
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Ван Лулу «8D03106 – Саясаттану» білім беру бағдарламасы бойынша «Саяси басқарудағы Қазақстан мен Қытай партия жүйесінің ерекшеліктері» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Саясаттану кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - орыс тілінде
Ресми рецензенттер:
Кушкумбаев Санат Кайрслямович – саяси ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері. Мамандығы: «23.00.02 – Саяси институттар, этносаяси конфликтология, ұлттық мүдделер және саяси процестер мен технологиялар» (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Кожирова Светлана Басейовна – саяси ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Шығыстану институтының бас ғылыми қызметкері. Мамандығы: «23.00.02 – Саяси институттар, этносаяси конфликтология, ұлттық мүдделер және саяси процестер мен технологиялар» (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Болысбек Мухаммед Әбдіәшімұлы – философия докторы (PhD), «АМАНАТ» партиясы Астана қалалық филиалының атқарушы хатшысы. Мамандығы: «6D050200 – Саясаттану» (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Калиев Ильдар Абужанович – саяси ғылымдарының кандидаты, «Торайғыров университеті», Философия және әлеуметтік ғылымдар кафедрасының профессоры. Мамандығы: «23.00.02 – Саяси институттар, этносаяси конфликтология, ұлттық мүдделер және саяси процестер мен технологиялар» (Павлодар қ., Қазақстан Республикасы).
Нугманова Карлыгаш Жандильдиновна – саяси ғылымдарының докторы, профессор, «Шығыс-Батыс» халықаралық геосаяси болжамдау орталығының президенті, «Астана саяси зерттеулер қауымдастығы» директоры. Мамандығы: «23.00.02 – Саяси институттар, этносаяси қақтығыстар, ұлттық мүдделер және саяси процестер мен технологиялар» (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Ғылыми кеңесшілері:
Калашникова Наталья Павловна – саяси ғылымдар докторы, профессор, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ҚХА кафедрасының меңгерушісі (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Погодин Сергей Николаевич – тарих ғылымдарының докторы, профессор, Петр Великий атындағы Санкт-Петербург политехникалық университетінің Гуманитарлық институты Халықаралық қатынастар жоғары мектебі (Санкт-Петербург қ., Ресей Федерациясы).
Қорғау 2025 жылғы 4 қараша, сағат 15:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D03106 – Саясаттану» білім беру бағдарламасы бойынша «8D031 – Әлеуметтік ғылымдар» кадрларды даярлау бағытытындағы диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес отырысы офлайн және Zoom платформасында онлайн өтеді.
Сілтемесі: https://us06web.zoom.us/j/8114174324?pwd=dVhvaFdrUm9hRll6eTBsclhybUtvZz09
Конференцияның идентификаторы: 811 4174 324, Кіру коды: DC9hpA
Мекен-жайы: Астана қаласы, Қ. Сәтпаев көшесі, 2, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің бас ғимараты, 206 – аудитория.
