
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Орынбаев Жасулан Балабекович «8D03106 – Саясаттану» білім беру бағдарламасы бойынша «Қазақстан Республикасының оңтүстік макроаймағындағы су қауіпсіздігі» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Саясаттану кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Арғынбаева Жанар Жұмағалиқызы – философия докторы (PhD), Нархоз Университетінің ғылыми-зерттеу жұмысы бөлімінің бастығы. Мамандығы: «6D050200 – Саясаттану» (Алматы қ., Қазақстан Республикасы).
Симтиков Жомарт Кудайбергенович – саяси ғылымдарының докторы, профессор, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Саясаттану және әлеуметтік-философиялық пәндер кафедрасының меңгерушісі. Мамандығы: «23.00.02 – Саяси институттар, этносаяси конфликтология, ұлттық мүдделер және саяси процестер мен технологиялар» (Алматы қ., Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Абилдаев Алмаз Сызганбекович − философия докторы (PhD), «Қазақстанның энергетикалық аспектілері» Зерттеу орталығының директоры. Мамандығы: «6D050200 – Саясаттану» (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Калиев Ильдар Абужанұлы – саяси ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Философия және әлеуметтік ғылымдар кафедрасының профессоры. (Павлодар қ., Қазақстан).
Шерьязданова Камилла Галимовна − философия докторы (PhD), қауымдастырылған профессор, ҚР Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясының жетекші ғылыми қызметкері. Мамандығы: «23.00.00 – Саясаттану» (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Ғылыми кеңесшілері:
Сергазин Ерболат Фаттахович – философия докторы (PhD), Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Саясаттану кафедрасы, Мамандығы: мамандығы «6D050200-Саясаттану» (Астана, Қазақстан).
Синан Өзбек – философия докторы (PhD), профессор, Қожаелі университеті, Философия кафедрасының меңгерушісі (Қожаелі қаласы, Түркия).
Қорғау 2026 жылғы 2 сәуір, сағат 12:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D03106 – Саясаттану» мамандығы бойынша «8D031 – Әлеуметтік ғылымдар» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңестің отырысы оффлайн және Zoom платформасында онлайн режимде өтеді.
Сілтемесі: https://us06web.zoom.us/j/8114174324?pwd=dVhvaFdrUm9hRll6eTBsclhybUtvZz09 Идентификатор конференции: 811 4174 324Код доступа: DC9hpA
Мекен-жайы: Астана, улица К.Сатпаева, 2, учебно-административный корпус № 1 ЕНУ им. Л.Н. Гумилева, аудитория 302.
Аңдатпа (қаз.): Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Халықаралық қатынастар факультеті Саясаттану кафедрасы «8D03106 – Саясаттану» білім беру бағдарламасының докторанты Орынбаев Жасулан Балабековичтің «Қазақстан Республикасының оңтүстік макроаймағындағы су қауіпсіздігі» тақырыбындағы докторлық диссертация жұмысына арналған АННОТАЦИЯ Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Диссертациялық жұмыс Қазақстан Республикасының оңтүстік макроаймағындағы су қауіпсіздігі мәселесін саясаттану ғылымы тұрғысынан кешенді түрде зерттеуге арналған. Су қауіпсіздігі қазіргі таңда тек техникалық немесе экологиялық мәселе ретінде ғана емес, мемлекет пен қоғамның тұрақты дамуына тікелей әсер ететін ұлттық қауіпсіздік компоненті ретінде қарастырылады. Әсіресе, оңтүстік макроаймақтағы су тапшылығы, трансшекаралық өзендердің құқықтық мәртебесі, ауыл шаруашылығы мен халық тығыздығының артуы жағдайында су ресурстарын тиімді және әділетті басқару мәселесі өзекті сипат алып отыр. Зерттеуде Қазақстан Республикасының оңтүстік макроаймағындағы трансшекаралық өзендердің стратегиялық маңыздылығы талданды. Зерттеу нысаны ретінде оңтүстік макроаймағындағы (Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Алматы) трансшекаралық өзендер алынды. Орталық Азия аймағындағы стратегиялық маңыздылығына байланысты негізгі талдау Сырдария өзеніне жасалды. Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Қазақстан Республикасының оңтүстік макроаймағы табиғи климаттық жағдайы күрделі, халық тығыз орналасқан әрі ауыл шаруашылығы қарқынды дамыған аймақ. Бұл аймақтың әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығы мен экологиялық қауіпсіздігі тікелей су ресурстарына тәуелді. Дегенмен, жаһандық климаттың өзгеруі, трансшекаралық өзендердің режимі мен сапасының күрделене түсуі, ішкі ресурстық қысым мен демографиялық өсім жағдайында су тапшылығы өткір мәселеге айналып отыр. Тақырып маңыздылығын айқындайтын келесі себептерді атап өтуге болады: - біріншіден, Қазақстанның сырттан келетін өзен суына тәуелділігі 42% құрайды. Орталық Азияның трансшекаралық өзендерінің доноры саналатын Қырғызстан мен Тәжікстан мұздықтары қарқынды еруде. Соңғы 70 жылда Қырғызстан мұздықтары 16%-ға қысқарған, ал Тәжікстанның соңғы 30 жылда мыңдаған мұздықтары жойылып кеткен; - екіншіден, ҚР-дағы халықтың басым бөлігі оңтүстіктегі трансшекаралық өзендердің бойында шоғырланған. Бұл аймақтың негізгі су көздері болып табылатын Сырдария, Шу және Талас өзендерінің трансшекаралық сипаты, су қауіпсіздігін тек ішкі саясаттың шеңберінде емес, халықаралық құқық және аймақтық ынтымақтастық аясында қарастыру қажеттігін туындатады. Көрші Орталық Азия мемлекеттерінде де халықтың басым бөлігі Сырдария өзені бойында өмір сүреді. Аймақтағы халық санының жылдан жылға өсімі Сырдария суының азаюына алып келуде. ҚР үкіметі аймақтағы жағдайды жақсарту мақсатында мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге арып келеді. «Ақбұлақ», «Ауызсу», «Су ресурстарын басқару тұжырымдамасы (2024-2030)», «Су ресурстарын басқару бағдарламасы (2012–2040)»; - үшіншіден, су ресурстарының жетіспеушілігі ауыл шаруашылығы өнімділігіне, экологиялық тепе-теңдікке, халықтың өмір сүру сапасына және әлеуметтік тұрақтылыққа тікелей әсер етуде. Сонымен қатар, трансшекаралық өзендерге қатысты келісімдердің тиімділігі мен орындалу тетіктерінің әлсіздігі аймақтағы тұрақты су айналымын қамтамасыз етуге кедергі келтіруде. Қазақстан Президенті Қ.К. Тоқаев халыққа жолдауында: «Ел экономикасын тұрақты дамытуға су тапшылығы қатты кедергі болып отыр. Қазір бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналды. Сырттан келетін су азайып барады. Сол судың өзін тиімсіз пайдалану жағдайды одан әрі ушықтыруда. Судың 40 пайызы құмға сіңіп жатыр. Бұл салада басқа да түйткілдер аз емес. Атап айтқанда, инфрақұрылым әбден тозған. Сондай-ақ, автоматтандыру және цифрландыру деңгейі төмен. Ғылыми негіздеме жоқ, мамандар тапшы. Бұл мәселелерді шешу үшін Үкімет жанындағы Су кеңісінің жұмысын жандандыру қажет, білімді сарапшыларды жұмысқа тарту керек. Қажетті мамандарды даярлау үшін бұл саладағы іргелі әрі мықты жоғары оқу орнын анықтаған жөн. Су саласын дамытудың үш жылдық жобасын әзірлеу керек» деген болатын. Нәтижеде