
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін АБДРАХМАНОВ КАЙРАТ АМАНГЕЛЬДИНОВИЧ «8D03102 – Халықаралық қатынастар» білім беру бағдарламасы бойынша «Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы: ынтымақтастықтың өзекті мәселелері мен негізгі бағыттары» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Халықаралық қатынастар» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Акишев Арман Айтмухаметович - саясаттану ғылымдарының докторы, «Торайғыров университеті» КЕАҚ Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры (Павлодар қ, Қазақстан Республикасы)
Стамбулов Серик Бердибаевич - доктор PhD, «Е.А. Букетов атындағы Карағанды университеті» КЕАҚ Әлемдік тарих және халықаралық қатынастар кафедрасының қауымдастырылған профессоры (Қараганды қ., Қазақстан Республикасы)
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Кабазиев Манарбек Шакирович - философия ғылымдарының докторы (PhD), ҚР СІМ «Сыртқы саяси зерттеулер институты» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары (Астана қ, Қазақстан Республикасы).
Жекенов Думан Құрманғазыұлы - философия ғылымдарының докторы (PhD), қауымдастырылған профессор, «Аймақтық қатынастарды талдау» ғылыми-зерттеу орталығының сарапшысы (Алматы қ., Қазақстан Республикасы).
Бейсебаев Рахат Сансызбаевич – тарих ғылымдарының кандидаты, Академик Кусеин Карасаев Бішкек мемлекеттік университеті Халықаралық қатынастар кафедрасының доценті (Бишкек қ., Кырғыз Республикасы).
Ғылыми кеңесшілері:
Кожирова Светлана Басейовна – саясаттану ғылымдарының докторы, Астана халықаралық университеті Өнер және гуманитарлық ғылымдар жоғарғы мектебінің профессоры (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Рахимов Мирзохид Акрамович – тарих ғылымдарының докторы, Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясы жанындағы Өзбекстанның жаңа заман тарихының үйлестіру-әдістемелік орталығының бөлім меңгерушісі (Ташкент қ., Өзбекстан Республикасы)
Қорғау 2025 жылғы 4 қыркүйек, сағат 16:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D03102 – Халықаралық қатынастар» білім беру бағдарламасы бойынша «8D031 – Әлеуметтік ғылымдар» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте офлайн және онлайн өтеді.
Сілтемесі: https://clck.ru/3Mozob
Мекен-жайы: Астана қ., Қ. Сатпаев көш., 2, №302 аудитория.
Аңдатпа (қаз.): Диссертацияның негізгі түйіні Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы мемлекеттік шекараның тарихы, шекара аймағындағы қауіптер мен қатерлер, трансшекаралық экономикалық ынтымақтастық мәселелері, шекараны зерттеудегі негізгі тәсілдемелер, мемлекеттің шекараның қазіргі ахуалы мен перспективалары зерттеледі. 2025 жылғы 8 қаңтарда Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы мемлекеттік шекара туралы шартқа қол қойылғанына 20 жыл толды, әлемдегі ең ұзын үздіксіз құрлық шекарасы (7548 км) толықтай делимитацияланды. Қазақстан мен Ресей арасындағы шекараны делимитациялау мемлекетаралық қатынастардағы тұрақтылық пен болжамдылық үшін маңызды болып табылатын құқықтық айқындықты қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта Қазақстан мен Ресей арасындағы мемлекеттік шекараның демаркациялануы аяқталған жоқ, бұл процесстің ұзаққа созылғандығын мамандар жұмыстың ауқымдылығы мен күрделілігімен байланыстырады. Мәліметтерге сәйкес, мемлекеттік шекараның 75% демаркацияланған, шамамен 25% жуығында жұмыстар жалғасуда. Екі мемлекет үшін әлемдегі ең ұзын үздіксіз құрлық шекарасын мемлекеттер арасында өзара сенімнің, сыйластықтың және бейбіт қатар өмір сүру қағидаттарының негізінде демаркация мәселесін аяқтау мақсаты тұр. Әлемдегі геосаяси шиеленіс жағдайында Қазақстан, ең алдымен, өзінің мемлекеттік және ұлттық мүдделерін басшылыққа алуы, бейтараптықты сақтауы, Ресеймен экономикалық ынтымақтастықты дамытуы, өз халқының мүдделерін жоғары қоюы маңызды. Кеңес Одағының ыдырауынан бері Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара бірнеше рет әртүрлі көзқарастар тұрғысынан зерттеу нысанына айналды: тарихи даму, шекаралық ынтымақтастық, демографиялық үрдістер, қауіпсіздік, шекара мәселелерін қоғамдық қабылдау, және т.