
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Калдыбекова Айдана Джаркинбековна «8D03106 – Саясаттану» білім беру бағдарламасы бойынша «Пост-шындықтың қоғамдық санаға идеологиялық әсері: халықаралық тәжірибе және Қазақстан» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Саясаттану кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Алтыбасарова Мейрамгүл Армияновна – саяси ғылымдарының кандидаты, Торайғыров университеті, Философия және әлеуметтік ғылымдар кафедрасының профессоры. Мамандығы: «23.00.02 – Саяси институттар, этносаяси конфликтология, ұлттық мүдделер және саяси процестер мен технологиялар» (Павлодар қ., Қазақстан Республикасы).
Симтиков Жомарт Кудайбергенович – саяси ғылымдарының докторы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, профессор, саясаттану және әлеуметтік-философиялық пәндер кафедрасының меңгерушісі. Мамандығы: «23.00.02 – Саяси институттар, этносаяси конфликтология, ұлттық мүдделер және саяси процестер мен технологиялар» (Алматы қ., Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Болысбек Мухаммед Әбдіәшімұлы – философия докторы (PhD), «АМАНАТ» партиясы Астана қалалық филиалының атқарушы хатшысы. «6D050200-Саясаттану» (Астана, Қазақстан Республикасы).
Нусипова Арайлым Умарходжаевна – философия докторы (PhD), Халықаралық білім беру корпорациясы Жалпы құрылыс факультетінің әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар кафедрасының қауымдастырылған профессоры (ҚазБСҚА). Мамандығы: «6D050200 – Саясаттану» (Алматы қ., Қазақстан Республикасы).
Пұсырманов Нұрбек Серікұлы – философия докторы (PhD), ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі «Мемлекет тарихы институты» Республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры, мамандығы «6D050200-Саясаттану» (Астана, Қазақстан Республикасы).
Ғылыми кеңесшілері:
Жанпейісова Қарғаш Далелханқызы – саяси ғылымдарының кандидаты, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Саясаттану кафедрасының доценті, Мамандығы: «23.00.02 – Саяси институттар, этносаяси конфликтология, ұлттық мүдделер және саяси процестер мен технологиялар» (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Өзбек Синан – философия докторы (PhD), профессор, Коджаэли университеті, философия кафедрасының меңгерушісі (Измит қ., Түркия Республикасы).
Қорғау 2025 жылғы 1 желтоқсан, сағат 15:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D03106 – Саясаттану» мамандығы бойынша «8D031 – Әлеуметтік ғылымдар» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңестің отырысы оффлайн және Zoom платформасында онлайн режимде өтеді.
Сілтемесі: https://us06web.zoom.us/j/8114174324?pwd=dVhvaFdrUm9hRll6eTBsclhybUtvZz09
Идентификатор конференции: 811 4174 324
Код доступа: DC9hpA
Мекен-жайы: Астана қаласы, Қ. Сәтбаев көшесі, 2, 302-аудитория.
Аңдатпа (қаз.): Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Саясаттану кафедрасы «8D03106 – Саясаттану» білім беру бағдарламасы докторанты Калдыбекова Айдана Джаркинбековнаның философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін «Пост-шындықтың қоғамдық санаға идеологиялық әсері: халықаралық тәжірибе және Қазақстан» тақырыбына арналған диссертациялық жұмысының АННОТАЦИЯСЫ Зерттеу тақырыбының өзектілігі. XXI ғасырда пост-шындық феномені саяси және медиа шындықтың ажырамас бөлігіне айналып, қоғамдық пікір қалыптастыру, билікті легитимдеудің тетіктері мен идеологиялық тәжірибелерді түбегейлі өзгертті. Бұл ұғым алғаш рет Ұлыбританиядағы Еуроодақтан шығу туралы референдум (Brexit) мен 2016 жылғы АҚШ-тағы президент сайлауы кезінде ғылыми және қоғамдық дискурстың назарында болды. Аталған оқиғалар кезінде жалған ақпараттың кең таралуы, эмоциялық манипуляция мен субъективті интерпретациялардың басымдығы шындықты, логиканы және ғылыми дәлелдерді екінші орынға ысырып, қоғамдық сананы басқарудың жаңа кезеңіне жол ашты. Бастапқыда бұл феномен Батыс елдеріне тән саяси мәдениеттің ерекшелігі ретінде қарастырылғанымен, уақыт өте келе пост-шындық жаһандық сипатқа ие болды. Цифрлық медианың қарқынды дамуы, әлеуметтік желілердің үстемдігі және ақпаратты сүзгіден өткізбей қабылдау – Қазақстанды да осы идеологиялық ықпалға бейім етті. Цифрлық кеңістіктің ашықтығы және ақпараттық сауаттылық деңгейінің әркелкілігі