
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Тұрсынбаева Баян Жалғасбекқызы «6D050100 – Әлеуметтану» мамандығы бойынша «Қазақстандық студент жастардың экологиялық санасы – әлеуметтік белсенділік факторы» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Әлеуметтану кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Абдрашева Банугуль Жолдыбековна – әлеуметтану ғылымдарының кандидаты, академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті, Әлеуметтік жұмыс және әлеуметтік педагогика кафедрасының қауымдастырылған профессоры. Мамандығы: «22.00.04 – Әлеуметтік құрылым, әлеуметтік институттар және процестер» (Қарағанды қ., Қазақстан Республикасы).
Ақмади Мөлдір Арманқызы – философия докторы (PhD), Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының аға оқытушысы. Мамандығы: «8D03101 – Әлеуметтану» (Алматы қ., Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Ашимханова Дана Эзирхановна – философия докторы (PhD), «Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты» директорының орынбасары. Мамандығы: «22.00.00 – Әлеуметтану ғылымдары» (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Дуйсенова София Малкайдаровна – философия докторы (PhD), Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті, Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер және Қазақстан халқы ассамблеясы кафедрасының қауымдастырылған профессоры. Мамандығы: «6D050100 – Социология» (Ақтау қ., Қазақстан Республикасы).
Сарсенова Асель Бериковна – философия докторы (PhD), С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медицина Университеті, Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының қауымдастырылған профессоры. Мамандығы: «6D050100 – Әлеуметтану» (Алматы қ., Қазақстан Республикасы).
Ғылыми кеңесшілері:
Байгабылов Нурлан Оралбаевич – философия докторы (PhD), Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Әлеуметтану кафедрасының доценті. Мамандығы: «6D050100 – Социология» (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Петров Александр Викторович – әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор, Санкт-Петербург мемлекеттік университеті, (Санкт-Петербург қ., Ресей Федерациясы).
Қорғау 2025 жылғы 23 желтоқсан, сағат 15:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «6D050100 – Әлеуметтану» мамандығы бойынша «8D031 – Әлеуметтік ғылымдар» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі онлайн форматта өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: https://us06web.zoom.us/j/8114174324?pwd=dVhvaFdrUm9hRll6eTBsclhybUtvZz09
Идентификатор конференции: 811 4174 324
Код доступа: DC9hpA
Мекен-жайы: Астана қаласы, Қ. Сәтбаев көшесі, 2, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің оқу-әкімшілік ғимараты, 302-аудитория.
Аңдатпа (қаз.): Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Әлеуметтану кафедрасы «6D050100 – Әлеуметтану» мамандығының докторанты Тұрсынбаева Баян Жалғасбекқызының философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін «Қазақстандық студент жастардың экологиялық санасы – әлеуметтік белсенділік факторы» тақырыбына арналған диссертациялық жұмысының АННОТАЦИЯСЫ Диссертациялық зерттеудің өзектілігі. Қазіргі кезеңдегі қоғам дамуының ерекшелігі – экологиялық мәселелерге деген қызығушылықтың артуы. Бұл мәселелер жаһандық сипат алып, адамзат өмірінің барлық салаларына әсер етуде. Климаттың өзгеруі жөніндегі үкіметаралық топтың (IPCC) мәліметтеріне сүйенсек, планетаның орташа температурасы жыл сайын артуда және оның салдары әлемнің әртүрлі аймақтарында ауа-райы катаклизмдері, ауылшаруашылығы өнімділігінің төмендеуі мен миграция дағдарысы түрінде көрініс