
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Болысбекова Молдир Киясбаевна «6D020200 – Халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша «МЕРКОСУР және ЕАЭО интеграциялық үдерістер: шектеулері мен тәжірибедегі бастамалары» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Халықаралық қатынастар кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Шерьязданова Камилла Галимовна – философия докторы (PhD), қауымдастырылған профессор, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Дипломатия институтының профессоры (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Шукыжанова Айым Нуртасовна – философия докторы (PhD), Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің халықаралық қатынастар кафедрасының оқытушысы (Алматы қ., Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Кожирова Светлана Басейовна – саяси ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Шығыстану институтының бас ғылыми қызметкері (Астана, Қазақстан Республикасы);
Смагулова Гульнара Муратбековна – тарих ғылымдарының кандидаты, Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің дүние жүзі тарихы және халықаралық қатынастар кафедрасының профессоры (Қарағанды қ., Қазақстан Республикасы);
Рамакрушна Прадхан – философия докторы (PhD), Орталық университеттің әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы (Биласпур, Чхаттисгарх, Үндістан).
Ғылыми кеңесшілері:
Жолдасбекова Акбота Ниязовна – отандық ғылыми кеңесші, саяси ғылымдар кандидаты, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің аймақтану кафедрасының профессор м.а. (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Паоло Ботта – шетелдік ғылыми кеңесші, философия докторы (PhD), Ла-Плата ұлттық университетінің профессоры (Ла-Плата қ., Аргентина).
Қорғау 2025 жылғы 18 маусым, сағат 11:00-де Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «6D020200 – Халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша «8D031 – Әлеуметтік ғылымдар» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі аралас форматта (оффлайн және онлайн) өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: https://clck.ru/3LsDrz
Мекен-жайы: Астана қ., Қ. Сатпаев көш., 2, №302 аудитория.
Аңдатпа (қаз.): Болысбекова Молдир Қиясбайқызының «МЕРКОСУР және ЕАЭО интеграциялық үдерістер: шектеулері мен тәжірибедегі бастамалары» тақырыбындағы диссертациялық жұмысы «6D020200 – Халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша философия докторы (PhD) ғылыми дәрежесін алу үшін ұсынылған. Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Заманауи халықаралық қатынастар жүйесі қатаң өзгерістерге ұшырауда, себебі қазір оның элементтері жеке мемлекеттерден ғана емес, түрлі салалар бойынша көптеген аймақтық келісімдермен байланысты интеграциялық бірлестіктерге кіретін мемлекетер құрайды. Қырғи қабақ соғыстың аяқталуы және жаһандану 1990 жылдардағы жаңа аймақшылдыққа жол ашты. Интеграция Еуропалық Одақтың (ЕО) Маастрихт келісімімен, Солтүстік Американдық еркін сауда келісімімен (НАФТА), Оңтүстік Американың ортақ нарығымен (МЕРКОСУР) жалғасты. Оңтүстік-Шығыс Азия елдері қауымдастығы (АСЕАН) және Оңтүстік Африка даму қауымдастығы (САДК) шеңберінде нарықтық интеграцияның жаңа бастамалары орын алды. Еуразиялық экономикалық қауымдастық (ЕурАзЭҚ) кейінірек 2000 жылы құрылды. Сол уақыттан бері академиялық ортада түрлі аймақтардағы интеграциялық бастамаларды салыстыру кең тарала бастады. Дегенмен, 1970 жылдардағы бұрынғы салыстырмалы зерттеулер еуропалық интеграция теорияларына және еуропалық үлгідегі интеграцияның екінші мысалын іздеуге көп көңіл бөлгенімен, қазіргі даулар еуропалық мысалға азырақ назар аударып, аймақтық интеграцияның