б. Мұндай зерттеулердің басым көпшілігі негізінен эмпирикалық сипатта болды. Аталған концептуалдық мәселелердің кейбір бөлігі осы зерттеулерде қарастырылғанымен, олардың қойылуы көбінесе стихиялы және жеткіліксіз жүйелі сипатқа ие болған. Диссертация тақырыбы өзекті, себебі шекараларды зерттеу теорияларын пайдалану арқылы Ресей мен Қазақстан арасындағы шекараға қатысты жеткіліксіз зерттелген мәселелерді қарастыру әлеуеті әлі де өте жоғары болып отыр. Зерттеу жұмысында мұндай талдауға арналған бірқатар перспективалық бағыттар айқындалады. Біріншіден, Қазақстан мен Ресей арасындағы шекарасына қатысты ғылыми еңбектердің басым бөлігі ресейлік ғалымдар тарапынан орындалып, негізінен Ресейдің мүдделерін көрсетеді. Қазақстандық мүдде әлдеқайда аз зерттеліп, жеткілікті дәрежеде концептуализацияланбаған. Шекараның рөлі мен маңыздылығы туралы геосаяси түсініктерді ресми құжаттарды, саясаткерлердің мәлімдемелерін, өлкетану және басқа да оқулықтардың мәтіндерін талдау, сауалнамалар арқылы сыни геосаясат тұрғысынан жүйелі талдау қажеттілігі бар. Екіншіден, Қазақстан мен Ресей шекара аймақтарының ынтымақтастық мәселелері мен перспективаларына қатысты зерттеулер функционалдық, институционалдық, салыстырмалық, желілік тәсілдерін қолдану арқылы «кедергілерді диагностикалау» және оны дамытуға пайдаланылмаған мүмкіндіктерді анықтау қажет. Мысалға, шекара аймағындағы ынтымақтастыққа кедергілер ретінде екі мемлекеттің үлкен қалалары арасындағы қомақты трансшекаралық қашықтықтар мен шекарадағы өткізу пункттеріндегі ұзақ кідірістерді атауға болады. Үшіншіден, Қазақстан мен Ресей шекарасының экологиялық мәселелері, әсіресе трансшекаралық өзендерге қатысты проблемалар (ластану, тасқын суларды басқару, трансшекаралық су ресурстарының тапшылығы және т.б.), тереңірек зерттеуді қажет ететін салаға айналып отыр. Мұндай мәселелерді диагностикалау және шешу үшін соңғы уақытта институционалдық тәсіл аясында интеграцияланған су ресурстарын басқару тұжырымдамасы мен су қауіпсіздігі тұжырымдамасы теорияларын пайдалану керек. Төртіншіден, Қазақстан мен Ресей шекарасына қатысты мәселелерді оны пайдаланатын адамдардың көзқарасы тұрғысынан зерттеуде концептуализация үшін әлі де өте кең мүмкіндіктер бар. Постмодернизм тұрғысынан Қазақстан-Ресей шекара аймағын көптеген физикалық, тұрақты және динамикалық шекаралар кешені ретінде көрсетуге болады. Ал конструктивизм тұрғысынан Ресей мен Қазақстан арасындағы шекара режимін нормалар мен түсініктер негізінде қалыптасқан және шекараны күзету мекемелерінің күнделікті тәжірибелері арқылы қолдау тапқан күрделі феномен ретінде көрсету қажет. Мұндай қатынастарды талдау болашақта Қазақстан мен Ресей арасындағы шекараны оны пайдалантын адамдар үшін «достық» шекарасы жасауға, сондай-ақ трансшекаралық саяхатшылар мен шекара маңы тұрғындарының мүдделерін шектейтін төтенше жағдайлардың алдын алуға мүмкіндіктер береді. Бесіншіден, геосаяси шиеленістің күшеюі жағдайында терроризм мәселесі, әсіресе Ресей үшін, өзекті бола түсуде. 