Аңдатпа (қаз.): Философия ғылымдарының докторы (PhD) ғылыми дәрежесін «8D03106 – Саясаттану» білім беру бағдарламасы бойынша алуға ұсынылған Ван Лулудың «Саяси басқарудағы Қазақстан мен Қытай партия жүйесінің ерекшеліктері» атты диссертациялық жұмысына АННОТАЦИЯ Зерттеу тақырыбының өзектілігі Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасында саяси басқаруда партиялардың жоғары рөлімен байланысты. Қазақстан мен Қытайдағы саяси партиялардың қызметін және партиялық жүйелерін зерттеу әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар, әсіресе саясаттану үшін маңызды міндет болып табылады. Мұндай зерттеулерсіз зерттеліп отырған елдердің саяси жүйелерін жаңғыртуы, халықаралық ынтымақтастық пен дипломатияның дамуын ескере отырып, Қазақстан мен Қытайдағы саяси басқару мүмкіндіктерінің толыққанды көрінісін жасау мүмкін емес. Ұлттық доминантты жүйе жағдайындағы саяси құрылымдардың ерекшелігі саяси партиялардың ерекше рөлінен байқалады: олар мемлекет пен қоғам арасындағы байланыстырушы буын ретінде әрекет етеді, сондай-ақ саяси қоғам мен саяси басқару жүйесінің жұмыс істеуінде маңызды рөл атқарады. Саяси партиялар мемлекеттік биліктің жүзеге асырылуын қадағалайды және оның іске асырылуына белсенді қатысады, осылайша қоғамдық-саяси үдерісте және қоғамның әлеуметтік-саяси өмірінде орталық орын алады. Қазіргі жағдайда саяси партиялар жүйесін, олардың саяси басқарудағы, партиялық құрылыстағы және мемлекет дамуының рөлін, мемлекеттік саясатқа қатысу нысандарын және мақсаттарды жүзеге асыру тәсілдерін зерделеу одан сайын өзекті бола түсуде. Қытай Халық Республикасы құрылған сәттен бастап және Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алғанынан бері екі ел де өздерінің партиялық жүйелерін қалыптастыру мен дамытуда елеулі тәжірибе жинақтады. Бұл тәжірибеге көппартиялықтың артықшылықтары мен сын-қатерлерін ұғыну, сондай-ақ саяси партиялардың мемлекеттік басқару және парламенттік қызмет үдерістеріне қатысуы кіреді. Диссертацияда жүргізілген салыстырмалы-саяси талдау Қытай Халық Республикасында Коммунистік партия басшылығымен көппартиялық ынтымақтастық жүйесін дамытудың жаңа нысандарын, құралдары мен институционалдық тетіктерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы көппартиялық жүйенің қызмет ету ерекшеліктерін, соның ішінде екі елдің халықаралық деңгейде партияаралық ынтымақтастыққа деген өсіп келе жатқан қызығушылығын айқындайды. Саяси партияларды зерттеу осы маңызды консолидирленген демократия институтының айрықша сипаттарын, сондай-ақ елдердің партиялық жүйесінің эволюция жолдарын анықтауға мүмкіндік береді. Бұл азаматтық қоғам институттарының дамуы тұрғысынан, оның ішінде саяси партиялардың азаматтық қоғамның құрамдас бөлігі ретіндегі маңызын ескере отырып, аса маңызды болып табылады. Осылайша, аталған зерттеудің өзектілігі бірнеше факторлармен айқындалады. Біріншіден, Қытайдың саяси партиялық жүйесі көбіне бірпартиялық жүйе ретінде сипатталады, алайда сегіз демократиялық партияның рөлі жеткілікті назарға алынбайды. Ресми түрде ҚХР-да Қытай Коммунистік партиясының басшылығымен көппартиялық ынтымақтастық пен саяси консультациялар жүйесі жұмыс істейді. Қазақстан Республикасында көппартиялық жүйе қызмет етеді, бірақ оның аясында партиялық доминацияның белгілері байқалады. Бұл модельдерді салыстырмалы талдау әртүрлі партиялық құрылымдардың саяси басқару тетіктеріне және саяси биліктің тұрақтылығына