ортақ теорияларын дамытуға бағытталған. Әлемнің дамушы аймақтарында орын алып жатқан аймақтық ынтымақтастықтарды салыстыратын зерттеулер саны әлі де көңілден шығатындай дәрежеде емес. Ал, тәуелсіз Қазақстанда Латын Америкасы аймағын зерттеп жүрген ғалымдар туралы ауыз толтырып айта алмайтынымызды ескерсек, бұл континентті отандық авторлар назардан тыс қалдырғаны белгілі болады. Сондықтан автор Латын Америкасы континентінің интеграциялық бірлестіктері арасында эталон саналатын МЕРКОСУРды Еуразия құрлығындағы дәл сондай бейнеге ие ЕАЭО-мен салыстыра отырып, ортақ тұстары мен ерекшеліктерін талдауға тырысуды маңызды деп санайды. Бұл екі аймақтың да халықаралық қызығушылық тудыратын бірқатар ерекшеліктері бар. МЕРКОСУР, Бразилия мен Аргентина секілді елдерді қоса алғанда, халықаралық қатынастарда маңызды рөл ойнайды. Эксперттік қауымдастықта аймақты АҚШ-тың «артқы ауласы» ретінде сипаттау жаһандық державаның мүддесі үшін аймақтың маңыздылығын тағы да дәлелдей түседі. ЕАЭО – бұрынғы КСРО-ның бес елі қатысатын үдеріс. Оның мысалы әлемнің басқа аймақтарындағы интеграциялық ұйымдарда дағдарыстар орын алуына қарамастан, ұйымның құрылуымен және дамуға ұмтылысымен қызықты. Ол көптеген сарапшылардың назарын Ресейдің саяси ықпалы мен экономикалық қуатын арттыруға бағытталған ұйым ретінде аударады. МЕРКОСУР да, ЕАЭО да аймақтық интеграцияның кең ауқымды жаһандық үрдісіне ықпал етеді. МЕРКОСУР мен ЕАЭО тәжірибесіндегі айырмашылықтар аймақтық ынтымақтастықты ынталандыратын немесе кедергі келтіретін контексттік факторларды ескеру қажеттілігін көрсетеді. Мүше мемлекеттер үшін өз мүдделерін және аймақтық интеграциялық күш-жігердің ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз ете отырып, сыртқы субъектілер беретін мүмкіндіктерді пайдалану маңызды міндет болып қала береді. МЕРКОСУР мен ЕАЭО интеграциялық үдерістерін талдау Қазақстанның халықаралық аренадағы позициясын нығайтуға көмектесетін неғұрлым тиімді сыртқы және ішкі саясатты әзірлеуде стратегиялық маңызға ие. Климатқа төзімділік, қоршаған ортаны сақтау және тұрақты энергетика саласындағы ынтымақтастық мүше мемлекеттер арасында және одан тыс жерлерде экономиканы әртараптандыру және тұрақты даму үшін жаңа жолдарды аша алады. Аймақтық интеграция барған сайын жаһанданған әлемде өздерінің геосаяси ықпалын және экономикалық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ұмтылатын елдер үшін маңызды стратегияға айналуда. Аймақтық интеграциялық жағдайлардың белгісіздігіне, асимметриялық даму нәтижелеріне қарамастан үкіметаралық аймақтық ынтымақтастықты қарастыруда таңдалған екі ұйымға да тең дәрежеде үлкен қызығушылық тудыратыны сөзсіз. Ұсынылып отырған жұмыс ЕАЭО және МЕРКОСУР бірлестіктері форматындағы интеграциялық үдерістердің ағымдағы жай-күйін, мақсаттары мен нәтижелерін салыстыруға, қатысушы елдер, оның ішінде Қазақстан үшін де аймақтық интеграцияның мүмкіндіктері мен тәуекелдерін анықтауға бағытталған. Өз кезегінде, интеграцияның баламалы үлгілері ретінде МЕРКОСУР мен ЕАЭО даму ерекшеліктерін анықтау басқа аймақтардың тәжірибесін ескере отырып, Қазақстанға өзгермелі әлемдік тәртіп жағдайында өзінің даму стратегиясын әзірлеуде пайдалы болуы мүмкін. Әрүрлі саяси және экономикалық жүйесі бар елдердің интеграциялық бірлестіктер аясында өзара әрекеттесуін түсіну үшін интеграциялық үдерістерді зерттеу аясында мұндай жұмыстардың маңыздылығы ерекше. Бұл ұлттық және ұлтүсті мүдделер арасындағы тепе-теңдікті табуда аса маңызды. Зерттеу нысаны – МЕРКОСУР және ЕАЭО-дағы интеграциялық үдерістер. Зерттеу пәні – МЕРКОСУР мен ЕАЭО-дағы аймақтық интеграцияның барысын түсіндіретін экономикалық, саяси, тарихи-мәдени, стратегиялық факторлар. Зерттеу мақсаты. ЕАЭО және МЕРКОСУР кеңістігіндегі интеграциялық үдерістердің жағдайы мен перспективаларына салыстырмалы талдау жүргізу, олардың әлеуеті мен жаңа жаһандық жағдайдағы негізгі қауіптерін анықтау. Осы мақсатқа жету үшін төмендегідей міндеттер қойылды: 1. ЕАЭО және МЕРКОСУР шеңберіндегі интеграциялық үдерістерді зерттеудің концептуалды тәсілдерін анықтау.2. Интеграциялық үдерістердің трендтерін, үлгілерінің эволюциясын, факторлары мен тетіктерін зерттеудің теориялық құралдарын айқындау. 