
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Айқынбайқызы Алмаш «6D050100 – Әлеуметтану» мамандығы бойынша «Седентеризация және оның салдарының заманауи Қазақстанның әлеуметтік жадындағы репрезентациясы» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Әлеуметтану кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Абдикакимов Мухтар Тыныштыкбекулы – философия докторы (PhD), Шәкәрім университеті, Социологиялық талдау орталығының басшысы. Мамандығы: «6D050100 – Әлеуметтану» (Семей қ., Қазақстан Республикасы).
Джамалиева Газиза Жумагалиевна – әлеуметтану ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті Әлеуметтік жұмыс және әлеуметтік педагогика кафедрасының меңгерушісі. Мамандығы: «22.00.04 – Әлеуметтік құрылым, әлеуметтік процестер мен институттар» (Қарағанды қ., Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Амитов Султанкожа Абдукадырович – әлеуметтану ғылымдарының кандидаты, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті Қоғамдық-гуманитарлық пәндер кафедрасының қауымдастырылған профессоры. Мамандығы: «22.00.04 – Әлеуметтік құрылым, әлеуметтік процестер мен институттар» (Алматы қ., Қазақстан Республикасы).
Садвокасова Айгуль Какимбековна – әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор, Философия, саясаттану және дінтану институтының бас директоры. Мамандығы: «22.00.04 – Әлеуметтік құрылым, әлеуметтік процестер мен институттар» (Алматы қ., Қазақстан Республикасы).
Садырова Мансия Сапаргалиевна – әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасы. Мамандығы: «22.00.04 – Әлеуметтік құрылым, әлеуметтік институттар мен процестер» (Алматы қ., Қазақстан Республикасы).
Ғылыми кеңесшілері:
Смағамбет Баян Жүзікбайқызы – әлеуметтану ғылымдарының кандидаты, доцент, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Әлеуметтану кафедрасы. Мамандығы: «22.00.04 – Әлеуметтік құрылым, әлеуметтік институттар мен процестер» (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Хайко Шрадер – PhD, профессор, Отто фон Герике атындағы Магдебург университеті (Магдебург қ., Германия).
Қорғау 2025 жылғы 23 желтоқсан, сағат 12:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «6D050100 – Әлеуметтану» мамандығы бойынша «8D031 – Әлеуметтік ғылымдар» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес отырысы офлайн және онлайн форматта өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: https://us06web.zoom.us/j/8114174324?pwd=dVhvaFdrUm9hRll6eTBsclhybUtvZz09 Идентификатор конференции: 811 4174 324 Код доступа: DC9hpA
Мекен-жайы: Астана қаласы, Қ. Сәтбаев көшесі, 2, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің оқу-әкімшілік ғимараты, 302-аудитория.
Аңдатпа (қаз.): Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Әлеуметтану кафедрасы «6D050100 – Әлеуметтану» мамандығы докторанты Айқынбайқызы Алмаштың философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін «Седентеризация және оның салдарының заманауи Қазақстанның әлеуметтік жадындағы репрезентациясы» тақырыбына арналған диссертациялық жұмысының АННОТАЦИЯСЫ Зерттеу тақырыбының өзектілігі. ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы қазақтарды күштеп отырықшыландыру (седентеризация) және оның салдары заманауи Қазақстанның әлеуметтік жадындағы ең маңызды «ұжымдық жарақат» болып табылады. Дегенмен, бұл жад ресми дискурста «маргиналданған» және «институттанбаған» күйде қалып отыр. Ресми тарихнама оны «прогресс» ретінде ұсынса, қоғамдық санада ол «қорқыныш пен үнсіздік» арқылы сақталған. Бұл феномен Я. Ассманның «мәдени үнсіздігі» және П. Коннертонның «мәжбүрлі ұмыту» механизмдері арқылы түсіндіріледі. Зерттеудің өзектілігі посткеңестік «жад деколонизациясы» және ұлттық бірегейлікті қалыптастыру контексінде арта түседі. Седентеризация туралы ұжымдық жад «бөлшектелген» және «этнолингвистикалық дифференциацияға» ұшыраған: қазақтілді ортада бұл «коммуникативтік» , отбасылық жарақатты нарратив ретінде сақталса, орыстілді ортада бұл тақырып көбіне ресми «модернизация» призмасы арқылы қабылданады немесе мүлдем жоқ. «Постжад» ұрпағы (М. Хирш) бұл жарақатты үнсіздік кодтары арқылы мұраға алуда. Диссертация жұмысының мақсаты: заманауи Қазақстанның әлеуметтік жадында ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы қазақ седентеризациясы мен оның салдарының репрезентациясын талдау. Диссертациялық жұмыс міндеттері: «әлеуметтік жад» пен «мәдени жарақатты» тұжырымдау; седентеризацияны әлеуметтанулық концептуалдау (Поланьи, Бурдье) ; мемлекеттік жад саясатын (оқулықтар, БАҚ) талдау; жадтың этнолингвистикалық және ұрпақтық дифференциациясын анықтау; «шежіре» институтының трансформациясын және қоғамдық санадағы «гибридтілікті» (Х. Баба) саралау. Диссертациялық зерттеу жұмысының негізгі және қосалқы гипотезалары Негізгі гипотеза: Седентеризация жады – «мәдени жарақат» , бірақ оның репрезентациясы біртұтас емес, «фрагменттелген» және индивидтің этнолингвистикалық кодына , ұрпағына (постжад) және үстем саяси контекске байланысты. Қосалқы гипотезалар: 1. Мемлекеттік жад саясаты (білім беру, медиа) «селективті» сипатта: ол «ұлттық қасіретті» мойындай отырып, оның толық колониялық сипатын «модернизация дискурсымен бүркемелеу» арқылы «бейтараптандыруға» ұмтылады. 2. Ресми дискурс (оқулықтар) зорлық-зомбылықты «модернизацияның» «қалыпты» нұсқасы ретінде сипаттайды. 3. Қоғамдық санада айқын «этнолингвистикалық демаркация» (қазақтілді «жарақат» дискурсы vs орыстілді «ортақ трагедия») байқалады. 4. Седентеризация дәстүрлі рулық сәйкестенуді ыдыратып, оның орнына кеңестік «әкімшілік-таптық» идентификаторларды мәжбүрлі түрде енгізді. 5. Өзге этностардың (мысалы, депортацияланған халықтар) жады олардың өздерінің жарақатты тәжірибесімен (қуғын-сүргін) байланысты қалыптасады. 6. Дәстүрлі шежіре институты кеңестік «стратегияның» (М. де Серто) қысымымен өзінің институттық функциясын жоғалтып, қазіргі Қазақстанда негізінен «мәдени репрезентация» және «символдық капитал» (П. Бурдье) формасына трансформацияланды. 7. Жарақатты тәжірибе отбасылық деңгейде дәйекті нарратив ретінде емес, «постжад» (М. Хирш) механизмдері, әсіресе «үнсіздік» (мысалы, «қабырға тыңдап тұр») арқылы беріледі. Диссертациялық зерттеу жұмысының теориялық-әдіснамалық негізі Зерттеу пәнаралық сипатта. Оның негізі төрт концептуалды блоктан тұрады: 1. Жад зерттеулері (Memory Studies): М. Хальбвакстың «әлеуметтік шеңбері» , Я. Ассманның «коммуникативтік/мәдени жады» , Дж. Оликтің «мнемоникалық тәжірибесі». 