ықпалын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Екіншіден, Қазақстан мен Қытай Орталық Азияда маңызды рөл атқарады және Шанхай ынтымақтастық ұйымы, «Бір белдеу – бір жол» бастамасы, Еуразиялық экономикалық одақ, Түркі мемлекеттері ұйымы, БРИКС және басқа да халықаралық алаңдар аясында белсенді өзара іс-қимыл жасайды. Зерттеліп отырған елдердің ішкі саяси құрылымын терең ғылыми тұрғыдан түсіну олардың сыртқы саясатын және мемлекетаралық қатынастарын талдау үшін үлкен маңызға ие. Үшіншіден, жаһандану, цифрландыру және геосаяси тұрақсыздық жағдайында Қазақстан мен Қытайдың алдында мемлекеттік басқаруды реформалау, биліктің заңдылығын нығайту және мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру міндеттері тұр. Бұл елдердің партиялық жүйелерін талдау көрсетілген сын-қатерлердің саяси институттардың жұмыс істеуіне қалай әсер ететінін айқындауға мүмкіндік береді. Төртіншіден, Қазақстан мен Қытайдың саяси дамуы мен мемлекеттілігін қалыптастыруда билікті орталықтандыру, көшбасшылық институтын күшейту және ішкі партиялық тәртіпті нығайту үрдістері байқалады. Бұл үдерістерді зерттеу саяси режимнің тұрақтылығы контексінде авторитарлық трансформация мен жаңғыртудың ықпал ету ерекшеліктерін анықтауға мүмкіндік береді. Зерттеу нысаны: Қазақстан Республикасының және Қытай Халық Республикасының партиялық жүйелері саяси басқару контексінде. Зерттеу пәні: екі елдің партиялық жүйелерінің қалыптасу, даму және қызмет ету үдерістері мен олардың саяси басқарудағы рөлі, соның ішінде мемлекеттік және өңірлік деңгейлер. Зерттеудің мақсаты мен негізгі міндеттері. Зерттеудің мақсаты – Қазақстан мен Қытайдағы партиялық жүйелердің құрылымы мен қызмет етуін және олардың саяси басқару үдерістеріне ықпалын кешенді түрде талдау. Қойылған мақсатқа жету үшін жұмыста мынадай негізгі ғылыми-қолданбалы міндеттер шешілді: 1.Саясаттанудағы пікірталастарды ескере отырып, «партия», «партиялық жүйе», «саяси басқару» сияқты негізгі ұғымдар айқындалды. 2.Партиялық жүйелерді және олардың саяси басқаруға ықпалын зерттеудің теориялық-әдіснамалық негіздері ашылды. 3.Екі ел мысалында партиялық жүйелердің даму үдерістері мен олардың қызметін құқықтық-нормативтік реттеу зерттелді. 4.Қазақстан мен Қытайдағы партиялық жүйелердің ерекшеліктері, құрылымы, үлгілері халықаралық партияқұру тәжірибесі контексінде талданды. 5.Қазақстан мен Қытай партиялық жүйелерінің үлгілеріне салыстырмалы талдау жүргізіліп, олардың ортақ белгілері мен айырмашылықтары анықталды. 6.Партиялардың саяси басқару үдерісінде мемлекеттік институттармен өзара іс-қимыл тетіктері зерттелді. 7.Қазақстан мен Қытай партия жетекшілерінің қазіргі әлеуметтік-саяси үдерістерге және халықаралық күн тәртібіне ықпалы мен рөлі талданды. 8.Әлемдік тәжірибе мен елдік ерекшеліктерді ескере отырып, партиялық жүйелерге ғылыми тұрғыдан және саяси талдау жасауға, сондай-ақ олардың электоралдық ландшафтқа ықпалын бағалауға қатысты ұсыныстар әзірленді. Зерттеудің теориялық және әдіснамалық негіздері. Қазақстан мен Қытайдағы партиялық жүйенің саяси басқарудағы ерекшеліктерін зерттеу билік жүйесіндегі партиялардың құрылымын, функцияларын және рөлін түсінуге бағытталған кең ауқымды саясаттанулық тұжырымдамаларға сүйенеді. Дэвид Истон еңбектерінде көрініс тапқан классикалық саяси жүйе теориясы партияларды қоғам мен мемлекетті байланыстыратын саяси жүйенің негізгі элементтері ретінде қарастырады. Осы