еліміздің ақпараттық тұрақтылығына қауіп төндіре бастады. Қазақстанда пост-шындықтың алғашқы ірі көріністерінің бірі – COVID-19 пандемиясы кезіндегі ақпараттық дағдарыс болды. Бұл кезеңде халық арасында жалған ақпараттар, конспирологиялық теориялар, вакцинаға қарсы жалған мәліметтер және антисциентистік көзқарастар кең таралып, ресми дереккөздерге деген сенім төмендеді. Бұл ақпараттар, көбінесе, ғылыми фактілер мен рационалды дәлелдерге емес, эмоциялық әсерге, жеке сенімге және когнитивтік бұрмалауға негізделді. Мысалы, қауіптілікті асыра көрсету, қорқыныш тудыру немесе жалған «балама» емдерге сендіру секілді тәсілдер фейк мазмұнның негізгі әдістеріне айналды. Ақпараттың мұндай түрлері объективті шындықты бұрмалап қана қоймай, қоғамда фрагментация мен дүрбелең тудырды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдарламалық мақаласында бұл ахуалды былай сипаттады: «Қазіргі пандемия және соның салдарынан туындаған дағдарыс бүкіл әлемнің бұрын болмаған жаңа сынақтармен бетпе-бет келіп отырғанын анық көрсетті. Экономикалық, әлеуметтік, экологиялық, биологиялық және басқа да қатерлерге қоса, жер жүзіне жағымсыз идеологиялық вирустар да жайылып келеді». Мұнда пост-шындық тек ақпараттық қауіп емес, сонымен қатар құндылықтық, танымдық және ұлттық санаға қауіп төндіретін феномен ретінде сипатталады. Қазақстандағы пост-шындық феноменінің маңызды әрі айқын көріністерінің бірі – 2022 жылғы Қаңтар оқиғалары болды. Бұл кезеңде ақпараттық кеңістікте мақсатты түрде таралған бұрмаланған мәліметтер мен деструктивті нарративтер қоғамдық пікірге айтарлықтай ықпал етті. Жалған ақпараттар мемлекеттік институттардың легитимдігіне сенімсіздік тудыруға, жағдайды тұрақсыздандыруға және азаматтарды эмоциялық жағынан радикалдандыруға бағытталды. Ақпарат ағынының жылдамдығы, шынайы және жалған деректердің араласуы ресми ақпараттың уақытылы әрі тиімді жеткізілуіне кедергі келтірді. Осы кезеңдегі ақпараттық ахуал мемлекеттік құрылымдардың агрессивті пост-шындық феноменіне дайындық деңгейінің жеткіліксіздігін көрсетті. Фактілерді бұрмалау, оқиғаларды эмоциялық интерпретациялау, манипулятивтік мазмұндардың таралуы ресми көзқарастан бұрын қоғам санасына жетіп отырды. Нәтижесінде ақпараттық кеңістік идеологиялық күрес алаңына айналып, қоғамдық қабылдауға бақылау жүргізу үшін фейк пен ақпараттық арандату негізгі құралдарға айналды. Бұдан бөлек, пост-шындық феномені 2024 жылғы көктемгі су тасқынына байланысты қалыптасқан ақпараттық жағдай арқылы ерекше байқалды. Бұл кезеңде әлеуметтік желілер мен кейбір медиаресурстарда оқиғаны әсірелеп көрсету, себепсіз айыптау және мемлекеттік құрылымдардың әрекеттерін бұрмалап жеткізу фактілері жиілеп кетті. Эмоцияға бағытталған мұндай мазмұндар қоғамдық алаңдаушылықты күшейтіп, ресми ақпараттың қабылдануын қиындатты. Жалған ақпараттар мен бейтарап емес интерпретациялар халықтың сеніміне кері әсер етіп, мемлекеттік басқару институттарының легитимдігіне күмән келтіру құралына айналды. Сонымен қатар, жалған мазмұн арқылы қоғамда әлеуметтік күйзеліс пен үрей жағдайы қалыптасты. Бұл жағдай тағы бір мәрте жалған мен ақпараттық манипуляцияның тек ақпараттық кеңістікке ғана емес, сонымен қатар қоғамдық тұрақтылық пен ұлттық қауіпсіздікке тікелей қауіп төндіретінін көрсетті. Пост-шындық феноменінің жүйелі сипаты мен оның ел ішіндегі идеологиялық қаупі туралы ой-пікірлер 2025 жылғы қаңтар және наурыз айларындағы Президенттің ресми мәлімдемелерінде де жалғасын тапты. Мәселен, 2025 жылғы 28 қаңтарда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Тоқаев «Біз қоғамдық пікірді манипуляциялауға, биліктің беделін түсіруге, қоғамда араздық туғызуға бағытталған дезинформация мен медиашабуылдар жағдайымен жиі ұшырасудамыз… Бұл – азаматтардың қауіпсіздігіне және елдің тұрақтылығына тікелей қатер төндіреді» деп атап өтті. Ал 2025 жылдың наурыз айында өткен Ұлттық құрылтайда қоғамда ақпараттық кеңістікті реттеу мәселесі тағы да күн тәртібіне шықты. Әлеуметтік желілерде жалған ақпарат тарату, ар-намысты қорлайтын мәлімдемелер жариялау және арандатушылық сипаттағы контенттің көбеюі ақпараттық ортаның тұрақтылығына теріс әсер ететін фактор ретінде бағаланды. Бұл жағдайлар қоғамдағы сенімге, азаматтық келісімге және ақпараттық мәдениетке қауіп