2. Мәдени жарақат және Постколониялық теория: Дж. Александердің «мәдени жарақат» теориясы, Х. Бабаның «гибридтілік» тұжырымдамасы. 3. Седентеризацияны әлеуметтанулық концептуалдау (2.3-бөлім): Зерттеудің негізгі теориялық жаңалығы. Қ. Поланьидің «өзегінен айыру» (disembeddedness) , С.Г. Кирдина-Чэндлердің институттық Х-матрицасының трансформациясы және П. Бурдьенің дәстүрлі капитал (әсіресе шежіре) формаларының құнсыздануы. 4. Эмпириялық талдау құралдары: М. Фуконың «билік-білім» және «шындық режимі» тұжырымдары, М. де Сертоның «стратегиялар» (биліктің) мен «тактикалар» (әлсіздердің) теориясы. Зерттеу стратегиясы және әдістері Зерттеу «аралас әдістер» (mixed-methods) дизайнына негізделген. • Сандық әдістер: (1) Этнолингвистикалық дифференциацияны анықтау үшін екі түрлі популяцияға (Қазақтар - А Қосымшасы; Басқа этностар - Ә Қосымшасы ) арналған әлеуметтанулық сауалнама; (2) 1993-2023 жылдар аралығындағы мектеп оқулықтары мен ресми БАҚ-қа («Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда») жасалған сандық контент-талдау. • Сапалық әдістер: (1) «Постжад» ұрпағымен нарративті сұхбат (Б Қосымшасы); (2) Оқулықтар мен медиадағы «үнсіздік фигураларын» анықтау үшін сапалы дискурс-талдау. Диссертациялық жұмыстың ғылыми жаңалығы 1. Қазақ седентеризациясы мен оның салдары алғаш рет тарихи ғылым аясында ғана емес, әлеуметтанулық тұрғыдан, әлеуметтік жад және мәдени жарақат парадигмасы арқылы кешенді тұжырымдалады. 2. Седентеризация процесіне әлеуметтанулық концептуалдаудың жаңа моделі (Поланьи, Кирдина-Чэндлер, Бурдье) ұсынылды. 3. Қоғамдық санадағы этнолингвистикалық дифференциация (қазақтілді vs орыстілді жад режимдері) алғаш рет эмпириялық тұрғыда дәлелденді. 4. Шежіре институтының дәстүрлі функциясынан (институттық білім) заманауи «символдық капитал» формасына (мәдени репрезентация) трансформациялану процесі негізделді. 5. Ресми жад саясаты (оқулықтар, БАҚ) мен отбасылық нарративтер арасындағы алшақтықтар мен парадокстар (мысалы, «гибридті» сана, кеңестік «шындық режимінің» сақталуы) айқындалды. 6. Зерттеу кешенді аралас әдістер дизайнына (макро/мезо/микро деңгейлер) және кең эмпириялық базаға сүйенеді. Зерттеудің теориялық құндылығы Батыстық жад теорияларын (Ассман, Александер, Бурдье) қазақстандық, постколониялық контекстке (седентеризация, шежіре) бейімдеуімен анықталады. Зерттеудің практикалық құндылығы – зерттеу нәтижелерін ҚР мемлекеттік жад саясатын және білім беру мазмұнын (оқулықтарды жетілдіру) қалыптастыруда, сондай-ақ болашақ зерттеулерде дайын әдістемелік құрал (сауалнамалар) ретінде пайдалану мүмкіндігінде. Қорғауға ұсынылатын негізгі ғылыми тұжырымдар: 1. Мемлекеттік жад саясаты «амбивалентті» сипатта: ол жарақатты мойындайды, бірақ оның колониялық сипатын «модернизация дискурсымен бүркемелейді». 2. Дәстүрлі шежіре институты өзінің әлеуметтік-реттеуші функциясынан айырылып, П. Бурдье анықтаған «символдық капитал» мен «мәдени репрезентация» формасына трансформацияланды. 3. Қоғамдық жадта терең «этнолингвистикалық демаркация» байқалады (қазақтілді «жарақат» дискурсы vs орыстілді «ортақ трагедия/модернизация» дискурсы). 