2023 жылғы наурызда Крокус-орталығында орын алған террористік актіден кейін Ресей тарапы шекарадағы бақылауды нығайтты. Себебі осы аймақтардан террористік қауіптер таралып, радикалды экстремистердің (оның ішінде кейіннен заңсыз мәртебеге ие болғандары да бар) Ресейге заңсыз ену қауіпі айтылды. Сонымен қатар, опиаттар мен каннабис негізіндегі есірткілердің ірі партиялары, қытайлық контрабандалық тауарлардың елеулі көлемі Ресейге негізінен Сібір мен Қиыр Шығыс арқылы келіп жатқанын статистикалық мәліметтер көрсетуде. Дегенмен, соңғы кезде Орталық Азия аймағында синтетикалық есірткі жасау зертханаларының көбею фактілері орын алуда, сарапшылардың пікірінше, жасырын зертханаларды жасауға қажетті техникалық аспаптар мен химияық қосындылар Ресей тарапынан келеді, олардың Ресей-Қазақстан мемлекеттік шекарасынан заңсыз өтетіні туралы нақты деректер бар. Сондықтан Қазақстан мен Ресей үшін басқа елдердің саяси тәжірибесін имплементациялау мүмкіндігін ерекше назарда ұстау қажет, өйткені бұл аймақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуда олардың рөлі артуда. Маңыздысы ‒ тәуекелдерді дұрыс басқару, ортақ шекарада шиеленістің өсуіне жол бермеу, геосаяси көзқарастарға негізделген бейресми шақыруларды жою. Қазақстан мен Ресей мемлекеттік шекарасын тарихи көпмәдениетті кеңістік (тек бір этностың «тіршілік кеңістігі» емес) және «ынтымақтастық аймағы» («геосаяси қауіптер аймағы» емес) ретінде негізделген көзқарастарды қолдау маңызды. Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықты Еуразиялық интеграция аясында дамытуға баса назар аударатын конструктивті дискурсты сақтап қалуға мән беру керек. Зерттеу нысаны - Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы мемлекеттік шекара аумағында қалыптасқан екіжақты қатынастар жүйесі. Зерттеу пәні - Қазақстан мен Ресей арасындағы мемлекеттік шекара кеңістігіндегі өзара әрекеттестіктің тарихи-геосаяси, әлеуметтік-экономикалық, экологиялық, құқықтық бағыттары. Зерттеу жұмысының мақсаты Қазақстан мен Ресей арасындағы мемлекеттік шекара аумағындағы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайын жан-жақты зерттеу, туындап отырған өзекті мәселелерді анықтау және екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі дамыту мен жетілдірудің негізгі бағыттарын айқындау. Қойылған мақсатқа сәйкес зерттеуге келесідей міндеттер қойылады: 1. Зерттеу тақырыбына қатысты эмпирикалық материалдарды (мұрағаттық құжаттар, тарихи дереккөздер, мерзімді басылымдар) жүйелеу және сараптау. 2. Шекаралық зерттеулердің теориялық-әдіснамалық негіздерін зерделеу, шекаралық процестерге әсер ететін басты геосаяси, әлеуметтік-экономикалық және құқықтық факторларды анықтау. 3. Қазақстан-Ресей шекарасының тарихи қалыптасу кезеңдерін анықтау, шекарадағы тарихи процестердің сипаты мен ерекшеліктерін ашу, желілік бекіністердің құрылысына шынайы баға беру; 4. Шекара маңы аймақтарындағы экономикалық ынтымақтастықтың қазіргі жағдайын, оның ішінде ЕАЭО аясындағы «шағын интеграция» тетіктерін зерттеу және олардың тиімділігін бағалау. 5. Қазақстан-Ресей шекара өңірлеріндегі демографиялық және көші-қондық үрдістерді, сондай-ақ экологиялық ахуалды (трансшекаралық су нысандары жағдайын қоса) кешенді зерттеу. 6. Шекара қауіпсіздігіне қатысты өзекті қатерлерді (заңсыз көші-қон, контрабанда, этносаралық шиеленістер) жүйелеу және оларды ұлттық қауіпсіздікпен өзара байланыста қарастыра отырып, алдын алу шараларын ұсыну. Зерттеу жұмысының негізгі гипотезасы: Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы мемлекеттік шекара аумағында қалыптасқан ынтымақтастық жүйесі тарихи, геосаяси және экономикалық факторлардың өзара ықпалымен дамып келеді және оны тиімді басқару мен үйлестіру арқылы шекара маңы аймақтарының тұрақтылығы мен дамуын қамтамасыз етуге болады. Сонымен қатар, қазіргі кезеңдегі көші-қон, экология және қауіпсіздік мәселелерін бірлескен механизмдер арқылы шешу екі мемлекет арасындағы шекара маңындағы қатынастарды нығайтудың маңызды тетігі болып табылады. Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы зертеу жұмысының кешенді және жүйелі орындалуында. Диссертациялық жұмыс Қазақстан мен Ресейге ортақ мемлекеттік шекараның құрылуынан бастап, шекараның екі бетінде болып жатқан әлеуметтік процестерді зерттеп, шешілуі қажетті мәселелер мен даму перспективаларын анықтауға арналған толыққанды еңбек болып табылады. Зерттеу барысында автор төмендегідей ғылыми нәтижелерге қол жеткізді: 1. Қазақстан-Ресей шекарасының тарихи қалыптасуы мен құқықтық рәсімделуінің жаңа қырлары мұрағаттық және картографиялық деректер негізінде кешенді түрде талданады. Еуропалық модерн бағытындағы ең көне шекаралардың бірі деген тұжырымдама жасалды. 2. Ресей мен Қазақстан арасындағы мемлекеттік шекарадағы қазіргі ахуал жан-жақты зерделеніп, шекаралық режимнің институционалдық, функционалдық және кеңістіктік параметрлері ғылыми тұрғыдан сарапталды. 3. Шекара маңы ынтымақтастығының қазіргі институционалдық құрылымдары мен «шағын интеграция» тетіктеріне алғаш рет теориялық және қолданбалы тұрғыдан жан-жақты баға беріледі. 4. Шекаралық өңірлердегі демографиялық, экологиялық және қауіпсіздік мәселелері өзара байланыста қарастырыла отырып, оларды шешудің жүйелі тәсілдері ұсынылады. Зерттеу жұмысының әдіснамасы және әдістері. Зерттеу жұмысының әдіснамалық негізін жүйелік әдісі, тарихи-географиялық әдіс, салыстырмалы талдау әдісі, контент талдау әдісі, институционалдық және көпфакторлы басқару әдістері. Зерттеу барысында қолданылған негізгі әдістердердің бірі салыстырмалы талдау әдісі. Бұл әдіс Қазақстан мен Ресей арасындағы шекаралық ынтымақтастық тәжірибесін басқа елдермен салыстыра отырып бағалауға мүмкіндік береді. Құжаттық-талдамалық әдіс екіжақты келісімдер, ресми құжаттар, заңнамалық актілер мен халықаралық шарттарды талдау үшін пайдаланылды. Контент талдауы әдісі Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықтың нормативтік-құқықтық базасын зерттеу құжаттарды сапалы талдау әдісі ретінде пайдаланды. Бұл әдіс мемлекеттердің саясатындағы негізгі үрдістерді анықтауға, құқықтық режим мен халықаралық ынтымақтастыққа әсерін бағалауға мүмкіндік береді. Көпфакторлы басқару әдісі - әртүрлі факторлар мен өзара әрекеттесу деңгейлерін ескере отырып, күрделі жүйелерді немесе жобаларды талдауға мүмкіндік беретін тәсіл. ЕАЭО интеграциялық жобасын талдауда көп факторлы басқару әдісін қолдану олардың даму динамикасын кешенді бағалауға, негізгі мәселелерін және оларды шешу жолдарын анықтауға мүмкіндік береді. Жұмыс барысында қолданылған халықаралық қатынастар теориясы мемлекеттер арасындағы өзара әрекеттестік пен ынтымақтастықтың негізгі қағидаларын, мүдделер қақтығысы мен үйлесімділігін, сондай-ақ шекаралық аймақтардағы халықаралық процестерді түсіндіруге мүмкіндік береді. Геосаяси бағытындағы теориялар шекараның географиялық орналасу мен стратегиялық маңызын бағалауға, Қазақстан мен Ресейдің аймақтық және жаһандық деңгейдегі ықпалын талдауға пайдаланылды. Сонымен қатар, аймақтық интеграция теориясын қолдана отырып, көршілес мемлекеттер арасындағы экономикалық, саяси және әлеуметтік ықпалдастық процестері зерттелді. Ірі мемлекеттер мен экономикалық қуатты елдердің ықпалына түсетін шекаралық аймақтардағы даму ерекшеліктерін түсіндіруге тәуелділік теориясы қолданылды. Институционалдық теория - шекаралық ынтымақтастықты жүзеге асырудағы халықаралық және ұлттық институттардың, келісімдер мен ұйымдардың рөлін зерделеуге бағытталды. Бұл теориялар Қазақстан мен Ресей арасындағы шекаралық ынтымақтастықтың күрделі және көпқырлы сипатын тереңірек түсінуге, сондай-ақ оның өзекті мәселелері мен даму бағыттарын ғылыми тұрғыдан негіздеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, саяси және экономикалық сараптама әдістері - шекаралық аймақтардағы ынтымақтастықтың тиімділігі мен ықпалын бағалауға бағытталды. Статистикалық талдау әдісі - шекаралық аумақтардағы географиялық, демографиялық және экономикалық үрдістерді сипаттау үшін қолданылды. Зерттеу жұмысының теориялық және тәжірибелік маңызы Диссертациялық жұмыстың негізгі тұжырымдары мен қорытындылары халықаралық қатынастар, саясаттану, аймақтану, экономика салаларының мамандарына қазіргі халықаралық қатынастар жүйесін қалыптастыратын үдерістерді сараптауда пайдалы. Бұл зерттеу жұмысының материалдары мен нәтижелерін Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекара мәселелері бойынша айналысатын ведомстволары ғылыми ұсыныстар ретінде қабылдауы мүмкін. Диссертациялық материалдар шекаралық зерттеулерге қатысты күрделі ғылыми мәселені одан әрі зерттеу процесінде, сондай-ақ халықаралық қатынастар, саясаттану, геосаясат курстарын оқытуда пайдаланылуы мүмкін. Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясына ортақ мемлекеттік шекарасына қатысты кешенді зерттеулер келесідей тұжырымдамалар жасауға мүмкіндіктер берді: 1. Қазақстанның мемлекеттік шекарасын зерттеуде объективистік (институционалдық және функционалдық тәсіл, шекаралардың типологиясы мен классификациясы) әрі субъективистік (конструктивистік, постмодернистік және сыни теориялар) пайдалану тиімді. Алғашқы топтағы тұжырымдамалар мемлекеттік және қоғамдық институттардың (шекаралық, көші-қондық және кедендік бақылау қызметтері, қауіпсіздік құрылымдары және т.б.) жұмыс тиімділігін, шекара маңындағы аймақтардың көрсеткіштерін бағалауға мүмкіндіктер береді, екінші топтағы әдіснамалар шекаралық мәселелерге деген көзқарасты гуманизациялау, оны қарапайым адамның өмірлік тәжірибесіне бұру, шекаралардың жұмыс істеу практикасын жаңғырту және шекаралық аймақтарды ұйымдастыру тұрғысынан пайдалы. 2. Қазақстан-Ресей шекарасы модерн бағытындағы ең көне шекаралардың бірі. Оның алғашқы құрылымы XVIII ғасырдың басында, Ертіс бойындағы бекіністер жүйесі арқылы қалыптаса бастады. Ресей билігі бұл аймақта Еуропалық Жаңа дәуірдің идеяларына сүйеніп, үздіксіз, нақты белгіленген және картографияланатын шекараларды енгізді. Бұл үрдіс әсіресе «Жаңа Есіл сызығы» (Новоишимская линия) аймағында байқалды. Ресей әскери әкімшілігі енгізген қатаң шекаралық режим халықтың еркін қозғалысын шектеді және отарлау саясатын нығайтты. 3. Қазақстан-Ресей шекара маңы аймақтарындағы демографиялық жағдай күрделі. Қазақстанның шекаралас өңірлерінде этногеографиялық ерекшеліктерге байланысты халық саны азаюда, әсіресе Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстарында. Мемлекет тарапынан демография саласында жүргізіліп отырған шаралар солтүстік және шығыс облыстарда мардымсыз нәтиже көрсетуде, қатал климаттық жағдайлар көші-қон мәселесінде қолайсыз болуда. 4. Қазақстан мен Ресей арасындағы саяси және экономикалық интеграция процестері шекаралас аймақтардың дамуына толық мүмкіндіктер ашпайды. ЕАЭО аясындағы жетістіктерге қарамастан, шекаралық кедергілер сақталуда, ал ынтымақтастық институттарының халықтың өмір сапасына әсері шектеулі. Кеңестік экономикалық мұра негізінде қалыптасқан өндірістік байланыстар қазіргі трансшекаралық кооперация үшін жеткіліксіз. Шекара маңындағы өндірістік тізбектердің автономизациялану үрдісі еуразиялық кеңістіктегі кооперациялық әлеуеттің әлсіреуіне алып келуі мүмкін. 