елдегі су басқару саясатын жақсарту мақсатында Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды; - төртіншіден, су қауіпсіздігі мәселесіне байланысты туындайтын экологиялық, әлеуметтік және геосаяси тәуекелдер Қазақстанның оңтүстігінде ғана емес, тұтастай елдің тұрақты дамуына ықпал ететін фактор ретінде бағаланады. Сондықтан зерттеу тек аймақтық ғана емес, ұлттық деңгейдегі стратегиялық маңызға ие; - бесіншіден, қазіргі таңда су қауіпсіздігі мәселелері Қазақстанда негізінен инженерлік, құқықтық немесе экономикалық аспектілерде қарастырылады. Алайда оның саяси және басқарушылық аспектілері, яғни шешім қабылдау тетіктері, билік институттарының өзара әрекеттестігі, трансшекаралық келіссөздердегі ұстанымдар мен дипломатиялық стратегиялар жеткілікті дәрежеде зерделенбеген. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының оңтүстік макроаймағындағы су қауіпсіздігін саясаттану тұрғысынан қарастыру ғылыми және практикалық тұрғыдан ерекше маңызға ие; - алтыншыдан, Ауғанстанның Пяндж, Әмудария өзендерінен су тарту жобаларын белсенді іске асыруы Орталық Азияның су балансына және соның ішінде Қазақстанның оңтүстігіне айтарлықтай қауіп төндіруде. Ауғанстанның Әмудария бассейнінің жоғарғы ағысында гидротехникалық құрылыстар салуы Сырдария жүйесіне жанама әсер етеді. Бұл – су мөлшерінің азаюына, жазғы ирригациялық кезеңде тапшылыққа және экожүйелердің деградациясына алып келуі мүмкін. Егер Ауғанстан трансшекаралық су ресурстарын біржақты пайдалануға көшсе, бұл экологиялық мәселелерді туындатуымен қатар аймақтағы саяси және қарулы шиеленістердің шығуына себепші болуы ықтимал; - жетіншіден, Қырғыз Республикасы өздерінің жаңа су кодексіне сүйене отырып 2026 жылдан бастап трансшекаралық суларды көршілеріне ақылы етуді жоспарлап отыр. Жоғарыда келтірген негіздер диссертация тақырыбының өзектілігін және оның ғылыми құндылықтарын айқындайды. Зерттеудің объектісі. Қазақстан Республикасының оңтүстік макроаймағындағы су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік саясаты, жүйесі және шетелдердің тәжірибелері талданады. Зерттеудің пәні. Қазақстан Республикасының оңтүстік макроаймағындағы су қауіпсіздігін қамтамасыз ету үдерісіндегі саяси шешімдер, қабылданған мемлекеттік бағдарламалар, институционалдық тетіктер, трансшекаралық ынтымақтастық механизмдері мен құқықтық реттеу жүйесі. Зерттеудің хронологиялық ауқымы: 1991-2025 жылдар аралығын қамтиды. Зерттеудің мақсаты. Қазақстан Республикасының оңтүстік макроаймағындағы су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік саясатты, инcтитуционaлдық тетіктерді, құқықтық негіздер мен трaнcшекaрaлық ынтымақтастықтың тиімділігін саясаттану тұрғысынан кешенді талдау жасау және аймақтық су тапшылығы жағдайында тұрақты даму мен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің ғылыми негізделген жолдарын ұсыну. Зерттеу міндеттері: Зерттеу мақсатына сәйкес келесі негізгі ғылыми міндеттер алға қойылды: - Су қауіпсіздігі ұғымының мазмұнын, эволюциясын және саясаттану ғылымындағы теориялық негіздерін талдау; - ҚР мен шекаралас мемлекеттердің су ресурстарын басқаруда қолданылатын мемлекеттік саясат пен құқықтық нормаларға талдау жасау; - Қазақстанның оңтүстік макроаймағындағы су қауіпсіздігіне әсер ететін ішкі және сыртқы факторларды анықтау; - Трансшекаралық су қатынастары мен халықаралық келісімдердің