төндіретін феномендер ретінде қарастырылып, оларды жүйелі түрде шектеу және алдын алу жолдарын қарастыру қажеттілігі атап өтілді. Мұның барлығы пост-шындықтың Қазақстанда кездейсоқ немесе сырттан келген үрдіс емес, ішкі ақпараттық, идеологиялық және саяси контексте қалыптасқан жүйелі феномен екенін дәлелдейді. Осыған байланысты зерттеу жұмысының өзектілігі келесі факторлармен анықталады: – Пост-шындықты қоғамдық санаға әсер ететін жаңа идеологиялық құрылым ретінде теориялық тұрғыдан ұғыну қажеттілігі; – Цифрлық қоғамдағы когнитивтік, эмоциялық және ақпараттық ықпал ету тетіктерін зерттеу өзектілігі; – Қазақстанда пост-шындық көріністерін талдай отырып, халықаралық тәжірибемен салыстырмалы саяси зерттеу жүргізудің маңыздылығы; – Мемлекет деңгейінде пост-шындықтың қауіп ретінде танылуы – оны саяси-ғылыми деңгейде жүйелі түрде зерттеуді қажет етеді; – Қазақстандағы саясаттану ғылымында бұл тақырыптың кешенді түрде қарастырылмауы – ғылыми олқылықты толтыру қажеттігін көрсетеді. Осыған орай, ұсынылып отырған диссертациялық зерттеу тек ғылыми кемшіліктің орнын толтырып қана қоймай, сонымен қатар ақпараттық тұрақтылықты нығайту, медиа ортаны қауіпсіз ету, қоғамның сыни ойлау қабілетін арттыру және идеологиялық қауіптерге қарсы тұру үшін ғылыми негізделген ұсыныстар ұсынуға бағытталған. Бұл жұмыс қазіргі ақпараттық қоғамда идеологиялық дискурстың трансформациясын, қоғамдық сананы манипуляциялаудың құралдары мен құрылымдарын зерделеу арқылы зерттеу пәнінің ғылыми маңыздылығын нақтылайды. Сәйкесінше, зерттеу объектісінің өзектілігі тек эмпирикалық деңгейде ғана емес, сонымен қатар саяси теория мен заманауи идеологиялық қауіпсіздік доктринасы тұрғысынан да жоғары ғылыми және практикалық маңызға ие екендігін айғақтайды. Жоғарыда көрсетілген негіздер диссертация тақырыбының өзектілігін және оның ғылыми құндылығын айқындайды. Бұл зерттеу пост-шындық феноменінің теориялық, әдіснамалық және қолданбалы аспектілерін өзара байланыстыра отырып кешенді түрде қарастырады және осы арқылы отандық саясаттану ғылымының даму бағыттарына жаңа серпін беруге, сондай-ақ ақпараттық-идеологиялық сипаттағы заманауи сын-қатерлерге қарсы ғылыми негізделген ұсынымдар әзірлеуге мүмкіндік береді. Зерттеудің объектісі ақпараттық кеңістіктің жаһандық трансформациясы аясында қалыптасқан, қоғамдық пікір мен санаға ықпал етудің жаңа үлгісі ретінде пост-шындық феномені. Зерттеудің пәні - пост-шындықтың қоғамдық санаға идеологиялық ықпал ету механизмдері және олардың халықаралық тәжірибе мен Қазақстан саяси кеңістігіндегі көрініс беру ерекшеліктері. Зерттеудің хронологиялық ауқымы. Тақырып мазмұны мен зерттеу міндеттеріне сай анықталып, пост-шындық феноменінің теориялық қалыптасуынан бастап қазіргі саяси-идеологиялық дискурстағы көріністерін қамтиды: 2016-2025 жылдар. Зерттеудің мақсаты пост-шындық феноменінің қоғамдық санаға идеологиялық ықпалын саясаттанулық тұрғыда талдап, халықаралық тәжірибе негізінде оның Қазақстандағы көріністерін анықтау. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін келесідей зерттеу міндеттері анықталды: 1. Пост-шындық ұғымының тарихи-эволюциялық қалыптасу кезеңдерін, теориялық негіздерін және қазіргі жаһандық саяси дискурстағы орнын анықтап, оның идеологиялық құрал ретінде трансформациялану үдерісін талдау. Осы талдау негізінде бұл ұғымдардың авторлық анықтамасын әзірлеу. 2. Қоғамдық санаға әсер ететін пост-шындық механизмдерін айқындау үшін идеологияны зерттеудің әдіснамалық тәсілдерін жіктеу. 3. Жаһандық саяси кеңістікте пост-шындықтың көріністерін ашып көрсету мен оған қарсы қолданылып жатқан халықаралық құқықтық және институционалдық тәжірибелерді салыстырмалы түрде сараптау. 4. Қазақстанда пост-шындықтың көрініс табу ерекшеліктерін анықтау және оған қарсы қолданылатын ақпараттық, құқықтық және институционалдық тетіктерді талдау. 5. Пост-шындықтың Қазақстандағы қоғамдық пікірді қалыптастыру процесіне әсері мен идеологиялық ықпалын контент-талдау мен әлеуметтанулық сауалнама нәтижелеріне сүйене отырып кешенді түрде зерделеу. 