5. Қазақстан мен Ресей шекара аймағындағы экологиялық қауіпсіздік, су ресурстарына қатысты мәселелер өте өзекті. Қазақстанның солтүстік және батыс өңірлерінде су тапшылығының ушығу қаупі жоғары, трансшекаралық өзендер бассейндеріндегі судың ластануы биоәртүрлілікті сақтау мәселелерінің маңыздылығы артуда. Трансшекаралық төтенше жағдайлар орын алу және салдарын жеңілдету тұрғысынан трансшекаралық өзара әрекеттестіктің әлсіз тұстарын ескеру қажет. 6. Шекара аймағындағы заңсыз миграция, этносаралық және конфессияаралық қатынастар шекара қауіпсіздігі мәселесінде өзекті мәселе. Бұл саладағы проблемалар көбінесе дабыл қағушы (алармистік) түсіндірмелерге негізделіп, ресми шекаралық саясатты қалыптастыруда жасанды қауіптерді туындатуы ықтимал. Ресей-Қазақстан шекарасына жақын өңірлердің этникалық құрамында қазақтар мен орыстардың арақатынасы деңгейі маңызды, сондай-ақ аймақтарда татарлар, немістер, шешендер де елеулі рөл атқарады. Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясына ортақ мемлекеттік шекара мен шекара аймағындағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында келесі ұсыныстар беріледі: 1. Қазақстан Республикасы Шекара маңы аймақтарын дамытудың құқықтың, әлеуметтік-экономикалық формаларын анықтайтын мемлекеттік заң қабылдау ұсынылады, бұл республиканың шекара өңірлерінің артықшылықтарын жүзеге асыруына мүмкіндіктер береді. Ресей Федерациясымен трансшекаралық ынтымақтастықты нығайту мақсатында ортақ құқықтық негіз қалыптастырып, орталық пен аймақтық билік органдарының өкілеттіктерін нақтылау керек. Инфрақұрылымдық жобаларды дамыту, шекаралық өткізу пункттерінің санын арттыру және цифрлық технологияларды енгізу арқылы бюрократиялық кедергілерді азайтып, қауіпсіздік пен сауданың арасындағы балансты қамтамасыз ету маңызды. 2. Қазақстан Республикасы өзінің транзиттік әлеуетін арттыру стратегиясы шеңберінде Ресей Федерациясымен шекарада орналасқан 50 көлік өткелдерін модернизация бағдарламасын қабылдай отырып, «Орта дәлізге» қосымша күш беретін шекара аймағындағы үлкен қалаларда сауда-логистикалық орталықтарын құру ұсынылады. Бұдан өзге Орта дәліз бен Солтүстік-Оңтүстік халықаралық көлік дәліздері еуразиялық логистиканың екі маңызды бағыты болып табылады. Екі маршруттың үйлесімді дамуы Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттырып, аймақтық интеграцияны күшейтуге мүмкіндік береді. 3. Ұлттық демографиялық әлеуетті сақтап қалу үшін кешенді демографиялық саясат қажет. Халықты шекара аймаққа тарту мен тұрақтандыру бойынша шаралар, жастар мен көпбалалы отбасыларды қоныс аударуға арналған арнайы бағдарламалар, экономикалық ынталандырулар мен бизнесті қолдау (жеңілдетілген салық салу, гранттар мен субсидиялар, трансшекаралық сауданы дамыту, жаңа өнеркәсіптік кластерлерді құру) енгізу ұсынылады. Демографиялық тұрақтылықты сыртқы миграция есебінен өтеу, Қытайда, Ресейде, Монғолияда, Орталық Азия мемлекеттерінде тұратын қандастарымызды тарихи Отанына тарту жұмысын жандандыру керек. 