табуда. Экологиялық жағдайдың нашарлауы, табиғи ресурстардың сарқылуы, климаттың өзгеруі және қоршаған ортаға техногендік жүктеменің күшеюі жағдайында экологиялық сананы қалыптастыру мәселесі халықаралық және ұлттық деңгейлерде басымдыққа ие болып отыр. Табиғи ресурстарға бай Қазақстан индустрияландырудың салдарларымен бетпе-бет келіп, ауа мен су ресурстарының ластануы, сондай-ақ техногендік сипаттағы экологиялық апаттардың салдарын айрықша қатты сезінуде. Мұндай жағдайларда қоғамның болашақ даму бағытын айқындайтын маңызды әлеуметтік топ ретінде жастардың экологиялық санасын зерттеу ерекше маңызға ие. Студент жастар жаңа идеяларды қабылдауға қабілетті, ең белсенді әрі мобильді әлеуметтік топ ретінде, экологиялық құндылықтар мен ұстанымдарды қалыптастыру мен таратуда шешуші рөл атқарады. Дәл осы студенттер ортасында болашақ кәсіби және азаматтық бірегейлік қалыптасады, ал ол өз кезегінде экологиялық бағдарланған ғадет пен қоршаған ортаны қорғауға бағытталған әлеуметтік белсенділік элементтерін қамтуы мүмкін. Қазақстан жағдайында студент жастардың экологиялық санасын қалыптастырудың өзектілігі бірқатар объективті факторлармен де айқындалады. Ең алдымен, соңғы жылдары мемлекеттік деңгейде тұрақты даму мен экологиялық қауіпсіздік мәселелеріне ерекше көңіл бөлініп отыр. Мысалы, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жыдың 31 қазанында №910 қаулысымен бекітілген Экологиялық мәдениетті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы. Қазақстан тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу бойынша халықаралық міндеттемелерді қабылдады, ал бұл мақсаттар аясында экология мәселелеріне және жастардың тұрақты даму үдерістеріне қатысуына айрықша назар аударылады. Екіншіден, Қазақстан жастары, әсіресе студенттер ортасы, экологиялық мәселелерге деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетуде. Бұл ерікті акцияларға қатысу, экологиялық митингтер, қоқысты сұрыптап жинау қозғалыстары, қалалық кеңістіктерді көгалдандыру және басқа да бастамалар арқылы көрініс табуда. Алайда мұнымен қатар белгілі бір қарама-қайшылық та байқалады – экологияға деген декларативті қызығушылық болғанымен, нақты экологиялық ғадет тәжірибелері шектеулі күйінде қалып отыр. Бұл экологиялық сананың қалыптасу механизмін және оны нақты әлеуметтік белсенділікке айналдыруға ықпал ететін факторларды терең талдаудың қажеттігін көрсетеді. Үшіншіден, жаһандану мен цифрландыру жағдайында жастардың дүниетанымын, соның ішінде экологиялық ұстанымдарын қалыптастыруда ақпарат пен медианың рөлі арта түсуде. Виртуалды кеңістік экологиялық қатерлер туралы шынайы да, жалған да ақпараттың таралу алаңына айналып отыр, бұл өз кезегінде жастардың экологиялық алаңдаушылық деңгейіне және ғадет модельдеріне әсер етеді. Сондықтан жастардың экологиялық ақпаратты қалай қабылдайтынын және түсіндіретінін, олардың білім көздері қандай екенін, сондай-ақ мұның нақты әрекеттерге қалай ықпал ететінін зерттеу маңызды. Сондай-ақ Қазақстан қоғамының әлеуметтік-экономикалық және мәдени ерекшеліктерін ескеру маңызды, өйткені олар экологиялық сананың сипатына тікелей ықпал етеді. Қазақстан этномәдени әралуандықпен, өңірлер арасындағы даму деңгейінің айырмашылықтарымен, урбанизация үдерістерімен және экологиялық білім мен ақпаратқа қолжетімділіктің біркелкі болмауымен ерекшеленеді. Осындай жағдайда студент жастар дәстүрлі ұстанымдар мен тұрақты дамуға бағытталған жаңа ғадет модельдерінің арасында таңдау жасауға байланысты көптеген сын-тегеуріндер мен дилеммаларға тап болады. Сонымен қатар, жастардың экологиялық санасы мәселесі азаматтық қоғамды қалыптастыру контексінде де маңызды орын