6. Қазақстанда пост-шындық жағдайында саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған тұжырымдамалық тәсілдер мен институционалдық негізделген ұсыныстар әзірлеу. Зерттеудің деректер негізі ретінде қоладанылған дереккөздердің бірінші тобына халықаралық деңгейдегі нормативтік-құқықтық құжаттар жатады. Атап айтқанда, БҰҰ 2019 жылғы 18 маусымдағы «Өшпенділік тіліне қарсы стратегиясы мен іс-қимыл жоспары», БҰҰ Бас Ассамблеясының 2021 жылғы 24 желтоқсанда қабылдаған «Адам құқықтары мен негізгі бостандықтарды ілгерілету және қорғау мақсатында дезинформацияға қарсы іс-қимыл» резолюциясы, 2018 жылғы ЕО аумағында қолдануға арналған «Жалған ақпаратпен күрес бойынша Кодексі», Қазақстан Республикасы 2018 жылғы 3 мамырдағы №150-VІ Заңымен «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастығы туралы келісімі», Қазақстан Республикасы 2010 жылғы 1 маусымда №286-IV Заңымен «Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше-мемлекеттердің үкіметтері арасындағы халықаралық ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастық туралы келісімі» қарастырылады. Дереккөздің екінші тобына ұлттық деңгейдегі нормативтік-құқықтық актілер, стартегиялық құжаттар мен тұжырымдамалары, «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы» 2012 жылғы 6 қаңтардағы №527-IV Заңы, 2023 жылы қабылданған «Онлайн платформалар және онлайн жарнама туралы» Заңы, Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 20 наурыздағы №145 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасының Ақпараттық доктринасы» кірді. Сонымен бірге диссертациялық зерттеуде дереккөздердің маңызды бөлігіне кітапхана қорлары және мұрағат материалдары, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарындағы материалдар, тақырыпқа байланысты интернет көздері мен ресми сайттардағы мәліметтер жатады. Диссертацияның зерттеу әдіснамасы. Зерттеу мақсатына қол жеткізу және аталған міндеттерді шешу үшін зерттеудің теориялық және әдіснамалық негізі ретінде жалпы ғылыми әдістермен қатар эмпирикалық әдістер де пайдаланылды. Теориялық негізін талдауда тарихи, құрылымдық-жүйелік, салыстырмалы талдаулар және теориялар мен тұжырымдарды классификациялау әдістері қолданылды. Пост-шындық феноменінің халықаралық тәжірибесі мен Қазақстандағы жағдайын зерттеу барысында салыстырмалы саяси талдау әдісі қолданылды. Бұл ретте АҚШ, Ұлыбритания, Үндістан, Сингапур, Австралия және Германия мемлекеттерінің пост-шындықпен күрес саласындағы құқықтық, институционалдық және ақпараттық тәжірибелері зерделеніп, олардың тиімді тетіктері мен саяси ерекшеліктері салыстырмалы түрде талданды. Сонымен қатар, пост-шындықтың қоғамдық санаға идеологиялық ықпалын анықтау үшін интернет желісінде жарияланған жалған жаңалықтарға контент-талдау әдісі қолданылды. Қазақстан қоғамындағы ақпаратты қабылдау ерекшеліктерін, саяси институттарға сенім деңгейін, қоғамдық пікірді эмпирикалық тұрғыда бағалау мақсатында әлеуметтанулық сауалнама зерттеу әдісі қолданылды. Эмпирикалық деректер теориялық қорытындылардың негізділігін күшейтіп, қазіргі ақпараттық ортадағы қоғамдық сана тенденцияларын сипаттауға мүмкіндік берді. Бұған қоса, пост-шындық жағдайындағы Қазақстанның ақпараттық-идеологиялық ахуалын бағалау үшін SWOT-талдау жүргізілді. Бұл әдіс Қазақстандағы ақпараттық саясаттың күшті және әлсіз жақтарын, сондай-ақ мүмкіндіктері мен қауіп-қатерлерін жүйелі түрде анықтауға және стратегиялық ұсыныстар әзірлеуге негіз болды. Осы әдістердің үйлесімді қолданылуы зерттеу нәтижелерінің теориялық тереңдігін арттырып, практикалық маңыздылығын қамтамасыз етті. Тақырыптың зерттелу деңгейі. Соңғы жылдары пост-шындық феноменіне ғылыми қызығушылық тұрақты өсім үрдісін көрсетіп отыр, бұл Scopus дерекқорындағы жарияланымдар динамикасынан айқын аңғарылады. «Post-truth» кілт сөзі бойынша жүргізілген талдау нәтижесінде 2010-жылдардың ортасынан бастап 2025 жылға дейінгі кезеңде жалпы 1062 ғылыми мақала жарық көргені анықталды. Бұл көрсеткіш пост-шындық ұғымының философия, саясаттану, медиа зерттеулері, психология және әлеуметтану салаларында пәнаралық зерттеу категориясы ретінде орныққанын дәлелдейді. Ғылыми қызығушылықтың алғашқы елеулі шыңы 2018 жылға сәйкес келеді. Бұл жылы осы тақырыпқа арналған 121 мақала жарияланған. Мұндай өсімді 2016–2017 жылдардағы Brexit референдумы мен АҚШ-тағы президенттік сайлау сияқты оқиғаларға ғылыми қауымдастықтың реакциясы ретінде түсіндіруге болады, бұл кезде «пост-шындық» термині қоғамдық және саяси өзектілікке ие болды. 