4. Ортақ шекаралық аймақтардағы экологиялық мәселелерді шешуге басымдықтар беру ұсынылады. Бұл мәселелерді шешуде мемлекетаралық келісімдер мен шекара аймақтардың өзара іс-қимылын күшейту маңызды рөл атқарады. Трансшекаралық өзендердің көптеген бассейндерінде судың ластануы, биоәртүрлілікті сақтау, су тасқыны мәселелері ұлттық және трансшекаралық деңгейде апаттардың болу ықтималдығы жоғары екенін айқындап отыр, сол себепті екі мемлекет экология мәселелері бойынша ынтымақтастықтың жаңа деңгейге көтеру және бұл маңызды салада академиялық және қоғамдық институттардың ролін нығайту маңызды. Жалпы, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы мемлекеттік шекараның қалыптасу тарихы екі мемлекет арасындағы қарым-қатынастардың бүгінгі бейнесін анықтап отыр. Тарихи қалыптасқан тығыз байланыстарды сақтау және дамыту тұрғысынан Ресей-Казақстан шекарасы көптеген жағдайларда постсоветтік мемлекеттер арасындағы басқа шекараларға үлгі ретінде қарастырылуы мүмкін. Еуразиялық интеграция және оған байланысты Қазақстанның бастамалары жақсы көршілік қатынастардың орнауында үлкен рөл атқаруда. Кәсіпорындар арасындағы өндірістік байланыстар, ортақ мәдени-тілдік кеңістік, сондай-ақ қалыптасқан орналасу және көлік жүйелері экономикалық интеграция мен шекара маңы ынтымақтастығы үшін елеулі әлеует қалыптастырды. Еуразия кеңістігінде геосаяси жағдайдың болашақта өрбу бағытын, Қазақстанның Ресеймен бір экономикалық-қаржылық макрорегион құру мүмкіндіктері ортақ шекара аймағында қандай да қақтығыстардың болуының ықтималдығы төмен. Оның басты себептерінің бірі Ресей Қазақстандағы ықпалын Еуразиялық интеграциялық процестер арқылы нығайтуды, еліміздің энергетика секторында доминант болуды көздейді. Ресей инвестицияның басым бөлігін Қазақстандағы атом өнеркәсібіне, отын-газ инфрақұрылымдарына, мұнай-химия саласына сала отырыып, экономикалық ықпалын күшейтуді мақсат етеді. Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы бойында орналасқан аймақтарды дамытуға басымдық беру керек, біздің солтүстік және солтүстік-шығыс аймақтарымыз шекараның арғы бетіндегі қалалармен тең дәрежеде даму мүмкіндіктер жоғары. Қазақстан Республикасының қауіпсіздігіне ықпалы жоғары негізгі қатерлерлерге диссертацияда қарастырылған шекаралық және этносаралық қақтығыстар, экономикалық тұрақсыздық, су ресурстарының тапшылығы, діни экстремизм, есірткі трафигі және контрабанда мәселелері жатады. Әлемдегі ең ұзын құрлықтық мемлекеттік шекараны қорғау Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі ең күрделі міндеттердің бірі болып табылады. Осы қауіп-қатерлерді ескере отырып, Ресей үшін Қазақстанмен қазіргі деңгейдегі қарым-қатынасты сақтау қолайлы болып табылады. Ең ұзын құрлықтық мемлекеттік шекараның әлсіз жабдықталуы және қорғалуы Ресей тарапы үшін маңызды. Сол себепті Ресей Федерациясы Қазақстанмен қарым-қатынасты нығайтуға, екі мемлекеттегі ішкі тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселесінде мүдделі. Қорытындылайтын болсақ, бүгінгі Ресей-Қазақстан шекарасын О. Мартинес жіктемесіне сәйкес «өзара тәуелділік шекарасы» деп сипаттауға болады. Шекарада ынтымақтастық деңгейі «қатар өмір сүру шекарасымен» салыстырғанда жоғары, бірақ экономика, сауда, өнеркәсіп, ауылшаруашылық салалары бойынша өзара ықпалдасу, сондай-ақ, шекара маңы әлеуметтік мобильділігі тұрғысынан «интеграциялық шекаралар» деңгейіне жеткіліксіз. Қазақстан мен Ресейдің шекаралық саясаты мен мемлекетаралық ынтымақтастық процестері мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастың деңгейі мен ауқымына байланысты болуда. Көп жағдайда шекаралық мәселелерді шешуге мемлекет басшыларының жиі араласуға мәжбүр, себебі бұл мәселелерді екі елдің үкіметі, аймақ басшылары немесе жергілікті билік органдары тарапынан тиімді шешу тетіктері қалыптаспаған. Шекаралық ынтымақтастықтың жоғары деңгейде екі ел басшыларының диалогына тәуелді болуы қазіргі жағдайдың негізгі ерекшеліктерінің бірі болып табылады.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://www.youtube.com/watch?v=sj4OKQkZ_2s