призманың аясында саяси әлеуметтендіру, мүдделерді артикуляциялау мен агрегаттау, саяси мәдениет және кері байланыс тетіктері талданады. Қойылған мақсат пен міндеттерді жүзеге асыруда Джованни Сартори мен Морис Дюверженің партиялық жүйелердің типологиясын және олардың саяси режимнің тұрақтылығына ықпалын талдауға арналған тұжырымдамалары аса қолайлы. Зерттеу контексінде олардың теориялары Қазақстан мен Қытай партиялық жүйелерін классикалық үлгілерге жіктеуге, сонымен қатар жаңа көппартиялық ынтымақтастық жүйесінің (Қытай) және үстем партиялық жүйенің (Қазақстан) ерекшеліктерін талдауға мүмкіндік береді. Зерттелетін мемлекеттердің саяси режимдерінің ерекшеліктерін ескере отырып, жұмыста С. Левицки, Л. Вэй және Л. Даймонд әзірлеген авторитаризм мен гибридті режимдер тұжырымдамалары қолданылды. Бұл тәсілдер саяси бақылау тетіктерін, режимнің тұрақтылығын, сондай-ақ зерттелетін саяси жүйелердегі партиялық биліктің институционалдану деңгейін қарастыруға мүмкіндік береді. Зерттеудің әдіснамалық негізі: ‒ партиялық жүйені мемлекеттің саяси тетігінің элементі ретінде тұтас қабылдауды қамтамасыз ететін жүйелік тәсіл; ‒ партиялардың құрылымын, функцияларын және олардың басқа саяси институттармен өзара әрекеттесуін талдауға мүмкіндік беретін институционалдық тәсіл; ‒ Қазақстан мен Қытайдың саяси және партиялық жүйелерін салыстырмалы талдауды қамтамасыз ететін салыстырмалы-саясаттанулық әдіс; ‒ қазіргі жағдайда саяси жүйелердің жұмыс істеуін және жүйелік жаңғыртудың қажеттілік себептерін талдайтын саяси талдау; ‒ саяси партиялардың қызметін реттейтін нормативтік-құқықтық құжаттарды, олардың сайлау процестеріне және квоталауға ықпалын эмпирикалық талдау. Зерттеу барысында тарихи-логикалық әдіс, нормативтік-құқықтық актілер мен саяси партиялардың ресми бағдарламаларын контент-талдау, сондай-ақ дискурстық талдау элементтері қолданылды. Аталған теориялық және әдіснамалық тәсілдердің жиынтығы Қазақстан мен Қытайдың партиялық жүйелерінің ерекшеліктерін және олардың қазіргі заманғы сын-қатерлер мен трансформация жағдайындағы саяси басқаруға ықпалын жан-жақты қарастыруды қамтамасыз етеді. Диссертациялық зерттеудің ғылыми жаңалығы қазіргі саяси ғылымда саяси партиялардың саяси басқару жүйесіндегі рөлін талдауға арналған кешенді зерттеулердің іс жүзінде болмауымен айқындалады, әсіресе Қазақстан мен Қытайдың партиялық жүйелерін салыстырмалы түрде зерттеу контекстінде. Ұсынылып отырған жұмыс трансформациялық үдерістер жағдайында саяси тұрақтылықты, басқарылуды және биліктің институционалдануын қамтамасыз ететін институттар ретіндегі партиялардың қызметін теориялық-аналитикалық тұрғыда түсіндіреді. Жүргізілген зерттеудің ғылыми жаңалығы келесідей көрінеді: 1.«Саяси партия», «партиялық жүйе» және «саяси басқару» сияқты негізгі ұғымдардың қазіргі теориялық және институционалдық аспектілерін ескере отырып кешенді анықтамалары нақтыланды. 2.Екі елдегі партиялық құрылымдардың саяси басқарудың тұрақтылығын қамтамасыз етудің іргелі тетіктері ретіндегі жүйеқұраушы функциялары негізделді. Оларға билікті заңдастыру, кадрлық саясат, саяси әлеуметтендіру және идеологияны қайта өндіру кіреді. Бұл партияларды тек саяси бәсекелестіктің субъектілері ғана емес, сонымен қатар саяси тәртіптің институционалдық орталықтары ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. 3.