3. ЕАЭО және МЕРКОСУР интеграциялық құрылымдарының институционалдық ерекшеліктеріне салыстырмалы талдау жүргізу. 4. ЕАЭО және МЕРКОСУР шеңберіндегі экономикалық өзара тәуелділікті және оның интеграциялық үдерістердің тиімділігіне әсерін бағалау; 5. ЕАЭО және МЕРКОСУР қызметі аясында туындайтын саяси теңгерімсіздіктерді зерттеу. 6. МЕРКОСУР интеграциялық құрылымдарындағы аймақтық тұтастық пен көшбасшылық мәселелерін анықтау. 7. Ресейдің басымдық рөліне баса назар аудара отырып, ЕАЭО-дағы аймақтық тұтастық пен көшбасшылық мәселелерін талдау. 8. ЕАЭО және МЕРКОСУР шеңберінде интеграцияны дамытудың кедергілері мен болашағына салыстырмалы бағалау жүргізу. Зерттеудің хронологиялық шеңбері 1990-жылдардың басынан қазіргі уақытқа дейінгі кезеңді қамтиды. Зерттеудің ғылыми жаңалығы оның әлі жеткілікті зерттелмеген және дамымаған тақырыпқа арналуында, жаңа геосаяси шындықтардың өзгеруі жағдайында ЕАЭО және МЕРКОСУР интеграциялық құрылымдарын салыстырмалы зерттеудің алғашқы талпыныстарының бірі болуымен анықталады: 1. МЕРКОСУР және ЕАЭО аясында интеграциялық ынтымақтастықты институционалдандыруға қатысты нормативтік құжаттардың өңделіп, алғаш рет ғылыми айналымға енгізілді. 2. Салыстырмалы талдау нәтижесінде Қазақстанның саяси және экономикалық қатынастарын әртараптандыру стратегияларын әзірлеуде үлкен маңызы бар интеграцияның баламалы үлгілері анықталды. 3. Зерттелетін екі аймақтағы интеграциялық үдерістердің сипаттамалары мен бағасының берілуі, Қазақстанның аймақтық және жаһандық нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін объективті бағалауға, интеграцияның мүмкіндіктері мен шектеулерін болжауға, ЕАЭО шеңберінде интеграция күн тәртібін қалыптастыруға және ұлттық мүдделерді нақты қорғауға мүмкіндік береді. 4. Интеграциялық үдерістерге ірі державалардың (ЕАЭО-дағы Ресей немесе АҚШ-тың МЕРКОСУР-дағы) ықпалы анықталды, ол Қазақстан үшін трансформацияланатын геосаяси жағдай контекстінде интеграциялық стратегия мен тактиканың ерекшеліктерін анықтайды. Зерттеу жұмысының әдістемесі. Қарастырылатын мәселелердің әртүрлі аспектілеріне арналған отандық және шетелдік авторлардың тұжырымдамалары құрайды. Зерттеудің әдістемелік негізі құрылымдық-функционалдық көзқарасқа негізделген. Диссертациялық жұмыста жүйелік (Д.Истон) және құрылымдық-функционалдық талдау (Г.Алмонд) әдістері, көп факторлы (деңгейлі) басқару теориясының ережелері қолданылады. Жүйелі тәсіл әдісі әрбір серіктес елдің тәсілдерін және оның геосаяси және геоэкономикалық координаттардың заманауи жүйесіндегі орнын сипаттауға мүмкіндік береді. Интеграциялық үдерістердің дамуының болжамын олардың тарихын, дәстүрлерін, тенденцияларын қарастырып, жүйенің параметрлері мен элементтерінің өзгеру ықтималдығын ескере отырып жүзеге асыруға болады. Бұл логика SWOT талдауын қолдану қажеттілігіне әкелді. Осының негізінде ЕАЭО және МЕРКОСУР дамуының шарттары мен перспективаларын бағалау мақсатында SWOT талдауы жүргізілді. Құрылымдық-функционалдық талдау әдісі құрылымды (жүйенің элементтерін және олардың өзара байланысын) және функцияларын (элементтер орындайтын рөлдер мен міндеттер) зерттеуге негізделген күрделі жүйелерді зерттеу