алады. Жастар экологиялық бастамалардың белсенді субъектісіне айналып, қоғамдық бақылауға қатысуға, әлеуметтік желілер мен жобалар арқылы тұрақты даму идеяларын ілгерілетуге әлеуетті. Алайда бұл үшін жастарда қалыптасқан экологиялық дүниетаным, жеке жауапкершілік сезімі мен азаматтық құзыреттер болуы қажет. Фридрих Эберт қорының «FES Youth Studies» халықаралық зерттеу жобасының аясында жүргізілген эмпириялық зерттеу нәтижелеріне сүйенсек қоршаған ортаның ластануы мен климаттың өзгеруі қазақстандық жастардың 50,8% қатты толғандырса, 30,9% белгілі бір деңгейде алаңдатады. Дегенмен, жастардың басым бөлігі әлеуметтік белсенділік танытпайды (Волонтерлік белсенділік немесе ҮЕҰ-дағы жұмыс – 7,9%, Саяси не экологиялық себеп бойынша қандай да бір өнімді сатып алудан бас тарту – 5,5%, түрлі әлеуметтік жобаларда волонтерлікпен мүлдем айналыспағандар – 70% көп. Бұл жағдай экологиялық ұстанымдар мен олардың нақты әрекеттер арқылы жүзеге асуы арасында айтарлықтай алшақтық бар екенін көрсетеді. Халықаралық контекст те осыған ұқсас үрдістерді көрсетеді. БҰҰ Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасының есебіне сәйкес, жастар климаттық дағдарыспен күресте «өзгерістердің негізгі қозғаушы күші» ретінде қарастырылады, алайда олардың атсалысу деңгейі экологиялық ақпараттандырылу мен әлеуметтік жағдайларға тікелей байланысты. Еуропалық қоршаған орта агенттігінің зерттеулері экологиялық сананы қалыптастыру үшін экологиялық ағартуды білім беру мен тәрбие беру практикасына енгізу қажет екенін атап өтеді – бұл қағида Қазақстан жағдайында да өзекті. Қазақстанда жүргізілген ғылыми зерттеулер экологиялық ағартушылық бағдарламалардың бытыраңқылығы мен шектеулігін, сондай-ақ жоғары оқу орындарында студенттердің экологиялық мәдениетін дамытуға жеткілікті назар аударылмайтынын көрсетеді. Ал шетелдік зерттеушілер тұрақты экологиялық ғадет тек білім арқылы ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік тәжірибе мен ұжымдық әрекетке қатысу арқылы қалыптасатынын баса көрсетеді. Осылайша, студент жастардың әлеуметтік белсенділік факторы ретіндегі экологиялық санасын зерттеу ғылыми әрі практикалық тұрғыдан жоғары маңызға ие. Бұл жастардың әлеуметтік-экологиялық үдерістерге белсенді қатысушы ретіндегі әлеуетін ашуға, сондай-ақ тұрақты дамуды қолдауға бағытталған мемлекеттік, білім беру және қоғамдық саясаттың басым бағыттарын анықтауға мүмкіндік береді. Зерттеу тақырыбының өзектілігі экологиялық қозғалыстың жастар ортасындағы айқын әлеуметтік және саяси әлеуетіне қарамастан, бұл бағыттың қазіргі қазақстандық әлеуметтануда әлі де жеткілікті деңгейде қарастырылмауымен де байланысты. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, жастардың экологиялық санасының деңгейі мен сипаттарын ғана емес, оның қалыптасу механизмдерін де анықтап, экологиялық ұстанымдардың нақты әлеуметтік белсенділік формаларына айналу жолдарын белгілеуге мүмкіндік беретін кешенді әлеуметтанулық зерттеу жүргізудің өзектілігі айқын бола түседі. Мұндай зерттеу теория мен практиканы дамытуға үлес қосып қана қоймай, қазіргі заманғы экологиялық сын-қатерлер жағдайында жауапкершілікке іргесі қаланған азаматтық ғадет қалыптастыруға да ықпал ете алады. Диссертациялық зерттеудің объектісі: Қазақстан студент жастарының экологиялық санасының әлеуметтік белсенділікке ықпалы. Диссертациялық зерттеудің пәні: Студент жастардың экологиялық санасының әлеуметтік белсенділікті қалыптастырудағы рөлі және осы үдерістегі факторлар. Диссертациялық зерттеудің мақсаты: Қазақстан студент жастары экологиялық санасының мазмұнын, құрылымын және қалыптасу факторларын анықтап, оның әлеуметтік белсенділіктің