Қазақстан мен Қытайдың партиялық жүйелерін кешенді талдауға арналған интегративті теориялық-әдіснамалық қаңқа қалыптастырылды. Ол партиялардың қос табиғатын – билік институттары ретінде және мемлекет пен қоғам арасындағы делдалдар ретінде – ашады. 4.Конституциялық-құқықтық талдау жүргізіліп, Қытай Халық Республикасында саяси тұрақтылық пен институционалдық лидерлікті қамтамасыз етудегі Қытай Коммунистік партиясының мәртебесін конституциялық тұрғыдан бекітудің іргелі рөлі айқындалды. Ал Қазақстан Республикасында нақты көппартиялық қағидатын жүзеге асырудағы жүйелік шектеулер анықталды. Бұл екі елдің партиялық-саяси конфигурациясының ерекшеліктерін және олардың саяси басқару тетіктеріне ықпалын негізді түрде анықтауға мүмкіндік береді. 5.Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының партиялық жүйелеріне салыстырмалы саяси зерттеу жүргізіліп, олардың негізгі ерекшеліктері, ұқсастықтары мен айырмашылықтары айқындалды, сондай-ақ бұл жүйелердің саяси басқарудың сипатына, саяси плюрализм деңгейіне және партияаралық бәсекелестіктің институционалдану дәрежесіне ықпалы бағаланды. 6.Алғаш рет Қазақстан мен Қытайды жүйелі түрде салыстыру жүргізіліп, әртүрлі саяси режимдерге қарамастан (құқықтық өрістегі көппартиялық және ынтымақтастық жүйесі бар бірпартиялық жетекшілік) партиялардың екі жағдайда да билік пен қоғам арасындағы делдалдық функцияны атқаратыны көрсетілді. Сонымен қатар зерттеу «батыстық емес үлгілердегі» (Қазақстан, Қытай) партия-мемлекет өзара іс-қимылының да өзіндік заңдылықтары бар екенін дәлелдейді. 7.Партия лидерлерінің партиялық тетіктер арқылы саяси жүйелердің трансформациясына қалай ықпал еткені айқындалды (мысалы, Н.Ә. Назарбаев — тәуелсіздікке бейімделу және бір партияның үстемдігі; Қ.К. Тоқаев — саяси плюрализмді институционалдандыруға және партиялық заңнаманы либерализациялауға бетбұрыс; Си Цзиньпин — жаһандану жағдайында партиялық жаңғыру және институционалдандыру). Бұл партиялық жүйедегі лидерліктің мемлекеттің орнықты дамуының векторын тікелей қалыптастыратынын көрсетеді. 8.Жаһандану мен цифрлық трансформацияның заманауи сын-қатерлері аясында ҚР мен ҚХР партиялық жүйелерінің даму перспективалары негізделді, саяси тұрақтылық пен институционалдық реформалар арасындағы теңгерімді сақтау қажеттігіне назар аударылды, бұл партиялық модельдерді XXI ғасырдың жаңа саяси және әлеуметтік шынайылықтарына бейімдеудің маңыздылығын айқындайды. Қорғауға шығарылатын тұжырымдар: 1.«Партия», «партиялық жүйе» және «саяси басқару» ұғымдарының ерекшелігі авторитарлық және өтпелі саяси режимдер аясында айқындалды, бұл саяси партиялардың өкілеттілік қызметімен қатар басқару, бақылау және мобилизацияны қамтитын функционалдық рөлінің кеңеюінен көрінеді. 2.Қазақстан Республикасындағы және Қытай Халық Республикасындағы партиялық құрылымдар саяси басқарудың тұрақтылығын қамтамасыз етуде негізгі функция атқарады, олар билікті легитимациялау, институционалдық бақылау және қоғамдық-мемлекеттік делдалдық құралы ретінде қызмет етеді. 3.Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының партиялық жүйелерін зерттеудің теориялық-методологиялық тәсілдері саяси партиялар бәсекелес субъектілер ретінде емес, саяси басқарудың жүйеқұраушы элементтері ретінде қызмет ететін саяси режимдердің ерекшелігін ескеруді көздейді. 4.Қазақстан Республикасындағы және Қытай Халық Республикасындағы партиялық қызметті реттеудің конституциялық-құқықтық тетіктері шектеулі плюрализм моделін қалыптастыруды қамтамасыз етеді. Бұл модель институционалдық әртүрлілікті көздегенімен, доминантты партияның рөлін сақтауды қарастырады. 