашақ сценарийін талдауға өзіндік көзқарас ұсынылады. Автор қорғау ұсыныстары ретінде төмендегілерді бөліп көрсету қажет деп санайды: 1. Ресейдің жаһандық геосаяси және геоэкономикалық жүйеде маңызды ресурстық, әскери және технологиялық артықшылықтарға ие екендігі дәлелденді, бұл оның Орталық Азия аймағындағы мүддесін айқындайды. Жаһандық қайта құрулар жағдайында Ресейдің саясаты Орталық Азияға мүдделі жаһандық ойыншылар арасындағы тепе-теңдікті бақылауға бағытталған. 2. Ресей мен Орталық Азия елдерінің өзара әрекеттестігіне әсер ететін негізгі мәселелер, соның ішінде қауіпсіздік, энергетикалық тәуелділік, экономикалық ынтымақтастық мәселелері айқындалып, жүйеленді. Қытай мен Батыс елдерінің бәсекелестігінің күшеюі, сондай-ақ санкциялардан туындаған ішкі экономикалық қиындықтар жағдайында Ресейдің Орталық Азия елдерімен аймақ құру процесі күрделене түсуде. Ресейдің сыртқы саяси стратегиясын бейімдеу мен қайта қарауды талап ететін күрделі міндеттер тұр. 3. Ресейдің Орталық Азия аймағындағы мақсаты өзінің ықпалын сақтап қалу және басқа субъектілердің ықпалын шектеу болып табылатыны анықталды, осылайша Ресей аймақтағы ең маңызды мәселелерде шешуші ролге ие болады. 4. Ресейдің Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО), Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) және Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы (ҰҚШҰ) сияқты интеграциялық бірлестіктерге қатысуы экономикалық қажеттілік екені дәлелденді. Ресей ШЫҰ және ЕАЭО аясында Қытаймен, сондай-ақ жекелеген Орталық Азия елдерімен ынтымақтастықты кеңейтуді қоса алғанда, жаңа стратегиялық шындықтарды ескере отырып, көпвекторлы саясатты дамытуда. 5. Ресей мен Орталық Азия елдерінің әскери-саяси ынтымақтастығы олар үшін аймақтағы тұрақтылықты сақтау мен бақылаудың негізгі құралы екені дәлелденді. Ресейдің ұжымдық қауіпсіздік тетіктеріне (ҰҚШҰ, ШЫҰ) қатысуы қазіргі заманғы сын-қатерлерге, соның ішінде трансұлттық терроризмге, экстремизмге, есірткі бизнесіне және сыртқы араласуға қарсы тұруға көмектесетіні дәлелденді. 6. Орталық Азия елдерінен Ресейге еңбек көші-қоны қабылдаушы елдің экономикасына да, мигранттардың қайнар көзі елдеріне де айтарлықтай әсер ететін маңызды әлеуметтік-экономикалық процесс екені дәлелденді. Соңғы онжылдықтарда бұл процесс тұрақты сипатқа ие болды, бұл бірқатар факторларға, соның ішінде аймақ елдеріндегі экономикалық жағдайға, ресейлік еңбек нарығының қажеттіліктеріне және көші-қон саясатындағы өзгерістерге байланысты. Орталық Азиядан Ресейге жұмыс күшінің көші-қоны оң аспектілері мен қиындықтары бар көп қырлы процесс. Бұл процесс қабылдаушы елге де, жұмыс күшін экспорттаушы елдерге де пайдалы болуы үшін көші-қон саясатын жетілдіру және мигранттардың құқықтарын қамтамасыз ету бойынша жұмысты жалғастыру маңызды. 7. Ресейдің аймақтағы қатысуын нығайтып, жалпы құндылық бағдарлар мен мәдени қауымдастықты қалыптастыру арқылы оны нығайта түсетіні дәлелденді. Тарихи мұраны ыдырау факторлары мен әртүрлі қабылдауды ескере отырып, жалпы аймақтық консолидацияны құру кезінде белгілі бір идеологиялық сәттерден аулақ болу керек. Ресей соңғы онжылдықтарда аймақ мемлекеттерінде көп нәрсе түбегейлі өзгергенін және өзгеріп жатқанын ескеруі керек. КСРО-да өмір сүрмеген, моральдық нұсқаулары әртүрлі, көп жағынан басқа мәдени кодексі бар жаңа ұрпақ өсті. Қазіргі заманғы құндылықтарға бағдарланған жаңа әлемдік деңгейдегі элиталар пайда болды, олар кеңестік идеологиядан ерекшеленеді. Тарих пен мәдениет туралы түсінік өзгерді, жаңа толқын пайда болды. 8. Ресейдің Орталық Азия елдеріне қатысты «жұмсақ күш» саясатын сәтті жүзеге асырып жатқаны, білім беру және мәдени бағдарламаларды тарату және алға жылжытудың ең тиімді әдістерінің бірі екені анықталды. 9. Геосаяси өзгерістер жағдайында Ресей мен Орталық Азия арасындағы қарым-қатынастардың келешегі экономикалық ынтымақтастық арқылы анықталатыны дәлелденді. Ресей Орталық Азия елдері үшін, әсіресе энергетика, сауда және инфрақұрылым салаларында маңызды экономикалық серіктес болып қала береді. Аймақтық қауіпсіздік мәселелері, соның ішінде терроризмге, экстремизмге және есірткі бизнесіне қарсы күрес маңызды аспект болып қала береді. ШЫҰ мен ҰҚШҰ аясындағы өзара іс-қимыл аймақтағы тұрақтылықты қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады. Орталық Азия мемлекеттерінің көлік және энергетикалық ресурстар үшін транзиттік нүкте ретіндегі маңыздылығы Транскаспий көлік жолы және энергетикалық жобалар сияқты инфрақұрылымдық жобаларды күшейту қажеттілігін туындатады. Зерттеу нәтижелерінің аппробациялары. Диссертациялық зерттеудің негізгі қорытындылары мен қағидалары университет қабырғасында өткен ғылыми конференцияларда, сонымен қатар отандық, шет елдік ғылыми басылымдарда мақала түрінде жарияланды. Оның ішінде 5 мақала отандық ғылыми басылымдарда, 4 мақала халықаралық ғылыми басылымдарда, 1 мақала «Скопус» базасындағы халықаралық журналда жарияланды. Диссертацияның құрылымы мен көлемі. Зерттеу жұмысы нормативтік сілтемелерден, белгілеулер мен қысқартулардан, кіріспеден, үш бөлім және тоғыз тараудан, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімі және қосымшадан тұрады.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://youtu.be/IkvWD5UpwZk