2021 және 2023 жылдарында өз шыңына жетті. 2021 жылы 160, ал 2023 жылы 170 мақала жарияланған. Бұл кезеңдер тақырыптың ғылыми ортада толық қалыптасқанын және тұрақты зерттеу алаңына айналғанын көрсетеді. Ал 2024 жылы 135 мақала жарық көрген. Бұл академиялық қауымдастықтың арасында пост-шындық тақырыбына деген қызығушылық жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Сонымен қатар, тақырыпты зерттеу географиясы да кеңейіп, пост-шындық феномені түрлі ұлттық және мәдени контексттерде зерделеніп келеді. Бұл ретте ең көп зерттеулер жүргізілген елдер қатарында Америка Құрама Штаттары (158 мақала), Англия (135 мақала) және Испания (125 мақала) көш бастап тұр. Аталған мемлекеттердегі ғылыми қызығушылық деңгейі олардың ақпараттық саясатындағы, медиа құрылымдарындағы және қоғамдық пікір қалыптастырудағы пост-шындықтың ықпалын тереңнен зерттеуге бағытталғанын көрсетеді. Пост-шындық феноменін зерттеу тек сандық өсіммен ғана емес, сонымен қатар теориялық тереңдікпен де ерекшеленеді. Бұл бағытта ең көп сілтеме жасалған еңбектер қатарында британдық социолог Стив Фуллердің «Post-Truth: Knowledge as a Power Game» атты еңбегі бар, ол 672 рет сілтеме жасалған және пост-шындық ұғымын білім мен билік арасындағы стратегиялық күрес ретінде қарастырады. Сонымен қатар, Мэтью Д’Анкона өзінің «Post-Truth: The New War on Truth and How to Fight Back» атты еңбегінде пост-шындықтың саяси және медиа дискурсындағы қауіпті тенденцияларына қарсы тұру жолдарын талдайды. Бұл мақалаға 442 сілтеме жасалған. Бұл еңбектер пост-шындық мәселесін тек эмпирикалық емес, сонымен қатар философиялық және идеологиялық тұрғыда түсіндіруге мүмкіндік береді. Пост-шындық ғылыми тұрғыда зерделеу бірқатар іргелі еңбектерге сүйенеді, онда бұл феноменнің эпистемологиялық, саяси және коммуникациялық қырлары жан-жақты талданады. Ли Макинтайрдың 2018 жылғы «Post-Truth» атты еңбегінде мәселенің философиялық жағына баса назар аударып, пост-шындықты саяси және мәдени поляризация контекстіндегі ғылыми білімге және рационалдылыққа сенімнің әлсіреуінің салдары ретінде түсіндіреді. Ральф Кейестің «The Post-Truth Era» атты еңбегі 2004 жылы жарық көрсе де, қазіргі пост-шындық феноменін алдын ала болжағандай болып отыр. Бұл еңбекте жалған ақпарат, манипуляция және эмоциялық риториканың объективті шындықты қоғамдық кеңістіктен ығыстыруы жеке және әлеуметтік қатынастарға қалай әсер ететіні көрсетіледі. Джейсон Харсин «Post-truth Politics and Epistemic Populism» атты зерттеуінде пост-шындықты саяси риторика мен популизм тұрғысынан талдайды, әрі «эпистемологиялық популизм» ұғымын енгізіп, білімнің институционалды көздеріне деген сенімсіздік жаңа жалған ақпарат тарату емес, шынайылық пен заңдылықтың табиғатын қайта анықтау екенін көрсетеді. Бұл еңбектер пост-шындық феноменін идеологиялық және әлеуметтік феномен ретінде кешенді түсінуге мүмкіндік беретін пәнаралық теориялық негіз қалыптастырады. Пост-шындық тақырыбы соңғы жылдары Түркиядағы саясаттану ғылымында кеңінен зерттеліп келе жатқан өзекті бағыттардың біріне айналды. Жүргізілген сараптамалық мәліметтерге сәйкес, Түркия университеттерінде аталған тақырыпта 4 PhD және 15 магистрлік диссертация қорғалғаны анықталды. Бұл зерттеулердің тақырыптық ауқымы айтарлықтай кең – олар пост-шындық пен популизм арасындағы өзара байланыс, сенім дағдарысы, жаңа медиадағы саяси коммуникация, көші-қон мәселелері, Дональд Трамп феномені, сондай-ақ жергілікті билік пен қоғамдық дипломатия дискурстары сияқты түрлі саяси және әлеуметтік аспектілерді қамтиды. Мұндай пәнаралық және тақырыптық әртүрлілік пост-шындық феноменін кешенді түрде түсіндіруге және оны нақты әлеуметтік-саяси контексттерде зерделеуге жол ашады. Бұл үрдіс Түркияда пост-шындық мәселесіне тек теориялық ғана емес, сонымен қатар қолданбалы-эмпирикалық тұрғыдан да қызығушылықтың артып келе жатқанын айғақтайды. Ал Ресейдің диссертациялар туралы деректер базасында тек Колотаев Юрий Юрьевичтің 2024 жылы қорғалған «Пост-шындық саясаты және халықаралық қатынастардағы цифрлық ақпараттық ықпал: қатерлер мен қарсы іс-қимыл әдістерінің теориялық концептуализациясы» атты кандидаттық диссертациясы тіркелген. Бұл зерттеу пост-шындық феноменінің халықаралық қатынастардағы идеологиялық қауіптері