4. Қазақстандық бірегейлік «гибридтілікпен» (Х. Баба) сипатталады: санада кеңестік модернизацияның жетістіктері мен оның зорлық-зомбылығын айыптау бір мезгілде өмір сүреді. 5. Жарақатты тәжірибе отбасылық деңгейде «постжад» (М. Хирш) механизмдері арқылы, әсіресе «үнсіздік» арқылы беріледі. 6. Қазақстандық жастардың жады негізінен мектептегі ресми, институттандырылған «мәдени жадпен» қалыптасады, бұл көбіне отбасылық «коммуникативтік» жадпен қайшылыққа түседі. 7. Седентеризация процесінің өзі әлеуметтанулық тұрғыдан дәстүрлі қоғамның «өзегінен айырылуы» (К. Поланьи) және институттық Х-матрицаның (С.Г. Кирдина-Чэндлер) күштеп жойылуы ретінде расталады. Зерттеу жұмысының сыннан өтуі және мақұлдануы. Скопус базасында индексацияланған мақалалар: • Social memory: From oblivion or construction to cultural trauma. Rupkatha Journal on Interdisciplinary Studies in Humanities. 2021. 13(2), с. 1-13 (Smagambet, Bayan Zh., Musabayeva, Ainur B.); ҚР ҒЖБМ БҒССҚК ұсынған басылымдардағы мақалалар: • Тарихи-әлеуметтанулық зерттеуде «мәдени жарақат» теориясын қолдану мүмкіндігі. Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ хабаршысы. Педагогика. Психология. Әлеуметтану сериясы. №1(122)/2018. 289-296 беттер (қос авторлық: Б.Ж.Смағамбет) • Қазақ седентеризациясы және оның салдары. Әлеуметтанулық концептуалдау перспективасы. С.Торайғыров атындағы ПМУ Хабаршысы. Гуманитарлық сериясы. №2 (2019). 142-154 беттер (қос авторлық: Б.Ж.Смағамбет) • Ғылымдағы әлеуметтік жад мәселесі. Абай атындағы КазҰПУ «Хабаршысы», «Әлеуметтік және саяси ғылымдар» сериясы. №2(66), 2019, 69-76 беттер (қос авторлық: Б.Ж.Смағамбет). Халықаралық конференция жинағында жарияланған мақалалар: • Қазақ седентеризациясы және оның салдары әлеуметтанулық мәселе. Материалы международной научной конференции студентов и молодых учёных «Фараби әлемі», Алматы, Казахстан, 09-12 апреля 2018г. Том 2. – Алматы: Қазақ университеті, 2018. – 518 с. • Генетико-структуралистский анализ трансформации казахской семьи. Сборник научных докладов V Международная научно-практическая конференции «Семья как фактор физического и социального здоровья населения» (V Гилязитдиновские чтения), г.Уфа, 17-18 мая 2018. – 383-388 с. • Седентеризация және оның салдарына әлеуметтанулық талдау жасау мүмкіндіктері. «ǴYLYM JÁNE BILIM – 2020» cтуденттер мен жас ғалымдардың XV Халықаралық ғылыми конференциясы– НұрСұлтан • Ресми бұқаралық ақпарат құралындағы қазақстандық жад саясаты. «ǴYLYM JÁNE BILIM – 2022» cтуденттер мен жас ғалымдардың XVII Халықаралық ғылыми конференциясы – НұрСұлтан (қос авторлық: Ә.Кекілбекова) • Қазақстан тарихы оқулықтарындағы жад саясаты. «ǴYLYM JÁNE BILIM – 2022» cтуденттер мен жас ғалымдардың XVII Халықаралық ғылыми конференциясы– НұрСұлтан (қос авторлық: Ж.Алдабек) • Қазақстандық қоғамдық даму институтының KIPD Аcademy ұсынған «Жад зерттеулері» курсы. https://kipd.kz/video-category/kipd-academy Зерттеу жұмысының құрылымы және көлемі. Диссертациялық жұмыс құрылымы кіріспеден, 3 тараудан, қорытындыдан құралған.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://www.youtube.com/watch?v=3XhDswzIiJw