қалыптасуы мен жүзеге асуындағы рөлін айқындау. Диссертациялық зерттеудің негізгі міндеттері: - Экологиялық сананың әлеуметтанулық негіздерін зерттеу. - Экологиялық сананың қалыптасуына әсер ететін әлеуметтік факторларды айқындау. - Қазақстанда экологиялық мәселелерді зерттеудің әдіснамалық ерекшеліктерін талдау. - Әлеуметтік белсенділік ұғымын әлеуметтанулық тұжырымдау. - Әлеуметтік белсенділікке ықпал ететін құрылымдық және ресурстық факторларды қарастыру. - Экологиялық сана мен әлеуметтік белсенділік арасындағы байланыстарды зерттеу. - Жастардың экологиялық құндылықтары мен әлеуметтік белсенділік тәжірибесі арасындағы байланысты саралау. - Студенттердің экологиялық мәселелерге қатынасын зерделеу. - Қоғамдық жауапкершілік пен экологиялық басқару мәселелері бойынша студенттер көзқарастарын саралау. Диссертациялық зерттеудің гипотезасы: 1. Қазақстандық студент жастар қоршаған ортаны қорғау проблемалары туралы ақпараттанған және олар елдегі және әлемдегі экологиялық мәселелерге алаңдаушылық танытады. Дегенмен, нақты іске көшкенде, олардың экологиялық саладағы әлеуметтік белсенділігі төмен. Мұны студент жастардың жалпы әлеуметтік белсенділігінің төмен деңгейімен байланыстыруға болады. 2. Қазақстандық студент жастар өмір сүру сапасына экологиялық ахуалдан гөрі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың ықпалы басым деп санайды. Бұл пайымдау – студент жастардың альтруистік ғадеттен гөрі рационалды ғадетке бейім екенін көрсетеді. 3. Қазақстандық студент жастар қоршаған орта проблемаларын шешу міндетін негізінен мемлекеттік органдар мен экологиялық ұйымдарға жүктейді, ал қоршаған орта алдындағы азаматтық жауапкершіліктің маңыздылығына тиісті деңгейде мән бермейді. 4. Қазақстандағы экологиялық ұйымдар мен қозғалыстар аса танымал емес, осылайша, бұл да – жастардың төмен экологиялық белсенділігінің бір факторы. 5. Студент жастар өздері тұратын аймақтағы қоршаған ортаны қорғау бойынша іс-шаралар туралы ақпараттану деңгейі төмен. Бұл олардың аталған іс-шараларға қатысуының төмен деңгейінен де байқалады. 6. Қазақстандық студент жастар экологиялық проблемалар мен қоршаған орта ахуалы туралы ақпаратпен әлеуметтік желілерде танысқанымен, өз парақшаларында онымен бөліспейді. Бұл олардың экологиялық санасының әлі де болса төмен деңгейде екенін немесе еліміздегі экологиялық мәдениет әлі күнге дейін тиісті деңгейге дейін дами қоймағандығының дәлелі бола алады. 7. Қоршаған ортаның бұзылуы – рухани және идеологиялық дағдарыстың салдары. Тұтыну қоғамының құндылықтары қоғам дамуының өзекті талаптарын қанағаттандырмайды, яғни студент жастар экологиялық санасының қалыптасуы қазіргі экологиялық жағдайды жақсартудың жай-күйімен ғана емес, жалпы дүниетаным қалыптасуының шартымен байланысты. 8. Қазақстан студент жастары арасында экологиялық сана белсенді қалыптасып жатыр, дегенмен экологиялық құндылықтар тұрақсыз. 9. Студент жастардың қоршаған ортаны қорғау саласындағы әлеуметтік белсенділігі олардың экологиялық санасымен өзара үйлесімде дамиды. 10. Студент жастардың экология саласындағы әлеуметтік белсенділігі институттық қолдаудың, білім беру бағдарламаларының және жағымды рөлдік үлгілердің болуына тәуелді. 11. Экологиялық білімге қолжетімділігі бар және ұжымдық экологиялық бастамаларға қатысатын студенттер жеке жауапкешіліктің жоғары деңгейін және әлеуметтік практикаға қатысу дайындығын көрсетеді. Диссертациялық зерттеу жұмысының теориялық-әдіснамалық негізі: - Чикаго мектебінің әлеуметтік экология концепциясы (Э. Берджесс, Р.