мен оған қарсы тұру механизмдерін теориялық тұрғыда қарастырады. Бұл Ресейде пост-шындық тақырыбының ғылыми деңгейде зерттеу әлі кең өріс алмағанын көрсетеді. Ал Қазақстанда пост-шындық феномені саясаттану ғылымында әлі күнге дейін жеке нысан ретінде жүйелі түрде зерттелмеген. Соңғы онжылдықтарда ақпараттық саясат, ақпараттық қауіпсіздік, патриотизмді қалыптастырудағы медианың рөлі, қоғамдық пікір мен саяси коммуникация тақырыптарында бірнеше диссертация қорғалғанымен, бұл еңбектер пост-шындықты дербес саяси-идеологиялық феномен ретінде қарастырмайды. Мәселен, А. Сарсенбаевтың өтпелі кезеңдегі ақпараттық саясатқа арналған жұмысы мен Д. Медеуованың жаһандану жағдайындағы медианың саяси процеске ықпалы туралы зерттеуі медиа мен билік қатынасын сипаттайды. Ж. Пухович пен Ж. Кенжалиннің еңбектері патриотизмді қалыптастырудағы БАҚ рөлін зерттесе, С. Бокаев қоғамдық пікір мен электоралдық мінез-құлыққа әсер ететін саяси технологияларға назар аударады. Ақпараттық қауіпсіздік мәселесіне арналған А. Акшулакова, Р. Бердибаев және Н. Габдыжамаловтың зерттеулерінде ақпараттық кеңістіктегі қауіп-қатерлер мен олардың алдын алу жолдары қарастырылған. Осы зерттеулер пост-шындықтың жекелеген элементтеріне жанама түрде тоқталғанымен, оның қазіргі саяси дискурстағы орны мен қоғамдық санаға идеологиялық ықпалын арнайы зерттеген диссертациялық еңбертер әлі жоқ. Дегенмен, Қазақстанда бұл тақырыпқа қатысты ғылыми мақалалар шеңберінде алғашқы ізденістер байқалады. Атап айтқанда, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің зерттеушілері Г. Есімова, Г. Әшірбекова, Г.Қ. Ертасова, сондай-ақ Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің зерттеушісі З. Ермағанбетова пост-шындық дәуіріндегі медиа кеңістіктің ерекшеліктерін, антиинтеллектуализм мен популизмнің ақпараттық дискурстарға ықпалын зерттеу бағытында жарияланымдар жасаған. Бұл ғылыми мақалалар Қазақстанда пост-шындық феноменіне қызығушылықтың артып келе жатқанын және болашақта жүйелі зерттеулерге негіз бола алатынын көрсетеді. Қазақстанда пост-шындық феноменіне тікелей арналған мақсатты зерттеулердің ауқымы әлі де болса айтарлықтай шектеулі күйде қалып отыр. Осы жағдайды ескере отырып, ұсынылып отырған диссертациялық жұмыс пост-шындықтың қоғамдық санаға және саяси дискурсқа тигізетін идеологиялық ықпалын ғылыми негізде қарастыратын алғашқы кешенді зерттеу болып табылады. Диссертациялық жұмыстың ғылыми жаңалығы төмендегідей: – Пост-шындық ұғымы мен феноменіне қатысты әртүрлі ғылыми түсіндірулер кешенді түрде талданып, олардың негізінде автор тарапынан бұл феноменнің тарихи-теориялық негіздері эволюциялық-хронологиялық жүйелілікпен айқындалды. – Зерттеу барысында пост-шындықтың қоғамдық санаға ықпал етуінің идеологиялық-эмоциялық, және когнитивтік-психологиялық тәсілдері кешенді түрде талданып, алғаш рет саясаттанулық әдіснама негізінде бұл әсер ету тетіктері жүйелі түрде құрылымдалды. – Пост-шындық феноменені көрінісін халықаралық тәжірибе аясында салыстырмалы түрде саралап, оны реттеудің түрлі тиімді жолдары талданды. – Қазақстандағы пост-шындық феноменінің нақты көріністері (COVID-19, Қаңтар оқиғасы және т.б.) алғаш рет саясаттанулық тұрғыда жан-жақты зерттеліп, оның ұлттық ақпараттық және идеологиялық кеңістікте көрініс табу ерекшеліктері жүйелі түрде сипатталды. – Жүргізілген эмпирикалық зерттеулер негізінде Қазақстан қоғамындағы пост-шындықтың қоғамдық пікірге әсері бағаланып, ақпаратты қабылдау деңгейі мен сенім дағдарысының негізгі себептері қалыптастырылды. – SWOT-талдау негізінде пост-шындыққа қарсы әрекет ету үшін ұсынылатын саяси-стратегиялық жолдар мен институционалдық тетіктер жүйеленіп, Қазақстанның ақпараттық қауіпсіздігін нығайтуға арналған тұжырымдамалық ұсыныстар жасалды. Зерттеу жұмысының ғылыми гипотезасы. Пост-шындық феномені Қазақстанда ақпараттық кеңістіктің трансформациясы мен дәстүрлі ақпарат көздеріне деген сенімнің әлсіреуі жағдайында жаңа идеологиялық ықпал ету құралы ретінде қалыптасуда. Ол саяси дискурс аясында қоғамдық санаға ықпал ету құралы ретінде қолданылады және рационалды дәлелдерге емес, эмоцияларға, наным-сенімдерге және когнитивтік бұрмалауларға сүйенеді. Пост-шындық саяси коммуникацияны трансформациялап, объективті деректердің маңызын