тәсілі ретінде қолданылды. Бұл тәсіл құрылымның функциялардың орындалуына, ал функциялардың құрылымдағы өзгерістерге қалай әсер ететінін анықтауға мүмкіндік береді. МЕРКОСУР және ЕАЭО сияқты интеграциялық жобалардың құрылымдық-функционалдық талдауы олардың ұйымдық құрылымының ерекшеліктері негізгі функцияларды орындауға қалай әсер ететінін анықтауға, сондай-ақ олардың жұмысының тиімділігін бағалауға мүмкіндік береді. Көпфакторлы (деңгейлі) басқару тәсілі – әртүрлі факторлар мен өзара әрекеттесу деңгейлерін ескере отырып, күрделі жүйелерді немесе жобаларды талдауға мүмкіндік беретін тәсіл. МЕРКОСУР және ЕАЭО сияқты интеграциялық жобаларды талдауда көп факторлы басқару әдісін қолдану олардың даму динамикасын кешенді бағалауға, негізгі мәселелерін және оларды шешу жолдарын анықтауға мүмкіндік береді. Бұл интеграциялық үдерістердің тиімділігін және олардың ұзақ мерзімді перспективада тұрақтылығын арттыруда аса маңызды болып табылады. Себеп-салдар факторларының жиынтығын көрсететін салыстырмалы талдау әдістері қолданылды. Салыстырмалы талдау әдісі негізгі белгілер мен заңдылықтарды анықтауда объектілер, үдерістер немесе құбылыстар арасындағы ұқсастықтар мен айырмашылықтарды зерттеуге мүмкіндік береді. Салыстырмалы талдау әдісінің негізгі кезеңдері салыстыру критерийлерін анықтауды, жобалар бойынша мәліметтерді жинауды, ұқсастықтар мен айырмашылықтарды салыстыруды және анықтауды, интеграцияның сәтті немесе сәтсіздігіне әсер ететін факторларды анықтауды қамтыды. Ынтымақтастықтың нормативтік-құқықтық базасын зерттеу құжаттарды сапалы талдау әдісі негізінде контент талдауы жүзеге асырылды. Атап айтқанда мүше елдердің экономикалық даму градиенттеріне қатысты статистикалық мәліметтерді талдауды қолдану кезінде және ЕАЭО және МЕРКОСУР материалдары негізінде жүзеге асырылады. Зерттеу жұмысының теориялық және тәжірибелік маңызы. Диссертациялық жұмыстың негізгі тұжырымдары мен қорытындылары халықаралық қатынастар, аймақтану, саясаттану мамандарына қазіргі халықаралық қатынастар жүйесін қалыптастыратын үдерістерді сараптауда пайдалы. Бұл зерттеу жұмысының материалдары мен нәтижелерін Қазақстан Республикасының дипломатиялық ведомствосы мен басқа да мемлекеттік мекемелері ЕАЭО қатысты сыртқы саясатты жобалау кезінде, ұсыныстар ретінде қабылдауы мүмкін. Диссертациялық материалдар осы күрделі ғылыми мәселені одан әрі зерттеу процесінде, сондай-ақ саясаттану, әлемдік саясат, геосаясат курстарын оқытуда пайдаланылуы мүмкін. Зерттеу жұмысында төмендегідей негізгі гипотеза айқындалады: МЕРКОСУР мен ЕАЭО аясындағы интеграциялық үдерістер, ең алдымен, ішкі экономикалық немесе саяси қажеттіліктермен емес, сыртқы талаптар мен геосаяси ықпалдармен қалыптасқан және солай дамып келеді. Осыған сәйкес бұл блоктар ішкі интеграциялық қажеттіліктерге немесе аймақішілік бірігуден гөрі, жаһандық қуат динамикасына, сауда қысымына және стратегиялық серіктестіктерге басымдық береді. Автор қорғауға ұсынатын тұжырымдар ретінде төмендегілерді бөліп көрсету қажет деп санайды: 1. Неофункционализм және либералдық үкіметаралық көзқарас сияқты классикалық интеграциялық теориялар МЕРКОСУР мен ЕАЭО интеграциялық үдерістері контекстінде шектеулі түсіндіру күшіне ие. Керісінше, неореализм, конструктивизм және президенциализм жаңа аймақшылдық теориялары ұлттық мүдделердің рөлін, аймақтық тұтастық және интеграциялық үдерістерді құру мен қолдаудағы саяси элиталардың рөлін ескере отырып, осы аймақтардағы интеграциялық үдерістердің ерекшеліктерін айқын түсіндіру күшіне ие. 2. Посткеңестік кеңістік және Оңтүстік Америкадағы интеграциялық үдерістерді зерттеудің баламалы тәсілдерінің қажеттілігі маңызды. ЕАЭО және МЕРКОСУР интеграциялық үдерістердің қалыптасуы, дамуы және қызметі интеграцияның классикалық теориялары ұсынатын экономикалық өзара тәуелділік және саяси құрылымдық сипаттамаларға негізделген түсініктемелер шеңберінен шығады. Геосаяси, өркениеттік және әлеуметтік-экономикалық талдау элементтерін біріктіретін кешенді тәсіл осы бірлестіктердің ерекшеліктерін жақсы түсінуге мүмкіндік береді. Бұл тәсіл оларды одан әрі дамыту бойынша тиімдірек ұсыныстар әзірлеуге ықпал етеді. 