5.Қазақстан мен Қытайдың партиялық жүйелерінің ортақ белгісі – партиялардың мемлекет пен қоғам арасындағы делдалдықтағы институционалдық рөлі, сондай-ақ саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге және әртүрлі мүдделерді интеграциялауға бағытталуы. Айырмашылық билік пен партиялардың өзара әрекеттесу моделінде байқалады: Қазақстанда партиялық жүйе негізінен президенттік билікті институционалдық қолдау құралы ретінде қызмет етсе, Қытайда ол мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру үшін билеуші және демократиялық партиялардың ресурстарын үйлестіретін координациялық механизм ретінде әрекет етеді. Бұл әр елдегі биліктің тарихи эволюциясы мен конституциялық дизайнының ерекшеліктерін айқындайды. 6.Қазақстандағы партиялар мен мемлекеттің өзара әрекеттестігі «президенттік жетекшілік жағдайындағы партиялық жәрдем» моделіне тән, мұнда партиялар президенттік билік шешімдерін іске асыруда институционалдық делдалдық қызметін атқарып, мүдделерді біріктіру мен саяси жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Қытайда бұл үдеріс «ҚКП басшылығымен көпдеңгейлі үйлестіру» жүйесі арқылы жүзеге асады, онда билеуші партия стратегиялық жетекшілікті қамтамасыз етсе, демократиялық партиялар сараптамалық және консультациялық қолдау көрсетеді, бұл мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырады. 7.Қазақстандағы партия лидерлерінің рөлі саяси тұрақтылық пен әлеуметтік бірігуді қамтамасыз етуге бағытталған интегративті лидерлікті институционалдандыруда көрініс табады; мемлекеттік саясатты жекелендірілген және партиялық қолдау арқылы олар саяси курстың сабақтастығын және институционалдық тетіктердің ішкі сын-қатерлерге бейімделуін қамтамасыз етеді. Қытайда партия лидерлерінің рөлі трансформациялық және стратегиялық басшылық стратегиясында байқалады, онда партиялық басшылық институционалдандырылған арналар (партиялық институттар мен саяси консультациялар тетіктері) арқылы ішкі жаңғырту күн тәртібін қалыптастырып, сыртқы саяси бастамаларды халықаралық аренада проактивті түрде ілгерілетеді. 8.Қазақстан мен Қытайдың партиялық жүйелерінің эволюциясы саяси жаңғырту үдерістерімен тығыз байланысты. Қытайда партиялық модель жаңа сын-қатерлерге партиялық тәртіпті күшейту және партиялық басқаруды цифрландыру арқылы бейімделсе, Қазақстанда жаңғырту азаматтардың саяси өмірге қатысуын кеңейтуге бағытталған институционалдық реформалар арқылы көрініс табады, сонымен қатар жетекші партияның негізгі рөлі сақталады. Диссертацияның апробациясы. Диссертациялық зерттеудің негізгі нәтижелері автордың 14 жарияланымында көрініс тапты, оның 1-еуі – Scopus базасына енгізілген халықаралық рецензияланатын ғылыми журналда жарық көрді (Proceedings of Topical Issues in International Political Geography (TIPG 2023); 4 мақала – уәкілетті орган ұсынған ғылыми журналдарда; 4 мақала – шетелдік ғылыми журналдарда, соның ішінде Ресейдің ВАК журналы; 5 мақала – халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялардың материалдар жинақтарында жарияланды. Жұмыстың құрылымы. Диссертациялық жұмыс кіріспеден, төрт бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланылған дереккөздер тізімінен және қосымшалардан тұрады.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://www.youtube.com/watch?v=nVYVqRFiUm4