төмендетіп, белгілі бір саяси акторларға тиімді балама шындықты қалыптастыруға ықпал етеді. Зерттеудің теориялық және тәжірибелік мәні. Зерттеу пост-шындық феноменінің саяси ғылымдардағы теориялық негізін кеңейтуге елеулі үлес қосады. Пост-шындықтың тарихи-эволюциялық дамуын, сондай-ақ оның жаһандық және ұлттық саяси дискурстағы орны мен ықпалын жүйелі зерделеу отандық саясаттану ғылымында тың зерттеу бағыттарының қалыптасуына негіз бола алады. Диссертациялық жұмыста қамтылған теориялық және эмпирикалық материалдар пост-шындық феноменінің қазіргі жағдайын саралауға, оның қоғамдық санаға, саяси тұрақтылыққа және ақпараттық қауіпсіздікке ықпалын бағалауға, сондай-ақ болашақта туындауы ықтимал қауіптер мен сын-қатерлерді алдын ала болжауға мүмкіндік береді. Зерттеу нәтижелері саясаттану, ақпараттық қауіпсіздік, медиа және идеологиялық ықпал ету салаларына қатысты білім беру бағдарламалары мен оқу үдерісінде оқу-әдістемелік материалдар ретінде пайдалануға болады. Сонымен қатар, жұмыста ұсынылған тұжырымдар мен практикалық ұсыныстар ақпараттық саясатты жетілдіру және пост-шындық феноменіне қарсы әрекет ету стратегияларын әзірлеу бағытында тәжірибелік маңызға ие. Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар зерттеу барысында анықталған келесі бақылаулар мен нәтижелерді қамтиды: 1. Пост-шындық ұғымы – өзінің тарихи-философиялық эволюциясы барысында антика дәуірінен бастап постмодерн мен ақпараттық қоғам кезеңіне дейін үздіксіз дамып келе жатқан, қазіргі заманғы саяси дискурста ерекше идеологиялық феномен ретінде қалыптасқан құбылыс. Бұл феномен шындық пен өтірік, факт пен сенім, рационалдық пен эмоция арасындағы шекараның жойылуы арқылы сипатталады. Пост-шындық жағдайында объективті фактілерден гөрі субъективті сенім, эмоциялық әсер мен риторикалық құрылымдар қоғамдық пікір мен саяси шешімдерге ықпал етудің негізгі құралына айналады. Пост-шындық тек ақпараттық манипуляция немесе жалған мәлімет тарату формасы ғана емес, билік тетіктерімен, эмоциялық қабылдаумен, когнитивтік үдерістермен және сенім жүйесімен тығыз байланысқан күрделі идеологиялық феномен. 2. Пост-шындық дәуірінде қоғамдық санаға идеологиялық ықпал когнитивтік, коммуникативтік, ақпараттық және эмоциялық-символдық механизмдер арқылы жүзеге асады. Бұл механизмдер растауға бейімділік, когнитивтік диссонанс, фрейминг, нарратив құрастыру, deepfake технологиясы, алгоритмдік манипуляция және топтық сәйкестік тәрізді құралдар арқылы шындықты бұрмалап қана қоймай, оны қайта құрылымдайды. Қорқыныш, ашу-ыза, жанашырлық пен мақтаныш сияқты эмоциялар сыни қабылдауды әлсіретіп, ақпараттың субъективті интерпретациясын күшейтеді. Осылайша, идеология тек мазмұн емес, сонымен қатар эмоциялық қабылдау мен медиа платформалар арқылы тарайтын, қоғамдық пікірді манипуляциялауға, биліктің беделін түсіруге, қоғамда араздық туғызуға және әлеуметтік поляризацияны күшейтуге бағытталған құрылымдық күшке айналады. 3. Пост-шындық феномені жаһандық деңгейде жалған ақпарат, эмоциялық риторика және әлеуметтік медиа алгоритмдері арқылы қоғамдық пікірді манипуляциялаудың қуатты құралына айналды. АҚШ-тағы Трамптың сайлауы мен Ұлыбританиядағы Brexit референдумы эмоция мен сенімге негізделген саяси коммуникацияның демократиялық процестерге кері әсерін көрсетті. Бұл феноменге жауап ретінде БҰҰ, ЕО және ұлттық деңгейде медиасауаттылықты арттыру, платформаларды реттеу және жалған ақпаратпен күресуге бағытталған құқықтық және институционалдық шаралар қабылданды. Алайда олардың тиімділігі әркелкі, бұл пост-шындықпен күресте үйлесімділік пен қоғамдық иммунитеттің маңыздылығын дәлелдейді. 4. Қазақстандағы пост-шындық феномені COVID-19 пандемиясы, Қаңтар оқиғалары, АЭС құрылысы жөніндегі қауесеттер, жалған референдумдар мен табиғи апаттар кезіндегі ақпараттық вакуум аясында айқын көрініс тапты. Бұл дағдарыстарда таралған дезинформация үкіметтің басқару қабілетіне күмән тудырып, мемлекеттік институттарға деген сенімді әлсіретті. Мұндай ақпараттық манипуляциялар ұлттық қауіпсіздік пен ақпараттық саясатқа жаңа талаптар қойып, құқықтық және институционалдық тетіктерді жетілдіруді қажет етті. Қабылданған заңдар мен стратегиялық құжаттар маңызды қадам болғанымен, пост-шындықпен тиімді күресу үшін ақпараттық иммунитетті