тиімділігіне саяси талдау жасау; - Тереңдетілген сұхбаттар мен эмпирикалық деректер негізінде аймақтық тәуекелдер мен басқару тәжірибелерін сараптау; - Су қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған кешенді, ғылыми негізделген ұсыныстар мен тұжырымдамалық ұсынымдарды ұсыну. Зерттеудің теориялық және әдіснамалық негізі. Зерттеу барысында су қауіпсіздігін саяси, әлеуметтік және стратегиялық ұғым ретінде қарастыруға мүмкіндік беретін ғылыми көзқарастар пайдаланылады. Сондай-ақ, халықаралық қатынастарда қолданылатын реализм, либерализм, жасыл теория (green theory), аймақтық қауіпсіздік кешені теориясы, экологиялық қауіпсіздік теориясы және су қауіпсіздігі теориясы бағыттары, халықаралық құқық нормалары сондай-ақ тұрақты даму және ресурстары әділетті бөлінудің саяси теориялары зерттеу ұсынымдарын қалыптастыруда басшылыққа алынды. Әдіснамалық жағынан зерттеу пәнаралық тәсілге сүйенеді. Бұл тәсіл су қауіпсіздігі мәселесін саясаттану, халықаралық қатынастар, экология, құқық және халықаралық құқық салаларының түйісу нүктесінде кешенді талдауға мүмкіндік береді. Зерттеу барысында қолданылған негізгі әдістер: жүйелік-талдау әдісі – су қауіпсіздігіне әсер ететін факторларды кешенді құрылым ретінде қарастыру үшін; салыстырмалы әдіс – су мәселелерін шешу саясатын басқа елдер тәжірибесімен салыстыруға; контент-талдау – ресми құжаттар мен халықаралық келісімдердің мазмұнын зерделеуге; SWOT талдау – Қазақстанның оңтүстік макроаймағындағы су қауіпсіздігі жүйесінің күшті және әлсіз жақтарын бағалау үшін; тереңдетілген сұхбат әдісі – сарапшылар пікірі мен практикалық мәселелерді айқындауға арналған эмпирикалық база ретінде қолданылды. Бұл теориялық және әдіснамалық негіз зерттеу нәтижелерінің ғылыми нақтылығын қамтамасыз етіп, нақты саяси ұсыныстар жасауға мүмкіндік берді. Жұмыстың теориялық маңыздылығы: Бұл зерттеу Қазақстан Республикасының оңтүстік макроаймағындағы су қауіпсіздігін қамтамасыз етудің теориялық негіздерін айқындауға бағытталған. Жұмыста су қауіпсіздігі ұғымының мазмұны, оның ұлттық және аймақтық қауіпсіздік жүйесіндегі орны талданды. Зерттеу барысында табиғи ресурстарды басқару, трансшекаралық өзендерді бірлесіп пайдалану және экологиялық тұрақтылық қағидаттарына сүйенген су дипломатиясының теориялық үлгісі ұсынылды. Сонымен қатар, су қауіпсіздігін зерттеу саяси ғылымдар, халықаралық қатынастар және экологиялық менеджмент арасындағы пәнаралық байланыстарды тереңдетуге үлес қосады. Жұмыстың практикалық маңыздылығы: Зерттеу нәтижелері су ресурстарын басқару саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіруге, су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған ұлттық және өңірлік бағдарламаларды әзірлеуде қолдануға болады. Жұмыста берілген ұсыныстар суармалы жерлерде су үнемдеу технологияларын енгізуге, шекаралас елдермен су дипломатиясын дамытуға, сондай-ақ экологиялық қауіпсіздік саласында шешім қабылдайтын органдардың қызметін жетілдіруге септігін тигізеді. Сонымен бірге, зерттеу материалдарын жоғары оқу орындарында «Экологиялық саясат», «Халықаралық экология және су ресурстары», «Аймақтық қауіпсіздік» пәндерін оқытуда қосымша оқу құралы ретінде пайдалануға болады. Докторант Ж.Б. Орынбаев Ғылыми кеңесші, философия докторы (PhD) Е.Ф. Сергазин
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://www.youtube.com/watch?v=WGFdjJzaZ6Q