3. ЕАЭО мен МЕРКОСУР-тың институционалдық дамуы олардың құрылтай құжаттарында көрсетілген деңгейге жеткен жоқ: ЕАЭО экономикалық одақ функцияларын толық жүзеге асырмады, ал МЕРКОСУР толыққанды ортақ нарық мәртебесінен алшақ қалып отыр. 4. Экономикалық өзара тәуелділік сұраныс шарты ретінде ЕАЭО және МЕРКОСУР аймағындағы аймақтық интеграцияның қызметіне қажетті фактор болып табылмайды. ЕАЭО шеңберінде мүше елдердің экономикалық өзара тәуелділігі шектеулі, өйткені олардың арасындағы сауда ағындары көбінесе Қытай мен ЕО сияқты сыртқы сауда серіктестерінен көлемі жағынан төмен. МЕРКОСУРда Бразилия мен Аргентина сияқты елдердің экспорттық құрылымдары ұқсас, бұл өзара саудаға ішкі сұранысты азайтады. Бұл бірлестіктердің жұмыс істеуі өзара тәуелділікпен емес, саяси және стратегиялық мақсаттармен қамтамасыз етіледі. Қосымша фактор халықаралық аренада өз ұстанымдарын нығайту мақсатында қатысушы елдерді аймақтық интеграцияны сақтауға ынталандыратын сыртқы сын-қатерлер мен қысымдар болып табылады. 5. ЕАЭО және МЕРКОСУР мүше-мемлекеттері арасындағы көлем, экономикалық ықпал ету деңгейі және саяси мүдделері айтарлықтай теңгерімсіздікпен сипатталады. Бұл өкілеттіктерді бөлуде асимметрияны тудырады, келісілген саясат жүргізу мүмкіндігін шектейді және осы ұйымдар аясында аймақтық интеграцияның тұрақты дамуына қол жеткізуге кедергі келтіреді, интеграцияны тежейді. 6. МЕРКОСУР-дың интеграциялық дамуы аймақтық тұтастықтың, Бразилияның гегемон ел ретіндегі рөлінің және интеграциялық үдерістерді құруға және ілгерілетуге белсенді қатысатын саяси элиталардың мүдделерінің бірлескен әсерімен анықталады. Интеграцияның тұрақтылығы мен динамикасы көп жағдайда Бразилияның аймақтық ынтымақтастықты сақтауға және дамытуға мүдделілік дәрежесіне байланысты. Бразилия аймақтың ең ірі экономикасы ретінде сыртқы саясатқа, сауда келісімдеріне және ішкі реформаларға әсер ететін интеграциялық процестерге айтарлықтай әсер етеді. 7. ЕАЭО-ның интеграциялық жолы аймақтық тұтастыққа, Ресейдің гегемондық ел ретіндегі рөліне және мүше елдердің басқарушы элиталарының саяси еркіне негізделген. Алайда, ЕАЭО интеграциясының динамикасы көшбасшылық мәртебесі Украинадағы соғыс және оның санкциялардан туындаған экономикалық салдары сияқты факторлармен қиындайтын Ресейдің мүддесіне айтарлықтай тәуелді. 8. МЕРКОСУР және ЕАЭО аясындағы интеграцияның кедергілері мен болашағын салыстырмалы бағалау бұл интеграциялық жобалардың әртүрлі дәрежедегі дамуына ішкі және сыртқы факторлар әсер ететінін көрсетеді. Олардың ішінде басқару құрылымдары, мүше мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастардың сипаты, сыртқы экономикалық қысымдар, сондай-ақ саяси тұрақсыздық, экономикалық теңсіздік және геосаяси жағдайлар басты рөл атқарады. Зерттеудің ең маңызды нәтижелері 10 басылымда берілген. Диссертацияның құрылымы мен көлемі. Диссертациялық жұмыстың құрылымы қойылған мақсат пен міндеттермен анықталған. Зерттеу жұмысы белгілеулер мен қысқартулардан, кіріспеден, үш бөлімнен, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады. Диссертациялық зерттеудің жалпы көлемі 122 бетті құрайды.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://www.youtube.com/watch?v=nAQHuuB8K4c&t=13s