Парк). Қала тұрғындары өз өмірін қаланың белгілі бір «табиғи құрылымдарына» бейімдейді, оларды берілген өмір әлемі ретінде қабылдайды. Осындай бейімделу нәтижесінде тұрғындар өздерінің қоршаған ортасымен – табиғатпен, кеңістікті ұйымдастырумен, қалалық аумақтың әкімшілік-саяси және әлеуметтік-мәдени инфрақұрылымымен өзара әрекеттесетін «табиғи аймақтар» қалыптасады. - «Экологиялық» коммуникация» түсінігі (Н.Луман). Қоғам – ашық жүйе. Экологиялық мәселелер – осы жүйенің тепе-теңдігін бұзатын факторлар. Алайда, қоғамдағы тепе-теңдікті сақтайтын және деструктивті сыртқы факторлардың ықпалын бейтараптандыратын факторлар да бар. Осы факторлардың ішіндегі ең маңыздысы – қоғамдық сана, оның құрамдас элементі – экологиялық сана. - «Тәуекел қоғамы» тұжырымдамасы (У.Бек). Әлеуметтік және экологиялық даму бір-бірімен тығыз байланысты. Қазіргі заман қоғамында өнімді ұдайы өндіру әрдайым «экологиялық тәуекелдерді» тудырады. Әлеуметтік жағдайлар объективті экологиялық қауіпті қабылдау мен түсінуге ықпал етеді, олар экологиялық сананың өсуін қамтамасыз ете алады немесе шектей алады. Экологиялық сана экологиялық және әлеуметтік сипаттағы алғышарттардан құралады. - «Экологиялық сана – постматериалистік құндылық» идеясы (Р.Инглехард). Постматериалистік құндылық дамуының негізі – материалдық әл-ауқат. Қоршаған ортаны қорғау тақырыбының өзектілігі оның негізгі материалдық қажеттіліктерін қанағаттандырған қоғамдағы постматериалистік құндылықтардың қарқынды қалыптасуымен байланысты. Экологиялық проблемаларды белсенді шешу үшін көпшіліктің белсенді болуы мен экологиялық сананы дамыту тұрақты материалдық әл-ауқат негізінде ғана мүмкін. - Қоғам мен табиғаттың үйлесімдегі әрекеттестігі идеясы (А.Н.Кочергин). Мұндай өзара әрекеттестік экологиялық сананың таралуы нәтижесінде ғана мүмкін болады. Осылайша ноосфера пайда болады да, биосфера жақсы жағдайда сақталады. Зерттеу әдіснамасы кешенді, жүйелі, пәнаралық байланыс және эмпириялық верификация қағидаттарына сүйенеді. Әлеуметтанулық талдау әдісі деректерді жинау мен өңдеудің сандық (сауалнама) және сапалық әдістерін (эксперттік сұқбат) қатар қолдануды көздейді. Осылайша, зерттеудің теориялық-әдіснамалық негізі студент жастардың экологиялық санасын когнитивтік, эмоциялық және ғадет құрамдас бөліктерден тұратын көпқырлы құбылыс ретінде қарастыруға жол ашады және оны нақты әлеуметтік белсенділік түрлеріне айналдыру тетіктерін ашуға жағдай жасайды. Диссертациялық зерттеуді жүзеге асыру мынадай жұмыс түрлерін қамтиды: 1. Сауалнама құралнамасы мен эксперттік сұқбат гайдын әзірлеу. 2. Әлеуметтанулық зерттеуге арналған ақпартты жинау бойынша далалық кезеңді өткізу. 3. 30% дейін сауалнаманың дұрыс толтырылуын тексеру. 4. SPSS 25 статистикалық пакетін қолдана отырып, деректерді бағдарламада өңдеу, негізгі сызықтық бөлулерді, кестелерді шығару. Диссертациялық зерттеу жұмысының іріктеме жиынтығы. Сауалнама: іріктеу көлемі – 1050 респондент. Диссертациялық зерттеудің іріктеме жиынтығы ЖОО, колледждер, аймақтар бойынша қамтамасыз етілді. Іріктеменің рұқсат етілген статистикалық қателігі ± 3,5. Диссертациялық зерттеудің географиясы: Петропавл, Семей, Атырау, Түркістан мен республикалық маңызы бар Астана (Нұр-Сұлтан), Алматы, Шымкент қалаларында орналасқан ЖОО, колледждер. Зерттеу құралнамасы ретінде онлайн сауалнама анкетасы қолданылды. Сауалнама қазақ және орыс тілдерінде жүргізілді. Анкета 26 негізгі және 8 әлеуметтік-демографиялық сұрақтан құралған (Ә қосымшасын қараңыз). Эксперттік сұқбат: іріктеу көлемі – экология саласымен байланысты 10 сарапшы. Мақсатты топ – сауалнаманың зерттеу географиясына сәйкес аймақтардағы сала басшылары, мамандар, жергілікті басқару мен басқа да құрылымдардың, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары мен қызметкерлері. Диссертациялық жұмыстың ғылыми жаңалығы: 1. Қазақстандық әлеуметтану ғылымында студент жастардың экологиялық санасын әлеуметтік белсенділіктің факторы ретінде қарастыратын кешенді зерттеудің жүргізілуі. Осы зерттеу әлеуметтік-мәдени, білім беру және институттық жағдайларды ескере отырып жүзеге асырылды. 