қалыптастыру, медиасауаттылықты дамыту және тәуелсіз медианы қолдау – ұзақ мерзімді стратегиялық басымдықтар ретінде айқындалуы тиіс. 5. Қазақстанда пост-шындық феномені қоғамдық пікірді қалыптастыруда шешуші факторға айналып отыр. COVID-19 пандемиясы кезеңінде әлеуметтік желілерде таралған жалған жаңалықтар негізінен эмоция мен сенімге сүйеніп, мемлекеттік институттарға деген сенімсіздік пен қоғамдық поляризацияны күшейтті. Factcheck.kz және Stopfake.kz сайттарында жоққа шығарылған 394 жалған хабардың контенттік талдауы көрсеткендей, жалған ақпараттардың басым бөлігі саяси тақырыптарға қатысты болып, азаматтардың шешім қабылдауына айтарлықтай ықпал еткен. Сонымен қатар, 2024 жылы жүргізілген онлайн сауалнама нәтижелері азаматтардың шешім қабылдауы – көбіне ресми дереккөздерге емес, эмоция, әлеуметтік орта және бейресми тұлғалар пікіріне сүйенетінін көрсетті. Бұл құбылыс Қазақстанда ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде медиасауаттылықты, ақпараттық иммунитетті және ғылыми дәлелге негізделген ақпараттық саясатты стратегиялық деңгейде дамыту қажеттігін дәлелдейді. 6. Пост-шындық жағдайында Қазақстандағы саяси және идеологиялық тұрақтылыққа қауіп төндіретін негізгі факторлар ретінде ақпараттық егемендіктің әлсіреуі, жалған ақпараттың кең көлемде таралуы, медиасауаттылық деңгейінің төмендігі және сараптамалық білімге деген сенімнің азаюы айқындалады. Мұндай қауіп-қатерлерге қарсы тұру мақсатында ұлттық ақпараттық саясатты жүйелі түрде күшейту, білім беру жүйесіне медиасауаттылықты кешенді енгізу, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және азаматтық белсенділікті қолдау стратегиялық маңызға ие міндеттер ретінде қарастырылады. Зерттеу базасы. Диссертациялық жұмыс Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Саясаттану кафедрасында орындалды. Зерттеу нәтижелерін апробациялау. Диссертациялық жұмыстың ғылыми нәтижелері мен қорытынды тұжырымдары бойынша отандық және шетелдік басылымдарда, халықаралық ғылыми-теориялық, тәжірибелік конференциялардың материалдар жинағында жалпы саны 7 мақала жарияланды. Соның ішінде ҚР ҒЖБМ Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті бекіткен тізімге енетін журналдарда 3 мақала, халықаралық ғылыми-теориялық және тәжірибелік конференциялардың материалдар жинағында 2 мақала, «Скопус» («Scopus») мәліметтер базасында 2 мақала жарық көрді: 1. Problematic of ideological formation in Kazakhstan: three-dimensional practice of the Muftiate as an ideological state apparatus (an Althusserian analysis) // International Journal of Law and Management, Vol. 64 No. 3, pp. 273-291. 2. Approaches to the Perceptions of Kazakhstani Citizens on the Effects of Fake News on Vaccine Hesitancy // Studies in Media and Communication. – 2025. – Vol. 13, No. 3., 103-110 бет. 3. «Пост-шындық» («Post-truth»), медиа және саясат // Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы. Саяси ғылымдар, Аймақтану, Шығыстану, Түркітану сериясы. № 1 (130)/2020, 145-153 бет. 4. Пост-шындық (post-truth) және Ханна Арендттің саясаттағы ақиқат пен жалған туралы саяси ойлары // «Қоғам және Дәуір» ғылыми-сараптамалық журналы. Том 72 № 4/2021 64-74 бет. 5. «Пост-шындық, популизм және жаңа медиа арсындағы байланыс» // «Қоғам және Дәуір» ғылыми-сараптамалық журналы. Том 81 №2/2024 42-54 бет. 6. Қазақстандағы пост-шындық феномені: короновирус және жалған ақпараттар (саясаттанулық талдау) Қазақстандық қоғамның әлеуметтік-саяси модернизациясы: перспективалар мен сын-қатерлер Халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары, 5 мамыр 2020 ж./ Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ. Нұр-Сұлтан, 2020, 108-115 бет. 7. Пост-шындық (post-truth) ұғымынын ғылыми негіздеудің кейбір мәселелері // Студенттер мен жас ғалымдардың «ǴYLYM JÁNE BILIM – 2020» XV Халықаралық ғылыми конференциясының баяндамалар жинағы, Нұр-Сұлтан, 2020, 7085-7087 бет. Диссертациялық жұмыс құрылымы. Зерттеу жұмысы құрылымы және алға қойған мақсат-міндеттеріне сәйкес нормативтік сілтемелерден, қысқартулар тізімінен, кіріспеден, әрқайсысы екі бөлімшеден тұратын үш бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен және қосымшалардан тұрады.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://youtu.be/8NQghPRNFlg