2. Студент жастардың экологиялық санасының құрылымдық компоненттері (когнитивті, эмоциялық және ғадет) айқындалып, олардың экологиялық белсенділікке азаматтық қатысудың деңгейінің өзара байланысы анықталды. 3. Білім беру бағдарламалары, цифрлық медиа мен жастар бастамаларының ықпалы арқылы экологиялық ұстанымдардың әлеуметтік белсенділікке айналу тетіктері айқындалып көрсетілді. 4. Қазақстандық студенттер арасында сынақтан өткен, экологиялық сана мен әлеуметтік белсенділікті өлшеуге арналған әлеуметтанулық әдістеме әзірленді. Диссертациялық зерттеудің теориялық құндылығы: - Жастардың экологиялық білімдері мен тәжірибелерін кешенді талдау арқылы экологиялық сананы әлеуметтанулық тұрғыдан қарастырудың ұғымдық аппаратының кеңейтілуі. - Экологиялық сана мен әлеуметтік белсенділік арасындағы байланыстың ғылыми тұжырымдамаларын дамыту, яғни жастарды экологиялық тәжірибелерді трансформациялау субъектісі ретінде жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік береді. - Студент жастардың экологиялық саладағы азаматтық белсенділігін зерттеуге арналған теориялық әдістердің пәнаралық тұрғыдан нақтылануы. - Азаматтық бірегейліктің бір бөлігі болатын жауапкершілікке негізделген экологиялық ғадетті қалыптастырудағы білім берудің, цифрлық медианың және жасатр қауымдастықтарының рөлін негіздеу. Диссертациялық зерттеудің практикалық құндылығы: - Қазақстандық жоғары оқу орындарында экологиялық тәрбие мен тұрақты даму тақырыптарына арналған білім беру бағдарламалары мен курстарын әзірлеу мен жетілдіруде; - Студент жастардың азаматтық қатысу деңгейін арттыруға бағытталған жастар саясаты мен экологиялық бастамаларды қалыптастыруда; - Жастар экологиялық жобалары мен ерікті бағдарламаларын жүзеге асыратын үкіметтік емес ұйымдар мен экологиялық қозғалыстардың қызметінде; - Аймақтық және ұлттық деңгейде студент жастар арасында тұрақты өмір салтын дамыту бағдарламаларын стратегиялық жоспарлау мен мониторинг жүргізуде; - Жастарға арналған экологиялық білім беру медиаплатформалары мен цифрлық құралдарды әзірлеуде оның нәтижелерін қолдану мүмкіндіктерімен анықталады. Зерттеу барысында алынған деректер мен қорытындылар жастар әлеуметтануы, экология әлеуметтануы, әлеуметтік психология мен педагогика салаларында ғылыми ізденістердің негізі ретінде қолданылуы мүмкін, сондай-ақ мемлекеттік органдар, білім беру мекемелері мен азаматтық қоғам институттары тарапынан шешім қабылдау практикасында пайдаланылуы ықтимал. Қорғауға ұсынылатын негізгі ғылыми тұжырымдар: 1. Қазақстан студент жастарының экологиялық санасы – білім, ұстаным, мотивация мен тәжірибеден құралатын көпкомпонентті жүйе және азаматтық-әлеуметтік белсенділіктің қалыптасуына ықпал ететін маңызды фактор. 2. Студент жастардың экологиялық санасының деңгейі мен олардың қоршаған ортаны қорғау мен сақтауға бағытталған бастамалары мен еріктілер қызметіне қатысуға дайындығы арасында тікелей тәуелділік бар. 3. Студент жастардың экологиялық санасы мен әлеуметтік белсенділігі макроәлеуметтік (мемлекеттік саясат, білім беру стандарттары) және микроәлеуметтік (медиа, отбасы және ондағы құндылықтар, достар) факторлардың ықпалымен қалыптасады. 4. Жастардың экологиялық санасын тиімді дамыту үшін экологиялық саладағы ағарту жұмысын білім беру үдерісіне енгізу, студенттердің нақты экологиялық жобаларға қатысуына жағдай жасау мен жастардың өзін-өзі басқару мүмкіндіктерін кеңейту керек. Бұл тұжырымдар әлеуметтік бастамаларға белсенді қатысуға және өзекті экологиялық мәселелерді шешуге ықпал ететін фактор ретінде жастардың экологиялық санасын дамытудың маңыздылығын көрсетеді. Зерттеу базасы. Диссертациялық жұмыс Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Әлеуметтану кафедрасында орындалды. Зерттеу нәтижелерін апробациялау. Диссертациялық жұмыстың ғылыми нәтижелері мен қорытынды тұжырымдары бойынша отандық және шетелдік басылымдарда, халықаралық ғылыми-теориялық, тәжірибелік конференциялардың материалдар жинағында жалпы саны 10 мақала жарияланды. Соның ішінде ҚР ҒЖБМ Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті бекіткен тізімге енетін журналдарда 3 мақала, халықаралық ғылыми-теориялық және тәжірибелік конференциялардың материалдар жинағында 6 мақала, «Скопус» («Scopus») мәліметтер базасында 1 мақала жарық көрді: Scopus базасында индексацияланған мақалалар: 1. National Policy and the Media in the Formation of Environmental Awareness among Students of Kazakhstan. Media Watch 11 (3) 428-438, 2020. DOI: 10.15655/mw/2020/v11i3/202929 ҚР ҒЖБМ ҒЖБССҚК ұсынған журналдарда жарияланған мақалалар: 1. Экoлoгиялық caнaны қaлыптacтыpудың әлeумeттанулық acпeктiлepi. Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ХАБАРШЫСЫ, Педагогика. Психология. Әлеуметтану сериясы, №4 (125)/2018. – 114-121 б. 2. «Чикаго мектебі» өкілдерінің əлеуметтік-экологиялық теориялары. Абай атындағы ҚазҰПУ ХАБАРШЫСЫ, «Әлеуметтану және саяси ғылымдар» сериясы, №4(64), – Алматы, 2018.– 113-121 б. 3. Экологиялық сананы зерттеудің заманауи теориялық тәсілдеріне шолу. Абай атындағы ҚазҰПУ ХАБАРШЫСЫ, «Әлеуметтану және саяси ғылымдар» сериясы, №2(70), – Алматы, 2020.– 191-199 б. Халықаралық конференция жинағында жарияланған мақалалар: 1. The role of the family in the process of forming the ecological consciousness of kazakhstan's youth. «Семья как фактор физического и социального здоровья населения» (V Гилязитдиновские чтения)V Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция, Уфа, Башқортсан Республикасы, 17-18 мамыр 2018ж. 2. Қaзipгi cтудeнт жacтapдың экoлoгиялық caнacын қaлыптacтыpудың aлғышapттapы. «GLOBAL SCIENCE AND INNOVATIONS 2018: CENTRAL ASIA» (ІІ том) атты ІІІ Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция жинағы, Астана, 2018 ж. 3. Мechanism of influence of environmental consciousness of young people on the development of its social activities. Инновационные подходы в современной науке Сборник статей по материалам XXXV международной научно-практической конференции № 23(35), декабрь 2018 г. 4. Жастар арасындағы экологиялық сананы қалыптастырудың жолдары. SCIENCE AND EDUCATION: MODERN TIME, т. 3, вып. 3, Zenodo, 24 декабрь 2023 г., https://doi.org/10.5281/zenodo.10429164 (қос авторлық) 5. Экологиядағы тәжірибелік сұрақтарды шешуде экологиялық сананың рөлі. SCIENCE AND EDUCATION: MODERN TIME, т. 3, вып. 3, Zenodo, 23 декабрь 2023 г., https://doi.org/10.5281/zenodo.10428239 (қос авторлық) 6. Балалардың экологиялық мәдениетін қалыптастырудағы отбасының рөлі. SCIENCE AND EDUCATION: MODERN TIME, т. 3, вып. 3, Zenodo, 23 декабрь 2023 г., https://doi.org/10.5281/zenodo.10428254 (қос авторлық) Диссертациялық жұмыс құрылымы. Зерттеу жұмысы құрылымы және алға қойған мақсат-міндеттеріне сәйкес нормативтік сілтемелерден, анықтамалардан, кіріспеден, әрқайсысы үш бөлімшеден тұратын үш бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен және қосымшалардан тұрады.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://www.youtube.com/watch?v=oMfSI6QeFIM
